Қазақтың ұлы ғалымы Ш.Уәлиханов Абылай ханға арналған өз еңбегінде XVIII ғасырдың қазақ тарихы үшін аса бір ауыр кезең болғандығын ашып айтады. Қазақты қан жылатқан «Ақтабан шұбырынды» жылдардың халық есінен көтеріле қоймағынын да тілге тиек етеді.
Қазақ халқы үшін қатерлі сын-сағатта Абылайдай дананың билік басына келіп, халықты ұйымдастыра білуінің арқасында, анталаған жауға тойтарыс бере алғаны да тарихтан белгілі. Әрине, Абылайдың жауға төтеп беруі үшін де оның қасында данагөй билері мен баһадүрлерінің болғаны да белгілі. Оны тарихи құжаттармен бірге, ел арасында кең тараған тарихи жырлар мен аңыздар да дәлелдеп бере алады. Айталық Абылайдың бас батырлары болған Қабанбай, Бөгенбай, Олжабай, Баян, Тұрсынбай, Малайсары, Райымбек, Наурызбай, Бармақ, Шақшақ Жәнібек т.б. батырлар мен Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би қатарлы билер туралы туған жырлар мен аңыздардан сол кезеңдегі тарихи жағдайдың сүрлеуін аңғаруға болады. Жоғарыда аты аталған батырлардың қатарында «Керей Ер Жәнібек» батырдың да орыны айырықша екені белгілі, оны Абылай дәуірінде жасаған Үмбетей жыраудың төмендегі толғауларынан көрінеді:
Аруағыңа болысқан,
Әділ билік қылысқан.
Қашпаған қандай ұрыстан
Керейде батыр Жәнібек,
Қаз дауысты Қазыбек,
Қу дауысты Құттыбай,
Қаракерей Қабанбай,
Қанжығалы Бөгенбай –
Абылай сенің тұсыңда,
Сол бесеуі болыпты-ай! ( Бес ғасыр жырлайды: 2 томдық. 1-том. Алматы, 1989, 77-78-бб.).
«Ер Жәнібекке» байланысты туған, халық арасында тараған, жырлар мен аңыздардың шоғырының молдығы, онда Жәнібектің асқан батырлығымен қоса, тілге шешен, ойға көсем алымдылығы, би болғандығы да айтылады. Жырлар мен аңыз мәтіндерінде көбіне сөз болатыны, жоңғар шапқыншылығы мен қазақ батырларының оған жасаған зілді тойтарысы.
Алайда тарихи жырлар мен аңыздардан нақтылы тарихи оқиға мен белгілі бір кезеңді талап ету артық. Ол туралы ғалымдарымыз былайша ой қорытады: «Тарихи жыр көркем шығарма болғандықтан, онда өмір сол қалпында суреттелмейді, қайта тарихи фактілері мен оқиғалары көркемделіп, біршама өзгертіліп көрсетіледі. Тарихи шындықты, болмысты фольклор да, әдебиет те, өнер де дәл сол күйіндей бейнелемейді. Әсіресе, фольклорда өткен заман оқиғалары тұтастанып, бір дәуірге шоғырланады, сондықтан әр шығармадан нақты болған тарихи оқиғаны, істі, фактіні сол қалпында болады деп іздеуге болмайды. Фольклорда уақыт тұйықталады, кеңістік жиырылады, іс-әрекеттер әсіреленеді…» ( Қасқабасов С. Тарихи жыр: жалпы сипаты / Қазақ әдебиетінің тарихы. Он томдық. 1-том. Астана, 2008. 505-б.) .
Тарихи жырлардың аралық жанр екендігін ескерсек, онда батырлық эпостардың да ерекшеліктері көрініс беретінін аңғарамыз. Сол тұрғыдан келгенде «Жәнібек батыр» атына байланысты туған жырлар мен аңыздарда да классикалық эпос композициясы сақталғанын аңғаруға болады. Ол батырға байланысты жырлар мен аңыздарда төмендегідей көрініс табады:
1. Кіріспе (батырдың ата-тегі, шежіресі, ұрпаққа зар ата-ананың киелі батырдан бата алуы);
2. Батыдың ерекше жағдайда тууы (Жәнібек батырға жүкті болған анасының көкбөрінің етіне жерік болуы);
3. Батырдың ерекше қиын жағдайда ер жетуі (өмір сүрген ортасының жаугершілік заманға тура келуі, Жәнібектің әкесінен жастайынан жетім қалып, нағашысы Қазыбек бидің қолында өсуі);
4. Батырға батырлықтың қонуы (егіз көкбөрінің даруы немесе айдалада тігілген жалғыз отауда жатқан Жәнібекке айдаһардың шаңырақтан түсуі, аюдың есікте әрең кіруі, арыстанның жатқан батырдың төбесінен төніп қарауы, бұлар төтемдік түсініктің санада жаңғыруы арқылы жырлар мен аңыздарда берілуі);
5. Батырға сай сауыт-сайманы болуы (нысаналы ақ жыланның Жәнібектің алдынан жолығып, бір түп шидің астына кіріп жоқ болуы, батырдың жарқыраған ақ сауытты тауып алуы яғни төтемистік көзқарастың жаңғыруы; Шақшақ Жәнібек батырдың өз сауытын силауы);
6. Батырдың жан серігі тұлпары болуы (көк дөненнің көп жыл бедеу жүрген, алдына ат салмаған жүйрік биеден тууы, жиырма бес бұғалық пен отыз жігіт қаптаса да көк дөненді құрықтай алмауы, Жәнібектің жалғыз өзі шоқтықтан басып, жүгендеп, ер салуы);
7. Батырдың жорыққа аттанар алдында бата алуы (нағашысы Қазыбек биден, кейде Досымбек пен Өмірден, анасынан, қаракерей Соқыр абыздан бата алуы);
8. Батырдың алғашқы ерліктері (Абылайдың, кейде Қабанбайдың батырды сынап, бейіт ағашын алып келуге жұмсауы);
9. Батырдың алғашқы жорығы (жау ортасында қалған Абылайға астындағы атын түсіп беруі, жау батырымен алғашқы жекпе-жегі);
10. Батырдың ерлігі, сөзге шешендігімен хан қасынан орын алуы, ел арасында би атануы (Жәнібектің Абылайдың оң тізесінен орын алуы, сарбазын сайлауы, төбеге тігетін ақ ту алуы; Жәнібектің Тіленші биді сөзбен бууы, Бекболат бидің Жәнібекке баға беруі);
11. Батырдың қол астындағы жұрттың басын біріктіруі, билік айтуы (өз қарамағындағы бытырап кеткен керей руларының басын біріктіріп, он екі атаға топтауы);
12. Батырдың қартайып, қайтыс болуы (Алтайға керейлерді қоныстандырып, Көгедайды төре сайлауы).
Жоғарыдағы тізбектеп көрсеткен құрылымның барлығы да Жәнібекке қатысты жырлар мен аңыздардан толықтай көрінеді. Сонымен бірге Жәнібектің аты өзі тұстас, жорықтас батырларға байланысты жырлардан да кездеседі. Айталық найманды қырғыздардың шауып, Қабанбай батырдың қапаланып жатқанын естіген үш жүздің батырлары Абылайдың бастауында Қабанбайдың төңірегіне жиналғаны туралы «Қабанбай батыр» жырында айтылады. «Есенгелді батырға» байланысты туған жырларда да, керей жастабан руының батыры «Нұралы батырға» байланысты жырларда да Жәнібек батырдың ерлігі сөз болады.
Батырдың есімі әр дәуірде өмір сүрген ғұламаларымыздың еңбегінде де ерекше ыждағаттылықпен көрсетіледі. Айталық, Құрбанғали Халид, Машһұр-Жүсіп Көпеев, Шәкәрім Құдайберді, Ақыт Үлімжіұлы, М.Әуезов, Асқар Татанайұлы қатарлы тұлғалардың кітабында да аталып өтеді. Қазір де Жәнібек батырды тарихи тұрғыдан, фольклорлық жырлар мен аңыздардың кейіпкері ретінде ірілі-ұсақты еңбектер жазылып, кең көлемде зерттелу үстінде. Бұл жерде Жәнібек батырға байланысты екі тарихи роман жазылғанын да ескерте кеткеніміз лазым.
Назар аударатын бір жағдай, тарихта «Жәнібек» атты тұлғалардың да көп болғанын білеміз. Солардың ішінде Шақшақ Жәнібек пен Бердәулетұлы Жәнібекке байланысты айтылатын аңыздардың екі батырға да телініп жүргенін байқаймыз. Оның нақтылы мысалы М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының қолжазба қорында (аңызды айтушы – Семей облысының тұрғыны Қалихан Алтынбаев. 280 бума, 3-дәптер. Қолжазбаны айтушы 1969 жылы қорға өз қолымен тапсырған.) сақталған «Қошқарұлы Жәнібек» атты аңыз. Аңызды оқи келе бұл аңыздың Ер Жәнібек Бердәулетұлына қатысты туған аңыз екендігі анықталды. Енді бір мысалы М.Әуезовтің М.Сильченконың «Шоқан Уәлиханов» туралы «Қазақ әдебиеті тарихының» 2 томына жазған еңбегіне айтылған пікірінен көрінеді. Онда М.Әуезов «Шоқан Уәлиханов жазған аңыздарда жаңсақтық кеткен, негізі ол аңыз Шақшақ Жәнібекке емес, керей Жәнібекке байланысты туған аңыз» дегенді айтады. Онда М.Әуезов былай деп жазады: «62-бетте, Шоқан келтірген тарихи әңгімеде, Шақшақұлы Жәнібек турасында жаңылыс сөйленген. Бұл әңгімедегі батыр – Керей Жәнібек болу керек. Себебі Шақшақұлы Жәнібек батыр емес, би ғана болған. Ал, керей Ер Жәнібек Шоқанның әңгімесіне қисыны келетін, анық Абылайдың батырының өзі болған. Осы ретте Шоқанның жаңсақ жазғанын айтып, сноска беру керек сияқты» деген пікір айтады (Әуезов М. Шығармаларының елу томдық толық жинағы. 50-т. Алматы, 2011. 266-267-б.б.).
Батырға қатысты жырлар мен аңыздардың үлгілері елімізде, қала берді ҚХР мен Моңғолияда қоныстанған қандастарымыздың арасында кең көлемде сақталған. Алматыдағы Орталық ғылым кітапхана мен М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының қолжазба қорларында шағатай-қадым жазуымен, төте жазумен, латын әрпінде және крилл әрпінде жазылып, хатқа түскен материалдар бар.
“Қамшы” сілтейді
1 пікір