Кітаптардың көпшілігі – шет тілдерінен аударылған еңбектер, арасында ерте совет кезеңінің әйгілі шығыстанушылары жазған сирек жазбалар да ұшырасады. Бір қатар әлем әдебиетінің классиктеріне бұйырыпты. Кітап шкафына қарама-қарсы тұрған шағындау үстелдің үстінде шам, парақтары белгімен бөлінген тағы біраз кітап, ескі карталар мен кәдімгі жазу машинкасын көресіз. Қазақ-совет жазушыларының көпшілігіне тән дағдымен Мұхтар Мағауин де машинкамен басады да, мәтінін компьютерде арнайы маманға ақысын төлеп тергізеді. Машинкада жылдам басуға машыққан жазушының шағын ноутбугі де бар. Бірақ оны ұйқысынан тұрғасын жарты сағаттай интернет қарау үшін ғана пайдаланады. Кітап шкафына жалғасып тұрған алып дисплейлі телевизордан жазушы ара-тұра хайуанаттар туралы, я тарихи деректі фильмдер мен жапонның сумо күресін тамашалайды. Жазу үстелінің басында отырған кезде көзі үнемі түсетін босаға қабырғада Шыңғыс ханның алып суреті ілініп тұр. Ал креслосының артында Қожа Ахмет Иассауидің дүрбесі бейнеленген жасыл кілемше ілінген. Телевизордың қарсысындағы диван үстінде құрақ көрпелер жатады. Еденге сырмақ төселген.
Сәлем беруге бара қалсам, Бақытжамал апа: «Жақсы болды, ағаң енді сенімен қалаға, я орманға шығып серуендеп жүріп қайтсын, әйтпесе жазудан қолы босамайды, үйден мүлдем шықпауға айналды, бұлай отыра берсе, буындарына зиян», – дейді. Мұндай ескерту ақсақалға ұнаңқырамайды. «Ұйқым – тыныш, тәбетім – жақсы. Денсаулықтың ең басты екі белгісі – осылар. Апаң қызық, тамақ ішкен сайын жаяу жүріп қайтуға шақырады. Барша жаратылыс иелері біркелкі болмайтынын түсінбейді. Мысалы, қоректеніп алғасын кейбір аң-құс ішкен-жегені қорытылып болғанша тыным таппай қозғалады, я ауыз жаппай сайрайды. Олар сөйтті екен деп, арыстан да тамақтана сала ары-бері қоқыраңдап жүгірмейді ғой. Керісінше, көлеңкеге барып азығын бойына сіңіріп жатады», – деп, мұртын ширата бір сипап, жымиып қояды. Сосын ас бөлмеде қосылып тұрған шағындау телевизорға нұсқап: «Көрдің бе, апаң Чехияда тұрып жатса да, нағыз қазақстандық құсап Ресейдің үгіт-насихат арналарынан ажырамайды. Өткенде осылардың жаңалығын үзбей тыңдап жүріп Украина әскерін басқыншы деп тануға аз қалды ғой», – деп күледі. Бұл сөзінің әзіл екенін жақсы білем. Қашан барсам да, Бақытжамал апа ерінің жазудан басқа шаруаға алаң болмауын қадағалап, арнайы диеталы ас-суын әзірлеп бәйек болып жүреді. Еуропа кулинариясындағы жаңа тенденциялар мен Қазақстанның саяси-экономикалық өміріне қатысты соңғы ақпаратты да сол кісінің аузынан бірінші естимін. «Ағаңның екі дағдысын өзгерте алмадым: етқұмарлығы мен түнде жазатыны», – деп күледі Бақытжамал апа. Жазушылыққа біржола бет бұрған кезінен бергі әдетпен Мұхтар Мағауин тек түнде жазып, таңнан түске дейін көз шырымын алады. Мен баратын күндері тәртібін сәл өзгертіп, ертерек жатып таңертең тұрып алады. Ас үйдегі шағын магнитофонда «Қазақтың мың күйі», я «Қазақтың мың әні» антологиясының бір дискісі үнемі ойнап жатады. «Осы апта Қаратаудың шертпе күйлерін түгел қайта тыңдап шықтым» немесе «Арқа әндерін бір түгендедім» деп отырады. Ән мен күй бұл үйдегі ерлі-зайыптылардың көзқарасын бір жерден шығаратын ортақ тақырып екені байқалады.
Жазушымен дастарқан басындағы әңгімеміз көбіне қазір өзі жазып жатқан «Шыңғыс хан» деректі тарихи романындағы жаңа тарауға қатысты өрбиді де, арасында баяу дыбыспен құлағымызға манадан бері толассыз құйылып жатқан бір дәстүрлі ән, я күйдің тарихына ойысып кетеді. Күйдің, я әннің шығу тарихын, авторының өмірбаяны мен орындаушысының тағдырын есіне алады. Табиғатынан ерекше балажан ақсақал барлық балалары мен немерелерінің жаңалықтарын, жетістіктері мен қылықтарын бір тізіп өтуді де ұмытпайды. Менің балаларымның хал-жағдайын тәптіштеп сұрайды. Сосын «Құрдасымнан не хабар?» дейді қулана жымиып. Бұл – елден хабар сұрағаны һәм Қазақстанның бүкіл саяси-экономикалық, әлеуметтік-мәдени өмірінің өзімен құрдас жалғыз адамға тәуелді күйге ұшырағанына меңзегені. Ақсақалмен әңгімелесу кезінде бұл тақырыпты көп таратпай айналып өтем. Сирек сұхбаттарды саясат талқылауға сарп етуге қимаймын. Бақытжамал апаның ишарасын байқай сала, Мұхтар ағаны қалаға шығып серуендеп қайтуға ыңғайлаймын.
Жас кезінен мырза киініп үйренген жазушы 75-ке келген шағында да ұқыпты һәм ықшам стилінен айнымаған. Басына берет, үстіне еуропаша жеңіл куртка, я жеңсіз көп қалталы кеудеше, жазда балағы тізеден сәл төмен түсетін шорты, қыста қырсыз барқыт шалбар, аяғына жұмсақ серіппелі табанды кроссовки немесе треккинг бәтеңке киіп шығады. Қолшатыры мен парктегі орындыққа төсейтін жұқа көрпеше ала шығуды да ұмытпайды. Бұл түрінде ақсақал шетелдік туристке көбірек ұқсайды, оның пост-советтік шығармашылық орта өкілі екенін көзі тым қырағы адам тек жібек шарфынан таныр еді.
Жаздыгүні Мұхтар ағаны қарағайлы орман ішімен Елени скок шоқысына алып шығып, Карловы Варының үстінен қарап отырып әңгіме-дүкен құрамыз. Қыс мезгілінде Тепла өзенін бойлап орталық көшемен шипалы арасан суларын шарлап қайтамыз. Қыпшақтар мен Византияның қарым-қатынасынан басталатын әңгімеміз ұлы моғол императоры Аурангзебтің Декан жорығында жүріп Калькуттаға орныға бастаған ағылшындардың әлеуетін жете бағалай алмағаны туралы тұжырыммен бір қайырылады. Ал Шыңғыс хан құрған империя тарихына келгенде жазушы дүр сілкініп әруақтана сөйлеп кетеді. Сол сәтте Чехияның курорт қаласында жаяу емес, Қарақорымның қақ ортасында ат үстінде жортып келе жатқандай күй кешем. Өз әлемінен сыртқа сирек шығатын жазушы үшін қазіргі мекені шығармашылықпен айналысатын демалыс үйі сияқты шартты мәнге ие ме екен деп қалам. Кейбір шетелдік туристер әлдебір түсініксіз сирек тілде шүйіркелесіп келе жатқан екеумізге таңырқай қарап өтеді. «Свобода» деп аталатын сүйікті шипалы бұлағының басындағы беседкаға келгенде ғана Мұхтар ағаның виртуалдық тарихи кеңістігінен шығып, ХХІ ғасырдағы курортқа ораламыз. Ағаш беседка ішіндегі арқалы орындыққа жайғасып, температурасы 60 градусқа жететін тегін ыстық арасан суын арнайы түтікшелі шыны ыдыстан сораптай ішіп отырғанда барып төңірегімізге назар сала бастаймыз. Карловы Варыдағы демалушылардың көпшілігі – Ресей мен Қазақстаннан. Сол себепті көшеге шыққан сайын кем дегенде, он шақты қазақ қарсы ұшырайды. Көбінің көзі тайғанақтап, бас изеспей өте шығады. Ал жүзі жылысы кезіксе, ақсақал міндетті түрде жөн сұрайды. Соңғы жолы беседка ішіндегі бір егделеу азиялықпен амандасып еді – ресейлік қазақ болып шықты. Қасына ерткен әйелі орыс екен. «Қарашы, қандай жақсы, сыйласып бірге қартайған. Ал совет кезінде карьера жасау үшін ғана орыстан әйел алып, кейін ажырасып, далада қалған қазақтар қаншама еді», – деп жаңа бір естелікке кіріседі. Мәскеуде оқып жүріп Михаил Сусловтың үйін жинайтын қызға үйленіп, «Сусловты таниды» деген дақпыртпен Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің мәдениет бойынша лауазымды қызметкеріне айналған бір қазақтың да тарихы бес-алты иллюстрацияның қатарында айтылады. Жазушы әлгі қазақтардың әйелдерімен ажырасқаннан соңғы аянышты тағдырларын сипаттайды. Бұл хикаялар да Шыңғыс хан империясының тарихы сияқты нақты адам аттары, оқиға мекені мен уақыты тұрғысынан дәл баяндалады. Мұндай кездері Мұхтар Мағауиннің жадына еріксіз таң қаласыз.
Үйге қайтар жолда: «Не себепті соңғы жылдардағы шығармашылық әлеуетіңізді жаңа көркем шығармалар жазудың орнына әбден зерттелген Шыңғыс хан туралы тарихи романға арнап жатырсыз?» – деп сұраймын. «Шыңғыс хан мен оның әулеті құрған билік дәстүрі – қазақ елдігінің негізі. Кітаптарымды оқыған жұрт соны біліп жүрсе деймін. Жас кезімнен-ақ әрбір маңызды мәселеге қатысты тәуелсіз өз пікірімді қалыптастырып, ұстануға тырыстым. Бұл тарихи деректі хикаяны жазуды «Алтын дәптер» деп атаған студент кезімдегі күнделігімде-ақ жоспарлағам. Шыңғыс ханның тарихы әбден зерттелді деп ойламаймын. Батыс ғалымдары болсын, совет ғалымдары болсын әбден бұрмалады, көптеген жайттарды қате түсінді. Бір ғана мысал: сондай зерттеушілердің бірі ханның жесірлеріне ас үстінде тиесілі жілік тарту кезінде туған дауды дұрыс түсінбей, «аш ханшайымдар тамаққа таласты» деп сипаттаған. Шыңғыс хан тек өзінің елшілерін өлтірген билеушілерді жазалағанын ашып жазбай, біржақты қанышер жауыз етіп көрсеткен. Мөріндегі жазуына дейін түркі тілінде болғанына қарамастан оның тегін түркіге жатқызбай келген», – дейді жазушы.
Мұхтар ағаның қазіргі қазақтың бойынан бұрынғы Алтын Орда мен Қазақ хандығында өмір сүрген жеңімпаз жұрттың жұрнағын көргісі келетін дәстүрлі консерватизмін іштей түсінем. Киіз үйде қыстаған көшпелі қазақ тұрмысын өз көзімен көрген соңғы буын өкілі ретінде, фольклор мен ортағасырлық әдебиет тарихына жетік маман ретінде оның Алтын Орда заманындағы көптеген маңызды оқиғалардың астарын интуиция деңгейінде-ақ бірқатар кәсіби тарихшылардан гөрі тереңірек зерделейтініне шүбәм жоқ. Жазушы Шыңғыс хан арқылы түп тарихын тану – Қазақстанды болашақта әлемдік саясат пен мәдениет сахнасында беделді елге айналдыратын маңызды шарттардың бірі деп біледі.
Мұхтар Мағауиннің Қазақ хандығын Алтын Орданың бірегей мұрагері деп тануы да қисынды көрінеді. Қиыр Шығыс пен Шығыс Еуропа арасын мекендейтін қазіргі Еуразия тұрғындарының 8 пайызының қанынан Шыңғыс ханның гендік кодын тапқан соңғы зерттеулер нәтижесімен де таныспын. Бірақ либерал көзқарасты адам ретінде этникалық, я азаматтық даралығымды «тарихи генім», я қандай да бір «ортағасырлық тайпалық тегім» емес, дәл қазір өз өмірімде ұстанатын принциптерім айқындайды деп ойлаймын. Сол себепті, консерватизммен де, этникалық ұлтшылдықпен де толық келісе алмаймын. Қазақстан билігінің ақсақалдың соңғы мақалаларында жиі айтылатын «қазаққа қарсы саясат» ұстанып отырғанына да күмәнім бар. Өйткені, бүгінгі биліктің жалпы қандай да бір салаға қатысты жүйелі саясат ұстану қабілетінің барлығына сенбеймін. Бұл көзқарасымды жеткізгенімде Мұхтар аға ренжімейді. Керісінше, ерекше көңілденіп, өз көзқарасын дәлелдейтін жаңа аргументтерін шығарады. Сол кезде барып батыс еуропалық және советтік ориентализм қалыптастырған «қанышер, жауыз Шыңғыс хан» бейнесі мен бүгінгі идеологтар ұсынған «заманауи ғасыр ғұламасы» образын ойланбастан оп-оңай қабылдай салған ортадан жазушының бойын неге аулақ салғанын түсіне бастаймын. Мәселе «жауыз Шыңғыс ханды» ақтағаны үшін Мағауиннің үстінен ұйымдастырылған қисапсыз арыз-жалада емес, сол науқанды ұйымдастырушылардың тарихи танымының таяздығында. Совет дәуірінде көркем шығармалары арқылы батыл эксперименттер жасаған классик жазушы, пост-советтік кезеңде саяси-қоғамдық мәселелерге қатысты ашық пікір айтатын аузы дуалы ақсақалға айналды. Амал не, өзімен тең дәрежеде интеллектуалдық сайысқа түсетін замандастың аз екенін көрді, өз сөзімен айтқанда, «жемқорлықты саяси мәдениетке айналдырған» билік иелерінен де көңілі қалды. Алланың бұйрығы, тағдырдың жазуымен Чехияға орнығып қалған жазушы мағынасыз айтыс-тартыстан шеттеп, алаңсыз шығармашылықпен айналысуға бел буған. «Елден кетіп қалғаныңыз қалай?» – деген сауалға қазақ мәдениеті мен тарихының шежірешісі Мұхтар Мағауиннің қалай жауап беретінін ойша шамалаймын. «Елден қалай кетем? Ел дегенің МЕН емес пе?» дер-ау.
Әңгімеміз ақсақалдың ақын-жазушы әріптестері туралы жылы естеліктерге ауғанда ымырт та жабылады. Буындары жазылып, жүрісі ширай түскен Мұхтар аға үшінші қабатқа жаяу жеңіл шығып, пәтерінің қоңырауын басады. Күлімсірей есік ашқан Бақытжамал апа: «Арыстанды» бүгін ұзақ серуенге көндірдік, ә?» – дейді. «Көндірдік», – деп күлем мен де.
Ғалым Боқаш.
writers.kz