Шежіре

Керей хандығы

Керей тайпасына негізделіп, 10-11 ғасырлар шамасында үстемдік етіп, Моңғол империясы құрамына кірген және 18-19 ғасырларда өмір сүріп Қазақ хандығы құрамына кіретін «Керей хандығы» атты екі ұлыстың бұл жолы соңғысы  туралы әңгіме етеміз.  Қазақ хандығының Орта жүз құрамына  қыпшақ, қоңырат, керей, уақ,  арғын, найман атты  алты арыс ел кіретіні белгілі.  Орта азия халықтары Орыс отаршылығына  мойын сұнған кезде  керейдің көреген көсемі,  қазақтың батыр қолбасшыларының бірі, Абақ Керейдің Жәнтекей руынан шыққан биі Бердәулетұлы Жәнібек 1760-1770 жылдар шамасында Абақ Керей елін  Шынжанның Алтай, Тарбағатай, Құлжа, Богда, Эрээнхавирга (Ала бөктер) өлкесіне бастап қоныс аударады.  Бұл қазіргі ҚХР-ның ШҰАР-ы халқының бір бөлегін құрушы қазақтар мен Моңғолияда  өмір сүретін қазақтардың арғы аталары.  Оның құрамында керейден өзге уақ, найман, меркіт руларының да аз ғана тобы бар-ды.

Манж чин патшалығы мен  Гоминдан басқыншыларының езгісін көрген Шынжан (Цин династиясы) қазақтарын Орта жүз ханы Әбілпейіздің ұлы Көгедай және оның мұрагер ұрпақтары билеп, төрелік етті.  Оларды халық «Керейдің ханы» деп атады. Әбілпейіз ханның ұрпағы Көгедай, Ажы, Қасымхан, Жеңісхан, Әлен уаң (Ван) Зәкихандар 1785-1945 жылға дейін 160 жыл Шыңжан қазақтарын билеп, чин патшасынан гүн, ван шендерін алады.  Жоғарыдағы хандардың қасында кеңесші төрт би сайланып отырған. Олар:

Жәдіктен – Байғазы, Бейсембі, Оспан, Құлыбек, Өміртай, Қылыш.

Жәнтекейден – Боранбай, Бопан, Жақып, Оспан, Көкен, Жұртбай, Мәми.

Қарақастан – Байқан (Майқан)

Молқыдан – Жанторы.

Шерушіден – Байтайлақұлы Шұбаш, Көбегенұлы Ақтай (Бұлар қосымша 5-орын ретінде есептелген).

Шынжаң қазақтары 1836 жылы Дөрбеттің Сайн ноен хан шапқыншылығына, 1867-1868 жылдары Қызылаяқтар шапқыншылығына ұшырап, 1911-1945 жылдары  Гоминдан басқыншыларының қыспағын көрді.  Шығыс Түркістан халқы 1829-1949 жылдар арасында 120 жыл бойы  ұлт азаттығы үшін күресіп, саяси-экономикалық,  әлеуметтік қыспаққа ұшырау салдарынан бір бөлігі – жәнтекей, шеруші, қарақас, молқы руынан 5000-ға жуық адам 1860 жылдары Алтай тауының теріскей беті – Моңғолияның Қобда өлкесіне, 1934-1950 жылдары тағы бір бөлігі  25000 шамасындағы адам Үндістанға қоныс аударуға мәжбүр болады. Тибет, Такламакан арқылы Үндістанға өтпекші болған жоғарыдағы 25000 адамнан не бәрі 2500-ден астамы ғана тірі қалым Үндістан, Пәкстан арқылы кіші Азия немесе Анадолыға (қазіргі Түркия) табан тіреді.

 Сұлтан Тәукейұлы


Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

*