Руханият

Қожаберген батыр

e1b7ef2f9aa57c47a355e910c3eeaa13

Бабалардың ғасырлар бойғы арманы орындалып, азаттықтың ақ таңы атып, төбемізде тәуел­сіздіктің көк туы желбіреді. Еге­мен ел бо­лып, еңсемізді тіктедік. Бай та­ри­хымыз­дың барын бағам­дап, жоғын түген­деп, келмеске кеткен кер заманның кесірінен ақтаң­даққа айналған тұстарын жады­мыз­да қайта жаң­ғыртып жатырмыз. Бұл тұста әлі де көп жұмыстар істелуі керек секілді. Бұған дейін тарихи дерек, мәліметтерден гөрі көбінесе халық ауызында айтылып келген батыр бабаларымыздың бірінің ерлік ісін екіншісіне жапсыру не оларды жаңылыс атау орын алып келді. Тарихқа жасалған осы қинаятты түзейтін кез келгендей. Әсіресе, бұл Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өту қарсаңында маңызды іс деп білеміз.

Осы уақытқа дейін Қазақстанда, Моңғолияда жарық көрген кейбір кітаптарда, мақалаларда Керейдің Ашамайлы руынан шыққан атақты жырау, қолбасшы батыр Қожаберген Толыбайұлы мен Абақ Керейдің Шұбарайғыр руынан шыққан батыр Қожаберген Жәнібекұлы екеуіне қатысты тарихи шындық жағдайлар бұрмаланып келді. Әсіресе, Қожаберген батыр жайында жазған кейбір зерттеушілердің өздері тарихи дерек, мәліметтерге көбірек сүйеніп, екі Қожаберген батырдың екі бөлек адам екенін айтудың орнына Абақ Керейдің Шұбарайғыр руынан шыққан Қожаберген батыр мен Керейдің Ашамайлы руынан шыққан әйгілі «Елім-ай» әнінің авторы Қожаберген жырау екеуін бір адам ретінде жазып, шатастырған жағдайлар орын алды. Бұл әрине көпшілік оқырманды да, екі Қожаберген батырдың тікелей ұрпақтарын да түрлі ойларға, кейде бітпес дауға жетелегені шындық.

Енді осы екі Қожаберген батыр кімдер дегенге келер болсақ, екеуі де Жоңғар заманында өмір сүрген атақты батырлар болғаны тарихи шындық. Ашамайлы Керейден шыққан атақты жырау, батыр Қожаберген Толыбайұлы 1663-1763 жылдары өмір сүрген болса, Абақ Керейден шыққан Қожаберген Жәнібекұлы 1723-1785 жылдары аралығында өмір сүріпті. Екеуі де жоңғарға қарсы күресте бірі қарт, бірі жас батыр сарбаз ретінде көзге түскен. Қожаберген жырау 1663 жылы қазіргі Солтүстік Қазақстан облысына қарасты Жамбыл ауданының «Күлтөбе» деген жерінде Толыбай сыншының отбасында дүниеге келген. Орта жүз Ашамайлы Керейдің Бәйбіше Көшебе руының Таузар тайпасынан шыққан атақты батыр, әйгілі суырып салма ақын Қожаберген Толыбайұлының есімін еліне танытқан, тарихқа атын қалдырған «Елім-ай» жыр-дастаны.

Қаратаудың басынан көш келеді,

Көшкен сайын бір тайлақ бос келеді,

Ел-жұртынан айырылған жаман екен,

Қара көзден мөлтілдеп жас келеді

Мына заман қай заман? Бағы заман,

Баяғыдай болсайшы тағы заман….

 

деп жырлатқан Қожаберген жырау 1723 жылы Қазақ даласына жасалған Жоңғар шапқыншылығы кезінде ел басына түскен ауыр апатты яғни «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» кезеңін осылай жыр тіліне көшірген екен. 100 жас жасаған жыраудың денесі Солтүстік Қазақстан облысы, Жамбыл ауданына қарасты «Күлтөбе» жеріндегі әкесі Толыбай сыншы қорымына жерленген.

Абақ Керейдің Шұбарайғыр руынан шыққан менің жетінші атам Қожаберген батыр туралы айтар болсақ, Қожаберген Жәнібекұлы Жоңғар соғысының соңғы кезең­дерінде Абылай бастаған қазақ сарбаздарының ту ұстаушы­ларының бірі болған. Батыр бабамыз жоңғарға қарсы күресте Қабанбай, Бөгенбай, Ер-Жәнібек секілді батырлармен үзеңгілес болып, хан Абылайдың қасынан орын алыпты. Ол да – ерлігі арқылы ел аузында аңызға айналған. Шұбарайғыр әулеті жауға шапқанда «Қожаберген, Қожаберген, Қожаберген!»–деп ұрандатып жауға шауып, жауларын ығыстырып жеңістерге жетіп отырған. Абақ Керейдің Шұбарайғыр руынан шыққан Қожаберген батыр Жә­ні­бекұлы туралы қытай, орыс, моң­ғол деректерінде біршама мәліметтердің бар екендігі бүгінгі күні ғылымда дәлелденіп отыр. Мысалы, Қожаберген батыр туралы орыс тарихшылары Г.Н.Потанин, Н.А.Аристов секілді тарихшылар өз еңбектерінде жазып қалдырған. Бұл деректерде Қожаберген батыр 1750 жылы Керей руларын бастап Хабарга-Базар өзеніне жеткені айтылады. Бұл қазіргі Шығыс Қазақстан облысы, Тарба­ғатай ауданындағы өзен атауы.    Қожаберген батыр бастаған Керейлер көші туралы орыс тарихшысы Г.Н.Потанин: «Қазақтар Алтайға келіп, 18-ғасырдың 70-80 жылдарында Қара Ертіс бойымен Тарбағатай, Сауыр тауының солтүстігі мен Алтайдың оңтүстігін мекендейтін болды» деп жазады. Орыс тарихшыларының тағы бір тарихи дерегінде, 1757 жылы Қожаберген батыр бастаған Шұбарайғырдың бір мың түтіні Ертіс өзенін өрлей келе, Алтай-Сауырды мекендеп қалғанын жазса, екінші бір деректе 1760 жылы Қотырақ батыр Қалбадан Жәнтекей ауылдарының үлкен шоғырын бастап Ертісті өрлеп көшкенін, бұлармен қатар Бұқарбай бастаған Ителілер, Қожаберген бастаған Шұбарайғырлар да жылжи-жылжи Кішкене тау, Маңыраққа жетіп тоқтағаны туралы айтылады. Бұл кезде Жоңғар хандығы жойылып, бүкіл аймақ Қытайға қарасты жер болып қалған еді.

Моңғол, қытай деректерінде көп айтылатын, Жоңғар қонтайшысы Әмірсанамен (Амарсанаа) жақын дос болған Қожаберген батыр бұл біздің бабамыз. Моңғол деректерінің бірінде, Манж-қытай әскеріне қарсы күресте Әмірсанаға 2 мың әскерімен Қожаберген батырдың көмекке келгенін, 1756 жылы «Нұра» деген жерде Әмірсана мен Қожаберген батыр манж-қытай әскерімен бір апта бойы соғысып, уақытша жеңіліс тауып, Қазақ жеріне қарай шегінгені туралы жазылған. Жоңғар хандығы үшінгі күресте, бірде манж-қытай көмегін алуға мәжбүр болған, бірде қытайға қарсы күресіп, Абылай ханды келіп пана тұтқан Әмірсана қонтайжы ақыры мұратына жете алмай Ресей жеріне Тобыл (Тобольск) қаласына қашып барып, 1757 жылы сүзектен өлгені туралы тарихта айтылады. Жоңғар қонтайшысы Әмірсана мен Қожаберген батырдың достастығының берік болғаны сондай Әмірсана өзінің Мултар деген ұлын Қожаберген батырға берген екен. Қожекең оны 7-ші ұлы болғызып, атын Қазақбай деп атаған. Кейін бұл үлкен әулетке айналып, ұрпақтары бүгінде Моңғолияда, Қазақстанда өмір сүреді. Өмірі билік үшінгі күреспен өткен Әмірсана қонтайжы 1822 жылы туып, небәрі 35 жас ғана жасапты. Біздің пайымдауымызша, онымен жақын дос болған бабамыз Қожаберген де, Әмірсанамен бірге манж-қытай әскеріне қарсы соғысқан шағында 30-дан жаңа асқан жігіт кезі болса керек, яғни оның туған жылын 1723 деу қисынға келеді. Ал, Қытай деректеріне қарағанда, манж-қытай билігіне бас ұрмаған жоңғар қонтайшысы Әмірсананың соңынан қуа соғысқан қытай әскері 1756 жылы Қазақ жеріне басып кірген. Қытай әскері «Шаған Оба» маңында Танғутай тайшыны қуып жүріп, қазақтың мыңдығымен қақтығысқа түскен.  Осыдан кейін-ақ қазақ сарбаздары мен қытай әскерилері арасында қанды шайқастар басталып кеткен. Қазақтар ескі ата-бабаларының дәстүрімен қаша соғысып, қытайдың әскерін соңына ерте Сарыарқа төскейіне қарай шегіне берген. «Батысты бағындырушы» қытай әскерилерінің қолбасшысы Дардананың Ежен ханға жазған хатында: «Жауларымызды қуып Нұра аталатын өзенге жеттік. Әскери сап құрып әрі аттандық. Осы жерде екі мың қарақшымен (қазақ сарбаздарын солай атайды-ДБ) соғыстық, сұрастырсақ бізге қарсы соғысып жүрген Әмірсана мен Қожабергеннің жасақтары екен»,–десе, Манж-қытай әскерилерінің тағы бір қолбасшысы Хадаха әскери кеңеске жазған хатында: «Абылайдың Бөгенбай батыр бастаған жасағымен де шайқастық. 20 адамды өлтіріп, бір адамды тірі қолға түсірдік,  40 шақты ат олжа болды»,– дейді. Осы хатта Хадаха Қожабергеннің Әмірсананы ертіп Сарыарқа төсіндегі Нияз тауына барып бекінгенін жазады. Бұл жер қазіргі Астана қаласынан 100 шақырымдай жер, «Осакаровка» елді мекені  осы таудың беткейінде орналасқан. Қазақ пен қытай әскері арасында соңғы шешуші соғыс Шідертінің жоғарғы ағысында жүрілді. Уақыт өте келе бұл жер «Шүршіт қырған» деп аталды. Абылай хан бастаған Қабанбай, Бөгенбай, Ер-Жәнібек, Қожаберген батырлар басқарған қазақ сарбаздары Қазақ даласын қытай әскерилерінен тазартты. Сібір шекара әскерін басқарған генерал В.Якоби бұл қырғын туралы: «Батыс жорығына аттанған қытайдың жиырма мыңынан Селенгі шекарасына тек мың алты жүзі қайтып келді» деп жазады.

Орыс тарихшысы Н.А.Арис­тов: «ХҮІІІ ғасырдың екінші жартысының басындағы жоңғарлармен соғыс жөнін­дегі қытай деректерінде керейлер туралы мәліметтердің кездесетіндігін, Абылай хан мен бірге жоң­ғарларға қарсы күрескен Қо­жаберген батырдың 1757 жылы Қы­тай­ билігімен келіссөз жасасқаны туралы айтылатындығын жазады. Тарихи дерек бойынша, қытай елшілерімен болған бұл келіссөзге Абылай ханның өзі қатысқан және бұл келіссөз 1757 жылы 7-шілдеде Аягөз бойындағы Мамырсу- Байпақбұлақ деген жерде өткен. Ал, манжы-қытай деректеріндегі «Қа­зақ тайпаларының отбасы саны туралы тізім дәптерінде»: «Абақ керейдің 1000 отбасы Қожаберген батырдың билігінде»,– деп жазады. 1760 жылы Қытай шекарасына жақын барған қазақ сарбаздары туралы орыс барлаушысы Сафир Сәлиев: «Қытай шекарасына жақын маңда Абылай сұлтан бастаған екі мың, Қабанбай батыр бастаған екі мың, Қожаберген мен Қошқарбай батыр бастаған екі мың, Көкжарлы Барақ бастаған екі мың әскер тұр»,–деген мәлімет берген.

Бабымыздың өзі ұстаған қасиетті ақ туы бүгінгі күні оның ұрпағы Мұқтажыұлы Жұмаштың шаңырағында сақтаулы. Жұмаш ағамыз Моңғолияның Баян-Өлгей аймағының Бұғыты сұмынында тұрады. Киелі бұл туды бейбіт уақытта сандықтан шығармайды. «Егер сандықтан шығарса киесі атып, жамандық болады» деген сенім жергілікті халық арасында бар. Бұл туды 1943 жылы Моңғолия қа­зақтарынан жасақталған партизан отряды Алтай аймағын гоминдан қолынан азат ету шайқасына қасиеттеп апарыпты. Осы соғыс іс-қимылына қатысқан майдангер Лүдәрін Ақмерұлы өзінің естелігінде: Моңғолиялық қазақ сарбаздары Шұбарайғыр руынан шыққан атақты Қожаберген батырдың киелі ақ туын өздерімен бірге ырымдап алып жүрді. Сол тудың шапағаты әлде құдіреті болар моңғолиялық қазақ сарбаздары Отан үшінгі аса маңызды да, қиын тапсырманы ерлікпен орындады»–дейді. Шежіреші Оңғар Маусым­ұлы батыр бабамыздың осы киелі ақ туын өзінің көргенін айтады. «Бұл әбден тозығы жетіп, бұлы сүзіліп, өңі сарғайып кеткен ақ ту. Биіктігі – 150 см, ені – 70 см, ақ матадан істелген байрақ екен. Сырыққа байлар жағы көмкерілген, үш жерден байлайтын бауы бар. Кезінде садақ оғы ма, найза ұшы ма тиіп, жыртылған жерлерін ақ жіппен тігіп жамаған екен. Тумен бірге ұзындығы – 30 см мөлшерінде тудың басына байлайтын бір уыс жылқының қара қылы, бір-екі қайыс бау бар. Сандыққа екінші рет қолымды жүгіртіп, найзаның ұшы, бір кісілік ақыреттік ақ мата, ер адамның көйлегін алып шықтым. Сан­дықтың бет жағы киіздің арасында Құран кітабы бар екен. Найза 30 см ұзын, 6-7 см жалпақ, екі жағы жүзделген, сырықтың басына сапталатын ұңғысы, шегелеп бекітетін екі жерден тесігі бар. Көйлек ақ бұлдан тігілген тік жағалы жеңінің ұшы, омырауы сырылған. Жағасы мен жеңінің ұшында түймесі бар, бұлының ішкі жағында тақта жазу мен қызыл өңді өрнегі бар»,– дейді ол.

Бабамыз ұстаған ақ тудың қандай екенін, қайда екенін білсек те, бабамыздың жатқан жері–зиратының нақты қайда екенін әлі біле алмай жүрміз. Тек білетініміз, ол– Қожаберген бабамыздың басы Шыңжаңдағы Алтай өлкесінде жоқ екендігі. Осыдан 2-3 жыл бұрын ағайындас інім Болатхан Заядан екеуіміз Қытайдың Шыңжаң өлкесін аралап, Алтай аймағының Шыбарайғырлар көп тұратын Қаба, Буыршын аудандарына дейін барып, сондағы көнекөз қариялар және ауылдың шежірешіл азаматтарымен сөйлесіп, әңгімелескен кезімізде бұған көз жеткізген болатынбыз. «Үрімжі» баспасынан 2000-шы жылы жарық көрген «Шұбарайғыр шежіресі» кітабында: «Қожаберген Жәнібекұлы 1703 жылы туып, 1764 жылдары дүниеден өткен» деп жазылған. Бұл мәліметке және Қожаберген батыр 1760 жылдары (небәрі 37 жасында ғана) өз ажалынан о дүниелік болып, Сарыарқада «Қызылағаш- Аршалы» деген жерде жерленген деген ел ауызындағы әңгімеге сену қиынырақ. Сондай-ақ, Зайсан ауданының шежіресінде: «Шыбарайғыр Қожаберген батыр 1762 жылы Қалба тауында қайтыс болды» деп жазылған. Бәлкім бабамның қайтыс болған жері солай болуы мүмкін, ал қайтыс болған жылы келіңкіремейді. Бұл жерде Ашамайлы Қожаберген жыраудың қайтыс болған жылымен шатастырған жағдай орын алған секілді…

Қожаберген бабамның елінің, халқының тағдыры үшін 1757 жылы Абылай ханмен бірге Қытай билігімен келіссіөз өткізгені жайлы және одан кейінгі жылдары қытай-қазақ арасында сауда саттықпен елші қызметінде болғаны туралы Қытай деректерінде жазылғанына қарап, бабамыздың қайтыс болған жылы шамамен 1785 жылдары ал жатқан жері Қазақстан жерінде яғни Шығыс Қазақстан облысы, Зайсан жерінде деген кейбір зерттеушілердің айтқан уәждерімен келісуге тура келеді. Қожаберген батырдың Ер-Жәнібек батырмен бірге жоңғардан босаған Алтайға қарай Керей тайпасын алғаш бастап көшкені және Шұбарайғыр руын басқарып, еліне қызмет еткені туралы жоғарыда айтып өткен тарихи деректер бұған дәлел бола алмақшы.        Қытай мұрағаттарында біздің бабамыз Қожаберген батыр туралы деректердің әліде бар екенін яғни оның Қазақ хандығы атынан Бейжіңге барған елшілер қатарында болғаны, Қытай елімен сауда-саттық жасауда ықпалды тұлға болғаны туралы айтылады. Осыны қолға алып, кеңірек зерттеу өте маңызды іс болмақ.

Қожаберген батырдың Дүзік деген кіші әйелінен тараған ұрпақтары бүгінгі күні Моң­ғолияда және Қазақстанда өмір сүреді. Ал бәйбішеден тарағандары Қытайда өмір сүреді. 1993-жылы Қожаберген батырға арнап ұрпақтары Моңғолияда, Баян-Өлгей аймағының Бұғыты сұмынының «Қарасу» деген жерінде ас берді. Осы асқа қатысқан кезімде, Қожаберген батырдың қасиетті ақ туын сақтап отырған ұрпақтарының бірі Жұмаш ағамызбен сөйлесіп, туды шығарып, мұражайға сақтауға беру мәселесін көтерген едім. Бірақта, ағамыз және маңайындағы басқа туыстар «туды шығарса адам өледі» деген ескі ырымды алға тартып, менің ұсынысыммен келіспеп еді. Амалсыз сол жолы ақ ту сақталған жәшікті видеотаспаға ғана түсіріп қайтқан едім.

Сөз соңында Қожаберген батырдың ұрпағы ретінде айтарым: Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өту қарсаңында Қазақ елін сырттың жау-дұшпандарынан қорғауда Абылай ханның хас батырларының бірі болған, Қазақ жерін кеңейтуге өз үлесін қосқан Қожаберген батырдың есімі оның ерлігі жайында тарихи оқулық кітаптарға енгізіп, батыр бабаның жатқан жерін анықтап, басына ескерткіш орнатып, ақ туын тарихи мәдени мұра ретінде қорғауға алып, Алматыдағы не Астанадағы ұлттық мұражайлардың біріне қою біздің парызымыз болмақ.

 

 

                                                                            Досан Баймолда

саясаттанушы, журналист

 


Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

*