Жәнібек батырдың балалық шағы туралы
Жәнібек батырдың әкесі Бердәулет Арғынның Қаракесек руынан шыққан Қазыбек бидің қызымен үйленгеннен кейін, бірнеше жыл бала көрмей жүріп, соңында Жәнібекті көріпті. Перзентке зар ата-ана жас нәрестенің шілдехана тойын жасап, болашақ батырдың алғашқы таңын әнмен атырады. Әйелдерді шақырып, қалжасын беріп, ат шаптырып бесік тойын жасайды. Әкесі Бердәулет баласына ат қойғызарда Арғынның Шақшақ руынан шыққан қарт Жәнібекті жорықтан келе жатқан жолынан түсіп сәлем береді де, қуанышты көңіл күйін айтады. Балаға зар болып жүрген Бердәулеттің тілегіне бар ықыласын берген Шақшақ Жәнібек оның үйіне түседі. Қуанышты ата-ана ағынан ақтарылып, адал ниетімен «ақ сарбас» қойын айтып сойып, қарсы алады. Бұл 1714-ші жыл еді.
Ақ күндекті ана мен айыр бөрікті ата аяулы көретін аруақты батыр Шақшақ Жәнібектен:
– Баламызға ат қойып беріп, аруағыныңызбен қорғай жүріңіз, – деп тілек етеді. Атан-ананың қуанышынан жүрегі тебіренген батыр бесікті алып, бесік көрпені ашып, балпанақтай баланы көріп, тебірене бата беріп былай дейді:
Керей деген елің көп,
Ел айналар шешен бол.
Жағаласар жауың көп,
Жауға шапсаң, есер бол!
Ел ішінде дауың көп,
Жұрт алдында көсем бол!
Жабылған жауды жапырып,
Шайқасқанда есен бол.
Жекеге шықсаң желденіп,
Жауыңның басын кесер бол!
Сонан соң бетін сипайды да, ата мен анаға қарап:
– Бесігін көтергенде көңілім толды, өз атымды қояйын, аты Жәнібек болсын! Біреулерге атын ататып боқтатпа, ат жалын тартып мінгенде алған бетінен тоқтатпа – депті. Шақшақ Жәнібекті пір тұтып сиынған ата-ана: Әумин! – деп бетін сипайды.
Жәнібектің әкесі Бердәулет жастай дүние салғандықтан Қазыбек би жиені Жәнібекті жалынды өсіруді ойлап өз қасына алады. Сөйтіп, Жәнібектің балалық шағы нағашысы Қазыбек бидің қолында өтеді.
Шаруашылығының ең үлкен тірегі болған төрт түліктің ішінде жылқыны саусам сауыным, жауға аттансам кезең асар керігім, деп қадір тұтып өсіретін, сырттан келген жау-жарда, ұры-қара да алдымен жылқыға тиетін. Сондықтан, қазақ халқы: Жылқы соқса желдікі, қуса жаудыікі деп, мал ішінде қораға айналатын жатын малдан гөрі жылқыны ала бөтен жақсы көретін, осы түлігіне көз қырын ерекше салып, атан жілікті, атпал азаматын жылқы бағуға асаудың жалында, ақпанды дауылда жағаластырып өсіретін. Оған жарамаған жасты кезең аса алмайтын, ұйқысын аша алмайтын, аяғын баса алмайтын жасық санапты.
«Кісі болар кісіні кісесінен, кісі болмас жігітті мүшесінен таниды» дегендей, адам тегінің тап басып сөйлейтін сыншысы Қазыбек би жиені Жәнібекті алысса білегі бар, арбасса жүрегі бар, ақыл мен жігері бар жан деп таниды да, бетінен қақпай, талабын тойтармай баулиды, ат жалын тартып мінуге жараған кезінен бастап жылқышыларға қосып, отарға жібереді. Сөйтіп, бала Жәнібекті жылқы іңіртінің жесегімен жетілдіріп, сары аязға салып ширатып, Салбурындағы қанды көз қыранша бауын аштырады. Сол ортада жүрген кезінен-ақ Жәнібектің іс-әрекеті ел көзіне түсіп, аңыс болып тарап жатады. Аңыздың бірі Жәнібектің екі көк бөрісі еді. Халық Жәнібекті көк бөрі қонған, киелі батыр санайды. Ол туралы нағашы жұрты жағынан тараған мынадай аңыз бар: Қазыбек енді би отардағы малына барып, амандығын білуді ойлайды. Әр жылы қыста қос-қос атты жолдас ертіп, жол бойы қыран құстарына аң ілдіріп, сол бетінде, отардағы жылқысына дейін барып қайту бидің әдеті екен. Жас кезінде батыр болып, желдің өтінде, жаудың бетінде жетілген Қазыбек енді би атанып, ел басқарып, қазақ хандарының ақылшысы болып жүргенімен, қыста салбурын құрып, отардағы малына барып, амандық-жамандығын көз екі көріп қайту әдетін тастамапты. Көшпелі қазақ байларының үлкен байлығы тек мал еді, ол банкідегі ақша, сандықтағы алтын сияқты салулы құлпы, соғулы қорғаны бар дүние емес, кезең асса көз жаздыратын, сынаптай толқып тұратын байлық болғандықтан, байлар қос қолын малдан ала алмайтын. Сондықтан, Қазыбек бидің бұл сапарын кім көрсе де өрескел дей алмаушы еді. Ал Қазыбек секілді әрі батыр болып өскен адамдарға ақшамның аязында қырау басқан тұлпардың бар тебінімен ағындатып, аппақ қарды жосыта тартып жол алудың өзі бір ғанимет сезіледі. Сол сапарын бастаған би отардағы жылқысына жол алып, көңілдегі жерді көздеулі уақытында басып келеді. Таң қараңғысы серпілмеген есекқырған жұлдызы төбеге таяп қалған кез екен. Үйреншікті мекенінде, топ-топ сексеуіл өскен құмды төбелердің баурайында таңғы жусауында жылқылар үйір-үйірімен тыныштық алып тұрады.
Жылқыға жетіп келген би құсбегі-саятшы серіктерін қосқа жібереді де өзі бірер белгілі айғыр үйірлерін тұра қалып түстейді, тіпті жабағыларын санап, жылқының таңғы күйсеуіне қарап күйін байқайды. Сөйтіп келе жатқанда таң да атады. Бидің көзі тебіндегі жылқының қарсы алдындағы бір биік құмның бауырында қаңтарулы тұрған тобылғы торы айғырға түседі. Жылқышылардың алғашқы кезіккені де осы екен. Таяп келген би үстіндегі қара кигізден тіккен кебенегін астына салып, қой етігін шешіп, атының шылбырын жамбасына басып ұйықтап қалған Жәнібектің үстінен арлы-берлі екі көкжал бөрі секіріп түсіп ойнап тұрғанын көреді де, қатты көңілденіп, көңіл күйі толқып, ежелгі
әдетімен былай толғайды:
-Аруақты батыр боласың,
Алысқан жауды аларсың.
Еліңді ел етерсің,
Ежелгі жерге жетерсің.
Егіз бөрің тұрғанда,
Екіленбей не етерсің?!
Еліміз қос бөрі иесі бар деп аңыз ететін Жәнібекті ақыл-ойлы би анық таниды да, былайғы жерде оны қолтығына алып, бауырына басып мәпелеп, қанаттыға қақтырмай, тырнақтыға ілдірмей өсіреді.
Жәнібек 18 жасқа шығып күш-қайраты толысып, ел алдына, ер қатарына ілінген кезде жоңғар шапқыншылықтары қазақ даласына шабуыл жасамақ болады. Бұған қарсы орта жүз ханы Әбілмәжін үш жүзге сауын айтып, атшабар аттандырып, қол жияды, Абылай сұлтан қолбасы болып аттанады. Соның алдында ғана ақтабан шұбырынды болған елдің есінен жоңғар ханы Себан Рабданның қан жоса қып қырғындаған қорлауы әлі кете қоймаған еді. Ер азамат ереуіл атқа ер салады. Бұл күнде жер ортасынан асқан Қазыбек би өз елінің қолбасын сайлап, сарбаздарына сәтті жол тілеп, аттандырып жатады. Сондай қарбалас күннің бірінде орданың есігін айқара ашып, «алдияр!» – деп кіріп келген жас жігітке би селт етіп тігіле қарайды. Қарсы алдында шарайнасын киіп, жау жарағын асынған жиені Жәнібек тұрғанын көреді. Ол бір тізесін бүгіп:
– Алдияр ата! Ел ішіне жау тиді, ер азамат атқа қонды. Ер азамат қатарында Абылайға сарбаз болып, үлкен жолға аттанайын деген ойым бар, ақ жол тілеп, ақ батаңызды беріңіз, – дейді қолын жайып, күтпеген жерден тілеген мына тілек биді ойландырып тастайды. Алтын тонын иығына қайта жамылған Қазыбек:
– Қарағым, Жәнібек, елге берген батамды өзімнен неге аяйын. Ер азамат етіп өсіріп, ел-жұртыңа қосайын деп едім. Жасыңа жетпей жау тілеме, қарағым! – дейді. Сонда Жәнібек:
– Ата, он сегіздегі жас қандай жас,
Өзіңізден қалған жас.
Айқасқан жауды алған жас,
Алдына жаяу салған жас, – дейді. Жәнібектің бұл сөзінде бір
сыр бар еді; «қорушыны торушы алады» деген сөз бар. Күзеуге созыла көшіп, күн еңкейе жетіп, үлкен қолатты бойлай қонған туыстас ауылдар жылқысын қолаттың басындағы тұйыққа салып, жау келетін ауызды өздері алып, жайбарақат жатып қалады. Ел көзі ұйқыға бара бергенде ауылды басып келіп қалған қалың жылқының дүбірінен у да шу болады. Ауылдың үстін бастыра жылқы қуған жырынды жау жылқышылардың бекітудегі атын ілестіре кетеді. Жауды қуып, жылқыны айырарға қолында тігерге тұяқ қалмаған ел бос сарпалдаңға түсіп, жылқысын көпе-көрнеу айдап кеткен жауға қарсы шыға алмай, қайраты мұқалып, діңкесі құрып, қарадай қор болып қалады.
Бірақ, жылқы соңынан жас жігіт Қазыбектің басбілігі ақбас тайлақпен кеткенін ешкім де білмеген еді. Қазыбек тайлақпен жылқы соңынан жеткенде есік пен төрдей бурыл атты, айбалтасын көлденең ұстаған, еңгезердей біреу аз түсіп тұрады да желбегей шапанды бала жігітті паруайына да алмай, бурыл аттың басын жолға салып, тиіп алған жылқысының соңынан еркімен аяңдап жүре береді. Жол тосып, кежгулеп, келе жатқанына қарап, жортуыл басы осы болар деп ойлаған Қазыбек оған абайлай қарайды.
Басында дулығасы, белінде сапасы бар, сырт бейнесі шойыннан құйған алып қара құман тәрізді батырдың менменсігенін байқап қалған Қазыбектің жүрегінде намыс оты бұрқ ете қалады. Ызасын ақылына жеңдірген ол алдындағы темір құрсанған адуын дұшпанның тиімді жерін көздеп келеді. Дұшпанның алкеуде, аусарлығы сәт балғасының соғылған жері еді. Қолында шолақ сапты найзасы да жоқ Қазыбектің көзі ал деген жерден оның беліндегі сапыға түседі. Тайлақпен таяй берген Қазыбек қолындағы қара сырығын жерге тірей секіріп, көзді ашып-жұмғанша бурыл аттың артына міне түседі. Күтпеген жерден сап етіп жабыса кеткен қуғыншыдан сасқалақтап қалған батыр ұзын сапты найзамен ештеңе өндіре алмайды. Сапыға көзін тіге атылған бала жігіт бурыл аттың арқасына тақымы тиген заман дұшпанның қаруын суырып алып та үлгереді. Жанды жерінен тиген өткір сапыдан ат иесі құлап түскен кезде бурыл атқа орнығып алған ол жауының найзасын жерге түсірмей қағып алады.
Бурыл атпен майдан тартқан жас батырды көрген жау айқасуға батпай, бет-бетімен жылқыны тастай қашады. Аты мен күші сай келген Қазыбек жауының бірнешеуін түсіріп, жылқысын айырып еліне қайтады. Қазыбек би Жәнібекті бұғанасы қайтпаған жас, сүйеніші жоқ жалғыз деп аяп отыр еді. Енді Жәнібектің сөзіне қару қайтара алмай қысылғандай болады. Қайрандап қалған атасына ренжіген Жәнібек:
– Он сегізге келгенше жігіт болып жете алмады дегеніңіз бе? Желкілдеген тудан, жер қайысқан қолдан қалдырғанда, от басын айналған көбелектей көргеніңіз бе? – деп құсалана сөйлеп, шыға жөнеледі.
Оның шын ашуын көрген көз қарақты би:
– Мынаның көк бөрісі ұстаған екен, рұқсат бермесем құсадан өліп кетер немесе батасыз кетіп жүрер, – деп қайта шақыртып алады. Ордаға кірген Жәнібек әуелгісіндей иіліп, бата тілегенде Қазыбек би:
– Қол басқарсаң жолың киелі болсын!
Ел басқарсаң сөзің иелі болсын.
Көк бөрің қолдай берсін! – деп бата береді. Ата ықыласын алған
батыр тұңғыш майданға нағашысы ырымдап мінгізген көк дөненіне мініп, анасынан рұқсат алуға асыға жол тартады. Шапса шабысы, жүрсе жүрісі бар көк дөненнің де дәл бабына келген кезі екен, ащы терін шашқысы келіп, ауыздығын шайнап алас атқан жануар батырдың алып ұшқан жүрегіне қанат-құйрық болып сәйкеседі. Анасының ауылына келіп ат ағашқа атын іле салған Жәнібек үйіне қарай жүргенде ақ күндікті анасы «жолың болсын!» деп тілеп, шашуын шаша алдынан шығады, ұлының ер азамат болып атқа мініп ер қатарына қосылғанына қуанады, әрі алдында жал, артында құйрығы жоқ жалғызының қан майданға бара жатқанын ойлап, қан жұтады. Нағашы атасынан рұқсат алғанын да естіген болатын. Енді ер көңілді, ақылды ана алдына бір тізерлеп иілген баласының маңдайынан сүйіп:
Мен саған не айтамын.
Қамырығымды басып, қайғыңды жеп айтамын.
Артымда белгі қалса екен деймін, қызығыңды көрсетіп, алдыңда алса екен деймін. Саған тілек тілесем, әмісе жолы болса екен деймін. Оқ алдыңнан тисе, анаңның ақ сүтін ақтағаның! Оқ артыңнан тисе анаңның қарызын жүктегенің! Әуелі қосыңды тап, онан соң досыңды тап, сен үшін тіленбеген не қалсын?! Жолың болсын! Бақытың жансын, – деп ықыласын береді. Шеру тартып кеткен қолдың соңынан күні-түні жүріп, қуып жеткен Жәнібек керей елінің қолбасшысына жолығып, сарбаздардың бірі болып қосынға қосылады.
Анасы айтқан ақылия сөз күндер өткен сайын Жәнібектің есінен мығым орын иелей береді.
Бір күні қолбасы батырдың қасында сапысын суырып, жау бүйректі қиялай турай отырып осы сөздің мәнісін сұрағанда, қолбасы тақиясын желкесіне қарай сиырып қойып, былай деп шешеді.
– Анаң ана екен ғой! Ана болғанда дана екен ғой! Оқ қайтпас қас батырдың алдынан тиеді, қашқан жанның артынан тиеді, елсіз ер болмайды, ер серіксіз болмайды!
Ақылды ананың сөзін тоқсан толғап ойланған Жәнібек өзін өмірдің өріне салып, халқымыздың ұлттық намысына, елдің иелік ұқығына арнайды, жоңғар шапқыншылықтарыны қарсы алғашқы сайыста-ақ өзін бүкіл қазақ-мұңғылға таныта бастайды.
Жәнібек батырдың Абылайдың оң тізесінен орын алуы
Жоңғар шапқыншылықтарының қазақ даласын жаулауға мол дайындықпен, басым күшпен келген қолына қарсы аттанған Абылай басқарған қазақ қолы да қатты шайқасады. Сан жеңіліп, сан шегініп, сан жеңіп, ілгерлеудің бірінде қазақ қолы тағы шайлығып, қаша соғысады.
Өкшелей қуған жауды тосқауылдап, төтеп беріп келе жатқан қолдың ішінде Абылай да бар болады. Алды жөңкіле қашқан сарбаздардың артын соғысқа бастап кіру қиынға соғады. Оның үстіне неше күндік сайыстан қаржалған тұлпарының да аяқ алысы шабандай түседі. Осыны байқаған Жәнібек бір бүйірден ұшыртып келіп, Абылайдың алдын кес-кестеп тұра қалады да:
-Алдияр тақсыр! Атыңыз қаржалған екен, менің атыма мініп, сарбаздардың алдын тоқтатыңыз. Өйтпегенде қуған дұшпан құтқармайды. Жалғыз соғысып жау алған жанды атам қазақтан көрген емеспін, – дейді.
Бала жігіттің сөзін лайықты көргенімен, ат ауыстыруды намыс санаған Абылай:
– Атың шалымды көрінеді, менің атымнан сен барып тоқтат, – дейді.
– Тақсыр-ай, – дейді оның қатарына келген бала жігіт, – мен сен бола алмаймын, ақыратын айбатым, көпке жүретін салауатым жоқ, жаудың алдын бөгеп соғысуға қайратым ғана бар!
Қарулы қолды, жалынды сөзді жас жігітке жалт бұрылған Абылай оның сөзіне иланса да, намысын жібермей жаумен жалғыз алысуға тағы да дайындалып:
– Жас екенсің шырағым, жау басым, жазым боларсың, – дей бергенде ашуына
мінген Жәнібек қылышын суырып алып:
– басыңды жауға кестіріп, қанжығасына байлатқанша, өзім кесіп әкетейін, – деп тап береді. Көзінен от ұшқындап, сөзінен ерліктің екпіні есіп тұрған жас жігіттен жасқанғанын, әлде жау жаламда жанжалды жайсыз көргенін немесе қашқан қолды тоқтат деген кеңесін орынды санағанын кім білсін, әйтеуір Абылай тұлпарын Жәнібекке беріп, бала жігіттің көк дөненін мініп, шегінген
қолдың алдын тосуға бет түзейді.
Абылай кетісімен тосқауылдап соғысқан сарбаздардың бәрі ат басын бұрады, тек Жәнібек қана бірер жолдасымен кежігулеп, қаша соғысып, жаудың қара үзіп шыққан екі батырымен алма кезек жекпе-жекке шығады, екеуінің басын кесіп, қанжығасына байлағанда қуған жау қолының беті де қайтады. Жеңіс тапқан Жәнібек жолдастарын ертіп қалың қолдың соңынан келсе арт жағынан хабар тапқан ел абылайшаларын* тігісіп, жатып қалған екен. Жәнібек Абылайдың қасқа тұлпарын хан шытырының маңына байлап, өз қосын іздеп табады да, дем алады.
Ерте оянған Абылайға тотқауыл-тосқауылдары қанжығасында айдарынан айқастырып матаған екі батырдың басы бар қасқа тұлпардың байлаулы тұрғанын айтады, арғымақты алдына әкелдірген Абылай:
– Жарайды! Жарайды! Бекер адамның басы емес! Жаудың да тауы құлап, еңсесі түсіп тоқтаған екен ғой! Мына көк дөненнің иесін тауып әкеліңдер! – деп бұйырады. Абылайдың тотқауылдары ат иесін іздеп жүріп, абақ керейдің қосынан тапқанымен керейдің қосбасылары:
– Ханға сәлем айт! Батыр ұйықтап жатыр, әлі оянған жоқ – деп жауап беріп қайтарады.
Екінші рет Жәнібекті шақыра барған тотқауылдар айғайға «батырдың үш түрлі тілегі бар екен, соны орындаса барады» деген қос басыларының жауабын апарады. Мұны естіген Абылай:
– Бәсе солай болар. Жау жағадан алған күн ерлерден ұйқы қалған күн емес пе? – деп қасындағы ақылшы санаттары мен бас батырларына «сендер не дейсіңдер?» дегендей сұрақ сала қарайды. Жаңа оқиғаға құлақ түріп, жүрек жұтты ерлікті аңыз етіп, жас батырды көргісі келген топ:
– Жарлық сізден тақсыр, бірлікті қорғап, батырды қолдаймыз, – деседі. Кәмшат бөркін алшита киген Абылай:
– Келсін мұнда, айтсын тілегін! – дейді.
Тотқауылдан бұл сөзді естіген Жәнібек керейдің қосбасыларын ертіп, Абылайдың алдына келіп:
– Алдияр тақсыр! – деп тағзым етеді.
Санаты мен сардарын қасына алып, алтын тонын желбегей жамылған Абылай:
– Жау жаламда ер қанаты атыңды көлденең тартып ең, мен жасақтың алдына кеткенде жауды тосатыныңды қабағыңдағы қара бұлттай ашуыңнан танып ем, артта қалатыныңды, жауды алатыныңды біліп ем. Жауымның сағын сындырып, сол ойымнан шықтың. «Хан алдының әділдігі – елінің ұйытқысы» – деуші еді бұрынғылар, арман тілегіңді айт, айтсаң арылтып айт, – дейді.
Абылай Жәнібектің ерлігіне ерекше сүйінеді. Екінің бірінде бола бермейтін мұндай ерлікті көргенде қолын жинап соның алдында жар салып батырды мадақтау хандардың ежелгі салты ғой. Әрі ержүрек қолбасы әрі өз заманының саясатшысы Абылайдың батырларды жұрт алдына дәріптеуі тікелей өз жан дүниесінің сүйініші болса, тағы бір жақтан тұрақты жасағы жоқ көшпенді елдің хандары қажетті жасақты әр рудан жинатып алып, жайшылықта батыратып жіберіп отыратын, бұл жұмысты Қабанбай, Бөгенбай, Малайсары, Өтеген секілді батырларға сүйеніп істейтін. Саны аз, салауатты осы азаматтар әр рудың алтын діңгегі ғана емес, ел билеген Абылайдың хан ордасының да алтын діңгегі еді.
Бұлан мен Балқанның арасында кіндік кесіп кір жуып, қай жерінің жазы шықса сол жерді мекендеп келе жатқан халықтың ішкі алауыздығы мен дау-шары да осы адамдардың кеңесімен бітетін. Сондықтан, Абылай хан өзінің хандығын бекемдеу үшін Жәнібек секілді адамдарды іздеп тауып, қолға ұстайтын, олардың ерлігін асырып, төрт қыбылаға шашатын. Мынау ретте де бар санаты мен қолбасы сардарының алдында жас батыр Жәнібектің әз ісін көптей көріп, мадақтап шығады.
Жас жігіттің ерлігі, Абылайдың оған көрсеткен сый құрметі ертең-ақ жалпақ қазақ елінің түкпір-түкпіріне тарайды, ерлік талай жастың ой-қиялын жебеп, жігерін ұштайды. Абылай хан сол үшін де ер азаматтың майдандағы абыройын асырып, барлық қолдың алдында жариялап, оның ата-мекенін қорғап көрсеткен ерлігін дәріптейді.
– Батырым, – дейді Абылай Жәнібектің ата жөнін сұрап болғаннан кейін арқасына қағып, – үш тілегім бар дейсің, сол тілегіңді айт.
– Тақсыр, – дейді Жәнібек, -біз абақ керей деген ел едік, ер Қосайдың елінде Сарыарқаның белінде, өр Алтайдың төрінде, қазаққа қорған боламын деп хан Шыңғыстың жолын кескен, сауытын жырытқан ел едік. Амал-айласы асқан Шыңғыс қапияда ханымызды өлтіріп, иесіз қалған елімізді торғайдай тоздырып, шаңырағымызды шағып, ошағымызды сындырып, күл төккен топырағымыздан қуған, сол тозғаннан қазірге дейін еңсе көтере алмай келеміз. Енді сіздің заманыңызда ел қатарына келіп, оң тізеңізден орын алсақ дейміз.
Сонда зерделі жігітті байымдаған Абыалй хан:
– Сендей ер туған елге оң тізесінен орын бермеген ханда әділдік бола ма? Тағы
бір тілегіңді айт дейді.
– Абақ деген елім деп оң тізеңізден орын бергеніңіз рас болса, сарбазымызды
жиып, сардарымды сайласам деймін, найзамды өткір қайрап, жау алдында ойнасам деймін.
Абылай Жәнібекті арқаға қағып, ел бастайтын ер азаматының сөзіне сүйініш білдіріп:
– Тілегің Алла алдында қабыл болсын! Үшінші тілегіңді айт? – дейді.
– Анамыз Абақ желкілдеген желегі, ту көтерген ел еді. Енді сардар сайлап, жасақ жасағанда түскен төбеме, шыққан тауыма қадайтын туымды белгілеп беріңіз, – дейді Жәнібек. Қалың қолдың алдында Абылай үш құлаш қара тамақ найзаға сапталған, ені төс жара, қызыл сары жібек шашақты қытай ақ торғынынан жасалған үлкен туды ұсынады.
Ақ боз атқа мініп, сауытының сыртынан ақ жымылып тұрған Жәнібек туды қолына алады. Абақ керей: «Тар жол тайғақ кешуде жанымызды құрбандыққа берсек те, Жәнібектің алдынан кесе өтпейміз» деп ант береді.
Жалғасы бар
Автор туралы қысқаша мәлімет:
Асқар Татанайұлымен өзінің ұлы Көбен Асқарұлы
Асқар татанайұлы 1906 жылы Шыңжаң өлкесі, Алтай аймағы, Бітеуірге ауылында дүниеге келіп, 1996 жылы Алтай қаласында қайтыс болған. Ақын, ҚХР-дың халық жазушысы (1988). Өлеңді отыз жасынан бастап жаза бастайды. «Малбикенің өмірі», «Ғылымсыз ғұмыр – тұл» дастан-толғауларымен шыңжаң-қазақ әдебиетіне жаңаша леп әкелді. «Талап», «Қалыңмал», «Құлдықтан құтылғандар» пьесаларын жазып, өлкеде қазақ драматургиясының негізін қалады. Шығармаларының негізгі арқауы – халықты ояту, әлеуметтік әділетсіздікке қарсы күреске жұмылдыру. Қытайдағы «Мәдениет төңкерісінің» тауқыметін 20 жыл бойы Тарымда (қытайдың жазалау түрмесі) тартқан ақын түрмеде де қаламнан қол үзбей, «Тарихи дерек, келелі кеңес» трилогиясын, «Бір ғасыр» өлең-романын, хикаят түрінде «Қара сеңгір оқиғасын» жазады. «Керейдің билік заңын» әңгімелейді. «Арқалық батыр» хиссасын қайта жазып шығады.
Өзінің саналы ғұмырын қазақ жазба әдебиетінің дамуына арнаған Асқар Татанайұлы оннан астам дастан, жиырмаға жуық пьеса, мыңнан астам өлең, көптеген тарихи әңгімелер жазған қаламгер солақай саясаттың салдарынан он сегіз жылдай қуғынға ұшырап, көп қиындық көрген.
1933 жылы Шәрiпхан Алтай аймағының уәлиi, шекара комиссарының бастығы болып белгiленгеннен кейiн, халық ағарту жұмысына кiрiсiп, қысқа мерзiмдi мұғалiмдер жетiлдiру курсын ашты. Сол кезде Асқар алғашқылардың бiрi болып оқуға түскен. 1934 жылы Шәрiпхан өзi ашқан мектептен түлеген түлектерiн халық ағарту жұмысына салып, әр ру өздерi мектеп салдырып балаларын оқытуға бұйрық шығарып, қадағалауға кiрiседi. Сөйтiп жер-жерден мектеп ашыла бастады. Асқар оқу бiтiрген кезде, Қазыбек руының салдырған мектебi бiтпей қалып, әрi қарай оқу үшiн Алтай қаласына көшiп барады.
Сол тұста Шәрiпхан «Сәбеттен бала оқытып тұрады екен, әкем сол жақтан оқуды ойластырып жүргенде, Шәрiпхан Семейден баспа машинасын алдырып, «Асқар сен осы баспа жұмысын атқарасың, бұл ең үлкен оқу» деп баспаның тұтқасын ұстатады». Сонымен Ахмет Байтұрсынның емлесiнде шығатын баспаны алғаш рет Алтайда iске қосты. Сол тұста Сәбетте Ахмет Байтұрсын емлесi қолданыстан қала бастаған едi. Баспа машинаны Коновалов деген орыстың үйретуiмен, Ғалым Құсайынов деген кiсi екеуi алғашында түрлi ұқтырулар мен жарнамаларды шығарып, 1935 жылы «Шыңжаң Алтай газетiн» алғаш шығарды. 1938 жылы «Жаңа Алтай» журналын қосып шығарды да, алғашқы баспа технигi, алғашқы бұқаралық ақпарат құралын шығарушы редактор ретiнде де тарихта өз iзiн қалдырып кеттi.
Дереккөз: “Алты алаш” порталы