ШӘКӘРІМ МЕН ЗИЯД ҚЫТАЙДА
Арғы шақ аласапыранының әңгімелері
Қытай қазақтары ішіндегі үлкендердің еске алуынша, өткен ғасырдың басқы онжылдықтарында, Абай ғана емес, Шәкәрім Құдайбердіұлының (1858 ж. 11 шілде. Семей. Кеңбұлақ. – 1931ж. 2 қазан. Шыңғыстау) ақындығы, жазушылығы, философтығы, тарихшылығы, композиторлығы, текті атаның ұрпағы екені, отаршыл империяның қырына алынған атақты қайраткерлігі Қытайға ауып келген көзқарақты қазақтар ішінде кеңінен сөз болады екен.
Бермен келе (әсіресе 1930 жылдырда), Абайдың інісі және замандасы, әрі ол негізін салған реалистік әдебиет дәстүрлерін алға апарушы ізбасары Шәкәрім туралы сөз тіпті етек алыпты. «Себеп Ресей елінен өзге мемлекетке келгесін еркін ашылатын ауызда ғана тұрғаны жоқ еді, бір топ сорпа бетіндегі арыстар Қытайға келіп мұндағы елдің көзін ашып, көкірегін оятуға талай тың істер тындырған болатын» деседі сол ақсақалдар.
Онысы рас. Қазақстандағы қолдан жасалған зорлықты ұжымдастыру мен тәркілеу, ашаршылық, репрессия, т.б. геноциттік саясат салдарынан ондағы талай ел ағалары Қытайға аууға мәжбұр болыпты. Осылардың ішіндегі, Санкт-Петербургтегі Император университетінің заң факультетін тауысып, 1902 жылы заңгер мамандығын алғасын, кезінде Семейдің округтік сотында қызметкер, «Сары-арқа» үнқағазының редакторы болған, 1912-1916 жылдары «Айқап» журналы мен «Қазақ» газетінде патша үкіметінің отаршылдық саясатының сырын жанкештілікпен батыл әшкерелеген, жалпықазақ сиезін ашуды белсенділікпен көтерген, тіпті 1918-1919 жылдары Семейде Алаш әскерін жасақтауға да атсалысқан, кейін өзіне қатер төнгенде (1922 жылы) амалсыз Қытайға өткен Райымжан Марсеков (1879 ж. Семей облысы, Өскемен уезі Айыртау болысы. – ?) бастаған, Әсет Найманбайұлы, Зият Шәкәрімұлы, Шерияздан Марсеков, ағайынды Ғазез Нұрмұхамметұлы мен Әніуәр Көкйұлы Қалбановтар, Шайқысламұлы Жүсіпбек, Көдек Маралбайұлы, Әріпжан Жанұзақұлы, қаратай Ережепов Әбдікәрім болыс сықылды ықпалдылар қостаған топтың Қытайға өтіп, Қытай қазақтарына жасаған оң ықпалы мұндағы қазақтардың мәдени оянуы мен гүлденуіне күшті дем беріпті. Осы ықпалдың ішіндегі бір игі іс ретінде Абай мен Шәкәрімнің танымалдығы анағұрлым арта түскен.
Бірақ, амал не, бұл арыстардың өмірі де, ықпалы да ұзаққа бармаған. 1934 жылдан бастап 1944 жылға шейін Шинжяңның әскери, әкімшілік жақтардағы бар билігі Шың Шысай[1] дейтін, «Шинжияңның қағаны» атанған алаяқтың қолына өткен екен [2]. Ол өз билігін нығап алғанша, аз уақыт «алғабасар» бейнесін жылтыратады да, артынан, билігін әбден бекемдедім-ау дегенде, ССРО ның тапсырмасымен оның «халық жауларын» және өзіне бөгет санаған Шинжияңдағы халықтың ықпалды тобын қатты қырады. Біз атаған арыстар сол барыста мерт болған.
Осы айтқандарымызға Шәкәрімнің ұлы Зиядтың (1903 ж. – 1938 ж.) кешірмесі айқын мысал. Шинжияңдағы жазушы Зейнолла Сәнік (1935 ж. – ), профессор Әмір Жалбағаев (1936 ж. – ), рофессор Шәйітқазы Зейнелғазы, ағартушы Мидіхат Разданұлы (әкесі Зиядпен қыметтес болған. 1932 ж. – ), жазушы, шежіреші Нұрлан Сәрсенбаев, қазақстандағы Мұсылманбек Әбділдабекұлы Төгісов, құдам Әніуәр Көкейұлы Қалбанов (1902 ж. Ш.Қазақстан. Ақсуат – 2009 ж. Алматы) және Салтанат Далбайқызы, А.Түгелбаев, Айтқали Кененбайұлы сықылды зерттермендердің жеке архиві мен жариялаған мақалаларына негізделгенде, Зияд Шәкәрім ұлы (ағалары Ғафур, Қабыш, Ахат түгел қолға алынып, Ғафур мен Қабыш түрмеде өліп, Ахат Сібірге айдалған соң) әке ақылымен (тағы бір деректе Шыңғыстау көтерілісін жасаған соң), Шыңғыстаудағы жұртынан аттанып, Бердеш (Фердауси) Әзімбайұлы Тәкежанов пен Төлеуғазының (орысша оқыған ересек, кейін келе Алтайдың Әлен ханының шаруашылық басқарушысы болған адамның) басшылығында, Мәнекеш Әзімбайұлы (Бердештің інісі), Қожақапан (Шәкәрімнің қызынан туған жиені), Қасымбек Солтабайұлы және жолда қосылған Керей ішіндегі жастабан, Шақантай батырдың бергі ұрпақтары Жабағытай (бұл кісінің ұлы Нариман Үрімжіде ірі аударушы еді, бертінде қайтыс болды. «Азаттық» радиосының қазақ бөлімін басқарған Хасен Оралтайдың достары), Кенжебектер сықылдыларды ертіп, Шұбартауды басып, Бақты кедені арқылы, 1931 жылы қазан айының соңында, жиыны 300 дей адам Шәуешек өңіріне өтеді. Бірақ Зиядтар, Қазақстаннан келгендері көп Шәуешек қаласына жуымай, Еміл өзенінің бойындағы Жиекте отырған Сонабайұлы Иса қажынікіне (Бәйбішесінің аты – Мәскеу – Үрімжідегі Әмір Жалбағаев пен Астанадағы жазушы Думан Рамазандарға туыс. Иса қажының бір ұлы Серік Исаев қазір Алматыда, Кеңсай қабырыстандығын басқарушы) келіп түседі. Зиядтың,
Маккаға тауап етіп барған қажы,
Мешіт пен медіресе салған қажы,
Аш-арық адамдарды тойындырып,
Көз қырын мүсәпірге салған қажы.
Амалын екі әлемнің бірдей ойлап,
Сауабын дүниенің алған қажы. –
деп жазған өлеңі Иса қажының осы жолғы ыстық құшағына разылықтың белгісі еді. Зиядтар осыдан соң тіпті бытыраған көрінеді. ССРО КГБ сының жансыздары өріп жүрген Шинжияңда, артында қуғыншы, іздеуші бар бұларға бір жерде тұрақтап тұру да қатер болған. Бұлар қолдарынан келгенінше үздіксіз орын жөткеп отырған сыңайлы. Зияд бір жылдай тарақты Тышқанбай бидің ұлы Қабдолланың ауылында болыпты. Зияд өздерін (Жабағытай, т.б. азаматтарды) іздеген (Шойынбаев сықылды) қуғыншылар келгенін, әкесінің жазым болғанын ести сала, Шәуешектің шығысындағы (56 шақырымдық жердегі) Дөрбілжіннен дереу (1932 жылы) достығы жарасқан Айтқазы Қабдолла ұлымен бірге Үрімжіге барады (Жабағытай Еренқабырғаға – Шиқу, Сауан аудандары жаққа кетеді). Зияд Үрімжіге келіп, Уфадағы Ғалия медресесін бітірген, орынборда гимназияда оқыған, Алаш азаматтары тұтқындала бастағанда Шәкәрім қажының ауылын паналаған, одан Зайсан арқылы Қытайға өткен, бұл күндері Үрімжідегі өлкелік үкіметтің ағарту ісінің бастығы болып жүрген Сейітқазы Нұртайұлынікіне түседі. Сол жылы Сейітқазының қызына үйленеді және оқуға түседі. Артынан (1933 жылдың қарашасында) Алтайға аууға мәжбүр болады. Зияд Алтайдағы Бітеуіргеде отырған, керейдің иесі орнындағы Мәми бейсінің ауылына түседі (бұл тұста бейсілік лауазым Мәмидің немересі Бұқат Қанапияұлында екен). Кезінде Найман ішіндегі қаратай болысы Әбдікәрім Ережепов та осы ауылға келген және Мәмилер бұларды жақсы қарсы алған.
Шың Шысай залым таққа шыққан соң (1934 жылдан былай), аз уақыт жылымық саясат жүргізгенде, Алтайды басқарып тұрған, Көгадай ханның ұрпағы Шәріпхан, содан пайдаланып, мәдениет пен оқу-ағартуды кіндік еткен алғабасар ізгі істерді қолға алады. Зияд Алтайдағы «қазақ-қырғыз мәдени ағарту ұйымын» басқарыса, аймақтық оқу-ағарту бөлімінде қызмет істесе, мұғалім, ақылшы бола жүріп, Алтайдағы мектептердің 63 ке, оқушылардың 4000 ға таяуына тікелей үлес қосады, Асқар Татанаев (әйгілі ақын, жазушы, фолклоршы), Сәлімжан Кәкіжанов. Махмұт Өтелбаев, Асхат Мәңкейұлы, Мұратбек Мәңкейұлы, Уақит Оразаов сықылды шәкірттерін тәрбиелейді. 1935 жылы желтоқсанның 27 күні, Алтай әкімшілік мекемесінің басхатшысы Мәңкей Мәмиұлы басқарған, Мұқаш Жәкеұлы басредакторлық қылған «Шинжияң Алтай газеті» дүниеге келе сала, оны құттықтаған өлеңін жариялайды. Шәкәрім Құдайбердіұлы, Мағжан Жұмабай, Ахмет Байтұрсын, Мержақып Дулат, т.б. әйгілі тұлғаларды таныстырады. «Аюбай» сықылды шығармаларын жариялайды, туындыларының кейін сахналастырады.
Зияд 1937 жылдың басында, «Өлкелік қазақ, қырғыз мәдени ағарту ұйымының» шақыруымен Үрімжіге барады. Үрімжі қаласындағы «қазақ-кырғыз ағарту ұйымының» ойын-сауық бөлімінің меңгерушілігін және Ғзез Қалбанов басқарып тұрған «Шыңжаң газеті» қазақ редакциясының әдебиет бөлімінің меңгерушілігін атқарады. 1938 жылы ақпанда, ССРО КГБ ның тапсырмасымен, шын пейілін жасыра алмаған жауыз Шың Шысай тарапынан қолға алынады. Оның осыдан соңғы тағдыры әлі беймәлім.
Зиядтың Қытайдағы жұбайы Мүниза (Мүнирә ?) Сейітқазықызы (Сейітқазы Нұртаев күллі Алтайға мәшһүр оқымысты адам болған. Бұл да қамалып, 1945 жылы ауырып өлген) 1946 жылы қайтыс болады. Одан туған Мереке деген ұлы Зиядтың бажасы Қали Иманқожаевтің қолында өседі. Кейін, оны Қали мен Бердештер Қазақстанға алып кетеді. Алматыдағы Мерекенің балалары – Нұрлан, Гауһар, Меруерт, Сәуле деседі.
Зиядтың Қытайда өткен қысқа ғұмырында тындырған көп ісінің (бұл қысқа мақала оның бәрін баяндауды үстіне ала алмады) бірі Абай мен Шәкәрімді Қытай қазақтарына кеңінен таныстыру болыпты. Бұл, әрине, оның
Қажы еді әкем кәрі шал,
Жетпіс үште жасы бар.
Анық жеміс алғанға,
Шөлдеген жанға еді бал. –
деген немесе,
Ұлы едім Шәкәрімнің Зияд деген,
Ән салдым бала жастан қияқпенен.
Әкенің тәрбиесі сіңіп бойға,
Қиянат жанға жасау ұят деген. –
сықылды өлеңдерімен ғана шектелмейтіні белгілі. Ол шәкірттеріне берген дәрістерінде, жұртқа сөйлеген сөздерінде, жазған өзге еңбектерінде, Абай мен Шәкәрім ғана емес, талай алаш азаматтарында ауызға жиі алған. Абайдың, Шшәкәрімнің, Зиядтың, тіпті алаш арыстарының Қытай қазақтарына танылу барысының басы міне осындай.
Бергі шақ пен бүгіннің шындықтары
Қытайда, Шың Шысайдың әлгі қырғынынан соң, «мәдениет төнкерісі» атты ауыр апат аяқталғанға (1976 жылға) шейін, солақай саясат жұртты иіріп, есін шығарғандықтан, тарихи тұлғалардың, сол қатарда Шәкәрім сықылды алыптардың атын атау қиындаған бір тарихи саты өтті. Бұл отыз неше жылда тіпті оларды білетін жандар да сиреп-ақ кетті. Дегенмен халық батыр-ақ қой. «Үй артында кісі жоқта» оларды еске алу, сыбыр-күбір арқылы болса да шығармаларын оқу мен жаттау, ауысу мен көшіру жалғасын таба берді. Бұған Мидіхат Разданұлының «Зиядтың Шинжияңдағы өмірі мен шығармашылығы туралы» деген мақаласында, «Менің әкем Раздан Зиядтың өз қолынан шәкәрімнің «Үш анық» деген кітабын
(қолжазба) және бір топ өлеңдерін көшіріп алыпты. Ал, әкем арқылы Мәсау, Рашат, Уақит тағы басқалардың көшіріп алғаны менің есімде» деуі мықты мысал.
1988 жылы (туғанына 130 жыл дегенде) Шәкәрім толық ақталып, оның өлмес, өшпес мұрасы халқына қайта оралды.
Қытай басылымдарынан Шәкәрімді үгіттеуге, шығармаларын жинап, реттеп, жариялауға, Шәкәрім және оның ұрпақтары жайлы деректерді іздеу мен табуға, Шәкеңнің 130 және 150 жылдығын атап өтуге ең белсенді атсалысушы Дәлелбек Қинаятұы басқарып тұрған «Мұра» журналы болып келеді. Дәлелбектер Шәкәрім толық ақталудан бұрын (1985-жылы), «Мұраның» №1 жән №2 сандарында Шәкеңнің «Түрік, қырғыз, қазақ һәм хандар шежіресін» түгел жариялады. 1988 жылы №1 санында, Сұлтан ЖАНБОЛАТОВтың «Жүз отыз жылдан соң қайта туылу» атты мақаласын басып, Шәкәрімді жан-жақтылы таныстырды және төрт суреті мен 16 өлеңін (Қазақстан материялдарынан алып, Оразанбай дайындаған «жуандар», «нәсихат» сықылдыларды) қоса берді. 1990 жылғы №1 санына Шәкәрімнің «талап пен ақыл», «анық пен танық» атты екі өлеңін тағы жариялады (Қазақстанның «Білім мен еңбек» журналынан алып дайындаған Дәлелбек Қинаятұлы). «Мұра журналының» 1995-жылғы №3 санында Алтай қаласындағы ағартушы Мидхат Разданұлының «Шәкәрімнің Өр Алтайда ізі бар» дейтін (өлеңдері, дастандары, шежіресі, ұлы Зияд жайлы сөз қозғаған) көлемді мақаласын жариялап, жұртқа беймәлім талай жәйіттің бетін ашты. Тағы да осы «Мұра» 2008-жылы №2 санында Мидхат Разданұлының «Зиядтың Шыңжаңдағы өмірі мен шығармашылығы туралы» деген мақаласын басып, беймәлім жәйіттерді одан ары аша түсті. Дәлелбектер «Ғұлама ақын Шәкәрім Құдайбердіұлының дүниеге келгендігінің 150 жылдығын қызу құттықтаймыз!» деген лебіз бен Шәкеңнің үлкен суретін осы санның бір бетіне бір-ақ берді әрі Шәкеңнің проф. Қаусылхан Қамажанов (Жалын баспасынан шыққан «Шәкәрім» атты жинақтан) дайындаған «жас өтті тынымсыз» сықылды бес өлеңін қоса жариялады. Қазір Дәлелбектердің қолында Шәкәрімнің Қытайдағы Көктоғай, Шіңгіл аудандарындағы елге тараған өлеңдері бар. Олар мұны зерттеуден өткізіп барып жарияламақ. Жалпы Дәлелбектердің Шәкеңді Қытайдағы қазақ ұрпағына жан-жақтылы таныта түсу бекімі қатты берік.
Осыдан былай, Шәкең Қытайдағы халқының ішіне де қайта оралды ғана емес, зор құрметке бөленіп, басылымдардың төрінен, зерттермендердің зердесінен орын алып, шығармалары зерттелетін, дәрістерден ойып орын алатын, өлеңдері жатталатын, әндері шырқалатын жаңа күй қалыптасты.
Мысал сөзді Қытай астанасы Бейжіннен бастасақ, Орталық Ұлттар Университеті қазақ филология факультетінің бастығы, прфессор Мұхтар Әбілхақұлының шақыруымен, 2010-жылы, Фараби атындағы ҚазҰУ қазақ филологиясы кафедрасының меңгерушісі, профессор, филология ғылымдарының докторы Бағдан Момынова, 2011-жылы мамырда ҚР Гумилов атындаңы Еуразия университетінің проректоры, профессор, филология ғылымдарының докторы Дихан Қамзабеков осы университет студенттері мен аспиранттарына, неше айлап, Шәкәрімнің шығрамашылығы жайлы лекция оқып қайтты. Бейжіндегі Орталық Ұлттар басбасы 2012 жылы Сәлима Әсейінқызының «Қазақ әдебиетінен тақырыптық зерттеулер» атты монографиясын шығарған болатын. Монографияның бірінші тарауы Шәкәрім Құдайбердіұлы.
Үрімжідегі Шинжияң университетінің профессоры Жеңысхан Мұқатайұлы қазақ әдебиеті мамандығындағы суденттер мен аспиранттарға «Қазіргізаман қазақ әдебиеті» атты дәрісте Шәкәрім Құдайбердіні бір тарау етіп сөйлейді. Бақытбек Тайырұлы басқарып отырған «Шинжияң университетінің ғылыми журналы» 2009 жылғы №2 санына Семей Мемлекеттік Пединндегі Ғалия Ахманованың «Шәкәрім Құдайбердіұлының шығармаларының зерттелуін оқыту» атты мақаласын жариялады.
Құлжа қаласындағы Іле пединститутында өтілетін «Қазақ совет әдебиеті» атты дәрісте де Шәкәрім еңбектеріне аялдайды. Осындағы «Іле Педин ғылыми журналы» Балтабай Әбілғазиұлының «Шәкәрім жырлаған жыр жәуһары» дейтін мақаласын 2011 жылғы №4 санына, «Шәкәрім Құдайбердіұлы. Шығармашылық мұрасы» дегенін 2012 жылдың №1 санына басты.
Шинжияң Қоғамдық Ғылымдар Академиясы бастығының бұрынғы орынбасары, ағазерттермен, тарих ғалымы, жазушы Жақып Мырзаханов «қазақ тарихы мен мәдениетінен зерттеулер» деген кітабынан бір тараулық орынды, «Шәкәрім шежіресі және оның Қытайдағы қазақ тарихшыларына ықпалы жөнінде» деген атпен бір-ақ берген. Ағазерттермен, этнограф, тарихшы Ясын Құмарұлы басқарып отырған, Шинжияң Қоғамдық Ғылымдар Академиясының хабары – «Шинжияң қоғамдық ғылымы»профессор Шәйітқазы Зейнелғазы ұлының (2008-жылы Шәкеңнің 150 жылдығына арналған) «Шәкәрімнің этикалық философиясы» деген, 2013 жылғы №1 санына «тағы да Шәкәрімнің этикалық философиясы туралы» деген мақаласын жариялады.
Қытай Компартиясының ШҰАР Парткомының, Тегіс, Әділ Семейхан, Есімбек Панарлар басқарып отырған органы «Шинжияң газеті» де 2012- жылы 10- тамыздағы санына Қазақстандық Салтанат Шалбайқызының «Асылдың сынығы – Зияд Шәкәрімұлы туралы баян» атты мақаласын жариялады.Құлжа қаласынан шығатын, Сәулет Тоқтыбай мен Ермек Аят басқарып отырған «Іле газеті» осының алдында (2008 жылы) Шәкеңнің 150 жылдығына арнап, жазушы, шежіреші, зерттермен Нұрлан Сәрсенбаевтің «Абай мектебінде сомдалған асыл тұлға» атты мақаласын жариялаған болатын.
Қазір Қытайдағы қазақ жастары – Абай мен Шәкәрімді ең белсенді зерттеушілер, үгіттеушілер мен таныстырушылар. Мұны Қытай жастарының интернеттегі торбекеттеріне (вебсайттырына) енсеңіз-ақ бірден байқайсыз. Мысалы, Қытайдағы 100 ге таяу қазақ тілді торбекеттерінің ішіндегі Ақытбек басқаратын бірғана «Сен-қазақ» сайтында Шәкәрімге арналған 30 ға тарта мақала тұр.
Жалпы алғанда, Шинжияңдағы баспалар мен мерзімді басылымдар, торбекеттер Шәкеңнің кітаптарын, Шәкәрім туралы әр алуан мақалаларды неғұрлым көбірек шығару қамында болып келеді. Мысалы, Үрімжідегі Шинжияң халық баспасының басредакторының орынбасары Шәріпхан Әбдәлі Шәкеңнің кітабын басып шығаруды биылғы жоспарға да алып қойыпты.
Сұлтан ЖАНБОЛАТОВ, профессор, жазушы
[1]盛世才
[2] Шың Шысай (1867 ж. Ляуниң өлкесі – 1970 ж. Тәйбей) ССРО компартиясының мүшесі және генералы. 1927 жылы Жапонда құрлық армия университетіннен оқып оралғасын Гоминдаң армиясының басқолбасылығында штаб генералы болған. 1930 жылы Шинжяң өлкелік үкіметінің басхатшысы Лу Шяузудың ұсынысымен Шинжияңға келеді. 1932-1933 жылдардағы Құмылдағы Қожанияздың, оған Гансудан көмекке келген Ма Шымиңнің қолын қиратып, аты шығады. Сол жылы саяси өзгеріс жасамақ болған генерал Чін Чоң мен Ресей патшалқ армиясының былығынан пайдаланған ол, 1934 жылы, барлық қарсыластарын қырып жоя келе, Шинжияңның төрағасы болған. Шинжияңды автономиялы жолмен басқарған. Орнын нығайтқанға шейінгі бір сәттік саясаты арқылы халықтың құптауына қол жеткізген. ССРО ның әр жақтылы көмегімен Шинжияңдағы қарсыластарын үздіксіз құртқан. Тәп осы кезде Қазақстаннан келген зиялылар мен жерлік ағартушылар недәуір еңсе көтерген, халыққа пайдалы істер тындырып алған еді. Артынан Шың Шысай айнып, ССРО ның «халық жаулырын» ұстап беру не құртуды кеңейте барып,талай адамның қанын ішті. Ең соңында қайтадан Гоминдаңға бас ұрды.