Шежіре

МӘМИ ЖҰРТБАЙҰЛЫ (Эссе)

ـــ Ұлтын адастырмай бастайтұғын,

Алыстан дұшпан келсе саспайтұғын.

Дәулет, мансап, кісілік желігіне,

Қаны қызып, бойы ысып аспайтұғын.

Бірі еді-ау қойған бидің Құдай сайлап,

Жүретін разы қып жұртын жайлап.

Керейдің қысылғанда тиянағы,

Ақылдың тұнбасы еді-ау жатқан қайнап.

…Адасқанның шамшысы еді,

Шабанның қасиетті қамшысы еді.

Керейдің малын бақпай, өзін баққан,

Әрі би, әрі иесі, жалшысы еді.

Алдынан разы боп жұрт тараған,

Рақметтілік жаңбырының тамшысы еді…

ـــ Көрдіңіз бе? Дауылпаз ақын қалайша зар жылап, оның адамилық қасиетін жырына қосып отырғанын.

Ал, анау тарихтың сартап болған архивті ашсаңыз, орыс жазушысы Петров «Қара Ертіс» романында: «Мәми Абақия мектебін ашып, өзі тікелей басшылық еткен, бұл мектепте өзінің балалары ــــ Бұқат, Жидай, Әнуар, Мәнкей, Шәмелдер оқумен бірге Абақ Керейдегі басқа адамдардың да балалары оқыған. «Абақия» Мәми бейсінің қыстауы Бітеуіргеде орналасқан, Қыран өзенінің жағасы, Сарсүмбеден 20-30 шақырым қашықтықта екен. Абақ Керейдің алғашқы сауатты адамдары және олардың алғашқы қоғамдық қайраткерлері осы мектептен тәрбиеленіп шыққан» деп Мәмидің Абақия мектебін ашқанын ғана емес, мұндағы тәрбиеленген оқушылар мен мектептің қоғамдағы рөлін де түйіндей айтып өткенін байқаймыз.

Саяхатшы В. Всапажинков 1905 және 1909 жылдары жазып, 1911 жылы Томск қаласында басылып шыққан «Моңғол, Алтай Ертіс басы және Қобдаға саяхат» деген саяхат естелігінде: «…Кешке жақын Мәмидің ауылында оқытушылық істейтін Шәкер молламен кезіктім, молла мәпеленген қара торы жас жігіт екен, тегі түрік болып, Константинополде оқыған, өзі сөзуар, жылпос, жетік азамат екен. Ол оқымыстылығын, тәжірибелігін бейнелеп, бұрмаланған француз тілінде бірнеше сөйлемдерді мысалға келтірді…» дейді.

Көрдіңіз бе, сол дәуірдегі Абақия мектебінің оқытушылары қандай екен? Мәми бұл оқытушыларды қайдан, қалай әкелді, әсіресе ендігі ұрпақтың өсіп-жетілуіне ел ағасының қандай ізденістерге барғанын айтпай-ақ ұғуға болар еді, міне, осындай мұғалімдер болғандықтан, Абақиядан тәрбие көрген жеткіншектерден тек діни мамандар ғана емес, орыс, парсы, түрік, француз, қытай тілінде жетілген мамандар мен суретші, алгебра, жағырапия, әдебиет пәндеріне жетік азаматтар бұл ортада мол болғанын байқаймыз.

Иә, бұлайша дәлел айтуым, мақаланың ұғынықтылығына ғана емес, Мәмидің еңбегін бізден бұрын да халқы мойындап, тұрақтандырып, төбелеріне көтеріп отырғанын әйгілеп, біздің міндет—сол кездегі халық үнін кейінгі ұрпаққа жеткізу ғана.

Иә, Мәми 1856 жылы қазіргі Алтай қаласының Бітеуірге деген жерінде дүние есігін ашты, бала кезінде Сәбит (дамолы) Нұрмұқамметұлынан діни оқуды жетік оқып, өз ортасының зиялыларының бірі болып танылды. 1890 жылы әкесі Жұртбай бидің мұрагері ретінде сол кездегі төрт бидің бірі болып сайланған, чиң патшалығы өз кезінде оны Алтай өңіріндегі қазақтардың гүңі мен кейінгі төрт үкіртәйдің бірі деп танып, кейін келе тәйжі мансабын берген.

Доңыз жылғы төңкеріс чиң патшалығын құлатқаннан кейін Мингө орталық үкіметі 1913 жылы Мәмиге «фугогұң» атағын берген, 1915 жылы 11-айда Мингө орталық үкіметі Мәмиге бейсі атағын беруді бекітеді, 1917 жылы 8-айда Мәми бейсілік мансапты ресми қолына алып, ел ішінде Мәми бейсі атанған.

Мәми осындай ел беделдісі болу арқылы Алтай өңірінде жоғарыда айтылғандай ұрпақтың оқып білім алуына ерен еңбек сіңірген, енді бір жақтан халықтың береке-бірлігіне айрықша мән берген, бәрінен де ұлтаралық қатынасты нығайту арқылы жарасымды қоғам құруға барынша құлшыныс танытқан. Сондықтан елдің экономикасын көтеру үшін Алтай өңіріндегі халықтың тек мал шаруашылығымен шұғылданып қалмауын ойластырып, жер ашып, егін егетін шаруашылықты да дамыту үшін 1912 ـــ 1914 жылдары Алтайда ұйғыр, қытай ұлтынан егіншілер енгізгендіктен, Алтайдағы халық егін егу науқанын қолға алады, сөйтіп, 1915 жылы Алтай ауданы Мингө орталық үкіметіне 3500 ағаш астық тапсырудың сыртында жергілікті халықтың егін егуіне жаңа жол бастаған еңбектері Мәкеңді чиң патшалығына, Жұңго Мингө орталық үкіметіне, тұтас орта жүз қазақтарына танылған дара тұлға етеді, Алтай сахарасындағы қазақ ұлтының шоқтығы биік ел екендігін танытып үлгереді.

Иә, ел ағасы, ізгі ниетті еріміз Мәкең 1920 жылы 7-айдың 23-күні ауру себебімен бақиға аттанды, ол қаза болған соң Мингө үкіметінің Алтайдағы мансаптылары мұндағы ел-жұртқа көңіл айта барып, Мингө орталық үкіметінің қазына министрлігінің бекітуімен 500 лияң күміс жерлеу қаражатын береді, сөйтіп, аяулы ел ағасы Мәкеңнің сүйегі атамекені Бітеуіргеге жерленіп, әйгілі шебер, сәулетші Баязиттің тұрғызуында Азия үлгісіндегі күмбез орнатылады.

Міне, ел ағасы, есіл ер өз өмірін осылайша ерен еңбегімен ел жүрегіне қалдыра білді, сондықтан халқы Мәкеңдей дана абызын қашанда сағына еске алады.

Автор: Баяхмет ЖҰмабайұлы

Теги:

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

*