Қасиетті Рамазан айы аяқталғанын білдіретін бұл мереке –исламның ғасырлар бойғы игі дәстүрінің, оның маңызды рухани құндылығы болған кең пейілдің, жақсылық пен мейірімділіктің көрінісі.
Әлемнің барша мұсылмандары мүбәрак Рамазан айында өздерінің санасы мен жүрегін жаман ой, жат пиғылдан арылтады. Ораза айт иманды күшейтіп, азаматтарымызды қайырымды іс жасауға, жақынына көмектесіп, мұқтаждарға қол ұшын беруге, қонақжайлылық пен жомарттық көрсетуге жігерлендіреді.
Халқымыз ислам татулық пен тағаттылықтың, жасампаздық пен жарасымдылықтың діні екенін әрдайым өз ісімен көрсетіп келеді. Ораза айт мейрамы елімізде мұсылмандарды ғана емес, күллі қазақстандықтарды біріктіре түседі.
Қазақстан халқы өз жеріне деген зор сүйіспеншілігімен, даналығымен, еңбекқорлығымен, үлкенге құрметімен, айналасына қамқорлығымен ерекшеленеді. Тәуелсіз еліміз өзінің бай рухани мұрасын, қайталанбас тарихи, мәдени және діни дәстүрлерін орынды мақтаныш етеді.
Оларды дамыта отырып, біз қоғамдағы ұлттық мәдени және рухани алуандылықты сақтауға, азаматтар арасындағы өзара құрмет пен сенімнің нығаюына одан әрі ықпал етуіміз қажет.
Осынау қастерлі күнде мен барша қазақстандықтарға рухани күш-жігер, жарқын көңіл, табыс, зор денсаулық және бақ-береке тілеймін!