Руханият

Астанада аспандаған айтыс Ер Жәнібектің рухына арналды

Тамырлы тарихын ұлықтаған һәм ұмытпаған елдің қылдай қиянатқа бармақ түгілі, сол қарт тарихтың алдында қашан да өзін борышты сезінетіні бар. Бұлай дейтініміз де – отаны үшін отқа түскен оғылан ұлдарының еңбегі арада жыл керуенін жылжытып, тиеселі өз бағасын алып жатқанында. Мамырдың 17 жұлдызында Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында өткен өзгесінен бәсі биік айтыс соның дәлелі.
«Еліне қорған болған Ер Жәнібек» атты баһадүр бабамыздың рухына арналған бұл айтыс бұрынғыдан өзгешерек болды. Мұндай ойды біз емес, сол айтыста алғаш рет профессор Тұрсынбек Кәкішев айтқан болатын. Жиналған қара нөпір халық та Кәкішевтей абыз ақсақалдың аталы сөзін бір ауыздан мақұлдасқан. Жеті сағат бойы талықпай, тапжылмай, айтысты тыңдады. Әлемдегі менмен деген өнердің «алтын басына» бұйырмаған құрмет бұл!

Айтысты ұйымдастыруға басы-қасында жүріп, бір кісідей көмек көрсеткен азаматтардың еселі еңбегі жұртымен жанған. Мың сан адам жиналып, алты алаштың мерейі өсті. Ұйымдастырушы ағаларымыздан естігенде, шындап қуанғанымыз тағы рас! Сөздерін бақсақ, арқа төсіндегі осынау мәшһүр сарайда бірінші болып айтыс шымылдығы ашылып отырғанға ұқсайды. Осындай абыройлы істің машақаты да аз болмағаны белгілі. Оның бер жағында биліктің қабағынан қар жаудырмай, шын өнердің бағылан басын дауға шалдырмай алып шығудың оңайға соқпағаны анық. Жайшылықта бір баласына той жасау қаншалық қиын екенін былайғы жұрт жақсы білсе де, мұнша қазақтың басын қосып, бар қазақтың баба тарихы үшін той өткізудің тым қиын екенін білмесе керек.

«Қалауын тапты, қар жанды». Ірігіш қымыранды ірітпеді. Айтыстың шын жанашыры Жүрсін Ерман мен ақын Дәулеткерей Кәпұлы тізе біріктіре білді. Әуелде бұл шараға үрке қарап, кейіннен түрлі кедергілер жасап баққан талайдың «жолын кесті». Барлығы барса, бір қабырғасы опырылып қалардай болған «Қаз-медиа» орталығынан Ұлттық телеарнаны «ұрлағандай» болып әрең алып шыққан…

Қош! Сонымен, дүбірлі айтыс басталып кетті. Бірінші болып сахна төріне арқалық арқалы ақын Айбек Қалиев пен астаналық адуынды жас Еркебұлан Қайназаров шықты. Ұстаз бен шәкірт арасындағы айтыс әуелі тартымды әзілмен өрбіп отырды. Алғашқы тізгінді ұстаған Айбек шәкіртіне бойының ұзындығын айтып тиісе отырып, «аузымды суындырып алайын» деп кезегін ұсынды. Ұтқырлығымен аты шыққан Еркебұлан:

Алғанша ауызыңды суындырып,

Ортаға мен шығайын туымды іліп.

Айбектей ұстазымның айтуынша,

Шәкірттен мен екем ғой «бұзық жігіт»,

Бойымның ұзындығы ештеңе емес,

Тілді де берген Алла ұзын қылып… – деп қайырды жантық жауабын.

Мұнан әрі тілінің ұзындығын дәлелдей алды деп білеміз. Айтысты ұйымдастырушы ретінде жалпақ жұрттың ықыласына бөленген Жүрсін ағасының да бағасын тамаша әзілмен айта білді.

Әйтеуір Жүкеңді алға салып жүрміз,

Солардың қас-қабағын баққызғандай.

Кетем деген кемпірдің аяғына,

Келінді көлденеңнен жатқызғандай… – деп қағытып өтті. Ащы болса да, айтыс төңірегіндегі шындықтың келбеті осы емес пе?! 18 миллион теңге жеп, бұған бола қылшығы да қисаймай отырған ұстаз ауылының әкімін айта келіп:

Өзгеге тегін берген ақылыңыз,

Немене өз аулыңа жетпей жүр ме? – деп сұрақтың астына алса, Айбек Қалиев мұндай жемқорлармен салыстырғанда, Жәнібек батырдың жыланның басын жұтуы «түкке тұрмақ» емес дей келіп:

Бір жылда төрт әкімді ауыстырып,

Рекорд жасап еді даңқ алып кім?

Енді жемқор әкіммен даңқым шығып,

Атымды алты алашқа сан таныттым… – деп Арқалықтың мұң-мұқтажын налып айтады. Қызыл тілін шындықтың шарығына жанып айтады. «Есілдің қара суы – бір кесе шайды да қимадың ба» деп айтқан тұсына қапысыз жауап қайтарған Еркебұланның сөзі де – сөз болғандай. Өзінше айтсақ, шайдан гөрі өлеңінің ыстық сөлі мол екенін аңғартты.

Онан әрі қарай «заманда, заман ілкі еді» деп бастап, тереңнен суырып, зеңгірден сорғалатып айтқанында халықтың ықыласы сөйледі. Анығы, халқының қошаметі – толассыз шапалағы сарай ішін сілкіп алды. Біраз жұрт «Иә, сәт, айтыс өлмепті!» деп, жырғасып жатты. Нәтижесінде, ұпайын түгел еншілеген Еркебұлан Қайназаров сүлік қарадай суырылып алға шықты.

Ақындардың келесі жұбы Қарағандыдан келген Мақсат Ақанұлы мен астаналық Әсем Ереже екені белгілі болды. Әуелі тізгін ұстаған Мақсат қыз бен жігіт айтысының өзіндік жазылмаған заңын жете меңгерген сұр мерген екенін таныта білді. «…Япыр-ау, сол жағымда бір қыз отыр, Есілдің сол жағындай ажарланып…» – осы бір сөзден-ақ бәрін аңғаруға болады. Екі тізгінді тең ұстау деп осыны айтса керек. Нағыз құдаша мен құданың қағытпасы дерсің мұны. Нанбасаңыз, қараңыз: Мақсат «құда» боп, неден ауырып қалдың деп тиісе сөйлейді. Ал қарсыласы да осал «жау» емес: «үйреніскенін» тіптен біржола үйіріп әкетердей.

Жай кезде мырзамын деп шалқаясың,

Басымда бағым бар деп, қолымда – құт.

Кедей боп қалмас ең ғой келе салсаң,

Қытайдың алмасы мен сөгіңді алып.

Бұл жай қуақылық емес. Ащы шындық жатқанын байқайсыз. Алмасы да, басқа-басқасы да соныкі болған заманда осы айтысты ғана Қытайдың еншісіне байлап бермегеніне қуанасың. Осылайша қыз бен жігіт айтысының тамаша үлгісін көрсете алған екі жұптың бәйгесі де өз қызығымен еш сүрінбестен, үзеңгілесе, қапталдаса жеткен. Оны Әсемнің 69 ұпайға ие болып, бір баллдық қана парықпен ұтылғанынан байқауға болады.

Осы айтыста әйгілі теңбіл допшылардай бағасы асқан бір жанның бар екенін мына жұрт білді ме екен? Айтыстағы орақ ауызды, ұрт тілділігіне бола айтып отырсаң, ошақтың үш бұты сынды Айбек Қалиев, Бауыржан Халиолла, Ринат Зайытовтың бірі болар дерсіз. Солардың бірі екеніне де дау жоқ. Тек халықтың әділ бағасымен бағаланып келген «аты шулы» Ринаттың кәдімгідей ақшаға бағаланғанын да естідік. (Журналистер үнемі «кухняда» жүру керек» деген осы болса керек).

Әуелде қомақты сомаға бағаланған осы кеш кейіннен Ринат қатысатын болғанда, теңгесі ыршып кеткен. Үстіне алғашқыда ұсынылған ақшаның төрттен бірі еселене кеткен. Келіспесең, «жолың – әне» дегенге сайған. Несі бар? Ақынын бағалаған жұрт аянсын ба? Бүгіннің атымтайлары ақысын жемей, сұрағанын санап берген.

Міне, сол құнды жігітке де кезек келген: жеребе семейлік Ринат Зайытов пен астаналық Иранғайып Күзембаевтың еншісіне бұйырды. Екеуі де тесік өкпелі саңлақ сияқты қысылмай, қыстықпай, еркін шапты. Еркін шапқаны бұлай тамаша болар ма? Қашан да көзіне «құс көріне беретін» билік тұтас халық алдында, зиялы бір шоғыр топ алдында оңбай масқара болды. Не керек, Ермановтың құлағын қоңыраулатты. Тікелей эфирден тамашалағандай тікелей ағамыздың аузынан сол сахнада естіп білдік.

Жүрсіннің айтуына қарағанда, Мәсімовты айтып, Ринат «оңбай» қателескен. Билік айтуын айтты-ау. Сол арада менің қасиеті бөлек айтыс болмағанда, министрлер ордасына тартып кеткім келді. Ұясына сұғанақ күш тиген құмырсқадай, жан арпалыстарын шындап көргім келді. Бұл айтыс жайлы не айтамыз? Апам жақсы да, атам жақсы боп, қақ бөліне салудың реті де жоқ. Қазылар да қара қылды қақ жарды білем, ұпайлар да қақ жарылып, тең болған. Бұл айтысты тек қана тауып алып, тыңдау керек. Не айтты екен деп емес, не айта алмай қалды екен деп.

Осылай да осылай аламан бәйге бәсін өрге сүйремесе, мүлдем төмендетпеді. Мұны Жүрсін Ермановтың: «Біз бұл ақындарды республиканың түкпір-түкпірінен сұрыптап алып, бәйгеге қосып отырмыз», – дегені растай түскен. Айтыс көріктей қызып алды. Осындай сәттердің бірінде арғы беттегі қалың қандас бауырдың арасынан келген Анаргүл Бәделханқызы мен қызылордалық ақын Ержеңіс Сәбдеев те көрерменнің көзайымына айналды. Бәрін айтып отыруды сол дүлдүлдердің маңдайына жазғанмен, менің маңдайыма жазбаса керек. Бір анық жәйт – ақын қызымыз Анаргүл Бәделханқызы қарсыласынан оқ бойы озық кеп, түгел он ұпайды көгендеп алды.

Кезінде айтыссүйер қауымның ыстық ықыласына бөленіп үлгерген шығыстың Қарлығаш қызы бұл күнде қайда жүр екен деп, сұрау салып жүретініміз бар-тын. Сөйтсек, білімін ұштап, білігін арттырып жүргенге ұқсайды. Мұны да сол Жүрсін Ерманның аузынан естігенбіз. Оның қарсыласы астаналық шын жүйріктігін сан мәрте танытып жүрген Мейірбек Сұлтанхан болатын. Екеуі де «оңай беріспестердің» санатынан. Екеуі де ұстаз бен шәкіртара «араздықты» жақсы ашып беріп отырды. Бірі артық, бірі кем айтты деуге келмес. Мейірбек үзеңгілесе жанап та шапты. Алыс кетіп, ұтылап та шапты. Қарлығаштың тереңдігі таязымады. Ақыры қос ақын қосарланып келіп, бірыңғай ондық бағаны еншіледі.

Алтыншы жұп болып Моңғолиядан келген қандасымыз Сәтжан Тілашқан мен Баянауылдың болмысы бөлек ақыны Аспанбек Шұғатаев айтысты. Әуелгіде басына орамал таққанын ерсі көріп, әріптесінің шымбайына әбден батып, «қаңғыбас» екенін айтқанда, ақынның намысы қозды ма, әлде туа біткен болмысы сол ма, кім білсін, Аспанбек мүлдем аспандап кетті (аты текке қойылмағанын өзі де ептеп айтып қалды). Қос жүйрік те Батырашы жоқ ортада Құлагердің қара үзіп алға шығатыны қандайлық ақиқат болса, Аспанбектің жеңісі де еш күмәнсіз жеңіс еді.

Қазыналы тілмен «күміс көсеп, алтын асатып», өлең сүйер, зердесі тұтқыр толқулы топты онан әрі толқытып жіберді. Бойда рухтың аңдыздап шапқан аламаны қарасын молайтып, тамырда дүбір бір толастамады.

Киелі санды әуелде көңілге тоқ санаса да, қиқуға елегізген соңғы жұп ақыр соңына әрең шыдаған. Оралдың әзілқой ақыны Жансая Мусина (Жүрсін Ерманнның айтуынша – Қ.Қ.) мен Қытай халық республикасынан арнайы шақыртумен келген Қанатбек Зәйтоллаұлы тартысып бақты. Бастай салысымен өзіне сенімді көрінген Қанатбек Жүрсін Ерманға «қасқырдың қасына әкеп қой байладың» деп қалғаны бар. Осы сөз басында айтылды демесең, соңында өз басына таяқ боп тиді. «Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ» жоқ қой. Айтыстың нүктесін кім қояр екен деп, іштей тынып отырғанда, Зәйтоллаұлы мүлт кетті. Бір сөзінде Жансаяның ешкіге теңеп айтқанына «шамдана» қалды. Қандасыңды хайуанға теңегенің қалай болды деп айыптағаны сол еді, Жансая басындағы әріптесінің өзін қойға теңегенін есіне түсіре қойды. Шын ақын жеңілгенін мойындады. Тіпті бұл «нокаут» болды деп әлеуметтік желіде тамсана жариялап та үлгерді.

Астана уақыты он екілік дабылды соғуға таяу қалған. Тартысты ойын өз мәресіне жеткенмен, жеңімпаз анықталмады. Қазылардың шешімімен қайтадан жұптау әдісімен алты ақын қайта жұпталатын болып шешілді. Хас тұлпардың сыналар шағы жеткендей. Бәрі де бабынша шаппаққа тырысты. Ақындардың да аздап шаршаңқырап қалғаны білініп жатты. Дей тұрғанмен, солардың ішіндегі Еркебұлан Қайназаров пен Аспанбек Шұғатаевтың айтысы тағы да таразы көңілді жұрттың көкірегінде салмақтанып жатты. Бұл қос пырақ тағы да ауыздық басып, қатар «жағаласып» келді. Тек әділ қазылардың өзара кеңесіп пішкенінің арқасында Еркебұлан Қайназаровтың қанжығасы майланды.

P.S. Жеті сағатқа созылған айтыс осылай өз міндетін мінсіз өтеп шыққандай. Көрермен күңкілдемеді. Талассыз тамаша айтыс болғанын сахнаны қимай-қимай қоштасқан ақындар да, сол ақындардың шабысына тәнті болған тыңдарманы да өлмес мұраның шуағына шомылып, алдаспан рухтың жарқылында жадырап бара жатты…

Қозыбай ҚҰРМАН, «D»

Алматы – Астана

«Общественная позиция»(проект «DAT» № 24 (248) от 19июня 2014 г.

Теги: ,

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

*