Менің Еренқабырғам* көк тіреген,
Қырандары құзардан көп түлеген.
Мама бұлттар иісе саумалындай,
Жасындарын қарағай көп тілеген.
Қыс көрпесін сырғанда құз жеріген,
Шыңдарында құрсанған мұз еріген.
Бала өзендер құйатын Манасына*,
Орман ду боп жатқанда құс серіден.
Көбік шаша жөңкісе буырқанып,
Көрмеген жан таңырқар бұрын анық.
Көкжал толқын тепкілер жартастарын,
Жасыра алсын сұрланған сұрқын нағып?!
Естілетін сарылы көш жеріңнен,
Сарын айтып жатқандай өшкеніңнен.
Гүл жамылған жағасын нуға бөлеп,
Атақ-даңқын асырған өз теңінен.
Кілкіп ағып екпіні оңғарыла,
Жетелейтін арнасы Жоңғарына*.
Жағалаған қазекең өзегіне,
Мәйек берген, құт құйып жолдарына.
Асау мінез сабада басылатын,
Әлмисақтың сырларын жасыратын.
Тұлпар мініп, ту алған оғландарым,
Жауларынан айбарын асыратын.
Батырлыққа баулыса ел азаматын,
Сан кештірген жорықта қазанатын.
Құйған жері – тұз көлдер бүтеу бүйрек,
Қаламға арқау қазына жазылатын.
Берекенің жасалып қолғабысы,
Сезілмейтін аттыға жол алысы.
Қызылкүрең қырғауыл жидешіл боп,
Ну қамысын жамыған жолбарысы.
Еркек қойы сойылған қалжасына,
Ұлдар шыққан ту алып тау басына.
Ойдың елі тораңғы, тал-теректі,
Дәрияның жайлайтын жағасына.
Дагой*, Шөгей* ежелде Сауан* жері,
Ерентаудай* сүйенер дауанға елі.
Аршаты* мен Арасан*, Ақ тас* асып,
Прағының талмаған таудан белі.
Төбеқора*, рулы ел Шөгейдегі,
Шалқыды ырыс малды ауыл көбейгелі.
Бекемдеді іргесін жатқа алдырмай,
Ерлер туған еңіреп егейледі.
Қараған, жантақ бітік даласы бас,
Сарбалақ пен өлең шөп жарасып-ай!
Танабынан тартқызар жұт та жүрмес,
Кеңтүбек*, Кеңқарындай* саласы сай.
Жиде құмар май басқан қырғауылды,
Соғып алар ұстаған сырғауылды.
Қақпан қауып жатады киктері,
Малы сыймай жылжытар жылда ауылды.
Дарқан көңіл дәрия молыққанда,
Асанқайғы таң қалған жолыққанда.
– Сенен табар дәулетін,- деген екен-
Халқың шаршап-шалдығып, торыққанда!
****
Шілде туса тасқыны жар сабалап,
Жылжып, сырғып көшетін ел сағалап.
Тарамдалған арналар әйтпегенде,
Мал мен жанды алатын сәл қамалап.
Ауыл бейғам,
Жайма шуақ күн де ашық,
Орман бүрлеп, жасыл жалбыз гүл де ашып,
Қаз-үйрек пен алуан құсы ұлар-шу,
Ынтық жүрек симфония – үнге асық!
Түбектерде су таяз, шабағы мол,
Оны аулауға балалар табады жол.
Олар қашан тоюшы ед бұл қызыққа?!
Тұнығына сереше салады қол.
Дей алмайсың заңдылық басынды елді,
Аласұра кенеттен тасқын келді!
Жан ұшырған балалар қырға қашып,
Құтылмаққа буынды тас қып белді.
Қуаныш пен бақыты, күлкісіндей,
Үміттері желкілдеп үкісіндей,
Екі қызы бір үйдің бүлдіршіндей.
Үлгере алмай қалды, әттең, сасқалақтап,
Дәтің қалай шыдасын бір күрсінбей?!
Тал майысқан талпынды жағасына,
Жанарлардан бір үміт табасың да.
Жалмаң қаққан іргеге барды ағыны,
Кей ауылдың үрей сап панасына.
Құтырынған дәрия сұрланады,
Қас қағымда уақыт ұрланады.
Бұталарға жармаса шырқыраған,
Медет тілеп сәбилер сұранады.
Бір көміліп, бір шықса су бетіне,
Куа иен жағалау суретіне.
Крокодил сияқты келе ме ептеп,
Тойымсыздау қу ажал сүйретіле?!
Ұя салған қарлығаш үйлеріне,
Аймалап жүр олардың үрейіне.
“Періштесі қақсын!” деп тіледі ме?
Шыр-пыр болды зарлаған күйлеріне.
Үркек қоңыр қаздар да жақындапты,
Қанатымен су сабап қаңқылдапты.
Шыр айланды құс біткен қимастықпен,
Жапалақ та шарасыз жалпылдапты!…
Нәзік саусақ созылса талдарына,
Қотиын су жолатпас жандарына.
Жібермей жүр сіңлісін әпекесі,
Өмір үшін шайқасып жалбарына!
Тұншықтырды қатыгез, сүреңсізім,
Тілсіз біткен меңіреу, жүгенсізім.
Сәби қолдар көрінді соңғы рет бір,
Емес еді әз жаннан күдерсізім!
Өкініштер өртейді өзегімді,
Бармақ тістеп отыр ғой дәрменсізің!
Ғажап, сол сәт су беті жарқырады,
Бір ақ дүлдүл аспаннан арқырады.
Оны мінген ақ тонды алып адам,
Төніп келіп оларды шақырады.
Судан шыға сәбилер тілдеседі,
Тілдескен соң мәз-мәйрам мінгеседі.
Ақ сәуле боп самғайды сосын көкке,
Қарттан басқа көрмеген кім сенеді?!
Ат суарған ол иман үйіріпті,
Білгеннен соң сұмдықты күйініпті.
Депті сол қарт: “қор қызы ертең олар,
Рахымын бір Алла бұйырыпты!”.
****
Тірлігі бұл ауылдың ертегідей,
Еңбек сүйер қауым жоқ еркегіндей.
Жайқалады аралға тары шашса,
Жер таппайсың құнарлы жерлеріндей!
Ерте аттанды сол күні аралдарға,
Жарасады еркіндік адамдарға.
Дәрияны кеткен-ді ендей өтіп,
Салдың үсті салтанат адал жанға!
Қабақ шытқан ана жоқ, іркіліскен,
Елпілдеп құрт қайнатып, іркіт піскен.
Жайраңдасып үй ішін қағып-сілкіп,
Қыза түскен бәсеке іргелескен.
Жетті жылап ауылға бала шулап,
Ұшыртты ана ағынға жүрек тулап.
Құлатасқын сорлатқан түсі суық,
Сазбеттене барады аунап-қунап.
Шашын жайған жас ана зарланды кеп,
Судан іздеп сәбиін қарманды көп.
Қос балдырған кінасіз бауыр еті,
Үмітіне ес шыға арбалды тек.
Акулаша сушылар суды тінтті,
Бар пәрменмен ағысты қуды тіпті.
“Жармасқаны белгілі жағаға” деп,
Тәуекелмен ерлене туды тікті.
Кәрі мен жас күйзелген екпіндеді,
Ну жағаны анасы текпіледі.
Қасреті жұртының Тәңірге аян,
Сайыпқыран сушыны еп біледі.
Әкелері шарқұра еңкілдеген,
Атасы анау сақалы желпілдеген.
Қан жұтқандай анасы өзін жұлар,
Дәрияға телміріп селкілдеген.
Тәулік бойы сушылар су ақтарды,
Дәрияға жаудырып сұрақтарды.
Су сорса да қалжырап сүңги берді,
Бұта-бүрген, арылтып құрақтарды.
****
Ес кетіп, жан шыққандай жанталас та,
Кім дамылдар жауымен тайталас та?!
Мәйт тапқан бір хабар тарады ақыр,
Шама жетпес тағдырға жағалас та.
Су түбінен қос мәйт білініпті,
Бұтағына жыңғылдың ілініпті.
Сал үстіне шығарды азаматтар,
Білектері киімшең тілініпті.
Бірін-бірі жоғалтып алмастай боп,
Іздеушілер таба алмай қалмастай боп,
Құшақтасып алыпты айырлмастай,
Сүйресе де сұм ағын бармастай боп!
Қайғы-зармен атырған ала таңды,
Сәбилерін көргенде ана талды,
“Не жаздым!” деп әкесі кәрін төкті,
Жайып алып аспанға алақанды.
Жағасына Манастың жерленіпті,
Күңіренген алыстан ел келіпті.
Құшақ ашқан ажалға дәрия да,
Өксіп ағып, өкіне тербеліпті.
Құм егілсе сусылдап, сөгесің бе?
Ізі қалған сәбидің төбесінде.
Сексеуілдер солқылдап, тораңғының,
Жапырағы жылапты, сенесің бе?!
****
Қуса мықтап өнерді, асық ойнап,
Ұрпақ өскен осы жер – жасыл аумақ.
Аңыз шертіп құт мекен жатқалы да,
Керунедей өтіпті ғасыр аунап.
Қоңыр аңы тойғызар аш-арықты,
“Қыз бейіті” осы жер аталыпты.
Зерделеуге тарихын зейінді ұлдар,
Армандап кеп аңсаумен ат арытты.
Өрбітетін сыр жұмбақ сан аңыздан,
“Қыз бейіті” табылар Самыңзыдан*.
Ел мен жерін қорғауға қан төккендер,
Мәңгі бақи өшпейді санамыздан.
Еңіреген, қайтпайтын қайсарларым,
Әкежан, Дулат батыр, Қайсаларым,
Қойылып “Қыз бейітке”, аруланып,
Тараған ерлігінен қисаларым!
Қайран қабір, атызға айланыпты,
Қараусыз қап бағы да байланыпты.
Жарғақ жапқан үстіне мақта қаулап,
Қып-қызыл ақша болып сайланыпты!
Қарауытып қалғанша қарашығың,
Болсаң бақыт баба үшін алашабын!
Әкежан, Дулатқа арнап Қату тасын,
Орнаттық он екісі қарашаның.
Белгіге батырлардың басындағы,
Қаhарлы жарқыл шашсын жасындағы!
Алланың мейірімен нұрға шомып,
Ұрпаққа берсін үлгі асыл тағы!
(Соңы)
Еренқабырға*, Ерентау* – Тиян-Шан тауларының қазақша аталуы.
Жоңғар* – ойпат атауы.
Манай* – өзен аты
Сауан* – қала аты; Дагой*, Шөгей*, Төбеқора*, Кеңқарын*, Кеңтүбек*, Самыңзы*, Аршаты*, Арасан*, Ақ тас* – жер аттары.