Қазақтың Ғ.Мүсірепов атындағы академиялық Балалар мен жасөспірімдер театрында «Әшірбек Сығай. Сын сардары» атты деректі фильмнің тұсауы кесілді.
Осыдан қырық күндей бұрын дүние салған ҚР Еңбек сіңірген өнер қайраткері, ҚР Мемлекеттік сыйлығының және Тәуелсіз «Платиналы Тарлан» сыйлығының лауреаты, театр сыншысы, профессор Әшірбек Сығай туралы туынды оның көзі тірісінде таспаланған екен. Жаздыгүні жары Күләшпен бірге туған жері – Кентауға, Түркістанға барып, әбден аралапты, аунап-қунапты. Фильмнің сценариін өзі жазып, режиссер Әбдірахман Омаровпен бірге түсірген белгілі документалист Қалила Омаровтың айтуынша, тіпті балалармен асық та ойнапты.
Әшағаңмен алдын ала келісім бойынша фильмге біраз сыр-сұхбат көріністері енбей қалыпты. «Бірер жылда 70 жасқа толамын, сол кезде толығырақ тоқталармыз», – деген екен… Иә, күні ертең не боларын алдын ала кім болжап білген дейсіз?..
– Әшірбектің енді екінші өмірі басталды, – деді деректі фильм көрсетілер алдында сөз сөйлеген Халық әртісіАсанәлі Әшімұлы. – Қырық күн де заулап өте шығыпты. Мына деректі фильмнің түсіріліміне қатысып, лебіз білдіріп, ой бөліскенімізде, Әшірбек тірі еді, ортамызда аман-есен жарқылдап жүрген азамат еді. Сөзіміз де соған сәйкес, үмітке, ризашылыққа толы еді. Енді, міне, тамағымызға өксік кептелгендей, құмығып, қамығып сөйлеп тұрмыз. Мен әр жасаған жұмысымның, ойнаған образымның бағасын тек екі-ақ кісіден сұраушы едім. Бірі – Шәкен Айманов болса, екіншісі – осы Әшірбек Сығай еді. Бір абызымнан баяғыда айрылсам, екінші ақылшымнан кеше айрылып, егіліп қалған жайым бар… Көңілге медет қылатыным: ел-жұрты Әшірбегін бағалайды екен. Кешегі көз жасы көл боп аққан қарақұрым халықты – кәрі-жасы аралас қыруар адамды көріп, еңсемді сәл тіктегендей болдым. Халықтың берген бағасынан артық баға да, атақ та, даңқ та болмайды.
– Біз үшін бұлтсыз күнгі найзағайдан кем болған жоқ Әшірбектің өлімі, – деді жазушы-драматург Дулат Исабеков. – Театр сыны, өнер сыны жоқ емес, бар ғой. Ауызды құр шөппен сүрте беруге де болмас. Бірақ Әшірбектің орны бөлек еді. Оның аты бүкіл түркі әлеміне, бұрынғы Одақ елдеріне мәшһүр еді. Сол мемлекеттердегі театр фестиваліне Әшірбектің баратынын естісе, ондағы өнер қайраткерлерінің бәрі қуанатын. Шет елдердегі фестивальдерде қазылар алқасының мүшесі болса, «Әшірбек Сығай не дер екен?» деп бәрі мұның аузына қарайтын. Сол беделімен қазақ өнерінің, қазақ мәдениетінің туын тік көтеріп, абыройын асқақтатып жүретін. Білмейтін саласы, меңгермеген мәселесі болсайшы! Кез келген тақырыпта кез келген адаммен пікір таластыра алатын білгір, ойшыл жігіт еді. Менің де ақылшым болатын, сырласым болатын… Ел, ұлт осындай тұлғаларымен мықты шығар.
Расында да, деректі фильмде Ә.Сығай туралы «Театральная жизнь» журналының бас редакторы Олег Пивоваров (Ресей), Мәскеудегі Б.Щукин атындағы театр институтының профессоры Сергей Яшин, Орынбор драма театрының жетекшісі Рифхат Исрафилов, Башқұртстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, Ресейдің еңбек сіңірген өнер қайраткері Шаура Гильманова және т.б. ағынан жарылып, ақтарылып пікір айтқан. Әшірбек Сығайдың қазақ руханиятындағы ғана емес, арысы ТМД, берісі түркі әлемі ауқымындағы орны бөлек тұлға екенін атап көрсеткен. Фильм соңында Ш.Гильманова өз көзқарасын түйіндей келіп: «Мен Әшірбек Сығайды әлемдік деңгейдегі өнер сыншысы, театр философы деп айтар едім!» – дейді. Бұдан артық қандай баға беруге болады?
Cәбит Оразбаев, Әкім Тарази, Есмұхан Обаев, Құлбек Ергөбек секілді қазақ руханиятының танымал өкілдері де сын сардары туралы ақжарма лебіздерін білдірген… Олар да деректі фильмді түсіру барысында, Әшағаңның барында сөйлеген. Дауыстарынан мақтаныш лебі сезіледі, жүздерінен разылық табы көрінеді… Әрине, Әшағаңның өзі – басты кейіпкер. Шешен сөйлейді, кібіртік жоқ, кідіріс жоқ, түйінді ойларын түйдек-түйдегімен тастайды. Әңгіме айтуының өзі әдемі. Сөзі де сұлу, өзі де сырбаз…
Қазақ театрының құрылған күнінен бастап, бүгінгі тіршілігіне дейін талдап-таразылап, зерттеп-зерделеп берген шежірешіміз еді. Енді бірер күнде – 11 қаңтарда 68-ге келер еді. 2017 жылы 70 жасқа толар еді. Қайран, Әшаға…
Сәкен СЫБАНБАЙ
Абай.kz