Арқа төсіндегі аспандаған айтыстан соң (ол жөнінде біз газеттің өткен санында жазған едік), бізге бүкіл Алаш жұрты ұйыса түскендей көрінді. Бұған дәлел ретінде мамырдың 19-жұлдызында Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетiнде қазақтың әйгiлi батыры Жәнiбек Бердәулетұлының 300 жылдығына арналып өткен конференцияны айтуға болады.
Бұл ұлы жиынның тізгінін ғалым Дихан Қамзабекұлы ұстаған болатын. Айтулы жиынға көптеген ғалымдар мен ардагерлер қатысып, бірқыдыру баяндамалар жасалды. Атап айтар болсақ, филология ғылымдарының докторы, профессор Тұрсынбек Кәкішев, «Ер Жәнібек» халықаралық қоғамдық қорының президенті Мақсұт Темірбаев, ҚХР еңбек сіңірген қайраткері, жазушы Шәміс Құмарұлы, белгілі алаштанушы ғалым Тұрсын Жұртбай, тарихшы-ғалым Жанымхан Ошанұлы қатарлы біраз тұлғалар осы конференцияда баяндама жасап, Ер Жәнібектің ерлік істері мен саяси-қоғамдық еңбектеріне өз бағаларын берді. Сөзіміздің басында атап өткендей, осы жиынның тізгіншісі Дихан Қамзабек Ер Жәнібек батырдың туған жерін анықтау бойынша ғылыми экспедиция құрылатынын айтты. Мұның басты себебі – батырдың туған жылы белгілі болғанмен, туған жерінің нақты атауы туралы дерек жоқ көрінеді.
Иә, ғалымдар Ер Жәнібектің туған жері туралы сан алуан пікірлер айтып келеді. Соның ішінде көпшілігі – Сыр бойы десе, тағы бір бөлігі – Ресейдің Ор маңайы деген дәлелдерді алға тартуда. Ал батырдың қайтыс болған жері туралы деректер бізге толығымен жеткені баршаға аян. Ер Жәнібек батыр 1714 жылы дүниеге келіп, 1792 жылы Шығыс Қазақстан облысының Жарма ауданына қарасты Ортабұлақ жерінде қайтыс болған. Батырдың мәңгілік тұрағы да осы жерде орналасқан. Бір қуанарлығы да сол – ЕҰУ-да өткен осы конференция кезінде Ер Жәнібек батырдың атымен Қоянды ауылынан көше аталып, ескерткіші тұрғызылатыны мәлім болды.
Сонымен қатар аудан атына Ер Жәнібек батырдың атын беру туралы халық тілегі бар екенін Дихан Қамзабек айтты. Ол кісінің сөзіне сенсек, «Мемлекет тарапынан кісі аттарын ауданға беру туралы тек сирек жағдайда болмаса, рұқсат етілмейді. Бірақ көптеген азаматтардың тілегі бойынша Шығыс Қазақстан облысының Жарма ауданына Ер Жәнібек батырдың атын беру туралы ұсыныс бар. Ұсыныс Ономастикалық комиссияға берілетін болады», – деді Дихан мырза. Осылай да осылай бас-аяғы жинақы өткен жиын өз міндетін толық атқарды.
Конференцияға жиналған бірқыдыру қауым іс-шараның жалғасы ретінде Ақмола облысы Целиноград ауданы Қоянды елді мекенінде өткен аста тағы да бас қосты. «Ер Жәнібек» халықаралық қоғамдық қорының ұйымдастыруымен өткен бұл астың атағы жалпақ жұртқа тез тарап кетті. 30-ға жуық үй тігіліп, жоғары деңгейлі спорттық ойындар мен түрлі ойын-сауықтар өтті. Жиналған жұрттың аузында: «Ауылда өтсе де, Астанаға бергісіз ас болды», – деген разы көңілден шыққан ақжарма сөздер дамылдап жатты…
Маусым айының 21-жұлдызында шұрайлы Шығыстың бір пұшпағына кеп ат басын тіредік. Тойдың боладысынан болғаны қызық болып, асығып жеткен түріміз. Алты алашқа сауын айтылған бұл тойдың жөні бөлек. 21–22-сі күндеріне жоспарланған Ер Жәнібектің 300 жылдық мерейтойының алғашқы күні көпшілік қауым таңғы сағат 08.00-де Шығыс Қазақстан облысы Жарма ауданы Қалбатау кентіндегі «Ер Жәнібек мемориалды кесенесіне» жиналып, батыр рухына арнап оқылған құран хатымнан басталды. Ұзын саны жүзді құрайтын қаздай қонған ақшаңқай үйлер көздің нұрын алады. Бәрі де тап-тұйнақтай. Ақ ордалардың бір алаңқайына қойылып, жүлде қорын молайтқан темір тұлпарлар сап түзейді. Естуімізше, бұл су жаңа көліктер ұлтжанды, жомарт азаматтардың көмегі есебінен толықтанған. Жергілікті әкімшілік те көп көмек көрсеткен деседі. Оған куә – түрлі сақтық шаралардың белсенділігі мен алаңға тігілген үйлердің барлық талаптарға сай болуы, автотұрақ, көрме орталығы, концерттік сахна және басқа да орындардың тыңғылықты дайындалуы. Жалпы, ұзынқұлақтардан естіп-білгеніміз – дақпыртты асқа үйірлі жылқы, қоралы қой сойылған.
Мерекелік шаралар өз күн тәртібімен бірінен соң бірі қызықты өтіп отырды.
Сондай-ақ Қалбатау кентінде де «Ел қорғаны Ер Жәнібек» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Жиын шымылдығы «Ер Жәнібек» халықаралық қоғамдық қорының арнайы жасаған «Ер Жәнібек» атты деректі фильмнің көрсетілуімен ашылды. Сөз тізгінін Семей қаласының әкімі Айбек Кәрімов қолына алып, конференцияға келген барлық қонақтар мен тарихшы, жазушы-ғалымдарға алғыс айта келе, баяндама кезегін Жарма ауданының әкімі Әнуарбек Мұхтарханұлына берген болатын. Өз кезегінде Әнуарбек Мұхтарханұлы Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың құттықтау хатын оқи отырып: «Ер Жәнібектің 300 жылдық мерейтойы – барша қазаққа ортақ қуаныш. Өйткені батырдың өзі Алты алашқа ортақ тұлға екені даусыз», – деп тұщымды пікір білдірсе, академик Тұрсынбек Кәкішұлы: «Мұндай көлемді жиын бұрын-соңды қазақ даласында өте қойған жоқ шығар. Батыр рухын асқақтатуға сіңірген еңбегі үшін облыс әкімінен бастап, барлық азаматтарға айтар алғысым шексіз. Тарыдай шашылған қазақты көк тудың астына біріктіру үшін мұндай шараның маңызы ерекше. Жәнібектің мерейтойы барша қазақ халқын елдікке бастасын», – деп, баба тарихымызға жасалған осы бір даңқты істің жалғаса беруіне тілектестігін білдірді.
Әйтеуір ел асыға, сарыла күткен күнге де ыстық ықыласы суымастан куә болды. Мамырдың 22-жұлдызында жиналған жұртшылық қарасы тіптен молайған. Бұлай болуы да заңды құбылыс-тұғын. Бұл күні ат үсті спорттық ойындары той көрігін тіптен қыздырып жіберді. Ауызымен құс тістейтін хас жүйріктердің аламаны басталып та кетті. Ердің қанаты болған ат елді қанаттандырып жібергені сол – у да шу айқай, ду да ду көңіл. Жонынан су төгілмес жорғалар тайпалғанда, тамашалап тұрған ел кіл жорғаның аяқ алысын аңдап, таңдай қағысты. Тағы бір тұста алып та, шалып та жығатын білекті балуандар боз кілемде белдесті. Өз саласының білікті мамандарымен қадағаланған жарыстың қай түрі болмасын ың-жыңсыз, әділ бағасын алып, құнды жүлделермен марапатталды. Жылқы малының қасиетті тері сіңген шабандоздардың тақымында енді темір тұлпарлар ойнап бара жатты. Баба аруағы қолдаған балуандар да жеңіл автокөліктерді еш талассыз еншілеп қайтты.
Айта қалсын дүркіреп өткен той өз еншісіндегі тағы бір мәресіне жетті. Батырдың рухы қолдап, жыл басында басталған тойдың соңы бұл емес екенін көңілге медет қып біз қайттық.
Айта кетерлігі – мұндай айтулы шаралар Моңғолияның Баян-Өлгий аймағында да жалғасын табатыны жұртқа жария етілді.
Жеңіс ТҮРКИЯ:
Батырлар ерлігін ұлықтау – ҰЛТЖАНДЫ ҰЛҒА ҰЛАҒАТ
Біз осы дүркіреп өткен тойдың барысында «Ер Жәнібек» қорының вице-президенті, белгілі кәсіпкер, «Трилис» компаниясының президенті Жеңіс ТҮРКИЯ мырзамен сұхбаттасып, аламан шараның астарында қалған кейбір жағдаяттарды сөз еткен едік.
– Жеңіс мырза, осыдан біраз уақыт бұрын Алматыда Ер Жәнібек батырдың 300 жылдығына арналып ұлан-асыр той жасалғанда, сұхбат беруден бас тартып, сол сұрақтарды жолының үлкендігі мен жөнінің бөлектігін айтып, «Ер Жәнібек» халықаралық қоғамдық қорының президенті Мақсұт Темірбаев мырзаға жолдауды өтіндіңіз. Енді, міне, сабақты ине сәтімен демекші, содан кейін де өткен бірқыдыру шараларға мұрындық болғаныңызды іссапар барысында көзбен көрдік. Жалпы, Ер Жәнібектің есімін зерделеу, батырдың аруағын ұлықтау мақсатындағы перзенттік парыздың бір порасы өтелді деп ойлайсыз ба?
– Өтелгенде қандай! Мақтанышпен атауға тұрарлық той өткіздік деп ойлаймын. Ең алдымен ұлт-азаттық күрестің жолында қан кешіп, қабырғасын сөккен қазақ батырларының қай-қайсысы болса да ұлықтауға лайық, ол біздің ұрпақтық парызымыз деп білем. Барша қазақ батырларының ерлігін ұлықтау – бүгінде ұлтжанды ұлдар тәрбиелеу ісінде ұлағат болмақ. Абылай ханның бастауымен Қазақ халқының жоңғар шапқыншылығына қарсы күресте тұлпар мініп, ту алған әйгілі батырлардың қатарында Ер Жәнібектің алар орны ерекше. Батыр ұрпақтарының, нақтырақ айтқанда, керей руының басым көп бөлігінің шетелдерде қоныстануына байланысты батыр есімі әлі күнге өз деңгейінде ұлықталмай келе жатқаны анық. Осы мақсатпен «Ер Жәнібек» халықаралық қоғамдық қоры 2006 жылы құрылғаннан бастап, елдікті, ерлікті дәріптейтін біршама игі шаралар атқарды.
2014 жылы Ер Жәнібектің туылғанына 300 жыл толуына орай Дүние жүзі қазақтар қауымдастығымен бірлесе отырып, Алматыда Ұлттық баспасөз клубында баспасөз мәслихаты ұйымдастырылса, содан бастап республикамыздың жоғары оқу орындарында және де басқа мәдениет ошақтарында Ер Жәнібектің мерейтойына арналған патриоттық-мәдени іс-шаралар өткізіліп келеді. Сонымен бірге «Алаш» тарихи-зерттеу орталығымен бірлесіп, «Керей шежіресі» жарық көрсе, қордың тікелей басқаруымен Сұлтан Тәукейұлының «Ақыр Жәнібек» романы, тарихшы-ғалым Жанымқан Ошанұлы мен жас ғалым Нәсихат Нәбиоллаұлы бірлесіп құрастырған «Ер Жәнібек Бердәулетұлы» атты анықтамалық-библиографиялық ғылыми жинағы, «Ел ұраны Ер Жәнібек» атты зерттеу мақалалар жинағы, Базарбек Атығайдың ұйымдастыруымен «Ер Жәнібек фольклорлық деректерде» атты аудиодиск және «Ер Жәнібек» деректі фильмі секілді біраз кітаптармен аудиодисктер оқырмандарға жол тартты. Алматы қаласында батырға арнап ас беріліп, Республика сарайында концерттік бағдарламалар жүзеге асты.
Мамыр айының 7-8 күндері Дүние жүзі қазақтары қауымдастығы және Еуропа қазақтар қауымдастығы (ФЕКА) бірлесе отырып, Берлин қаласында Ер Жәнібектің 300 жылдық мерейтойына арналған спорттық-мәдени іс-шаралар өткізілді. Маусымның 17-жұлдызында Елордамыздағы тарихи нышандардың бірі Бейбітшілік және келісім сарайында «Ел қорғаған Ер Жәнібек» атты халықаралық ақындар айтысы өткізілсе, белгілі түрколог-ғалым Қаржаубай Сартқожаұлымен Жәди Шәкенұлының ұйымдастыруымен 19 маусымда Лев Гумилев атындағы Еуразиялық ұлттық университетте «Мәңгілік ел мұраты және Ер Жәнібек» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференциямен қоса, жазушы Жәди Шәкенұлының ұйымдастыруымен Ақмола облысы Целиноград ауданы, Қоянды ауылында ас және спорттық-мәдени шаралар жергілікті әкімшіліктердің белсене атсалысуымен өз мәресіне жетті. Ал 21–22 маусымдағы Алты алашқа сауын айтылған дүбірлі ас «Ер Жәнібек» халықаралық қоғамдық қорының ұйымдастыруы негізінде 2009 жылы батырдың жатқан жеріне ескерткіш кесене қойған жеке кәсіпкер Қанат Сүлейменовтың басқаруымен, Семей қаласы әкімшілігі, Жарма ауданы әкімшілігінің және барлық отандық БАҚ өкілдерінің белсене атсалысуымен жоғары деңгейде өтті. Міне, осындай жұмыстардың атқарылуы баба алдындағы перзенттік парыздың қайтарылымының бастамасы ғана. Келешекте елдің егемендігін нығайту жолында бұдан да жоғары іс-шаралар өтетін болады.
– Ер Жәнібектің 300 жылдық тойына сауын шақырған аталмыш Қордан басқа барша қазақтың зердесіне ортақ іске атсалысқан үкіметтік мекемелер болды ма? Бұл сұрақты қойғанда, біздің газетте бұдан бұрынырақ шыққан «Ер Жәнібек керейдің ғана батыры ма?» деген мақаланың желісі еске түсіп отыр…
– Ер Жәнібектің 300 жылдық мерейтойына мемлекеттік қазынадан арнайы қаржы бөлінбегенімен, атқарылған барлық іс-шараларға Дүние жүзі қазақтар қауымдастығы, Мәдениет министрлігі, Астана қаласы әкімшілігінің мәдениет басқармасы, Шығыс Қазақстан облыстық әкімшілігі, Семей қаласы әкімдігі және Ақмола обылыстық Целиноград аудандық әкімдігі мен Жарма аудандық әкімшілігінің қолдауы әрқайсы атқарылған жұмыстарға үлкен көмек болды. Нәтижесінде «Ер Жәнібек» қорының бас болуымен, ел ертеңін ойлайтын ұлтжанды азаматтардың қаржыландыруы арқасында барлық іс-шаралар ойдағыдай атқарылып жатыр. Әрине, сіздердің газеттеріңізде айтқандарыңыздай, Ер Жәнібек жеке бір рудың ғана батыры емес, жалпыға ортақ тұлға екендігіне осы іс-шаралар барысында анық көзіміз жетті.
– Абылайханның бір қолбасшысы болған осы Ер Жәнібек батырдың атында Қазақстанның бірде-бір қаласында көше жоқ екен. Осы той барысында Астананың маңындағы Қоянды ауылындағы бір көшенің аты беріледі дегенде, соған да тәубә деген біздің көңіліміз сіздің ойға олқы болған жоқ па?
– Игіліктің ерте-кеші жоқ демекші, Қоянды елді мекенінен Ер Жәнібек атына көше берілуі, әрине, құптарлық, қуанарлық жәйт деп білеміз. Осы орайда ҚР парламентінің депутаты Бақытбек Смағұловтың 19 маусымда Лев Гумилев атындағы Еуразиялық ұлттық университетте «Мәңгілік ел мұраты және Ер Жәнібек» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда айтқан «Астана және Алматы секілді үлкен шаһарларда көшеге батырдың атын беру керек!» – деген сөзін жоғарғы билік ескерсе деген ойдамын.
– Ал енді Семей мен Өскеменнің ортасындағы Қалбатауда берілген асты ауызға алайық. Әрине, бұл астың жөні басқа. Батырдың басына барып құран оқылып, берілген асқа үш жүзге сауын айтылған екен. Астанада өткен шаралардың жалғасы іспетті ат бәйгесі, балуандар күресі, көкпар сынды түрлі ұлттық ойын-сауық өтті. Осы шараға жергілікті әкімшіліктен ауыз толтырып айтатындай қандай көмектер болды, аға?
– Жоғарыда айтқанымдай, Шығыстағы дүбірлі асты өткізуде «Ер Жәнібек» халықаралық қоғамдық қорының тікелей ұйымдастыруымен Қанат Сүлейменов астың өтуіне жауапты болса, Қытайдан келген ағайындарды күтіп алу мен дастарқанына Мерей Сіламұлы жауапты болды. Төрағамыз Мақсұт Темірбаевтың тапсырмасымен қордың вице-президенті ретінде «Ер Жәнібек-300» жыл бағдарламасы аясындағы барлық іс-шараларға қажетті қаржыларды қолы ашық, мәрт көңілді азаматтардан ұйымдастыруға жауапты болдым. Ас барысында Семей қаласының әкімі Айбек Кәрімов пен Жарма ауданының әкімі Әнуарбек Мұхтарханұлы бас болып, арнайы үйлер тіктіртіп, түрлі мәдени шаралар ұйымдастырды. Сондай-ақ алыс-жақыннан келген қонақтарды жатын орынмен қамдап, амандық, саулық жағынан қадағалатып отырды, соның нәтижесінде ас біз күткеннен де жоғары деңгейде өтті. Ас барысында Базарбек Атығаевтың ұйымдастыруымен қазақтың ұлттық ойындары ойналып, көне салт-дәстүрлері жаңғыртылып көрсетілсе, Қазақстан өнер жұлдыздарының қатысуымен концерттік шаралар өтті. Талғат Ғаппаров Қалбатау өңіріне бұрын-соңды болмаған от-шашуды сыйлады.
– Осы Ұлы тойдың басы-қасында болып, ауыртпалығын көтеріп алған ағайын-ауылды атап шығыңызшы?
– Әрине, бұл ас көлемді деңгейде болғандықтан, жекелеген адамдардың шама-шарқы жете бермейді. Сондықтан жоғарыда атап өткен арнайы ұйымдармен қоса, еліміздің әрбір облыстарыннан ұйымдасқан азаматтар қаржылай және материалдық қолдау көрсетті. Атап айтар болсақ, Астана қаласында өткен ақындар айтысының барлық шығымын Жомарт Омаров,Толқын Ақанұлы, Біржан Қажығалиев төртеуіміз көтеріп алдық. Алматы қаласынан өзім бас болып, Мерей Сіламұлы, Оразбек Базарбекұлы, Ғаділет төртеуіміз төрт машина, «Қанас» компаниясы атынан «Жорға» маркалы екі мотоцикл апардық. Алматы облысы Күреңбел ауылынан Бекежанов Бақтияр бастап бір машина, бір үй апарды. ОҚО-нан Есбол Қамбаров бастаған азаматтар бір машина, Қызылорда облысынан Марал ишан ұрпақтары Мұхаметқан Омаров бастаған азаматтар бір машина, Қостанай облысынан Қажығали Есетов бастаған азаматтар бір машина, ШҚО-нан азаматтар бірігіп бір машина әкелді. Қытайдағы бауырлар атынан Кабен ақсақал, Жеңіс Қалиязымұлы қатарлы азаматтар ұйымдастырып, осы дүберлі асқа қытай ақшасымен 120 мың юан ақша (4 милион теңге мөлшері) әкелді. Алматы қаласынан профессор Нәбижан Мұхаметқанұлы бас болып, «Қызай ана» қоры атынан он үй, Шұбартау өңірінен Біржан Қажығалиев пен Базарбек Атығаев бастаған «Жобалай би» атынан алты үй, Жігер Жанәбілұлы ұйымдастырып «Қожаберген батыр» ауылы атынан үш үй, бұдан басқа да жергілікті әкімшілік пен ұйымдастыру алқасы тарапынан жүзге жуық үй тігілді. Осы қордың вице-президенті ретінде «Ер Жәнібек-300 жыл» дүбірлі асын өткізуде демеушілік көрсеткен әр саладағы мемлекеттік мекемелерге бастамашылық еткен кәсіпкер Қанат Сүлейменовке айрықша алғысымды айтамын.
– Осы тойдың жалғасы іспетті тағы қандай шаралар жүзеге аспақ?
– Үстіміздегі жылдың шілде айының басында Моңғолия Халық Республикасының Баян-Өлгий аймағында да дүбірлі ас беріліп, түрлі мәдени, спорттық шаралар өтеді. Сондай-ақ Алматы қаласында тамыз айының ортасында «Жәнібек батыр және оның заманы» атты Халықаралық проза бәйгесінің қортындысы шығарылады. Қыркүйек айының басында ШҚО-ның ұйымдастыруымен Ер Жәнібек бабамызға арналған «Шығыс шынары-2014» халықаралық жыр мүшәйрасының қортындысы болады. ҚР «Қазпошта» акционерлік қоғамы тарапынан Ер Жәнібекке арналған пошта маркасы жақын уақытта шығарылады. Күздік оқу маусымы басталысымен, еліміздің әрбір облыстарындағы жоғары оқу орындарында ғылыми-практикалық конференция жалғасын табатын болады. Желтоқсан айының соңында «Ер Жәнібек-300» бағдарламасы аясында жыл бойы атқарылған шаралардың қортындысы жасалып, мерейтойлық ақпараттық-танымдық альбомның тұсаукесері өтеді.
Қозыбай ҚҰРМАН,
«D»
Алматы – Астана –
Семей – Жарма – Алматы