Бірінші бөлімді мына жерден оқи аласыз
АТАМЕКЕННЕН АЛЫСТАУ, ТУҒАН ЖЕР ЖӘНЕ ТУҒАН ЕЛМЕН ҚОШТАСУ
Сонымен атамекеннен, елден-жерден кететін күн келіп жетті. Қар жауған-ды. Егер қар жаумаса да кетуге мәжбүр едік. Үрімжі, Тоқсын, Тұрфан жақтан келіп Қарашәріні басып, Қашқар, Хотан жаққа баратын тас жол — біз тұрған Көклік тауының етегін көлбеп өтетін. Сол тас жолдан күндіз-түні дамылсыз әскер машиналары ағылуда еді. Оны біздің шолғыншылар барып анықтаған-ды <…>.
Көкліктен 1949 жылы 12-айдың 23-күні Такламакан шөліне қарай көшіп, тау арасындағы бекіністен түсіп, бөктерге барып қондық. Нақтылы санын білмеймін. Кейінгі топшылауларға қарағанда 200 үйден астам ел едік. Оның бәрінің айдаған — қойы, жылқысы, жетелеген — түйесі барды. Көкліктен көшіп-қонған күннің ертеңінде, Үрімші — Қашқар, яғни Оңтүстік Шығыс Түркістан мен Солтүстік Шығыс Түркістанды байланыстырған тас жолды кесіп өтуге тиіспіз. Тас жолдан үздіксіз әскер өтуде еді. Олармен біздің кездесуіміздің қарулы қақтығысқа жетелейтіні сөзсіз-ді. Сондықтан да, бүкіл 200 үй шамасындағы елдің көші, қоралы қойымен, үйірлі жылқысымен тас жолдың оң жағындағы бір жылғаға келіп жиналды. Іңірде, қасқарайып, көз байлана бергенде, елдің кеші. мен малы бірден тас жолдан өтуге даярланды. Тас жолдың дәл көш өтетін жерінің екі жағына, бірер шақырым қашықтыққа, оңтайлы жерлерге он кісілік мергендер орналастырылды. Олар көш тас жолдан етіп жатқан кезде, әскери машина келетін болса, дөңгелектерінен атып, тоқтататын болған-ды. Сонымен, 24.12.1949 күні кешке, іңірде, касқарайып көз байлағанда, “Қашбектің елі” Үрімжі – Қашқар тас жолын кесіп өтті. (Кейін, Тарым жаққа айдауға барған қазақтардың айтуынша, тас жолдың сол біз өткен нүктесінің екі жағы, көш ізімен ойылған аңғар болған. Оны халық “Қалибек өткен” — деп атап кетіпті). Бұл тас жолдан өтуді ел бейне бір мемлекеттік шекарадан өтіп, жаудан құтылғандық ретінде бағалаған-ды…
Көклік тауы жақтан келіп тасжолдан өтіп, біз ылғи ылдилап ойға қарай тарттық. Көштің ең алдында Сәпең келеді. Ол кісі жоғарыда айтылғанындай, бұл жолды шолып қайтқан топта болған. Әкем көштің, жалпы елдің артында еді. Көштің арт жағы тасжолдан өткен кезде: қытай әскерлерімен ұшырасып қала ма, немесе қуған жау бола ма? — деген қауіптенушілік болды.
Бесін уақыты шамасында артынып-тартынып, тас жолдың үстінгі жағынан қозғалып, іңір түсіл, қас қарайғанда қозғалған көш түн ортасы ауып, үркер жанбасқа қарай төмендегенде, бір жерге барып тоқтады. Маңайда қамыс, жыңғыл сияқты өсімдіктер бар-ды. Жер шым емес, қиыршық қаратасты құмайт. Үздік-создық болып елдің бәрі сол жерге келіп шоғырланды. Таңертең сиыртүс шамасында көш тағы жөнелді. Бұл көштің сонау Үндістан шекарасына дейін ұласатындығын ол кезде қанша кісі білгенін айту қиын.
Тас жолдың астыңғы жағына өткен күнгі көш те ылдилап ойға қарай тартты. Тек сол күні түс ауа, екінті кезінде көш адырлы бір өңірге қарай өрлеуге бет бұрды. Кейде бозғыл, кейде мүлдем қап-қара тасты, көк-жасыл өсімдіктен ада төбешіктер мен жылғалар, жасыл жайлау жақтан келген бізге тым сүйкімсіз, тіпті үрейлі көрініс туғызды <…>.
Сонымен Көкліктен көшкеннен кейін 13 күн жүріп, Лоп-Нор өзеніне келдік. Өзеннің екі жағына қатқан мұздан өтуге болатын. Өзен бойында қамыс, жыңғыл, оның түбіне біткен өсімдіктер баршылық екен. Бірақ, терек және қарағай сияқты зәулім ағаштар жоқ. Өзен қабағынан онша ұзап шықпадық. Әкемнің шолғыншы ретінде жіберген жігіттері: “Жандыда қарақұйрық бар екен”, — деп келді. Сонымен бірге Лоп-Нор өзенінің жағалауында, бұрын қарақұйрық сияқты аңдарды аулап келген болуы ықтимал кісілердің көне іздері де кездесті. Оны сол маңға жақын көрші және басқалар сияқты ұйғырлардың елді мекендерінен келген кісілер шығар, — деп жорыдық. Басқадай Лоп-Нор өзені төңірегінде ешкімді кездестірмедік <…>.
Лоп-Нор өзенін жағалап апталар бойы көштік. Өзен жағалауында кейде көне құрылыстардың қалдығын да кездестірдік. Оны зерттеп, мән-жайын аңғаруға тырысатын бізде уақыт та, дәл сол кез үшін айтқанда, саналы ой да жоқ еді. Күндер, апталар өткен сайын көлігіміз де арықтай бастады. Көш қатарында жаяу жүрушілер де кездесетін болды. Сол жаяу жүріс басталған күндердің бірінде Сәліс Әміреұлының Әбдікәрім Ынтықбайұлына: “Әй, Әбеке, анада маған бермеген кітабыңды тастағанша, енді маған бер”,— дегенде, Әбекеңнің: “Бермеймін, көтеріп жүремін. Дымым құрыған жерде ағаш басына байлап кетемін”, — дегені әлі есімде. Ол соншалық қандай кітап еді!? Олардың екеуі де, Тибет жерінде ұйғыр Жолбарыс пен оның ұлдары жағынан өлтіріліп, кітабы да өртеліп жіберілді..
Лоп-Нор өзенін көлге қарай құлдиап бірнеше апталар бойы көшкеннен кейін, өзен жағалауына қонғанымызда, түнде мұздың астынан қорқылдаған ғажайып дауыстар естілетін болды. Ол бұрын біз естімеген дыбыс-дауыстар-ды. Кейін біз Үндістанның Бомбей қаласында және Түркияның Ыстанбұл мен Ізмір қалаларындағы хайуанат бақшаларына барып аралағанда, сондағы су астында жүретін төрт аяқты үлкен хайуанның дауысының Лоп-Нор өзенінде мұз астынан естілген дауысқа ұқсайтындығын аңғардық.
ЛОП-НОР ӨЗЕНІ ЖАҒАЛАУЫНДА КӨШТІҢ АРТЫНАН КЕЛГЕН БЕЙТАНЫС КІСІЛЕР
Өзенді құлдилап көшудегі мақсат — өзеннің аяғындағы Лоп-Нор көлін айналып, Такламакан шөлінен өтіп, Алтын тауға жетіп, содан Гималай тауының етегіндегі Гаскөлге бару еді. Олай етпегенде Лоп-Нор өзенінің көлге құйған жеріне жақындап барып, сол жерден Такламакан шөлін кесіп өтіп, шөлдің екінші жағындағы адырдағы ауыз суы бар бұлақка жету керек. Лоп-Нор өзенінің аяғын айналғанда да осы бұлаққа соғу, соның жанындағы өзіміз “Ұзынсай” деп атаған сайды өрлеп, межелеген жерге қарай беттей беру қажет еді.
Лоп-Нор өзенін жағалап дәл қанша күн көшкеніміз белгісіз. Кейін Гималай тауында апам, Нұрқамал деген баласы өлгенде, сол қарындасымның түйіншектерін шешіп отырып, соның бір кішкене дорбасының ішінен 28 тас шығарып: “Мыналарды Лоп-Норды жағалап көшкенде Нұрқамалым “әр қонған жердің белгісі”, — деп алып, осы дорбасына салушы еді. Айналайынымның осы тастардың санындай да өмірі болмады ғой”, — деп егіле жылағаны есімде.
Бір күні көштің артындағы қарауылдан жедел хабар келді. “Артымыздан бейтаныс үш кісі келді. Жетелеген екі аты бар. Үшеуі де ұйғыр. Сізді көріп сөйлесеміз — дейді”, — деді әкеме хабар жеткізген жігіт. Біраздан соң олар да келіп жетті. Лоп-Нор өзенінің басындағы Көнші деген ауданның әкімі Емін Дамолла деген кісі екен. Жанындағы атшысы Айсары деген жігіт. Үшіншісі оларды бізге жеткізіп салып, қайту үшін келген басқа бір ұйғыр жігіті. Емін Дамолла кезінде генерал Махмұт (Махмұт Сыжаң) пен бірге елден қашып шығып, сонау Жапонияға дейін барып, кейін елдегі жағдайдың сәл дұрысталғанын естіп қайта оралыпты. Кезінде Мәскеудің Үрімжідегі қуыршағы залым Шың шы цайдан қашқан бұл кісі, енді May зы дүңның (қытай коммунисттерінің) зұлымдығынан үрейленіп, қашып бара жатқан бізді естіп, бізбен еріп шетке шығып кету үшін келіпті.
Қытай коммунистерінен қашқан ұйғыр Емін Дамолланың қанын қытайшыл ұйғыр Жолбарыс пен ұлдары ағызып, шейіт етті. Емін Дамолла да, Сәліс Әміреұлы, Әбдікәрім Ынтықбайұлы және Әділ Сексенұлдарымен бірге Тибет жерінде Жолбарыс пен ұлдары жағынан өлтірілді.
ТАКЛАМАКАН ШӨЛІНЕН ӨТУ
JIoп-Hop өзенінің көлге жақындаған мойнағына таяғанда, өзен мұзының жұқарғандығы, тіпті кей жерлерде мүлдем ерігендігі байқалды. Бұл арада әкем, тиісті кісілерді шақырып ақылдасып, өз ұйғарымын айтты:”Көлді айналып өту ұзақ. Көлігіміз арықтайды. Екінші жағынан көлдің айналатын жағасы батпақ болып, өткел бермеуі де ықтимал. Сондықтан осы тұстан Такламакан шөліне кіріп, әрі қарай өтіп шығайық”, – деді. Сол ұйғарысқа сай Лоп-Нор өзенінің екінші жағына өтуге тиіс болдық. Бірақ, әлгінде де айтылғанындай, өзен мұзы бұл тұста жоқ еді. Сондықтан бір-екі күн кейін көшіп барып өту керек болатын. Әкем оны дұрыс санамады: “Не де болса осы жерден өтуге тырысайық” – деді. Сонымен дағдысына сай өзі көштің алдында шығып өзеннен өтуге кірісті. Мұз опырылып кетті. Аты малтый жөнелді. Аттан айрылмаған әкем де аман-есен ар жаққа өтіп шықты. Артынан сәл кейіндеп көш пен малымыз да өзеннен өтті. Бірақ елдің қомақты бір бөлігі өзеннің ар жағында қалып қойды. Олар кемінде бір-екі күн кейін көшіп барып өзеннен өтпекші болды.
Елдің алдыңғы бөлігі артқы елді тоспай жүре беруді ұйғарды. Соның өзінде де Такламакан шөлінің шетінде бірер күн аялдауға тиіс болдық. Өйткені, бүл жерден тіке шөлге кіру керек. Шөлдің дәл сол маңынан бұрын біреу-міреудің ар жаққа өтіп шыққаны белгісіз. Біздің қиыншылығымыз: бала-шағамызбен, айдаған малымызбен шөлдің бұл тұсынан өтуге мәжбүр болып отырғандығымыз-да. Сол ерекшелігімізге сай, бірер күн кідіре тұрып, алдыңғы жаққа шолғыншы жіберуді дұрыс санадық.
ШӨЛГЕ ЖІБЕРІЛГЕН ШОЛҒЫНШЫЛАР
Такламакан шөліне шолғыншы ретінде алдымен Сәпең (Сәбәділ Мұхамметжанұлы) мен Тәкіман батыр аттанды. Ол екеуі шөлге тереңдеп кірмей, беріректен қайтатын болып міндеттенді. Шолғыншылардың екінші тобы, Адамбай Арықбайұлы, Мәдәлім Байқонақұлы, Емін Дамолла, атшысы Ақсары төртеуі шөлді тереңдеп жүре беретін болды. Өткен жерлеріне белгі қойып отырмақшы бонды. Такламакан шөлінің бұл тұсының жер жаратылысы мен табиғат өзгешелігінен бұл елде ешкімнің мәліметі жоқ еді. Шел дегенде олар — тек сусыз дала, құм-құмайт жазық деп ойлаған болуы ықтимал. Бұны шолғыншылар өткен жеріне, “Белгілер қойып отырсын” — деген ұйғарым анық байқатады.
Сонымен бірінші топтағы шолғыншылардан Сәпең қайта оралды: “Көрінерде еу, есімдік сияқты ештеңе жоқ”, — деп келді. Тәкіман батыр тағы бірнеше күн алға барып қайтпақшы болыпты. Екінші топ одан әрі тереңдеп шөлге кіре берген. Сәпең қайта оралған күннің ертеңінде: “Я, Алла!” — деп Такламакан шөліне кірдік. JIoп-Hop өзенінен сәл ұзап шыққаннан кейін-ақ, аяғымыздың асты топырақ та, құм да емес, кілең тұз екені байқалды.
Алғашқы күні кешке таяу бастапқы шолғыншылардан Тәкіман батыр көрінді. “Ешқандай су да және өсімдіктің де белгісі де жоқ”, — деді. Бірақ әкем алға тарта берді. Бір күннен кейін, екінші топтағы шолғыншылардан Мәдәлім Байқонақұлы ұшырасты: “Түк жоқ. Адамбай Арықбайұлы, Емін Дамолла, Айсарылар алға кетті”, — деді.
Лоп-Нор жағасынан көшкенімізден бері 48 сағат өтті. Аяғымыздың асты өлі тұз. Бірақ бүл тұз — біз көріп жүрген тұз емес. Табақтай-табақтай, тағы үлкендеуі — қазанның аузындай, одан үлкендері — алты қанат үйдің жұртындай болып дөңгелектеніп-дөңгелектеніп, ернеулері көтеріліп қатқан, немесе кепкен тұз-ды. Әлгі ернеулерінің қаттылығы соншалық, тиген жерін пышақтай тіліп кетеді. Кейбіреулерінің үстіңгі жағы қоңырқай түсті, ол дөңгелектердің не екенін түсіне алмай, күрекпен қазып көрмекші болғандар, оған күрегін өткізе алмай, бажамен шауып әрең сызат түсіріп таңырқады. Балта тигенде әлгі тұздан темірге темір тигендей дауыс шықты. Оның үстіңгі қабаты соншалық қатты болғанымен, астыңғы жағы жұмсақтау, ақ түсті, немеее, сарғыштау түсті тұз екен. Тереңірек қазғандар шыққан дәмі удай және мөп-мөлдір суды татып жиіркенді.
Лоп-Нор өзенінен шыққанымызға 60 сағаттай болған. Су да, суды байқатар бір белгі де кездеспеген. Аракідік демалу үшін аялдаған көш ұдайы алға қарай тартуда еді. Ең алдында — әкем, одан кейін – Сәпең бастаған жіптей тізілген көш.
Бұл арада Тәкіман батыр мен тағы бірнеше кісі, кейін шауып барып, Лоп-Нордан су әкелейік, – десті. 60 сағаттық жолмен кейін барып, тағы 60 сағат жүріп су әкелгенде көштің сол орнында тұрмайтыны анық-ты. Сонда да олар, мықты түйелермен кейін шапты. Су әкелуге кетті.
Тастай қатты тұздың үстінде жүргенімізге толық үш күннен (72 сағаттан) асқан-ды. Аш және сусыз қалған мал, бір-біріне ауыз сала бастады. Мен жылқы айдауда едім. Жылқылар қайта-қайта ығысып, бірінің жалқұйрығына екіншісі ауыз салып, қайта айналушы еді. Ал қойлар жаппай маңырап, иріле береді екен. Хайуан, мал екеш — малды, осыншама қатын-бала, кәрі-жасты осындай ауыр жағдайға түсірген — жат-жұрттық отаршылық, олар басшылыққа алған коммунизм деген зұлымдық еді. Егер орыс пен қытай біздің елімізді жаулап алып, отаршылық зомбылығы астына алмағанда, егер орыс пен қытай халықты қырғындамағанда, бұл халық қашып келіп осы Такламакан шөліне түсіп, осыншама азапқа душар болмас еді.
Төртінші күнге айналғанда, көштегілердің бір-бірімен сөйлесуі де азайған-ды. Төрт күн, төрт түннен бері анда-санда ұйлығып бір жерде отырып дамылдап, одан кейін қайта жүрумен келеміз. Қайда кетіп бара жатқанымызды да, алда судың бар-жоғын да білмейміз. Алдағы шолғыншы Адамбай Арықбайұлы, Емін Дамолла, Айсарылардан, кейін шауып мұз су алғалы кеткен Тәкімандардан да дерек жоқ. Осынау көште, бір кісі ғана, қайда және қалай кетіп бара жатқанын білетін. Ол — Қалибек хакім-ді. Қолындағы картасына қарап алып, алдағы су көзі — “Сор бұлақ” — деп көштің алдында кете беретін. Бірақ картада көрсетілген “Сор бұлақ” дел біздің алдымызда ма? Біз дәл сол “Сор бұлақтың” тұсынан шығамыз ба? Істің ол жағы белгісіз болатын. Оны Қалибек хакім де білмейді. Ол Құдайға, ал оған ерген ел де бір білгені бар шығар — деп Қалибек хакімге сенуші еді. Бұл сенім, яғни Аллаға және басшыға деген сенім — елден осылай аууға, Такламакан шөлінен өтуге, Гималай тауынан асуға, сонау Түркияға дейін баруға жеткізген күш еді.
СУ ОРНЫНА ҚАН ІШУ
Лоп-нор өзені жағасынан көшіп, Такламакан шөліне кіргенімізге бес күннен асқан еді. Мал айдаған жігіттердің кейбіреулері шөлге шыдамай, қойды бауыздап, қанын ішіп жатыр — деген үрейлі хабар тарады. Енді біреулер: малдың қарнындағы жынын сығып, су шығарып ішу үшін соны сүзуде,-десті. Қан ішкендер, кеуіп құрғаған тамақ-кеңірдегін алғашқыда жібіткенмен, кейін қанның одан әрі шөлдеткенін айтысып жүрді. Игі болғанда — күн ыссы емес. Керісінше аңызақ, суық еді. Жауын-шашын да жоқ. Жалпы алғанда, Лоп-Нор өзенін құлдай көшкен бір жарым ай шамасындағы мерзімде ауа райы ашық болды. Күннің ашық, ауа райының жауынсыз болуы бізге ыңғайлы болды. Өйткені, жауған жаңбыр, немесе қарда малмандап жол жүру, сондай-ақ, қонған жерге қос тігу оңай іс емес еді. Оның ауыртпалықты азабы алдағы күндерде душарласатын-ды.
ҰЗАҚТАН КӨЗГЕ ШАЛЫНҒАН АДЫР-ТӨБЕЛЕР
Такламакан шөліндегі бесінші күн. Астымыздағы атымыздың, жетелеген түйеміз бен айдаған қойымыздың да су ішпегеніне, талшық шөп ауызына салмағанына 108 сағаттан астам уақыт өткен. Жолда тұздың үстінде сәл аялдай қалғанымызда, аттарымыздың, тіпті айдаған жылқымыздың ішіндегі бұрын құрық тимеген, асау да үркектерінің біздің үсті-басымызды иіскелеп, ішетін су, жейтін тамақ іздеуі, адамның жүрегін тебірентетін еді.
Біз жүріп келе жатқан тұздың үстінен анда-санда қаздың өлексесі кездесетін-ді. Оны кейбіреулер жақсылыққа жорып: “Алдымызда сулы жер болғаны ғой”, — десе, енді біреулер: “Әй, қайдам! Мынау ана артта қалған Бағыраш көлінен қай хан қаздар ғой. Мына бетпақ шөлдің үстінен ұшқанда қанаты талып түскен ғой!” — деп үрейлендіретін.
Шөлдегі бесінші күн түс ауа алдан ұзақта бұлдырап адыр-төбелер көзге түсті. Кештің ең алдындағы Қалибек хакім дүрбі салып қарап алып, солай тарта берді. Оның артында Сәпең бастаған біздің ауылдың түйелі көші. Оның артында жылқы айдаған мен. Менен кейін басқа ауылдардың көштері жіптей тізіліп, ілбіп келе жатырмыз. Бесін уақыты ауа бергенде, тұздан шығып, әлгі адыр-төбелерге жеттік. Өсімдіктен ештеңе жоқ қоңыр құм. Тұздан шығып, құмға келіп жеткен көш, қалай жүруін біле алмай иіріліп қалды. Құм төбелердің біріне шыққан Калибек хакім, жан-жаққа дүрбі салды.
Құмға келіп жеткен көштегі кісілер де Калибектің жанына жиналды. Бүл арада біреуі жерден жеті. қоян тапқандай қуанып: “Ой! Мынаны қара! Өлген жылқының, түйенің сүйегі жатыр. Демек, бұл жақтан адам баласы өткен”, — деп үміт отын жақты. Оған кейбіреулер: “Ой байғұс-ау! Отан несіне қуанасың? Астындағы аты, жетелеген түйесі өліп, осы жерде қырылып қалған сорлылардың қалдығы шығар!” — деп тойтарыс берді.
“СОРБҰЛАҚ” ТАБЫЛДЫ!
Тебе жақтағылардан: “Ағаш көрінеді!” — деген дауыс естілді. Қалибек хакім өзі сол төбеде отырып, әлгі дүрбімен ағаш көрген жаққа Хамза Шөмішбайұлын жіберді. Егер ол жақта су болса, Хамза тымағын бұлғап, белгі беретін болған еді. Көштің арты тұздан шығып, құмда шоғырлануда. Жұрттың бәрі өте абыржулы. Егер бұл жерде су табылмаса, онда қалай және қанша жүре алатынын ойлап үрейленуде. Сондай үнсіз де абыржу басып тұрғанда, төбеде дүрбі салып тұрған Қалибек хакім, Хамзаның тымағын бұлғаған белгісін көріп солай жөнелді. Көшке де солай жүруге жол сілтеді.
Сәлден кейін Такламаканның шөлінің шетіндегі бірден-бір ауыз су көзі — “Сорбұлаққа” жеттік. Мен айдаған жылқы мен астымыздағы аттарымыз әуелде жабыла суға бас қойды да, бірден шегіншектеді. Суды ішпеді. Аттан қарғып түскен кей жігіттер де суға ұмтылып барып: “Ойбай-ау! Мына су тұзды екен, ішуге болмайды”, — десті. Ол жұртшылыққа жай түскендей жаман хабар болды. Сорбұлақтың басында, біраз қамыс және жыңғыл сияқты аласа біткен бұта бар екен. Аш және сусыз жылқы, әлгі қамыс пен бұталарды кемірді. Сәпең (Сәбәділ Мұхамметжанұлы): “Тұзды судың мұзы тәтті болады, мұз жеңдер”, — деп дауыстады. Расында да солай екен!..
АТАМ ӘДІЛБЕК РАЙЫМБЕКҰЛЫНЫҢ ҚАЗАСЫ
Ел Сорбұлаққа келіп жиналғанда, Қалибек үшін ауыр да, аянышты бір хабар келді. Туған ағасы Әділбек Райымбекұлы (ел арасында “Ақ молла” деп те аталатын) Такламакан шөлінде адасып кеткен-ді. Біз балалар ол кісіні “Ата” деуші едік. Атамның Такламакан шөлінде адасып кетуі, ол кісінің өмірімен қоштасқаны, қаза болғаны деген сөз еді. Марқұмның әйелі Күлән апа 1948 жылы жазда Тасырқайда қайтыс болған. Кіші қызы Қалия және жалғыз ұлы Қапан үшеуі бір үй еді.
Атамның бұндай қазаға ұшырауы әкеме өте ауыр тиді. Жалғыз інісі Ілияс Райымбекұлы — Қаратауда (Нәнжанда) бізге ермей қалып қойған. Енді міне бір туған жалғыз ағасы Әділбек Райымбекұлынан да айрылды.
Әкем кейін қайтып, ағасының сүйегін тауып арулап жерлеуге ұмтылды. Бірақ, әкем кейін қайтып, ағасының сүйегін іздейтін болса, онда барлық ел бөгеліп қалатын болды. Елдің дәл сол жерде бөгелуі, халықтың жаппай апатқа ұшырасуына соқтырар еді. Сол жағдайға байланысты әкем Қалибек Райымбекұлы: елді алға қарай бастай беруге, ал ағасын іздеуге немерелес ағасы Сәбәділ Мұхамметжанұлы мен немерелес інісі Зейнұлла (Зазен) Райсұлын және Мөрдіқан Омарбайұлын, түйе және атқа мол мұз арттырып кейін жіберді.
Сәпен бастаған атамды іздеген үш кісі Лоп-Норға барғанда, әлгі шолғыншы болып көштен бірнеше күн бұрын алға кеткен Адамбай Арықбайұлы мен Емін Дамоллаларды кездестіреді. Олар өздері жол таба алмай, Такламакан шөлінде үлкен қауіп-қатерге ұшырап, Емін Дамолланың атшысы Айсарыны жоғалтып, алдыңғы жақтан үміт үзіп, баяғы ел көшкен, өздері кеткен Лоп-Нор өзені жағасындағы жұртқа қайта барыпты. Олар сол жерге барғанда, Лоп-Нор өзенінен өте алмай екі күн кейін көшіп барып, жоғарыдан өтіп келген елмен кездеседі. Оларға: “Алда үміт саңылауы жоқ. Кеткен ел шөлде қырылған шығар”, — деген үрейлі тұжырым айтады. Сонымен ол ел сондай абыржушылық жағдайда тұрғанда атамды іздеген Сәпендер барады. Сөйтіп олар атамды таба алмаса да, жүз үйден астам елді бастап, біз Гаскөлге жеткенде артымыздан келді.
СОРБҰЛАҚТАН ҰЗЫНСАЙДЫ ӨРЛЕЙ КӨШУІМІЗ
“Сорбұлақта” екі күн аялдағаннан кейін тағы көштік <…>. Ол жерден көшкен күні үлкен бір жыраны өрледік. Әкемнің картадан көріп жобалауынша, ол жыраның басы қытайдың Шыңхай өлкесі мен Шығыс Түркістан арасындағы тасжолға шығады. Біз сол жолды кесіп өтіп, Гаскөл мен Темірлікті басып, Гималай тауының етегіне ілінуді жобалауда едік., Сайдың басының Шығыс Түркістан мен Шыңхай тасжолына шығатындығы, бізді: “Қытай әскерлері бізді сонда тосып жатқан болуы мүмкін”, — деген қауіпке де жетеледі. Дәл сол күндері жаумен қарсыласқандай бізде қауқар да қалмаған еді. Адамдар шаршап-шалдыққан-ды, көлігіміз де арықтаған.
“Сорбұлақтың” жанынан өрлейтін сол жыраны “Ұзынсай” деп атадық. Біз “Сорбұлақтан” көшіп, сол Ұзынсайдың аяғынан өрлеген күні, ауа райы кенет өзгеріп, ызғарлы қарлы боран соға бастады. Кешке таяу қалың қар жауды. 7-8 күннен бері су ішпеген айдаған малымыз бен мінген көлік, ат-түйеміз, жаңа жауған қарға ауыз салды. Аш қарынға құм аралас ақша қарды жұтқан мал, сәдцен кейін қалжырап жолда қала бастады.
Жол бойы жүре алмай сілейіп тұрған, немесе жығылып жатқан, қазақтың бұрын “бір қызға бергісіз”, — деп бағалаған небір жақсы аттары, бүрісіп әрең кетіп бара жатқан қатын-бала, көлігі өліп айдалада жаяу қалған талай кісілер көзге түсуде еді.
Әлсіреген аттарын аяп, жаяу жетелеп бара жатқандардың ішінде кімдер жоқ десеңші. Шығыс Түркістан үкіметінің бұрынғы генерал секретары Сәліс Әміреұлы, атақты ақын- жазушы Әбдікәрім Ынтықбайұлы, Үрімжінің көрнекті байларынан — Әділ Сексенұлы, бұл елдің имамы Нұрмұхаммет Атамбайұлы сияқты көптеген кісі алға қарай үнсіз ілбуде еді <…>.
КЕЗДЕЙСОҚ КЕЗДЕСУЛЕР
Картасына қарап алған әкем: “Шығыс Түркістан — Шыңқай тасжолына жақындаған болуымыз керек. Алдымызда қытай әскері болуы мүмкін”, — деп шолғыншы аттандырды. Дағдысына сай өзі де алдыңғы жаққа барып, көш жүретін жолды шолып қайтты. Расында да, Шығыс Түркістан — Шынхай тасжолына жақындаппыз. Әйтеуір, көрінеуде жау жоқ. Шолғыншы жігіттер тасжолда жуырда жүрген машиналардың ізі бар екендігін, ілгеріде бір там үй тұрғандығын, бірақ ішінде ештеңе жоқ екендігін де айтып келді.
Әлгі шөбі, суы бар жерде бірер күн аялдап, тынықтырғаннан кейін үдере көшіп, Шығыс Түркістан — Шыңхай тасжолына келдік. Бұл жолы Үрімжі — Қашқар тасжолынан үрейленіп қауіптенгеніміздей, сақтық шараларды қолданбадық. Коммунист қытай әскерлері әлі бұл жаққа келіп жетпеген шығар деп тұжырымдадық. Сол үшін бір қатар жерге дейін тасжолдың үстімен жүріп, әлгі бос тұрған екі там үйге келдік. Көш сол жерден Гималай тауына қарай бұрылды. Бос там үйлерді барып тексерген Сәліс Әміреұлы, үйдің дуалына қытайша жазылған жазуларды оқып: “Гоминдаң әскерлері де, коммунист қытай әскерлері де бұл жолдан өтіпті. Міне, солардың жазған ұрандары”, – деп көрсетті.
Әлгі екі үйден оңашаланып, Гималай тауы бағытына қарай сәл өрлеп барып қондық. Ол маңның шөбі шүйгін екен. Суы да бар. Шолғыншы жігіттер: жақында жүрген атты және түйелі кісінің ізін кездестірдік—десті. Арадан бірер күн өткенде қарауыл-күзетте жүрген кісілер бейтаныс екі қазақты ұстап әкелді. Дүниенің бұл шетінде қазақпен кездесу таңғажайып оқиға еді. Сонымен қатар бұл сақтануды да қажет ететін құбылыс-ты. Ол екі кісі жаудың жіберген шолғыншысы, жансызы болуы да ықтимал.
Бейтаныс екі қазақтың жетелеген екі түйесі бар екен. Бастарында “Алтай керейі тымағы” дейтін үшкір төбе, кең етекті тымақтары бар. Оларга әкем:
— Қайдан келесіңдер? — деді.
— Гаскөлден.
— Қайда барасыңдар?
— Шәршен – Шағлыққа барамыз. Шай және кездеме, бұл сияқты қажетті затгар сатып аламыз.
— Гаскөлде кімдер бар?
— Құсайын тәйжі деген кісі басқаратын ел бар.
— Бұл жерден ұзақ ба?
— Екі күндік жерде.
Одан кейін өлгі екеуін өз бетімен жібердік. Олар Шыгыс Түркістанның кілең үйтырлар түратын, Шәршен Шағлық қаласына карай кете барды. Біз олар айткдн жолмен Гаекөлге кдрай көштік. Жиі көшіп Гаскөлге, сондағы елге жеттік. Бүл 1950-жылдың ақпан айы еді.
ҚАСКӨЛДЕ ТҮЙЕГЕ МІНГЕН АМЕРИКАНДЫҚТАР
Гаскөлге барған күніміздің ертеңінде, 1950 жылдың ақпан айында, біздің ауылға қарай түйеге мінген бірнеше бөгде кісінің келе жатқанын көрдік. Олар не қазаққа, не қытайға ұқсамайды. Алдында келе жатқан біреуі мінген түйесін шөгерген бойда, қарғып түсіп құшағын ашып Қалибек хакімге қарай ұмтылып барып құшақтады. Ол 1949 жылдың көктемінде Үрімжіде Қалибек хакіммен кездесіп, үйдің шамын сөндіріп қойып, қараңғыда отырып сөйлескен, кейін Оспан батырмен, Жанымхан қажымен жөне Қалибек хакіммен Көктал — Толы жайлауында жиналыс өткізбек болған, АҚШ-тың Үрімжідегі вице-консулы Mr. Douglas Maskernen еді. Жанындағылар консулдың хатшысы Mr. Frank Basseic және атшы ретіндегі антикоммунист екі орыс.
АҚШ — қытай коммунистерінің билік басына етуін мойындамаған болатын. Қытай Халық Республикасын заңды үкімет деп тануды кері қаққан-ды. Гоминдандық қытай үкіметін (Тайуан аралына қашып өткен маршал Жаң қайшы үкіметін) қытайдың заңды үкіметі деп тануын ұластыра беретінін мәлімдеген. Сол үшін қытай коммунистері Үрімжідегі Американ дипломаттарын тұтқындауға ұмтылды. АҚШ-тың Үрімжідегі бас консулы Mr. Yall Paxton бұрынырақ еліне демалысқа кеткен екен. Ал бас консулдың орынбасары Mr. Douglas Maskernen мен бас хатшы Mr. Frank Basseic Үрімжідегі антикоммунист орыстардан алған қызметшілерін ертіп, машиналарымен Үрімжіден қашып шығады. Жемсарыға барғаннан кейін, машиналарын тастап, атпен Оспан батырдың аулына барып паналайды.
Оспан батыр АҚШ-тың дипломаттарын өз панасына алып, қамқорлық көрсетеді. Ат, түйе сияқты көлік беріп, өз аулынан Залабай деген жігітті, Жанымхан қажы аулынан Қиса дегенді қосып, Сұлтаншәріптің інісі Қариғаға жол бастатып Гаскөлде отырған елге жібереді. Ол елдің бұл шетелдіктерге көмек көрсетіп, Тибет жаққа шығарып жіберуін тапсырады. Қалибек хакім өзі 1949 жылы Қошты жиналысы шешімі бойынша Үрімжіге барып сөйлескен АҚШ вице-консулы Mr. Douglas MaskernenMeH Гаскөлде де жеке сөйлесулер еткізді. Бұл сөйлесулерге Сәліс Әміреұлы да қатысты. Қалибек хакім мен Mr. Douglas Maskernen арасында бірқатар келісімдер де болды. Соған орай Mr. Douglas Maskernen АҚШ-тың долларын ортадан жыртып, бір бөлегін әкеме берді. Екінші бөлегін өзі алды. Оның екеуіне де әкемнің бас бармағын бастырды. “Осы жарты долларды әкелген кісіні дос деп санаңдар”, — деді. Сонымен бірге, Mr. Douglas Maskernen өз айтуы бойынша: “Үрімжі қаласы маңындағы төбелердің біріне апарылып жасырылған құрал-саймандардың орнын” берген-ді. Ол кезде біз елден мүлдем кетіп қаламыз деп нақтылы шешім қабылдай қойған жоқпыз. Әлі де болса одақтастық құрып, қайта соғысамыз ба деген үмітте едік. Американдық достармен де сол жөнінде кеңескен едік.
Mr. Douglas Maskernen Қалибек хакіммен қоштасьш тұрып, көзіне жас алып: “…Сіздің еркіндік, тәуелсіздік жолындағы қызметтеріңіз, мен өлсем де Америкаға белгілі болды. Егер азат дүниеге шықсаңыз, американдық ресми бір қызметкер көрсеңіз, оған ана доллардың жартысын көрсетіңіз…”, — деді.
Қалибек хакім оз тобының ұзақтан арып-шаршап жаңа келгеніне, көліктерінің қоңсыз екеніне сілтеме жасай отырып, Құсайын тәйжіге көлік тұрғысынан АҚШ консулына көмектесуін өтінді. Сонымен американдықтар алтын беріп, Құсайындардан 8 түйе сатып алып, Тибет жерін басып Үндістанға қарай аттанды. Қалибек хакім олар арқылы бұрын шетке шығып кеткен ұйғыр жетекшілеріне және маршал Жаң Қай шыға хаттар жіберді.
Өкінішке орай, Тибет жерінде АҚШ вице-консулы Mr. Douglas Maskernen қаза болыпты. Mr. Frank Basseic аман есен еліне барыпты <…>.
ҚАСКӨЛДЕГІ ӨМІР
1949 жылдың желтоқсан айының аяғында Көклік тауынан шығып, 1950 жылдың ақпан айында шаршап-шалдығып Гаскөлге келгеннен кейін, Қалибек хакім сол жерде 12 жылдан бері өмір сүрген Құсайын тәйжіге кейбір ұсыныстар да жасады. Бізге тың көлік беруін өтінді. Ондағы мақсат: тың көлікпен бірқатар кісілерді Баркөл — Құмыл жаққа Қанамбал жолы арқылы жіберіп, Оспан батырмен және Жанымхан қажылармен хабарласу еді. Оларға тез арада біз тұрған Гаскөл жаққа келуін ұсына отырып: кешіксек Үндістан — Қытай ( Тибет — Үндістан) шекарасы жаққа коммунист қытай әскерлері түседі. Шекара бекіп қалады, — деп те ескертіп еді. Бірақ Құсайын тәйжі ол істің мән-маңызын түсінбеді.
Қалибектің елінің Гаскөлде аялдауының екі түрлі басты себебі бар. Біріншіден, Қалибек хакім Оспан батыр мен Жанымхан қажының келуін күтті. Екіншіден, Такламакан шөлінен өтіп, шаршап-шалдығып келген елдің көлігін тынықтыру қажет болды.
Гаскөлде мүлдем бос отыруды дұрыс санамаған Қалибек хакім: Хамза Шөмішбайұлы мен Тәкіман батыр бастаған бір топ жігітті – Шыңхай өлкесі жаққа аттандырып, сол жақтан хабар алып қайтуға; Қайнаш Мұхамметжанұлы мен Зейнұлла Райысұлы (Зазен) бастаған жігіттерді -Қанамбал – Дүңхуан жаққа; Нұрмұхаммет Атамбайұлы, Нұрсапа Мергенбайұлы және басқалар бар бір топты — Оңтүстік Шығыс Түркістан (Шершен – Шағлық) жаққа жіберді.
Шәршен — Шағлық жаққа барғандар сол жақта жасырынып жүрген Мұхаммет Тұрдықары деген ұйғырды ертіп келді. Ол кісі 1946 жылдың басында Іледегі Шығыс Түркістан жұмхүриеті үкіметінің бастығы Әлихан төренің өкілі ретінде Манас — Сауанға келіп қайтқан, сонда Қалибек хакіммен танысқан-ды. Ол кезде Әлихан төренің хатшысы болып істейтін. Құранды толық жатқа білетін. Ол Әлихан төре орыстар жағынан ұсталғаннан кейін, Іледен қашып шыққан. 1949 жылдың 21-қыркүйегінде ұйғыр жетекшілері Үрімжіден қашқанда М.Тұрдықары соларға ілескен. Шығыс Түркістан — Үндістан шекарасында 400 кісі (кілең ұйғыр) 11 қытай әскеріне қаруын тапсырып, қол қусырғанда Мұхаммет Тұрдықары солардың ішінде болған <…>.
ОСПАН БАТЫР МЕН ЖАНЫМХАН ҚАЖЫ БАРКӨЛ — ҚҰМЫЛДА
1949 жылдың қазан айында Шығыс Түркістанның қаражат министрі Жанымхан қажы Үрімжі маңынан көшкеннен кейін, Шонжыдағы Оспан батырға барып қосылған. Олар одан кейін Құмылға жуық өңірге көшіп барады. Бес айдай сол маңда аялдайды. Бұл арада оларға коммунист қытай үкіметі үш рет өкіл жіберіп, бас иіп бағынуын талап етеді. Олар оны кері қаққан. 1950 жылдың қаңтар айында Оспан батырдың ауылында үлкен бір жиналыс өткізіледі. Оған сол маңдағы қазақтың игі жақсыларымен қатар, ұйғырлар, гоминдаң әскерлерінің кей қолбасшылары, Алтайда тұратын антикоммунист орыстардың өкілдері, дүнген қосындарының басшылары қатысады. Сөйтіп, шамасы елу мың кісілік бір әскери күштің басы қосылады. Бас қолбасшы — Оспан батыр, орынбасары ұйғыр — Жолбарыс болсын деп келіседі.
Ол одақтастықка қарсы коммунистердің үгіт-насихаты да күшейген. Кейін солардың біреуі бір күні: “Ей, байғұс қазақ! Түйеге мініп Америкаға кетпекшімісің! Түйе мұхиттан өте алмайды!” — деген сөзін, сонда сол жерде болған, кейін Америкаға барып келген бір кісі Түркияда отырып: “Құдайға сенген қазақ түйемен Құмылдан шығып, міне, Америкаға барып келді!” — деп еске түсіріп тұрып: “Коммунизмге сенген, ей, сорлы сенің жемтігің қайда қалды екен?” — деп езу тартқан-ды.
1950 жылы 2-айдың 10-ы күні Құмылдың Қуарша деген жерінде Оспан батыр сарбаздары мен коммунист қытай әскерлері арасында тұңғыш соғыс болады. Сол тұңғыш шайқаста Оспан батыр сарбаздары басым болған. Соның нәтижесінде қытайға тағы да орыс көмектескен. Орыстардың бұрынғы үлгі-кеңесіне сай, бұл жолы қытайлар қазақты қазаққа қырдырады. Бұрынғы тәуелсіз Шығыс Түркістан, кейінгі “Үш аймақтың” қазақ пен ұйғырдан құралған (көбі қазақ) әскерлері, қытай коммунистерінің 5-корпусының бөлімшесі ретінде Оспан батырға қарсы аттандырылды. Тағы да қазақты қазаққа қырдыру зымияндығы жасалды.
Жан-жақтан ұдайы шабуылдаған жау әскерлерімен соғысқан Оспан батыр мен Жанымхан қажы сарбаздары мың кісілік бір қарулы күш ретінде Бәйтік тауына қарай шегінеді. Ол жақта алдарынан Монғол әскерлері шығарылады.
Сонымен, олар қайтадан Құмылға қарай беттейді. Олардың Құмылға баратындығын жобалаған жау күштері ол жақта да төтенше шаралар көреді. Сөйтіп Құмыл төңірегінде тағы да үлкен қанды соғыс болған.
ЖАНЫМХАН ҚАЖЫ ТІЛЕУБАЙҰЛЫНЫҢ ЖАУ ҚОЛЫНА ТҮСУІ
Оспан батыр мен қаражат министрі Жанымхан қажы Тілеубайұлы Бәйтік жақтан Құмыл төңірегіне қайта оралғаннан кейін, Шыңхай өлкесі шекарасына өтіп, Тибет арқылы шет елдерге кетіп, жан сауғалауды жобалайды. Соған орай сол бағытқа қарай бет бұрады.
1950 жылдың 7-айының 23 күні Дарақты деген жерге келгенде, тұман түсіп, көзге түртсе көрінбейтіндей жағдай болған. Оспан батыр мен Жанымхан Тілеубайұлы сәл қашықтау екі бөлек жерге қос тігіп аялдаған. Айлар бойы дамыл көрмей арпалыспен жүрген сарбаздар да қалжырап жата қалады. Таңға жақын олар жаудың зеңбірекпен және пулеметпен атқылаған дауысынан оянады. Қараса – Дарақты сайының алды-артын түгелімен жау әскері қоршап алыпты.
Сонымен сарбаздар қия бетке шыға атысады. Атысу ұзаққа созылады. Жанымхан ауылының қатын-баласы сол жерде дерлік толығымен қолға түседі. Жанымхан қажының өзі және Дәлелхан, Хамит, Мәжит деген ересек үш ұлы мен Нұрғожайлар қия бетке шығып, тау арасына қарай беттейді. Бірақ, Шығыс Түркістанның қаражат министрі Жанымхан қажы Тілеубайұлы жасы ұлғайған кісі болғандықтан да ұзап жүре алмайды. Сол жерде қолға түседі. Ұлдары қашып шығып, Оспан батырға барып қосылады.
Қолға түскен Жанымхан қажыны қытай коммунистері алдымен Құмылға апарады. Коммунистердің жауыздық дағдыларына сай ол жерде қала халқы жиналған жиын өткізіледі. Оған Жанымхан қажы апарылады.
Коммунистер белгілі көпірме балағаттарын бастайды. Одан кейін Жәкең қажыны Үрімжіге апарады. Талай жиындар өткізіледі. Көптеген “күреске салады”. Екі қолы байлаулы және мойнына ажырғы салынған күйде ол кісіні жаяу айдап көшелерді аралатады. Сол жағдайды өз көзімен көрген, Англияның Үрімжідегі сол кездегі бас консулы Mr. George Fox Holmes 1954 жылдың күзінде Түркияның Салихлы қаласында Қалибек хакімнің үйіне келіп бір апта жатқанда, өзі көрген сол жағдайды қынжыла отырып айтқан-ды.
Жанымхан қажы қаражат министрі болған кезде министрлікте бас хатшы болған, әйгілі тарихшы ғалым Нығмет Мыңжанұлы да 1984-1988 жылы Үрімжіге барғанымда, сол жағдайды растады. Жанымхан қажы Тілеубайұлы Үрімжіде 1950 жылы 4-айдың 2-і күні атылды <…>.
ОСПАН БАТЫРДЫҢ ЕЛДЕН ШЕТКЕ ҚАРАЙ БЕТТЕУІ
Жанымхан қажы жау қолына түскеннен кейін Оспан батыр және Жанымханның үш ұлы Шығыс Түркістан шекарасынан шығып, Шыңхай өлкесіне қарасты Қанамбал тауына қарай беттейді. Қытай әскерлері де, Оспан батырдың алды-артын орап қуа береді. Жол бойындағы барлық ауыз су көздерін бұрын барып басады. Оспан батыр, тасбике Жанабіл және басқаларының жанқиярлығымен әйтеуір аман-есен Қанамбал тауына жетеді. Ол жерде баяғы 1930 жылдарда Баркөл – Құмылдан ауған елден қалған бірнеше ауыл тұратын. Соларға келіп жетеді. <…>.
ӘКЕМ АТЫНАН ОСПАН БАТЫРҒА БАРЫП АМАНДАСУЫМ
1950 жылдың қазан айында әкем мені Қанамбал тауы жаққа барьш, Оспан батырға амандасып келуге аттандырды. Жаныма қазір (1999) Ыстанбұл қаласының Зейтінбұрын ауданында тұратын Мұса Омарбайұлы Сатай, барқы Мағзұм мен Зарлықан және Молқы Тұралбайды қосты. Ол кезде біз Гаскөлге жақын, өзіміз Қызылтас деп атаған жерде тұратынбыз. Сол жерден аттанып, бір апта бойы күндіз-түні суыт жүріп, Қанамбал тауының етегіндегі Мақай деген жерде тұрған Оспан батырға бардық. Ол кісіге әкемнің жіберген атын және жазған хатын бердім. Әкемнің хатын оқығаннан кейін Оспан батыр, жанында отырған әйеліне қарап: “Дереу көшіп келіңдер депті”, — деді.
Оспан батыр — сом денелі, балуан бітімді, ұзын бойлы, кең жауырынды, қалың тұйық қабақты, қою сақал-мұртты, қызыл шырайлы, сәл дөңестеу қыр мұрынды, көз шарасы үлкен әрі отты кісі еді. Ол кісі онда өте жұпыны бір қоста отыр еді. Кейін сол жердегі елден естуімізше, Оспан батыр үй-ішінің жөне сарбаздарының азық-түлігі үшін Қанамбалда бұрыннан отырған елден сойып жейтін мал сатып алған. Гаскөлге алғаш келгендегі біз іспетті Оспан батыр да қулан қара атып жеу тәсілімен күнделік азығын қамтамасыз еткен. Өз үйіндегі сол әңгіме кезінде Оспан батыр: “Биыл елу бір (51) жастамын”, — деді. Ол 1950 жылдың күзі болатын <…>.
Әйгілі Оспан батыр, өне, сондай дерлік, әр үйден кемінде бір өлім шыққан қаралы шағын елдің арасында, Қанамбал тауының етегіндегі Мақай деген жерде тұр еді. Ол елдің ішінде Оспан батырдың қадыр-құрметін білмейтін, небір кеудем соқ батырларды, бір қора қойы мен жиырма шақты түйе-жылқысына масаттанып, өзіне қытай берген “тәйжі” деген мансабына босқа шіреніп жүргендерді де көрдік.
Біз Оспан батырдың үйіне барғанда үлкен ұлы Шердиман — інілерімен және басқа да бір қатар жігіттермен үйге кіріп-шығып жүрді. Біз барған күні Ошыңның үйіне қондық. Жұпыны қосының ішіне өздері жатты. Бізге сыртқа, қостың іргесіне төсек салып берді.
Оспан батыр өзін тоспай, тіпті қоштаспай кетіп қалғаны үшін Жанымхан қажының балаларына, әсіресе, үлкен ұлы Дәлелханға (Жаналтай) ренжулі еді.
— Мен оның әкесінің жолдасымын. Әкесі қолға түсті. Сонда бірге келе жатқан мені тастап, бір ауыз қош та айтпай қашып кетуі дұрыс па? — деген сияқты орынды өкпе айта келіп, қатал сипаттамалар да жасады. <…>.
Оспан батыр біз аулынан аттанарда үйінен шығып, өзі қоштасып тұрып: “..Дәл қазір ол жаққа көшіп бара алмаймын. Бұл жер ел жаққа бір табан жақын. Ел жақтан тағы келетіндер болуы мүмкін. Ал сендердің де ол жақта алдарыңнан тауып отырған жұрттарың жоқ. Баяғы Макпен де (Макарнен, АҚШ консулы) бір байланыстарың жоқ. Мен елден кете алмаймын да, шыға алмаймын. Жағдай туса кейін қайтып, коммунистермен соғысамын. Түсімде, ақ боз атқа мініп, ақ киім киіп, елге қайтып барып, жап-жасыл бір төбенің басындағы ақ үйге кірдім. Ана Жанәбіл де маңайымда еді…”, — деді.
Сонымен Оспан батырды бізбен бірге Гаскөл жаққа көшуге көндіре алмадық. Марқұм әкеме бір хат берді. Алдағы күндерде үлкен ұлы Шердиманды бізге жіберетінін айтты. Соған орай Шердиманға қарап:
— Биыл мен елу бір жастамын. Біз, яғни, Қалибск екеуміз қартайдық. Жәкең қажы жау қолына түсті. Ендігі кезек сендерде. Дәлелхан, Хамза, сен үшеуің елді құтқарыңдар,— деді.
Шердиман ештеңе демеді, жөнсіз жымиып күлді. Оның сөзін:
— Сендер ештеңе істей алмайсыңдар. Бірдеме істесек әлі де біз — қарттар істейміз, — деп жалғастырды.
Сұлтаншәріп пен Қәбен Төлеубайұлының ауылдары бізбен еріп көшті. Олар жолда, Тажынор деген жерде Құсайын тәйжілердің жанында қалды. Біз Қызылтастағы өз елімізге оралдық.
ОСПАН БАТЫРДЫҢ ЖАУ ҚОЛЫНА ТҮСУІ
1950-жылдың қараша айында бұрын-соңды елден қашып шыққан қазақтар үш жерде шоғырланды. Оспан батырлар — Қанамбал тауында, Құсайын тәйжі, Сұлтаншәріп, Дәлелхан және Мағзұмдар — Тажынорда, Қалибек хакімдер — Гаскөлде. Әркімнің әр түрлі жобасы бар-ды. Оспан батыр қайтадан елге қарай барып, күрес бастау ойында еді. Құсайын тәйжі өткен 12 жылдан бері ұласып келген дағдысына сай, сол маңды қыстап-жайлап өмір сүре беруді көздеуде еді. Қалибек хакім: шет елге кетуден басқа шара жоқ, — деген шешімге келген-ді. Бірақ Гималай тауы қыс айларында аса қауіпті еді. Қыс айларында Гималай тауында адамға да, ол жерге үйренбеген малға да ыс тиді. Сол үшін келер жазды күтуге тура келді.
1951 жылы 1-айдың 2-і күні Шыңхайдан шыққан қытай әскері — Тажынордағы қазақтарға, Шыңжаңның Шағлық — Шәршенінен шыққан әскер — Гаскөлдегі Қалибек хакімдерге, Гансуден шыққан әскерлер — Мақайдағы Оспан батыр мен Жанәбілдерге шабуылдады.
Жасырынып келіп шабуылға өткен әскерлер, Оспан батыр мен Жанәбілдің ауылын түнде қоршаған. Олар қатты қарсылық көрсетіп, қытайдың талай жендеттерін жер қаптырған. Бірақ қоршаған қалың жаудың қабат-қабат шеңберін жарып шыға алмаған. Жанәбіл сол жерде шәйіт болады. Өкінішке орай, Оспан батыр жау қолына тірі түседі. Оспан батырдың қолға тусуіне, ауылдың маңындағы бір көлдің қасына атының тайып жығылуы себеп болған. Ал балалары мен бірқатар сарбаздары қашып шыққан. Қолға түскен Оспан батырға қытайлардың істемеген қорлық-зәбірі жоқ. Оның бетіне күйе жағып, екі қолын мойнындағы ағашқа қайыра байлап, Үрімжі көшелерінен талай рет жаяу айдап өткізген. Талай жиындар ашып, ол кісіні “күреске салған”.
Шығыс Түркістан қазақтарының әйгілі қаһарманы, аты әлемге таныс Оспан батыр 1951 жылы 4-айдың 28-күні Үрімжіде атылды. Сол күні Үрімжі радиосы: “Оспан батырды Әнуар Жакулин деген бір қазақ атты”, — деп хабарлады.
1984-1988 және 1992 жылдары Үрімжіге барған кезімде, Нығмет Мыңжанұлы және басқалары: “Оспан батырдың Әнуар Жакулин жағынан атылды дегені өтірік. Оспан батыр қытайдың арнаулы қосын бөлімшілері жағынан, жұртшылық алдында атылды”, – деді. Олар: “Оспанды Әнуар Жәкулин атты деу, әлгі Оспан батыр 200 найманды аттырды деген сияқты, орыс пен қытай отаршыларының қазақты қазақпен араздастыру тактикасынан туындаған зымияндық”, – деген пікір білдірді.
ҚАСКӨЛДЕН БІЗГЕ ЖАСАЛҒАН ШАБУЫЛ ЖӘНЕ БІЗДІҢ ГИМАЛАЙ ТАУЫНА БЕТТЕУГЕ МӘЖБҮР БОЛУЫМЫЗ
1951 жылдың ақпан айының бірі күні бізден кемінде мың километр ұзақтағы Оспан батырларға шабуылдаған коммунист қытай қарулы күштері Гаскөлдегі Қалибек хакімдерге де шабуылдады. Құдай сақтап, келе жатқан жау әскерін, дағдысына сай ылғи қарауылдап жүретін Қалибек хакімнің өзі бұрын көріп, алдын ала шаралар қолданды. Дәл сол күні (01.02.1951) таңертең әкем мені шақырып алып: “Бүгін аралдағы жылқыны көріп кел”, — деп тапсырды. Содан кейін өзі де Шыңхай — Шығыс Түркістан тас жолы жағындағы өзіміз “Таскөл” деп атаған асу белге қарай кетті. Әкем ешуақыт мылтықсыз және дүрбісіз жүрмейтін.
Мен де тапсырма бойынша, мылтығымды мойныма асып алып, Таскөлдің Темірлік деп аталған жерінен жылқымыз апарылған аралға қарай беттедім. Жолда бір қарақұйрық атып, бауыздап тастап, жаяу жайлап жүріп Ахмет Арықбайұлының қосына келдім. Кеш болды. Тамақ ішкеннен кейін сыртқа шықтық. Ай қараңғы, бірақ ауа райы ашық. Көкте жұлдыздар сайрап тұр. Сол кезде әлті Таскөл жақтан бір зат жарқырап көкке шығып, сәлден кейін өшті. Оны біз, “жұлдыз ақты”, “алтын көшті” — деп жорып әңгімелесіп отыра бердік. Сәлден кейін, қараңғыда біреудің бізге қарай келе жатқан дыбысы естілді. Сөйтсек ол — Нұрмұхаммет Атамбайұлы екен.
— Ойбай, жау келді! Көкке атылып, жарқырап өшіп жатқан жау әскерлерінің бір-біріне берген белгісі. Құдай оңдағанда жаудың келе жатқанын хакімнің өзі көріпті (Ол кезде ел Қалибек хакімді солай атайтын). Әйтпегенде, бейғам жатқанда таңертең бір-ақ үстімізден басады екен, — деді.
Нұрмұхаммет Атамбайұлы түйесін қарап келіпті. Ол кісі сол елдің имам молласы болғаны үшін, жұртшылықтың бәрі “молла” деп атайтын. Мен ол кісіге:
— Молла, мен не істеймін? Әкем таңертең жылқыны көріп кел деп жіберген еді, — деп сұрадым. Молла маған: “Хакім біреу жіберер, сәл күте тұрыңдар”, – деді де түйесін іздеп жүріп кетті. Сол арада әкем жіберген Айдарқан Хамзабайұлы келді. Ол: “Жылқыны Тосбастау жаққа қарай айдаңдар. Бүкіл елдің жылқысын қосып, тастамай айдаңдар, — деп хакім жіберді”, — деді. Сонымен Айдарқан Хамзабайұлы екеуіміз арал жаққа қарай жүрдік. Ахмет Арықбайұлы, қоралы қойды да, тігулі қосты да тастап, әйелін ертіп ауыл жаққа жөнелді. Ал ауыл жақтан, әр ауылдың сілемінен жарқыраған от көзге түседі. Ол елдің түгелімен көшіп жатқанының белгісі деп ойладық.
Айдарқан Хамзабайұлы екеуміз Ахметтің қосынан сәл ұзай бергенімізде арт жағымыздан, қараңғыда тағы бір кісінің дыбысы естілді. Оның бәсең дауыспен: “Қасен! Қасен!” – дегені құлағымызға шалынды. Сөйтсек ол — Адамбай Арықбайұлы екен. Оны да әкем жіберіпті: “Аралдағы барлық жылқыны Төсбастауға қарай айдап шығыңдар”, — деп тапсырыпты.
Адамбай Арықбайұлы бізге: “Ана жарқырағанның бәрі ауылдың оты емес, жаудың танкісі мен машинасының шамы. Алдымен танкі жүреді екен, артынан әскер толы машиналары жүреді. Хакімнің өзі бақылап отырып, дүрбімен көріпті”, — деді. Гаскөлдің жері жазықты. Танкі мен әскери үлкен машиналар өте алмайтын жері жоқ-ты. Тек анда-санда аққан қарасу жыралары ғана бар-ды. Сол жағдайды ескеріп әкем Адамбай Арықбайұлына:
— Жылқы жатқан арал жаққа да жаудың орап баруы мүмкін, сақ болыңдар. Жаудың жансыздары елдің жылқысының аралда болатынын, әрине,айтқан болуы керек, — деп ескертіпті.
Біз үшеуміз тың тыңдай жүріп аралға барғаннан кейін, таңның атуын күттік. Өзара ақылдасып, таң атқанда Адамбай Арықбайұлының арал жанындағы бір төбеде қарауылда отыруын, жау келе жатса бізге белгі беруін, Айдарқан Хамзабайұлы екеуіміздің аралдың арғы шетіне барып, мылтық атып жылқыны бір-ақ үркітіп айдауды жобаладық.
Таң қылаң бере бергенде біз жылқыны бір-ақ үркітіп Төсбастау жаққа қарай жөңкілттік. Дәл сол сәтте төбеде қарауылда отырған Адамбай Арықбайұлы мылтық атып бізге: “Жау келе жатыр!” – деген белгі берді. Ол біздің мейлінше үрейленіп, жылқыны одан әрі тез айдауымызға түрткі болды. Соның арасынша төбеде отырған Адамбайдың жанына басқа біреу барды. Сөйтсек, ол Сәбиқан Омарбайұлы екен. Әкем оны да жіберіпті. Адамбай алғашында оны жау екен деп ойлапты. Сол үшін бізге мылтық атып белгі беріпті.
Сонымен, Гаскөлдегі барлық елдің жылқысын аралдың қалың қамысынан айдап, Төсбастаудың тақырына біз де шықтық, жау әскерлері де екінші жақтан аралға келіп жетті. Жау әскерінің аралды алдымен басып, жылқыны алуға ұмтылуы, Таскөлге келіп аялдап, елді түнде қоршап, таңертең шабуылдауды жобалауы — оларды сол жер жағдайын жақсы білетін біреудің бастап жүргенін аңғартқан-ды. Құдайдың бізді сақтағаны әкемнің жауды бұрын көруі еді.
Қалың жылқыны айдап біз Төсбастауға бара бергенде, оң жағымыздан түйеге мінген біреу шыға келді. Оның алды-артында жау әскері бар ма? — деп тағы үрейлендік. Сөйтсек ол Шірзат Сәбәділұлы екен. Әкем оны арал жаққа бару енді қауіпті деп көлденеңінен Төсбастауға жіберіп:
— Жылқыны ауыл жаққа қарай айдамаңдар. Дөң асырып, Құмсуға қарай айдаңдар. Ауыл жақта ешкім қалған жоқ. Ел үркіп Құмсуға шықты. Бұрынғы жұртты жау келіп басты, — деп хабарлапты.
Сонымен мен Адамбай, Сәбиқан, Айдарқан, Шірзат болып жылқыны айдап, Құмсуға шыққан елге жеттік.
Гаскөлден үріккен күні әкемнің жинаған кітаптарының бәрі жұртта қалыпты. Кейін әкем, Қызылөзенде отырғанда өзі Жабағытайға әдейілеп көшіртіп алған, Шәкәрім Құдайбердіұлы жинақтарының сол жерде қалып қойғанына қатты өкінген-ді. Сол өкінішін Түркияға келгеннен кейін де бірнеше рет айтып отырғанын естідім. <…>.
1951 жылдың ақпан айының үші (03.02.1951) күні Таскөлдегі бізге шабуылдап келген қытай әскерінің елшілері болып бір қазақ, бір ұйғыр Құмсуға келді. Олар арқылы қытай генералы Лука Мин өзі қол қойып хат жазып, Қалибек хакімді және барлық елді қару-жарақ тапсырып бағыттауға шақырыпты. Әкеме қаратып: “…Баратын алдындағы Тибет жерінде де біздің әскеріміз бар. Егер өзің келіп берілсең, сенің кешірім етілуіңе көмектесемін…”, — депті. <…>.
ҚҰМСУДАҒЫ ҚОШТАСУ
Гаскөлдің жиегі саналатын Құмсу деген жерде едік. Кейін де анықталғанындай, аттысы бар, танкілісі бар, 5 000 шамасындағы қытай әскерлерінен небәрі 40 километрдей ғана ұзақта тұрыппыз. <…>.
Алда тұрған ауыр жағдайды толық аңғарған Қалибек хакім Құмсудан Гималай тауына қарай көшу алдында өзі бастаған сол шағын елдің әр шаңырағының отағасын шақырып, бәріне жағдайды қайталап түсіндірді. Арттағы жауды, елден қашып сол жерге келуіміздің негізгі себебін, алда тұрған табиғат апаттары мен Тибет жерінде бізді қолға түсіру үшін кес-кестеп жүрген жау әскерінің болу ықтималдығын, барып шет елде де жағдайымыздың оңай болмайтынын ұқтырды.
— Енді, — деді Қалибек хакім, — өздеріңіз біліңіздер. Маған ермеймін, қаламын дегендеріңіз қалыңыздар. Ал: Аллаға тәуекел, сенімен боламын, — дегендеріңіз жүріңіздер. Бірақ ертең: “Қалибек, сен айдап әкелдің” – деуші болмаңыздар, – деді.
Әкем сондай ерікті маған да берді. Мені жеке шақырып алып: “Сен жассың. Кейін қайтсаң бәлкім сені өлтіре қоймас. Ойлан, еркің өзіңде”, — деді. Мен қалжыңдап тұр ғой деп ойладым. Қарасам шын айтып тұр: “Өзіңмен бірге өлемін!”,— деп қостан шығып кеттім. Әкем басқа жақын туыстарын да шақырып алып: “Кейін, Қалибек сен бізді осылай еттің деп жүрмеңдер”, — деп ескертті. <…>.
Сонымен, Құмсуда біздің Зейнелбек Райысұлы, Талғатбек Райысұлы, Зейнұлла Райысұлы, Баймолла Райысұлы, Зейнелхамит Қалпақбайұлы және үй-ішілері мен Мұратбек Түсіпбекұлы, Әнуарбек Сауабынұлы, ішінде жақын туыстарымыз да бар, жүздей кісі кейін қайтты. Әкем олардың қолына қытай генералы Лука Минге қаратылған бір хат жазып берді. Ол хатында әкем: “Маған көрсетемін деген көмегіңді мыналарға көрсет. Мен кеттім…”, — деген-ді.
Қайтқан ел де, кететін ел де ұлардай шуласып қоштасты. Қайтқандар — Гаскөлге қарай, кеткендер — Гималай тауының Есекбатты асуына қарай беттеді.
ЫС ТИІП АУЫРҒАНДАРДЫҢ АЛДЫНЫҢ ӨЛЕ БАСТАУЫ
Құмсудан көшкен күні ауа райы өте суық-ты. Қар жапалақтап жауып тұрған. Жау бізді артымыздан қуа ма? Немесе, Құмсудың шығысындағы алқапты өрлеп алдымызды орай ма? Ол жағы белгісіз. Қалай болғанда да, өте сақ болуымыз керек, алды-артымызға қарауыл қойып жүруіміз тиіс-ті. Құмсудан көшкен күні әбден қараңғы түсіп, көз байлағанда бір жерге барып қондық. Қардың қалыңдығы тізеге жеткен. <…>.
1951 жылдың ақпан айында (06.02.1951) жиырмасыншы тасырдың басында әйгілі Беке батырдың інісі Шөке қайтыс болған, сол үшін де “Шөкенің бейіті” деп аталатын Есекбатты деген жердің шығыс жағына барып іліндік. <…>.
Біз Есекбаттыға келгенге дейін де, бірнеше кісіге ыс тиді. Бұл ыс — Гималай тауына тән, әсіресе, қыс айларында өте қауіпті апат. Ыс тиген адам дереу өледі. Немесе бүкіл денесі ісіп, іскен жерлер бейне ыстық суға күйген іспеттеніп қолдырап, қол тисе жарылып, су ағушы еді. Гималай тауының ысы жөнінде, Гаскөлде 12 жыл отырған елден бұрын естігенбіз. Бірақ ыс тиген адамды оған дейін көрмегенбіз. Есекбаттыда 70-тей адамға ыс тигендігі белгілі болды. <…>.
Ыс тек адамға ғана емес, ол жердің ауа райына үйренбеген, біздің елден бергі көлігімізге, айдаған малымызға да тиюші еді. Ыс тиген небір жақсы аттарымыз, маңдайынан оқ тигендей бірақ ұшып түсетін. <…>. Қойлар мен түйелер де солай ететін. Аттарымыздың, түйелеріміздің ыстан қырылуы, адамдардың жаяу жүруіне жеткізген-ді. <…>.
Есекбаттыдан Мыңбүлаққа қарай кешкен күні ауа райы керемет жаман болды. Өте қатты боран соқты. Боранның қаттылығынан көш ығысып жүре алмай, әрең дегенде ойпатқа жетті. Мыңбұлаққа барып қонған күні, елде еш қауқар-күш қалмаған-ды. Ертеңінде таңертең әр ауылдан өлім белгісі саналатын, жылаған дауыс айтып жоқтаған, мұң-зарлы, еңіреген үндер естілді. <…>.
МЫҢБҰЛАҚТАН – КЕРМЕТАС, САБЫНЖЫКӨЛ, БҰҚАДАУАНҒА БЕТТЕУІМІЗ
Жоғарыда да елестетілгеніндей, Мыңбұлақта ойлағанымыздан көбірек отырып қалдық. Оған ыс тиіп өлгендер мен ауырғандардың кенет көбеюі себеп болды. Ал күн өткен сайын ат-көлігіміз азаюда және арықтауда еді. Сол үшін мүмкіндігінше алға қарай жылжи беруіміз қажет-ті. Олай етпейінше, көздеген жерімізге межелеген мезгілінде жетуіміз мүмкін емес-ті.
Мыңбұлақтан көшкен жұртта — көптеген жабайы бұқаның екі мүйізі арбиған басы көзге түседі. Әр бұқаның басының маңайында бірнеше кісі көмулі еді. Қайтыс болған кісілердің әрбірінің басына, маңайдан тас-мас жинап әкеліп, бейіт бейнесі жасалғаннан кейін, тапқан әркім “қодас” делінген жабайы бұқаның басын бейіттің үстіне қойған. Олай етпегенде, бейіттерді аю қазып, жаңа қаза болған кісілердің мәйіт-денесін жеп кету қауіпі барды. Аюлар бұқадан қорыққаны үшін, оның қу басы тұрған жерге де келмейді екен. <…>.
Киім-кешек тұрғысынан да жұтай бастағанбыз. Басымызда тымақ, үстімізде ішік-тон барды. Аяқ киімдеріміз айтарлықтай тозған. Киіз байпақтың тысынан өлген жылқы, түйелердің, немесе өзіміз атқан құландардың жон терісін сылым алым, ықшамдап кесіп, шетінен жіп өткізіп “шаққа” етіп лекерлейтінбіз. Қалың қарда ол дымқылданып, жүре- бара су өтіп, аяғымыз тоңатын. Дымқыл тартып су, болған байпақтарымызды құрғату түгіл, ыстық тамақ ішу үшін отқа жағатын бірдеме табу да қиын болатын. Отқа жағу үшін қар астынан құланның, жабайы қодастың тезегін, табылған жерде бүрген бұта бірдемелердің түбірін іздейтінбіз.
Ең басты көлігіміз — түйелерге ерекше мән беріп, оларды жабулайтынбыз. Жылқының саны күрт азайды. Жылқы ыс тиіп өліп, арықтап жүре алмай жолда қалып, күн сайын кеміді.
Әрбір көшкен жұртымызда бір төмпешік, яғни, бір өлінің бейіті қалатын. Мыңбұлақтан Керметас асуына келіп қонған жұртта Хамзаның, Адамбайдың балалары бірер төмпешік болып қала берді. Керметас асуынан асу үшін тағы өрлей көштік. Көш алдында әкем кетіп бара жатыр еді. Жанында Қайнаш Мұхамметжанұлы бар-ды. Кенеттен бейне маңдайынан оқ тигендей болып, Қайнаштың торы аты омақасты. Ат сол бойы қимылсыз қалды. Қайнаш аға да, жаяу жүргендер қатарына қосылды.
Керметас асуын асып, Сабынжыкөл деген жерге келдік. <…>. Бүл жерде әкеме де ыс тиіп ауырды. Марқұм (ұйғыр) Мұхаммет Тұрдықары әкем өлсе, бұл көштің тоқырайтынын біліп, әкемнің қасында жылап отырып құран оқитын. Әкемнің бала күнінен бірге өскен, әрі жездесі, әрі жолдасы, шұбар айғыр Нұрсапа Мергенбайұлы: “…Әй Қалибек-ай! Қу далада мына елді қаңғыртып тастап шыныңмен кеткенің бе?..”, — деп өксіген-ді. Әйтеуір құдай сақтап, әкем ыс тиіп жазылған санаулы кісілердің бірі болды.
Біз Сабынжыкөлде екі-үш күн аялдаған едік. Артымыздан екі қазақ келді. Олар Тажынордағы елден екен. Гаскөлде бізбен бірге отырған, жау келген кезде бөлініп кеткен Шақабай Мұса деген кісілердің аулынан екен. Олардың айтуынша: Оспан батыр қолға түсіпті. Сөйтіп, Оспан батыр жөніндегі көңілсіз хабарды біз ақпан айының соңғы кезінде (1951 жылы) Сабынжыкөлде естідік.
Сабынжыкөлден көшкенде де Бұқандауанаға қарай өрледік, Гаскөлден шыққаннан бері ылғи өрлеп көшіп келеміз. Ол жердегі ыстың күштілігі соншалық, тез қимылдайтын жағдай жоқ-ты. Тез отырып, лып етіп тұруға шама келмейтін. Оның өзі қауіпті еді. Біреуге сәлем беріп амандасқанда да ентігіп, жайлап сөйлейтін жағдайға тап болдық. Әр отбасында ыс тиіп ауырған кісі бар-ды. Біздің үйде де қарындастарым Шәрбән мен Нұркамал ауру еді. Бұқадауан асуына жақындаған күндердің бірінде (1951 жылдың ақпан айының аяқ шені) түнде апамның жылаған дауысынан ояндым. Нұркамал қарындасым қайтыс болыпты. Бүл апамның қайтыс болған үшінші баласы еді. <…>.
Бұқадауанды асқаннан кейін сәл ылдилап келіп, бір жыраға ауыл да қоныпты. Бұқадауанды асқаннан кейін жол ойпатқа қарай мүлдем құлдап ылдиламайды екен. Басқаша айтқанда, ол – Бұқадауанды асу емес, Бұқадауан жотасына шығу екен. Сол Бұқадауан жонындағы бір жылғаның тұмсығына төрт күннен бері артып келе жатқан қарындасым Нұркамалдың сүйегін қойдық. Мұхаммет Тұрдықары мен Нұрмұхаммет молла жаназасын оқыды. Ол жерді біз “Нұркамалды қойған жұрт” — деп атадық. Сол жұртта екі-үш күн аялдап, артта – Бұқадауан жонына шыға алмай қалған ауылдарды күттік. <…>.
ҰЗАҚТАН КӨРІНГЕН БАСҚА КӨШ
Бұқадауан жонында ілбіп күнде көшетінбіз. Көшіміз келіп қонған күндердің бірінде, Нұрмұхаммет молланың жалғыз ұлы Тұрдыақын қостың жанындағы төбеге шығып алып: “Ей, бері тарт, бері тарт!” — деп айғайлап ойнап жүрді. Оны естіген апам: “Мына бала ел шақырып тұр ғой”, — деп ырымдады. Апамның баланың ойынын ырымдауын өзімше ерсі көріп: “— Бұл сары жонда бізден басқа қаңғырып жүрген қайдағы ел болсын?”, — деп мысқылмен езу тарттық “…Атамыз: қазанның қайнағанына, баланың ойнағанына қара, – деп ырымдаушы еді”, — деді апам.
Арада бірнеше күн өткеннен кейін бір жылғаға келіп қонып, бірер күн аялдадық. Әкем дағдысына сай, бір түйеге мініп (мінетін қонды ат қалмаған-ды), маңайдағы төбелерге шығып дүрбі салып, жан-жақты шолуда еді. Кенет ауылға оралып: “…Ұзақта бір көш келе жатыр. Жау ма? — деп анықтап бақыладым. Жауға ұқсамайды. Айдаған малы бар. Тажынор жақтан қашқан ел болуы ықтимал. Қалайда сақ болған жөн. Алдарынан бірнеше кісі бақылап барсын…”, — деді.
Сәлден кейін міндеттелген жігіттер қайта оралды. Қастарында басқалары да бар-ды. Қарасақ олармен бірге келе жатқанның біреуі, Көкліктен бізбен бірге шығып, Гаскөлге келген найман Шүкен ақсақал еді. Артынан: Сұлтаншәріп, Құсайын тәйжі. Дәлелхан Жанымқанұлы, Нұрғожай батырлар келді. Олар өздерінің де 1951 жылдың 2-айының 1-і күні Тажынорда қытай әскерлерінің келе жатқанын көріп, қашқандықтарын айтты. Бұлардың айтуынша, Тажынордағы елдің көбі Қажыра деген жерде қалыпты.
Бұл келген елдің ішінен бірнеше ауыл бөліне көшіп, бізге келіп қосылды. Олардың айтуынша: аналардың ішіндегі біреулер бұлардың Жуанған деген жігітін өлтіріпті. Дауласушы екі жақ та рулас найман-ды. Сонымен бірге, Қиса батыр деген бір жігіт те арыз айтып бізге келді. Ол — керей, жәнтекей-ді. Оның шағымданып жүргені тағы да керей, керей ішінде жәнтекей Дәлелқан Жанымханұлы еді.
СОНЫМЕН ҚАЗАҚТЫҢ “АЛТЫ БАҚАН АЛА АУЫЗДЫҒЫ” ГИМАЛАЙ ТАУЫНЫҢ САРЫЖОНЫНА ДА КЕЛІП ЖЕТКЕН-ДІ
Гаскөлден қашқан біздің елге (Қалибектің еліне) қарағанда, Тажынор жақтан қашып шыққан бұл елдің көлігі мол және қойлары да тың еді. Одан маңыздысы — бұл елдің көлігі, Гималай тауының әлгі ыс деген бәлесіне үйреншікті еді. Өйткені олардың көлігі өткен 12 жылдың ішінде осы төңіректен алынған. Ол жағдайды көрген әкем: Құсайын, Сұлтаншәріп, Дәлелқандарға: “Бірге көшейік, мына көліктеріңнен көмектесіңдер”, — деді. Олар оған: Келістік, — деді. Сонымен бірнеше күн аралас көштік. Бірақ, Құсайын тәйжілер күн өткен сайын бізден қарасын үзе берді. Олардың көлігі мол және тың. Біздің көлігіміз былтыр Көкліктен көшіп, Такламакан шөлінен өтіп келген арық-тұрық. Біз олардың ізімен жүріп отырдық. Арада бірнеше күн өткеннен соң, бір жұртта әлгі Жәдік Ісләм ақсақал балаларымен үйіліп отырғанының үстіне келдік. Олардың айтуынша: “Құсайын тәйжілер, көшке берген көлігін қайтып алып, өздерін жұртқа тастап кетіп қалыпты”. Ол жағдай Гималай тауында, қазақтар арасындағы ала ауыздықтың асқынуына жеткізді. <…>.
ГИМАЛАЙ ТАУЫНДА АДАМЗАТ ІЗІМЕН КЕЗДЕСУІМІЗ ЖӘНЕ ШӘРБӘННІҢ ҚАЗАСЫ
Өзіміз “Сары жон” деп атаған Гималай тауы мен Тибет жеріндегі көшіміз қыс бойы жалғасты. Алайда, көкек айына да кірдік. Бізден озып кеткен елдің ізінен басқа, бір адамзат ізіне кездеспегенбіз. Бір күні келген жерімізде тас үйінділерін, тастан тұрғызылған мал қораларды көрдік. Оны көріп: адамзат бар өңірге келдік, – деп қуандық. Ал екінші жағынан: бұл маңда біздің алдымызды тосуға шыққан қытай әскері бар ма?
Алдыңғы елдің өтіп кеткенін естіп, олардың ізімен келетін басқаларды қолға түсіруді көздеуші жау әскері болуы мүмкін, — деген қауіптенушілік те пайда болды.
Сол қауіптенушілікке орай, маңайда Тибеттіктер бар ма? Олардан қытай әскерлерінің бұл төңірекке келген- келмегендігін анықтау мүмкін бе, — деген ой туды. Соны анықтау үшін әкем: Хамза, Нұрсапа, Қайнаш, Мөрдіқан, Тұрдықара бар бір топ кісіні — бір жаққа, Адамбай, Мәдәлім, Нұрмұхаммет Молла, Мұса, Сәбиқандар бар екінші топты – басқа бір жаққа жіберді.
Бұл арада, марқұм Жүніс қажының бәйбішесі Бөтей сол жұртта қайтыс болды. Апам оның көңілін сұрап барып келіп ол кісінің:
— Әттең, азан дауысы естілетін, бір мұсылман елі мен жеріне жетіп өлсем, — деп армандап жатқанын айтты.
Одан бір-екі көшкеннен кейін, тете карындасым Шәрбан да қайтыс болды. Шәрбанның қайтыс болуымен, апамның қолында менен басқа баласы қалмаған-ды. <…>.
Тете қарындасым Шәрбәннің жерленуі де өте аянышты бір оқиға еді. Бұрын ыс тигендерді жерлегенде, “аю жемесін” деп басына жабайы бұқаның басын қоюшы едік. Тибеттіктер бар жерге келгеннен кейін, өлген кісілердің сүйегін жергілікті тибет халқынан да жасыруға тиіс болдық. Өйткені тибеттіктер өз жерлеріне қойылған шет елдіктердің сүйегін шығарып тастайды екен.
Шәрбән қайтыс болғанда көкек айы болатын. Жаздан әлі онша қылаң жоқ-ты. Жер тоң еді. Тоң жерді терең қазу, ысқа байланысты қиын-ды. Сонымен Шәрбән марқұмның қабырын қосымыздың ішіндегі от жаққан жерімізден қазып, сол жерге қойдық та, үстіне от жағылғандай етіп, күл-көмір, отты шалаларды орналастырдық. Оның жанына әкеліп бұқаның басын қойдық. Бұқаның басы да әр жерден табыла бермейтін. Сол үшін де, жігіттерді арнайы жіберіп, бұқа аттырып, соның басын әкелтіп қойғанды әкем . <…>.
КЕЗДЕСКЕН ТИБЕТТІКТЕРМЕН ҰҒЫСА АЛМАДЫҚ
Тибеттіктермен байланыс құру үшін жан-жаққа жіберген кісілеріміз қайта оралды. Тибеттіктер оларды көрген жерде аузынан толтырылып оқталатын өте көне мылтықтарымен атқылаған. Бірақ тибеттіктерді қолға түсіру қиын болмаған. Екі жақ бір-бірінің тілін білмегені үшін ұғыса алмаған. Тибеттіктердің өздеріне қаратылып оқталған мылтықтан гөрі түйеден қорқатындығы байқалған. Олар өмірлерінде түйе көрмеген халық екен.
Бізге, тибеттіктердің аттары керек-ті. Оларға біз түйе берсек, қорқып маңайына жуымай қашатын. Басқадай оларға береріміз жоқ-ты. Сол үшін де біз олардың аттарын көрсек, еншілес кісідей ала беретінбіз. Тибетте жылқы өте аз екен. Біз кездестірген тибеттер, ете жабайы кісілер-ді. Үсті-бастарында мата-бұтадан жасалған ешқандай киім жоқ-ты. Ер-әйел бәрінің үстінде ұзын бір тон, басқа еш киімдері жоқ. Тазалық тұрғысынан да өте нашар жағдайда болатын. <…>..
ТИБЕТ ЖЕРІНДЕ ҚЫТАЙ ӘСКЕРЛЕРІНІҢ БІЗГЕ ШАБУЫЛДАУЫ
Ауа райы сәл түзеліп, күн жыли бастаған. Бірақ, біздің өмірімізде онша бір өзгеріс жоқ-ты. Жаяуларымыз, сол баяғы жаяу күйінде. Бізді тастап озып кеткен Құсайын — Сұлтаншәріптерден де бір белгі жоқ. Жартылай жабайы біз кездестірген тибеттіктермен ұғыса алмадық. Олар бізді көрсе қашатын. Ал түнде келіп түйеден басқа көлігімізді ұрлайтын. Олардың жылқысы көрінсе, біз де тартып алатынбыз. <…>..
1951 жылдың шілде айының басында, бір күні ұзақтан бізге қарай шауып келе жатқан жеті-сегіз кісі көрдік. Олардың тибеттіктер болуы мүмкін емес-ті. Тибеттіктер бізді көрсе қашатын. Сөзсіз бұл көрінгендер жау еді. Олар бізге жақындап келіп, бір қыраттың ар жағына түсе қалып, бізді атқылады. Бізді шағын атқылауымен қолға түсетін адамдар деп ойлаған болу керек. Біз де қарсы оларға оқ жаудырдық. Олар қайта қашты. Бұл арада біреуіне оқ тиді. Оны екіншісі өңгеріп әкетті. Оқ тигеннің аты қалып қойды. Атын барып алдық. Қарасақ қытай әскерінің аты.
Сол оқиғадан кейін коммунист қытай әскерлерінің бізді торып жүргенін аңғардық. Көптен бері жүк арасында артылып келе жатқан пулеметті-оқшашарды теңнен шешіп алып, пулеметшіміз Мұса Омарбайұлына тапсырдық. Ертерек келіп, қонған жұртта ол пулеметті тазалап, атып көріп дайындалды. Сол күні кешке көз байланып, қараңғы түскен кезде Нұрсапа Мергенбайұлы біздің қосқа жетіп келді.
— Балам, Бағдат қазір көріпті, бес-алты атты кісі осы жерден өтіпті. Қанжығаларына байлаған бір заттары бар сияқты, сылдырлаған дыбысы шығыпты. Бізді қоршауға алып жүрген жау сияқты, — деді.
Нұрсапа сөзін аяқтай бергенде, қосымызға Қайнаш Мұхамметжанұлы кірді. Ол кісі де ауылдың сыртынан өтіп бара жатқан атты кісілер көргендігін айтты. Дәл сол күні көш артында аялдап қалған Қанапия Байқонақұлының әйелі де жоғалып кеткен-ді. Оны көш артынан келер деп күткен. Сонымен: бүгін бұл жерден таң атпай тұрғанда, қараңғыда жүрейік. Қоршаған жау болса, арасынан қараңғыда сытылып шығып кетейік, — деп шештік. Түн ортасы ауа бергенде жүкті артып, тамақтанып алып жүрдік. <…>. Біздің ауылдың көші дағдысынша алда жүруі керек-ті. Түйелі көштен сәл бұрын малды айдадық. Алдында қой, оның артында оннан астам жылқыны айдап мен келем. Түн қараңғы. Ештеңе көрінбейді. Қой ұйлытып жүрмейді. Арттан көш те келіп қалды. Сол сәтте атылған бір мылтықтың дауысы шықты. Одан кейін жан-жақтан оқ жауып кетті. Сөйтсек, қойдың арасына араласқан қытай әскерлері қой айдаған жігіттерді үнсіз ұстап алуға ұмтылған. Оны байқаған Адамбай Арықбайұлы Сауаш жау қоршауы бар екенін арттағы көшке аңғарту үшін мылтық атыпты. Ондай оқ атылуын шабуыл белгісі санаған болу керек, қытай әскерлері де бізге оқ жаудырды.
Содан бір аптадай бұрын жігіттер тибеттердің бір атын әкелген-ді. Оны әкем мінген. Сол атпен шауып көш алдына шыққан әкем (Қалибек) көшті негізгі бағытынан бұрып, сол жағымыздағы жоталарға қарай бастады. Сол арпалыс кезінде таң да атты. Әйтеуір адам аман деп қуанып жүргенде біреу: “Ой, әлгі Әбіл қайда?”, — деді. Сөйтсек біздің қойшы Әбіл қолға түсіпті. Көш сол жақтағы жотада жинала бергенде, алдын орау мақсатымен қалың атты әскер көштің алдындағы төбеге қарай шапты. Біздің жігіттер де сол төбеге қарай ұмтылды. Төбеге екі жақ қатарласа жетті. Қатты атыс болды. Көш сол төбенің жанындағы жылғамен құлдилады. Түске таяу көштің артынан әкем келді. Астында қонды да, айбынды бір құла қасқа аты бар. Ер-тоқымы толықтай әскердікі. Сөйтсек, әлгі соғыс кезінде біздің мергендер талай әскерге құм қаптырып, 12 ат түсіріпті.
Сонау, Кызылөзеннен бері айдап келе жатқан қойымыздың өңшең еркек қойы іріктелген болатын. Сол қойымыз да, мылтық дауысынан үріккен бойы алдымыздан шықты. Апам оны:
— Адал малымыз ғой! Кәпірге бұйырмай тұр ғой, — деп ырымдады. Сонымен коммунист қытай әскерімен Тибет жеріндегі бұл шайқасымызда екі кісі жоғалтып, 12 ат түсіріп, жалпы алғанда, аман құтылдық. Бұл Тибет жерінде біздің қытай әскерімен екінші рет қарсыласуымыз еді. <…>.
ЖАУ ҚОРШАУЫНА ТҮСТІК
Талай күннен бері, күндіз-түні дамылдамай көше қашуда едік. Шолғыншылар мен қарауылда жүргендер: “Көрінерде жау жоқ”, — дейтін. Сонымен бір күні түсте бір жерге келіп қондық. Бір жағымызда ағып жатқан су бар-ды. Екінші жағымыз жартасты жоталар.
Біз ертеңінде сол сайды құлдап жүрмекпіз. Әлгі күні жұрт тынығуды жақтап, түстен кейін көшкісі келмеді. Сонымен ол күні ол жерге түнедік. Таң атты. Сиыртүс болғанда (сәскеде) көш жүрді. Бір апта алдыңғы соғыста жаудан үркіп алдымызға шыққан қойымызды айдап, тиісті жігіттер жүріп кетті. Артынан әкем, Омар Байқонақұлы, М.Тұрдықары, Дәлелхан Жанымқанұлы сияқты кісілер жүрді. Олар сайды құлдап барып бір қысаңнан өтіп, көгал бар жерге аялдады. Негізгі көш жұрттан жаңа шыға бергенде алдыңғы жақтан мылтық дауысы естілді. Артынан пулемет-оқшашар сақылдап оқ жаудырды.
Арттағы кеш не қыларын, қалай жүрерін біле алмай ұйлыққан кезде, Қайнаш Мұхамметжанұлы шауып келіп, көшті жартасты сайға қарай бұрды. Алайда, оқ жаудырған оқшашарлар мен мылтықтардың дауысы сол жақтан естілуде және жауған оқ та сол жақтан келуде еді. Көш солай қарай жөңкіліп бара жатқанда, әкем (Қалибек Хакім) алдыңғы жақтан қайта шауып жетіп: “Олай кетпе! Кері тарт!”, — деп айғайлады. Сонымен көш су жаққа – бағанағы көшкен жұртқа қарай кері бұрылды. Алдағы қысаңнан, сондай-ақ, солымыздағы жартасты беттен оқшашардың оғы жауып тұр. Әр үш жағымыздан да қытай әскерлері жүгіре атып, қаптап келеді.
Әкем дереу Мөрдіқан мерген, Адамбай Сауаш, Мұса Сауашан, Сәбиқан Пынар, Қиса батыр бастатқан жігіттерді әлгі қаптап келе жатқан жауға қарсы жіберді. Ол күні осы аттары аталған жігіттер өте жанқиярлықпен ел қорғады. Асқына басып, қаптап келе жатқан жау әскерін қадап атып ойсырата қырды. Мұса Сауашанның пулемет-оқшашары да сол күні жауға өлім шашты. <…>.
Біз батпақтан өтіп болғанда, қытай әскерлерінің бір бөлімі алдымызды орауға ұмтылды. Қытай әскерлерінің атқан оғы қарша борады. Әкем шауып келіп, ұйлыққан көштің ұзақтағы бір мойнаққа қарай беттеуін бұйырды. Бірақ, көштің алдында ешкім жүргісі келмеді. Жау әскері көштің алдында жүргенді ерекше атқылауда болатын. Әкем маған “Сен баста!”, – деп бұйырды да, өзі елдің артында жаумен атысып жатқан жігіттерге қарай шаба жөнелді. Мен әкем сілтеген қияға қарай біздің ауылдың көшінің алдында жүрдім. Дағдысына сай басқа ауылдардың көштері ерді. Ол күні менің астымда бірнеше күн бұрын тибеттерден алған бір ақ көк ат бар-ды. <…>. Қытайлар: “Мына ақ көк атты осы елдің бір батыры шытар”, — деп ойлаған болуы мүмкін. Оқты мол жаудырды. Мен ол кезде 18 жасқа жаңа шыққанмын. Мойнымда мылтығым бар. Талай аң атқанмын. Бірақ жауға қарсы оқ атқан емеспін.
Әйтеуір құдай сақтап, біз аман-есен батпақтан өтіп, әлгі қиямен келіп Мойнақты асқан кезде, жаудың біз өткен саз батпақ жақ алдымызды орау үшін ұмтылған әскері сол Мойнақтың екінші жақ жотасының төбесінен көрінді. Құдай оңдағанда олар көздеген жеріне жетіп үлгермей, біз бұрынырақ келіп Мойнақтан асып кеттік.
Сонымен ол қоршаудан да аман құтылдық. <…>. Қытай әскерінің алғашқы оғы Қалибек, Омар, Дәлелқан және Тұрдықары төртеуі көштен бұрын қысаңнан өтіп барып, бір көгал жерге отыра қалған кезде атылыпты. Омар Байқонақұлының атына оқ тиген. Ол кісіні әкем мінгестіріп алып шығып кешке жеткізген.
Әлгі Мойнақты асып барып, елдің бас-аяғын жинап, адам басының амандығына қуанып, сәл аялдағаннан кейін тағы жүріп кеттік. <…>. Мен айдаған он шақты жылқы да атқылау кезінде жау жаққа үркіп кеткен-ді. Апамның ақбас атаны мен шаңырағы да батпақта қалды. Сонымен дерлік “салт атты, сабау қамшылы” болып алға тарта бердік. Бұл төңіректе атып жейтін құлан жоқ екен. Сол үшін де “әлі жеткен әлі жеткенді жейтін” заманға айналды. Қытай әскерлері біздің малымызды, азық-түлігімізді тартып алуда. Аштан өлмеу үшін, жолда қалып қолға түспеу үшін біз де, тибеттіктерден қажет заттарды тартып алуға мәжбүр болдық.
ТАР БІР ҚЫСАҢНАН ҮРЕЙЛЕНЕ ӨТУІМІЗ
Жігіттердің кейбіреулері: бүл тибеттер Ладақтың (шекарадағы қала) жолын сілтеу барысында өтірік айтуда, — деп ашу шақыртатын. Алайда, кінә тек оларда тана емес-ті. Олардың тілін білмеген, жерінен баса көктеп өтіп, өзімізге қажет заттарды тартып алып жүрген біз де кінәлі едік. Сол жағдайды байқаған кей ойлы кісілер:
— …Тибеттіктерде де, бізде де кінә жоқ. Кінә көк көз орыс пен маңқа қытайда. Олардың отаршылық зомбылығы болмағанда, бұл қазақ осында келер ме еді? – деп тұжырымдайтын.
Бүл арада бір күні түсте қытайдың шағын бір әскерімен тағы кездесіп қалып атыстық. Өздеріне қауіп төнгендігін байқаған олар қашып құтылды.
06.08.1951 күні “Ұрдық” деген жерге келдік. Бұл екі жағы құз жартас, өте қатерлі бір қысаң-ды. Егер онда жау болғанда, бізді өткізбейтіндігі сөзсіз-ді. Әкем: Хамза Шөмішбайұлын шақырып, қасына таңдап он мерген жігіт алып, жасырынып әлгі қысаңның аузына баруға тапсырды. Сол арада қысаңның сәл қашықтығында жүрген адамдар да көзге түсті. Хамза бастаған мерген жігіттер қысаңның аузына барғанда, қалың көшіміз тұмсықтан кенет шыға келіп, әлгі қысаңға қарай жүрдік. Бізді көрген әлгі адамдар қысаң жаққа қарай жүгірді. Бірақ олар жүгірген жақты біздің адамдарымыз, жасырынып барып, бұрын ұстап үлгерген-ді. Соның арқасында әлгілер қарсылық көрсете алмады. Біз сол қысаң өткелден өтіп алғаннан кейін, әлгілерді қос шатырымызға шақырдық. Бірнеше мылтық, сыйлық бердік. Олар Үндістан жөне Ладақ деген атауларды түсінетін.
Ол жерден екі көшкеннен кейін, ақ бормен ақталып боялған бір үй көрінді. Ол Тибет жерінде біз кездестірген тұңғыш үй еді. Дереу оны барып көрдік. Маңайында ешкім жоқ екен. Арпа қоймасы екен. Ондағы адамдардың қашып кеткендігі байқалды. Біз көптен бері дәнді дақыл көрмегенбіз. Күнделік азығымыз – негізінен ет болатын. Арпа алып, қосымызға апарып қуырып жедік.
ҮНДІСТАНДЫҚТАРМЕН ТҰҢҒЫШ КЕЗДЕСУІМІЗ
Арпалы қамбадан көшкен күні жолда екі атты кісі кездесті. Жуан денелі, біреуі сәл ұйғырша біледі екен. Бұрын ұйғыр саудагерлері мен үндістандықтардың арасына тілмәш болыпты. Оның айтуынша, екі күннен кейін біз Үндістан шекарасына жетеді екенбіз. Оны естігенде біз, бейне алдымызда әкеміз күтіп тұрғандай қуандық. Енді бізге керегі болмас деп жан-жаққа оқ атып қолымыздағы оғымызды, соңғы рет қолданғымыз келді. Өйткені қаруымызды Үндістан әскеріне тапсырып, сол елдің жеріне өтіп, бейбіт өмір сүреміз деген сенімде едік.
18.08.1951 күні Үндістан шекарасына жеттік. Әкем бірнеше кісі ертіп, шекараны күзетуші Үндістан әскерлеріне барып, әлгі “салдырбайдың” тілмәш болуымен сөйлесті. Әкемдер қайта оралғаннан кейін, қап-қара сақалды бір мыңбасы (майор) бастаған Үндістан әскерлері келіп, тізімдеп, қаруымызды тапсырып алды. Бірақ біз әлі тибет жерінде едік. Сол күні қару-жарақсыз Тибет жерінде түнедік. Артымыздан қытай әскерлері келіп шабуылдаса қайтеміз? Қолда қару жоқ, жатқанда ұстап алады ғой деп үрейленіп ұйықтай алмадық.
ҮНДІСТАН ӘСКЕРЛЕРІНІҢ ҚАРУЛАРЫМЫЗДЫ ҚАЙТАРЫП, ВИЗА БЕРМЕУІ
Ертеңінде біз шекарадан өтеміз деп асыға күтіп тұрғанда, Үндістан әскерлері төрт атқа артып қару-жарағымызды қайта әкелді: “…Орталықтан жарлық бар, сіздерді дәл қазір Үндістан жеріне кіргізе алмаймыз. Мына қаруларыңызды қайтып алыңыздар, керек болар…”, — деді.
Ол бізге күтілмеген өте ауыр соққы болған-ды. Өліп-тіріліп, соншама ауыр азап шегіп, ұзақ жол жүріп келгенде, Үндістанның бізді қабылдай алмаймыз деуі — біз үшін жаппай қырылу қауіпін тудырған-ды. Енді не істеуіміз керек-ті. Артымызда жау әскері бар. Күнде төбесі көрінуде. Ол қашан шабуылға өтеді деп күнде үрейленудеміз. <…>.
Сонымен Үндістан шекарасында 56 күн виза күттік. Әр өткен күн бізге бір жылдан ұзақты. Артымыздағы жау әскерінің мейлінше молайып, бір даярлық көріп жатқандығын да сезетінбіз. Ал біз болсақ, көлік тұрғысынан айтарлықтай жұтағанбыз. Қыс та жақындаған. Бұл жерде атып жейтін Тибеттің сары жонының қалың құланы жоқ-ты. Азық-түлік те күн еткен сайын азайған-ды. Кейін бұрылсаң, бассалғалы тұрған қытай әскері, алға жылжиын десең, Үндістанның мемлекеттік шекарасы. Оны күзеткен Үндістан әскерлері…
КОММУНИСТ ЕМЕС ЕКЕНІМІЗДІ ДӘЛЕЛДЕУ ҮШІН
Үміт пен үрейлі күндер өтуде еді. Бұл арада коммунист қытай әскерлері екі рет шабуылдады. Құдай қуат беріп, екі жолында да қытай әскерлеріне тойтарыс бердік. Қытай әскерлері шегінгеннен кейін, соғыс болған жерге үндістандық қолбасылар барып көрді. Соғыс болған жерлерге оларды Сәбиқан Пынар бастап барды. Ол үндістандық қолбасыларға қан ұйлыққан талай шұңқырларды, тас түптерін көрсетті. Үндістандық қолбасылар оны суретке түсіріп, маңайын да сызып, қазақ жағының оларды қай жерде тұрып, қалай атқанын сұрап жазып алды.
Бұл арада кейбіреулер: “…Осы Үндістандықтар бізді қытай коммунистерінің шекарадан әдейілеп кіргізіп жіберіп, елдің ішкі жағында кейін бүлік шығартатын бұзақылары деп күдіктенетін шығар…”, — деген топшылау айтатын. Сол тұжырымға сай, қытай әскерлері Үндістан шекарасында бізге екінші рет шабуылдағанда, әйгілі Нұрпай батырдың інісі, Нұрмұхаммет Атамбайұлы бір қытай әскерін қадап атың, басын кесіп әкелді. Қытай әскерінің сол кесік басын: “Міне, біз коммунист емеспіз”, — деп үндістандық әскерлерге апардық. Олар оған онша разы болмады… Тіпті, ашуланды. Үлкендер оны: “Көпірлігіне тартып тур ғой…”, — деп бағалады.
Ал кейбіреулеріміз: “Осы үндістандық әскерлердің өзін бір түнде басып алып, Пәкістан жаққа ауытқып кетейік. “Қытай көпір мен үндістандық кәпір бізді қыратын болды” — деп Пәкістан шекарасына барсақ, заты мұсылман ғой, олар бізді далаға тастамас…”, — деген ой айтатын. Бірақ, ол жерден Пәкістанға өту мүмкін емес-ті. <…>.
КОММУНИСТ ҚЫТАЙ ӘСКЕРЛЕРІНІҢ СОҢЫ ШАБУЫЛЫ
1951 жылдың қыркүйек айының аяқ шені болатын. Үміт-үреймен Үндістан шекарасындағы виза күтуіміз ұласулы еді. <…>. Екі айға жуық отырған жұртымызда шөп қалмаған-ды. Қолдағы көлігіміз бен тибеттерден алған азын-аулақ малымыздың өрісі тарылды. Тибет жаққа өрістейік десек, қырамын деп коммунист қытай әскері тұр. Үндістан жаққа Үндістан әскерлері өткізбейді. <…>.
26.09.1951 күні сол бозбала жігіттер өрістен кешке ауылға оралғанда: Ауылдың Тибет жері жағына келіп шоғырланған қалың әскер көрдік, — деп хабарлады. Демек қытайлар тағы бір шабуылға өту әзірлігін көруде еді. Оны естігеннен кейін әкем өз айтқанынан шықпайтын Мұса Омарбайұлы, Мөрдіқан мерген, Адамбай Арықбайұлы сияқты бірнеше жігітті күзетке шығарды. Басқа бір қатар жігіттердің де күзетке шығып, ел отырған жер төңірегіндегі төбелерде болуын тапсырады. Ол “батырлар” ол күні сол тапсырманы орындамаған.
…Таң құлан иектене бергенде, ауыл жақтан күрсілдеген минаметтардың және сақылдаған оқшашардың (пулемет) дауысы естілді. Төбелерге жүгіріп шығып қарасақ, ауыл минаметпен атқылануда. Қытайлар жаудырған минамет оғы ауылдың ортасына, кей қостардың шаңырағынан түсіп жарылуда. Ауылдан қашқан бір қатар жаяулар үндістан әскерлеріне қарай жүгіруде. Көпшілік Үндістан мен Тибет шекарасы арасындағы жартасты бетке қарай қашуда. Ауылдың отырған жері бір жартасты жалдың тұмсығы болатын. Ол тұмсықты солтүстік батысқа қарай айналғанда Үндістан шекарасына өтетін. Біз, қытай әскерлерінің одан бұрынғы шабуылдарынан әбден шошынып-қорыққанымыз үшін, сол тұмсықтың Тибет жағына, Үндістан әскері мен шекарасына арқан тастам жерге ығысып барып паналаған едік.
Қарсы жалдан біз, қытай әскерлерінің ауылға барып кіргенін, байлаулы түйелерімізді шешіп айдап бара жатқанын да көріп тұрдық. Қолдан келер қайран жоқ-ты. Ауылға Тибет жерін басып ат апару мүмкін емес-ті. Сол үшін де мен, Сәбиқан Пынар, Мәжит Жаналтай үшеуіміз, не де болса, Үндістан жерін басып, ауыл отырған тұмсықтың солтүстік батыс жағынан ат апаруды ұйғардық. Қалғандарымыз, сонда тұра-тұратын болды.
Сол ұйғарымымызға сай, біз үшеуміз паспорт визасыз Үндістан шекарасына қарай шаптық. Қытай минаметы мен пулемет-оқшашарының дауысы үздіксіз естілуде еді. Ол қытайлардың ауылға шабуылының ұласып жатқанының белгісі еді. Біз сәл ілгерілеп едік, алдымыздан Үндістан әскерлері көрінді. Бәрінің мылтығының аузы бізге қаратылған. Біреуі, бірдеме деп айғайлап еді, әлгінің бәрі мылтықтарын бізге оқтап, бір тізерлеп отыра қалды. Тағы бір айғай шығып еді, әлгінің бәрі біз үшеуімізді нысанаға алды. Үшінші айғайда да, үндістан әскерлері бізді сығалап нысанаға алып, мылтықтарының шақпағының артын қайырып енді “Ат!” деп берілетін жарлықты күтті. Біз үшеуміз қолды көтеріп: “Лә-илләһа ил-Алла, Мұхаммедар Расұлалла”, — деп иман айтудамыз. Дәл сол сәтте үндістандық әскерлердің арт жағында тұрған біреуі: “Қалибек! Қалибек!” — деп айғайлап әскерлерге бірдеме деді. Бізді нысанаға алып, атқалы тұрған әскерлер орындарынан тұрды. Сөйтсек, әлгі үндістандық бұдан бұрынғы қытай шабуылдарының бірінен кейін, атысулар болған жерлерге, Сәбиқан Пынар бастап барып аралатқан офицер екен. Ол соңғы сәтте Сәбиқанды танып: “Қалибектің адамы!” — деп айғайлап, атпаңдар деп тоқтатыпты. Әлгі үндістандық қолбасы Сәбиқан Пынарды танымағанда, біз үшеуміз мемлекеттік шекараны бұзған, “қытай әскерлері” ретінде саналып, атылып кеткендей екеміз. Әлгі үндістандық офицер бізге ымдап: барыңдар жүре беріңдер, — деді.
Біз дереу шаба жөнелдік. Алдымызда қашып бара жатқан қазақ баласын көрдік. Олардың бірі қазір Ыстанбұлда Зейтінбұрын ауданында тұратын қазақшыл, ұлтжанды азамат Сыдыққан Омарбайұлы Ұлышай екен. Сол кезде ол әлі онға тола қоймаған бала. Екіншісі де, ол кезде 6 жастағы Мұхамметбай Нұрсапаұлы Енгін-ді. Қазір ол Германияның Мюнхен қаласында тұрады. Оларды үндістандықтар су беріп қамқорлығына алды. Жалпы алғанда, ол сәтте үндістандықтарда бір мейірімділік аңғарылған-ды. Бірақ, оның мәнін байыптап түсінуге тырысарлық уақыт жоқ-ты.
Біз ол жерден сәл ілгерілеп едік, жалаң-аяқ, жалаңбас қашқан, қатын балалар жолықты. Бәрі шошыған, үрейлі еді. Даңқы бүкіл Еренқабырға бөктеріне таныс, атақты Иманқұлдың қызы, атақты Атамбайдың келіні, Нұрмұхаммет молла Атамбайұлының әйелі Қамила марқұм мен апам марқұм ішінде шұбырып келе жатқан әйелдерді кездестірдік. <…>.
Сонымен біз төбеге шықтық. Жаудың беті қайтыпты. <…>. Біз сол аянышты ауыр жағдайдағы күйімізде Үндістан әскерлерінің жанына барып үйірілдік.
МҰҒЖИЗЕ!… МҰҒЖИЗЕ! ҮНДІСТАННЫҢ ҚАБЫЛДАП ВИЗА БЕРУІ
Біз сол аянышты ауыр жағдайда үйіріліп тұрғанымызда, Үндістан әскерлері бізге жылы шыраймен күле қарай бастады. Сөйтсек оларға: “Бұларды Үндістан жеріне қабылдаңдар”, – деген бұйрық түсіпті. Егер ол күні Үндістан бізді қабылдап, шекарасынан өткізіп алмағанда, біздің қытаймен атысып жүріп, бір бөліміміз қытайдың қолына тірі түсіп, қырылатынымыз сөзсіз-ді.
Сонымен, Үндістан әскерлері қару-жарағымызды тапсырып алды. Тізімімізді жасады. 174 кісі едік. Сол күні және ертеңінде, шекараның Үндістан жағында түнедік. Бүл арада, талай опасыздықты бастан өткізіп, әбден қорқып зәтте болып қалған кей кісілер:
— Әй, осы кәпір (үндістандықтар) ана кәпірге (қытайға) бізді ұстап беріп жүрмесін?! – деген үрейлі күдікті ортаға салды.
Соған орай, шекарада тұрған екі күнді ұйқы-күлкісіз, үрей-қорқумен өткіздік. Шекарадан Ладақ — Кашмир жаққа қарай жүргенге дейін қобалжып қауіптендік.
Кейін естуімізге қарағанда, коммунист қытай үкіметі Үндістан үкіметіне нота тапсырып, бізді шекарадан кіргізбеуін талап етіпті. <…>. Тағы кейін естуімізше, Үндістан үкіметі оған: “Міне шекарада отыр. Қайтарып әкет, болмаса халықаралық келісімдерге сай біз қабылдауға мәжбүрміз”, — депті. Сол үшін де қытай әскерлері бізге 56 күннің ішінде жедел-жедел үш рет шабуыл жасапты. <…>. Ең соңғы шабуылында да қытай әскерлері бізді қайтарып әкете алмағаны үшін, Үндістан үкіметі бізді қабылдапты.
Сөйтіп, Тибет шекарасында қару-жарақ тапсырып, Үндістан жеріне өткеннен кейін, әскерлердің қоршауында, жаяу-жалпы жүріп 14 күнде Үндістанның шекарадағы әкімшілік орталығы Ладақ деген шағын қалашыққа жеттік.
<…> Ладақтағы үкімет кісілерінен және ұйғыр саудагерлерден естуімізше, Тибенің Сарыжонында бізден озып кеткен Құсайын, Сұлтаншәріптер жолда ешқандай жаумен қарсыласпай және Үндістан шекарасында виза күтіп зарықпастан Ладаққа келіп, одан Кашмир өлкесінің астанасы Сиринагер қаласына кеткен. Олардың ондай жолда жаусыз және шекарада кедергісіз өтуінің басты себебі, біріншіден: Тибет жерінің ол аудандарына қытай әскерлері дәл сол кезде жетіп үлгермегендігі. Ал олардың сол аудандарды басып өтіп кеткендігінен хабар алған коммунист қытай әскерлері, ол жолмен келетін басқаларды қолға түсіру шарасын қолданған. Сол үшін де “Қалибектің елі” жеті рет қытай әскерінің шабуылына душар болған. Екіншіден: олардың Үндістан шекарасынан кедергісіз өтуінің басты себебі, олар шекарадан өтіп кеткеннен кейін, коммунистік қытай үкіметі, Үндістан үкіметінен ондай “қашқындарды қабылдамауды” талап еткен.
Қысқаша мағлұмат: Хасен Қалибекұлы Оралтай, әлемге танымал халықаралық қаламгер — 1933 жылы Шығыс Түркістанның Тарбағатай аймағындағы Майлы-Жайыр жайлауында туған. Ауыл мектебінен сауатын ашқан. 1945-жылдан бастап Шығыс Түркістан ұлт-азаттық көтерілісі жетекшілерінің бірі болған әкесі Қалибек хакім Райымбекұлының қолғанаты болған. 1947 жылдан бастап “Үш аймақ” үкіметіне наразылық танытып, Кеңес одағының империялық саясатына қарсы шығып, Қызылөзеннен Еренқабырғаға қоныс аударған. 1949-жылдан бастап қуғынға ұшырап, жазалау әскерімен соғыса жүріп тұз қақтаған Такламакан шөлін кесіп өтіп, Тибеттің қуаң Саржонын басып, ыс басқан Гималай тауын асып, 1951жылы Үндістанның Кашмир аймағына өткен. 1954-жылы Түркияның Салихлы қаласына тұрақты қоныстанған. Түрік, ағылшын тілін меңгеріп, шетелдік саяхатшыларға арналған дүкен мен қонақ үйде қызмет істейді. Сонда танысқан американдық әскерилердің ықпалымен 1957 жылы
НАТО-ның Ізмірдегі әуе күштері мекемесіне қызметке алынады. I960 жылдан бастап бірыңғай қаламгерлікпен айналысқан. “Бұйұк Түркелі” (1962), (Түркелі” (Ізмір) журналдарын, “Коммунизммен күрес” (Ізмір, 1965) газетін ашқан. 1967 — 1988 жылдары Мюнхендегі “Азаттық” радиосының қызметкері, 1988 жылдан бастап “Азаттық” радиосы қазақ бөлімінің директоры боды. 1993-жылы Алматыда қазақ бөлімінің бюросын ашты. 1995 жылы зейнетке шықты. Қазір Мюнхенде тұрады.
“Шығыс Түркістан қазақ түріктері — азаттық жолында”(1961), “Бұйүқ түрікшіл Мағжан Жұмабаев (1965), “Алаш — Түркістан түріктерінің ұлт-азаттық ұраны” (1971), “Алтайдағы қанды күндер” (1977), “Қазақша — түрікше сөздік” (1984), “1986 жылғы 17-18 желтоқсандағы Қазақстан оқиғалары” (1988) және осы жинақта үзінділері қысқартылып беріліп отырған “Елім-айлап” өткен өмір” (1999, Станбол, 2005, Алматы) атты ұлтжанды кітаптардың авторы. Естеліктің баспаға дайындағандар Т.Жұртбай мен Е.Сіләмханұлы.