XX ғасырдың алғашқы жартысы адамзат тарихында өзен боп аққан қанмен қалды. Адамзат өткен ғасырларда сүйеніп келген моральдық құндылықтар түгелдей өлді. Оның өлімі әуелі Еуропада Ницшенің жұртты оята айғай салып: «Құдай өлді!» деуімен басталды. Еуропалық жаңа қоғамға ескі моральдар, ескі құндылықтар керексіз бола бастады, жаңа адамға жаңа құндылық керек болатын. Құдай мен о дүние сенімі күн өткен сайын әлсіреді. Сөйтіп «құдай өліп тынды».
Еуропада осы жаңа құндылықтарды философтар топ-тобымен іздеп жатқанда біздің қоғам тирандар мен миллитаристердің қанды қасабына түсіп жатты. Әсіресе Хайдеггер, Камю, Сартрлардың ізденісі батыс қоғамына жаңа бір үмітті болашақтың көкжиегін көрсетті. Шын мәнінде Еуропадағы өмірлік құндылықтардың құлауының шегі Дүниежүзілік Екінші соғысқа алып келген еді. Миллиондаған адамның жанын жұтқан, миллиондаған тағдырды талқан еткен, тіпті тұтас адамзатты басқа бағытқа бұрған осынша ауыр трагедиядан кейін, философтар алып келген экзитенциялық философия ұғымы мен басқа да ізденістер бүгінгі либералимзге тірек бола алды. Ал қазақ даласының билігі ол кезде Ресей империясы, кейін Совет одағының қолында болса, бір бөлігі Қытайдағы миллитарист билеушілердің қолында болды. Былайынша айтқанда, қазақ өз тағдырына өзі жауап бере алмаған ғасыр болды. Біз сөз еткелі отырған Қабылқақ Күлмесханұлының «Тұманды дала» хикаяты осы кезеңнің бір кішкентай ғана суреті еді.
Хикаят шынайы тарихи оқиғаға негізделгендіктен шығармада айтылатын кезеңді қысқаша баяндай кетейік. Бұл хикаятта суреттелетін шағын бөлік әуелі Алтайдан ауып, кейін Баркөлден көшіп Гансуге келіп, одан да тыныштық таппай Чиңхай жеріне өткен, енді Индияға өтіп кетуді көздеп жолға шыққан көштің тура сол кезеңдегі, яғни бір айға жетер-жетпес уақытын ғана қамтыған бөлік. Тек бұл хикаят қана емес, бұдан бөлек қаншама естеліктер мен тарихи шығармаларды оқыған адамға осы мәнсіз қызыл қырғын неден басталды деген сұрақ ойға келеді. Оспан батыр қарсы соғысты ғой, бұлар неге солай қарсы тұрмады деген сұрақтар да жоқ емес. Әрине, болған, біткен тарихқа бөйтсе керек еді, өйтсе керек еді дегенмен ол оңалмайды. Бұл көштің тарихи себептері мол, жеткілікті. Алғашқы себептің бірі – алтай елі бейбіт, тыныштықта ұзақ жыл өмір сүріп, мал-жаны өседі, өрісі тарыла бастайды. Бұрынғы кішкентай ауылдар үлкен ауылдармен деңгейлесіп, үлкен ауылдардан тағы бірнеше ауыл бөлініп шығып, әр рудан бір-бір ел иесі шыға бастайды. Оның үстіне Қазақ хандығынан кейін Алтайға қоныстанған қазақтар сырттай ғана Чиң династиясына тәуелді болғаны болмаса, ішкі жақта өзін өзі билеген бейбіт өмір сүрді. Өзінің күшіне сеніп шекарасын қорғады, билеріне сеніп дау шешті. Осындай еркін елді 1919 жылы Қытай үкіметі Шыңжаңға қаратады. Енді Алтай елі тікелей мойыны алыс Пекиннен емес, Үрімжіден бұйрық алатын болды. Ал Үрімжі «бетімен кеткен» елді қыса бастады. Осы екі себеппен Алтай елінің бір бөлігі Санжы, Шонжы, Құмыл, Баркөл дейтін Шыңжаңның шығыс бөлігіне қарайғы жерлерге қоныстанды. Хикаятта баяндалатын Елісханның әкесі Әліп үкірдайдың елі осы көп елдің бір бөлігі ғана еді. Әліптің елі Баркөлді мекен етіп отыратын болған. 1931 жылы сол кездегі Шыңжаң билеушісі Жин Шурынға қарсы Қожанияз бастаған ұйғырлар көтерілісі туындайды, бұған Құмыл, Баркөлден қазақтар да астыртын қосылады. Осы көтеріліске жәрдемші боп Гансуден Ма Жұңиң деген дүнген генерал келеді. Ол келгенде бүкіл Шыңжаңдағы мұсылмандар арасында оған қатысты қаншама аңыздар тарайды, «мұсылманның қорғаны екен дейді», «Қайта туған Мұхаммед деседі» деп желдей ескен аңыз-әңгімені қоса алып келіп, соңында жеңіліп қашып кетеді, құр кетпей соңына жаңағы жалған аңыздарды қалдыра кетеді. Бұл аңыз аңқау елдің көкейінде әлдебір үміт шоғындай болып қалып қояды. Ал Қожанияз үкіметке бағынып, маңызды мансап алады. Сөйтіп аз қазақ далада қалады. Үкімет елді біріктірмей, бөліп ұстау үшін ұлт пен ұлттың, ру мен рудың арасына іріткі салып, жиы дау шығарып отырады. Әліптің ауылы 1932 жылы Баркөлдің Ойтау деген жерінде отырғанда бір топ жергілікті қытайларды жолбасшы етіп үкімет армиясы ауылға кеп түседі. Бұл кезде Елісхан мен Әліптің інісі Қожақын жер шолып Бәйтік тауына кеткен болатын. Келген жау ер-азаматы жоқ, қару-жарақсыз бейғам отырған елді тірі жан қалдырмай қырып, ауылды қанға бояп кетеді. Бұл оқиға «Әліп шабылған» аталып кетеді. «Әліп шабылған» оқиғасынан кейін жергілікті қытайлар мен қазақтар арасы бітіспес жаулыққа әкеледі, оның кейбір сарқыншақтары тіпті бүгін де көрініп қалып жүр.
Жүрегі кекке толып, әке-шеше, қатын-баладан бірдей айырылған Елісхан жаумен аяспасқа бекиді. Сөйтіп алдағы екі жыл бойы кек қуып, қытай ауылдарын шауып, үкімет әскерімен де жиі қақтығысады. 1935 жылға келгенде Елісхан әкесіне ас беріп, алыс-жақындағы қазақтарды түгел шақырып, өзінің Шыңжаң билеушісі Шың Шыцайдың көзін құртпай тынбайтынын айтып, ант береді. Ол осы шақыруында өзіне одақтас іздеген болатын, алайда жұрттың көбі үкіметке қарсы қару көтергеннен қаймығып, бұғып қалады. Оның үстіне әскери төңкеріс арқылы билікке келгеніне екі жыл ғана болған Шың Шыцай өзінше жұмсақ саясат жүргізіп, елге жағуға тырысып жатқан болатын. Осыдан кейін Елісхан Гансу жерінен өзіне одақтас тауып қайта оралатын болып көшті бастайды. Бірақ оның ойлаған көмегі де, жерұйығы да табылмайды. Қысқа қайырғанда көш осылай басталған.
«Жерұйық» демекші, қазақ танымындағы киелі ұғымның бірі осы «жерұйық» ұғымы. Асан Қайғының жерұйықты іздеуі мен Қорқыттың өлімнен қашуында бір ортақ жүлге бар. Бірі өлімсіз жер іздесе, бірі малға да, жанға да жайлы жер бетінің жұмағын іздейді. Өлімнен қашқан Қорқыт бәрі бір өлімнен құтыла алған жоқ, ал «жерұйық» іздеген Асан Қайғы қай жерге барса да әр жердің бір артықшылығы болса, бір кемшілігі де бар екенін көреді. Ол да «жерұйықты» таппайды. Осы «жерұйық іздеу» көшпенді қазақ санасының терең түкпірінде сақталып қалған бір таным болса керек. Елісхан да осы түпсанадағы түсінік жетегінде алыс сапарға елін бастап шыққанға ұқсайды. Және барған жерінің бәрінен өлім қарсы алып отырғандай. Сөйтіп Асанның қайғысы мен Қорқыттың өлімін бірдей көрген еді бұл боздақ ел.
Біз жоғарыда Еуропа қоғамының «Құдайдың өлімінен» кейінгі жаңа құндылықтар іздегені туралы айтқан едік. Енді «Тұманды дала» хикаятында кездесетін бір көрініске қарайық. Үкімет әскерін бастап келген бригада командиры Хан Жиңбау «елге тиіспейміз» деп қолына құран ұстап ант береді. Құдайдың бәрін бақылап отыратынына, антқа адал болмаса ант ататынына сенетін аңқау ел бұған шұлғи мақұлдасады. Әрине, елді әскермен қоршап тұрып, сес көркеткені де көнбеске жол қалдырмайды. Бірақ осы оқиға туралы естеліктердің бәрінде адамдар ең алдымен Хан Жиңбаудың құран ұстап ант еткенін айтады. Бұның басты мәнісі қазақтардың Алла мен құранға деген сенімінің жоғары болғанынан екені анық. Бірақ қарсы тарап үшін аңқау елдің сенімі тек құрал ғана болып отыр. Яғни елдің сенімі өздеріне қарсы жаудың қаруы секілді жұмыс істеп тұр. Осы тұрғыдан алғанда адам жүрегіндегі құдайдың өлгенін ерте біліп, ертерек өмірдің жаңа мәнін іздеген батыс қоғамы шынында бақытты қоғам. Ал осы кезеңдерде қазақ жүрегіндегі құдай да біртіндеп қалғып бара жатты. Одан кейін 70 жылдық құдайсыз қоғамдағы жалған идеялогия бізге жаңа құндылықтар іздеуге мүмкіндік бермеді. Дәл сол жарым-жартылай ғана мүсәпір сенім мен делсал күйде әлі де тұрғанымыз аңғарылады.
Сөз басында айтқанымыздай, XX ғасырдың алғашқы жартысы адам өмірінің құны түкке тұрғысыз деңгейге жеткен еді. Сол көрініс қазақ қоғамында да болды. Советтік Қазақстан репрессиядан қанша зардан шексе, Шыңжаң қазағы да Сталинді үлгі етіп, онымен одақтас болған, әрі жасырын тапсырмаларын бұлжытпай орындап отырған Шың Шыцай үкіметінен соншалық зардап шекті. Осы кезеңді суреттейтін тілі шұрайлы, сөйлемі жатық, суреті қанық «Тұманды дала» хикаяты соғыс адамының болмысын, мінезін дәл беруімен де ерекше. Елісханның сақтығы мен тәуекелшілдігі айбарын асыра түседі. Екінші жағынан жадап-жүдеп босқын болған жұрттың қасіретті халі де айқын көрінеді. Әр күні бір жақыныңнан айырылып қалуың мүмкін, тіпті өзің де кешке дейін тірі жетпейтін шығарсың, сенің қайғың мен дұғаңды ешкім естімейді, ешкімнің жаны ашымайды, өз жаныңды алып қашып жүрген бір бейбақсың. Шығарма көштің тек қысқа ғана бөлігін алып суреттегенімен де осындай ауыр да, қасіретті күйді шынайы көрсете біледі. Оқушыны жалықтырмайтын, бір жағы оқиғаны қуалай сүйреп отырып, екінші жағынан сұлу сурет пен құнарлы сөзге қандыра түседі. Аз ғана уақыт бұрын оқыған «Тұманды дала» хикаяты туралы қысқаша ғана өстіп ой толғағанды жөн көрдік.