Руханият

Ер Жәнібек батырдың сөз киесінен кім туды?

tursinXVIII ғасырдағы қазақ батырларының бірі Ер Жәнібек Бердаулетұлының 300 жылдық мерейтойында, ШҚО, Жарма ауданында батырдың құрметіне өткен ғылыми конференцияда сөйлеген Алаштанушы, ғалым Тұрсын Жұртбайдың баяндамасы:
Біз батыр бабасы мен соларды батыр еткен қарапайым халықты есімізде сақтауға тиіспіз. Ұлының дауысы, ақтабан шұбырынды кезіндегі шырылдаған баланың да дауысы біз үшін аса қасиетті, киелі ұғым, ол біздің жүрегімізде мәңгілік сақталатын әуен, ырғақ, дауыс болуы керек. Соның өзінде, сіздер білесіздер қазақта «ұран» деген сөз бар, аруақ деп шабамыз, осы ұран мен аруақты орнына қолдансақ деймін. Ол ұранның қос қанаты мыс пен кие. Мен бұл екі сөзді айтайын деген баяндамама түйін ретінде алғым келді. Егер де киең болмаса, кез келген қиын жағдайда, интуиция деп те айтуға болады түйсік деп, батыр қанша батыр болғанымен қолындағы қылышы бір-ақ қылыш. Мыңға қарсы шапқанда бір-ақ адам шабады. Бірақ оның рухы көтеріңкі, аруақ көтерді дейміз, батырдың киесі болуы керек. Жауға шапқан батырдың бойында бір мысы болуы керек, жекпе-жекке шыққаның да дұшпаныңды мысың баспаса, күшті күш алу, адамды алу оңай емес. Міне осы мыс пен киесі жарасқан және тәжірибеден өткен адамды ғана ұран шақырып атауға болады.

Қазақ та үлкен бе, кіші ме, әйел ме, қыз ба бәрібір, кімнің аруағы, мысы басым болып, аты аталғанда бір адамның бойына мың адамның бойындай қуат беріп, мың адамды бір адамның бойындағыдай әруақтандыратын есім керек, кие керек. Біз бүгін өзіміз әрқайсысымыздың әкемізді ұрандатып алдық, мысалы Қаракесектердің ұраны Қазыбек, олар «Қазыбек» деп шабады. Сол Қазыбектің тұсында, сол Бекболаттың тұсында «Қазыбек» деп шапса оларға ешкім қарсы болмас еді ғой. Мына өздеріңіз білетін Абай ауданындағы ағайындарымыз, менің елім «Айпаралап» шабады, әйелдің аты ғой, неге, өзге еркектер құрып қалған жоқ, себебі сол сөз мыңға қарсы шапқан бірге мың адамның қуатын, мың адамның қуатын ұйымдастырып, әруақтандырып бір адамға сыйлайтын кие мен мыс болған. Әр кімнің тарихтағы орны өз ретімен судың ағысы сияқты жүріп отыруы керек. Жағада қалған шөптер мен ормандарға баға бергендей тарихқа баға берсек бәрі орнына келеді және мәңгілік ағысынан жаңылмайды. Ал осы ретте алғанда Ер Жәнібек, халық аузындағы Керей Жәнібек – мыс пен киеге ие! Елдің ұранына айналған тұлға.

Жәнібек батыр 17 жасында Абылайдың оң тізесінде отырып, елдің ұранына айналды. Бүкіл Керей жорықта Жәнібек деп шапқанда арқаланып кеткен. Егер оның бойында бір қасиет болмаса, одан бұрынғы батырлардың атын атап шақырса жау алмас па еді. Өйткені жауға шапсаң мыңды бірдей біріктіретін бір күш осы Жәнібек бабамыздың бойында болған. Ол кие – өзінің ұрпақтарын ғана емес, бүкіл қазақты осы күнге дейін рухтандырып келеді. Кие дегеннің бір белгісі кісі тану, жер тану. Егер сол батырға жуан жұдырықтың иесі болып қана қалса, өзі кісі танымаса, жер танымаса онда қасиетті болмайды. Ер Жәнібектің бойындағы мыс пен киенің біріккендегі, көрегендігі – бүгінгі қазақты дүние жүзінің ақыл – ойына мойындатқан тұлғаны өмірге әкелді. Біз сол үшін қарыздармыз. Ол кім? Сіздер жақсы білесіздер, Ырғызбай (жасы кіші болуы керек) Ер Жәнібектің үзеңгілес досы болған. Риза болып, өзінің ағасы Есенгелдінің қызы Ермекті Ырғызбайға қалың малсыз берген. Сол Ырғызбайдан өскен бір із болды(кейінгі зерттеушілер оны Құнанбай деп жүр, оған уақыты келмейді). Сол Өскенбай жас кезінде қатты ауырады. Қазмырза деген ру бар, Нұрмұхаммед дейді, сол екеуі қатар ауырып жатқанда Қазақта ырым бар, бір баланы атайды, «Ей, Алла жолыңа бердім, мына екіншісін аман сақтай гөр» деп. Сонда жаңағы Ермек шешеміз Өскенбайды атайды ғой, бүгін тілейік, сол тілекті деп. Сол кезде нағашысы Ер Жәнібек келіп қалады. Алланың жолына Өскенбайды атағалы отырған қарындасына: «Әй», – деді, -«мынау баланың көзінде от бар және осында бір шығым бар, қазаққа пайдасы тиеді, тілесеңдер осының тілеуін тілеңдер»,- дейді. Сонда қарындасы Ермек жылайды, бұны жақсы көрем ғой деп. Сол тілеу қабыл болып, Өскенбай тірі қалып, оның ағасы өмірден өтіп кетеді. Сол Ер Жәнібектің киесі мен батасы бірдей жұққан Ырғызбай, Ырғызбайдан Өскенбай, Өскенбайдан Құнанбай, Құнанбайдан Абай туған. Міне осы батасының дәл келгені үшін, қазаққа бір шығымы болады дегенінің киесі ретінде Абайдың туылғанын айтсақ, бүгінгі тойында Ер Жәнібектің әруағы риза болады деп ойлаймын. Осы тұрғыдан бәріміз Ер Жәнібектің алдында қарыздармыз. Мен өз сөзімнің соңын «нағыз кие жұққан, әулие, аруақты, ұранды аталарымыз найзаның ұшымен қорғаған, бірақ қаламның ұшымен жарықтан қайта бейімделіп кеткен жерімізге сол кие, сол мыс қайтып оралсын деп түйіндеймін!

Жазып алған: Нұрғали Нұртай

“Қамшы” сілтейді


Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

*