Руханият

Ықылас Ожайұлы. Қалам ұшына тұнған сыр…

(Психологиялық этюдтер)
«Малым – жанымның садағасы, жаным – арымның садағасы»  (Құнанбай сөзі).  Қазақта бұдан құнды, бұдан құдіретті сөз  жоқ. Шәкәрім қажы: «Құнанбай (Тәтем) осы сөзді жиі қайталап отырушы еді», – дейді. Адам жанына ең жайлы, ең жақсы көретін сөзді жиі айтатыны белгілі. Бұл сөзді өмір сүру қағидасына айналдырған Құнанбайдай әкеден Абайдай ұлдың тууы заңдылық болар.
***
Бұл ғақылияны төбедегі ойдың сабақтасы десек те болады. Құнанбай қажы айтқан саф алтын, самғауық осыбір іспетті ойды, он бір жыл мектеп табалдырығында, бес жыл университет қабырғасында оқысам да айта алған емеспін. Өкінішім де осы.
Адамияттың асқақ көкжиегіне көтеріліп мынадай алапат, аспантекі ой айтуың үшін  оқуың мен тоқуың сөз жоқ жеткіліксіз екен. Мұндай өрелі ойға иелік етуің үшін генологиялық жаралым (тектілік пен пәктілік, таза қан, таза құрсақ) тағы да сол секілді рухани ресурстардың қажет екендігіне зәредей шүбәм жоқ.
***
Абай – қазақ халқының рухани айнасы. Жер бетінен ең соңғы қазақ жантәсілім еткенде  Абай сөзі оның денесімен бірге суиды.
***
Елей білмегеніміз болмаса бүкіл даналық атаулы қазақтың мақалы мен қара өлеңінде жүреді екен.
«Жақсылар –  жақсымын деп айта алмайды,
Жамандар –  жақсымын деп айқайлайды….»
Көбіктің су бетінде, гауһардың су астында екендігін ескерсек, біздің басымызды  тауға да, тасқа да ұрып таппай жүрген шындығымыз осы бір қарапайым ғана өлеңде жасырынып жатыпты.
***
Құдайлық танымда – халықтың жолында мерт болудан өзге сұлу өлім жоқ.
***
Абай атам айтпақшы «Мен егер закон қуаты қолымда бар кісі болсам» қазақтың ділі мен тілін, мәдениеті мен тарихын  менсінбеген мәңгүрттерді қазақтың қабіріне  қоспаған болар едім. Оған тірі де қажет болмаған қазақ, өлгенде керек болып па!?
***
Күллі жаратылыс дөңгелек пішінде. «Дөңгеленген дүние» дейтініміз сол. Планеталар да дөңгелек шеңбер тәртібімен күнді айналады.
Мұны не үшін айтып сөз шығындап отыр дейсіз ғой. Біреуге жасаған танадай жақсылығың да, тарыдай жамандығың да айналып (дөңгелеп) келіп тек өзіңді ғана табады. Таппаған екен, онда ұрпағыңнан шығады. Ауызында «піссіміләсі» бар қариялардың дұға-тілегінен тастамай «жамандық атаулы тек өзіммен кетсін, ұрпағыма тимесін» деп отыратыны осы болса керек.
***
Біз өкінішке қарай ақиқатты (шындықты) архивтен іздеп жатамыз. Жоқ, аспаннан (Алладан)іздегеніміз жөн. Өйткені архивті адам жасайды, (жазады) қаласа өзгерте алады. Олай болса архивтегі деректің алты пайызы ғана рас болуы мүмкін. Ал қалған тоқсан төрт пайызын білмекке илләһи таным қажет. Қысқасы, адамзат баласы өзі жасаған трагедияның кейіпкері.
Неге дейсіз ғой? Аллаһ-Тағаланың  «махаббатпен жаратқан» адамзат баласына қылар ешқандай қиястығы жоқ. Себебі, Жаратушы Ие күнә атаулыдан мүлде пәк. Егер пенде баласы белгілі бір зұлымдыққа  ұшыраған болса, (ол тіпті тұтас ұлт болуы да мүмкін) оның өзіндік себептері бар. Себептің түпкі тіні қателіктен (күнәдән) туындайды.
***
Тарих – тәубә секілді тек тағылым алу үшін ғана қажет. Тарих қайырылып соқпай, қайталанбай қоймайды.  Міне, тарихи тәубә сонда ғана сізбен бізге дұрыс пайым жасатады. Қазақ халқын қанкөбік еткен екі сериялы «1932» – «1938»  атты трагедиялық фильмнің  сценарин сөз жоқ Ленин жазды.  Режиссоры Сталин болса, көркемдік жетекшісі Голощекин,  әртістері большевиктер (оның басым бөлігі қазақтар) болды. Ахаңың (Ахметтің) ашынып айтатын «…өз ауылымның иттері үріп қапқаны» дейтіні осы. Режиссордан көрі әртістердің майдан сахнасындағы әсіре әпербақандығы көбіне шешуші рөл атқарады. Тарих қайталанып жатыр.  Тағы да сол кеп. Тәубә еткеніміз кәні. Ғибраттансақ нетер еді…
***
Мынандай қараңғы, аждаһа заманда оң көзіміз Құран, сол көзіміз Сүннет болуы тиіс. Әйтпегенде әп-сәтте адасып кетуіміз мүмкін.
***
Дін – рухтың бостандығы. Ол ең алдымен адамның өз ішіндегі надандық пен кедейлік, қорқақтық пен жағымпаздық секілді кіші пұттардан тазалануға үндейді. Сонда ғана рух нағыз бостандыққа жетіп жалғыз Жаратушыға құлшылық ететін болады. Бұл бостандыққа ие болған адам ең еркін, ең бақытты адам болмақ.
***
Кешегі құдайсыздық һәм коммунистік идея  орыстың етегінен жем жеген мертік пен шартықтарды, ұлтсыздар мен тексіздерді тәрбиеледі. Соның кесірінен  некесізден – жетесіз, жағымпаздан – жандайшап, тексізден – құл-құтан, зинақордан – зұлым ұрпақ дүниеге келді. Бүгінгі қазақ қоғамын жайлаған індеттің сиптомы осы…
***
Бұрнағыны  тізбегенде,  мешін жылы мешел қалге түсіп  қалжырап тұрған қазақты  репрессия жарақаты  реанимациядан бірақ  шығарды. Қазір де қазақ жансақтау бөлімінде (өмір мен өлім арасында) жатыр. Қатты соққыдан қыруар  қан жоғалтқан бұл миләттің миы шайқалып тілі күрмелді.  (Сөйлей алмай отырғанымыз соның салдары.) Ендеше есінен танған  қазақтың ажалына араша түсіп қаны мен жанына  донор болар  жанкешті азаматтар  қажет-ақ шіркін.
***
Өмір мен өлім. Мүлде  бөліп жаруға  келмейтін бір контекстегі тұтас ұғым.  Бірінсіз бірінің мағынасы ашылмақ емес. Өкінішке қарай, дін ислам өмір сүруіміздің  стихиясы емес, мүсәпір санамыздың  мүгедек түсінігі ғана.
***
1917 жылдан бастап қазақ халқы орыс шовинистерінің атып жер аңы мен сауып ішер сиырына айналды. Содан бері бұл трагедия бір сәтке толастаған емес.
***
Батыс Еуропа ешкімнің түсіндіруін талап етпейтін екі адам арасындағы интимдік (құпия) сезімді атышулы өнерге, қып-қызыл бизнеске айналдырып жіберді. Бұл – батыстың рухани мүгедектікке ұшырауының бірден-бір дәлелі болса керек.
***
Ғылым  –  рухани нұр.  Білімнің мақсаты пендені шен мен шекпенге жеткізу емес, ( Би болу, болыс болу өнер емес (Абай))  керісінше иманы саламат кәміл адамиятқа көтеру. Себебі рухани сәуле сіңген кеудеде қараңғылық (жаһилдік) тұрақтамайды.  Ғылымның обьектісі «Іштегі кірді қашыру» болса,  нәтижесі «Адамның хикмет кеудесіне» (Абай) айналдыру.
***
Сөз заттанады. Оймақтай ауыздан оңдырмайтын дерт тауып алуың мүмкін. Қазақ “жүйелі сөз жүйесін табады, жүйесіз сөз иесін табады” дейді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) “Сөйлесеңдер тек жақсы сөз сөйлеңдер, әйтпесе үндемеңдер” деуінде үлкен тағылым жатыр.
***
Ащы да болса бір шындық бар. Өлең – парасат пен ақиқатқа, таным мен тағылымға ешқашан жеткізе алмайды. Егер өлең ақынды ақиқатқа бастаушы болса ақындарымыз тәкапарлық пен имансыздықтан,  жағымпаздық пен жандайшаптықтан неліктен аса алмай қалды. Неліктен жаппай атақ пен даңқтың ауруына ұшырадық. ( Бұл сөз ақындарымыздың бәрі осындай деген пікір болмаса керек.)
Дереккөз: “Әдебипортал”
Теги:

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

*