Елімізде кезекті оқу жылы өз жұмысын бастап та кеткен. Әл – Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің жоғары оқу орнына дейінгі білім беру факультетіндегі жоғары оқу орнына дейінгі дайындық кафедрасы жыл сайынғы жоспары бойынша Қытай Халық Республикасы, Монғолия, Иран, ТМД елдерінен келген бауырларымыз – қазақ жастары Қазақстанның жоғары оқу орнына түсуіне арналған дайындық кафедрасында білім алады. Аталған кафедрада осы оқу жылында 22 топ құрайтын тыңдаушы білім алуда.
Келген жастардың ішінде биология мамандығын таңдап, болашақта биология және медицина ғылымдарының қызметкерлері атанғылары келетін, тіпті кейбірі ғылым жолын қуып, биология саласында ғылыми зерттеулер жүргізіп, халық игілігіне пайдалы жаңалықтар ашқысы келетіндерін де жасырмады. Тыңдаушылардың жүрегіндегі туған елге, туған жерге деген ыстық лүпілі де айқын сезіледі.
Осы орайда, біздің алдымызда биология топтарындағы тыңдаушыларды еліміздің жетекші оқу орны – әл – Фараби атындағы Қазақ Ұлттың университетімен, оның тарихымен, биология факультетімен таныстыру тұрды. Атап айтқанда, биология факультетіндегі түрлі кафедралар, мамандықтар және де биологиялық мұражаймен жақынырақ таныстыру үшін арнайы саяхат жасалды. Тыңдармандарға әсіресе балықтар әлемін зерттейтін ихтиология саласы мен биотехнология тақырыбы қызықты болды. Биология факультетіндегі аға буын профессорлармен, лабораториялармен, оқу залдарымен таныстырдық. Жастар Қазақ Ұлттық университетінің биология факультетіне оқуға түскісі келетінін, Қазақстан Республикасының азаматы болу туралы ойларын да бүкпесіз ашық айтып жатты. Олар көптеген сұрақтарға жауап алды. Сонымен қатар, университетте таным – жорық саяхаты жалғасын тапты: Жастарды ҚазҰУ – нің тамаша қалашығымен, факультеттер ғимараттарымен, ректоратпен, кітапханамен, спорт кешенімен, студенттер сарайымен, жатақханалармен және тарихи мұражайларымен таныстырдық. Соңында, қатты қызығушылық танытқан тыңдармандарды биология факультетінің биоалуантүрлілік және биоресурстар кафедрасына арнайы саяхат жасаттық. Кафедраның зерттеу лабораторияларымен, герберий түрлерімен танысып, ғылыми жұмыстар, оларды жасау жолдары туралы көптеген мағлұматтар алып, микроскоппен жұмыс жасап, жапырақтың, өсімдік сабағының анатомиялық ерекшеліктерін көріп, сабақты теориямен ұштастырды. Тыңдармандар қуанышты көңілмен, болашаққа сеніммен жатақханаларына оралды. «Мен – ертең ҚазҰУ-нің студентімін» – деп тұжырымдады, саяхаттан жігер алған қаракөз қандастарымыз.
Әл – Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті
Жоғары оқу орнына дейінгі білім беру факультеті
Жоғары оқу орнына дейінгі дайындық кафедрасының
аға оқытушылары: Үсенбекова .А.Е., Қалиолла А., Сандықбаева Ө.Д