Кітапхана

Таласбек Əсемқұлов. АШТЫҚ ЖӘНЕ СОҒЫС. САНАНЫҢ КҮЙЗЕЛІСІ…

САНАНЫҢ КҮЙЗЕЛІСІ

Аштықтың салдарынан адамның ішкі дүниесі, кісілік салттары, бүкіл моральдық тұлғасы оңалмас, түбегейлі өзгерістерге ұшырайды. Ұзаққа созылған аштық адамның рухани келбетін аздырады. Біртұтас «мен» бір-біріне кереғар бірнеше «мен»-ге ыдырайды.

«Аштық көп жағдайда «аштықтың сандырағы» деп аталатын психикалық күйзеліске әкеліп соғады. Әрине, ашығу белгілі бір дәрежеге дейін психикалық симптомсыз-ақ өрістей беруі мүмкін, алайда организмдегі нәрдің үзілетін шағында сана күйзеле бастайды. Сананың тежегіш күші әлсірегендіктен ойлар, идеялар бір-бірімен байланыссыз тез-тез алмаса бастайды. Есту мен көру қабілеті галлюцинацияға ұшырайды, адам санасын ақылға сыймайтын нақұрыс идеялар билей бастайды. Алайда бұл идеялар да санаға тұрақтамай, бір-бірін жиі алмастырады. Адам өз-өзімен күбірлеп, жынмен сөйлескендей күй кешеді» /Розенбах П.Я. «О влиянии голода не нервные центры». СПб, 1883 ж/.

Осының нәтижесінде адам санасында әлдебір «бос кеңістік» пайда болады. Бұндай «бос кеңістіктің» кезінде адам қанша тырысса да ойын жинақтай алмай әуреленеді. Аталмыш күй Кнут Гамсунның «Аштық» әңгімесінде суреттелген. Кейіпкер қанша арпалысса да өткен өмірін, өзінің кім екенін есіне түсіре алмайды, тіпті ойлай алмайды. Яғни аштықтың салдарынан ой ағысының өзі тежеліп, тоқтайды.

Бірқатар ғалымдар революция мен азамат соғысынан кейінгі жылдары ересек адамдардың ойлау қабілетінің, оқушылардың үлгерімінің төмендеп кеткенін атап өтеді.

Ақырында, аштықтың ең сұмдық зардабы – естен адасу, жындану болып табылады. Россиядан шығатын «Красная газетаның» 1922 жылғы 31 январь күнгі номерінен мынаны оқимыз: «Жынданып кеткен адамдар көп. Бірде түн ішінде шіркеудің қоңырауы соғылды. Қоңырауды құтырына соғып жатқан шашы дудыраған крестьянин /шаруа/ еді. Соққан сайын билеп қояды. Және қолдан келгенше қаттырақ соғуға тырысады. Есі дұрыс бір адамы жоқ деревнялар көптеп кездеседі».

Ішкі байланыстары үзілген, күйзеліске түскен ми дұрыстап жұмыс істей алмайды. Әлбетте, уақытша биік психикалық серпілістердің мәнін жоққа шығаруға болмайды. Ғылымда «инсайт» деген ұғым бар /аянның ғылыми аты/. Осындай инсайттардың кезінде сандырақ, абсурд шығармалармен қатар кейде шын мәнісінде асқақ туындылар жаратылуы мүмкін. Алайда жоқшылықтан болған аштық пен таза аскеттік мақсаттарда ашығу екеуінің арасын ажырата білу керек. Тұтас халықтарды жер бетінен жалмаған, биологиялық апат түріндегі аштықтың емі болмайды. Бұндай аштық кезіндегі инсайт – ол ашыққан мидың сандырағынан туған махшар күннің инсайты.

Ал аскеттік мақсаттағы ашығу – бұл қадағалаудағы лабораториялық ашығу. Кез келген сәтте тоқтатуға болатын ашығу. Алайда жартылай сандыраққа құрылатын бұндай шығармашылық мидың қалыпты жүйеден шығып кеткендігінің белгісі болып табылады.

Питирим Сорокин бұл жайында былай дейді: «Аталған шығармалардың кейбіреуінің осындай асқақ дәрежеге жетуінің себебі әлі күнге дейін даулы болып келеді. Аштықтан ба, әлде аштықтың әсерін жоққа шығарған басқа факторлардан ба? Адам және оның өмірі бір ғана аштықтың емес, көптеген детерминаторлардың функциясы. Олардың кейбіреуі бір-бірімен астаса келе басқа факторлардың әсерін /оның ішінде аштық та бар/ жокқа шығара алады.

Айса мен Мұхамед пайғамбарлар. Будда, Игнатий Лойола және элитаның басқа өкілдеріне, тәннің тілегін тежеп, дұғамен ғана көңіл демдеген басқа аскеттерге аштықпен қатар басқа да шетін жағдайлар өсер еткені сөзсіз. Олардың интеллектуалдық қабілеттерінің осынша шетін болып келуі осыдан».

ТРЕФОТАКСИС ҰҒЫМЫ

Биология ғылымында трефотропизм немесе трефотаксис ұғымы бар. Бұл ұғым ашыққан тіршілік иесінің тамаққа жанасуын белгілейді /адамның басқа тіршілік иесінен айырмасы ол тамаққа ғана емес, сол тамаққа қол жеткізетін азық-түліктің эквиваленті — ақшаға да жанасады, кұмар болады/. Ашыққан адамның қандай да болмасын құлқы трефотаксистік мінез-құлық болып табылады. Жер бетіндегі тірі жәндіктің /оның ішінде биік тіршілік иелері де бар/ бүкіл тіршілігі трефотаксистік әрекет болып табылады. Адамның басқа тіршілік иелерінен айырмасы, ол тарихи ғұмырының барысында өзінің трефотаксистік мінез-құлқын өте күрделендіріп жіберді.

Аш мысыққа бір кесек ет немесе бір кесе сүтті көрсетіңіз, ол бірден осы азық-түлік обьектісіне тартыла, жұғыса бастайды. Аталған тамақты жасырып қойсаңыз, ол оны қайткен күнде де, бар ақылын жұмсап жүріп тауып алуға тырысады. Құстардың, аңдардың басқа жаққа ауып кетуі, шегірткенің көшуі – осының барлығы трефотаксистік құлықтың мысалы бола алады. Тура сондай, бірақ аса күрделенген кұлықты біз адам табиғатынан да табамыз. Адамдардың аштық жайлаған өлкелерден азығы мол басқа жерлерге қоныс аударуы /мысалы, «Халықтардың ұлы көшкіні», аштық жайлаған орыс губерниялары крестьяндарының Қазақстанға көшіп келуі/ – осының бәрі трефотаксистік көріністері. Аштық стимулдары мен тойыну реакциялары ең қарапайым ағза мен адамға дейінгі аралықтағы барлық тіршілік иелеріне ортақ. Алайда қарапайым жәндіктердің адамнан айырмасы – оларда тарих жоқ. Олардың тіршілігі – тіршілік пен өлімнің таусылып бітпейтін тізбегі. Адам тарихи өмір сүрді, өркениет тудырды. Ол өз тіршілігін адам айтқысыз дәрежеде күрделендірді. Тиісінше оның трефотаксистік мінез-құлқы да күрделенген. Тамақ көз алдында тұрғанда адам оны жей салады. Ал тамақ немесе оның эквиваленті – ақша жоқ кезде адамның трефотаксистік кұлқы кейде бір-біріне байланыссыз болып көрінетін әрекеттердің күрделі тізбегіне айналады. Көптеген трефотаксис актілері бір қарағанда тамаққа, тамақтануға ешқандай қатысы жоқ болып көрінеді. Алайда бұл сыртқы көрініс, трефотаксистік құлықтың күрделенуінен туындаған әсер ғана. Тамаққа қатысты қоғамның өмірі, қисапсыз кірер-шығар есігі бар ығы-жығы лабиринтке ұқсас. Естен тандырар жұмбақ та, күтпеген нәубет те сонда. Мәдениетті адамның өмірі мен жабайы адамның немесе «үшінші дүние» /«третий мир»/ адамының тіршілігі арасында не айырма бар? Бар айырма – трефотаксистің күрделілігінде. Ілкі немесе жабайы адам аң аулайды, балық сүзеді, жеуге болатын тамыр, түрлі жеміс-жидек жинайды, басқа тайпаларға шабуыл жасап, олардың азық-түлік қорын тартып алады. Күрделі заманда өмір сүріп отырған адамның трефотаксистік мінез-құлқы тиісінше күрделенген. Бір қарағанда көмір түсіру, сахнада ән салу немесе компьютерде жұмыс істеуді трефотаксистік әрекет деп қарау ақылға сыймайтын сияқты. Алайда бүгінгі өмірде аталғанның барлығы трефотаксистік әрекеттен басқа түк те емес. Адамды бұралаң жолмен жүргізетін, жолшыбай өркениетті байытатын трефотаксистік әрекет. «Тамақ ішу керек» – адам тиісінше көмір түсіреді. «Тамақ ішу керек» – адам сахнада ән айтады. – «Тамақ ішу керек» – адам компьютерде күрделі есептеулер жасайды.

Өркениет мәдениетпен қатар жаратылған. Бүгінде бұл — дау тудырмайтын ақиқат. Жабайы, әлмисақтың адамы анды ұстап жеуге бір күні мен бір түнін жұмсауға мәжбүр болатын. Кейіннен қуғынның орнын садақ басты. Көне адамда көл-көсір бос уақыт пайда болды. Осылайша өркениет пайда болды. Міне, бұл — трефотаксистік арқасында жеткен жетістік. Алайда тарих ешқашанда түзу сызықпен өрістемейді. Көп жағдайда қайтарылмалы-ілгерілемелі дамудың үлгісі етек алып отырады. Кейде өркениет ондаған ғасыр кері қарай шегерілуі мүмкін. Адам өмірі примитивизацияға ұшырап, қарабайырланады. Юрий Рытхэудің бір романында американдық сауда кемесі Солтүстік Мұзды мұхиттың жағасындағы факторияға бұратана халықтармен сауда жасауға келеді. Кемедегі Джон Макленнан есімді бір адам динамит жарылысы кезінде қолынан айырылады, ауыр жарақат ақырында гангренаға айналады. Американдықтар Макленнанды жергілікті чукчалар тайпасына аманаттап, өздері елдеріне қайтып кетеді. Чукчалар Макленнанды емдеп шығарады. Келесі жылы кеме келмей қалады. Одан кейінгі жылдары да келмейді. Одан кейін Октябрь революциясы басталып, Совет мемлекеті орнайды. Сонымен Макленнан чукчалармен қалады, үйреніседі, байырғыланады. Көп жыл өткеннен кейін Макленнанның артынан шешесі іздеп келеді. Екеуі ұзақ сөйлеседі. Бірақ түсінісе алмайды. Шешесі Макленнанның христиан екенін есіне салады, «мына жабайы адамдармен не ортағың бар, еліңе қайт» дейді. Бірақ табиғат аясындағы пәк, ізгі өмірге бауыр басқан Макленнан шешесінің айтқанына көнбейді.  Шешесі баласына қарғыс айтып Америкаға қайтады. Роман өзінің идеялық мазмұны жағынан заманында Батыс өнерінде үлкен жаңғырық тудырған Поль Гогеннің Таити сюжеттеріне салған суреттерімен үндесіп жатыр. Гоген Таити халқының әлмисақтық өмірін бейнелеймін деп мақсат қоймаған /кейбір сурет сыншылары ойлағандай/. Чукот жазушысы да, француз суретшісі де адамды, бірақ әлмисақтың адамы емес, керісінше өркениеттің қасаң жамылғысынан ада, таза адамды бейнелеуге ұмтылған. Гогеннің суретіндегі Таити қыздары қандай көрікті болса, американдық Макленнанды паналатқан чукот тайпасының ерлері мен әйелдерінің де бойынан адамның шырышы бұзылмаған тұлғасы тепсініп көрініп тұр.

Жоғарыда айтқанымыздай, бүгінгі заманның адамы қадым заман адамынан трефотаксистік кұлқынының күрделілігімен ғана ерекшеленеді. Жабайы тайпалардың немесе әлмисақ адамның бүгінгі аналогтары өздерінің дәулеті тұрғысынан бүгінгі мәдениетті адамнан өлшеусіз төмен тұр. Жабайы тайпа адамының барлық уақыты тек азық іздеуге ғана жұмсалады. «Тамақ қажеті – адам қажеттерінің бірі ғана, бірақ о баста адамды әрекетке итермелейтін жалғыз ғана қажеті еді» /Бюхер К. «Возникновение народного хозяйства» СПб, 1907, 16-бет/. Ұқсас себеп ұқсас салдарға жетелейді. Жабайы адамның ахуалын кешкен мәдени адамның әрекетінен де біз сол сарындарды ұшыратамыз. Азық-түлік табу аса қиын өлкелерде болып қайтқан саяхатшылардың күнделіктері мен мемуарларын оқысаңыз, олардың да бар уақытын тек азық іздеуге жұмсайтынын көресіз. «Бұрынғы Россия империясының территориясында 1917-1949 жылдар аралығында, яғни отыз екі жыл бойы тарихи эксперимент жүргізілді. Осы эксперимент барысында жоғарыда айтылғанның барлығы да расталды. Енді совет халқына айналған қоғамның азық іздеуге жұмсаған уақытының көлемі адам айтқысыз өсіп, азық-түлік карточкасын табу, олардың бағасын өсіріп сату, түкке тұрмайтын ұсақ-түйекке бола ұзындығы бірнеше шақырымдық кезекке тұру, азық-түлік іздеп базарларға бару, «қара базарды» аралау, тамақ үшін неше түрлі жұмыстарға жалдану т.т. Тиісінше, басқа ермекке арналған уақыт көлемі мүлдем азайды /мысалы, театрға бару, көрме, кітапханаға, таныстарға бару, серуенге шығу тоқтады/. Адам өмірінің мәні тек «қарын тойғызуға ғана айналды», – деп жазады П.Сорокин. Бірақ бұл жерде ол дефициттік аштық жайында емес, совет басшылығы үлкен күшпен тоқтатқан жаппай аштықтан кейін болған салыстырмалы аштық жайында ғана айтып отыр.

Ал совет тарихының көп кезеңінде ел ішін дефициттік деп аталатын шын аштық жайлағаны аян.

Адам өмірі қауіп-қатерге толы. Және адамның интеллекті өскен сайын оның жолындағы қауіп-қатер де күрделене түседі. Филогенетикалық және индивидтік даму барысында адам бойында қауіп пен қатерге қарсы бірқатар реакциялар қалыптасты. Аштық кезіндегі адамның мінез-құлқынан, аштық пен оның рефлекстері адам бойындағы өзін-өзі ақтау инстинктерімен конфликтіге түсетінін байқауға болады. Адам аштыққа шыдамай басын бәйгеге тігіп, өлім жолына түседі. Өзін-өзі қорғау рефлекстері мен аштықтан туындаған рефлекстер конфликтіге келеді. Және барлық уақытта дерлік аштық рефлекстері осы жекпе-жекте жеңіп шығады. Аштық өзін-өзі сақтау инстинктін екі амалмен: тікелей шабуылмен немесе ұзақ қоршауға алып шаршатып, саудыратып барып жеңеді. Адамзат тарихында талай қалалардың қорғаушылары барлық азық пен суды тауысып болғаннан кейін жаудың аддында тізе бүгіп немесе қоршауды бұзып өтеміз деп жанкешті шабуылға шығып қырылған кездері болған.

Аштық болмаса адамның өзін-өзі сақтау түйсігі бүтін болар еді, ол түйсік адамды ажалды жолдан сақтап тұрар еді. Аталмыш оқиғаларды тізбелеп керегі жоқ. Аштықсыз соғыс жоқ, қарны тоқ адам көзсіз әрекетке бармайды. Тіпті революциялық бұлғақ етек алған 1917-1922 жылдардың өзінде ЧОН-ның әскері күзетіп тұрған /ЧОН – қалмақ және Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде тұтқынға түскен неміс солдаттарынан кұрастырылған арнайы әскери кұрамалар/ азық-түлік қоймалары тоналатын болған. Шабуылшыларды пулеметпен қырған. Бірақ аштықтан есі ауысқан адамдар ештеңеге қарамай алға ұмтылады екен. Бандиттер мен дезертирлердің өз еркімен берілуі, петроградтықтардың обаны жұқтырып аламын деп қорықпай деревняға азық іздеп баруы, адам етін жеу, қыстың қарсаңында бір жапырақ нан үшін жылы киімдерді сату, тағы басқа толып жатқан мысалдар – аштық рефлекстері мен өзін-өзі сақтау инстинктінің арасындағы тартыстың және соңғысының қашан да болсын жеңілетіндігінің айғағы. Ең соңында аштықтың ақырғы дерегі – адамның өз-өзіне қол салуы. Фредерик Перлз суицидті адам табиғатындағы гомицидтің екінші жағы, қарсы көрінісі деп есептейді.

Одан ары баратын болсақ, енді адамның жеке басының қорғану инстинктерінің жеңілетіндігі сияқты, топтың қорғану инстинктерінің де /инстинкты групповой самозащиты/ аштық рефлекстері мен тартысқа түсіп жеңілетіндігін көреміз. Адам бір сәтте жеке тұлға болып та, әлеуметтік тұлға болып та өмір сүреді. Әлеуметтенудің /социализация/ формалары көп. Адам – міндетті түрде әлдебір әулеттің, тайпаның, партияның мүшесі, белгілі бір діннің, конфессияның өкілі. Жеке басқа тән қорғану рефлекстері мен топтық қорғану рефлекстерінің арасы жер мен көктей. Олар кейде бір-бірімен жарасады, кейде бітіспес жаулыққа   барады.   Кейде   жеке   басын   сақтау   үшін   адам   өз тобының мүддесіне нұқсан келтіреді немесе керісінше топтың /әулеттің, шіркеудің, партияның, мемлекеттің, ұлттың/ мүддесі жеке адамнан құрбандыққа баруын талап етеді.

Топтық қорғану рефлекстері әсіресе хайуанаттарда жақсы дамыған. Хайуанаттар әлемінде «үйірлік» және «ата-аналық» рефлекстер басым түседі және оның бәрі жеке бастың емес, үйірдің аман қалуын көздейді.

Адамның бойындағы топтық қорғану рефлекстері хайуанаттар әлеміндегі рефлекстердің мейлінше күрделенген түрі болып табылады. Бұл – кезектесіп, кейде таза биологиялық, кейде шартты рефлекстер басым түсіп отыратын күрделі комплекс. Отан үшін, дін мүддесі үшін кұрбан болу осы қатарға жатады. Аштық рефлекстері топтық қорғану рефлекстерімен бітіспес антагонизмде болады, екеуі ешқашан да бір-бірімен жараспайды. Және барлық ретте, осы текетіресте аштық жеңіп шығып отырады. Трефотаксис кұбылыстары өзінің қарсыласын әлсіретіп, адам бойындағы, оның санасындағы топтық қорғану рефлекстерінің ең терең ұялаған қасиеттерін жоққа шығарып жояды. Топтық қорғану рефлекстерінің депрессиясын үш топқа бөлуге болады.

Эндоканнибализм /өз тобының мүшелерін қорек ету/. Эндоканнибализм – аштықтың адам психикасындағы топтық қорғанудың ең берік формасы, тіпті жабайы аң бармайтын қылық – өз жақындарының етін жеуден тартыну рефлексін жеңе алғандығының көрінісі, мысалы болып табылады. Каннибализм – адам етін жеу, әсіресе жабайы, әлмисақ адам тайпаларының арасында көп тараған. Мысалы, американдық үндістер, эскимостар, т.б. халықтардың арасында каннибализм кең етек алған. Бірқатар Батыс ғалымдары каннибализм әлмисақ адам тайпаларына және олардың бүгінгі аналогтарына тән басты сипат деп есептейді.  Голландиялық ғалым Рудольф Штейнмец былай дейді: «Әлмисақ адамы кәнігі каннибал еді, яғни оның бойында адам етін жеуден тартыну әдеті жоқ еді, себебі оның етке деген құмарлығы адам тәнінің алдындағы эстетикалық үреймен де, өлген адам кейін кек алады деген наныммен де, адамның өлексесіне деген фантастикалық құрметпен де шектелмеген».

Бұл – жұмсақтап айтатын болсақ, нандырмайтын уәж. Жыртқыштарда дін де, мораль да жоқ, алайда олардың көбі өз нәсілдесінің етін жемейді. Бұл жерде біз аштықтың топтық қорғану инстинктерін депрессияға ұшыратып жеңуіне куә болып отырмыз. Алайда каннибализм – адам етін жеу, тек қана жабайы тайпаларда кездеседі десек қателескен болар едік. Ұқсас себеп, ұқсас салдарға, ұқсас нәтижеге апарып соғады. Жапония, Қытай, Мысыр, Рим, Греция, ортағасырлық Еуропада каннибализм фактілері көптеп кездеседі. Бір жылнамада Францияда 1030-1032 жылдары аштық кезінде 48 адамды сойып жеген бір адамның сотталып, өлім жазасына кесілгендігі айтылды. Ал Венгрияда бір адам ғибадат кезінде 30 бала мен 8 ересек адамды сойып жегенін мойнына алғаны айтылады.

897 жылы Германиядағы аштық кезінде адамдар жас қабірлерді қазып, жаңа жерленген адамдардың етін жеген. Бургундияда 1031-1033 жылдары адам етін базарда сатып, балаларды орманға алдап апарып өлтіріп, етін жеген.

Россияда аштық кезінде адамның етін базарға шығарып сату әдепкі іс еді. «Ата мен ана балаларын жеді, балалар ата мен анасын жеді, үй иелері қонақтарын жеді, адамның еті базарда сиыр еті деп сатылды, жүргіншілер мейманханаларға тоқтауға қорықты /Соловьев С.М. «История России», 2-том, 740-742-беттер/. /«1601-1602 жылдардағы аштық кезінде адамдар айуаннан жаман болды, бір үзім нан үшін адамды тонады, өлтірді, өлтіріп қана қойған жоқ, бір-бірінің етін жеді»/ /Карамзин Н.М. «История государства Российского, 11-том/. Жылнамашы «адамдар айтудың өзі харам нәрселерді жеді» деп жазды /Энциклопедический словарь Брокгауза и Эфрона. 9-том, 102-104-беттер/. Совет тарихы Ленинград блокадасы кезінде адамдардың кісі етін жегенін жасырып келді.

Осының өзі жеткілікті шығар дейміз. Келтірілген деректер тарихтың небір керемет оқиғаларының негізінде кәдімгі трефотаксис жатқанын көрсетеді.

Аштық, топтық қорғанудың енді бір түрін жояды. Ол – жақын адамдарды өлтіру /ата мен ана, бала, жолдасын т.б./. Жылнамашылар готтентоттардың көп жағдайда қартайған ата-аналарын тастап кететінін айтады. Бұл жердегі жалғыз себеп – азық-түліктің жеткіліксіздігі, жабайы тайпаларда баланы өлтіру дағдысы да осы аштықтан болған /мысалға, ислам дінін қабылдағанға дейін арабтар да балаларын, әсіресе қыз баланы көп өлтірген/. «Көптеген төмен нәсілдерде баланы өлтіру дағдысының тіршілік, тұрмыс қиындығынан екендігіне күмән жоқ. Бала анасына ер-азаматтың соңынан ілесіп отыруына кедергі келтіреді. Үнемі аштық үстінде жүретін жабайылар қолға байлау болған бала мен қарын тойғызудың екі арасын таңдауға мәжбүр болады. Олар көп жағдайда өз өмірін сақтау үшін баласын өлтіреді, ал енді кейбір тайпалар баланы өлтіріп қана қоймайды, оны жейді де”, – деп жазады Батыстың бір ғалымы. «Пруссияда аштық кезінде ата-ана баласын жеді, балалар ата-анасын жеді» /Цитович. «Голода в России и Западной Европе», 2-бет/.

Топтық қорғану инстинктерін депрессиялаудың енді бір формасы – сатқындық. Бір жапырақ нанға бола өз тобын сатып жауға өту, діни, партиялық немесе басқа сатқындықтың түрлері.

Аштық діни, құқықтық, моральдық, эстетикалық, барлық әлеуметтік құлықтың түрлерін аздырады. Амал не? Біз қажеттілік заңына ғана бағынатын фәни дүниеде өмір сүріп отырмыз. Европаның канондық құқығыңда «Қажеттілік ешбір заңға бағынбайды, ол өз заңын өзі тудырады» делінген. Адамның аштық кезіндегі істеген істері осы құқыққа сәйкес кешірілетін болған. Аштықтың салдарынан адам діни рәсімдерге салғырт қарай бастайды, оған тіпті уақыты жоқ. Аштықтың кесірінен адам қарақшыға, жендетке айналады. Зиялы, мәдениетті деген замандардың өзінде адамзат аштықтың салдарынан моральдық, діни, эстетикалық нигилизмнің ең соңғы шегіне жетті. Діннің, заңның, бүкіл низамның қағидалары аяқасты болды.

XX ғасыр гуманизмнің күйреген ғасыры болып саналады. Қиянат, зорлық пен зомбылық жалпыға бірдей низамға айналды. Аштық адамның бет-пердесін, үстіндегі «мәдениет» деп аталатын киімін аяусыз сыдырып алып, оның шын кейпін, жалаңаш жердің бетіндегі жалаңаш айуан екенін көрсетті. Ницше айтқандай, «Мәдениет – лапылдаған оттың үстіндегі алманың қабығындай ғана жұқа қабыршақ».

ТОТАЛИТАРИЗМ

Өзіміз жоғарыда айтқандай, дефициттік аштықтың салдарынан адам тамаққа немесе оның эквиваленттеріне /мысалы, ақшаға/ ұмтылады. Бір адамға қатысты ақиқат бүкіл қоғамға да қатысты. Аштық кезінде қоғам да жеке адам сияқты азады. Қарын тойғызуға кедергі болып тұрған барлық діни, құқықтық, моральдық, этикалық рефлекстер әлсірейді.

Аштыққа ұшыраған қоғам төмендегідей амалдармен қарын тойғызуға тырысады. Олар: 1/ бұрынғы азық-түлік өндірудің амалдарын жетілдіру немесе жаңасын ойлап шығару; 2/ басқа мемлекеттен немесе басқа әлеуметтік топтардан азық-түлікті бейбіт жолмен сатып алу; 3/ «басы артық» халықты аштықь жайлаған жерден молшылықты өлкелерге көшіру /бейбіт эмиграция немесе басқа елдің жерін тартып алу/; 4/ соғыс арқылы басқа елдің азық-түлігін тартып алу; 5/ аталмыш қоғамның өз ішіндегі азық-түлік қорын немесе оның эквиваленттерін қайыра бөліске салу; 6/ және ең соңында осы аталған амалдарды іске асыру мүмкін болмаған жағдайда нәпсіні тыюдың ең сенімді жолы – өлім бар.

Тарихтың болмысына зер сала қарағанда барлық дерлік катаклизмнің себебі аштықта жатқанын байқау қиын емес. Барлық адамзат трагедиясы осы алты амалдың аясына сыйып тұр. Барлық дерлік тарихи сценарийлердің негізінде аштық пен түрліше күрделенген трефотаксис жатыр.

Жеке адам өз мақсатына жету жолында құқықтан аттап кісі өлтірсе, террордың жолына түссе, бұл қылмыс деп аталады. Ал, енді бүкіл халық болып, қоғам болып осы жолға түссе, низамды таптау, билікпен күрес жалпылық сипат алса, бұл көтеріліс немесе революция деп аталады. Барлық әлеуметтік толқулар биік идеалдар жолында басталады деген жалпыға ортақ жаңсақ пікір бар. Идеология, биік ұрандар /«Еркіндік, теңдік, бауырластық», «Жер мен бостандық»/ – бұның барлығы бұлғақтың косметикасы ғана. Ипполит Тэн былай деп жазады:

«Революция өзін-өзі «Еркіндік, теңдік, бауырластық» деп қаншама әшекейлегенімен, түптеп келгенде, ол меншікті қайта бөлісу болып табылады; аталмыш белгісі – оның басты қасиеті, козғаушы күші, тарихи мағынасы. Алайда көне замандарда да қарызды кешіру, дәулеттілердің мүлкін тәркілеу, жер бөлісу болған, бірақ бұл процестер қаланың көлемінде ғана болатын, шағын аймақтан аспайтын. Француз революциясы адамзат тарихында бірінші рет үлкен мемлекет деңгейінде іске асты».

Адам басқа біреуді қараптан-қарап өлтірмейді. Ол міндетті түрде өз әрекетіне, өз ісіне әлдебір идеологиялық негіз іздеп табады. Тіпті десеңіз, кәнігі қылмыскердің өзінде әлдебір идеология болады. Аталмыш белгінің ірі әлеуметтік қозғалыстар мен революцияларға да қатысы бар. Қандай да болмасын революцияда идеология жетіліп-артылады. Қадым заманындағы барлық революциялар биік мұраттар жолында іске асқан, алайда сол уәделердің бірде-біреуі орындалған жоқ. Бүгінге дейін жалғасын тауып жатқан христиан революциясы да қолына теңдіктің, бауырластық пен коммунизмнің туын ұстап келеді. Әлбетте, бұл ұранның бірде-біреуі іске асқан жоқ. Ұлы француз революциясы да ұлы гуманистік ұрандардың аясында басталды. Ақырында Конвентпен, гильотинамен, империямен аяқталды. Ұлы орыс революциясының да ерекшеленіп кеткен ештеңесі жоқ. «Халықтар түрмесін» қирату одан да үлкен, жер бетіндегі құрлықтың алтыдан бірін қамтыған жаңа абақтының салынуымен аяқталды.

Тоталитаризм қалай пайда болады? Оның себептері не, тамыры қайда? Ол, жұрт ойлағандай, тарихтың қиянаты ма, адамнан бөлек нәрсе ме немесе біздің психикамыздың, бүкіл табиғатымыздың, конституциямыздың жалғасы ма?

Қадым заманғы тайпалардың әдепкі өмірі аштықтың өтінде болған. Адамзат тұзды тауып, ол арқылы азық-түлік консервілеуді үйренгенше, аңшылықпен, балықшылықпен жеміс-жидек терумен күн көретін тайпалар азық сақтай алмайтын. Алмағайып аңшылыққа тәуелді болған көне адам тамақты қарны жарылғанша жейтін немесе аш жүретін. Тайпадан аштықтың үрейі арылмайтын. Сондықтан бұндай, қарапайым тұтынушылық коммунизм етек алған көне тайпалардағы азық-түлік тек тайпаның ғана ортақ меншігі болатын. Аңды аулаған, қолға түсірген аңшы олжаны иемдене алмайды. Барлығы да тайпаның билігінде. Көне тайпалардағы жабайы коммунизм, болашақ мемлекеттердің, саяси және құқықтық жүйелердің негізі болған этатизмнің тамыры болып табылады.

Орта ғасырға көшкенде де жабайы коммунизмнің бар болғаны жетілген түрін көреміз. Зиялы корольдер кезіндегі Франция мен I Петрдің кезіндегі Россия адам құқығы тұрғысынан алғанда Э.Тейлор, Льюис Морган жазған қадым заманы тайпаларынан пәлендей айырмасы жоқ екенін көреміз. Бар айырма – жан-жақты тиянақталған мемлекеттік және салық жүйесінде.

Көне Мысыр, Ассирия мен Бабыл, Парсы, көне Үндіден де осыны көреміз. Князьдіктер мен патшалықтардың арасындағы ешқашан бітіп болмайтын соғыс және соғысқа ілесе жүретін аштық. Ұшы-қиыры жоқ аштық, бітпейтін соғыс. Индивид түк емес. Адам өмірі тауықтың құнындай. Бәрі де мемлекеттің қолында.

Жаппай аштық пен соғыс барлық уақытта қоғамның әлеуметтік жүйесін өзгертіп отырады. Ең әуелі бұл өзгерістер азық-түлікпен қамтамасыз ету жүйесінде өрістейді, артынша қоғам өмірінің басқа салаларына да тамыр жаяды. Күшпен мемлекеттендіру іске асады. Үкімет экономикадағы барлық қатынасты қадағалап отыруды енді өз қолына алады. Ол енді қалауынша қоғамдық және жекеменшік мүлікті тәркілей бастайды /өз пайдасына/. Аштық пен соғыс, аштық пен әлеуметтік толқулар, революциялар – мәңгі құбылыстар. Сол себепті аштықтың өтінде тұрған қандай да болмасын қоғам ерте ме, кеш пе, мемлекеттенеді, этатизацияланады. Бұл – бұлтармас, бұлтартпас ақиқат. Ал этатизм мен тоталитаризмнің арасы бір-ақ қадам. Адамзат тарихында биліктің бұл әзәзілін жеңген ешкім жоқ.

ҰЛЫ ҚЫТАЙ ҚАБЫРҒАСЫ ЖАЙЫНДАҒЫ МИФ

Ұлы Қытай қабырғасының құрылысын «сары император» Цинь-Ши Хуанди бастап, үш жүз жылдық Мин династиясының негізін қалаған Чжу Юаньчжан аяқтады. Қабырға, бүгінгі тарихшылар дәлелдеп жүргендей, қорғаныс үшін салынбаған еді. Ол дүниені ішкі және сыртқы Қытай етіп екіге бөлді. Қабырғаның ішіндегі Қытай – Аспанасты империясының орталығы, ал қабырғаның сыртындағылар – бағынғаны бар, әзірге бағынбаса да кейіннен бағындырылатын құлдар, бұратана жұрттар. Бүгінде қабырғаның тастан қаланбағаны белгілі болып отыр. Ол кәдімгі шикі кірпіштен қиыстырылған. Жауыннан езілген қабырға пәленбай шақырымдық балшық үйіндісіне айналып отырған. Қабырғаның тас фрагменттері кейіннен туристер үшін салынған.

Көне Қытай қандай қоғам еді? Бұл барынша орталықтанған, адамдардың әрбір басқан қадамы, әрбір демі мемлекеттің қадағалауындағы қоғам болатын. Мемлекеттің билігі шексіз, азаматтардың құқығы жоққа тән еді. Бұндай орталықтану қалайша мүмкін болды? Барлық уақыттағыдай, барлық жердегідей, Қытайдың да осынша дәрежеде орталықтануы мен мемлекеттенуінің сыры аштық пен соғыста жатыр. Қытайдың ең үлкен проблемасы – халқының көптігінде. Індет, аштық, соғыс, революцияның салдарынан адам қисапсыз көп қырылып, Қытай жерінде билік адам айтқысыз күшейіп, қоғам еріксіз этатизацияға ұшырап отырды.

Зорлықшыл-этатистік қоғамның қарсы үлгісі индивидуальдық-анархистік қоғам болып табылады. Бұндай қоғамда биліктің компетенциясы өте төмен деңгейде немесе мүлдем жоқ деуге болады. Мемлекет адамдардың арасындағы қатынастарды қадағаламайды, азамат – ерікті тұлға. Әрине, тарихта бұндай үлгілі қоғам өзінің «таза» күйінде ешқашан болған емес. Зерттеулерге қарағанда дамудың ең төменгі сатысында тұрған примитив қоғамдардың өзінде, тіпті үңгірде тұратын жабайыларда биліктің жұрнағы, примитивтік болса да орталықтанудың формалары бар. Адамзат тарихы осы этатистік және анархистік қоғам үлгілері арасында үнемі толқумен өтеді.

Қытай идеологиясы тұрғысынан келгенде сахара осы анархистік қоғамның, анархистік мәдениеттің үлгісі болып табылады. Дәлірек айтқанда, Қытай үшін сахара қашанда мәдени кеңістіктен, ойкуменадан тыс өлке болып саналатын. Қытай адамы үшін орталықтанған жоғары биліктің болуы әлмисақтан келе жатқан киелі заң… Қытай азаматы туғаннан осындай идеология аясында тәрбиеленеді.

Көшпенді үшін «жоғары билік» деген сөздің мағынасының өзі түсініксіз. Сахараның адамы бір-біріне тең презумпцияларды ғана біледі. Ол паритетті ғана мойындайды. Далалық әскери демократия руаралық паритеттер мен келісімдерге ғана негізделеді. Ханды халық сайлайды. Ал шындығына келгенде ханның қолында ешқандай билік жоқ десе де болғандай. Соғыс, түрлі нәубет кезінде ғана ханға үлкен өкілеттік беріледі. Хан әділетті болғанда ғана күшті бола алады. Ол моралъдік карьера жасап барып қана әлеумет алдында салмаққа ие бола алады. Алайда даланың зандарын бұзған, әділетсіздікке барған ханның үйі мен мүлкін талапайға салып, жалғыз өзін айдалаға тастап кететін болған. Тіпті Алтын Орда күйреген орта ғасырдың өзінде Батыс жұртын бағындырып билеудің тәжірибесіне жетілген, өздері де заң мен низамға бағынып үйренген көшпенділер бәрібір анархистер еді. Әлбетте, жақсы мағынасындағы анархистер, яғни ерікті адамдар еді. Қазақ-ноғайдың ұлы жырауы Шалкиіз өзінің әміршісі Би Темір қажыға жүрейін деп жатқанда келіп, қамшысын білеп тұрып айтқаны бар:

… Еділден шыққан сызашық,

Біз көргенде,

Тебінгіге жетер-жетпес су еді,

Телегейдей шайқалтып,

Теңіз етсе – Тәңірі етті,

Жағасына қыршын

біткен тал еді.

Жапырағын жайқалтып

Терек етсе – Тәңірі етті.

Тебінгінің астынан

Ала балта суырысып,

Тепсінісіп келгенде

Тең атаның ұлы едің,

Дәрежеңді артық етсе

– Тәңірі етті.

Көшпендінің бүкіл болмысы, бүкіл тарихи тағдыры осы құдіретті өлең жолдарынан көрінеді. Әлбетте, Қытай санасы үшін теңдіктің мұндай дәрежесі түсініксіз еді. Сол себепті сахара Қытай үшін қауіпті еді. Еркіндіктің мысалы ретінде қауіпті. Міне, Қытай қабырғасының бар құпиясы осында жатыр. Қытай азаматы бұндай еркіндікті көрмеуі керек. Қытай санасы бұндай бостандықты армандамау керек, бұндай еркіндікті көріп толқымау керек. Қабырға жоғарыда айтқанымыздай, қорғаныс үшін салынбаған еді. Себебі, Қытайдың бір тарихшысы айтқандай, ол кезде түрік кавалериясының шабуылына қарсы тұратын күш бүкіл әлемде жоқ болатын. Тіпті десеңіз езіліп, қирап жатқан қабырғаны шабуылдап не керек, себебі арасынан өтетін бірнеше шақырымдық ашық жерлері бар екен. Егерде Қытай әміршілері қабырғаға әскер қоятын болса, ол үшін жақсы қаруланған 5 миллион жауынгер қажет болады. Ал ондай армияны асырау үшін 10 миллион шаруа, егінші, дихан ертеден кешке дейін бел жазбай еңбек етуі керек. Және осының бәрі ойдан шығарылған қауіптен туып отыр.

Қабырға көшпенділерден қорғану үшін салынған жоқ. Қабырға қытайлардың сыртқы дүниеге шықпауын қадағалап отыру, күзетіп отыру үшін салынған. Басқа кез келген сана сияқты Қытай санасы да мифологияланған сана. Қабырғаның қалыңынан әлі күнге дейін қыштан жасалған бес қаруын асынған жауынгерлердің бейнесі табылады /кейде ол қабырғаға сылап жіберген шын адам болуы да мүмкін/. Ол жауынгерлер Аспанасты империясын «Солтүстік перілері» – сақтар мен сарматтардан, ғұндардан, содан соң түріктерден қорғап тұрды. Қытай санасы үшін қабырғаның арғы жағы – шығуға тыйым салынған дүние /көріп отырғанымыздай, жерді тікенек сыммен, қабырғамен қоршауды Сталин ойлап шығармаған екен. Өз елін қамап ұстап отыратын алып қора салу Қытай геополитикасының классиктері Цин-Ши Хуанди мен Чжу-Юаньчжаньнан қалған «дәстүр» екен/.

Александр Дугин сияқты бүгінгі орыс традиционалистері /дәстүршілдер/ Россияның дәстүрлі Қытай өркениетімен одақтастырып атлантистерге қарсы күресудің идеясын уағыздап жүр. Қытай өркениетінің дәстүрлілігі жайындағы идеяның өзі жаңсақ /дәстүрді А.Дугин және орыс қайраткерлері қандай парадигма аясында түсінетінін ескерсек/. Қытай ешқашан дәстүрге жатпаған, дәстүрде болмаған. Орыс дәстүршілдері бұл жерде дәстүр мен әдепкі сабақтастықты шатастырып отыр. Әрине, Қытай өркениеті – сабақтасты өркениет, бірақ дәстүрлі өркениет емес. Себебі, дәстүрге мұндай табиғат жат. Мыңжылдықтар бойы маңайындағы жұрттарға қарсы сойқырғыны /геноцид/ саясатын түбегейлі, жүйелі жүргізіп келген, өзіне жер босатуды ғана көздейтін және содан басқа мақсаты жоқ қоғам дәстүрлі қоғам болып есептелмейді. Дәстүр кісілік, ізгілік зандарына бас иеді, моральдық императивке бағынады. Дәстүр экологиялық конституцияға бағынады. Қытай санасы, Қытай әлеуметі, барлық модернистік сана модернистік әлеумет сияқты, тек қажеттілік заңына ғана бағынады.

Қытай мен сахараның арасындағы мыңдаған жылдарға созылған күрес Қытайдың жеңісімен аяқталды. Модернизм дәстүрді женді. Түрік санасына айықпас жара түсті. Санадағы осы жара мезгілімен түрлі ментальдік аурулар түрінде сыртқа шығып отырады. Қазақ фольклорының көптеген салаларынан, афористік поэзиясының көптеген түрлерінен, «Заманақыр болғанда қара қытай «қаптайды», «қытай қаптағанша топан суы жапсын» деп басталатын, алып аждаһамен екі арадағы талай ұрпақты жалмаған нәтижесіз күрестің белгісі болып табылатын қорлық мәтіндер елес беріп отырады.

ҚАЗАҚ САНАСЫНДАҒЫ ПАЛИМПСЕСТ

Адам санасы палимпсесттің бір түрі болып саналады. Палимпсест дегеніміз түрлі текстердің немесе суреттердің бір-бірінің үстінен қабаттасып түсуі. Адамзаттың тарихи тағдыр барысында кешкен қорлығы, кіріптарлығы, бүкіл ауыртпашылығы белгілі бір рефлекстер түрінде санада бекіп қалады. Уақыт өте бұл негативтік рефлекстер одан ары түпсанаға таңбаланып, санадан тыс реакцияларға айналады. Сананың мертігуі салдарынан пайда болған психикалық беріш ешқашан өшпейді, ұрпақ санасында мәңгі-бақи тұра береді.

Дала менен Қытайдың арасындағы күрес Қытайдың жеңісімен, ғұндардың Европаға қоныс аударуымен аяқталды. Осы жеңілістен болған рухани мертігу бүтінгі қазақ санасында әлі күнге дейін бар. Көшпендінің түпсанасында Қытай мәдениетінен имену дағдысы қалыптасты. Осыдан кейінгі Шыңғыс ханның жеңістері, түрік қағанатының қалыпқа келуі, бұрынғы даңққа жету мен Қытайды бағындыру, бәрібір көшпендінің жанының тереңіндегі бұл үрейді жоя алмады: көшпенді үшін Қытай жұмбақ, бұлыңғыр және қатерлі, қанды өлке болып қалды. Түрік қағандарының бірі «Табғаштардан алыс қонып, елу жылда бір рет ойсыратып шауып отыру керек» деп тасқа бекер жазбаса керек.

Шыңғыс хан Қытайдай ел барда өз ұрпағының, жалпы сахараның, түрік дүниесінің қашанда кемді күнде болатынын, қорғансыз болатынын анық сезінген. Қытай отырған орнымен жойылғанда ғана қара бұлт қатер аспанымыздан кетер еді. Міне, осыны ойға алып, Қытайға соңғы жорыққа дайындалған Шыңғыс ханды оның канцлері, данышпан Елю-Чю Цай тоқтатқан еді. Қағаз-қаламын алып есептеген уәзір Қытай құрыса, Шыңғыс хан империясының да күйрейтінін дөлелдеп берген. «Сенің соғысыңның бар шығынын кім көтеріп отыр? Кытайдың салық төлеушілері. Сенің Батыстағы жеңістерің, дәргейіңдегі жұртыңның есендігі Қытайдың алтын-күмісінің арқасы. Қытай жоқ болса, сенің де мемлекетің жоқ болады», – деп түсіндірген еді ол Қағанға.

Елю-Чю Цайдың есебіне көнгені, оның айтқанына жүргені, Шыңғыс ханның көңілінің түкпіріндегі үрейдің құбылған, өзгерген түрі емес пе екен? Шыңғыс ханның геосаяси қатесінің салдарынан ұлы түрік жаугершілігінің түпкі мақсаты – Қытайды тыныштандыру ісі аяқасты болды. Қаған өлгеннен кейін Алтын Ордаға ауыр нәубет келді. Билеушілер, әміршілердің арасындағы бітпейтін күрес, төренің өз әулеті ішіндегі бітпейтін бақастық пен қырқыс. Алайда Алтын Ордаға келген ең үлкен зобалаң – миллиондаған адамның өмірін қиған обаның індеті еді. Бүтінде ғалымдар бұл ауруды кім, қайдан, қашан алып келді деп бас қатыруда. Батыс  ғалымдары  обаны  Европаға Алтын Ордамен сауда жасаған венециялық көпестер алып келді дегенді айтады. Европада оба жер-дүниені жайлады. /Айта кетейік, Боккачо өзінің «Декамерон» атты куақы романында осы оба жайында жазған/. Шығыстың ғалымдары обаның шығуын Батыстан көреді. Сұмдық індет Алтын Орданың халқын түгелге дерлік жалмады. Ұлы мемлекет осылайша күйреді.

1456 жылы Алтын Орданың сол қанатынан қазақ намындағы тайпалар бөлініп шықты. Осы жыл жаңа мемлекет – Қазақ Ордасының жыл санауының басы болып есептеледі.

Қазақ халқының жолы оңай болған жоқ. 1456 жылы ту тіккенінен бастап 1821 жылы толықтай жойылғанға дейінгі аралықтағы үш жүз алпыс жылдық тарих – сансыз соғыстардың қанды жолы. Туыстас тайпаларды біріктіру жолындағы соғыс, моғолмен, бұхармен, Қытаймен, өзбек хандықтарымен екі арадағы соғыс, Ташкенттің ханымен болған соғыс, қазақ халқының жарымына жуығын жалмаған қатаған қырғыны. Бірақ қазақ санасының ең үлкен мертігуі қалмақ соғысынан болды.

Бұл соғыстың тарихы әлі жазылған жоқ. Аталған тақырыпқа арналған жекелеген романдар, зерттеулер бар, алайда бұл соғыстың салдарынан болған заттық, моральдық, ізгілік шығындарымызды әлі ешкім түбегейлі зерделеп есептеген жоқ. Екі көшпелі халықтың екі жарым ғасыр бойы бір-бірін қырып бітіруді ғана көздеген кезек шабысуы, тізеден қан кешіп, аяспай соғысуы – тарихтағы жалғыз ғана оқиға, ерекше прецедент болса керек. Есі кірмеген бала мен әжетке жараған қыз, өңі бүтін әйелді ғана олжалап, қалғанын қылышқа шалған қатыгез соғыс, әрине, өзінің логикалық күрмеуіне, екі халықтың кіріптар күй, құлдық кепке түсуіне әкеліп соқты. Соғыстың өзі қорқынышты емес, оның айнымас серігі – аштық қорқынышты. Қазақ-қалмақ соғысында малы мен жаны талауға түскен, құла медиен далада тігерге тұяғы қалмай, өзегі талған қанша адам аштан өлді, ол адамдар тірі болса дүниеге қанша ұрпақ шашар еді, ал ол үрпақ өз кезегінде дүниеге тағы қанша ұрпақ келтірер еді, ақырында біздің санымыз қанша болар еді, мына кең даланы лықа толтырып отырар ма едік… ойлаудың өзі қасірет.

Ісі қазақпен ғана болған, осы кең дүниеде қазақтан басқа жау көрмеген, қазақты ғана қырсам мұратыма жетем деген қалмақ халқы жер бетінен көшті.

Айтпақшы, Еділдің жағасындағы Россия империясының әлдебір облысының құрамында Хошоут губерниясы деген шағын әкімшілік аймақ болған. /Бүгінгі Қалмақстанның жері/. Ол аймақты бір кездегі Ұлы Ойрат мемлекетінің ұйтқысы болған хошоуттар мен торғауыттар мекендеп жатса керек. Қалмақ ағайынның бұдан кейінгі тағдыры да белгілі. Орыстың әскері болды. Москваның түбінде Наполеонмен соғысты, Кавказды Россияға жаулап алып берді. Әйтеуір құрып біткенше қан жалдаумен болды, қаннан көз ашпады. Мінекей, қалмақ тарихы осылай болған.

Ал Қазақ Ордасы орыс құлдығымен аяқталған өзінің қасіретті жолын жалғастырды. Қалмақ соғысының салдарын біз бүгін ғана пайымдап отырмыз. Қазақ халқы өзінің базарлы қалаларының барлығынан айрылды. Қала мәдениеті жойылған себепті жазба мәдениеті де кесілді. Сауда керуендері күлі ғана қалған Отырар, Сауран, Сығнақты айналып жүретін болды.

Сол себепті сахарада бір ғана шаруашылық-малшылық қалды. Қазақ мал сүмесімен ғана күн көрді, қала өнімдеріне жете алмай тарықты. Сол себепті өзбек, тәжік сияқты көршілес отырықшы елдер сауда ісінде қазақты барынша кіріптар қылғысы келді. Шетелдің саудагерлері қазақпен сауда жасағанда папуаспен саудаласқан ағылшын көпесі сияқты болды, асыл текті малды арзан моншаққа сатып алды. Қалмақ соғысында кітапханалар, ондағы бай жазба мұралар жойылды. Енді біз көлденең деректерден бізде ұлттық ғылым болғанын, адамзаттың екінші ұстазы Әбунасыр әл-Фараби өзіміздің бабамыз екенін естіп қайран қаламыз. Өзінің иманына жаңа ат тауып мұсылман атанған халық қалалардан, мешіттерден ұзап кетті, қол үзді. Кейіннен Қазаннан және басқа жерлерден жіберілген татардың указной моллалары қазақтың соншалықты дәрежедегі діни сауатсыздығына қайран қалған.

Міне, қазақ халқы осындай күйде Россия империясының құрамына кірді. Алайда бір ғасыр өтпей-ақ, метрополия келісім-шарттарды бұзып, қазақ жерін жаулай бастады, жергілікті халықты атамекенінен бездірмекке ниет етті. /Кавказ соғысының бір ардагері айтқандай, орыстың келісім-шарты сол келісім жазылған қағаздан да арзан болып шықты/. Жердің тарылуы, жайылымның азаюы – мал басының азаюы, яғни аштық деген сөз. Сахарада ұлт-азаттық қозғалысы басталды. Алайда қазақтың ардагерлері бастаған қол темір қүрсанған империяның қарулы күштеріне қарсы тұра алмады. Қазақ даласындағы барлық көтеріліс қанға батырылды.

Орыстың либералдық дворян әулеті, империя идеологтары тиянақтап шығарған жоспар іске асырылып жатыр еді. Россиядағы мың жылдық аштықтың мәселесін шешу үшін бұл жоспарға сәйкес қазақ жерінің қолқа-жүрегін ойып тұрып орыс қамалдары салынады.

Қазақ халқы резервацияларға, Мойынқұм, Қызылқұм, Бетпақдала сияқты шөлейт аймақтарға ығыстырып шығарылады, кейіннен жаппай жойылады. Босаған жерлерді аштық жайлаған Россия губернияларынан көшіп келген қарашекпен мұжықтар жайлайды. Армия жетіспеген жерлерде мұжықтарды винтовкамен қаруландырды. /Бұндай үрдіс Қытай Халық Армиясында да болған. Кытай әскері егін егіп, мал бағып, өзін-өзі асырайды, үйленіп, балалы  болады.   Бірақ қару-жарағы  сай,   кез-келген сәтте жорыққа аттануга дайын отырады/. Империялық саясаттың жын-пері ұясында тиянақталған, кейіннен Столыпин «кемелдендірген», одан кейін Хрущев іске асырған бұл жоспардың сырын, құпиясын шатып-бұтып жүріп Солженицын өзінің «Как нам обустроить Россию?» атты мақаласында байқамай жариялап қойған. /Аталмыш мақаланы Солженицын орыс әлеуметінің, тіпті десеңіз, Мемлекеттік Думаның талқылауына ұсыныпты/.

Көп ұзамай Октябрь революциясы басталды… Құдайдың өзі қазақ халқын ажал шегінен кейін шегіндіргендей еді. Бірақ көп ұзамай большевик үкіметі империяның бұрынғы жерін түгендей бастады. 1932 жылдың аштығы бұрынғы патша саясатының жалғасы болатын. Бұл жолы большевиктер американдық тәжірибені алды. «Бизон болмаса, үндіс те болмайды» дейді американ мақалы. Миллиондаған бас мал кәмпескеленгеннен кейін қазақ даласына екінші «Ақтабан шұбырынды» келді десе де болғандай еді.

Аштықтан есі кеткен адамдар бір үзім нан іздеп темір жолды жағалады, қалаларға ұмтылды. Ал қалаға кіре берісте оларды пулеметтің жаңбырдай жауған оғы қарсы алды. Барнауылдан Саратовқа дейінгі аралықтағы бүкіл Турксиб және басқа темір жолдардың бойы самсаған өлік болды. 1933-35 жылдары мындаған адамнан құрастырылған командалар тек жартылай шіріген адамның өлексесін көмумен айналысты. Совет үкіметі Сахарадағы каннибализм фактілерін мұқият жасырды. Ферғананың қалаларында қазақтардың өз балаларын астыққа немесе бір үзім нанға айырбастағандары әредік болса да баспасөзде айтылатын, бірақ қазақ даласында адамның етін жеу дағдысының елес бергендігі жайындағы деректер барынша жасырылып отыратын. Көптеген адам өздеріне қол салды. Алайда бұл қалай десеңіз де, сол қасіретті     оқиғалардың арасындағы ізгі құбылыстар еді. «Тозақта да періштелер бар» деген ғой. Суицид жоғарыда айтқанымыздай гомицидтің қарсы құбылысы болып табылады, ізгілікті адам күнәға батпас үшін өзін-өзі өлтіреді, осылайша көңіліндегі күнәһар ойды өзімен бірге көрге алып кетеді.

Содан кейін 37-ші жыл келді. Ең соңғы қазақ ұлтшылдары репрессияланды, интеллигенция түгелге жуық жойылды. Осыдан кейін қазақ сахарасы қанды түнекке батты. Халықта күресуге деген ешқандай ынта қалмады. Бәрі тапталған, жаншылған, жойылған. Адамдар қандай жарлық болса да орындайтын тірі өлікке, роботқа айналған. Қайран қалатын несі бар? Большевиктер жоспарлаған «нұрлы болашаққа» жету үшін қазақ халқы ғана емес, бүкіл совет халқы құрбандыққа кесілген еді ғой. Алайда Екінші дүниежүзілік соғыс басталғанда /біз бұл жерде «Отан соғысы» дегенді әдейі айтпай отырмыз, себебі Екінші дүниежүзілік соғыс әлемдік олжа бөліс, әлемдік үстемдік үшін ұлы державалардың жүргізген соғысы еді, Отанынан баяғыда айырылған қазақ халқына ол соғыстың ешқандай қатысы жоқ болатын/ Кремльдің көсемдері өздеріне түрпідей тиген бір ақиқатқа жетті. КСРО-ның бұратана халықтары әлі де керек екен. Себебі Германия, АҚШ, Жапония сияқты социалистік идеяның жаулары әлі жеңілген жоқ, «нұрлы болашақ» үшін күрес әлі аяқталған жоқ. Және ең масқарасы – қазақ та керек екен. Соғыс кезінде отқа-суға айдайтын әскер ретінде, бейбіт кезде қара жұмысқа салатын құл ретінде. Міне, біз осылай аман қалыппыз. Дәлірек айтқанда, бізге аман қалуға рұқсат етіпті.

ПОСТСКРИПТУМ

Әлеуметтік организмнің қалыпты жүмыс істеуі, оның тарихи тағдыры сол әлеумет мүшелерінің қабілеті мен қасиетіне тікелей тәуелді. Қандай да болмасын үлкен қоғам мүшелері өздерінің ата-тегі және тіршілік барысында жетілген қабілеттері тұрғысынан алғанда бір-біріне ешқашан да тең келмейді. Қандай қоғамда болса да әйел мен еркек жыныстылар, қария мен бала, ауру мен сау, адал мен арам, қылмыскер, гений мен нақұрыс, ынжық пен жалқау адам бар. Қоғамның қандай болмағы, осы аталғандардың қайсысы өліп, қайсысы тірі қалуына байланысты.

Биологияда «кері селекция» деген ұғым бар. Ол бойынша түрлі апат, катаклизм, індеттің кезінде тіршіліктің ең қарапайым түрлері аман қалады да, керісінше тіршіліктің күрделі түрлері жойылып кетеді. Бұл ұғымның адамзат тарихына да қатысы бар.

Соғыс әлеуметтік катаклизм ретінде әлеуметтік организмге кері әсерін тигізеді. Оның құрамындағы ең жақсы, тандаулы элементтерді шайып алып кетеді. Озған заманда жаугершілік жолын ұстанған барлық ұлы халықтар кесімді күні жеткенде бұ дүниеден көшкен. Себебі ол халықтардың о бастағы этникалық ұйтқысы, таза қаны майдан даласында судай шашылып, орны толмас шығынға ұшыраған. Эллада деген жұрт болған. Тоқтаусыз жаугершілікпен Үнді мен Парсыға дейін жеткен. Ақырында сол жауынгер жұрттан Греция деген шағын ел қалды. Бүгінгі гректер көне грек мәдениетін қалыптастырған аталарына мүлдем ұқсамайды. Рим деген жұрт болған. Бірнеше ғасырға созылған үздіксіз соғыстан кейін республика, цезаризмге өтті, преториан гвардиясы императорларды күнде ауыстырып отырды. Ақырында ғұндар мен германдықтардың соққысына шыдамай ұлы өркениет құлады. Орнында Италия деп аталатын жұрнақ қалды. Қазіргі итальяндықтардың тамырында бұрынғы, байырғы римдіктердің қаны жоқ. Бүгінгі итальяндықтар – Рим деңгейіндегі барлық халықтардың қаны араласқан күрделі этногенездің жемісі.

Ұлы даланы мекендеген көшпенділер де осылардың аяғын құшты. Хұн халқының о бастағы нәсілдік құрамы тамаша еді. Оңдаған ғасырға созылған тарих барысында қисапсыз соғыстардағы даусыз жеңістер хұн рухының басқа халықтардан өлшеусіз биік тұрғандығын көрсетеді. Алайда «кері селекция» өзінің қирату жұмысын бастаған. Қағанаттардың заманындағы Білге Қаған, Кұла Шора, Мойын Шора, Күлтегін сияқты тұлғалар Еділ патшамен /Атилла/ салыстырғанда бір мысқал болса да төмен тұр. Түрік генофондының белгілі дәрежеде күшейгенін Шыңғыс хан заманынан көреміз. Бұл түсінікті де. Қағанат құлағаннан кейін ұрыс-соғыс бұрынғыдан аздау, тіпті бейбіт деуге болатын төрт ғасырлық заман өтті. Түрік генофонды «демалып», оңалды. Осылайша Атиллаға пара-пар тұлға Шыңғыс хан дүниеге келді. Содан кейін… қайтадан соғыс басталды. Бүкіл Евразия – майдан даласы. Шыңғыс ханның «Мәңгі елі» азын-аулақ жалдамалы әскерді есептемегенде толықтай, кейіннен Қазақ Ордасын құрайтын рулардан тұрған. Тағы да майдан даласында қазақтың ең ғазизлеген қаны төгілді. Тарих сахнасында декорациялар ауысты. Сүйегі саудыраған Алтын Орда құлады.

Көк Ордадан қазақ тайпалары бөлініп шықты да, Моғолстанның іргесінен Қазақ Ордасының туын тікті. Тағы да соғыс. Бұл соғыстардың ең қорқыныштысы екі жарым ғасырға созылған қалмақ соғысы еді. Енді генофондқа ешқандай дамыл жоқ. Қазақтың ең үлкен биологиялық шығыны да осы қалмақ соғысынан болды.

Соғыс пен аштық халықтың құрамы мен қабілет-қасиеттеріне қандай әсер етеді?

1. Соғыс өрті ең алдымен халықтың еңбекші бөлігін жалмайды. Соғысқа әдетте 16-18 жастан бастап 50-60   жас аралығындағы ер адамдар, яғни бала-шағаны асырап отырған азаматтар алынады.

2. Соғыс он екі мүшесі бүтін адамды әкетеді. Ақсақ-тоқсақ, ауру, қаңқасы биологиялық тұрғыдан кеміс адамдар соғысқа алынбайды.

3. Соғыс негізінен еркектерді жояды, яғни халықтың

жыныстық құрамы өзгереді. Көшпенді қоғамда бұл ауытқу полигамия, яғни көп некелілік заңы арқылы қалпына келеді. Ұлы әмеңгерлік заңының арқасында қазақ халқы жойылмай аман қалды десек, артық айтқандық болмас.

4. Соғыс моральдық тұлғасы биік, кісілікті, ізгілікті адамдарды әкетеді. Сатқындар, қорқақтар, мүскін мен еңкіштер соғысқа алынбайды, себебі ұрыс кезінде ондай адамдарға ештеңені сеніп тапсыруға болмайды.  Соғыста Отан алдындағы парызын терең

сезінген адам алдымен өледі. Ондай адамдар тәуекелден бас тартпайды, керек болса тайсалмай өлімге де барады.

5. Соғыс, әсіресе жеңіліске  ұшыраған, аяғы құлдыққа

жетелеген соғыс болса, рухани кемел тұлғаларды  жалмайды. Дұшпанның қаупін туғызатын басы биік ерлер, өнерлі, рухы мен сағы сынбайтын азаматтар соғыстан кейін жаудың қолынан қаза табады. Екінші қатардағы еңкіш тұлғалар ғана тірі қалдырылады. Сонымен соғыс ақыл-есі түзу, дені-қарны сау, он екі мүшесі бүтін, моральдық тұлғасы биік, өнерлі, білімділерді бәрінен бұрын жалмайды, ұлттық орасан  шығын осылардың өлуімен басталады. Ажал осы аталған  асылдарды әкетіп, ауру-сырқау, кеміс, қылмыскер, алаяқ пен қорқақ, өнерсіз, білімсіз, енжар ездерді қалдырады.

Алайда бұл пәлекеттің басы ғана. Бенджамин Франклиннің айтқаны бар: «Соғыстың вексельдері /кепіл қағаздары/ бойынша, төлем соғыстың өз кезінде емес, төлемнің ең үлкені соғыстан кейін болмақ» деп.

портрет биевСоғыстан кейінгі жалпы шығынмен салыстырғанда соғыстың өз кезіндегі сапалық шығын теңіздің жанындағы тамшыдай-ақ. Бұл шығын тұқым қуалаушылық заңына, адамдық тектілікке қатысты. Тұқымдық дән қандай болса, болашақ өнім де сондай болмақ. Өлген ардагерлер дүниеге ұрпақ келтірмейтіні белгілі. Соғыс жаман мен нашарды тірі қалдырып, осы арқылы тексіздердің жетіліп, көркеюіне жол ашады. Тұқым қуалау заңына сәйкес, тұтастай ұрпақ нашар, тексіз болып шығады. Соғыстың «кері сұрыптауы» салдарынан, бейбіт кезде бірінші қатарда болуға тиіс жақсылар өлген себепті нашарлар, тексіздер алға шығады. Халықтың тамырында енді солардың қаны ағады. Ал тектілердің қаны сол майдан даласында төгілген күйі қала береді.

Бақшадағы жақсы өсімдіктерді отап алып тастап, шырмауық пен зиянкес шөптерді қалдырып «еңбек етіп» жүрген бағбанды көзіңізге елестетіңізші. Енді бір егістік ауысқанда бүкіл бақшаны арамшөп баспақ. Абсурд дерсіз. Иә. Егістікте ғана абсурд.

Ал соғыста, майдан даласында күнде болып жататын әдепкі құбылыс, тіпті десеңіз, соғыстың жалғыз ғана заңы – осы.

Соғыс қашанда аздырушы күш болып табылады. Халық неғұрлым көп соғысқан сайын тұқымы мен тегі соғұрлым көбірек азады. «Соғыс ерлерді тудырады» деген қанатты сөз бар. Жаңсақ айтылған сөз. Соғыс ерлердің, қаһармандардың басын жұтады. Соғыстың бұл шығынының орны ештеңемен толмайды.

Наполеонға майдан даласында самсап жатқан өліктерді көрсеткенде ол «Париждің бір түні барлығын қалыпқа келтіреді» деген екен. Шынында да солай болса ғой. Жоқ, қалыпқа келтіре алмайды. Әрине, қаптаған тексіз тобыр ойсыраған адам шығынының орнын толтыра алады, халықтың санын қалыпқа келтіре алады. Алайда тексіз тобыр халық санын толтырғанмен, сапаның орнын толтыра алмайды. Себебі бұл – адам-пенденің қолынан келмейтін іс. Жойылып кеткен жақсы тұқымның орнын ештеңе де баса алмайды. Себебі әр адам – құдайдың ерекше жаратындысы, маңдайына құдайдың ешкімге ұқсамайтын, бір соған ғана арналған мөрі соғылған бірегей жаратындысы. Сондықтан дүниеге бір-ақ рет келген сол адам артына тұяқ қалдыра алмай өліп кеткен болса, онда сонымен бірге тұтас бір әлем өлді деп есептей беріңіз. Тіршілігінде тұқым туралы түсінігі өте биік қазақ бұл жайтты жақсы білген, қолдан келгенше баласын ертерек үйлендіруге тырысқан, әлдебір жойылып кеткен аталықтың соңғы тұяғын аялап құшағына алған, қойнына қыз салып, тұқымын үзбей жалғастыруға тырысқан. Бірақ соғыс кезінде, әскердің жаппай қырылатын кезінде бұл көбіне-көп қолдан келмейтін іс еді /аталмыш жайт американдық заңдарда да бар, «Қатардағы Райанды құтқару» фильмі осы идеяға құрылған. Әлбетте, Совет үкіметі мұндай мәселелерге назар аудармайтын, әсіресе әңгіме ешкімге керегі жоқ, ақ нәсілдің есебінде жоқ бұратана ұлттар жайында болғанда/.

Ал енді соғыстан кейінгі «вексельдер» мен «төлемдер», яғни соғыстың тірі қалған адамдардың мінез-құлқына, дағдысына ететін әсері жайыңда.

Соғыс бір-бірімен кескілескен армиялардың ғана емес, бейбіт халықтың да адамдық тұлғасын күйретеді. Бейбіт кезде адамдардың бір-біріне қиянат етпеуіне – конституция кепіл. Ал соғыс керісінше қанға құмарлық, зорлық-зомбылық дағдыларды қолпаштап, адамды кісі өлтіруге, алдап-арбауға, жансыз болуға итермелейді. Бейбіт өмір адам бойындағы еселі еңбекке деген ынтаны, кісілік, ізгілік басқаның мүлкіне, игілігіне, адамдық намысына деген құрмет пен пейілді оятса, соғыс керісінше адамды зорлыққа, басқаның құқығымен санаспауға, басқаның намысын таптап, қорлауға үйретеді. Соғыс – адамды өштікке, жыртқыштыққа баулитын аппарат.

Соғыс халық өміріне ешқандай әсер етпей ізсіз кетсе, адам нанбас ғажайып болар еді. Кісі өлтіруді кәсіп қылған, қанға деген жерігі оянған адам соғыс аяқталғаннан соң бір-ақ сәтте заң мен низамды ұстанған тәртіпті азамат бола қалса, соғыс өмір салтына айналдырған зорлық пен зомбылық, адамның құқығы мен намысын таптау дағдысы соғыстан соң бір-ақ күнде жойылса, әрине, бұл да кісі нанбас ғажайып болар еді. Бірақ шын өмірде олай болмайды. Ұзаққа созылған соғыстан кейін ел ішінде қылмыс, зорлық-зомбылық көбейсе, адамның құқықтық санасы кіреукеленіп иманнан безсе, адал еңбектен бой тартып талау мен тонаудың жолына түссе, халық азып, ел ішін надандық жайласа, оның таң қалатын ештеңесі жоқ. Осының бәрінің себебін соғыстан іздеңіз. Соғысты тудырған – осының бәрін тудырды.

Қазақ-қалмақ соғысы аяқталғаннан кейін сақарада жаппай барымта басталды. Ол барымта Октябрь революциясына дейін жалғасты. Патша үкіметі қырғыз-қайсақ өлкесінде тәртіп орнатпақ болып қанша әуреленді. Орыс шенеуніктері қандай шараларға бармады дейсіз. Барымташыларды линиялық бекіністерде тұратын казактардан құралған командалар аулады. Қазақ байлары болыс съездерінде барымташыларды ұстап беріп, өздері пәлекеттен аман-есен құтылып отырған. Барымташыларды Итжеккенге, Сібірге айдады, дүреледі, дарға асты. Бірақ одан түзеліп кеткен ұры-қары жоқ. Біздің кейбір замандастарымыз барымтаны рулық-тайпалық жүйеден өрістеген құбылыс деп есептейді. Барымташылық ұлт мінезінің кездейсоқ сипаты екен. Әлбетте, олай емес. Тонау мен талау, бандитизм – барлық соғыстарға және барлық халықтарға тән мінез. Ұры-қарылық – ұлт мінезінің кездейсоқ, уақытша белгісі емес, ХҮШ-ХІХ ғасырлардағы  қазақ даласында етек алған  барымта рулық-тайпалық жүйенің жемісі емес. Бұл қазақ санасында әлі жалғасып жатқан қалмақ соғысы еді.

Абай – XIX ғасырдағы ұлттың интеллектуалдық элитасының ең көрнекті өкілі, ол да қазақты, қазақ жұртын, қазақ санасын жайлаған бұл жұмбақ дерттің табиғатын түсіне алмай-ақ кетті. «Масғұт» поэмасы– осы қалжыратқан ауыр толғаныстың, әлеуметтік қайғының көрінісі. Патшаның уәзірі Масғұт түс көреді. Түсінде аруақтар «аспаннан жаман жауын жауады, өзен-көл уланады, адамдар жынданып кетеді, сондықтан таза су жинап алыңдар» деп аян береді. Масғұт хабарды патшаға жеткізіп, сарайдың қоймасына көп тұщы су жинап алады. Айтылған күні жауын жауып, бүкіл халық жынды суды ішіп құтырып кетеді. Алаңға жиналып, даурығып сөйлеп, заңға бағынбайтын болады. Патша мен Масғұт жұртты ақылға келтірмек болады, уағыз айтады. Алайда есірген жұрт «біздің патшамыз бен уәзіріміз жынданған екен, екеуін де өлтіру керек» деп шешеді. Ақырсоңында тобырдан қорыққан патша мен Масғұт та жынды суды ішіп, топтың аддына құтырып жетіп барады. Тобыр екеуін данышпан деп тауып, төбелеріне көтереді. Абай әлеуметтанушы болмаса да оның трактаттарында /қара сөздерінде/ тамаша әлеуметтік ойлар жиі кездесіп отырады. Бірақ ол себептерін білмесе де, салдарын дәл анықтады, қоғамды жайлаған ессіздікке анық диагноз қоя білді.

1991 жылы біз егемендікке қол жеткіздік. Россия империясынан іргемізді аулақ салып, халықаралық құқық субъектіне айналдық. Біздің аспан түспес көк байрағымыз Біріккен Ұлттар Ұйымы штаб-пәтерінің жанында желбіреп тұр.

Әнұранға сенсек, біз аман қалыппыз. Біз көп екенбіз. Демограф Мақаш Тәтімов бірде қазақтың санын 13 миллионға жеткізді.

Бірақ біз қандай халықпыз? Кімдер едік, кімдер болдық? 1456 жылдан бастап бес ғасыр кескілес барысында біз биологиялық ең текті, таза, ғазизлеген қанымыздан айрылдық. Бес ғасырға созылған соғыстың, бес жүз жылдық «кері селекцияның» шығынына ешбір генофонд төтеп бере алмайды. Керей мен Жәнібек, Еңсегей бойлы ер Есім, Салқам Жәңгір мен Абылай заманының қазақтарын былай қойып қойыңыз, біз тіпті Абай заманындағы қазақтармен қай жағынан болса да шендесе алмаймыз. Иә, иә, таң қалмаңыз, себебі қандай тайғақ кешуден өтсе де, қазақтың қаны өшіп бара жатқан инерция бойынша Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Мағжан Жұмабаев, Міржақып Дулатов, Мұхтар Әуезов, Әлкей Марғұлан сияқты тұлғаларды жаратты.

Кері селекцияның нәтижесінен болған биологиялық апат ұлттың бүкіл рухани әлемін күйретті. Егемендік біздің көзіміздегі кіреукені сейілтті. Он төрт жылдың егемендік өмірі барысында біз «асқаралы тұлғамыздың» ішінің кеуек екеніне, мәдениетіміздің «показуха», сырт көрініс қана екеніне, ал надандығымыздың шетсіз-шексіз екеніне көз жеткіздік. Ешбір жұрт надан, ақылсыз болып жаратылмайды. Халық ақылынан жүре айырылады. Біз ақылынан айырылған ақымақ тобырға айналдық. Біздің бұл интеллектуалдық банкроттығымыз қаншаға созылмақ? Біздің «ғылым» деп жүрген нәрсемізге көз салсаңыз, сонда бұл ахуалдың қанша ғасырға созылатынын шамаларсыз.

Біз бір-бірімізді алдап, алаяқ атандық. /Абай атам айтқан «Теп-тегіс жұрттың бәрі болды аларман»/. Бірақ бір күнде емес. ХҮІІІ-ХІХ ғасырлардағы кенеусіз барымта патшалық Россия кезіндегі алғашқы-ақ қазақ шенеуніктерінің парақорлығына, содан соң социализм кезіндегі жемқорлыққа, жебірлікке ұласты. Бүгінгі алаяқтық осы социалистік жемқорлықтың аясында, арнасында жетілген, «көркейген». Біз бұрынғы метрополияның барлық жаман қасиеттерін, барлық азғын дағдыларын мұраландық.

Эмиграцияда өлген орыстың бір ғалымы былай деп жазған еді: «Шайтандар үшін ең тамаша Конституцияны жазып шығуға болады, алайда ол Конституция қағаз жүзінде ғана қалады. Бейкүнә періштелер қоғамының Конституциясы өте нашар болуы, тіпті оларда ешқандай Конституция болмауы да мүмкін, алайда сол қоғам мүшелерінің арасындағы қатынас ең таза, ең ізгі қатынас болмақ. Ем қонбайтын, алаяқтар мен нақұрыстардан тұратын қоғам ешқандай реформаға қарамастан бір-бірін алдап өмір сүре береді және мүшелері аталған «қасиеттерінен» арылмайынша, ол қоғам ешқандай кісілік пен ізгілік туғыза алмайтын рухани бедеу күйінде қалмақ».

Біздің халқымыздың болашағы бар ма? Бар. Ең бастысы, біз тарихтың ең ауыр өткелектерінен жүгіміз ауса да аман өттік. Содан соң біздің санымыз көп, болашақ биологиялық комбинацияларға, болашақ селекцияға жетерліктей көп. Алайда, аяқ астынан керемет болады дегенге сеніп керегі жоқ. Қоғамның алдында сан ғасырлық ауыр еңбек күтіп тұр. Адам – оның қайталанбас тіршілігі, кұқығы, игілігі, кісілігі мен намысы басты қазынаға, басты құндылыққа айналуға тиіс. «Адам, адам – ең бастысы адам. Адам ақшадан қымбат. Адамды ешбір базардан сатып ала алмайсың, себебі олар сатылмайды да, сатып алынбайды да. Адам ғасырлар бойы тәрбиеленіп қана адам болып шығады, бірақ ол ғасырларға уақыт керек», – деген еді Достоевский.

Содан кейінгі басты шарттың бірі – бейбітшілік болуы керек. Ұлы әлеуметтанушы Ле Пле бейбітшілікті адамзаттың басты Конституциясы деп есептеген. Өз заманының дегдар деген білімділерінің бірі «бейбітшілік, бейбітшілік» дегеннен танбаған. Әрине, біздің егемендігіміздің тарихынан  талай  әнтек  басқан қадам, талай қатені табуға болады. Алайда біздің Президентіміздің саясатының қашанда болсын айнымас, озық бір сипаты бар. Ол – оның бейбітшілікті қамтамасыз ету жолындағы түбегейлі, жүйелі күресі. Және бұл Қазақстан шегіндегі ғана емес, бүкіл аймақ шегіндегі бейбітшілік үшін күрес. Міне, біздің болашақ туралы үмітіміздің тиянағы осы.

Орысшадан тәржімалаған – автор

“Ақиқат” журналынан

Теги: ,

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

*