Алтай аңызы

Хасен Қалибекұлы ОРАЛТАЙ: “EЛIM-АЙЛАП” ӨТКЕН ӨМІР (2 бөлім)

Қысқаша мағлұмат: Хасен Қалибекұлы Оралтай, әлемге танымал халықаралық қаламгер — 1933 жылы Шығыс Түркістанның Тарбағатай аймағындағы Майлы-Жайыр жайлауында туған. Ауыл мектебінен сауатын ашқан. 1945-жылдан бастап Шығыс Түркістан ұлт-азаттық көтерілісі жетекшілерінің бірі болған әкесі Қалибек хакім Райымбекұлының қолғанаты болған. 1947 жылдан бастап “Үш аймақ” үкіметіне наразылық танытып, Кеңес одағының империялық саясатына қарсы шығып, Қызылөзеннен Еренқабырғаға қоныс аударған. 1949-жылдан бастап қуғынға ұшырап, жазалау әскерімен соғыса жүріп тұз қақтаған Такламакан шөлін кесіп өтіп, Тибеттің қуаң Саржонын басып, ыс басқан Гималай тауын асып, 1951жылы Үндістанның Кашмир аймағына өткен. 1954-жылы Түркияның Салихлы қаласына тұрақты қоныстанған. Түрік, ағылшын тілін меңгеріп, шетелдік саяхатшыларға арналған дүкен мен қонақ үйде қызмет істейді. Сонда танысқан американдық әскерилердің ықпалымен 1957 жылы

НАТО-ның Ізмірдегі әуе күштері мекемесіне қызметке алынады. I960 жылдан бастап бірыңғай қаламгерлікпен айналысқан. “Бұйұк Түркелі” (1962), (Түркелі” (Ізмір) журналдарын, “Коммунизммен күрес” (Ізмір, 1965) газетін ашқан. 1967 — 1988 жылдары Мюнхендегі “Азаттық” радиосының қызметкері, 1988 жылдан бастап “Азаттық” радиосы қазақ бөлімінің директоры боды. 1993-жылы Алматыда қазақ бөлімінің бюросын ашты. 1995 жылы зейнетке шықты. Қазір Мюнхенде тұрады.

“Шығыс Түркістан қазақ түріктері — азаттық жолында”(1961), “Бұйүқ түрікшіл Мағжан Жұмабаев (1965), “Алаш — Түркістан түріктерінің ұлт-азаттық ұраны” (1971), “Алтайдағы қанды күндер” (1977), “Қазақша — түрікше сөздік” (1984), “1986 жылғы 17-18 желтоқсандағы Қазақстан оқиғалары” (1988) және осы жинақта үзінділері қысқартылып беріліп отырған “Елім-айлап” өткен өмір” (1999, Станбол, 2005, Алматы) атты ұлтжанды кітаптардың авторы. Естеліктің баспаға дайындағандар Т.Жұртбай мен Е.Сіләмханұлы.