Руханият

Керей Тұғырыл хан деген кім?

Керей Тұғырыл ханның ордасына қазба жұмыстары жүргізілді

Орта ғасырда Орта Азияда орын алған оқиғалар тізбегі күллі адамзаттың назарын әлі күні өзіне аударумен келеді. Осы өлкеде V – VIII ғасырларда өмір сүрген көшпелі-әскери мемлекеттер Қырғыз, Ұйғыр, Түркі қағанаттарының жалғасы Керей, Найман, Қоңырат, Меркіт, Оңғыт (Уақ), Татар, Монғол, Жалайыр тайпалары хақында орта ғасыр тарихшылары көп жазған. Әсіресе, ұлы қаған Шыңғыстың өмір, тарихына қатысты материалдарда аталмыш тайпалар туралы қайткен күнде айтылады. Қытайдың көне деректерінде, Еуропа саяхатшыларының жол жазбаларында айтылған һәм жазылған.

Осы кезеңде өмір сүрген жеке тұлғалар арасындағы танымал адамдардың бірі – Керей Тұғырыл хан. Екі жыл бұрын монғол археологтары Тұғырыл хан ту тіккен Туул өзенінің бойындағы ескі хан ордасына кешенді түрде қазба жұмыстарын жүргізіп, толыққанды зерттеуді бастады. Хан ордасы ел астанасы Ұлан-батырдан 30 шақырым жерде орналасқан. Аспалы шыңдай асқақ Боғда тауының етегінде. 1204 жылы Керей хандығы құлағаннан соң Шыңғыс орда құруына байланысты тарихта «Шыңғыстың ІІІ ордасы» деп те аталады.

Осындағы зерттеу жұмыстарының нәтижесіне қарағанда хан ордасының сәулеттік құрлымы аса шебер салынған көрінеді. Әсіресе қазба жұмысы барысында табылған заттар Тұғырыл ханның батыстағы Еуропа және шығыстағы Қытай мәдениетінің жетістіктерін толық пайдаланғанын дәлелдеуде. Хан сарайының ортаңғы бөлігі 15х35 метр алаңды алып жатыр. Төрт үлкен бағана тіреудің сұлбасы сақталған. Биіктігі 6-7 метр шамасында.

Құрлыстың архитехтурасы шығыс үлгісінің мәнерінде жасалған. Жоғары шатырдан аққан суды пайдаланатын канализация жүйесінің сорабы жақсы сақталған. Сарайдың ішкі жағының төбесі шығыстық мәнер бойынша безендірілген. Дала аңдарының бейнесі көркем түрде нақышталып қабырғаларға қашалған. Айдаһар, мешін, пілдің мүсіндері, гүлдердің әсем оюлары бейнеленген заттар көптеп табылып жатыр. Бұл ою-өрнектер стилдік жағынан Үнді-қытай зергерлерінің қолынан шыққан туынды деген тоқтам жасалуда. Бұл заттар Тұғырыл ханның будда мәдениетінің ошағы болған елдермен де сауда-саттық, барыс-келіс, қарым-қатынаста болғанын айғақтап отыр.

Бұлардан басқа қазба жұмысы барысында табылған тағы басқа дүниелер зерттеушілердің назарын ерекше аударған көрінеді. Атап айтқанда, шығыстық жыл санаудың дәстүрлі 12 жануары бейнеленген, дөңгелек формалы, ортасы тесік, алтын жалатылған «Уақыт есептегіш құрал» мен бұдан басқа бірнеше түрлі сиынатын пұттар мүсінінің табылуы таң қалдыруда.

Өйткені, Тұғырыл ханды бұған дейін христиан дінін ұстанған деп келдік. Ендеше христиан дініне үш қайнаса сорпасы қосылмайтын бұл заттар хан ордасында қайдан жүр. Тіпті Тұғырыл хан христиан дінін ұстанған жоқ дейтін пікірлер де айтыла бастаған көрінеді. Осы соңғы болжамның шындыққа жақын болуы да әбден мүмкін.

Тұғырыл хан деген кім?

Монғол империясының тарихын зерттеушілер: Шыңғыс қағанның алғаш адам болып, ат жалын тартып мініп, күйзелген елін бүтіндеп, күйреген жұртын жинағанда дем беріп, демеу болған осы Тұғырыл хан дейді.

Атақты керей Көкеш бақсының хан Шыңғысқа қаратып айтатын:

Тәңірден суат алдың,

Тұғырылдан қуат алдың,

Найманнан хатшы алдың,

Керейден бақсы алдың,

Қоңыраттан ақыл алдың,

Жалайырдан батыр алдың,

Меркіттен қатын алдың, – дейтін толғауында дүйім тарихтың сыры жатыр.

Тұғырыл хан 1130 жылы туған. Шыңғыстан 32 жас үлкен. Есукейдің серт байласқан досы. Себебі, Есукейдің атасы Амбығайды, Тұғырылдың атасы Марғұзды татарлар мен жүржіндер ұстап алып, Алтын елінің патшасының қолына тапсырған. Алтын ханы оларды ағаш есекке шегелеп өлтірген. Оның сыртында Тұғырылдың әкесі Құршақұз Бұйрық пен Есукейдің әкесі Қабыл дос болған.

Тұғырылдың да көрмегені жоқ. Он үш жасында татардың Ажай ханы тұтқынға түсіреді. Одан қашып шығып еліне келіп, қайырымсыз аға-інілері Тайтемір мен Бұқатемірді ығыстырып хан тағына отырады. Осылай тозған елінің аузын аққа жеткізіп, алыс-жуыққа атағы шығып дүркіреп тұрған шағында, бір күні жылап-еңіреп алдына Есукей досының баласы Темужин келеді.

– Қарағым, саған не болды? – деп, сұрайды Тұғырыл хан.

– Хан әке, Қоңырат Дай шешеннің қызы Бөрте менің қалыңдығым еді. Соны әйелдікке әкеліп отау көтеріп едім. Тұқымы құрғыр меркіттер қатынымды тартып әкетті, – дейді, Темужин.

«Саспа, балам, – дейді, Тұғырыл хан: – Әкең жақсы адам еді, аруағы риза болсын, мына менің ұлым Сенгүн ішімнен шықса, сен сыртымнан шыққан ұлым емессің бе. Қайда ол қаңғыған меркіттер!. Сақалынан сүйреп сабасына түсірейін!» – деп атқа қонып, Темужиннің шайқалған шаңырағын тіктеп берген екен. Осы оқиға жайлы монғолдың «Құпия шежіресінде», «Алтын шежіресінде», Рашид-ад-диннің тарихи шығармаларында айтылады. Бұл оқиға 1180 жылы болған.

1190 жылы Тұғырыл хан, Темүжин, Жамуқа үштігі атқа қонып татар-меркітті тыныштандырады. Осы жорықта Жамуқа мен Темүжин барлық бұқарасын сарқып жүріп 20 мың әскер әрең шығарғанда, Тұғырыл хан қиналмай-ақ бір өзі 20 мың қолды бастап келген. Осы жолы Алтын елінің императоры Тұғырылға «Уаң хан» деген атақ береді. Бұл атақ артынан ханның есіміне айналып кеткен жайы бар. Тегі италян жиһангер Марко Поло: «Әлемге атты әйгілі, әсіресе еуропалықтар қатты әсерленетін шығыстағы «Иоан поп» дегеніміз осы «Уаң хан»» деп жазады. Орыс жылнамаларында «Ван хан» деген атпен белгілі.

Заман өте келе Тұғырыл ханда Шыңғыспен шайқасып жеңіледі. Жан сауғалап батыстағы Найман хандығына бара жатқанда шекара күзетінде тұрған қарауылдар қолынан қаза табады. Өлі бастың атақты керей Тұғырыл ханның мүрдесі екенін таныған найманның Дайын ханы оны күміспен күптетіп, өзінің алтын тағының үстіне қойып аза тұтады. Бұл 1204 жылы болған оқиға. Сол сәттен бүгінге жеткен жоқтау бар. Онда:

Уа, Тұғырыл, Тұғырыл,

Айбатты алып хан едің,

Даңқың кеткен әлемге,

Атағы зор жан едің,

Құтлық әже өсірген,

Бұйрықтан туған дана едің…, – деген жыр жолдары бар.

Құдайдың құдіреті-ай, күллі найман аза тұтып жатса әлгі өлген ханның басы ыржың-ыржың етіп күліпті. Бұны жаман ырымға жорыған екен. Ақыры ол да рас болды.

Тұғырылдың інісі Жақа батырдың асқан сұлу төрт қызы болған. Осының үшінші қызы Сұртоқтыға Шыңғыс кіші ұлы Төле үйленеді. Сұртоқтыдан атақты хандар Мөнке, Құбылай, Құлағу, Арық-бұқа төртеуі туған.

Аманжол АЛТАЙ

http://kaznews.mn


Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

*