Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті әлемнің ең үздік 150 оқу орнының қатарына енді. Бүгін білім ордасына салтанатты түрде халықаралық QS рейтингінің сертификаты табысталды. Айта кетейік, қазақ ұлттық университеті орта Азия мен ТМД елдерінде мұндай жетістікке жеткен ең алғашқы оқу орны.
Бүгін Қазақ Ұлттық университетінде дәріс беретін ұстаздар үшін де, онда білім алып жүрген студенттер үшін де тарихи күн. Өйткені іргелі оқу орны әлемдік рейтингте канадалық Ватерлоо университетінен кейін 150-ші орынға табан тіреді. СЕРГЕЙ ХРИСТОЛЮБОВ, ТМД және Орталық Азия елдері бойынша QS рейтингтік агенттігінің аймақтық директоры: – Бұл ұжымның қажырлы еңбегінің арқасы деуге болады. Университет өз беделі үшін біраз жұмыстар атқарғанын көріп отырмыз. Мақсатына жету жолында оқу орны мүмкіндіктерін айтарлықтай арттырған.
QS көрсеткішінде үздіктер қатарына іліну үшін білім ордасындағы бірнеше параметрлер ескеріледі. Әсіресе ғылыми жаңалықтар, студенттер мен ұстаздардың жетістіктері басты назарға алынады. Осылайша ондаған пункт бойынша университет балл жинап, соның нәтижесінде рейтингі белгіленеді. ЖАНСЕЙІТ ТҮЙМЕБАЕВ, Әл-Фараби атындағы қазақ Ұлттық университетінің ректоры: – Бір жыл бұрын біздің көрсеткіш 170-орында болған. Биыл мінекей 150-ге жетіп отырмыз. Жалпы ҚазҰУ соңғы 15 жылда 237-орыннан көтеріліп отыр. Ол да үлкен табыс. Бұл Еуропа, Америка, Азия елдері арасындағы біздің университетіміздің жоғары орында тұрғанын көрсетеді. Бұл рейтингте алдыңғы қатардан көріну үшін әлемнің 2,5 мыңға жуық университеті бәсекеге түседі.
Ал ТМД мен Орталық Азияда халықаралық агенттіктің рейтингіне ілінген Қазақ Ұлттық университеті ғана.
Дайындаған: МАҒАЗ Ретбек