Биыл хәкім Абайдың туғанына 170 жыл, осыған орай Қарауыл ауылы көркейіп, көркіне енетін болмақ. Сондай-ақ, Қазақ хандығының 550 жылдығына орай Тобықты Мамай батыр тақырыбы да қаузалатын болады. Себебі Мамай батыр Абылай хан, Қанжығалы Бөгенбай, Қаракерей Қабанбай батырлармен бірге тізе қосып қазақ жерін қалмақ-жоңғар шапқыншылығынан азат еткеннен кейін Тобықты елін Шыңғыстау өңіріне әкеліп, өз қолымен жер бөліп беріп, орналастырған. Осыдан бастап Абай ауданының тарихы бастау алған. Кейіннен бұл жерде Тобықты Мамай батырдың бір туыс інілері Құнанбай сұлтан, Абай, Шәкәрімдер дүниеге келген. Жақында облыс әкімі Даниял Ахметов жұмыс сапарымен Абай ауданында болып қайтты. «Шыңғыстау» спорт кешенінде Абай елінің тумалары, «Қазақстан барыстары» Айбек Нұғымаров, Мұхит Тұрсынов және дзюдодан көптеген жетістіктерге қол жеткізген Зере Бектасқызылармен кездесу өткізді. Кездесу барысында Даниял Ахметов былай деді:
-Сіздердің табыстарыңызға мен елмен бірге қуанамын. Үлкен қалаларға ауысқанша, осылай өз елдеріңіздің, ауылдарыңыздың атын шығарған жөн. Тұрғын үй мәселесі болса айтыңыздар, оны шешуге тырысамыз. Сіздер болашақ олимпиада жұлдыздарын тәрбиелеп, шығаруға үлес қосуларыңыз керек.
Абай елінде облыс әкімі Даниял Ахметов және Қазақстан барыстары
Облыс әкімі Даниял Ахметов Қарауылдағы Орталық аудандық ауруханада болып, жағдайларымен танысты. Біраз уақыт бұрын күрделі жөндеуден өткен аурухана бүгінде Семей полигонынан зардап шеккен жергілікті тұрғындарға қызмет мүлтіксіз қызмет көрсетуде. Арнайы әлеуметтік қызмет жасайтын орын ашылып, онда қариялар мен мүмкіндігі шектеулі балаларға көмек тұрақты түрде жасалады. Бұл жоба БҰҰ Даму бағдарламасы арқылы қолға алынған. Және осында соғыс ардагерлеріне арналған бөлме, компьютерлі сынып, спорт залы бар. Аудан әкімі Тұрсынғазы Мүсәпірбековті іскер басшы, білгір маман. Жергілікті тұрғындар өздерінің қамын ойлап, ат үстінен түспей жүретін аудан әкіміне дән риза екендіктерін айтты. Аудан әкімінің айтуынша, Қарауылда гүл өсіретін гүлзар жылыжай қалпына келтіріліпті. Енді ауданды көгалдандырып, көркейтуде осы жылыжайдың септігі молынан тимек.
-Сіздердің Қарауылдарыңыз шағындау болса да, еліміз үшін мағынасы өте зор, себебі ол Абайдың атамекені,-деді Даниял Ахметов,-сондықтан да Абай тойын үлкен құрметпен өткізу барлығымыздың парызымыз.
Раушан Нұғманбекова
Суреттер автордікі
http://qamshy.kz дан