Руханият

АРЫСТАН

Соңғы бес жыл ішінде қызмет ыңғайымен Чехияда тұрып жатқандықтан көрнекті қазақ жазушысы Мұхтар Мағауин ақсақалдың өмірі мен шығармашылығын жақыннан бақылайтын жағдайым болды. Әуелі Прагада ұлдары Едігенің қолында болған жазушы мен зайыбы Бақытжамал апа соңғы екі жарым жылдан бері Карловы Вары қаласына тұрақтаған. Орталықтағы шағындау, бірақ еңселі пәтердің ең үлкен бөлмесін жазушы кабинеті етіп жасақтап алған. Алматыдағы пәтері мен Прагадағы үйіндегідей үлкен кітапхана мұнда көрінбейді. Жұмыс бөлмесінің төргі қабырғасы тұтасқа жуық терезе, ал оң қабырғаның басындағы шыны есікті шағын кітап шкафында тек ортағасырлық түркі-моғол тарихына қатысты сол саланың маманы қызығарлықтай іргелі академиялық зерттеулер тізіліп тұр.

Кітаптардың көпшілігі – шет тілдерінен аударылған еңбектер, арасында ерте совет кезеңінің әйгілі шы­ғыс­танушылары жазған сирек жазбалар да ұшы­расады. Бір қатар әлем әдебиетінің классиктеріне бұйы­рыпты. Кітап шкафына қарама-қарсы тұрған ша­ғындау үстелдің үстінде шам, парақтары белгімен бө­лінген тағы біраз кітап, ескі карталар мен кәдімгі жазу машинкасын көресіз. Қазақ-совет жазу­шы­ларының көпшілігіне тән дағдымен Мұхтар Мағауин де машинкамен басады да, мәтінін компьютерде ар­найы маманға ақысын төлеп тергізеді. Машинкада жыл­дам басуға машыққан жазушының шағын ноу­т­бугі де бар. Бірақ оны ұйқысынан тұрғасын жарты са­ғаттай интернет қарау үшін ғана пайдаланады. Кі­тап шкафына жалғасып тұрған алып дисплейлі те­левизордан жазушы ара-тұра хайуанаттар туралы, я тарихи деректі фильмдер мен жапонның сумо күресін тамашалайды. Жазу үстелінің басында отырған кезде көзі үнемі түсетін босаға қабырғада Шыңғыс ха­н­ның алып суреті ілініп тұр. Ал креслосының артында Қо­жа Ахмет Иассауидің дүрбесі бейнеленген жасыл кі­лем­ше ілінген. Телевизордың қарсысындағы диван үс­тінде құрақ көрпелер жатады. Еденге сырмақ тө­сел­ген.
Сәлем беруге бара қалсам, Бақытжамал апа: «Жақ­сы болды, ағаң енді сенімен қалаға, я орманға шы­ғып серуендеп жүріп қайтсын, әйтпесе жазудан қо­лы босамайды, үйден мүлдем шықпауға айналды, бұ­лай отыра берсе, буындарына зиян», – дейді. Мұн­дай ескерту ақсақалға ұнаңқырамайды. «Ұйқым – тыныш, тәбетім – жақсы. Денсаулықтың ең басты екі белгісі – осылар. Апаң қызық, тамақ ішкен сайын жаяу жүріп қайтуға шақырады. Барша жаратылыс ие­лері біркелкі болмайтынын түсінбейді. Мысалы, қо­ректеніп алғасын кейбір аң-құс ішкен-жегені қо­ры­тылып болғанша тыным таппай қозғалады, я ауыз жап­пай сайрайды. Олар сөйтті екен деп, арыстан да та­мақтана сала ары-бері қоқыраңдап жүгірмейді ғой. Ке­рісінше, көлеңкеге барып азығын бойына сіңіріп жа­тады», – деп, мұртын ширата бір сипап, жымиып қоя­ды. Сосын ас бөлмеде қосылып тұрған шағындау те­левизорға нұсқап: «Көрдің бе, апаң Чехияда тұрып жат­са да, нағыз қазақстандық құсап Ресейдің үгіт-на­сихат арналарынан ажырамайды. Өткенде осы­лардың жаңалығын үзбей тыңдап жүріп Украина әс­керін басқыншы деп тануға аз қалды ғой», – деп кү­леді. Бұл сөзінің әзіл екенін жақсы білем. Қашан бар­сам да, Бақытжамал апа ерінің жазудан басқа шаруа­ға алаң болмауын қадағалап, арнайы диеталы ас-суын әзірлеп бәйек болып жүреді. Еуропа кули­на­рия­сындағы жаңа тенденциялар мен Қазақстанның сая­си-экономикалық өміріне қатысты соңғы ақ­парат­ты да сол кісінің аузынан бірінші естимін. «Ағаң­ның екі дағдысын өзгерте алмадым: етқұмарлығы мен түнде жазатыны», – деп күледі Бақытжамал апа. Жазушылыққа біржола бет бұрған кезінен бергі әдетпен Мұхтар Мағауин тек түнде жазып, таңнан түс­ке дейін көз шырымын алады. Мен баратын күн­дері тәртібін сәл өзгертіп, ертерек жатып таңертең тұ­рып алады. Ас үйдегі шағын магнитофонда «Қазақ­тың мың күйі», я «Қазақтың мың әні» антологиясының бір дискісі үнемі ойнап жатады. «Осы апта Қаратаудың шерт­пе күйлерін түгел қайта тыңдап шықтым» неме­се «Арқа әндерін бір түгендедім» деп отырады. Ән мен күй бұл үйдегі ерлі-зайыптылардың көзқарасын бір жерден шығаратын ортақ тақырып екені бай­қа­лады.
Жазушымен дастарқан басындағы әңгімеміз кө­біне қазір өзі жазып жатқан «Шыңғыс хан» деректі та­рихи романындағы жаңа тарауға қатысты өрбиді де, арасында баяу дыбыспен құлағымызға манадан бе­рі толассыз құйылып жатқан бір дәстүрлі ән, я күй­дің тарихына ойысып кетеді. Күйдің, я әннің шығу та­рихын, авторының өмірбаяны мен орындаушысының тағ­дырын есіне алады. Табиғатынан ерекше балажан ақ­сақал барлық балалары мен немерелерінің жаңа­лықтарын, жетістіктері мен қылықтарын бір тізіп өтуді де ұмытпайды. Менің балаларымның хал-жағдайын тәп­тіштеп сұрайды. Сосын «Құрдасымнан не хабар?» дейді қулана жымиып. Бұл – елден хабар сұрағаны һәм Қазақстанның бүкіл саяси-экономикалық, әлеуметтік-мәдени өмірінің өзімен құрдас жалғыз адамға тәуелді күйге ұшырағанына меңзегені. Ақ­сақалмен әңгімелесу кезінде бұл тақырыпты көп та­ратпай айналып өтем. Сирек сұхбаттарды саясат тал­қылауға сарп етуге қимаймын. Бақытжамал апа­ның ишарасын байқай сала, Мұхтар ағаны қалаға шы­ғып серуендеп қайтуға ыңғайлаймын.
Жас кезінен мырза киініп үйренген жазушы 75-ке келген шағында да ұқыпты һәм ықшам стилінен ай­нымаған. Басына берет, үстіне еуропаша жеңіл курт­ка, я жеңсіз көп қалталы кеудеше, жазда балағы ті­зе­ден сәл төмен түсетін шорты, қыста қырсыз бар­қыт шалбар, аяғына жұмсақ серіппелі табанды кроссовки немесе треккинг бәтеңке киіп шығады. Қолшатыры мен парктегі орындыққа төсейтін жұқа көрпеше ала шығуды да ұмытпайды. Бұл түрінде ақсақал шетелдік туристке көбірек ұқсайды, оның пост-советтік шы­ғармашылық орта өкілі екенін көзі тым қырағы адам тек жібек шарфынан таныр еді.
Жаздыгүні Мұхтар ағаны қарағайлы орман ішімен Елени скок шоқысына алып шығып, Карловы Ва­рының үстінен қарап отырып әңгіме-дүкен құра­мыз. Қыс мезгілінде Тепла өзенін бойлап орталық көшемен шипалы арасан суларын шарлап қайтамыз. Қыпшақтар мен Византияның қарым-қатынасынан басталатын әңгімеміз ұлы моғол императоры Ауран­г­зебтің Декан жорығында жүріп Калькуттаға орныға бастаған ағылшындардың әлеуетін жете бағалай алмағаны туралы тұжырыммен бір қайыры­лады. Ал Шыңғыс хан құрған империя тарихына кел­генде жазушы дүр сілкініп әруақтана сөйлеп кетеді. Сол сәт­те Чехияның курорт қаласында жаяу емес, Қа­рақорымның қақ ортасында ат үстінде жортып келе жатқандай күй кешем. Өз әлемінен сыртқа сирек шы­ғатын жазушы үшін қазіргі мекені шығар­ма­шылықпен айналысатын демалыс үйі сияқты шартты мәнге ие ме екен деп қалам. Кейбір шетелдік турис­т­ер әлдебір түсініксіз сирек тілде шүйіркелесіп келе жатқан екеумізге таңырқай қарап өтеді. «Свобода» деп аталатын сүйікті шипалы бұлағының ба­сын­дағы беседкаға келгенде ғана Мұхтар ағаның виртуалдық тарихи кеңістігінен шығып, ХХІ ғасырдағы курортқа ораламыз. Ағаш беседка ішіндегі арқалы орындыққа жайғасып, температурасы 60 градусқа жететін тегін ыстық арасан суын арнайы түтікшелі шыны ыдыстан сораптай ішіп отырғанда барып төңірегімізге назар сала бастаймыз. Карловы Варыдағы демалушылардың көпшілігі – Ресей мен Қазақстаннан. Сол себепті кө­шеге шыққан сайын кем дегенде, он шақты қазақ қар­сы ұшырайды. Көбінің көзі тайғанақтап, бас изес­пей өте шығады. Ал жүзі жылысы кезіксе, ақсақал мін­детті түрде жөн сұрайды. Соңғы жолы беседка ішін­дегі бір егделеу азиялықпен амандасып еді – ре­сей­лік қазақ болып шықты. Қасына ерткен әйелі орыс екен. «Қарашы, қандай жақсы, сыйласып бірге қар­тайған. Ал совет кезінде карьера жасау үшін ғана орыс­тан әйел алып, кейін ажырасып, далада қалған қа­зақтар қаншама еді», – деп жаңа бір естелікке кірі­седі. Мәскеуде оқып жүріп Михаил Сусловтың үйін жи­найтын қызға үйленіп, «Сусловты таниды» деген дақ­пыртпен Қазақстан Компартиясы Орталық Коми­тетінің мәдениет бойынша лауазымды қызметкеріне айналған бір қазақтың да тарихы бес-алты иллю­с­трация­ның қатарында айтылады. Жазушы әлгі қазақ­тардың әйелдерімен ажырасқаннан соңғы аянышты тағдырларын сипаттайды. Бұл хикаялар да Шыңғыс хан империясының тарихы сияқты нақты адам аттары, оқиға мекені мен уақыты тұрғысынан дәл баяндалады. Мұндай кездері Мұхтар Мағауиннің жадына еріксіз таң қаласыз.
Үйге қайтар жолда: «Не себепті соңғы жылдардағы шығармашылық әлеуетіңізді жаңа көркем шығар­малар жазудың орнына әбден зерттелген Шыңғыс хан туралы тарихи романға арнап жатырсыз?» – деп сұраймын. «Шыңғыс хан мен оның әулеті құрған билік дәстүрі – қазақ елдігінің негізі. Кітаптарымды оқыған жұрт соны біліп жүрсе деймін. Жас кезімнен-ақ әрбір маңызды мәселеге қатысты тәуелсіз өз пікірімді қа­лыптастырып, ұстануға тырыстым. Бұл тарихи деректі хикаяны жазуды «Алтын дәптер» деп атаған студент кезімдегі күнделігімде-ақ жоспарлағам. Шыңғыс ханның тарихы әбден зерттелді деп ойламаймын. Батыс ғалымдары болсын, совет ғалымдары болсын әбден бұрмалады, көптеген жайттарды қате түсінді. Бір ғана мысал: сондай зерттеушілердің бірі ханның жесірлеріне ас үстінде тиесілі жілік тарту кезінде туған дауды дұрыс түсінбей, «аш ханшайымдар та­маққа таласты» деп сипаттаған. Шыңғыс хан тек өзі­нің елшілерін өлтірген билеушілерді жазалағанын ашып жазбай, біржақты қанышер жауыз етіп көр­сеткен. Мөріндегі жазуына дейін түркі тілінде бол­ғанына қарамастан оның тегін түркіге жатқызбай кел­ген», – дейді жазушы.
Мұхтар ағаның қазіргі қазақтың бойынан бұ­рын­ғы Алтын Орда мен Қазақ хандығында өмір сүрген жеңімпаз жұрттың жұрнағын көргісі келетін дәстүрлі консерватизмін іштей түсінем. Киіз үйде қыстаған көшпелі қазақ тұрмысын өз көзімен көрген соңғы буын өкілі ретінде, фольклор мен ортағасырлық әде­биет тарихына жетік маман ретінде оның Алтын Орда заманындағы көптеген маңызды оқиғалардың астарын интуиция деңгейінде-ақ бірқатар кәсіби тарихшылардан гөрі тереңірек зерделейтініне шүбәм жоқ. Жазушы Шыңғыс хан арқылы түп тарихын тану – Қазақстанды болашақта әлемдік саясат пен мәде­ниет сахнасында беделді елге айналдыратын маңызды шарттардың бірі деп біледі.
Мұхтар Мағауиннің Қазақ хандығын Алтын Орда­ның бірегей мұрагері деп тануы да қисынды көрінеді. Қиыр Шығыс пен Шығыс Еуропа арасын мекендейтін қа­зіргі Еуразия тұрғындарының 8 пайызының қа­ны­нан Шыңғыс ханның гендік кодын тапқан соңғы зерт­теулер нәтижесімен де таныспын. Бірақ либерал көз­қарасты адам ретінде этникалық, я азаматтық да­ралығымды «тарихи генім», я қандай да бір «ор­та­ғасырлық тайпалық тегім» емес, дәл қазір өз өмірімде ұстанатын принциптерім айқындайды деп ойлаймын. Сол себепті, консерватизммен де, этникалық ұлтшыл­дық­пен де толық келісе алмаймын. Қазақстан билігі­нің ақсақалдың соңғы мақалаларында жиі айтылатын «қазаққа қарсы саясат» ұстанып отырғанына да күмә­нім бар. Өйткені, бүгінгі биліктің жалпы қандай да бір салаға қатысты жүйелі саясат ұстану қабілетінің бар­лығына сенбеймін. Бұл көзқарасымды жеткізгенімде Мұхтар аға ренжімейді. Керісінше, ерекше көңілденіп, өз көзқарасын дәлелдейтін жаңа аргументтерін шығарады. Сол кезде барып батыс еуропалық және советтік ориентализм қалыптастырған «қанышер, жауыз Шыңғыс хан» бейнесі мен бүгінгі идеологтар ұсынған «заманауи ғасыр ғұламасы» образын ойланбастан оп-оңай қабылдай салған ортадан жазушының бойын неге аулақ салғанын түсіне бастаймын. Мә­се­ле «жауыз Шыңғыс ханды» ақтағаны үшін Мағауиннің үстінен ұйымдастырылған қисапсыз арыз-жалада емес, сол науқанды ұйымдастырушылардың тарихи танымының таяздығында. Совет дәуірінде көркем шы­ғармалары арқылы батыл эксперименттер жаса­ған классик жазушы, пост-советтік кезеңде саяси-қоғамдық мәселелерге қатысты ашық пікір айтатын аузы дуалы ақсақалға айналды. Амал не, өзімен тең дә­режеде интеллектуалдық сайысқа түсетін заман­дастың аз екенін көрді, өз сөзімен айтқанда, «жем­қор­лықты саяси мәдениетке айналдырған» билік ие­ле­рінен де көңілі қалды. Алланың бұйрығы, тағдыр­дың жазуымен Чехияға орнығып қалған жазушы мағынасыз айтыс-тартыстан шеттеп, алаңсыз шы­ғар­машылықпен айналысуға бел буған. «Елден кетіп қалғаныңыз қалай?» – деген сауалға қазақ мәдениеті мен тарихының шежірешісі Мұхтар Мағауиннің қалай жауап беретінін ойша шамалаймын. «Елден қалай кетем? Ел дегенің МЕН емес пе?» дер-ау.
Әңгімеміз ақсақалдың ақын-жазушы әріптестері туралы жылы естеліктерге ауғанда ымырт та жабылады. Буындары жазылып, жүрісі ширай түскен Мұх­тар аға үшінші қабатқа жаяу жеңіл шығып, пәтерінің қоңырауын басады. Күлімсірей есік ашқан Бақытжа­мал апа: «Арыстанды» бүгін ұзақ серуенге көндірдік, ә?» – дейді. «Көндірдік», – деп күлем мен де.

Ғалым Боқаш.

writers.kz


Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

*