Фотогалерея

Ресейдегі Алтай қазақтарының тұрмыс-тіршілігі

Алтай Республикасының Қошағаш ауданы Жаңа ауыл қазақтары өзге елдің ордасында ұрпағын өсіріп, ұлттық болмысын жаңғыртып, өзгелермен терезесі тең өмір кешіп отыр.

Әлемге тарыдай шашылған қазақ диаспорасының бір бөлігі Ресейдің Алтай Республикасы Қошағаш ауданында қоныс тепкен. Олардың көбісі өз атақонысында отырып қилы замандардағы шекараны қайта бөлісу салдарынан Отанынан сырт қалды. Енді бірі советтік солақай саясаттың салдарынан, қуғын-сүргінге ұшырап, шет ел асып, жан сауғалап кеткендер болды.

Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ ұйымдастырған «Алтай мұрасы» экспедициясы аясында Ресейдің Алтай Республикасында тұратын қандастарымыздың тыныс-тіршілігімен танысып, әлеуметтік-экономикалық жағдайларын көріп, рухан-мәдени байланыстарын өз көзімізбен көріп қайттық.

Алтай Республикасы Қошағаш ауданындағы қазақтардың ұлттық салт-дәстүрді, әдет-ғұрыпты, тіл мен дінді, ұлттық болмысымызды сақтауға деген ұмтылысы қай қазақтың жүрегін болсын елжіретпей қоймайды. «Өздерін байырғы көк түріктердің, ұлы бабаларымыздың қасиетті қоңсы мекенінде тұрып жатырмыз» деп әркез ұлықтайтын Қошағаш қазақтары бұл жерді ХІХ ғасырдың екінші жартысынан бастап мекендеп келеді. Шүй жазығындағы қазақтар да басынан талай нәубеттерді, ХІХ ғасырдағы, Кеңес үкіметі және ХХ ғасыр басындағы түрлі тарихи төңкеріс кезеңдерін бастарынан өткізді. Соған қарамай Қошағаш қазақтары сол нәубеттерден ұрпағын, дәстүрін жоғалтпай абыроймен бүгінгі бейбіт өмірге жеткізді.

Шүй өлкесі және қазақтар

Көк түріктердің байырғы атақонысы қарт Алтай – төрт мемлекеттің шекаралары тоғысқан аймақ. Осы жерлерді көптеген ұлт өкілдері ертеден мекен етіп келеді. Дегенмен, осы қарт Алтайдың төрт қырын  мекен ететін тек қазақ халқы ғана. Жерінің пұшпағы Ресей, Қытай, Моңғолия, Қазақстан мемлекеттерін жалғап жатса да, бұл жер ертеден қазақтың тұмарындай сақтаған маржаны. Осы уақытқа дейін Моңғолия, Қытай және Таулы Алтай қазақтарының тарихына арналған біраз зерттеулер жарық көрді. Бірақ сол ғылыми еңбектердің бір кемшілігі, тұтас Алтайды мекен еткен қазақтар тарихының бөліп-жарылып, жеке-жеке зерттелуінде болып отыр. Тұтас көк түріктің тарихын тоғыстырған жер екені туралы айтылмайды. Осындай да Алтайдың әр аймағын мекендеген қазақтар тарихында орын алған оқиғалардың бір-бірімен себеп-салдарлық байланысы бар екендігін естен шығармаған абзал. Алтай қазақтарының толыққанды тарихын жазу үшін жан-жақты кешенді зерттеулер жүргізу бүгінгі күннің  талабы екені даусыз.

Алтай қазақтары тарихының жайында сөз болғанда Ресейдің Алтай Республикасындағы аз ғана қазағымыз туралы әңгімелерде аз айтылады. Көбінде Қошағаш маңын мекен еткен қазақтың кез келгенінен сұрасаңыз, «Бұл – менің ата-бабамның жері, қазақ тайпалары осы жерден бір кездері үдере көшкен. Мен өзі бабамның жерінде өмір сүріп отырмын» дегенді айтады. Бұл халықтың да сөзінің жаны бар. Біз Алтайдың көк түріктердің ата жұрты, алтын бесігі болғанын естен шығармауымыз қажет. Түрік тілдес халықтардың түп тамыры, ата тегі болған этносаяси топтар дәл осы жерде пайда болған. Ендеше Ресейдегі Алтай алтайлықтардың ғана жаз жайлауы, қыс қыстауы болған жоқ, қазақтыңда берекелі шұрайлы аймағы болғаны анық.

Ал, осынау өлкеге қазақ рулары қай ғасырдан бастап қоныстана бастады дегенге келетін болсақ, бірнеше тарихи еңбектерді атап өткеніміз жөн. Бесайдар Алашқызының «Шүй жеріндегі қазақтар» атты мақаласында: «Таулы Алтай өңірінің Оңтүстігі саналатын Шүй алқабына қазақтар ХІХ ғасырдың аяғында яғни, 1870 жылы көшіп келген» деген деректі айтады.

Шүй өлкесінде дүниеге келген өлкетанушы Пионер Мұқтасыровтың «Бәйтеректің оқшау шыққан бұтағы» атты еңбегінде Шүй жазығына өр Алтайдағы Қаратай бабаның мекені Шабанбайды патша үкіметі меншіктегеннен кейін басталғанын жазады. «Құлжабайлар «жер құдайдікі, су сұлтандікі, жағдайыма қарай көшіп жүре берем» деп жүргенде, қытай мен орыс патшасы қазақтың жерін 1864 жылы екіге бөліп алған. Атышулы жер бөлістен үш жыл өткенде, ақ патша жарлық шығарып: «Шындығатайға қарасты Шабанбай жайлауы – патшаның меншікті жері» деп жариялаған соң, жерсіз қалған ата-бабамыз көштің басын Шүйге бұрған».

Ал 2007 жылы Новосибирскі қаласынан шыққан «Таулы Алтай Қазақтары» атты мәдени-танымдық энциклопедияда: «…1860 жылдың аяқ шенінде өр Алтайдағы Қаратай атаның мекені Шабанбайды, Марқакөлді патша үкіметі меншіктегеннен кейін Шәкірттің атасы Қалдеке, өз әкесі Абдоллалар 300-400-дей түтін ағайынын бастап қазіргі Қытай жеріндегі қазақтардың арасына барып Шіңгіл бойын бірер жыл паналайды. Ол жердің тарлығынан Моңғолия жақтағы қазақтар арасына өтіп, онан айналып Таулы Алтайдағы өздері білетін Үкөк даласына көршілес Шүй өзенінің теріскей жағасындағы жазыққа келіп орын тебеді», – дейді. Әлімсақтан көк түріктердің атамекені болған Шүй өлкесі қазақтарға жайлы жайлау, торқалы топыраққа айналды. Осы Шүй алқабында алғашқы қазақ ауылдары отауын тікті. Іргесін бекітті. Бұрындары Жазотыр жайлауы ғана қазақ ауылы ретінде аталып келсе, 80-90 жылдары Қошағаш ауданында алғашқы жаңа қазақ ауылдары бой көтерді. Алғашқы қазақ ауылының аты – «Ақтал» аталды. Жаңа ауылдың бой көтеруіне қазіргі Қошағаш ауданының әкімі Әуелхан Жатқанбаев бас болды және өзі сол ауылдың алғашқы басшысы атанды.

Алғашқы қазақ ауылы – Ақтал

Ақтал ауылының іргесі 1986 жылы 5 мамырда қаланды. Алғаш қазық қағылып, құрылыс жоспарындағы 5 үй салынды. Совет үкіметінің шалғай ауданында, инфрақұрылымнан жырақ қалған Қошағаштағы қазақ ауылын тұрғызуға құрылыс отрядтары іргедегі Моңғолияның Бай-Өлке аймағынан келген. Олар бұл өлкедегі қазақ ағайындардың құтты қонысын салып, мектеп құрылысына да қол үшін созған. Бірақ кейін Ақтал ауылының астынан су шығып, мазасы кеткен халықты бүгінгі аудан әкімі ел еңсесі тіктеген уақытта Жаңаауылға іргесіне көтереді. Осылайша ендігі қазақ ауылының іргесі Жаңаауылда тіршілік түлетіп, қызу өмірге араласады.  Ақталдың барлық халқы осы ауылға көшіріліп, апатты жағдайдан аман қалған.

Жерден қайта-қайта су шығып, сазға батқан ауылды қыр жаққа, Моңғолияға өтетін үлкен жолдың үстіне орналастырған Әуелхан ағаның көрегендігіне ауыл тұрғындары әлі де аузынан тастамайтындарын байқадық. 30 жылдан астам тарихы бар Жаңаауыл уақыт көшінен қалмай, көркейіп, өркендегенін көз көрді. Біз де «Алтай мұрасы» экспедициясының аясында Жаңаауылдың жайнаған қалпын көрдік. Кіреберісіне домбыра бейнеленіп, «Қош келдіңіздер» деген қазақша жазу алыстан көз тартады. Өткен-кеткенге дастарханы жайылып, сусыны дайын тұратын ауылдың берекесі сезіліп тұрады екен. Бұл ретте біз қазақтың дәстүрінің бұзылмағанын, халықтың рухының өрлігін айқын аңғардық.

Жаңаауылдағы қазақтың тыныс-тіршілігі

Жаңаауылды мекен еткен қазақтың рухани және мәдени тыныс-тіршілігі де көш ілгері екен. Ауыл тұрғындары іргелес жатқан Моңғолияның Бай-өлке аймағындағы қазақтармен жиі қатынасып, бір-біріне қол ұшын созып келеді. Ауылдың мәдени күндері мен мейрамдарында бір-біріне қазақ құрылтайларын өткізіп, қонайжайлығын көрсетіп, аралас-құраласып тұрады. Жаңаауылдағы қазақтар қазақ тіліндегі радио, теледидар хабарларын Қазақстанның «Отау-ТВ» желісі арқылы көріп отыруға мүмкіндіктері туған. Соңын арқасында қазақ тіліндегі хабарларды тыңдап, концерттерді тамашалап, мәдени-рухани бағдарламаларды көріп, жастар мен үлкендердің қазақ тіліне, діліне, дініне, салт-дәстүріне деген қызығушылықтары артқанын ауыл тұрғындары ыстық ықыласпен жеткізді. Жаңаауылдағы мектеп оқушыларынан Абай мен Шәкәрім, Алаш арыстары, қазақ ақын-жазушылары сұрай қалсаңыз өмірбаяндарын мүдірмей жатқа айтып, шығармашылықтарынан да өлең оқып беруге әзір. Жаңа ауылдағы қазақтардың көңілге қуаныш ұялатқан тағы бір ерлігі дінімізді ұлықтап, ұлттық салт-дәстүрімізді жаңғыртуында. Ауыл тұрғындары ислам дінін ұстанып, Құрбан айттарын тойлап, үлкендер жағы намаздарын оқып, жастар мешітке барып, ислам нұрына бөленіп келеді. Бұл жақтағы қазақтарда қызын ұзатып, келінін түсіріп, ұлттық жоралғыларды да ұмытпай, керісінше жастар арасында жаңғыртып келе жатқанын аудан басшысы Әуелхан ағамыз жиі айтып отырды.

Көбінесе Ресейдегі қандастар ұлттық болмысызды ұмытып, қазақ тіліне шорқақ келеді деген жансақ пікірде бар. Бірақ бұл сапарымызда ол ойымызда дәлел таба алғанымызды да айта кеткеніміз жөн. Қошағаштағы қазақтар ұлттық дәстүрлерімізді, ұлттық құндылықтарымызды  жоғалтпаған. Әрине, қазақтардың арасында бірен-саран ана тіліне шорқақтау қандастарымыздың бары анық. Тіпті тегі мен аты орысша басшыларды да көрдік. Кішкентай бүлдіршіндердің орысша шүлдірлегендерінде байқадық. Бірақ бұның бәрі теңізге құйылған тамшыдай ғана көріністер. Бұған бола Қошағаш қазақтарын ұлттық руханиятын ұмытып жатыр деп жаззғыру қажеті жоқ деп ойлаймын.

Әлеуметтік-экономикалық жағдай

Жаңаауылдағы қандастарымыздың әлеуметтік-экономикалық жағдайы көңіл қуантарлық. Ауыл халқының басым көпшілігі мал шаруашылығымен айналысады. Қалғаны ауыл орталығындағы мектеп, балабақша, әкімшілік, аурухана қызметтерінде жұмыс атқарады. Кәсіптің көзін тапқандар Моңғолияның Бай-өлке аймағынан сауда әкеліп, шағын және орта кәсіпкерлікті дамытып отыр. Жастар жағы аудан орталығы Қошағаш пен Республика орталығы  Горно-Алтайск қаласында оқу оқып, сол жақтағы өңдірісті саланың жетегінде қызмет атқаруда. Ауылда да жұмыссыз жастардың барын көрдік. Көбісінің орыс тілі нашар болса, енді бірінің дипломдары жоқ. Ауыл тұрындары мен аудан басшысы осы мәселені көргенде біздерге базыналы назында жеткізді.

«Екі ел арасында мәдени байланыстар нығайып, осындағы қазақ жастарына арналған мемлекеттік бағдарлама болса екен дейміз. Көші-қон мәселесінде қайыр болмады. Енді үмітіміз жастар Қазақстанда оқыса, білім алса, кәсіптің көзін тапса деген үміт-арманымыз бар» деді ауыл тұрғындары. Көші-қонның соңғы уақытта тұралап қалғаны да мұндағы қандастарымызға ауыр тиіпті. Тәуелсіздік алған жылдардай үдере көшкен көш қазір тұрақтаған. Халықтың көбі Қазақстанға қоныс аударуды жоспарға бекітпеген. Өз байырғы қоныстарында отыра бергенді жөн көреді. «Ауыл халқының басым көпшілігі – жастар. Бұл аймақтан көптеген ағайындарымыз Қазақстанға көшіп кетті. Арасында ондағы нарықтық экономикаға төзе алмағандар қайта көшіп келді. Олардың барлығына «Неге кеттің? Неге келдің?» деп отырғанымыз жоқ. Еңбек етеміз, іс қылдырамыз деген ауыл тұрғындарына үкіметтен жағдай да жасап отырмыз», – дейді Ә. Жатқанбаев.

Алтай қазақтарының музейі

«Шүй қазақтары тоқсаншы жылдары, ел есін жиған уақытта «Жаңа ауыл» бой көтеріп бүкіл республиканы дүр сілкіндірді» дейді ауыл тұрғындары. 1990 жылдан бастап Жаңа ауылда аудан бойынша алғашқы мешіт, қазақ мектебі құрылысын бастаған. Республикалық қазақ қоғамы, Наурыз мейрамы да жаңаауылдықтардың бастамасымен іске алғаш рет асырылған. Осы жұмыстардың басы-қасында қазіргі аудан әкімі Әуелхан Жазитұлы Жатқанбаев әр кез қолдау көрсетіп, ағайындарына барлық мүмкіндікті жасап берген. Осының арқасында қазақтың байырғы қоңсы мекені «Жаңа ауыл» ауылында орналасқан «Алтай қазақтарының музейі» ашылды. Ұлттық құндылықтарымыз бен жәдігерлеріміздің орталығына арналған мәдени ошаққа Қошағашқа ат басын бұрған туристер мен қазақтардың соқпай кетпейтіні анық.

 Алтай қазақтарының музейі Горно-Алтайск қаласындағы этнограф, композитор, ағартушы А.В. Анохин атындағы «Ел музейінің» филиалы. Музей қызметкері Тілеубек Көшерхан бізді де күтіп алып, музейдегі жәдігерлермен өзі таныстырды. Мұражай 1999 жылы 31 шілдеде Ресей қазақтарының құрылтайы күні есігін айқара ашқан. Содан бері шүй қазақтарының тарихын дәріптеуде маңызды қызмет атқарып келеді. Мұражайға арғы ата-бабамыздан келе жатқан дәстүрлі бұйымдардың барлығы қойылған.

Ауызбіршілігі мен бірлігі ұйыған жаңауылдықтардың ұлттық болмысымызды жаңғыртып, дәстүрімізді ұлықтап отырғанын көз көрді. Оған біз мұра­жай­ға бас сұққанда куә болдық. Жаңаауылдағы мұражай қыз­мет­кері Тілеубек Көшерхан ағамыздың айтуынша, музей экспонаттарын өздерін жинап, халық болып құнды жәдігерлердің санын арттырып, жаңғыртып отырған.

Алтай қазақтары мұражайын аралап көргенімізде әдебиет бөлімдері мен тарихымыздан орын алған батыр бабаларымызға арналған жеке бөлмелері бізді бір қуантып тастады. М. Әуезов пен Абай Құнанбаев шығармалары, көркем суретті портреттері, Оралхан Бөкей мен Асқар Алтайдың кітаптары зал көрмелерінен орын тепкен. Батыр бабамыз Қаракерей Қабанбай бастап, Шүй қазақтарынан шыққан Совет Одағының батыры Елеуісов Жәнібекке дейін тарихтары жазылып қойылғандай көрме залдары көмкерілген. Ұлттық киімдер мен мәдени-рухани тұрмыстық кешендері залы өткен кеткенімізден хабар беріп, ескіні жаңғыртып, жаңаны толықтырып тұрғандай әсерге бөлейді. Бір ауылдың, алтайдағы қазақтар тарихын осы музейге бас сұққаннан-ақ толық біліп шығуға жетер ақпараттың толыққаны кімді де болсын қуантары анық.

Ең бастысы Алтай Республикасының Қошағаш ауданы Жаңа ауыл қазақтары өзге елдің ордасында ұрпағын өсіріп, ұлттық болмысын жаңғыртып, өзгелермен терезесі тең өмір кешіп отыр. Жеті атаға дейін қыз алыспай, дәстүрімізді жоғалтпай, ислам дініне құшақ жайып отырған ағайындарымыздың көздеріндегі мұңды оқи алмай бізде Жаңа ауыл тұрғындарымен қоштасқан болатынбыз. Дегенмен «Жаңа ауыл» жаңарған қазақтың этно ауылы екені анық.

Алтынбек ҚҰМЫРЗАҚҰЛЫ

http://e-history.kz

Теги: , ,

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

*