Арқалық батыр Абақ керейдің әйгілі батырларының бірі. Ол «Арқалық батыр» жыры арқылы күллі қазаққа әйгіленген тұлға. «Арқалық батыр» жыры – қазақ халқының өткен тарихынан, салт дәстүрінен хабар беретін, танымдық-тәрбиелік, көркемдік маңызы аса зор рухани мұраға айналды. Жырға арқау болған оқиғалар нақты тарихи оқиғалар негізінде өмірге келді және керей елінің 18- ғасырдағы әлеуметі тұрмыс тіршілігі, көрші елдермен қарым қатынасы саяси құрылымы жайлы нақты мағұлмат береді..
Арқалық батырды Хобда бетін алғаш шарлаған қазақ деуге болатындай. Хобда өңірі деп аталатын «асты кеніш, үсті пейіш»- киелі өңір Шыңғыс хан заманына дейін найман тайпасының мекені болса орта ғасырларда монғолдың ұлы ханының, кейіннен 1650 жылдары жоңғар ұлысының, 1756 жылдан манж қытайдың қарамағында болды . Манж үкіметі монғолдарды 4 әкімшілік билігіне бөлумен қатар негізгі халқы Дөрбет, Урианхай, Тывалардан тұратын батыс өңірді «Ховдын хязгаар» яғни «Ховда шебі» деген статуста қалдырып билігін өздері тікелей басқарып орталығы ретінде Хобда қаласын пайдаланды. Беген аулы шабылып, Ізғұттының басы алынған (1830) Қарасеңгір оқиғасынан кейін Шығыс Түркістандағы Дөрбет атаулы дүркірей көшіп келіп Хобда бойын қоныс етті. Көп ұзамай бұл өлкеге қазақтар да қоныстана бастады. Бүгіндері Монғолия қазақтары деген атқа ие болған қазақтардың бұл өлкеге Жылқышы мен Көбештің, Көде мен Өжеке, Бәлекеңе иек артып Хобда бетіне қоныстанып құт мекеніне айналдырғаны жайлы тарихшылар Сарай Асқанбайұлы, Ислам Қабышұлы, Жүкей Шәңгішбайұлы, Шынай Рахметұлы, Ғалыммұрат Хабсатарұлының еңбектерінде толық баяндалған. Қазақтардың бұл өлкеге қоныстануын тарихшылар Қызылаяқ шапқыншылығына, шеруші билерінің Ажы төре шешімімен келіспеушілігіне және қоныс тарлығына байланыстырып баяндайды. Арқалық батыр Хобда бетіне келген кезде бұл тарихи оқиғалар бола қоймаған кез еді. Арқалық батыр бастаған топ дөрбеттен жылқы қуалап тұрған жылдар шамамен 1846 дан 51- жылдарға дөп келеді. Бұл кез Хобда өңірінің қазаққа мәлім болмаған кезі деген пікірге ешкім дау айта қоймас. Рас. Найман Қалдеке байдың Дэлүүнге қоныстануы туралы дәйектер айтылғанымен деректер жетіспейді. Ал Ақтай бастаған шеруші ауылдары Дайын Өрмегейті өлкелеріне қоныстас келіп кетіп жүргенімен ішкерлеп кірмеген еді. Ендеше Хобда өңіріне үш рет барымтаға келіп, екі рет тұтқын ретінде ұсталып, алғашқысында 9 ай Хобда түрмесіне қамалып қашып шыққан соң айлап жүріп аулына жеткен Арқалықты Хобда бетін ашқан қазақтың Христофор Колумбысы деуге болатындай. Арқалық батырмен бірге үзеңгілес жолдасы Ботақара Жұбай, қарақас Тұяқ, Ситан, Қияқтарда бұл атаққа еншілес болғанымен бұл жерде Хобда өңірінде ең ұзак, ең көп болуымен қатар осы бір тарихи оқиғаның сақталуына себепкер болған жырдың басты кейіпкері ретінде Арқалық батыр есімі осы қортындыға лайық деп ойлаймын.
Арқалық батыр кім?
Арқалық батыр ХҮІІІ ғасырда өмір сүрген тарихи тұлға. Дастандағы: «Билеген төрт би сайлап төрем елді– деген тармаққа және жырда жиі кезігетін «Көкен», «Бежем» деген билердің аттарына назар аудара отырып: «Арқалық оқиғасы Алтайда Көкен, Бейсенбі сияқты адамдар би болып сайланғаннан кейін өткен»,– деген ғылыми тұжырым жасауға негіз бар. «1836 жылы Алтайда төрт би сайланды. Сол төрт бидің бірі Бейсенбі Дөненбайұлы еді. Қазақ күй өнеріндегі Алтай-Тарбағатай күйшілік мектебінің белді өкілдерінің бірі –ХІХ ғасырда өмір сүрген Бейсенбі Дөненбайұлы 1803 жылы дүниеге келіп…»-деп тұжырым жасаған «Арқалық батыр жырының нұсқалары» атты еңбегінде Тлеубаев Советхан Баянұлы.
Арқалықтың Руы-қарақас ішінде байым. Әкесінің аты Бөрібай. Жырда ол жайында «шал еді әкем Бөрібай жасы келген, шешеміз ерте күнде жасымда өлген») деп белгіленген. Ал шежіре бойынша Қарақас –Байым -Бораншы- Бөрібай- Арқалық деп таратады. Арқалық немере ағасы Назардың тәрбиесін алғанын, Арқалық оқиғасынан кейін Қарақастың Байым аталатын ата балалары төре тарапынан қудаланып ертістің төменгі бойындағы Балбағай деген жерді мекендегені жайлы Алтайдың Көктоғайында тұратын Өтей ақсақал қолжазба шежіресіне белгілеп қалдырыпты. Арқалық әкесі Бөрібай 5 жасар ұлымен Ертіс бойында егін салып күнелткені жайлы жырда
«Төренің кім шыдайды зардабына,
Басқанда жер қайысқан салмағына.
Төренің зардабына шыдай алмай.
Келдім де егін салдым жан қамына»- деп баяндалады. Төренің шабарманы ретінде әлденеше рет барымтаға барып жылқы алып, төрені олжаға кенелтсе де өзі жақсылыққа кенелмеген соң, өзі біліп бір атты Бейсенбі биге бергені үшін «ұры» атандырылып алақанына қорғасын құйылған Арқалық батыр егін салып өз күнін өзі көруге тәуекел етеді. Ертістің Қарақас өткелі деген жеріне Кене би тоған тартқызып біраз қарақас ауылдары егіншілікпен айналысқаны тарихтан белгілі. Арқалықтың да осы елдің ішінде болуы мүмкін деген пікір ойға оралады. Әйтсе де 5 жасар ұлы кәрі әкесі, жан жарымен бірге егін салып бейбіт тіршілік етуге талпынған батырдың тірлігі хан жарлығымен мүлдем басқа арнаға бет бұрады.
3.Арқалықтың Хобдаға сапарлары
Жырда Арқалық пен төрт серігінің дүрбітке барған сапарынан да бұрын Әжі төренің тапсырмасымен дөрведке барымтаға барғаны айтылады. Әйтсе де алғашқы сапарында Арқалықтың қай жерден жылқы қуғаны туралы дерек кездеспейді. Арқалық қолға түсіп тергелген кезде:
Жау болып кісі өлтірген қазақ –қалмақ
Кедей –ем боп аттандым олжаланбақ
Екі кеп қырық елуден жылқы айдадым
Екі соғыста өлтірдім екі қалмақ– деп шынын айтып қылмысын мойындаған сөзінен оның қолға түсуі 3- жорығы екенін аңғарамыз. Бір жорығынан қайтқан жолда Керейдің әйгілі биі Бейсенбі кезігіп жылқыдағы көкшұбар атқа аңсары ауады:
«Керейлік Бейсенбі би бесеуінен.
Сауға деп Көкшұбарды алды жолда»– дей отырып, олжаның ішіндегі тайпалған көкшұбар жүйрік атты сауғаға сұрап: «Жарармын мен де сенің керегіңе. Болса да не қажетің, сен өзіме», – деп Бежең олжа сұрайды. Арқалық әйгілі бидің сөзін жықпай қалауын береді. Өзінен рұқсатсыз Бежеңе ат берген Арқалыққа Әжі төре қатты ашуланып, дүрелеп, алақанына қорғасын құйғызады. Ұры атандырып әжуалайды. Осыған өкпелеген Арқалық Ертіс бойында егін салып күнелтуге бел байлайды. Арада бірер жыл өткен кезде Әжінің алпыс жылқысын дүрбіттер барымталап кетеді. Төре төлеңгіттерімен ақылдаса келе жылқыны бір қайтарса Арқалық қайтарады деген байламға келеді. Арқалықты көндіріп алып келуге Ботақара Бәйметейді жұмсайды. Әуелгіде 18 інде жорыққа аттанып жүрген Арқалық бұл кезде төреден қудаланып, ертіске келіп егін салып дегендей 2 ден 3 жылды артқа тастап 20 жастан асқан еді. Осыған негіздеп Арқалық және оның серіктері 1848-50 жылдары Хобда бетіне келген деп түйін жасауымызға болады. Жыршы Абақ Керейдің, шежіресінен қысқаша мағлұмат беріп, Абақ Керейді билеген Әжі төрені де таныстырып өткен соң, Әжінің алпыс жылқысын дүрбіттер барымталап алғанына тоқталып, дүрбіттердің бұндай озбырлығының негізгі себебі бірер жылдың алдында жаппай Қобдаға қоныс аударғанынан, Алтайдың жер жағдайын жақсы білетіні және қонысынан қуылып қазаққа есесі кеткен дүрбіттердің жиі мал барымталап тұрғанын баяндалады. Арқалықты лажсыз көндіріп серіктерін қасына қосып беріп кек қайтарып келу үшін жұмсағаны жырдан орын алған. Жолдастыққа кімді ертесің деген Әжі төренің сауалына Арқалық: «Ел шауып кел десең қол жинап бер малыма мал алып кел десең жаныма Жұбай, Тұяқ, Қияқ, Ситандарды ертіп бер»- деп жауап қайтарады. Жорыққа аттанып бара жатқан Арқалыққа серігі Жұбай « қуғын сүргін кісі өлсе не болам деп») төреден сұрауды ескертеді. Төре:«Ап келсең осы жолы бұл кегімді, Берсем де Сейілханды, сені бермен– деп жауап береді. Арқалық батырдың өмірі, уақиға жайы және адам, жер, су аттары тарихи оқиғаға байланысты нақты баяндалған. Өзінің үзеңгілес серіктерін қасына алған Арқалық Тұманды шалшықайдағы төре ордасынан шығып Нарін қараны асып Көксіннен көктей өтіп Шірік шиді басып, ертісті өрлеп Қыранннан ат салдырып жүзіп өтеді.
«Таң атқан соң жайланып атқа міндік
Бет қойып енді ертісті өрлей жүрдік
Өрмегейті, жанында Тасқия асу
Ақбұлақ суы күшті сонда келдік
Алтайдың Айыркезең асуы бар
Хобдаға сонан асып басуы бар» -деп жырлағандай тасқынды Ақбұлақ өзенінен өтіп Өрмегейтіге келеді. Өрмегейті, Айыркезең, Тасқия асулары аймағымыздың Сақсай, Улаанхус, Цэнгэл сұмынының ауылдарының жайлауына іргелес ҚХР-ымен арадағы шекара бойында жатқаны белгілі. Өрмегейті мен Айыркезеңнен асып келуге дөрвед шолғыншылардан сескенген батырлар Тасқия асуынан тас қопарып жол салып араға екі үн салып Дайын көлінің маңайына келеді. Осы орайда көл жиегіндегі бір мойнақтың Арқалық атымен аталатынын оны кейін қоныстанған қазақтардың Арқалыққа қатысы бар қандай бір дерекке негіздей отырып Арқалық атандырған болуы мүмкін екенін айта кеткен жөн болар. Менімше қазақтар көшіп келген соң Арқалықтың осы жерден жылқы айдағаны жайлы деректерге көзі тірі куәгерлер арқылы қанығып Арқалық асуы атандыруы әбден мүмкін.
Бұл 1850 жылдар кезі еді. Батырлар отарда жатқан жылқыдан 128 жылқыны бөліп алып ара тағы 3 қонып зорға деп Тасқиядан асырады.
«Кезеңге 3 күн жүріп зорға келдік.
Жұбай кетті алдымен жолды шалып» деген жолдарға қарап бұл жолы Арқалық жолдастары Жұбай, Тұяқ, Қияқ, Ситандармен бірге Хобда бетін қазіргі шекара бойынша біршама ішкерлеп кіргені аңғарылады. Жылқыны жолдастарына айдатып жіберіп Арқалық пен Жұбай тас домалатып жалғыз аяқ Тасқия жолын жауып тастайды. Ертіске жеткенде Дөрбет қуғыншылары келіп жетеді. Жұбай жылқыны жөнге салып жіберіп, Арқалыққа қайтып келіп, екеуі алпыс дөрбетпен айқасып алтауын өлтіреді. Солардың бірі Дөрбеттің қызыл тасты зәңгісі еді.Соңынан қалмай қуалап жақ тартып, өз өміріне қауіп төндірген сарала киімді қызыл тасты зәңгіні Арқалық қанжармен шауып өлтіріп алтындаған ерттеулі атын олжалап киімін сыпырып алады. Осы кезде Жұбайдың «Арқалық»- деген айқайы естіледі. Жалт қарап Жұбайдың жау қоршауында қалғанын көрген Арқалық жауды жапыра соғады. Қалмақтың біреуі жүйрік атының арқасында жанын сауғалап қашып бара жатып, Жұбай айқайлаған кезде Арқалықтың есімін ердің қасына жазып алады. Азапты сапарды артқа қалдырып батырлар елге оралады. Қара атты және оның күмістелген ер-тоқымын жолда кезіккен Әжі төренің інісі Тәтиге сыйға тартады.
«Арқалық дос болайын қолыңды бер
Жалғанда туа қалмас өзіңдей ер
Іші тар көре алмастың бірі еді
Төреге жол тартуды айтпаңыз серт-деп Тәти төре сөз байласады. Әжі төре бірден малды санап алуға кірісіп, олжаны көріп қуанғанымен, Арқалық мініп алған Көкмойынды көріп: «Қоя бер, басқа ат мініп, мұны», – деп қолқа салады. Арқалық көнбей қояды. «төренің түсі суып, тілден қалды» -дей отырып басқа төртеуіне бір-бір бие беріп: «Барған соң аттарыңды әкеп бер», – деп тапсырады.. Арқалық үйіне қайтып оралған соң көп ұзамай дүрбіттен қарулы жүз кісі Әжі аулына келіп, әлек салып, Шаған Кегеннің: «Берсін Арқалықты ұстап маған», – деген бұйрығын жеткізеді.
Әжі төре дүрбіттерге Арқалық пен серіктерін ұстап беруге келіседі. Әжінің опассыздығын сезген Тәти төре Арқалыққа шабарманын жұмсап шақырып болған жайды баяндайды. Орыстың қолындағы Қаратай ішіне тығылуға кеңес береді. Тура кетуге әкем алаңдайды ғой деп көрген батыр үйіне барып, қоштасып жүріп кеш болып ертістен өте алмай жағада қонады. Ертесінде оянса атын қасқырлар қамап жеп кеткенін көреді. Айналып Тәти төре барады. Досы оған ат мінгізіп ертістен өткізіп тастайды . Ондағы нағашылары Арқалыққа пана бола алмайды. Төренің жансызы Арқалықтың осында екенін хабарлайды. Ақыры дөрбедтер Арқалық пен Жұбайды ұстап түйеге теңдеп әкетеді.
Тұтқындарды алып кеткен дүрбіттердің аялдаған қаласының аты – А.Татанайұлы нұсқасында Делүн, А.Түгелбаев нұсқасында – Құлжа, Әбілғазыұлы нұсқасында – Буыршын, Е.Ахметов нұсқасында – Қобда.. Сұлтан Мәжитұлы нұсқасында алтай жерінде болған қазақ-қалмақ арасындағы тартыс көрсетіледі. /«Арқалық батыр жырының нұсқалары» Тлеубаев Советхан Баянұлы/ Бұл нұсқаның Ержан нұсқасынан көп өзгешелігі бар. Ержанда Арқалықтың түрмеге түскен жері Қобда қаласы, әміршісі Ежен хан болып жырланады. Ежен ханның өзі: «Арқалық қайсысың», – деп сұрақ қойып, орнынан түрегеліп, бас кейіпкерден жауап алады, ақырында: «Қор болған қазағында батыр екен, Әзір біз өлтірмейік», – деген шешімге келіп, бұларды зынданға салуды бұйырады. Жырда Арқалықтың Ежен ханға апарылғаны тек әсірелеудің үлгісі екенін аңғартады. «Ежен хан» деп қазақтардың Қытай императорын атайтыны белгілі. Арқалық пен Жұбай күзден бастап, келесі жылдың жазына дейін Хобдадағы Шолтым ламаның есігінің алдындағы күркеде жатады. Арқалықты жиырма жастағы Балжын атты монғол қызы азат етеді. Ол қыз меншікті әйелі жоқ ламаның үйінде уақытша әйелдікте жүреді. Сол сұлу Арқалықты босатқан күні дүрбіттер өздерінің Шаған деген мейрамын тойлап, кәрі-жасы түгел мас болып, тұтқын жатқан күрке қарауылсыз қалады. Шүлтімнің елінен ретін тауып қашып шыққан Арқалық пен Жұбай азапты жолды басып өтеді. Арқалық пен Жұбай қашып шыққан соң Хобдадан тура Дэлүүннің Бессала асуларына қарай жол тартады. Тамағындағы қанжардан түскен жарасы жазылмаған Жұбайдың тамағынан ірің сорғаласа жайлақ аттан аяғы салаңдап Арқалықтың жағдайы кетеді. Осылай келе жатып суыр аулап жүрген урианхайлардың атына көзі түседі. Мен атын тартып алып келе қояйын деп Арқалық тұра ұмтылып бір атты міне жөнелгенімен арты жанжалға ұласып Жұбай қайтыс болады. Хобда қазақтары Жұбайдың қайтыс болған жері Хобда сұмынының Қалбаң деген жері деп көрсетеді. Көксеркенің теріскей беті Хобдадан Алтайға асар асудың бойында жатуы А.Татанайұлы нұсқасында Делүн деген жер аты аталуы осылай болжам жасауға негіз болады. Жұбайдың қайтыс болған жерін келесі біреулер дайын өлкесінде деген пікірді де көлденең тартады. Қалай дегенмен де 20 жасар Жұбайдың жас денесі Хобда бетінен топырақ бұйырған алғашқы қазақ болып қалды.
Жалғыз келе жатқан батыр Күректі дегі Қоңқа батырға кезігеді..
Арқалық елге жетісімен Бейсенбі бидің ақылымен бірден төренің аулына ат ойнатып келеді. Ажы ақсарбас шалып, кешірім сұрап, Арқалыққа тоғыз байлайды. Арқалықтың Жұбай ердің құны үшін төреден бес жүз жылқы алғаны, оны Қияқ, Сейтен, Тұяқтардың іздеп келіп, көріскені, төртеуінің жылқының біразын кедейлерге таратып беріп, үш жүзін Жұбайдың үйіне айдап барғаны нұсқада кездеседі.
«Арқалық батыр» жырының қай нұсқасын алып қарастырсақ та, келісті өлең өрімдеріне, тармақтарының шебер құрылған сыртқы және ішкі ұйқастарына куә боламыз. Туынды қара өлең үлгісімен жазылған. Көркемдігі келісті дүние. Оқиғаның бірінші жақтан баяндалады. Соған қарағанда жырды Арқалық батырдың өзі шығаруы мүмкін.
Жырдан тыс Арқалықтың кейіннен Хобда бетіне тағы келіп тұтқынға түскені туралы деректер кезігеді. Бұл жолы Арқалық түрмеден қашып шығып жолда қаза тапты деген де аңыз бар. Батырдың сүйегін қазақтар бір жылдан кейін Алтай асулары ашылған кезде келіп жерледі деген сөз халық арасында кезігеді. Арқалық өмір сүрген өлкеде батырдың бейіті деген нақты белгі кезікпеуі аңыз түбі ақиқат дегенді айтып тұрғандай. Жазушы Кәп Увс аймағының Өмнөговь сұмынының Улиастай бағының жерінен Арқалық деген араб ғарпімен жазылған сынтас көрдім десе, көпті көрген Калемшаріп қария Ногооннуурдың Дөч деген жерінде сандықшалап жиған мұсылманша қабір барын, мұны бұл өлкеге алғаш көшіп келген қазақтар көріп таң қалысыпты деп айтып отыратын. Екінші жолы түрмеден қашып шыққан Арқалық із тастап Хобда өзенінің сыртымен жағалап жүруі, Баяннуурдың тұсындағы сынтасқа өз атын қашап жазуы, Ногооннуур тұсында батырдың жазым болуы әбден мүмкін. Қалай болғанда да бұл тақырып көп зерттеуді қажет етеді.
Жоғары келтірілген деректерге бағына отырып Арқалықтың Хобда бетіне үш рет жорықта болғанына көз жеткіздік. Әуелгі кезде Өрмегейті асуынан асып екі-үш күндік жол кешіп ішкерлеп кіргене қарап Арқалық және оның серіктері қазіргі Цэнгэл, Сақсай, Уланхус сұмындарының біршама өлкесін шарлады деп қортындылауымызға болады. Ал «Жөнелді бізді теңдеп Алтайды өрлеп,түйемен он күн жүріп Хобда келдік»-деген тіркеске қарап тұтқынға тұскен Арқалық пен Жұбайды ең төте жолмен Алтай сұмыны өлкесіндегі құрымты асуымен алып өтуі мүмкін. Жұбайдың жолда өлгенін ел арасында тараған
«Құрдас-ау қайда құрдасың
Жасыңнан құрбы сырласың
Жарты құрт болса бөліп жеп
Бір өлем деген сырласың
Жолда өлсе қолдан қойдың ба
Егескен жауың сойды ма
Далада қалып сойылмай
Көздерін қарға ойды ма
Құрдас-ау сенен сұрадым
Шыдай алмай жыладым
Құрдасын жоқ жалғыз кеп
Таусылғандай лажың –деген жоқтау да дәлелдейді.Жұбайдың денесі Көксеркеде деп көрсек Арқалық бұл жолында қазіргі Тұлба , Хобда, Дэлүүн сұмындарының өңірін басып өткен болады. Жырда «сайқанда он кісілік үңгір көргем» «сонан соң қара доңғал тауға келдім(Батырлар жыры 5-том 125-бет) тіркестеріндегі жер аттары Бұлғын Дэлүүн өлкесіне сәйкес келеді. Жазушы Кәпің Увс аймағының Өмнөговь сұмынының Улиастай бағының жерінен Арқалық деген араб ғарпімен жазылған сынтас көрдім дегені, Калемшаріптің Ногооннуурдың Дөч деген жерінде сандықшалап жиған мұсылманша қабір Арқалық батырдікі болуы мүмкін деген дәйектерге қарап Арқалықтың бұдан басқа да көп жерлерде болғанын аңғарамыз. . Ендеше Хобда өңіріне үш рет барымтаға келіп, екі рет тұтқын ретінде ұсталып, алғашқысында 9 ай Хобда түрмесіне қамалып қашып шыққан соң айлап жүріп аулына жеткен Арқалықты Хобда бетін ашқан қазақтың Христофор Колумбысы деп атасақ артық болмас. Арқалықтың жорықта жүрген 1848-1850 жылдары Хобда бетіне қазақтар қоныстанбаған кез екеніне жоғарғы дәлелдер куә бола алады. Арқалықтың және жолдастарының Хобда бетінің табиғаты, халқының сиректігі, жайлымының молдығы туралы әңгімелері Хобда бетіне көшуге бел байлаған қазақтарға қамшы болуы да мүмкін.