ХІХ ғасырдың 60 жылдарынан басталған Алтайдан қоныс аударған Абақ керейлердің көші бір ғасыр шамасында жалғасты. Олар Шынжаңның жер-жеріне, Қобда бетіне, Гансу, Шиңхай өлкелеріне қоныс аударды. Тіпті бір бөлім ел Гималай асып, Европаға дейін кетті. Алтайдай атамекенді артқа тастап, “ағажайлап” ауған елде не мақсат болды? Неге ел үдіре көшті…? Бұл туралы көптеген әдебиеттерде айтылып та, жазылып та келеді. Дегенмен көштің себебі туралы қоғамда айтылып жүрген пікірлер әр түрлі. Біздің мақсатымыз тарихи еңбектердегі осы себептердің басын біріктіру, жүйелей түсу.
Алтайдың күнгей бетіне келіп қоныстанған ел іргесі сөгілмей жиырма-отыз жыл (Олай дейтініміз, Жоңғар шапқыншылығынан кейінгі Абақ керейдің Алтайға қайта қоныстануы негізінен ХІХ ғасырдың 30-40 жылдарына дейін жалғасты.) мамыражай өмір кешті. Малы өсіп, өріс-қоныс тарлық ете бастаған соң шаруашылыққа қолайлы, шөбі шүйгін, кең шұрайлы қоныс іздеді. Кейбір өңірдегі пайдаланылмай бос жатқан жерлерге алдымен мал отарлатып барып, бірте-бірте сол өңірге барып қоныстанды. Мұндай мақсатта қоныс аударушылардың саны біршама көп болып, бір мезгіл уақыттан соң барған жерлерінде белгілі ықпалға ие болды. Бұлардың ең алғашқылары Қобда және Тарбағатай жеріне қоныс аударушылар еді.
Чиң патшалығы тұсында Алтай аймағы мен батыс Моңғол өңірі бір әкімшілік өңір болғандықтан, ол кезде, қазақтар Қобда бетіне өтіп қоныстануына шектеу болған жоқ. Ц. Жамсрано “Қазақтар алғаш Алтайдың арғы жағына сиыспағандықтан бергі бетінен кеңістік жер іздеп келген сияқты” /1/ десе, Тарих ғылымдарының докторы Зардыхан Қинаятұлы: “тарихи деректер бойынша қазақтардың бір тобы Алтайдың Қобда бетіне асып келіп, моңғол жерін мекен ете бастаған тұсы сөзсіз 1860 жылдар” деп жазады/2/. Г. Н. Потанин да өзінің Қобда қазақтары турлалы жазған еңбегінде қазақтардың Қобда өңіріне мекендегенін 1860 жылдардың соңғы мезгілі болса керек деп топшылайды.
Қазақтар 1867-1870 жылдары Алтайдан Қобда бетіне қарай топ-тобымен ағылып ру-руымен көптеп келді. Көбеш батыр бастаған жәнтекей рулары Сұмдайырық, Өрмегейті, Шегіртай қатарлы шекарамен жапсарлас өңірлерден өтіп, біршама бойлап кетті. Онан солтүстікте Жылқышы бастаған шеруші рулары қоныс теуіп, жергілікті ұраңқай төрелерінің жайылымдарын жалдап алды. 1890 жылдары шамасында шұбарайғыр, қарақас, молқы қатарлы рулары тобымен келіп жетті. Қазақтардың бұлайша топ-тобымен келіп қоныстануы жеріліктілермен арада қайшылық, бәсеке тудырды. Сондықтан 1895 жылы Чиң үкіметінің Қобда қаласындағы билеушісіне қазақтар түйе бастаған “тоғыз тарту” етіп, өздері ірге тепкен жерлерін куәландырып, заңды түрде қоныстанушы құқығын тануды өтінді /3/. Одан ары олар әкімшілік билік алуға талпына бастады. Сөйте жүріп, 1921 жылға келгенде Моңғолия қызыл үкіметі құрылып, сол мемлекеттің қарамағындағы елге айналып қала берді.
Алтайдан жантекейдің ішінде барқы руынан Темір, Мұқы, Бұғыбай, жәнтекейдің атантай руынан Топайлар бастаған 72 ауыл 1872 жылы ауа көшіп, Сауыр тауын қыстап келесі жылы Майлы-Жайырға тоқтады. 1873 жылы жастабан Есет, атантай Саудабай деген адамдар бастаған 300 түтін, 1874-1875 жылдары шерушінің Шаппас әулетінің Кәрібай бастаған ауылдар көшіп барды. Сөйтіп Тарбағатайдың Майлы-Жайыр тауларына Абақ керей әулеттерінің ілгерінді-кейінді бірде аз, бірде біршама мол санмен біршама ел көшіп барған/4/. Бұл деректі Белгілі жазушы Хасан Оралтай да растайды: “Біздің бабаларымыз алғашқысында Алтай жақты мекендеп, кейін 1870 жылдар шамасында Тарбағатайға қоныс аударған. Арғы атамыз Хаташтың Ертіс өзені бойында істеген кей істері «шарапатты кісі екен» делініп аңызға айналдырылған”/5/. Майлы Жайырды мекен ете бастаған Абақ керей рулары көп өтпей Көгедайдың немересі Мамырбек төрені Тарбағатайға алдырады. Ол Тарбағатайдағы Абақ керейлерге билік жүргізе отырып, сол өңірдегі мыңбасылармен тең дәрежеде болды. Қазақтар оны “Мамырбек гүң” деп те атады. Сондықтан да Тарбағатай өңіріне қоныс аударған керейлер кірме болып бармай, өздерінің жеке төресі болғандықтан көршілес рулармен, ұлттармен тең құқылы бола алды.
Енді бір бөлім ел Еренқабырға және Баркөл өңіріне қоныс аударды. Бұл көшті бастаушылардың ел алғашқыларының бірі – Бөке Жырғалаңұлы. Бұл шамамен 1883 жылы еді. Шіңгілден руы молқы Бөке бастаған оннан астам ауыл жүзге жақын түтін Боғда тауына көшеді. Шежіреші Қылышбайдың дерегі бойынша, Бөке елін саудасы дамыған жерге бастап барған. Бұл бағытта қоныс аударушылардың саны көп болғанымен бірігіп қоғамдық күш болып топтаса алмады. Соның салдарынан олар кім көрінгеннің езгісі мен жетегінде кете барды.
Кейбір кіші рудың бас алқасы, атқа мінерлері өздеріне тиесілі билікті місе тұтпай, руластарын, ауылдастарын бастап басқа өңірге ауып, өзін-өзі басқаруды мақсат етті. Бұдан тыс, ағайын араздық пен берекесіздіктің де әсері көп болды. Ғұлама ақын Ақыт Үлімжіұлы бұл туралы былай деп жырлайды:
Осындай заман туды біздің баққа,
Нақақ іс сендіре алмай, жүрмеді аққа.
Бірі бай, бірі тау боп тұс-тұсына,
Байқасам керей тозды төрт тарапқа.
Алтай мен Баркөл, Боғда ескі мекен,
Кім білсін бір бөлігі Қобда жақта.
Ел өсті қоныс алды дей алмаймыз,
Тозғаны шар тарапқа сор ма, бақ па?
Керейді болмады заң басын құрар,
Демейміз ынтымақсыз бақыт қонар.
Бет бұрып берекеге аяқ баспас,
Сот пенен партияға жаны құмар.
Көгедайдың інісі Сәмен төренің шөбересі Жәнібек те ағайын араздық салдарынан өзіне қарасты елді бастап Еренқабырға тауының бір сілемі болып келетін Қаратауға барып қоныстанды. Бұл 1905 жылдар шамасы. Барған елдің бір бөлімі біраз жылдардан кейін жерсінбей Алтай өңіріне қайтып келгенімен, бұрынғы қыстау, жайлауларын басқа рулар иемденіп алғандықтан, амалсыздан “кірме” атанды.
Қоныс аударушылар барған жерлерінде де берекелесіп отыра алмады. Қобда қазақтарының өз арасындағы ең ірі шайқас жәдік пен шеруші екі руының арасында болды. А. Н. Казнаковтың айтуына қарағанда шайқас 1889 жылы, ал көне көздер айтуынша 1880 жылы болған. Басты себеп қыз дауынан туындап, жәдік болысы Өміртай, шеруші болысы Жылқышы бастаған шайқаста жәдіктер жеңіліп, Өміртай қолға түседі. Кіші рулар өз ішінде де берекесіздіктен арыла алмады. Ақыт ақын бұл туралы былай дейді:
«Партия Шеруші атаң балалары,
Ежелден түзелмеген аралары.»
Бұлай дейтініміз, аты шулы «Жалама айдаған» деп аталатын қасіретке толы қырғыншылыққа да осы берекесіздік себеп болған. Ру басыларының бір бөлімі Дамбийжанцанды жағаттап, оның елді дөрвет Далайхан жеріне көшіру туралы пікіріне қол соқты. Осыны пайдаланған Дамбийжанцан Ақымбек деген азаматты халық алдында тірідей сойып, халықтың үрейін алып, ойыны келгенін істеді. Бұл жолғы айдауда тозған халық Алтайдың теріскей бетімен, Семей айналып әрең дегенде көне қоныстарына оралды.
Алтайдағы ауыр апат салдарынан біраз жұрт басқа өңірге қоныс аударуға мәжбүр болды. Бұл туралы Чиң патшалығының Қобдадағы іс басқару амбысы Ши Хың патша ордасына жолдаған мәлімдемесінде: “Алтайда ашаршылық басталды, ондағы қазақтардың жартысынан көбі сыртқа көшіп кетті, қазір моңғолдарға көмек көрсетуге, отырған жерлерінен ауа көшкен қазақтарды қайта жинап бастарын қосуға, сондай-ақ басқару органдарының қорғаныс жұмыстарын күшейтуге 50000 сәрі күміс керек болады” – деп жазады/6/. Сол кездегі патша үкіметі сыртқа қоныс аударған қазақтарды әскери күш арқылы байырғы қоныстарына әкелуге барынша күш салды. Мұндағы мақсат шекара өңірдің тұрақтылығын сақтау еді. Ашаршылықтан азып-тозған жұрт сол өңірге барып енді орныға бергенде, патша әскерлерінің зорлығымен Алтайға қайта көшуге мәжбүр болды. Мұндай зорлықпен көшіру жағдайы патшалық кезде ғана емес, кейіннен гоминдаң үкіметі жағынан да болып отырды. 1940 жылдары бандит Шыңшысай Қазақ қолына мылтық түссе, бізді оңдыратын емес. Алтай қазағын Үрімжіге жөткеп алу керек деп қарар шығарды. Оспан күшін әлсірету үшін Шіңгіл, Көктоғай, Бурылтоғай қатарлы үш аудан халқын Үрімжі ауданына айдап әкелуге бұйрық берді/7/.
ХХ ғасыр басталысымен бұл өлке қазақтарының басына азап пен тозақтың қара бұлты үйіріліп, тағдырдың нелер аласапырандарын бастан өткізді. Алтайдағы қат-қабат билік жүйесі, табиғи апаттар бұл қиыншылықтардың бір парасы ғана еді. Алтай аймағының саяси жағдайының орнықсыздығы, қоғамның тынышсыздығы да халықты алаңсыз отырып шаруашылықпен шұғылдануына мүмкіндік бермеді. Айталық, «Қызыл аяқтармен шайқас», «Шаған Кеген лаңы», «Мұқыр толқа», «Жалғыз ұшақ оқиғасы», Зуқаның, Асылбектің, Байтайлақтың, Қылаңның бастарының алынуы т.б. 1940 жылдардағы Өр Алтайдағы аумалы-төкпелі, аласапыран жағдай, үш аймақ үкіметі мен Гоминдаң арашындағы қым-қуыт қайшылық, Алтайдың шығысын мекендеген елді Боғда, Баркөл, Қобда өңіріне қоныс аударуына мүделі етті.
Көші-қон, көрген қиын-қыстау өмір олардың рухани жақтан шыңдалуына оң әсерін тигізді. Бұл жайында тарихшы Н. Мұқаметханұлы: “Алтайдың қатыгез жаратылыстық ортасы мен аумалы-төкпелі қоғамдық жағдайы Алтай қазақтарына ер жүректілік пен қайсарлықты, батылдықты, намысқойлықты және қайырымдылықты бойларына сіңіреді. Бұл жалпы қазаққа ортақ ерекшелік болса да Алтай аймағындағы қазақтарда бұл қасиет өте басым’’ /8/ дейді. Бірақ мұндай тынымсыз көші-қон жалпы әлеуметтік экономиканың дамуына, мәдениеттің өркендеуіне тиімсіз болды. Г. Е. Грумм-Гржимайло: “Абақ керейлердің баспанасы барлық қырғыздардағыдай (қазақтарды айтып отыр) киіз үй болумен қатар Сырдария қазақтары немесе өзбектің киіз үйімен салыстырғанда кедей, аз сәндендірілген, тіпті билердің салтанатты киіз үйіне дейін ауқаты жағынан ерекше нәрселер жоқ”,– дейді/9/. Бұлай болудағы басты себеп, көші-қонның көп болуы, тек тұрмысқа қажетті бұйымдарды ғана алып жүруге мүмкіндік берді. Отырықшылықтың болмауы, мәдениет пен ғылымның дамуына, демографияның өсуіне кері әсерін тигізді.
Қорыта келгенде, бұл реткі қоныс аудару алғашында дұрыс мақсатпен басталғанымен, кейін келе қоғамдық жағдайдың мәжбүрлеуімен болғандығын көрдік. Бір ғасырға жуық жылдар ішінде Абақ керей елі азаттық пен еркін өмірді аңсап Алтайдан төңіректің төрт бұрышына көшті. Олар тарихта ең бір аумалы-төкпелі кезең болып саналатын ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында түйелі көшпен «жерұйықты» іздеді. Евразия құрлығындағы ең үлкен шөл Такламаканнан ендей өтті, әлемдегі ең биік үстірт саналатын Тибет үстіртінен ары асты. Алтайдағы керейлердің тең жартысы қоныс аударды. Бұл реткі қоныс аудару қазақ тарихында естен кетпес елеулі оқиғалардың бірі болып есте қалды.
Пайдаланылған әдебиеттер:
- Грумм-Гржимайло Г.Е. Западная Монголия и … -443б.
- Жылаған жылдар шежіресі… 33-б.
- Монгол угсаатны бага нэвтэрхий …-68-69 б.
- Қазақ шежіресі.Абақ-керей… 72-б.
- Оралтай Х. Елім-айап өткен өмір., Алматы, 2007. 10-б.
- Нәбижан М. Қытай қазақтарының қоғамдық тарихы 1860-1920 … .170-б.
- Азаттықтың өшпес рухы. Алматы, 2007. -88 б.
- Нәбижан М. XVІІІ-XX ғасырлардағы қазақ-қытай ….104-б.
- Грумм-Гржимайло Г.Е.Западная Монголия и Урянхайский край. Т.ІІІ.Вып.ІІ.Антропологический и этнографический очерк этих стран.Л.,1930.426-427 б.