Әдебиет

Серік Құлжахан: АҚКӨЛ (әңгіме)

«Ақжалқын өзенді өрлеп жүріп отырсаң, төбесі көк тіреген заңғар шыңның бауырында, кесенің түбіндегі сүттей тынған аппақ көл бар, аппақ…».

Жұмыр жердің бетіндегі бадырайған алып таңбалардың бірі осы алтынды тау. Жүлгесі неше мың шақырымға көсіліп жатқан ұлы тағылықтың қойнында қадау-қадау қарауыл шоқылар, шоқылардың баурында мөлдіреген көлдер, көлдерден тарамданып өзендер, өзендердің жағасын паналап елеусіз тағдырлар жатады. Осы Шәкене тағдырлар алып заңғардың қаһарына қарысып, таудың бір түйір тасына да татымайтын болымыстарын қорғап жанталасады, арпалысады, туады, өледі.

Сол сансыз қойнаудың біріндегі кемпір иек төбенің бетін тіліп өткен жан жол қиялап келіп, балықбас тастың баурына жабысқан жас самырсындардың арасымен қиырлап алып, сайдың ашық тағанына шыққан тұсында жалғыз атты адам көрінеді. Соны шөпке жасырынып жатқан ескі жол қалың жықпытқа, бұғы шиырға араласқанда да адаспай, аспай-саспай кетіп барады. Ашық, тынысты сайға түскен сүрлеу солқылдаған саздың шетін жағалап, терістікке созылып жатыр. Бұл жолаушы – Жантас. Анығында жолаушы емес жоқшы.

Тамыздың басы. Таудың күні тамылжып тұрмасада, түс ауған әлеттің ашық шуағына балбырай қалған. Үйден шығып жол қараған семіз бәйбішелердей, ін аузына таяу барып, қайрылып, сақсына қараған суырлар, “бұнысы кім, жәйін біліңдер” дегендей бір-біріне “аңқиттасып” қабар беріп жатыр.

Жәйлі аяңмен тайпалған тапал қоңырдың оңды-солды тербелген жалсыз тақыр мойнына мақсатсыз қадалып ой өріп келеді. Еее, бұл сүрлеумен кімдер жүрмеді. Анау кемпір иек төбеден, оның арғы жағындағы таудан, тағы бір белден, өзен-сулардан өткенде жететін, кеше шыққан ауылындағы өзі танитын (тіпті, солардан басқа адам да танымайтын еді ғой бұл.) елу шақты адамның атқа бұт арта алатынынан қайсы бірі бұл жөлмен жүрмеді дейсің. Екі күз өтсе елуге де бақұлдасқалы тұрған Жантасқа бұл жерлер үйінің артқы ауласы сияқты ғана. Ең алғаш, он алты жасар кезінде әкесін іздеп құла құнанымен жалғыз шыққанда жүрді осы сүрлеумен. Бір ғажабы, қырық жылдан бері жатқан сүрлеу әлі сол қалпы. Қалың шөпке жасырынып солғын сонары ғана білініп жатқаны жатқан. Күз бен қысын, көктем мен жазын көрді. Көзсіз қараңғы түндерінде де жортқан. Аспай-саспай жауатын жаңбырын, айғай салып құятын нөсерін де көрді. Соның бәрінен жеңілмегендей жайбырақат келе жатқаны мынау.

Бірақ, бұл жолы ұқсамайды…

Бұл сайдың екі қабырғасы енді шұғыл бұрылып екі жаққа тартады да, алдыдан көлденеңдеп тау, сайды кертіп тағы бір бұдан да терең сай тосады. Таудан ары сырғып кеткен күннің алауы тез өшіп, көлеңкелі аумақ салқын тартып, қарсыдан дымқыл леп бетке ұра бастады. “Өзенге жақындадым” деп ойлады ол. Онысы рас, бірақ, құлағы естігенде бұдан да ертерек аңғарар еді. Айғайлап, ақырып ағып жатқан Ақкөлдің даусы шақырымнан естілер еді ғой. Бірақ, бұл керең. Манағы іннен шығып аңқиттасқан суырлар бұған үнсіз көз салады. Сол бір жылдан бері қарай құлағының түбінен үнсіз соғып өткен самалға қайың жапырақтары үнсіз билеп, Ақкөл үнсіз буырқанып жататын. Оның құлағы – таз қоңырдың (астындағы жалсыз тапал қоңыр атын ол осылай атайтын іштей.) қос құлағы. Ол құлақ қалай бұрылса, Жантас та солай қарайды. Ал, көзі әлі қырағы, көр тышқанның қыбырын да қалыт жібермейді. Мылқау Жантас, керең Жантас алдында жатқан сары сүрлеуге атының тұяғы ілінгеннен бастап тіл біткендей, осы бір иен таудың әлде қандай иесімен тілдескендей болатын. Тегінде бұндағы тәбиғат та керең, мылқау. Таз қоңырдың үстінде міз бақпай отырған алып тас спетті, бет аузын сарғыш түк басқан шалдың да бейнесі түз тағысынан аумайды. Күнбатыс жаққа енді іліне берген қара бауыр бұлттарға сенімсіздеу қарап келе жатып та ат құлағының әр қозғалысын сезіп келеді. Тапал қоңыр үнсіз иенің әр күйін тақымынан ұғады-ақ. Иесінің асықпайтынын, ойға ергенін де жазбай біліп, жайлы аяңмен тербетіп келе жатыр.

“Сайыңнан сайғақ құрлы сайа таппай…”

Қашанғы әдеті, осы бір ырғақты ыңылдайды да жүреді. Қырық жыл болды. Ең алғаш құла құнанымен әкесін іздеп осы жөлмен зар желіп бара жатты, зар жылап бара жатты. Онда да өксік араласқан осы әуен. «Сұр таудан асып, мың бұлақтан өтіп, балықбас тастың бауырына дамылдап, одан ары ақжалданған Ақкөлдың басын іздеп тартып отырсаң, басынан бұлыт аса алмас теңдессіз биік шоқының бауырында әппақ көл бар» дейтін әкесі жарықтық. Тек, соны айтқанда ғана бұжыр бетті қапсағай шалдың жүзі өзгеріп сала берер еді. Көкейіне келген сұлулықтың ыстық лебімен бұйра шаштары толқынданып, жанары жарқырай түсіп маңындағы еш нәрсеге тұрақтамай әлдене елестегендей ауаға асылып қалар еді. Сол әппақ көлдің жағасында жалғыз тас бейіт тұрады екен. Қыздың бейіті. Әкесі «Қыз бейті» дегеннен ары барған емес. Баратын да болған жоқ, шешесінің өзі түгіл суретін де көрмей өсті. Ал, әкесі жайшылықта суық, қатал адам. Он алты жыл бойында басынан сипап, еміреніп көрген бе еді? Жоқ. Қыстың бір ұзақ, суық түндерінде жалаң жамылғыдан жаураса үлкен сеңсең ішігін үстіне жауып қымтап кететіні бар. Әлдебір шаруаларға шамасы жетпей тыраштанып жатқанында жүзіне болмашы қана жылу бітіп, салқын да болса мүсіркей қарап қалатыны бар. Оны да баланың көзінен алып қашып тайдырып әкететін, бар мейірі сол еді. Ес білгелі бір айтқанын, үйреткенін екінші рет қайталағанын көрген жоқ. Ту сыртында суықтау көз сынай қарап тұрғандай, әр істі абайлап істейтіні де сол.

Тау қозғалса жылжымайтын сол әкеге бір күні әлдеқандай бәле жабысты. Бала Жантастың ауа жайылып қалған құла құнанын іздеп кеткен. Екі күн оралмай, үшінші күні жетті. Өңі көрден шыққандай сұп-сұр. Екі күн жауған алапат нөсерде суық ұрып жықты ма деп, азғантай қатпа сүрі асып, қос уыс қамыр илеп, қуат болар ма деген үмітпен тамақ жасаған. Апыл-ғұпыл қарбытып, табақтың түбі көрінгенде қолын да жумай төсегіне құлаған қарағайдай сұлап түсті. Содан соңғы қырық күн бойы осыдан жаңылған жоқ. Не жуынбайды, не тіл қатпайды. Азғана шабындықты жас білегі қарысып бала жігіт өзі жиған. Иен таудың арасындағы он неше үйлі шәкене ауыл үркердей боп, әкесінің бұл дертіне жауап таба алмай дағдарсын. Аудан орталығына, емханаға апаруға әрекет қылысқан, оларынан да өнім болмады. Онсызда қапсағай денелі, түсі суық қазыр ләм-миім демей, жумаған түкті жүзі одан сайын сұстанып, ызғар тартып кеткен адамды артық күшке салуға ешкім батынған жоқ. Өзі еркіне салсаң ауладан сыртқа шықпайды. Жынданды дейін десе жүріс тұрысы сап-сау, тек тілсіз, жанары жансыз, үмітсіз. Соңыра Жүкеңнің тапқан жалғыз ғана амалы болды, Жүкең дейтін, ақсары жұқалтаң адам. Әкесінің құрдас, дос-жар адамы-тын. Сол кісі бір күні бұл үйге қызыл күрең тоқты өңгеріп келсін.

–       Жантас шырағым, мен мынаны сойғанша от жағып, бас-сирағын үйтуге қамдан. Бүгін ауылдағы үлкен-кішілерді осында шақырдым, әкең икемге келсе тұрғызып жуындыр. Ауылдағыларды шақырам, мән-жайды айтайық, байыбын табайық, – деген.

Жантас алдымен үйге кірді, әкесі терезе алдында күндегісіндей мелшиіп отыр.

–       Әке, үйге Жүкең көкем мал әкелді, кешке қарай қонақ келетін болды, бетіңді жуып, сақалыңды алып берейін.

Қапсағай шал бұны тап бүгін ғана көріп тұрғандай таңғала қарап отыр. Д еседе, әлденені түсінгендей екі қолын сүле-сұқ көтеріп, мақұлдық жасады. Жантас қуана беріп, әкесінің жүзіндегі үмітсіздіктен, тірлік пен ақылдан еш белгі қалмаған салқындықтан шошынып қалған еді. Жалғыз ұлдың жалғыз әкесі емес, ағаш па, тас па, сол әкенің бейнесіне кіріп алған әлде бір суық зат сияқтанды.

Сол күні бұлардың үйі адамға лық толды. Семіз бағланның еті жұпар аңқып, ұйатсыздау құлқынның үнсіз ашкөздігі бүкіл үйді кернеп, балбыраған тыныштықта бар адам балқып отырған. Жуынып, қырынып әуелгі бейнесіне жақын көрінгенімен, қапсағай шал мұндағылармен еш қатысы жоқтай, есікке қарап мелшиді де қойды. Барлық кісінің көзі сол әкеде, ал әкенің көзі ешкіммен түйіспейді.

–       Асыңды әкел! – деді Жүкең.

Былқып піскен бағланның етін үш астауға бөліп шошайтып алып келгенде “Әумиын!” деді жүкең, қапсағай шалға қарап. Шал селіт еткен жоқ, есікке қараған беті міз бақпай отырды. “өзіңізден!” деп қозғалақтады басқалары. Сонда жүкең жүзі сынып сәл отырып, көзін қапсағай шалдан алмастан “ее, мың бір атты пәлеңнен, жүз бір атты жалаңнан сақта, жалғыз ұлын жылатпа, жалғыз тауын құлатпа, аумиын!”, –  деп бетін сипап еді ғой…

… Содан бері, міне, қырық екі жыл! Ол дегенің, тәйірі, бір адамның өмірі ғой, алақандай ауыл адам танымастай өзгерді, жүкең де, сондағы қамыққыш шал- кемпірлерде жоқ, ауылдың шетінде бір- бір уыс топырақ жамылып жатыр. Алды ұмытылып кетті. Одан арғы дүниенің қалай құбылғаны бұл үшін тіпті үрейлі, түсініксіз. Тек осы тау, мына өзен, астындағы жол ғана міз баққан жоқ. Жалқау өсетін самырсындар сол жылдың тамызында қалып қойғандай, бой тартқанын сездірместен ескі сүрлеу шетінде қалқияды, анау бір тастар, тіпті, орны да ауыспай жатқанын қарасаңшы. Әкесінен қалған үнсіз жұмбақтың жауабын іздеп қырық екі жыл сандалды, ал, мынау аумақ та, бұл жаңылмасын, адаспасын дегендей еш өзгермей қырық екі жыл сазарды. Таңыры алғыр-ау, сондағы құла құнан да ақбурыл тартып, тістері саудырап қалсада қасыретінің белгісі боп ілбіп әлі жүргенін қайтесың. Талай рет бауыздап тастағысы келді- ақ, бір жолы жығып, төрт аяғын байлаған да болатын, орып жібергенге дәрмені жетпеді ме, сұлу жалын көз жасымен суарған осы бір қанды аяқ, жолы болмағыр қасыретті қаюанды қимадыма, қолынан пышағы суси берген. Мойнын қарсылықсыз ұмсынып, көзін жұмып жатқан құланың аяғын шешті де қоя берді, одан қайта ер салған жоқ, қораға жуытпай айдап салады, сонда да үй маңынан ұзамай жүрді де қойды ғой. Талағы түскір, қырық төрт жас жасаған жылқыны, естісе естіген шығар, көргені осы.

Жантас кенет таз қоңырды шаптан тартып жіберді. Иесінен мұндай оқыс мінез күтпеген хаюан селік етіп жәйлі жүрісінен жаңылып шоқыраққа басты. Бұл тұста бағанағы батыстан ілінген қара дүлей төбесіне тақап қалған екен. Піскен қарақат өңдес бұйра- бұйра бұлттың бауыры үнсіз ғана жарық- жұрық етеді. Жантас дыбыссыз дүниенің ымын жақсы білетін, басқа жерді қайдам, осы өңірдің таңы қашан атып, күні қашан батарын, соққан желдің сойқанын, жауар бұлттың мінезін жазбай таниды. Деседе, тілсіз тастың өзіндей мызғымайтын мылқау шал, ұлы таудың мезеттік қана қонағы, мынау ақ найзасын жарқылдатып жақындап қалған алапаттан сескенейін деді. Тауға бауырын төсеп, аспай саспай апталап, айлап жауатын, анда- санда тентек жасын ойнатып, қара құнандай ойнақтап өтер сыралғы бұлттардан өзгеше. Зәулім қарағайдың ұшына қарны тие жаздап, аспанды төбеге төндіре жақындап, от қамшысын үйіріп, топан судың қап- қара толқынындай тым тез жақындаған сұсты бұлттың алғашқы қабаршысы кесек, суық тамшылар тама бастады. Сәл алда әлде бір аңшылардың балағаны болушы еді, оған енді үлгірмейтін сияқты. Мұндайда ендігі пананың не екенін жақсы біледі, ойын асыға жинап, жақын жерден жасамыс самырсын тауып паналағанша жаңағы салақтаған қарн жыртылып кеткендей құйды да кетті. Тұйық сайға қамалып төпеп берген дүлей, таудың мазасын алғанымен, Жантастың тыныштығын бұза алған жоқ, керең құлаққа бәрібір. Жойқын сел домалап келіп қалмасын деп жанына байлаған таз қоңырдың екі құлағын күзетке қойды да, өзі соған қарап, самырсын түбіне шоқайды. Мөлшері әлі ақшам кезі болсада, дүлей қара түнді сүйрей келіпті, айнала тас қараңғы, тек, отырсыңба дегендей оқтын- оқтын жасынын жарық еткізіп бұл жаққа қарап қойады.

Жантас таныды. Осынау алапат бұл таудың тұңғыш қонағы емес, сирек те болса бір ғасырда бірер рет айналып келетін. Кәрі құла құнанында үш күн жоғалып, әкесі іздеп кеткен еді ғой, екінші түні үйінде жатып тау жақтан жаңғырп, өкіріп жеткен зылзала дүрсілдерді естіп таң атқаша көз ілмеп еді. Бір тай үшін жанын шүперекке түйіп кеткен әкесіне бірде өкпелеп, бірде алаңдап, қоңыр үйдің бұрышында бүрісіп жатқан да қойған. Сол сапардан әкесі бүтін оралған жоқ. Жарықтық жүкеңнің “мың бір атты пәледен, жүз бір атты жаладан сақта, жалғыз тауын құлатпа, жалғыз ұлын жылатпа!” деп күңіренгені есінде. Бағлан етінің аңқыған иісі, әдейі болсада айтылған аз- мұз көңілді әңгімелер, сол түні бала көңілі шінімен бәрі қалпына түсетіндей сеніп еді. Жұрт кеткесін әкесі әлсіз шамның алакөлеңке жарығында үй ішін жинастырып жатқан ұлына қарап үнсіз жатты. Солғын жарық ол жанардың не айтып, не ойлап жатқанын көрсеткен жоқ. Қырық күннен бері еркінси қалған бала жігіт арқасында қадалған көзді қайта сезді, қайтадан ширады, әр ісін абайлап істеп, қадалған жанар ұйқыға кеткенше күйбеңдеп, түн ортасы ауғанда жантайған. Қырық күнгі қалжыраудан кейінгі Жансар ұйқы қырық жыл опық жегізерін сезсеші сонда?! Тамыздың күні қызғанда ыстықтап ойаныпты. Үстінде кең мол сеңсең ішік жамылулы тұр екен, серпіп тастап аз- кем меңрейіп жатты да орнынан тұрды. Әдепкі күннің күйбеңін істеді, әйел заты жоқ үйдің шаруасында береке болған ба?! Әкесі тұрып кетіпті, аулада, жақын маңда көрінбейді, аты да жоқ. Бірақ, қолынан тастамайтын қызыл қамшы орнында ылулы тұр. Түске таяу қапсағай шалды іздеп жүкең келді.

–       Жақсы боп қалған сияқты, ерте тұрып кетіпті, сізге кеткен шығар дедім, мүмкін осы маңда жұр.

–       Апырай, балам, солай болса игі еді. Сендер байқамадыңдар, әкеңнің есі ауысқан жоқ, ол, тек, апырай, аман болса игі еді!

Осы екі ауыз сөз тауын құлатқан зілзаланың алғашқы күркірі екен. Жүкең атын тебініп асығыс жүріп кетті. Жаңағы сөзден кейін көңіліне кірген алаңды үркіте алмай, бір кіріп, бір шығып, шиыршық атып қанша жүргенін білмейді, ентігіп жүкеңнің баласы келді. Әлде кімдер таң ата қапсағай шалдың тау жақты бетке алып аттанғанын көрген айтады, сыралғы жан да әлденені сезген, жантасқа баласын жіберіп , алдынғы жауыннан жол бұзылып, тау келбеті танылмастай болғанын ескертіп, үйден тоссын деп сәлем айтыпты да, өзі аялдамай шалдың артынан аттанып кетіпті.

Бірақ Жантас үйде жата алмады. Сылаңдаған сұлу құла құнанның балапан жалын желкілдетіп тау жаққа бұл да аттанды. Сол қасіретті сапар міне осылай басталып еді.

Нөсер әлі төпеп тұр. Таз қоңыр сауырын тынымсыз сабалаған соққыға шыдас бермей бері жақындап, самырсын түбіндегі жантастың алдына көлденеңдеп алды. “Мұным ұят болдыма?” дегендей бұрылып иесіне қарайды. Иесінің алпамсадай денесі құрыштан құйған мүсіндей міз бақпайды. Шылбыр тастам жерден азғантай ағын пайда болып еді, енді содан қара су жөңкіліп әлдебір жас самырсын, бала қайыңдарды ұмарлап- жұмарлап әкетіп жатыр, осылардың бәрі жойқын оттың жарығынан еміс- еміс көрініп қалады. Қырық жыл қыры сынбаған қойнаудың күпісін мына алапат нөсер дар-дар айырып жатқан сияқты, керең шалдың құлағынан кетпейтін қобыздың үніне жақын әлгі бір зарлы шуылды басып түскен ұлы дүбір, құлағынан емес жерге тиіп тұрған қара санынан өтіп жүрек бауырын солқылдата, миына жетіп жатқан ұлы дүбір соны сездіріп тұр. Жантас түнде не сойқан болсада соның тез жетіп, таңның тез атуын күтуде. Дүлей нөсер таудың келбетін қалай өзгертер екен, ертең баяғы ұмыт бола бастаған келбетіне қайта келетіндей үміттеніп қалады. Ой құрғыр үнсіз жарық еткен жасынмен жарықтана қалған қойнауға қарай қалып, сәтке ғана үзіледі де, қараңғылық бүркей сала қайта ала қашады.

Әне, сол жолы тұңғыш рет осы тауға бет алған. Күллі таудың келбеті өзгерген екен, жол сорабы әрең байқалып жатыр. Алдыда ет асым бұрын аттанған жүкеңнің ізі, “апырай, аман болса екен…” Жүкеңнің осы сөзі құлағына жаңғыра береді. Неге айтты? Жәй айтпайды- ау? Ішіне түскен күдік енді ұлы таудың қойнында ұлғая түсіп, үрейге айланды. Үрейі кеудесін керіп келіп, лақ етіп өксік боп шығады. Құла құнан қиын жолдан қолы түсіп, мықшыңдап келе жатсада бала жігіттің қолындағы қапсағай шалдың қызыл қамшысы шабын осып өткенде басын көтере қап зар желеді. Осынау құлағы еститін, тілі сайрайтын соңғы күні Жантас өксумен болды, өксігінің арасында “сайыңнан сайғақ құрлы сайа таппай…” деп ыңырсып, соның ырғағымен зарлайды. Құлағында тек өз даусы, өз қайғысы.

Түн көрпесін жапқанда да тамызда толған айдың ақ сәулесі көз байлаған жоқ. Қара саны дірілдеп халы кеткен құнанын тынықтырып аз- кем аялдағанымен, көңіл сарайына ұя салған үрей көп отырғызбай шырылдап мазалайды. Ақкөлге тура тартқан жүкеңнің ізінен көз жазбай тарта берді, тарта берді. әппақ таң атты, шалқар түс келді, одан күн төбеден сырғып, салқын тыныс біліне бастағанда ақкөлдың шетіне ілінді- ау әйтеуір. Сол кезде кеудесіндегі үрейдің құсы қайта шырылдай жөнелсін.

Оң жағыңнан құлдап ағатын ақжалқын өзенді жағалап, тар саймен өрлейтін жол қиын күдірі мол, қорықты, шиырлы. Өзеннің басы ақкөл- оның қайнары қасындағы алып тау. Шағын көл сүттей ұйып тып- тыныш жатады да осы сайдың қыл басынан осынау өзенге ұласады. Бұл тентек Әппақ суды ала қашып бір тәулік шапқылап барып аспан өңдес көгілдір көлге тынығады. Одан ары… одан ары ұлы даря, одан да ары мұзды мұхит.

Сол әппақ көлдің өзенге құйар өзегінде әкесінің биік қара аты, жүкеңнің жирен жорғасы тұр екен. Одан арырақта жүкең, кеңірдегін созып қолын сермеп айқайлайды. Жүкеңнің бет бағытына қарап еді, енді көрді, тулап жатқан ақкөлге үстінен үңіліп тұратын биік жартастың ұшар басында ақ көйлек, ақ дамбалымен ғана әкесін көрді. Қапсағай шал қуыршақтай ғана боп, тым бейтаныс, тым қораш көрінеді, емес болса екен деген бір ой миын сызып өтті. Бірақ, басқа кім бола қойсын… үйірі бір аттарды көрген құла құнан шыңғырып кісінеп жіберген, жүкең бұған жалыт қарады, жүкең қараған жаққа әкесі де қарады. бірақ, осы бірнеше минутта не болғанын Жантас әлі толық түсінбейді.

Олар не айтысты, неден таусылды, білмейді. Әкесі суға секірді, әппақ киім әппақ өзенге құлап барады, тіпті сұттың өзіндей әппақ, бірақ, тым асау өзен әкесін қайта көрсеткен де жоқ. Өзенге жақын тұрған жүкең тұра ұмтылған Жантасты суға жеткізбей тосқан. Жанталаста аяқтарын тас қағып құлап түсседе қатты қысып, аузын құлағына тақап атын атап басу айтып жатыр. Жантас та әкелеп айқайлайды, бұлқынады.. бірақ жүкеңнің құшағынан шыға алмайды, кешеден берігі суық үрей мынау сұмдық суретке қосылып жойқын долылыққа айналып, тістерін шақұр- шұқыр қайрап, көзі қанталап, құлағы шыңылдап барады. Әппақ өзен әкесін алды да кетті, тау бұлардың ашшы даусын күңірене қайталап, әкесі кеткен жаққа қарай жаңғыртып жатыр. Тауы құлап, тауаны шағылған сәттің қасіретінен есеңгіреп, ақыл иесі бойынан ұшқан хәлде бейберекет жұлқына берді. Жұлқына берді. Кенет, тістерінің арасына әлде бір сұп-суық жұмсақ ет ілінсін, бала жігіттің мұқалмаған өткір азуы қыршып тұсты. Құлағы шың етіп бүкіл дүние тыныштала қалған сәтте тамағына қарай аққан жылмышы қанның кермек дәмін, лып етіп ары кеткен кесек етті, одан ары таңдайынан жоғары от тигендей қатты ауырғанын сезе берді де сұлық түсті.

Содан өз төсегінде есін жиғанша мына дүниемен байланыссыз күйде қанша жатқанын білмейді. Ойы ма, жоқ, өзі ме, ақкөлге қаншама рет келіп қайтқан сияқты, анау қыздың бейітіне барады, үлкен тастармен жасырған қабырды оп-оңай ашып, әппақ- әппақ сүйектерді көреді, сол сүйектерден қобыздың үніндей зарлы бір үндерді естиді… бүкіл дүние әппақ, дыбыссыз, кіршіксіз.. күңіренген үн есін жиғаннан кейін де сол бойы құлағында қалды. Долы өксікпен тілін қыршып алғанда құлағының әлде бір қылы үзіліп кеткен сыңайлы, осы бір ызыңдаған үн ғана қалған екен.

Содан бері ауыр жеңілі білінбей, міне, қырық екі жыл өте шықты. Жүкең жалғыз қызына үйлендірді, әйелдің аяулы мейірін сезіп болмай аз күнгі бақыты адыра қалып оны да қара жерге тапсырды, жалғыз ұл алыс қалада. бәрі жоқ, бәрі өзгерді, тек, құла ат қана ақбурыл тартып әлі жұр. Жүргенде қандай, мына дүлей нөсерде қалып, соны іздеп кетіп барады. Қайғысы мен қасыретының көне көзі, одан ары әкесінен қалған үнсіз жұмбақтың куәсі екен. Қырық жыл! Қыршып тастаған тілі де өсіп шықты ғой, ал, сол жұмбақтың жарасы әлі жазылған жоқ. Баласы қалаға көп шақырады, хатында айтады, емдетейін, мынау ауылдан шық, ішіңдегі жұмбақтан құтыл, қаласаң сөйлейтін де, еститін де боласың, тек арғы жағыңда, жаныңның сарайына ұялаған иең соған барғысы келмейді дейді. Сонда қалай?! Бұның ішінде тағы бір Жантас тілін жұтқызып, құлағын бітеп отырғаныма сонда. әлде мүмкін. қырық жыл бойы әппақ боп жатқан көлді алыстан көз шалып қана қайтып жүргені содан ба? жағасында жатқан қыз бейітін қайта бір көруге батынбайтыны ше?! Ол неге… қойшы, тәйір, енді не естиді, не айтады, осылай болғаны да дұрыс шығар.

Алапат нөсер ет асымнан кейін пышақ кескендей тоқтады да қару- жарағын жарқылдатып тауды айланып кетті. Бірақ, құлаған селдің тасты тасқа соққан, ағашты құлатқан зор дұмпуы көпке дейін басылған жоқ. тау ыңырсып, ауырсынып жатыр. Айнала тас қараңғы. Таз қоңыр әлденелерге құлақ түріп жантастың ойын үзе береді, үзе берді. Ақыры екеуі де қалғып кетті.

Таң атты. Айнала танылмастай болған екен. Таудың келбеті баяғы қалпына келерме деген түндегі ойына күлкісі келді. Сол сазарған аумақ, енді тағы бір сазарған кейіпте тұр, қайта танысып қайта білісетін бейтаныс, қайта сүрлеу салар тың. Жантас көкейіндегі жолдың сорабымен ақкөлге тартты да кетті. Енді ештеңе де ойлаған жоқ. Сол жұмбақтың жауабын қайдан қалай табарын да білмейді ғой, не ойламақ?! Жол тіпті қиямет, топырағын сел әкетіп, қыртысы кеткен соң біраз жылға белгі болған нән қарағайлар қирап құлап қалыпты. Ал, көлге таяған тұста, тұтас беттің тасы ағып, сай тағанындағы күллі ағашты қиратып тұсып өзен жағасына дейін жетіпті де шақырымға жуық өткел бермес қорық пайда болған екен. Алдында жатқан ақкөлге бармай қайтқанға шалдың жүрегі шыдамады. Әкесі де солай болған шығар, сол бір алапат нөсерден кейін құла құнанды ақкөлдің жағасынан тауып қайтты ғой, ендеше талағы түскір кәрі құла тағы сонда жүрген жоқпа екен, әкесіне не көрінді, соншама таусылып, жанын жеп қойардай? Жантас қорықтан өтпестен атын жетелеп тауға тіке тартты. Тік бетке бұл алпамсадай шалды таз қоңыр алып шыға алмас. Азғана ентігіп осы тауға шықса, ақкөл иегінің астында ғана жатар еді. Тырмысып өрлеп келе жатып осы көлді әкесі еншісіне қалтырғандай сезінетініне таңғалды. “Теңдессіз биың шыңның баурында әппақ көл бар, көл бойында батыр қыздың бейіті тұр…” өзі ақкөлді алғаш көргенде қалай еді, әкесі ертіп келген, шынының түбіндегі сүттей әппақ, жер бетінде осындай сұлу көл бар десе көрмеген адам сенерме еді, сондай таңғажайып көл алдында тұрды, қызғаныш па, қуаныш па, жоқ әлде ешкім басынан кешпеген басқа бір сезім шығар, бала жігіттің күллі денесі қалшылдап, есін зорға жиған. Сонда әкесі беймарал тыныштыққа оранып, көлден көз айырмай тұр еді. Кейін әкесімен бірге ақкөлге қаншама рет келседе көзі тойған жоқ, қимай кетеді, сағынып оралады. Міне, шылбыр тастам жер қалды. Сабыры таусыла өрмелеп келеді, өрмелеп келеді, ақыры жетті- ау, бойын жазып , басын көтеріп көлге қарай беріп қатты да қалды.

Сол тұрғаннан күн ұясына кіргенше қозғалған жоқ. Соңыра аяғы талып отырды. Қарсы алдында ақкөл емес қап- қара су жатыр. Күн батқаннан кейінгі баран сәулемен одан сайын қарайып, үңірейіп көрінеді. Жағасында кәрі құла жайбырақат жайылып жүр. Анау жердегі қыздың бейіті қайда? Әлде кешегі алапат нөсерме, әлде қырық жылдың алдындағы сойқан ба, білмейді, ағызып кетіпті. Қырық жыл іздеген жұмбақтың жауабы, міне, алдында жайрап жатыр.

Кенет Жантас күллі тауды жаңғыртып айқай салды “Әке..!” Содан таудан тауға жаңғырып кетіп жатқан өз даусын естіп үнсіз отыра берді.

Теги: , ,

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

*