Шежіре

Ер Жәнібек – Абай мен Шәкерімнің үлкен нағашысы

Өр Алтайдағы керейлер мен Құнанбай ауылының байланысы ежелден ел ауызында бар ескі әңгіме.

Құнекең туралы сөз болғанда ауыл ақсақалдарының «аға баласы ғой» деп әлгіге құрмет қылатынын өз құлағымызбен естіп өстік. Тіпті 1931 жылы Шәкерім қажы атылып, арғы бет асқан ұлы Зият пен Әзімбайұлы Бердеш те сол ескі тарихтың тамырын жақындыққа жалғап, біздің ауылды паналаған болатын.

Құнанбайдың арғы аталарынан бастау алатын бір хикаяны Ер Жәнібек Бердәулетұлының тіке ұрпағы, ШҰАР-дың Үрімжі қаласында тұратын, кеудесі алтын сандық қарт Ақын Байбосынұлы былай шертуші еді:

«Бір жолы елдің қасқа мен жайсаңдары бас қосып отырған кезде, Абайдың құрдасы, білері де бар, сөзшең Орымбек деген адам:

– Абай, осы сен қайдан ақын, қайдан жақсы болып тудың? Атаң шөккен түйеге міне алмайтын жуас деуші еді, – дегенде, отырғандар ыңғайсызданып, қынжылып қалады. Абай сәл ойланып барып:

– Бұл біздің Айдос атамызды айтып отыр ғой. Әй, Орымбек, ер тағайына тартады дегенді білмейсің бе. Ақындылық шешендік, батырлық, міне осы үш қасиетті де, бірдей мықты ұстап қазақтан асып туған кіші жүзде Сырым батыр, одан кейінгі керей Ер Жәнібек қой. Жәнібек шабыттанған кезінде өлеңді ат үстінен ағылта жөнелетін ақын да болған екен. Ер Жәнібектің бір қасиеті апам Ермек арқылы баласы Өскенбай мен немересі Құнанбайдан өтіп маған дарымады деймісің?! – деп жауап беріпті.

Жастабан ішінде Шақантай рулы Жабағытай бір кезде Шәкерім қажының үйінде қонақ болып отырып, сөз кезегінде:

– Ей, Шәкерім, осы сендерді Ер Жәнібектің жиені дейді. Осы рас па? – дегенде, Шәкерім жанында отырған ұлы Зиятқа:

– Мына кісіге сен жауап берші, – деп бұйырыпты. Зият сүйеулі тұрған домбыраны алып, құлағын келтірген соң өлеңнің басын былай бастапты:

Ырғызбай сұрасаңыз бесінші атам,

Мен неге тексерусіз жайға жатам.

Айнымай ата көрген оқ жонады,

Бұйырса әр қиырдың дәмін татам.
Ер, шешен Жәнібектің сүйегі біз,

Ермектен – қарындасы жиені біз.

Туыстың өзгеруі содан болар,

Әділдік, ақыл-қайрат сүйеуіміз.

Мұндай дейтіні, бір кезде Көкшетау өңірінде атағы жер жарған «Көкиірім съезі» деп деп атанған думанды үлкен сауда жәрменкесі өткізілген. Осы науқанда қазақтың ат үсті ойындарынан бәйге, жорға, теңге ілу, жамбы ату, қызқуар, көкпар тарту ойындарымен бірге палуан күресі де өткізілген екен. Палуан күресінің жүлдесі 3000 бұт бидай болса керек. Күресте Моңғолдың қоңыраулы палуаны басқа ұлттардан күрескендерді қирата жығып, кезек қазаққа келгенде, қазақтың сарқарын палуандарының көңілі шайлығып шетінен тайсақтай беріпті. Ел дағдарып тұрған осы кезде Жәнібекке атқосшы болып жүрген жас жігіт Ырғызбай Айдосұлы әлгі моңғол палуанмен күресуге бекінеді де, үлкендерден бата сұрайды. Сонда қазақтың кейбір ақсақалдары:

– Ой, қарағым Ырғызбай, талабың жақсы-ақ. Бірақ, қарғадай ғана баласың, ана қалмақ палуан қара бурадай алып екен. 3000 бұт бидай қалжыңдасатын сауда емес, ел шығындалып қалмасын, – деп басу айтады.

Сонда Жәнібек:

– Ой, халайық, қалмақтың кескінін көріп, сүрендерің ұшпасын. Ол да адам, алып емес. Жүректегі жігер мен білектегі қайраттың осал жау еместігін аңғарыңыздар. Күш атасын танымайды деген бар емес па. 3000 бұт бидай қасқалдақтың қаны емес, қазақтан бір жас шығып тіленгеннің өзі қандай! Меселдесі қайтпасын, тәуекелге келейік, – деп бекім айтады. Даурыққан көпшілік үнсіз қалады. Жәнібек Ырғызбайға қарап:

– Қарағым, осы жолы қазаққа жүлде алып берсең, жалғыз қарындасымды қалыңсыз беремін, – деп уағда қылады.

Сол жолы қазақтың тілегі қабыл болып, Ырғызбай жүлде алады. Жәнібек сөзінде тұрып, қарындасы Ермекті қалыңсыз атастырып, Ырғызбайға отау көтеріп береді» (А.Байбосынұлы. «Мұра» журналы  ҚХР,ШҰАР, 2003ж,  №1).

Бұл деректер басқа тарихшылар жағынан да терістелмейді. Соның ішінде Абай төңірегіндегі әңгімелер мен оның арғы атасы Ырғызбай Айдосұлы (1744-1785) жайлы жазылған «Тобықты-Шыңғыстау шежіресі» секілді кітаптар да Ырғызбайды «атақты Ер Жәнібек батырдың қызына үйленген» деп көрсетеді.

Екі деректегі айырма – біреуі Жәнібектің қарындасы десе, біреуі қызы дейді.

Жыл шектемесінен қарағанда Ер Жәнібек Ырғызбайдан 30 жас үлкен. Демек «әке жолы» дейтіндей айырма бар. Олай болса Ырғызбай 20-ға толғанда, Жәнібек 50-ге шығады. Олай болса, қарындасы дегеннен көрі қызы деген сөз тарихи шындыққа біршама жақындайды.

Құнанбай мен Абайдың тектілігі жайында сөз қозғағанда М.Мағауин бұл шындықты тіпті де растап, бір сұхбатында: «Ата тегіне келетін болсақ, Абайдың жетінші атасы, яғни Құнекеңнің алтыншы атасы – Сары деген кісі. Сары өз заманында үлкен батыр болған, Еңсегей  бойлы Есім ханның заманында қол бастаған батыр болған. Сол кездегі бұлғақ заманында атақты Қатаған Тұрсын ханның Қоңырбике деген қызын алған. Қоңырбикеден Кішік туған, осыдан барып Абай тарайды, Абайдың  әулеті тарайды. Яғни осы тұрғыдан алатын болсақ, онда Абайдың әулеті, Құнекең – тура қазақтың Әз-Жәнібек хан, одан ары қарай Орыс хан, одан ары Жошы хан, одан ары тура Шыңғыс ханның өзінің тікелей әулеті болып шығады. Бұл – бір жағы. Екінші жағы, жаңа айттық, Сары – қол бастаған батыр болды деп. Одан кейін барып шыққан Ырғызбай да өз заманында үлкен, ірі батыр болған. Ыр­ғызбайдың бәйбішесі – Абылай ханның заманындағы, ханның оң тізесін алған атақты Керей Ер Жәнібек батырдың қызы, яғни Өскенбайдың шешесі, Құнекеңнің әжесі – Ер Жәнібектің қызы», – деген дәйек келтіреді.(«Abai.kz»-тен).

Осыған ұқсас тағы бір әңгімені М.Әуезовтан қылып айтушылар: «М.Әуезовтың қолжазба қорында сақталған, бертінде «Абай» журналына жарияланған мақалада: «Абайдың атасы Өскенбай керей Ер Жәнібек батырдың қызы Ермектен туады. Кішкентай кезінде Өскенбай қатты ауырып, оның амандығы үшін бір құрсақтан туған Мырзаханды Өскенбайдан айналдырып садақа етпек болады. Ермек бәйбіше: «баладан баланың артықшылығы жоқ, қойыңдар!» дейді. Осы оқиғаға куә болған Жәнібек батыр: «егер Мырзахан адам болса, осы Өскенбайдың арқасында адам болар. Өскенбайдың көзінде біздің тұқымға тартқан от тұрған жоқ па?» депті»  деп сыр шертеді.

Осылардың бәрін шабыстыра келгенде Ер Жәнібектің – Абай мен Шәкерімге нағашы екенін ешкім де жоққа шығармайды. Және де арғын атаның Тобықты әулеттерінің Ер Жәнібекті нағашы ретінде арқа тұтып, мақтан ететіні де бірден байқалады. Бұл – әрине, бүгінгі біздерге керекті тектіліктің алтын арқауы.

Ал Ыбырай Алтынсариинның да нағашысы Жәнібек деген дәлелі толық емес дерек әлі де болса зерттеуді қажет етеді.

Жәди Шәкенұлы

“Намыс” порталы

Теги: , , , ,

1 пікір

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

*