Руханият

Мен көрген Өлгей

Өткенде сәті түсіп, бір топ журналистер Моңғолияның қазақтар көп шоғырланған Баян Өлгей аймағына сапар шегіп қайтқан едік. Сапар болғанда да жай сапар емес, Ұлы сапар. XVIII-ғасырда жоңғарлармен қиян-кескі шайқастарда аслан батырлығымен, кемеңгер қолбасшылығымен көзге түсіп,  Абылай ханның Ақ Туын ұстап, оң тізесінен орын алған, ердің ері-Ер Жәнібек Бердәулетұлының 300 жылдық мерейтойына арнайы бардық.

OLYMPUS DIGITAL CAMERA

Халықаралық «Ер Жәнібек» қорының ұйымдастыруымен Алматыдан 4 көлікке сыйысып, делегация (1 мәшине журналистер) жолға аттандық. Жол қадірін жүрген білер деген, шыжығы мен қызығы мол екі күндік жолда тек ауыздан естіген болмаса бұрын-соңды көз көрмеген тарихи жерлерге де аяқ басуға мүмкіндік туды. Сағына, сарғайып күткен сол қандастарымызбен қауышамыз, арғы-бергі шер тарқасып, мауқымызды басамыз-ау деген бір қуаныш сезімі сөзсіз кеудемізді кернеп барады. Аягөз асып, Өскеменді өкшелегенде түн ауып, бәріміз қонақ үйге жайландық. Өскемен бізді самсаған алау оттарымен, құдды аспандағы жұлдыз біткен тап осы қаланың үстіне кеп үйіле құлағандай жарқыраған шамдардың жарығымен қарсы алды. Жақсылап тынығып алған делегация таң сәрімен қайта жолға шықты. Төркін жақтан төрт мәшине бір-бірімен жарысып келеді. Өлгейдегі ет-жақын бауырларымызға деген сағыныш бізді желдей жетелеуде.

2Алайда, өзіміздің деген Өскеменге кіргеннен шыққанға дейін қала, ауыл,  көшелерге орыс атаулары берілгенін көзбен көріп, қырық жамау, шұрық-тесік жолдың әлегін ұмытып, жер-су аттарының келімсек тілде көлбеңдеп тұрғанына қапа болыстық.  Не керек, сөйтіп жүргенде шекара асып Ресей жеріне де жеттік. Жол машақаты шаршатып, қарнымыз ашып қалған екен. Біздер енді жақын маңнан тамақтанатын орын іздеу қамына кірістік.

9Жол бойынан көрінген бір-екі асханаға кіріп ек, тамақтары тегіс аққойдың (доңыз) етінен жасалған екен. Біраздан соң жол жиегінде орналасқан шағын ғана асханадан ыстық шай, картоп қосылған бәлішпен өзек жалғадық. Алдымызда Рубцовск, Змейногорск, Барнаул, Бийск, Таулы Алтай. Орыстың шетсіз-шексіз қалың ормандарына тамсанумен келеміз. Тамсанып отырып ән салып келеміз. Осыншама орманды өрт жібермей, балта тісін батырмай қалай аялап, аман-есен сақтап отыр екен? деген сұрақ қойысып, қызу әңгіме дүкен құрып, желдей зуытқып жүріп Сібірдің бір етегіне де іліндік. Сібірдің ормандарына жеткенде, осы орманның ішінде репрессия кезінде саяси, қудалауға түсіп, айдауға жіберілген қаншама Алаш азаматтарының сүйектері жатыр екен деген тебіреніс пен сансыз сұрақ маза бермей, ерекше толғынып келемін.

15Одан әрі орыстың әйгілі «Тескентауына» да жеттік. Тескентау сол зар-заман, өктем империяның аяусыз қанды саясатының құрбаны болған, айдаудағы алаш азаматтарының бүтін тауды еш техникасыз, қара қолмен тесіп, кесіп жасаған асуы. Құдды тарихқа кері оралғандай, әлгі асуға келгенде өксік алқымыма тығылып, көзімнен тамшы жас мөлт етті. Мұнымды өзгелерден жасырып, жасымды сығып қоямын.

5Сөйтіп жүріп ол жақтың тобықтан  келетін қарына да мән бермеппін ғой. Асу астық, бел астық. 2500 шақырымды артқа тастап, екі күн дегенде Моңғолияға да кіріп келдік. Шекарадағы қызметкерлер де жылы жүзді, қазақтың қара көз ұл-қыздары екен. Бізге бірден «тойға келе жатырсыздар ма?» деді. Бізде, құдды шет мемлекетке емес, өз жерімізге келгендей қазақша шүйіркелесе кеттік әлгілермен. Шекара маңында орналасқан қазақ ауылына тоқтап, қарын тойдырудың қамына кірістік. Әй, айтпақшы, ол жақтың мәнтісінің дәмі еш аузымнан кетпейді. Ол жақта мәнтіні «Боңзу» дейді екен.  Ары қарай Өлгей.

6

Өлгей де менің өз жұртым.

   Баян Өлгей шынымен қазақтар көп қоныстанған аймақ екен. Қазақы салт-дәстүр мен болмыс мықты сақталған екен. Адамдар көшелерде қазақша тақия, шапан киіп жүре береді. Ерлерінің кигені былғары етік, ұстағаны саптама бәкі. Бізде ше?.. Моңғолияның басқа аймақтарындағы қазақтар саны 7-8 пайызды құраса, Өлгейдің қазақтарының саны 93 пайызды құрайды. Қалған 7 пайыз сол моңғолдар. Олардың өзі қазаққы ортаға сіңіп кеткен.

10Моңғолда 150 мыңдай қазақ жасайды екен. Олар өз діні, ділінен айырылмаған. Керісінше нық бекіп, орныққан. Ең бастысы адамдары ақжарқын, қонақжай. Әсіресе мақтағанымыз емес. Оны да көзіміз көрді. Өлгейліктер бай тұрады. Тура мағынасында да, ауыспалы мағынасында да. Оларды бай дейтініміз, материалдық және рухани жағынан көне қайнарлардан сусындаған, өзінің әуелгі тамыранан айырылмаған, кәсіп көзі де сол бұрынғы мал, ауыл шаруашылықтары.

11Дүкендерінде таза түйе жүннен тоқылған киімдер мен, түлкі түмақтар, былғары аяқ киімдер мен мүйіз бәкілер. Алматыдан барған бәріміз мұны көріп таңқалыстық. Сырт қарағанда дамудан артта қалып кеткендей көрінгенімен, шын мәнісінде мүлдем олай емес. Өлгейлік 130 мың жан басынан шаққанда 1 миллион 500 мың мал басы ресми санақта.

7Ауқатты қазақ отбасыларының үй қорасында 3000 бас сарлық сиыр байланып тұрғанын көріп, көңіліміз тойды. Жолда кезіккен полиция қызметкерлері де қазақшаға судай екен. Айтпақшы, Моңғолияда ресми заңымен расталған екі-ақ ұлт жасайды. Бірі моңғол болса, бірі қазақ. Қалғандары  моңғолдың тайпа-руы санатында. Не де болса, өлгейліктердік өміріне қызыға да қызғана қарастық.

12

            Төрт күн бойына ат шаптырып, дабыл қақтырып батыр бабаның дүбірлі тойын дүрілдетіп өткізген өлгейліктерге алғыстан басқа айтарымыз жоқ.

3

            Ер Жәнібектің ерлігін ұлықтаған ұрпақтары өлгейдің кіріберісіндегі биік төбеге (бұрын бұл жер «келін төбе» деп аталып келген) батыр есімін беріп, қос бөрісін қасына ерткен Жәнібек Бердәулетұлының ескерткішінің тағанын тартты. Енді бұл жер Алтайдың төрт емшегін қатар емген қазақ жұртының тәу ететін киелі орнана айналады деп сенеміз. Алтайға ел қондырған Ер Жәнібектің төбесі орналасқан 6 мың шақырымдық даңғыл жолға да батырдың есімі берілді.

18Дәл осы қара жол Қазақстан, Ресей мен Моңғолияны байланыстырып тұрған тікелей жол болып табылады екен. Болашақта Моңғолдан елге қайтатын қандастарымызды бастап шығарып салып тұрғандай бейнені елестетті бір сәт. Дәл осы даңғылға батыр есімінің берілуінің символикалық та мағынасы осыған саяды. Баба рухына бас иген бүгінгі ұрпақ Сарыкөл жайлауында жиналды. Алты қанат жүзге таяу ақ ордалы ақшаңқай үйлер тігілді. Қазақстан, Ресей, Моңғолия және Қытай елдеріне тараған Таулы Алтай, Өр Алтай, Тарбағатай, кенді Алтай мен Қобда бетіне қоныс тепкен керей жұртының бүгінгі бейбіт тірлігінің бастауына бас болған да Ер Жәнібек Бердәулетұлы ед. Қазақ халқының бір-бірінен қол үзбей,  бірігуіне алда да себепкер бола беретініне көзіміз жетті.

1

            Халықаралық ақындар айтысы, ақындар мүшәйрасы, палуан күресі, ат шаптырған аламан бәйге, көк серкені көкке лақтырған көкпаршылардың тартысы мен бүркітшілер сайысы ұйымдастырылып, Бесбоғдада  бұрын соңды болмаған дүбірлі думан, торқалы той өтті. Төрт мемлекеттен ұзын саны 10 мыңдай қонақ келіп, Сарыкөл жайлауында сары қымызды сапыра ішіп, баба рухына бағышталған асқа қатысты.

13Батырдың киелі «Ақ туы» ортаға тігіліп, арнайы ақсарбас қой сойылды.  Бұл тойға моңғол көсемі Ц.Элбұғыдорж мырза арнайы құттықтау жеделхатын жолдаса, Қазақстан президенті атынан Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының төраға орынбасары Талғат Мамашев құттықтау сөзін сөйледі. Құда да мәз, құдағида мәз демекші, сағынған қандастарымызды көргенде күлкімізді (қуанышымызды) күл астына көмуден аулақ болдық.16

Төрт күндік той көзді ашып-жұмғанша өте шықты. Ұлан-асыр тойдан арқа-жарқа болып, қимай-қимай елге қарай жолға шықтық. Шекараға келгенде әлгі асханаға қайта кіріп, дәмді боңзуға тойып алдық. Ол жақтағы бауырлар бізді қимай, біз оларды қимай, алдағы уақыттарда қайта қауышармыз деген үлкен сеніммен тарқастық. Айтпақшы ол жақтың қазысы мен қымызының дәмі мүлде бөлек. Бірақ бұл өз алдына бөлек әңгіме.

Нұргелді ӘБДІҒАНИҰЛЫ

Алматы-Барнаул-Баян Өлгей

суреттерді түсірген Ерлік Ержанұлы


Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

*