Алдағы аптада бір топ отандық ғалым Моңғолияға экспедицияға аттанады. Зерттеушілер моңғол ұлты мен байырғы рулардың қазақ генетикасымен сәйкестігін анықтауға бел буып отыр, деп жазды nur.kz сайты.
Экспедиция мүшелері Моңғолияның кіші этникалық топтары арасында 500-ге жуық азаматтан қан үлгілерін алып, ортақ туыстық белгілер мен этникалық сәйкестіктерді анықтайтын болады. Қазақ ғалымдары Моңғолия жерінің бұрын осындай зерттеу жүргізілмеген батыс және шығыс өңірлерін қамтымақ. Тұрғындардан жиналған ДНҚ үлгілері арнайы биобанкте сақталып, елге жеткізіледі. Зерттеу Ұлттық биотехнология орталығының лабораториясында жалғасады.
Орталықтың бас директоры Ерлан Раманқұловтың айтуынша, Моңғолияға экспедиция барысында осы күнге дейін аз зерттелген түрлі моңғол рулары назарға алынады. “Моңғолияның негізгі халқы жақсы зерттелген, оны әрі қарай қазбалау мақсатымыз емес. Бұрын ғалымдар назарына көп ілікпеген топтар бар. Мәселен, найман, қоңырат, керей секілді ірі рулар 700 жылдан аса уақыт бұрын Моңғолияда тұрып, көшпелі дәстүр кезеңінде қазақ жеріне қоныс аударған. Солардың еліміздегі басқа да рулармен гендік сәйкестігін білеміз”, – дейді Ұлттық биотехнология орталығының басшысы.
Адам генетикасын зерттеумен айналысатын ғалым Мақсат Жабағин зерттеу жұмысының нәтижесін этногенез саласындағы ғылыми жаңалық ретінде жариялайтынын жеткізді.
“Ол жақта да әр түрлі моңғол тілдес этникалық топтар бар. Генетика арқылы солардың әртүрлілігін зерттейміз және сол қазақ халқымен байланысы қандай, біздің ортақ арғы шығу тегіміз қандай деген сұрақтарға жауап іздейміз. Қазіргі тұрып жатқан моңғол тектес топтардың қайсысы жақын, қайсысы алыс екенін анықтау үшін сол жаққа барып, этнографиялық деректер жинаймыз, сонымен қоса ДНҚ-сын жинаймыз”, – дейді Мақсат Жабағин.
Ғалымдар бұл зерттеуден алынған тың мәліметтер тарихшылар, археологтар мен палеонтологтар үшін құнды болатынын айтады.