Білім

АШАМАЙЛЫ МАТАҚАЙ КЕРЕЙ МАНАШ ҚОЗЫБАЕВ

Қостанай өңірі, Тобылдың сол жағасы, Меңдіқара ауданы, Тазкөл ауылында қой жылы, қардың жаңа ғана түскен уақытында, қазіргіше 1931 жылы, қарашаның 16-жұлдызында Қозыбай ұлы Қабдулланың шаңырағында тұңғышы болып дүниеге келді. Ұлты – қазақ. Нәсілі – монғол. Тайпасы – Керей. Таңбасы – ашамай(Х). Руы – Матақай Керей деп М.Қ.Қозыбаев «Жұлдызым менің» атты кітабында «Ата-тегім хақында» деген шығармасында айтады.
Шалқар көл, ну орманды Сібір жері,
Сібірді мекен еткен Керей елі.
Егін сап, күн көрудің қамын ойлап,
Бас қосып кеңес құрған би мен тегі.
Мекендеп Тобыл, Ертіс екі арасын,
Қазақтың күйге бөлеп ең даласын.
Сауықшыл Орта жүздің Керей едік,
Үш жүздің жат көрмеген еш баласын.
Қожаберген жыраудың «Елім-ай» жырында Манаш бабаның туған жері ең әуелі адамзаттың басты ырыздығы – алтын астығы жайқалған ырысты өлке екенін айтар едім. Одан кейін өндірісі мен өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы мен мал шаруашылығы қарқындап дамыған құтты мекен. Өзен-көлі, орман-тоғайы жайқалған, ақ қайың, шырша-қарағайлары жанға сая өңір. Әсіресе жазға салым жер беті жасыл желек жамылып, қызылды-жасылды гүлге оранғанда жұмақ дерсіз. Ауыл шаруашылық дақылдарын айтпағанда, табиғат тартуы – қарақат, таңқурай, долана, бүлдірген мен саңырауқұлақтың түр-түрі ерекше дәммен өсіретін жер. Қымыздық, таусарымсақ сияқты табиғат сыйлары асқа пайдаланып, ашырқап-тұшырқағанымыз естен кетпейді ғой. Шөбі шүйгін, суы бал жердің малы төлді. Етті, сүтті келеді. Аң-құсы қоңды. Үйрек-қазы мамырлап көз қуантады және темірге бай өлке айтар едім.
Манаш Қабдуллаұлы Керей руының есімі бүкіл қазақ еліне ғана емес, бүкіл әлемге танымал ірі өкілі. Біздің теріскей өңірде Керей шежіресін алғаш рет ұрпаққа мұра етіп қалдырушы Ашамайлы Керейдің Көшебе руынан шыққан атақты қолбасшы, батыр – Дәурен Таузарұлы болған. Артынан шежіресін баласы Толыбай сыншы, Керейдің Қарабас батыр, Шәуке мырза, Майлы би, Киікбай би, Қара би сияқты арабша сауаты бар адамдары толықтырады. Онан соң Балта Керей Тұрсынбай батыр, Тіленші би, Баян бай, Жабай батыр, Шақшақ би сияқты мұсылманша хат танитын адамдар толықтырып ХІХ ғасырға кіргізген. Сонан кейін Дәулен шежіресін Тоқсан би, Тәбей Барлыбайұлы, Мөңке Мамышұлы, Сексен Шақшақұлы, Есеней Естемісұлы сияқты Керей елінің шежіреші ақсақалдары толықтырады. Бұл шежірені Сегіз сері жазып алып, өзі өмір сүрген кездегі ұрпақтарымен толықтырады, одан кейін баласы Мұсайын, Құсайынның Бекісі, Мұсайынның Нұрмұхаммеді жалғастырған. Солтүстік Қазақстан өңірін мекендейтін Ашамайлы Керейдің шежіресін жинастырушы өкілі – Қаратай Биғожин. Қаратай Биғожин – Сегіз серінің ұрпағы, Республикаға танымал ауыз әдебиетін зерттеуші, шежіреші болды. Соңғы өкілдері Солтүстік Қазақстан облыстық өлкетану мұражайы жанындағы «Асыл мұра» орталығының қызметкерлері – Қайрулла Мұқанов, Социал Жұмабаев, Таңат Сүгірбаев.
1710 жылдары қазақ халқының басына бiр зобалаңның жақындап қалғанын сезген Тәуке хан – Түркiстан, Сауран маңына атағы мәлiм ер-жүрек тайпаларды қоныстандыра бастайды. Ноғай мен қазақ айырылысқан заманда Едiл-Жайық бойынан Алатауға қоныс аударған, ерлiк даңқы ертеден мәлiм адай тайпалары хан бұйрығымен Сауран маңына орналасады. Осы кезеңдегi жоңғар-қазақ шайқастарында атағы шыққан алты тайпаға Төле би Әлібекұлы кейiн:
Асыл тусаң Керей бол
Үш қазаққа мерей бол.
Уақ болсаң Шоға бол
Даулы iсте жорға бол.
Арғын-Қыпшақ болсаң Алтай бол,
Найман-Қоңырат болсаң Матай бол.
Байұлы болсаң Адай бол,
Үйсiн болсаң Ботпай бол –
Бұл алтауы болмасаң
Қалай болсаң солай бол –
деп, мадақ сөз айтқан екен. Шапырашты Қазыбек бек Тауазарұлы «Түп-тұқианнан өзіме шейін», Қожаберген жыраудың «Елім-ай» жыры, «Ата тек» дастаны, Сегіз серінің қалдырған шежіресі, Шәкәрім Құдайбергенұлының «Түрік, қырғыз-қазақ һәм хандар шежіресі», Марат Мұқановтың «Из исторического прошлого» және де М.Қ.Қозыбаевтың «Жұлдызым менің» кітабындағы «Түбірім менің» атты тарауында Матақай Керейден Манашқа дейін жазылғандай, Керей бабадан Манаш бабаға дейін былай тараттым:
Керей→ Мәңліқаған→ Арыстанбек→ Наурызхан→ Ғали-Ашамайлы Керей→ Қайрат→ Үйшібай→ Баһрам→ Бағдат батыр→ Төбей би→ Әзизбек → Тұрсынхан сардар→ Бекарыстан→ Қозыбай→ Наурызбек→ Қалид→ Қажығали→ Бекімқожа→ Әлмұхаммед→ Уызбек→ Жанай тархан (оның әлде қалысы)→ Бағлан би (оның қалысы)→ Фархад батыр (оның жараны)→ Танащ би (оның зәузаты)→ Тарышы (оның әулеті)→ Тезағай (оның өркені)→ Арғы түпқияны – Матақай (оның жамағаты)→ Түпқияны – Құдайқұл (оның жұрағаты)→ Теркіні – Аққошқар (оның жекжаты)→ Тектіні – Ерназар (оның жүрежаты)→ Тек атасы – Сейтімбет (оның туажаты)→ Түп атасы – Маманай (оның шөпшегі)→ Бабасы – Күсен (оның неменесі)→ Ұлы атасы – Сатыбалды (оның шөбересі)→ Атасы – Қозыбай (оның немересі)→ Әкесі – Қабдулла (оның баласы) және де Манаш баба.
Қостанай аңсап сені сағынамын,
Кәдеңе керек болсам табыламын.
Ісіне ата-баба ел қорғаған,
Шақырып намысымды жарыламын. –
деп Манаш баба айтқандай, Қозыбай әулеті туралы айттып кетейін.
1942 жылы атасы марқұм олардың ескі ауылын орнын көрсеткені бар. Ол Обаған тасыған кезде су алып, кейін бөлшектеніп қалған, көктемде қосылып, жазға жеке отауланатын Қарақамыс, Тазкөл мен Қаратомардың жағасы еді. Жаз жайлаулары осы күнгі Миролюбовка мен Ершовка ауылдарына жақын Сабыр көлі, оның жағасында қара шекпенді орыстар келген кезден бастап арғындармен аралас-құралас қонады екен. Қазір бұл көлдер Красно-Пресненский, Абай елді мекендеріне іргелес, егіндіктің арасында қалған. Ашамайлы керейлер ХХ ғасырдың басында жүз болыс ел екен, ал Матақай керейлер бір мың отбасы шамасы болғанға ұқсайды. Ғасыр аяғында олар азаймаса көбейген емес.
Қозыбай Сатыбалдыұлы 1861-1947 жылдары өмір сүрген, оның 30 жылы кеңес заманасына келді. Манаш баба ес білетін шағында атасы Қозыбай оның үйіне көрші жерде қоржын үйде тұрған.
Әкесі өзінің туған жылын білмейтін. Іс қағазында 1898 жылы, кейде 1900 жылдан жазылатын. Әкесінің азан аты – Қабдолла. Бірақ Қадиша (Кәшен) әжесі бесіктегі күннен бастап-ақ «Қапашым», «Қабашым», «Қабажаным» деп мейірі түсіп емізедін дейді. Атасы марқұм көңілі түссе «Қабажан, Қабажан» – деп отыратын. Содан кейін халық оны Қабаш деп атап кеткен.
Әкесі Қабаш Қозыбайұлы мектепке бармаған, «сауапсыздықты жою» үйірмесінде оқып, хат таныпты. Кейін төте араб графикасынан латынға ауысқанда қайтадан сауатсыз болған екен. 1939 жылы әкесі аудандық кеңеске депутаттыққа сайланып, райкомхоздың бастығы болып, ауданға ауысқан.
Манаш баба бала кезінде әуелі Сейтімбеттен, кейін одан өрбіген Тасболат, Шымболат, Маманай, Жаманай бауырлары деп отыратын. Бертін келе Манаш баба Қозыбай атасынан өрбіген ұрпақ ол кісіні әулеттің басы деп есептептеген, Қозыбай әулеті болып аталады. Қазір Қозыбай әулеті бір ел, ұрпақтары ішінен мемлекет, қоғам қайраткерлері, ғалымдар, бизнэсмендер, ұстаздар, энергетиктер шыққан. Жас буын қанат жайып келеді.
Ғасырлар бойы армандаған тәуелсіздіктің таңы атты, тарихшылардың жұлдызды сәті туды. Манаштың екінші тынысы ашылды. Ол, өз әріптестерімен бірге “Еркін көшкен елің қайда, ел қорғаны – ерің қайда” деді де, қолына қаламын алып, ереуіл атқа ер салып, сайын дала кезіп, үйдегі-түздегі архивке үңгей бойлап, өткен ақтаңдақтар ізіне түсті. Сөйтсек, “мінсіз таза теруерт су түбінде жатады, мінсіз таза асыл сөз ой түбінде жатады” екен. “Алаш алаш болғалы алаша атқа мінгелі, ала-шұбар ту байлап. Алашқа ұран бергелі Әлім еді ағасы,” — деп Мұрат Мөңкеұлы айтқандай, М.Қ.Қозыбаев ел тарихшыларының ноқта ағасы ретінде көш бастай жөнелді.
Қазақстанның жаңа тәуелсіздік таңында оның шынайы, төл тарихын ашып жазу – тек ер Манаш ағамыздың ғана маңдайына жазылған ақжолтай бақ-ырыс болды. Ол тарихи санамыздың түбірлі жаңа тұжырымдамасын жасады, ақтаңдақтардың (20-30 ж.ж. аштық туралы шындықты қалпына келтіру, зұлымдық, тоталитарлық тәртіптің құрбандарын еске алу т.б.) ащы ақиқатын алғаш рет жан-жақты ашып берді.
Шындығын айтсақ, тарих ғылымының еш уақытта “алтын ғасыры” болған жоқ. Өйткені әрқашанда ол өз заманының саясаткерлерінің, басшыларының ықпалында болды. Дегенмен, өз кезегімізді, өз еліміздегі соңғы 10 жылды алсақ, бұл ешкімге жалтақтамай, өзіміздің елімізді қайта танып жатқан заман: өткен жолдарымызды, жинаған рухани қазыналарымызды ой-сарабынан өткізіп, халық назарына қайта ұсынып жатқан заман. Қазақ елін, оның рухын, өркениетін, тапқанын, жоғалтқанын жан-жақты зерттеуге бұдан бұрын мұндай мүмкіндік, еркіндік, кеңшілік болған жоқ.
Міне, осының бәрін ескере отырып, біздің қазіргі кезеңіміз тарих ғылымы үшін “алтын ғасыр” демесек те, оның жұлдызы жанған жылдар деп толығынан айтуымызға болады.
Осы тұста тарихшылар әуелітіне көсемдік еткен Манаш “маңдайымызға сондай заман бұйырып тұрса, ұлтымыздың ұпайын түгендеп алайық” деп отантану ғылымының жаңа концепциясын жасауға кірісті.
Әрине, біз шындықтан алшақ кеткен болар едік, егер М.Қабашұлының есімі мен қызметін тек соңғы онжылдық, яғни тәуелсіз Қазақстанның ғылыми-интеллктуальдық өмірімен ғана байланыстырған болсақ.
М.Қ.Қозыбаев қарымды, алғыр зерттеуші ретінде өткен 100 жылдықтың 1960-1970 ж.ж. тарихшылар әулеті арасында кең танылып қалған еді.
Оның 1941-1945 ж.ж. неміс басқыншыларына қарсы бүкілхалықтық күрес кезеңіндегі Қазақстан тарихына арналған іргелі зерттеулері еліміздің ғылымына қосылған елеулі үлес болатын. Ол өз зерттеулерінде қазақ халқы өзі құрамында болған алып империяның басқа да халықтарымен бірге дүниежүзілік соғыс алып келген ауыртпалықты ешқандай да мүдірместен тең бөліскендігін, сондай-ақ бұл жылдары оның үздік, жақсы қасиеттерінің көрінгендігін зерттеуші ғалым ретінде терең ашып көрсете білді.
М.Қ.Қозыбаевтың зерттеулерінің негізінде тәуелсіздік алғаннан бергі 10 жыл ішінде Ұлы Отан соғысының зардабын айтуға да, жазуға да болмайтын тұстары жария болды. Қазақстанның тарихнамасы жаңа тұрғыдан зерделенді.
Ол Қазақстанның Ресейдің отарына айналу процесі қазақ халқының ұлттық мүддесі тұрғысынан қайта қаралды, еліміздегі ұлт-азаттық қозғалыстардың жаңа концепциясы жасалды. Кеңес Одағы кезеңіндегі саяси қуғын-сүргін тарихы зерттелді, оның құрбандары ақталды. Ауыл шаруашылығы күштеп ұжымдастырумен қазақ шаруаларын зорлап, отырықшыландыру тарихы мен оның қасіретті салдарлары ашық айтылды.
Тарихшы қауым Алаш деген сөзден үркіп-қорқып ат-тонын ала қашқан кезде “Алаш – қазақ халқы деген ұғым. Алаш – еліміздің ежелгі аты. Ол ғасырдың басындағы ұлттық санасында өсу процесінің құрамдас бөлігі” деп алғаш айтқан М.Қ.Қозыбаев болды. Қазақстан тарихнамасында Манаш бірінші болып “халқымыз қараңғы еді, мәдениеті төмен, сорлы еді” деген тезиске қарсы шықты. “Дала этикасы – ол тағдырлар этикасы емес,” – деді Манаш. “Ол — көшпенділер өркениетінің этикасы. Ол – он үште ұлды ұлан етіп жеткізген, он алтыда қызды бұлаңдатып бой жеткізген халықтың этикасы. Ол – сұлулықты, батырлықты, парасаттылықты төбесіне көтерген халықтың этикасы.
М.Қ.Қозыбаев Ермактың тексіз баукеспе қарақшы екендігін Ресей шіркеуінің Ермактан әулие жасауының арамзалығын Ресей империясының отаршылдық саясатының түп негізін жан-жақты ашты. Манаш кезінде қырғыншылық заманының қолшоқпары болғаны әйгілі Сібір отаршысы Ермактың есімін қападан алып тастау жөнінде тұңғыш рет ғылыми дәлдігі мен еліміздің бас тарихшысы ретінде батыл үн қатты. Кейін Ермактың ескерткіші де алынды.
Әрине, тарихшының кейінгі жылдары жарық көрген зерттеулерінен дүниежүзілік соғыс пен оның барысындағы Қазақстан мен қазақ елінің рөліне байланысты пікірінің өзгеріске ұшырағандығын аңғару қиынға түспейді. Мәселен, М.Қ.Қозыбаев 1995 жылы Евразияның №1 (3) санында жарық көрген мақаласында “Соғыс жылдары кеңес халықтарын не біріктірді?” деген сауал қоя отырып, оған мынандай жауап береді: “Әрине, біздің халқымыздың кеңес мемлекеті мен коммунистік партияның саясатына наразы боларлықтай негізі жеткілікті де. КСРО-да жаңа қоғам құрудың басты әдісі зорлау болды. Бірақ Кеңес адамдары төнген қатерлі қауіп алдында ұлы рухани ерлік жасады. Билікке деген кегі мен өкпесін кейінге ысырды” деп, әбден орынды жазды.
Дегенмен, М.Қ.Қозыбаев есімінің Отан тарихын сыйлайтын оқырмандар арасында кең мәлім болуы еліміздің мемлекеттік тәуелсіздік алған жылдарына тұс келді.
М.Қ.Қозыбаев отандық тарихнамада алғашқылардың бірі болып тарихи портреттер жасауды қолға алған еді. Мұндай жауапты қадамға баруға тарихшының даярлығы да, талант-қуаты да жеткілікті болатын. Манаш ұзақ жылдар бойы коммунистік партия мен Кеңес үкіметінің Қазақстандағы кадр саясатын тыңғылықты, әрі терең зерттеген саналы мамандардың бірі болады.
Ф.Голощекин, И.Сталин, Н.Хрущев, Л.Брежнев сияқты қайраткерлердің Қазақстанға байланысты саяси портретін жасаудың өз ерекшеліктері бар екендігі сөзсіз. Оның үстіне бұл еңбектердің әрі-сәрі 80-ж-дың соңы 90-ж. басында жазылғанын ескерсек, тарихшының оқырман алдында қандай жауапкершілікті өз мойнына алғандығын пайымдауға болады. М.Қ.Қозыбаевтың жасаған портреттер циклінде бірден көзге ілініп, көңілге қонатын пікір, біздің пікірімізше, мынау Ф.Голощекиннен бастап Г.Колбинге шейін Орталықтан Қазақстанды басқаруға жіберген жетекші кадрлары өздерін патшалық Ресейдің генерал-губернаторларындай съезінді, республикаға негізінен “экономикалық” байлық көзі ретінде өркендеуімен болашағы сияқты мәселелерге ұлы державалы, шовинистік көзқарас тұрғысынан келеді.
М.Қ.Қозыбаев көп қырлы, тарих пен бүгінгі күннің өзара байланысын нәзік сезінетін зерттеуші. Оның қоғамдық сұранысты дәл басып кеңестік ұжымдастыру, 1931-33 ж.ж. ашаршылық, саяси репрессия, тоталитарлық биліктің шағын халықтарды зорлықпен Қазақстанға қоныс аударуы, 1986 жылғы желтоқсан оқиғасы сияқты күрделі тақырыптар бойынша жазған зерттеу еңбектері фактілік байлығы мен автордың жасаған тұжырымдарының тың, әрі батылдығымен көңіл аударып, бұл ғылыми тақырыптарға біз сияқты жас зерттеушілердің ден қоюына себепші болғандығын тарихшы мамандар жақсы біледі.
М.Қ.Қозыбаевтың қаламынан туған “Ашаршылық ақиқаты”, “Ермак: аңыз бен ақиқат”, “Казахстанская трагедия”, “Жауды шаптым ту байлап” т.б. көптеген туындылары халықты тарихқа жақындатып, ұлттық тарих ғылымының бас-аяғын жинап, бағытын айқындап, қалың оқырманның тарихи санасының шыңдалуына зор үлесін қосты. М.Қ.Қозыбаевтың тәуелсіздік тұсында жарық көрген еңбектері осыған дейін жарияланған зерттеулерінен сапа мен мазмұны тұрғысынан да сан жағынан да асып түсті.
Біз осыған дейін ғалым тарихшы ретінде М.Қ.Қозыбаев туралы әңгіме қозғасақ, оның талантының екінші бір үлкен қыры, яғни жалынды публицист, жан кешті қайраткерлігі туралы айтпай кетуге болмайды. Мәскеу тек қана тарих мәселелері емес, еліміздің бүгінгі өмірінің өзекті проблемалары туралы ұтымды пікірлер айтып та, жазып та жүрген. Оның айтқан өткір пікірлері көпшілікті елең еткізбей қоймайды. Сондықтан да М.Қ.Қозыбаевты қалың жұртшылық ұлт ұлағатының жаршысы ретінде, табанды қоғам қайраткері ретінде жақсы біледі.
Тоқсан ауыз сөздің – тобықтай түйіні бар дегендей:
Мен дағы бір Алаштың баласымын,
Тарихи бір әулеттің ағасымын. – деп Манаш баба айтқандай, Манаш Қабдуллаұлы – Матақай Керейдің Қозыбай әулетінің ағасы ғана емес, қазақ тарихының атасы деуге болады. Өйткені, Қазақстанның тәуелсіздік тарихы ақ парақтан бастау алмағаны бәрімізге белгілі. «Біздің заманымыз – өткен заманның баласы, келер заманның атасы», – деп Ахмет Байтұрсынов айтқандай, кешегіміз ерлікке толы. Тарихын ұлықтамаған, барын бағаламаған жұрттың бағы жанып, жоғы түгенделмейді. Қазақ өз тарихында ұлт ретінде талай мәрте жойылып кете жаздап, тағдырдың талай ащы зары мен тауқыметінен шығарған Манаш Қозыбаев болған.
Теги: ,

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

*