Жаңалықтар

Әлем классиктерінің әдебиет нұсқалары ағылшынша-қазақша жарық көрді

«Жазушы» баспасы ағылшын тілін деңгейлеп үйренуші оқырмандарға арнап әлем классиктерінің шығармалары мен аудионұсқаларын алғаш рет шетелдік баспалармен бірлесе отырып екі тілде шығарды. Тілі жеңіл, сөздік қоры көп емес, оқиғалары да қарапайым түрде баяндалған кітап соңында оқығандарыңызды пысықтау үшін арнаулы материалдар берілген.Кітаптағы ағылшынша-қазақша сөздіктің де пайдасы зор. «Жазушы» баспасының мақсаты – әлем классикасын меңгерумен қатар ілгері басқан көштен қалып кетпеу үшін ағылшыншаны қазақшамен қоса игеруге көмекші болу. Бұл жолы аталмыш топтаманың бір бөлігі Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Тіл комитетінің тапсырысы бойынша «Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» аясында жарық көрді. Бес деңгейден тұратын кітаптарда ағылшын және ирлан әдебиетінің телқоңыры Жонатан Свифтің, Дания жазушысы Ханс Христиан Андерсеннің, француздың даңқты жазушысы Жюль Верннің, француз әдебиетінің классигі Александр Дюманың, ағылшынның атақты жазушысы Чарльз Диккенс және т.б. әлем классиктерінің шығармалары бар. Шытырман оқиғаларға толы кітаптарды оқи отырып, ағылшынша сөз қорыңыздың қалай тез байығанын байқамай да қаласыз. Кітаптың ұтымды тұсы – қазақ баспагерлері тарихында тұңғыш рет ағылшынша-қазақша жарық көруі. Бүгінгі күні ағылшын тілін меңгеруге арналған кітаптардың саны көп болғанымен, олардың басым бөлігі ағылшын-орыс тілінде басылып, ұлт оқырмандарының талап-тілегі орындалмай жататыны жасырын емес.
«Жазушы» баспасының тақырыпты жоспарларында осы бағыттағы кітаптар аз емес, – дейді баспа директорының орынбасары Зайра Бошанова бізбен әңгімесінде.

Арна ЖҰМАТАЙ


1 пікір

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

*