Мұртаза БҰЛҰТАЙ:- ПРЕМЬЕР МӘСІМОВТЫҢ АЛДЫНДА СӨЙЛЕГЕН СӨЗІМ
Мұртаза БҰЛҰТАЙ Философия ғылымдарының кандидаты, дінтанушы, мәдениеттанушы
facebook парақшаcынан алынды
Құрметті Кәрім Қажымқанұлы!
Бүгінгі келелі мәжілісте Кеңес Одағының соңғы жылдары алғашқылардың бірі болып отанға оралған және ширек ғасыр бойы Қазақстанның дамуы мен тәуелсіз ел ретінде қалыптасуына үлес қосып келе жатқан республика азаматы ретінде өз ойымды ортаға салғым келеді.
Қазақ халқы ежелден бері отансүйгіштігімен, туған ел мен жерге деген ерекше сезімімен белгілі болған халық: оған батырлар жырындағы отаншылдық, халық әндеріндегі атамекенге деген сағыныш пен махаббат, мақал-мәтелдер куә. Тарихтын түрлі уақиғалары салдарынан бүгінгі Қазақстанның жерінен тыс елдерде қалған қазақтар әрқашан да отанға деген ыстық сезімді, аңсауға толы жүрек толғауын сақтап келген. Тәуелсіздік таңы атқан соң оншақты мемлекеттен қазақтардың елім-жерім деп бәрін тастап, ағыла көшуі қазақ халқының тарихында мәңгілікке қалатын ұлы уақиғалардың бірі де бірегейі. Соңғы жиырмашақты жылдың ішінде бір миллионға жуық қандасымыз елге оралды, азаматтық алды, олар Қазақстанның рухани-мәдени, әлеуметтік және экономикалық дамуына орасан зор үлес қосып келеді. Шетелдегі қазақ қауымының атамекендегі ағайынға қосылуы қазақ халқының біртұтастығына елеулі үлес қосты, рухымыз оянды, өшкеніміз тірілді, тіл байлығымыз нығайды, экономикалық тұрғыдан алғанда адам капиталымыз еселеп өсті, республикамыздың демографиялық ахуалы жақсарып, ұлан-ғайыр жерімізге қорған болатын өнегелі де өнерлі ұрпақтың қалыптасып жатқанын көріп, шексіз қуаныш үстіндеміз.
Әлбетте, миллиондаған адамның тағдыры мен өміріне өзгеріс әкелген осы ұлы көштің проблемалы тұстары да жоқ емес, мен соның ішіндегі екі жүйелік мәселені көтергелі отырмын:
1-) Қазақстан Республикасы азаматтығына қабылданған қазақтардың балаларына оралмандар үшін (Қазақстан Республикасының азаматы болып табылмайтын ұлты қазақ адамдар) бөлінген 2%-дық квота шеңберінде білім беру ұйымдарына түсу мүмкіндігін қарастыру.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012-жылдың 28 ақпанындағы №264 қаулысына сай Қазақстан Республикасының азаматы емес қазақ ұлты өкілдері үшін техникалық және кәсіптік салаларда білім беретін орта білімнен кейінгі және жоғары оқу орындарына түсуге 2% мөлшерінде квота белгіленген. Осы квотаны шетелде тұратын қазақ диаспорасының өкілдері мен әлі азаматтыққа өтпеген бірақ Қазақстанда тұрақты қоныстанған қазақтар пайдалана алады. Алайда, Қазақстанға біржолата көшіп келіп, азаматтыққа өткен қазақтардың жоғары сыныптардағы балалары, еліміздегі негізгі білім беру бағдарламасының толық оқу курсынан өтпегендеріне қарамастан, осы 2%-дық квотаны пайдалана алмай қалуда, себебі олар Қазақстан азаматтығына қабылданғандықтан жоғарыда аталған Үкімет қаулысынан тыс қалуда. Мысалы, шетелде 9-шы сыныпқа дейін оқып, Қазақстанға көшіп келген соң 10-11-ші сыныптарды оқыған балалар осы уақыт шеңберінде Қазақстан азаматтығына қабылданады да 2%-дық квотаны пайдалана алмайды. Осы балалардың бір-екі жыл көлемінде Қазақстан ахуалына толықтай бейімделіп, оқу жүйесін толықтай меңгеріп, тілді де игеруі оңай емес екенін ескеру керек сияқты. Сондықтан, ҚР Үкіметінің 2012-жылдың 28 ақпанындағы №264 қаулысына өзгеріс енгізіп, елге көшіп келген қазақтардың қазақстандық орта білім бағдарламасы бойынша толық курстан өтпеген балаларына (мысалы, 10-11 сыныптарды Қазақстанда оқыған), Қазақстан Республикасы азаматтығын алғанына қарамастан, осы 2%-дық квота шеңберінде білім беру ұйымдарына түсу мүмкіндігі қарастырылса деген ұсынысым бар.
2-) Қазақстанға көшіп келген қандастарымыздың аты-жөндерінің қазақша дұрыс жазылуы.
Өздеріңізге белгілі қазіргі практикада Қазақстан азаматтығына қабылдаған қандастарымыздың аты-жөндері, жеке басының деректері олар бұрын қай елдің азаматы болса сол елдің құжаттарындағы үлгі бойынша жазылып жатыр. Бұрынғы Кеңес Одағына қарасты елдерден көшіп келген қазақтардың аты-жөндері шамамен ұқсас жазылғанымен Қытай, Монғолия, Ауғаныстан, Иран, Түркия сияқты елдерден көшіп келген қандастарымыздың аты-жөндерінде көптеген қателіктер кетуде. Бүгінгі күні осы елдерде 2,5 миллионнан астам қазақ бар екенін және сол елдердің ресми тілдерінде қазақтардың есімдері кейде қатты бұрмаланып жазылатынын, кей елдерде фамилия (тегі) және әкесінің аты (отчество) дегендердің, тіпті, жоқ екенін ескерсек жеткілікті. Міне, осы бір көзге кішкентай болып көрінетін жүйелік мәселе салдарынан он мыңдаған қандастарымыздың аты-жөндері өз елдерінде де қате жазылып, өте ыңғайсыз, тіпті, кейде күлкілі жағдайлардың болып жатқанын айтуға мәжбүрміз. Қазақстан Республикасының 2011-жылдың 22 шілдесінде қабылданған №477-IV «Халықтың көші-қоны туралы» заңының 26-бабында оралмандардың құқықтары мен міндеттері көрсетілген. Осы баптың 3-тармақшасында оралмандардың: «Қазақстан Республикасының азаматтығын алғаннан кейін қолда бар құжаттарының негізінде атын, әкесінің атын (ол болғанда) және тегін қазақ тілінде дұрыстап жазуға құқығы бар» делінген. Дегенмен, мұнда да «қолда бар құжаттардың негізінде» және әкесінің атын жазу мәселесіне келгенде де жақша ішінде (ол болғанда) деп жазылған, былайша айтқанда жағдай еш өзгеріссіз, тек шетелдің құжаттарына тәуелдіболып қала берген. Сондықтан, көшіп келген қандастарымыздың өздері азаматы болып табылатын елдердің құжаттарын ескере отырып, бір жағынан олардың жазбаша арыздары бойынша аты-жөндерінің, әкесінің аты мен тектерінің қазақша дұрыс жазылуына рұқсат етсек әбден дұрыс болар еді.
Сөз соңында дөңгелек үстелге қатысушыларға зор табыс тілей отырып, тәуелсіз еліміздің ертеңі жарқын болсын, алыстағы ағайынның атамекенге деген көші жалғаса берсін, халқымыздың саны артып, Қазақстан мықты мемлекетке айналсын деген тілегімді білдіргім келеді.
*ҚР Премьер-министрі Кәрім Мәсімов 12 шілде 2014 күні Таразда ұйымдастырған оралмандардың мәселелеріне арналған дөңгелек үстелде сөйлеген сөзім.