Туылған!.. Қазақ тілінің табиғатына жат, түйеден түскен емес, жер астынан жарып шыққандай, сұмпайы, сөлекет сөз. Заманымыздың заңғар тұлғасы, әлемге әйгілі ұлы ақынымыз Мүнхаузен пәленбайыншы жылы туылған. Ол туылған, мен туылғам, сен туылғансың!.. Сұмдық қой. Тіл бұзу ғана емес, түйте-долаң сауатсыздық көрінісі. Арыдағы мың жылдық эпостарымызды айтпайық, қазақ әдеби нұсқалары таңбаға түскен соңғы екі ғасыр бойы… Абай… Шәкерім… Мұхтар Әуезов… Мысал келтіріп, дәлелдеп жатудың өзі артық болар еді. «Туғанда дүние есігін ашады өлең…». «Бар – қартаймақ, жоқ – тумақ, туған – өлмек…». «Анадан алғаш туғанда – Жыладым неге дауыстап…» «Мен 1897 жылы… Шыңғыстауда тудым». Қалыптасқан ауызекі тіліміз тұрыпты, арғы-бергі жазба нұсқалардың өзінен мың сан мысал келтіруге болады. Сөз білетін, жөн білетін ағайындар кейіспен, ренішпен жазып та жатты. «Туылған» бейбақ кең дүниеге жаңа келген, шамасы бұдан бес-алты жыл бұрын. Одан кейін және дәп бүгінгі күні. Ешқандай нәтиже шықпады. «Туылған» жұрттың берік сенім, нақты дәлелі бар. Қалай айтсаңыз да бұрынғы қазақ білмеген, жазарман атаулы жаңылысқан. Бала өз еркімен, өзінен өзі тумайды ғой! Туылады! Анасы туады. Міне, керемет. Мал – ұрғашы мал ғана туады. Әйел – табады. Бұрынғының анасы. Бес бала тапқан, он бала тапқан. Қазір де жалғыз-жарым баласын. Басқасын жиып қойғанда, өткен замандарда ешкім олай айтқан жоқ, олай жазған жоқ. Дәп осы арада ешқандай қисыны келмейтін ырықсыз етіс емес, қазақ тілінің грамматикалық ішкі заңдылықтарына сәйкес қалыптанған есімше сөз. Бұрнағы берік тұрғы, кейінгі ақылға сыйымды лепес атаулыны жиып қойдық. Жағалай «туылып» жатыр. Жекелеген қолданыстан озып, жаппай қатарға енді. Қазіргі қазақ сайттарының бәрі дерлік, ағымдағы баспасөздің көпшілігі, тіпті, кейбір, әжептәуір саналатын жазушылардың өзі тынымсыз «туылуға» көшкен. Ақыры, егемен еліңнің шекарасынан өтіп кетті. Бұл жақтағы алаштың жақсысын танымай, жаманын қасиет тұтатын қытай қазақтарына барып жетті, және мен қадағалап отыратын сайттарында жаппай қолданысқа түсті. «Туылғанға» дауа жоқ екен. Ендеше, келесі саты – «өлінген!». Адам әдетте өз ырқымен өлмейді ғой. Ауру-сырқау ма, көлденең пәле, немесе аштық пен кәрілік пе – «өлінеді!». Абай: «Адам жылап туады, кейіп өледі» – деп еді, Шәкерім қажы: «Туған жан өлмек, – Тағдырға көнбек!» – деген, ал күні кешегі Қасым: «О дариға, алтын бесік туған жер!.. Сенде тудым, сенде өстім мен, сенде өлсем, – Арманым жоқ бұл дүниеде дер едім…» – мүлде қате: «…Жылап туылады, кейіп өлінеді», «Туылған жан өлінбек», «Туылған жер… Сенде туылдым, сенде өлінсем…» – деп айтулары шарт екен. Уақа емес, келесі бір басылымдарда түзетеміз! Ендеше, бүгінгі білікті қаламгер тіршілігінде, яғни өлінгенге дейін өзінің бар жазуына ие болуы керек. Оның ішінде біз де. Кейбір жеке басылымдарда, тіпті, ғұзырлы редактор ғана емес, еркін ойлы, білгір корректорлар сөйлеміңді оңдап, сөздеріңді түзетіп жатыр, осы ретпен сен де бір күні «туылып» шығуың әбден мүмкін. «Туылған» жанның «өлінбегі» хақ болса, әзірге жаңаша түрленбей тұрған «тіршілігіңде» шамаң келсе, қаптай «туылған» сөз жендеттерінен сақтанып, бар жазуыңды қызғыштай қорып отыру қажет сияқты. Жалғыз біз емес, жазатын, жазбайтын, әйтеуір шәлдіріксіз, түзу сөйлей алатын, басы тұнық барлық жұртқа қатысты лепес.
Сонымен, қыжыртпай айтсақ, «туылған» – тіл мәдениетінің айна-қатесіз жаңа бір өлшемі: «туылған» жүрген жерде сауат та, түйсік те жоқ, қара қасқа надандық қана бар. Ең сыпайы сөзіміз деп біліңіз.
Кез келген халықтың тілі – аса күрделі категория. Заман озған сайын өзгеріске түседі, жаңғырады, жаңарады. Бір пара сөздер әртүрлі себеппен қолданыстан шығады, жаңа ұғымдарға сәйкес жаңа сөздер қалыптанады. Мұның бәрі – табиғи жағдай. Алайда ғасырдан ғасыр өтіп, дүние қаншама құбылса да, тілдің сол ұлтқа тән фонетикалық құрылымы, жіктеу, септеу ерекшелігі, ұғым жүйесі бұзылмайды. Негізгі лексикалық қор – атау сөздер сақталып тұрады, «ақ» – ақ болып, «қара» – қара болып қала бермек. Бұл көпе-көрнеу ақиқатты еске салып отырғанымыз, бүгінгі қазақ басылымдарында көне заманнан келе жатқан байырғы сөздердің кейбірі бұрмаланып, жаңсақ, тіпті, қарама-қарсы мағынада қолданыла бастады. Бұл жағы да түйсікті жазармандар тарабынан, ішінара болса да қаперге салынып жатыр, бірақ оңалып кеткен ештеңе жоқ. Бүгінгі қазақ қауымының «егемен» ерекшелігі, қайда қитар, қотыр мен соқыр болса, соған әуес. Судыр суайтыңыз – әлемдегі ең шыншыл адам болып көрінеді, аяр мен жалтақ – қайтпас қаһарман ретінде танылған, ұлтсыз жандайшап сатқын – күрескер, халқыңның ең адал, ең құрметті тұлғасы. Және керісінше. Сөз жайы да осы орайда. Жүз мәрте айтылып жатса да, мыйға қонбайды. Енді өзіміз көптен байқаған, біразы жаңадан тіркелген, кейбірі бізден бұрын да ескертіліп, нәтиже бермеген, қайткенде де бүгінгі бұзылған тілдің бар кетігін түгендей алмайтын, бірақ айтпауға болмайтын, азды-көпті анықтамалар. Оңтайлық үшін әліпби ретімен берейік.
«Ағарған». Мал сүмесіне қараған қазақта, тіпті, арыдағы Көне Түрік дәуірі, Шыңғыс хан заманының өзінде негізгі тағамдар үш топқа жіктелген: ақ, қызыл, пісәс. «Қызыл» – ет, етке қатысты дәм атаулы; «пісәс» – мал сүтінен, ұзақ сақтауға лайықталған тамақтар – құрт, май, ірімшік, сүзбе. Ал «ақ» — күнделікті қолданыстағы сүт өнімдері: қымыз, айран, қаймақ, қатық, таза сүттің өзі, ақ ірімшік, ең аяғы шалап. Советтік қазақ ежелгі кәсібінен ажыратылып, ішінара мал сүмесінен де шеттеген, оның есесіне ақ арақ пен қызыл шарап күнделікті тұрмысқа еніп, негізгі ішімдікке айналған кезде, қайткенде де мүлде жоғалып кетпеген ақ пен қызыл дәм атаулы жалпы есімінен айырылды, айырылмаса да, мүлде басқа мағынаға ие болды: қазақы «қызыл» – қызыл шарап, ал «ақ» дегеніміз – ақ арақ болып шыққан. Әлбетте, «ақтың» болмысы айрықша, «ақ ішу» – арақ ішу деп қана ұғынылмақ. Осыған орай «ағарған» дейтін жаңа бір сөз қалыптаныпты. Бірте-бірте ауызекі тілден «әдеби» тілге көшкен. Әйткенмен, «ақ» пен «қызылдың» халықтың байырғы тілінен мүлде жоғалып кетуі мүмкін емес еді. Мал сирек сойылатын жаз күндерінде «қызылсырап отыру» – етті сағыну десек, наурыз тілегіндегі «Ақ мол болсын!» – орыстың водкасы емес, қазақтың сүт текті тағамдары, ырыс, береке, молшылық. Яғни, «ақ» та, «қызыл» да, біздің, бәлкім, тағы бір жазармандардың қолданысынан түспеген «пісәс» те халық тілімен бірге жасай береді деген сөз. Ал «ағарған» – «қызарған» мен «қарайған» сияқты, өзінің әуелгі мағынасында қолданылуға тиіс.
«Ай дер әже, қой дер қожа жоқ». Қазір бар жерде дәп осылай жазылып жатыр: «Ай дер әже…» Неге әже? Неге ата, немесе әке демеген? Шындығында, әже емес, ажа! Кейінгі мағнасы – ауыл-үйдің үлкені, ақсақалы, әкімі. Арғы тарих, бұдан мың жыл бұрын ажа – ру, тайпа көсемінің титулы, ал Шыңғыс хан заманында Кем-Кемжүт (Енисей) өлкесіндегі түрік қауымын билеген әмірші бек. Хандыққа тақау дәреже. Заман өзгере келе, ажа мәртебесі қатардан түссе де, кемі мың жылдық тарихы бар мәтел қаз қалпында бүгінге жетіпті.
Сонымен, «Ай дер ажа жоқ, қой дер қожа жоқ.» Нақтыланған, әрі толымды қалыбы. Біз тауып отырған жаңалық емес, бұдан отыз, қырық жыл бұрын, бәлкім, күні кешеге дейін осылай айтылып, осылай жазылатын. Ажа!
«Айналшықтау». Қазірде өте көп қолданылатын сөздердің бірі. Бұл енді мүлде ұятты жағдай. «Айналшық» – кешіріңіз, медицина тілінде латын текті «вагина», қазіргі орыс тіліндегі «влагалище» дейтін атаудың қазақша нұсқасы. Әдетте ұрғашы малдың мүшесіне қатысты айтылады. Сыртқы көрінісі емес, қынап бітімді ішкі жағы. Сойылған малдың атаулы бездері мен арам ағзаларынан басқа барлық бітімін, ең аяғы көтеншекке дейін тұтасымен пайдаға жарататын қазақ ұрғашы малдың жыныстық бөлігінің ауызғы бірер тұтамын кесіп алып, итке тастаған. Ырымға жаман, жеуге жарамсыз ғана емес, жиіркенішті, «айналшық» дегеніңіз осы. (Жатырға жалғас жеке ішектің қалған бөлігінің өзін әйелдер ғана, онда да қазанға салып емес, ішін сыртына келтіріп, отқа қақтап жеген.) Сондықтан да, бір ісін неше қайтара жасайтын, берекесіз, пәтуасыз кісіні «Айналшық жеген бе…» дейтін сөгісті тіркес қалыптасқан. Ал «айналсоқтау» – бір басқа. Біздің түйсіксіз жазармандардың «айналшықтап» жүргені де, бірер дыбыс, қарібі өзгерген «айналсоқ».
Сонымен, «айналшықтау» – ұятты сөз, тұпа-турасы – «айналсоқтау». Және осы негіздегі «айналақтау».
«Алаштың азаматы», «алаш қайраткері». Бұл сөздер қазірде өткендегі Алаш-Орда қозғалысына қатысты айтылады. Қатесі жоқ. Алайда ХХ ғасырдың басында Қазақ азаттығы үшін күрескен алыптарымыз – Әлекең, Ахаң мен Жақаң, және басқа да зиялыларды жай ғана «алаш азаматы» деп емес, «алаштың арысы», «алаш тұлғасы» дегендей, көтеріңкі атағанымыз ләзім. Өйткені, «алаш азаматы», тіпті «алаш қайраткерлерінің» өзі бұрынғы-соңғы бүткіл қазақ тарихына, оның ішінде бүгінгі күнге де тиесілі. Бұл арадағы кілтипан – Алаш-Ордаға қатыссыз, ілкідегі және бүгінгі кез келген елеулі қазақты «алаштың азаматы» деп, ал айрықша еңбегі бар кісімізді «алаш қайраткері» деп білсек керек. «Алаш» сөзі – қазақ этнонимінің екінші сыңары, тіпті, негізгі атауы болатын. Алаш-Орда қызметіне байланысты, совет заманында мүлде дерлік тыйым салынды. Алайда тұтас бір халықтың өзіндік, ұлттық этнонимін ұмыттыру мүмкін емес. Жекелеген, әлбетте, 60-жылдардан кейінгі қазақ жазушыларының шығармаларында сыздықтап өтіп кетіп отырды. Ал халқымыз өз ішінде күнделікті қолданыстан шығарған жоқ. «Алаш» атауын ғана емес, осыған орай «алаштың азаматы» дейтін, марапат, мәртебеге теңдей алқау сөзді. Мәселен, менің өзімнің екі әжем мансапты қызметі болмаса да, адамдық қасиеті жоғары, намысты, өркеуде бір жігіттерді «алаштың азаматы» ғой деп, сырттай бата беріп, тілеулес болып отыратын.
Сонымен, арыдағы Алаш-Орда қайраткерлері – «алаш арыстары», «алаштың тұлғасы», кейінгі және бүгінгі, ұлттық санасы жоғары, кісілікті қазақ – «алаштың азаматы». Менің өзім әйгілі хирург, ұлтшыл зиялы, академик Кәмал Ормантаевтың 70 жылдығына орай жазған мақаламды «Алаштың азаматы» деген тақырыппен жариялап едім. Бұл сөз қазіргі қолданыста мүлде жоқ деп айтпаймын, бірақ кеңінен тарамаған және арыдағы Алаш-Орда заманына ғана тән атау ретінде ұғынылады.
«Аллаһ». Соңғы он шақты жыл бойы осылай таңбаланып келді – «аллаһ». 90-жылдарда жалпыға арналып, көп таралған діни кітаптарда «алла» болатын. Әйткенмен, жаңа ғасырда, әуелі дін өкілдеріне, одан соң жазарман жалпы жұртқа «аллаһ» – арабшаға жақын, әрі сауатты көрінсе керек. Біріншіден, біз – араб емеспіз, қазақ тілінің өз заңы бар, соған орай «алла» түрінде қалыптасты және ауызекі тілде айтылуы тұрыпты, Бұқар жыраудан бастап, соңғы екі-үш ғасыр бойғы барлық әдеби нұсқаларда – «алла». Абай: «Алланың өзі де рас, сөзі де рас», – деген. Тағы басқа да өлең мен ғақылия сөздерінде қаншама мәрте қайталанған. Екіншіден, менің Құран тілін игерген әдебиетші баламның айтуынша, араб лұғатының өзінде, жекелей, атау тұлғасында – «алла», тек тіркеме сөз жалғанғанда ғана «һ» дыбысы қосылады, мәселен, «аллаһу әкбар». Ақыры, тілімізді бұрмалаған, жазуымызды бұзған қаншама хикметтен соң, осыдан азғана бұрын Діни басқарма «алла» деп айтқан жөн болады дейтін пәтуаға келіпті. Сірә, жаңа мүфтидің ұсынысы һәм бекітуімен. Діндар ғұламаларымыз осыншама шырғалаңға түсірмей, бірден-ақ тоқтам салуы қажет еді. Әзірге толық түзелмесе де, өткен істі айтып отырғанымыз, бізде орынсыз еліктеу, керексіз солықтау деген – мейлінше өріс тапқан, қалыпты жағдай, іліп алады да кетеді, ақыры осылайша, барды былғап, жоқтың артын қуып жүргеніміз.
«Апа». Қазақ туған анасын «апа» деп атайтын… Күні кешеге дейін. Қазір жаппай «мама» болды. Қазақтың байырғы және бүгінгі де тілінде «маманың» негізгі мағынасы – емшек. Және жай ғана емшек емес, сүті мөлдектеген, ырысты емшек. «Мен – сәби, мейірімді ана құшағында, – Ақ мамасын сүйемін, құшамын да», – деп жазған Сұлтанмахмұт. Сүтті, берекелі ақ беретін үлкен бие – «мама бие», сиыр – «мама сиыр». Сөйтіп, ел-жұрттың орнында тұрғанда, «апа» атауы архаизмге айналды. Бүгінгі баланың анасы – «мама» болып шықты. Ұлттық бейнеден айрылудың әдепкі, ең жеңіл көрінетін бір ғана куәлігі. (Менің өзімнің алты балам туған шешелерін «апа» деп атап келеді, сондай-ақ алыс шетелде дүниеге келген, өсіп, алды бойжетіп, ержетіп, шалғайда күн кешіп жатқан төрт немерем де, аналарын «апа» дейді, бәлкім, бұл келінім қазақтағы ең соңғы «апа» болып шығуы да.) Әкенің «папа» болып кеткенін айтпай-ақ қояйық (біздің әулетте «көке»). Мұның бәрі аз болғандай, «апамен» қоса «әже» атауы да ұмытылды. Бұл, сүйкімсіз, қартамыш көрінген «әже» сөзін мағнасы өзгеріп, қайта туған «апа» алмастырыпты. Бүгінгі қала қазағы, зиялы саналатын қауымның балалары әжелерін «апа» деп атайды. «Папалары» өздерінің туған шешесін «апа» деді ғой, сол ретпен. Күнделікті қолданыста ғана емес, баспасөзге де сыналай еніп кеткенін көрдік: «аталар мен апалар» деп әдемілейді көпшілік жазармандар. Бұл турасында біз, осыдан, шамасы бір мүшел, әлде он бес жыл бұрын «Атасы келінін…» деген мақала шығарыппыз. Одан ештеңе өзгерген жоқ. Өйткені бұл жаңарған «апа» ескілікті «әженің» орнын басқанына, кемі қырық жыл болды. Мәселен, біздің «Болезнь Боткина» деген әңгімемізде «көке» мен «апа» бар еді – «папа» мен «мама» ғой, көпшілік журналда көркемделіп шыққанда, денсаулығы тексерілмек кішкентай қыздың қасында жас жігіт пен кимешекті кемпірдің суреті тұр, яғни «папа» мен «бабушка». Бұл – 1988 жыл еді. Одан бері қаншама заман. Бүгінгі қазақ әйелі егде тартқан, немерелі болған кезінде «әже» атанғысы келмейді, қартайып, кеміп қалатындай. (Әлдекім күмән келтірмес үшін, тағы да өзімді көтеретін, бәлкім, жаңаға жат, кертартпа қылып көрсететін куәлік айтайын – біздің бәйбіше қырық екі жасымда әже болдым деп мақтанып еді, құдайға шүкір, бүгінде қатарынан өсіп, өніп, жетіліп жатқан немерелердің қарасыны, тәуба, тәуба, сол қырық деген қасиетті санның бел ортасынан асты, әзірге санаулы шөберелерді қоспағанда, осылардың бәрі – үлкені де, кішісі де «әжелеп» тұрады.) Сонымен, қазіргі бала халықаралық «мамадан» айырылмайды, бірақ «бабушка» – «апа» емес, «әже» екенін білуге тиіс. Тым құрса біздің жазарман қауым табиғи, әрі ежелгі атауды бұрмаламай, орнымен қолданса дейміз.
«Ардагер». Байырғы тілде бұл – аса көтеріңкі сөз еді, айрықша көзге түскен, атақты тұлға – қаһарманға тетелес ұғым. Бәлкім, одан да жоғары. Біздің бала кезімізде «Ардагер Амангелді ердің ері» дейтін өлең де болған. Осы «ардагер» кейінгі қырық жылда орыстың қатардағы «ветеран» сөзін алмастырды. Тура тілде айтсақ, майдангер атаулының бәрі «ардагер» болып шықты. Соғыс қана емес, «еңбек ардагері» дейтін тіркес пайда болды. Әрине, қарт біткен түгелдей құрметтелуге тиіс, айтарлықтай бүлініп кеткен ештеңе жоқ, тек ежелгі бір, дәріпті «ардагер» сөзін арзандатып алғанымыз болмаса. Тіл – өзгереді, ескілікті сөздердің өзі түрленеді, жаңа мағынаға ие болады деп көңіл жұбатпасақ. Қайткенде де, әуелгі, нақты ұғымында қолдана алмайсыз. Ұлттық мемлекет жолындағы күрес ардагері Әлихан Бөкейханов… Ұлттық ояну бағдарында айрықша еңбек еткен ардагерлер – Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов… деп жазсаңыз, бәрі де қатардағы «ветеран» болып шығады. Бұл арада айтпағымыз – барды сақтау керек, осы бетінде кете берсе, талай тамаша сөзден айырыламыз, кейбірі ұмытылады, енді бірі басқа, мүлде теріс мағынаға көшеді екен. (Әйтсе де, баяғы «ардагердің» өз күшіне еніп, қайта оралуы да ықтимал сияқты. «Ұлы Отан соғысының» және «Социалистік үздік еңбектің» бүгінгі «ардагерлері» қатар-қатарымен жүзге жетіп, түгелдей көзден ұшқан заманда, балшабектік масат солғындап, тамашалау, суреттеу нысанынан айырылған жазарман атаулы қайыра жапырлап, жаңадан дем салса несі бар. «Ардагер Әлихан Бөкейхан!..» Сол қатардағы және кейінгі шын ардагерлер… Тамаша емес пе! Байырғы, асқақ, әрі қуатты сөздің ақыр түбі өзіндік, тума мағынасына ие болуы! Тіпті, күмәнсіз сияқты. Жалғыз «ардагер» ғана емес, тұнығы шайқалған тағы қаншама мәйекті сөз. Өзіміз айтқан соң, өзіміз бастайық. Міне: «Алаш жұртының ардагер тұлғалары Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсын, Міржақып Дулатұлы, Мағжан Жұмабаев, Мұхтар Әуезов, Ілияс Есенберлин…»).
«Атжалман». Қазіргі баспасөзде жаппай – «крыса», яғни «егеуқұйрық» атауының орнына қолданылып жүр. Бұл, негізінен шәрлі, кентті мекендерге тән, қазірде Қазақстан қалаларын, оның ішінде Алматыны басып кеткен «крыса» тышқан – бұрнада қазақ даласында атымен болмаған. Мен кішкентай кезімде үлкен әкемнен естіген «Сақади» дейтін қилы хикаяда «кіржі» деген сұмпайы кеміргіш аталатын. Абай төңірегінен тараған «Мың бір түн», және басқа да шығыс әңгімелерімен қатар, орыс және батыс романдары да қызғылықты тауарихтар ретінде көрініс тапқан ғой. Кейін анықтадым, бұл «Сақади» – ХІХ ғасырдың орта шенінде еңбек еткен белгілі орыс жазушысы Н.Полевойдың «Сохатый», яғни «Бұлан-Бұқа» романының түрлене байыған қазақы нұсқасы екен. Ізгілікті қарақшы Сақади абақтыға қамалған кезінде «кіржі деген тышқанды» ұстап алып, құйрығына шала байлап, өрт шығарады да, қапастан аман-есен құтылып кетеді. Ол кезде Қазақ даласында жоқ нәрсенің қазақша атауы да жоқ. «Кіржі», яғни «крыса». Кейін, ХХ ғасырда кім, қалай енгізді – бұл «крыса» енді «егеуқұйрық» аталады және әдеби тілге түсіп, біржола тұрақтанды. Ал біздің шалағай газетшілер аяқ астынан тауып отырған «атжалман» – отаршылдық заман толқынымен жеткен «крыса» емес, ежелден-ақ бар, өзімізбен бірге жасап келе жатқан, далалық, «тума» тышқанымыз. Әзірше тұқымы құрып кетпесе керек. Түсі көбіне ала-күрең, қос қабырғасы қызғылтым, бітімі болбыр, құлағы үлкен, аяқтары қысқа, құйрығы шолақ, ұрты қапшық, керек десеңіз, әжептәуір сүйкімді мақұлық. Шөп, жапырақ жейді, әрқилы өсімдік тұқымдарын жақсы көреді; еңбекшіл, жер астындағы қоймаларына қыстық азығын молынан жинайды. Қолға оңай үйренеді, кішкентай кездерінде біздің балалар да асырап көріп еді. Әркімге таныс болса керек. Орысша атауы – хомяк. Ал «крыса» егеуқұйрық деген – ұзынқұйрық, сұрғылт, былық нас және қалалы жерлерде негізінен үйінді, тастанды тамақ қалдықтарын пайдаланады, шағын тұрқына қарамастан шақар, жауыз, қорғансыз жас балаға шабудан да тайынбайтын, әрқилы жұқпалы ауру таратуы ықтимал, бар болмысымен қатерлі пәлекет. Айттық, бұрнағы жұртымызда атымен болмаған, Қазақстан шегін түбегейлі жаулап, үлкенді-кішілі барлық елді мекендерге біржола орнығуы – совет заманында, әуелде Түрксибтің салынуы, одан соңғы «тың көтеру» аталатын науқанның өрістеп, жүзеге асырылуына байланысты.
Сонымен, біздің қазақ баспасөзін басып кеткен кіржі крысаның ауызекі ғана емес, әдеби атауы да – «егеуқұйрық», ал «атжалман» – мүлде басқа, далалық тышқан.
«Әурет». Алдыңғы жылы Алматыда болып, Семейге барғанымда, қалалық үлкен мешітке өте беріс, сыртқы тақтада тұрған: «Мешітке әуретіңізді жауып кіру керек!» – деген ескертпеге көзім түсті. Құлап қала жаздадым деп айтсам, артық емес. Қазақ ұғымында ежелден қалыптасқан, көркем шығармаларда қолданысқа түскен, біздің өзіміздің жазуымыздан да көрініс тапқан «әурет» – әйел мен еркектің жыныс мүшелері һәм үлкенді-кішілі дәрет ағзасы. Сыпайы, әдеби нұсқа. Арабтағы әуелгі мағынасы – шамды, ұяң мүшелер болса керек. Бір тілден екінші тілге көшкен сөздер әдетте әуелгі ұғымын сақтай бермейді, сол төңіректегі басқа бір мағынаға көшу мүмкіндігі – қалыпты жағдай. Ислам елдеріндегі әйелдер үшін анаусы тұрыпты, кеуде мен мойын, бет пен шаш, білек, тізе мен балтырға дейін тұмшаланып жүру міндетті болса, бізде ғасырлар бойы басқаша қалыптасты. Әдепсіздік емес, өзіндік тұрмыс негізінен туындаған еркіндік. Әрине, мешітке кірген әйел түгілі, еркектің өзі ашық-алаң, алқам-салқам болуға тиіс емес, бірақ ешкім де, тұрпайы айтқанда, мешіт түгілі күнделікті жұмысқа, ресторан, кино, театрларға дамбалын түсіріп, артын ашып кірмейді. Тәрізі, «әуретіңізді жауып жүріңіз» – Семей мешітінің имамы ойлап тапқан даналық емес, Қазақстан мұсылмандар қоғамының жалпыға ортақ қағидасы болса керек. Дінге қатысты әлдебір мақаладан кейінірек тағы да көргенім бар. Әзірше ағымдағы баспасөзге өткен-өтпегенін аңдамадым. Ұшыраса қалса, тіпті, жаппай қолданысқа түсіп жатса, таңырқамас едім.
«Волга». Жиі болмаса да, ара-тұра ұшырасып қалады. Сауатсыздық па, қырыстық па. «Еділ» ғой, ұлы дариямыздың өзіндік, тума атауы. Тек бұрынғы-соңғы, қазіргі қазақ қана емес, бүкіл түрік халықтарына ортақ, қастерлі топоним. Айтып жатудың өзі артық. «Еділ» – «Итиль» атауы Византия тауарихтарында VІ ғасырда таңбаға түскен, яғни, мың жарым жылдық жазба куәлігі бар. Арыдағы фин-угор тайпалары, бәлкім, славян текті жұрт та өздері отырған оң жақ сала – «Қара Еділдің» бастауын «Волга» деген, «су», «өзен» мағнасында (Валге, Вилькеа, немесе Вильга, Влга). Заман оза келе, түрік жұртынан бақ тайып, орыс патшалығы етекке жайыла түскенде, дарияның ұзына бойы осылай атала бастайды және Батыс жұрттары да қабылдайды. Әйткенмен, қазақ та, татар мен шыбаш, башқұрт та тарихи, әрі етене «Еділ» атауынан бас тартқан жоқ. Қазтуғанның «Қайран да менің Еділім» деген толғауын «Қайран да менің Волгам-ай!..» деп өзгерте алмайсыз. Тіпті, Ресей туралы жазған кездің өзінде «Волга» деп көлгірсу – ұят қана емес, құнсыздық көрінісі деп білуге тиіспіз.
«Жанұя». Өлмейтін, өлексе сөздер болады. Сілімтік, жабысқақ. Соның айқын бір мысалы. Ойдан шығарылды, кеңінен таралды, қазірде сылбыр болса да, қатардан қалған жоқ. Совет заманында бізде тұрмысқа да, баспасөз бен көркем әдебиетке де еркін еніп кеткен «семья» ұғымының «егемен» заманда тезінен табылған «баламасы». «Семьяға» дейін қазақта туыстық, шағын үй-ішіндік атау болмағандай. «Жанұяның» тезінен қатарға қосылуының бір сыры осы теріс ұғымда жатыр. Шындығында, қатарлас бір емес, әлденеше атау бар еді. «Шаңырақ». «Түтін». «Отбасы». «Әйле». «Үй-іші». «Үй-жай». «Үй-баран». Ең ақыры – осының бәрінің кеңейтілген, жиынтық көрінісі – «үйелмен». «Шаңырақ» – тура мағнасы, киіз үйдің шаңырағы есебінде ғана танылып, «түтін» – тағы да бықсыған қоңырсық ретінде қалып, «жаңарған жұртта» тосыннан «семья» атауы қалыптасты. Енді, кері заман туғанда, жалбағай «ұлтшылдар» дыбысталуы үйлес, және өздеріне таза қазақы көрінген «жанұя» дейтін жылбысқы сөз шығарыпты. Қазірде көпшілік сауатты жұрт «отбасы» атауын қолданады, ара-тұра «үй-іші». Мен өзім қисынды жеріне қарай «шаңырақ» деп, «түтін» деп те жаза берем. Өзіндік шаңырақ иесі азамат – «үй-жайы бар», «үйлі-баранды». Айтпақшы, «үйелменнің» жағдайы сәл-пәл басқашарақ. «Үйелмен» – туыстас бірнеше шаңырақ, әдетте әке, бала, ата, тіпті, ағайынды бауырлар отбасының һәм бұлардың барлық үй, қора-қопсы, мал-жанының жиынтық көрінісі. Манағы «жанұя» мен «семьяның» кеңейтілген нұсқасы.
Сонымен, бір қабырға, межелі қоныс-жай ішінде отырған туыстас кісілердің ұйыс, ұшқас, өңкей, шағын тобының кеңінен тараған қазақша ортақ атауы – отбасы, үй-іші, шаңырақ, түтін. Қазақтың тілі бай, орайына қарай, қалағанын қолдана беріңіз. Тек «жанұядан» аулақ тұрған жөн.
«Жарты арал», «жартылай арал». Ағымдағы баспасөз ғана емес, тіпті, бізден бұрынғы, әжептәуір үлкен жазушылардың шығармаларынан кездестіріп келемін. Бұл – кәдімгі орыстың «полуостров» сөзінің тікелей қотарымы. Қазақша – «түбек». Кешелі-бүгін шыққан емес, атам заманнан бері қолданылып келе жатқан атау.
«Зағип». Бүгінгі баспасөзде көп ұшырасады. «Зағиптар қоғамы» деген бірлестік те бар екен, орталарынан дау шығып, сотқа жетіп, біраз шулатты. Мен басында қандай зағип деп ұқпай қойып едім, ақыры толық түсіндім: көзі кеміс кісілер, солардың өзіндік қауымдастығы. Қазақ тілінде «зағип» – ауру-сырқаулы, кемтар, мүгедек жан. Ал көзі кеміс, турасын айтқанда «соқыр» сөзінің бір баламасы – «көр», тұпа-тура атауды дөкір көрсек, сирек қолданылатын, біршама сыпайы, «басыр» деген сөз бар. Әлбетте, құдай тірі пенденің маңдайына бермесін, соқыр, көр, басыр кісілер де зағип қатарында, алайда, айттық, сал ауру, аяғы, қолы кеміс шолақ пен молақ, бүкір мен ақсақ – мүгедек, дертті кемтар атаулының бәрі «зағип». Қазақтағы «бишара», «мүсәпір» – әдетте тұрмыс кебіне байланысты айтылса, «зағип» – тек қана дене сырқатына қатысты сөз. Яғни, манағы «зағип» – жалпылама ұғым, ал көзі кеміс кісілер – «басыр», бұлардың өзіндік ұжымы – «Басырлар қоғамы», немесе «Басырлар қауымдастығы» аталуға тиіс.
«Қаймана». Қазіргі нақты қолданыстағы қалыбы – «қаймана қазақ». Яғни, «жалпы қазақ», «исі қазақ», тіпті, «өзіміздің қазақ» дейтін ұғым бермек. Қолы жүрік журналистеріміз және жекелеген бір жазушылар осылай ойлайды. Шындығында, «қаймана» – бөтен, бейсауат, көлденең [кісі] деген сөз, жау емес, бірақ жат, бөгде. Сонда «қаймана қазақ» – өзіміздің тумалас, ағайындас, біртұтас, жалпы қазақ емес, туыс та, біліс те, тілектес те емес, әлдеқайдағы «бөтен қазақ» болып шығады. Бұл турасында осыдан төрт-бес жыл бұрын арнайы жазған азаматтар болған, бірақ кезінде бәсеңсігенімен, қолданыстан шыққан жоқ, ағымдағы баспасөзден, атаулы сайттардан ұшырасып тұрады.
Сонымен, байырғы тіліміздегі «қаймана» – бөтен, сыртқары, қағай деген ұғым береді, яғни «қаймана қазақ» – қазіргі қолданыстан мүлде кері мағынадағы тіркес.
«Қараша». Ағымдағы баспасөзде жиі ұшырасады, бұқара жұрт, еңбекші қауым, жалпы халық мағынасында. Барды бұрмалаудың әдепкі бір көрінісі. Бұл бұзылған сөздің түп төркіні – «қарашы». Арғы заманда ханның кеңесші бегі: «Хан қасында қарашы» деген мәтел де бар. Кейінірек, «ақсүйек» емес, «қара халық», «қалың бұқара» мағынасына көшкен: «Ханның жақсы болмағы – Қарашының елдігі, – Қарашы халқы сыйласа, – Алтыннан болар белдігі», – деген Бұқар жырау, Абылай ханға айтқан уағыз толғауларының бірінде. Барлық жазба нұсқаларда айта-қатесіз – «қарашы». Ал «қараша» – «қарақоңыр» деген сөз, мәселен, «қараша үй», ақбоз емес, жыртық-жамау да емес, орта жағдайдағы киіз үй. «Қараша» айы бар, ол мүлде басқа.
Сонымен, «қараша халық» емес, «қарашы халық» болды.
«Қар барысы». Бұл – «снежный барс»-тың тікелей аудармасы. Орыстың көлеңкесі жоқ кезде Алатау мен Ерен-Қабырға, бүткіл қырат Азияда ғұмыр кешкен, қазірде мүлде сиреген, мысық тұқымдас, қожбан, жыртқыш аң – қазақша атауы «ірбіс». Күні кешеге дейін осылай жазылып келді, тіл білместердің соңғы төрт-бес жылда жеткен табысы.
«Қорған». Мүлде масқара болдық. «Есік қорғаны…» «Қазақ даласындағы ежелгі сақ қорғандары…» Қайдағы қорған, қандай қабырғалы қамал? Орысшаға көшірсек, «крепость», немесе «крепостные сооружения» – бекіністі құрылым екен. Біздегі қаптап кеткен «қорған» – сол орыстың түркиден еніп, мүлде басқа мағынаға ие болған «курган» сөзінің нақпа-нақ көшірмесі. Бірақ айттық, қазақша «қорған» сөзінің жалғыз-ақ мағынасы бар – қамалды, қабырғалы берік шеп. Ал Есіктегі – Алтын адам табылған, Алтайдағы Құдырғы, Пазырық және басқа да тараптағы біразы зерттелген, көпшілігі сол қалпында тұрған, қазыналы немесе әлі де ашылмаған, жұмбақ кейіпті, қадым замандарда елбасы, рубасы, батыр, бағлан көсемдер жерленіп, қабір үстіне қолдан үйілген үлкенді-кішілі, қисапсыз, жасанды төбешіктердің қазақтағы бағзы, күні бүгінде әдеби қолданыстағы атауы – «қорым!» Кейде «мықтың үйі» деп те аталады. Бала кезімізде үлкен әкелеріміз: «Қазақтан бұрын бұл өлкеде мық деген халық болыпты, солардан қалған белгі» деп ұғындыратын. Аңыз, ауызекі айтылым бойынша «мықтың үйі» деңіз, оған арнайы түсінік қажат деп санасаңыз – жалпыға ортақ, әдеби «қорым» бар – тек қана «қорған» емес! Біздің қазақша түртпейтін шалағай тарихшыларымыздың орысша жазылған еңбектері арқылы таралған «курган» қазақшаға «қорған» қалыбында қотарылып, тарихи таныммен қатар, таза тілімізді де бүлдіріп жатыр. «Есік қорғаны…» емес, осы шаршыда және басқа да төбешік, төмпешіктердің орнында ешқашан ешқандай «қорған» болмаған, әуел бастан-ақ тасты, топырақты үймек – «қорым!» «Есік қорымы», «сақ қорымдары» – міне, дәп осылай. (Көне қыпшақ және қазіргі кейбір түрік тілдерінде «оба». Мәселен, Қырымдағы, әлемге әйгілі мәдени, тарихи қазыналар шыққан «Күл-Оба» және соған қарайлас «Қара-Оба», «Алтын-Оба» һәм басқа да «обалар». «Оба» жалғанымы Қазақстан шегіндегі кейбір қорымдар атауында сақталған, айталық, Батыс өлке, Бөрілідегі «Қырық-Оба». Алайда, жекелей алғанда, қазіргі қазақтағы «оба» сөзінің мағнасы мүлде басқаша: бұл – әдетте тоқал төбешік, шоқы биіктер басында атаулы белгі, немесе қарауыл көлегей ретінде тастан қалап, орнықты тұрғызылған, асса кісі бойы, немесе одан да аласа, ұзыншақ , көрнекі нысан.)
«Қызметші». Мұндай сөз қазақта ежелден бар. Бұрнада үй шаруашылығында жүретін әйел, қора тазартып, қар күреп, қи оятын еркек, яғни, құл мен малайдан бір саты ғана жоғары, басы бостан, әйтсе де тіршілік қамындағы кіріптар жан. Бүгінгі қазақ жетік білетін орыс тіліне көшірсек – «слуга», «прислуга». Кейінде советтік, әкімшілік кеңселерінде, мектеп және басқа да жайларда от жағатын, үй сыпыратын, еден жуатын қызметшілер пайда болды – «уборщица», бүгінде кез келген байшыкештің мекен-тұрағын, бақша-бауын қарайтын, күнделікті тұрмыс қажетін атқаратын бірнеше, тіпті, ондаған қызметшісі бар. Кемсіту емес, әркім жағдайына қарай жұмыс жасайды, адал еңбектің бәрі орынды, алайда, қандай да бір нәрсенің төл атауын бұрмалауға болмайды: «қызметші» дегеніңіз – «слуга». Ал бізде бәрі «слуга» болып кетті, «мемлекеттік қызметші», «әскери қызметші», тағы бірдеңе «қызметшілер». Күні кеше ғана, осындай, қол жұмысы, әдепкі жиым-теріммен айналыспайтын, бірақ белгілі міндеті бар кісілер – «қызметкер» деп аталатын еді: «мемлекеттік қызметкер», «әскери қызметкер», «кеңсе қызметкері», «ғылыми қызметкер…» Әрине, барлығы да «данагөй елбасы» мен «егемен елдің» қызметінде, бірақ «қызметші» емес, «қызметкер». Жаман болар, жақсы болар, әр нәрсенің артық емес, кем емес, өзіне ғана тән анықтамасы бар дедік. «Қызметші» бір бөлек, «қызметкер» бір бөлек. Әрқайсы өз орнында тұрғаны жөн.
«Небәрі». Біз ес білгеннен бастап, бұқаралық баспасөзде теріс қолданылып келе жатқан сөз. «Колхоз (совхоз) өзінің шөп шабу (жер жырту, егін жинау, т.т.) жоспарын небәрі жүз жиырма (жүз қырық) процент орындады…» Оқушы кезімде таңғалатын едім. Сонда жүз жиырма (жүз қырық) процент, бүгінгіше жүз жиырма, жүз қырық пайыз жетімсіз болғаны ма? Одан бері алпыс, жетпіс жыл өтті, колхоз тарады, совхоз күйреді, «небәрі» әлі күшінде тұр. Жиынтығы деген мағынада. Шындығында, керісінше. «Небәрі» – «қанағатсыз» ұғымын бермек, бар болғаны осындай-ақ деген сөз. Көпе-көрнеу жаңсақ қолданыс, бірақ әлі күнге түзелмепті.
«Өзіне қол жұмсау», «өзіне қол салу». Бүгінгі қазақ баспасөзінде «суицид», яғни өзін-өзі өлтіру мағынасында жаппай қолданылады. Бұрнағы жұртымызда болмаған сұмдық. Кемел жастағы әйел мен еркектің, әсіресе, кәмелетке толмаған, жаңа толған өспірімдердің ерікті түрде өмірден кетуі – шетін оқиға емес, әдепкі жағдайға айналыпты. Бұл ретте біздің егемен республикамыз әлемдегі, бар жағынан дамыған, ендігі «қатарына қосылып қойыппыз» дейтін елу мемлекет тұрыпты, арман болған таңдама отыз елдің де алдына түсіп, тіпті, ондық, бестік қана емес, алғашқы үш орынның біріне шыққан сияқты. Себеп, салдары қандай болса да, бәрін түгел жасырып қалу мүмкін емес, сыздықтап баспасөзге өтіп кетеді. Орысшасы анық: «самоубийство», немесе халықаралық «суицид». Қазақ тілінің тазалығы үшін күрескер «тіл жанашырлары» бүткіл техникалық, ғылыми, саяси және әлеуметтік терминдердің бәрін «қазақшалап», елу жылда арылмас былық ботқа жасады, сондықтан ешбір жат сөзге орын жоқ, орысшадан тікелей аударамыз. «Самоубийство» – «өзін-өзі өлтіру» болады екен, тым дөкір, біздің бүгінгі шат-шадыман өмірімізге үйлеспейді, сондықтан сыпайырақ анықтама ізделеді. Ақыры таптық – бұл төтенше пәлекет крепостник-құлдық заманынан бері үйреншікті қалыпқа түскен орыс жұртының байырғы тілінде «наложить на себя руки» деп аталады екен, қазақшаға нақпа-нақ аудара саламыз: «өзіне қол жұмсау», «өзіне-өзі қол салу» болып шығады. Мән-мағынасы түсінікті сияқты. Тиесілі деректерге тіркелген себепті түсінікті, бірақ қазақ тілінің оралымына мүлде қайшы, теріс құрылым. «Қол жұмсау» – қашанда ұрып-соғу мағынасын берген. Мәселен, әлдебір мас, немесе нойыс еркек «әйеліне қол жұмсайды». Алдағы өмірден ешқандай сәуле көрмеген әлдебір бейбақ бала немесе азапты тіршіліктен түңілген әйел мен еркек «өзіне-өзі қол жұмсаса», көлденең көмексіз, өзін-өзі сабаған болып шығады. «Қол салудың» хикметі бұдан да сорақы. Кәдімгі қазақ тілінде «қол салу» – әйел затына көңіл білдіру, жай ғана айналдыру емес, қойынға шақыру, жыныстық қатынасқа талап деген ұғым береді, айқын орысша нақтыласақ – «сексуальное домогательство», еуропа тілдерінен аудармасы. Ал қазақша «өзіне қол салды», – «өзін-өзі қоздырды» болып шықпақ. Енді қайттік? «Аллаңнан ойбайым тыныш» дегендей, манағы тәркі болған «өзін-өзі өлтіру» қабылдануға тиіс. Немесе жат жұрттың салқыны, жат жұрт әкелген замана ыңғайы, тіршілік салтымызда болмаған жат ұғым сол озық халықтар лұғаты бойынша, «суицид» аталсын. Өмірде күнделікті болып жатқан жағдай және жыл өткен сайын бес, он пайыздан көтеріліп келеді, тілімізге тезінен сіңісіп кетпек. Қайткенде де, дәп қазіргі «жалпы жұрт байлыққа бөккен, бар жағынан бірдей жетілген» кезімізде бұл сұмдықтың өзінен де, сөзінен де құтылу тым қиын болып тұр.
«Майор». ХІХ ғасырдағы отарлық заманға, әдебиет тарихына қатысты зерттеу еңбектерде қолданылып жатыр. Көп білгеннің бір пайдасы. Дулат ақынның толғауларында: «Майырдың алса бұйрығын, – Борбайға қысып құйрығын, – Ел пысығы жортады», – деген сөздер бар еді. «Абай жолы» романында да әлденеше жерде (кейінгі басылымдарда түзетіліп кетпесе) «майыр» аталатын. Бүгінгі білермендер бұл сөздің түп-төркінін нақты тауыпты – «майор» екен, осыған дейін түсінбестікпен жаңсақ жазылып келген. Дулат – оқымаған кісі, ал Әуезов… даналардың да қателесетіні бар. Бұл «майыр» – қазақ арасында қалыптасқан тарихи атау екенін байыптауға өркеуде сенім мен кенен білік бөгесін жасаған. «Майор!» Ал «майыр» – патша өкіметі орнатқан дуан әкімшілігінде аға сұлтаннан кейінгі, шын мәнісінде барлық жағдайды бақылап, тексеріп, тежеп, бағыттап отыратын, орыс текті шенеуніктің әскери атағы емес, мәртебесі. Әуелде әлдебір майор болуы мүмкін. Одан кейін майор ғана емес, штабс-капитан, бәлкім, подполковник, тіпті, хорунжий. Қарқаралыдағы, Семей, Көкшетаудағы орыс әкімі атаулының шен дәрежесі әрқилы болуы мүмкін, бірақ қазақ үшін бәрі де «майыр». Осылай, түзетусіз жазылуға тиіс.
«…Оқулары». «Абай оқулары», «Әуезов оқулары» т.б. Осы жақында «Таңжарық оқулары» деген тақырыпқа көзім түсті. Абай да, Әуезов те өздері оқып жатқан жоқ, осы кісілер турасындағы үлгілі сабақ, талдау, талқалау, таным ғой. Күні кеше ғана «дәрістері» деген анықтама қосылатын еді: «Абай дәрістері», «Әуезов дәрістері». Аяқ астынан жаңа бір қисын шығармай, осы, тілімізде біршама орнығып барып кейін ысырылған, мағынасы дәлме-дәл, әрі айқын «дәрістерге» қайтып оралуымыз қажет.
«Ортанқол». Әдеби сында «ортанқол шығарма», әдепкі, әрқилы мақалаларда «ортанқол дүние» дейтін баға айтылып жатады. Керемет шығарма, керемет дүние емес, орташа, жұпыны деген мағынада. Ортан қол ұғымы – батыс жұрттарына керісінше, біздің халықта «озық» деген сөз. Қолдың ортаңғы, ұзын саусағына теңеуден шыққан. «Ортан қолдай азамат» дейді біреуді мадақтағанда. Сондай-ақ, «ортан қолдай, көрнекті роман». Бұл жерде бар кілтипан «ортан қол» мен шынында да орташа «ортақол» шатысып, орындары ауысып кеткен. Кез келген жөндем сөздің бір қарібін өзгертіңіз, не болып шығар екен. Білместік қана емес, әуелгі бір салақтық нәтижесі. Бізде қанша айтсаң да қате түзелмейді, тіркесе созылып, мәңгілікке дейін жалғасып кете бермек. Осы айтылып отырған «орташа ортан қол» ғана емес, қатарлас басқа лепесімізден соң да әлдене оңалып, жөнделеді деп ойламаймын, әйтеуір бізден сөз қалмасын деген далбаса. Бірақ бастап қойған соң, межелі жерімізге жетейік.
«Сусамыр». Сырқат атауы ретінде қолданылып жүргеніне көп болды. Тіпті, арнайы сөздіктерге еніп кеткен. Орысша «сахарный диабет» – «қант диабеті». Біздің жаңаға құмар «тіл жанашырлары» қайткенде де, тіпті, орыс та емес, арғы шет тілдік «диабет» сөзінен құтылу үшін, осындай жаңа термин ойлап тапқан. Сөйтіп, қазақтың «сусамыр» дейтін тамаша бір сөзі кәкәй болып шықты. «Сусамыр» – қырат, таулы аймақтарда өсетін, әдетте түйе жейтін, дәрілік емі бар, хош иіс, өзгеше шөп болса керек. Алатаудың қақ ортасын ойып алып жатқан атақты Сусамыр жайлауы бар. Көлденеңі кейбір тұста 30-40 шақырымға жетіп, ұзына бойы 150 шақырымға дейін созылады. Бүгінде бастан-аяқ қырғыз иелігінде. Теңіз деңгейінен екі-үш мың метр биікте, біздің Шалкөде мен Қарқара сияқты, өзгеше құнарлы қоныс. Бұдан жүз жетпіс жыл бұрын және одан да арыда түгелімен болмаса да, басым бөлігін қазақ жайлаған. Сөз жоқ, сол ескі заманда шыққан, «Сусамыр – елдің жайлауы» дейтін, әуезді, әдемі ән де бар. Кенесары ханның сатқындық нәтижесіндегі қапыл қазасынан соң, осы айныма қазақтар кері сүріліп, қырғызға біржола өтіпті. Совет заманындағы жұртымыз бұрнағы сағыныш есесіне, төменгі бір пұшпағын жалға алып, жаз айларында еркін көсілген. «Қант диабетінің» жайлауы емес, туырылған басқа көгімен қоса, әйгілі шөбі де мол болғандықтан, «Сусамыр» атанған. Қазақстан астанасында «Сусамыр көшесі» бар екен. Қант диабетиктері бас құраған көше емес, тәрізі, атақты жайлау есімінде және ағайындас қырғызға құрмет белгісі болса керек.
Сонымен, әдемі «Сусамыр» сөзін қатерлі сырқат атауына көшіру – «ұлтшылдық» танымның кезекті бір сорақы көрінісі болды. Ал шындығында, бұл дерттің қазақша атауы бар еді – «сусақ». Негізгі бір белгісі – тынымсыз шөліркеу, суды мөлшерсіз көп ішу десек, «сусақ» – «суға құмар» деген сөз, малға бейім, малды жақсы көретін баланың «малсақ» атанатын жорасымен. Бұл сөзді мақұл көрмесеңіз – «қант диабеті». Медицина термині. Қайткенде де «сусамыр» емес.
«Толағай табыс». Қате ұғынылып, журналистер тарабынан жаппай қолданысқа түскен сөздердің бірі. «Телегей», немесе «толайым» сөздерінің әсерімен қабылданған сияқты. Шын мәнісінде «толағай» – «жалаңаш», «тықыр» деген соз. Топоним орайында – панасыз оқшау, бұта, дарақсыз жадағай тау – мен білгенде Арқада және Шығыста осындай аттас екі шоқы бар. Махамбеттегі «толағай» – қазір айтылып жүргендей, «қу бас» емес: «Темір қазық жастанбай, – Қу толағай бастанбай…» – мұнда «қу толағайдың» «жастануға» қатысы жоқ, «шашың түскенше», «басың ағарғанша» деген мағына бермек. Қайткенде де «толағай» – молшылық, дарқандық белгісі емес. Яғни, «толағай табыс» – ешқандай дерексіз, тіпті, теріс мағынадағы сөз.
«Түркі». Қазақ баспасөзі мен кітаптарда соңғы жиырма-отыз жылда «түркілер», «түркі халықтары», «Түркі қағанаты» дейтін атаулы сөздер кеңінен қолданылып жүр. Қазақ тілінің ішкі үйлесімі бойынша, «түркі» дейтін сөздің ешбір оғашы жоқ, бірақ бұл – зат есім емес, сын есім – «қазақы» деген тәрізді; адами, кәсіби, ғылыми – бәрі бір орайда. Сондықтан «түркі» – мүлде басқаша ұғым бермек. (Осыған қарайлас «түрки» бар – яғни «түрік тілі».) Тарихи тұрғыда негізі жоқ, теріс қана емес, қисынсыз: «қазақ» этнонимін «қазықа», немесе «қызақ» деп түрлендірген сияқты. «Түркі» дейтін халық та, «Түркі қағанаты» дейтін мемлекет те болмаған, сондай-ақ, бүгінгі, түп негізі бірлес, тілдері үйлес, ағайын жұрттардың ортақ атауы да «түркі» емес. Бұл жер астынан жік шыққан барлық «түркінің» ақиқат түбірі – «түрік». Орта ғасырлар тарихында жарым әлемге қанат жайған, құдірет-күші кенеусіз «Ұлы Түрік қағанаты» болды, мемлекетке ұйытқы, негізгі халық – «түрік» атанды. «Мен – Тәңірі текті, Тәңірі сыпатты түрік Білге-қаған… Түрік жұртым үшін түнде ұйықтамадым, күндіз отырмадым…» Бұл халық тарихтың келесі кезеңінде бүкіл Еуразия құрылығына таралды. Ұрпақтары уақыт оза келе әрқилы аталғанымен, бәрі де түрік жұрағаты болып қала берді. «Түрік халықтары» дейтін ортақ атау – Еуропа ғылымында, бар тарихта біржола қалыптасты (орысша – әуелде «татарские народы и племена», кейінірек Батыс әсерімен «турецкие народы»). Ежелгі тарихты кәміл таныған қазақ зиялылары да XX ғасырдың басында осы «түрік» этнонимін жаңадан жаңғыртып, жалпыға ортақ «түрік халықтары» атауын қатарға қосады. Қайтадан ту көтерген Алаш мемлекетінің гимні: «Арғы атам – ер түрік, – Біз қазақ еліміз!» – деп жариялаған. Бұдан соң: «Ежелден ер түрік, – Оқ тескен етіміз, – Қасқарып, қайтпаған, – Еш жаудан бетіміз!..» – деп шалқиды. Алаш ардагері Әлихан Бөкейхан қашанда: «Біздің түрік текті қазақ халқы…» – деп жазады. Аз-мұз кейінірек Мұстафа Шоқай бауырлас, туыстас бүткіл «түрік халқына» жар салады, оның ішінде жігерлі, жаңашыл «түрік жастарына» ұран тастайды. Осы екі аралықтағы Сұлтанмахмұт, туған жұрты, оның өткендегі тарихы мен өз тұсындағы ахуалын салғастыра келе: «Бұлардың түрік еді арғы заты, – Әлемді тітіреткен салтанаты, – Бүгінде азып, тозып, күлкі болған, – Бұлар да сол түріктің жұрағаты!» – деп күйінген – жүз жыл өтсе де, әуелгі күшінде тұрған лепес. Қайткенде де – түрік, түрік және түрік халықтары! Тек біз ғана емес. Ресей шегінде отарлық күн кешкен бұлғар (қазан татарлары) мен башқұрт, және Қырым түбегін, Қапқаздың қырқасы мен қаптал етегін қоныстанған ағайындар, тіпті шыбаш пен сақа-якутке дейін түгелдей ежелгі «түрік» негізіне ден қойыпты. Ал Бірінші Жихан соғысынан соң Ежелгі Осман империясының түпкі қонысында қайта құрылған мемлекет – Ата-Түріктің басшылық, нұсқауымен «Түркие», «Турк жумхурияты», яғни Түрік республикасы деп ресми түрде атала бастаған. Енді Ресей империясы шегінде коммунистік қызыл орыс өкімі біржола орныққан кезде, дағдылы «түрік» этнонимі екі тармаққа ажыратылады: Анадолы түрігі – «турок», «турки», ал қалған барлық түрік қауымының атауы – «тюрки», «тюркские народы» болып өзгертілді. Бұл жіктелу – 1926 жылы Бакуде өткерілген, тілге, мәдениетке қатысты көптеген мәселелер оңымен шешіліп, латын жазуына жаппай көшу туралы қарар қабылданған айтулы оқиға – «Бүкілодақтық Бірінші түркология құрылтайында» («Первый Всесоюзный Тюркологический съезд») ресми түрде қабылданған болатын. Әлбетте, жоғарғы өкімет нұсқауы әрі дәп осы кезде айырым елеусіз көрінген, өйткені, осы «тюрк» халықтарының барлығының өз тілдерінде аталу да, жазылу да бірегей – «турк», «түрік» болып қала бермек. Және дәп солай жалғасты. Біздің қазақ ғылымында да, шамамен 1970 жылдарға дейін «түрік халықтары» деп жазылып келді, ал өткен тарихтағы ұлы мемлекет ешбір бұрмасыз, «Түрік қағанаты» аталды. Алайда советтік орыс саясатында «Пантүркизм» дейтін үрейлі ұғым бар, бірте-бірте қазақтағы «түрік халықтары» түп негізінен аулақтап, «түркі халықтарына» айнала бастады. Ақыры, міне, әлі де бұғаулы бастың саясаттан тысқары ерікті ауыз заманында, манағы жасанды «тюрк» жобасымен, ежелгі «түрік» этнонимі мүлде қатардан шығарылған екен: «түрік» – ол Түркия халқына ғана тиесілі, ал қалған жұрт, оның ішінде қазақ та «түркі» болғаны мақұл. Осы ораймен жалбағай жазармандар Ежелгі Ұлы Түрік қағанатының бар тарихта тұрған, әлі де теріске бұзылмаған өзіндік атауына дейін өзгертіп салды: «Түркі қағанаты». Даналықтың ерекше үлгісі. Шындығында, бұрнағы, қағанат аталған мемлекет бүгінгі Түрік республикасынан шалғай, алыс бір қиырда жатыр ғой. «Түрік» деп танылуы қисынсыз, «Түркі» деп, нақты айғақтаған жөн. Өстіп, бұл «Түркі қағанаты» ағымдағы баспасөз бетінен озып, бірте-бірте қазіргі тарихшыларымыздың «ғылыми» еңбектеріне көше бастапты. Есебі, осындай қисық пен қыңыр бар тарапта қатарға қосылды, ежелгі тарихи атауды ығыстырып шығарды деген сөз. Енді қараңыз. Жоғарыда айтқанымыздай; «Қазықа хандығы», «Қызақ Ордасы» деген жаңаша атауға тоқтау мүмкін бе. Мүмкін екен. Түрік қағанатын «Түркі қағанаты» деп отырмыз ғой. Айырымы қанша. Жоқ, мұндай бұралқы атаулар осы қалпында қалуға тиіс емес. Ерте ме, кеш пе, түзетілуі шарт.
Өткен мың жарым жылдық тарихта – «түрік», «Түрік қағанаты», кейінгі бес ғасырда аралары ажырап, әрқайсысы өз дербестігін тапқан қауым жұрттың ортақ атауы – «түрік халықтары». Егер Осман империясындағы жұртшылық өздерінің арғы бабаларының есімін сақтап қалса (шын мәнісінде алғашқы президент Мұстафа Кемал қалпына келтірсе), бұл – тек қана сүйінішті жағдай, ұлттық сананың биік көрінісі, ал «түрік халықтары» дейтін анықтама – сені Түркиямен қосақтап, Ресей сияқты басыбайлы құлға айналдырып жібермейді. Азып-тозудың ең сұмдық белгісі – ата-анаңнан безу десек, түп тамырын теріске шығарған, туған халқының ежелгі атауынан жеріп, арғы тарихтағы ұлы империясының есіміне дейін өзгерткен ғаламатты қалай бағалауға болады? Тексіздік, ұлтсыздық деп қазбаламай, ең жеңіл, бергі себебін айтайық – қара танымаған сауатсыздық аталады.
«Ұлыс». Бүгінгі қазақ баспасөзі мен саяси өмірдегі ең бір бұзылған, бұрмаланған, кері мағына, басқаша ұғымға көшірілген сөздердің бірі. «Ұлыс» – нешеме ғасырлық ғұмыры бар тарихи атау, Көне Түрік заманынан кешегі күнге жалғасқан, бүгін де әуелгі мағынасын жоймаған, «мемлекет», «хандық», ауызекі тіл, әдепкі жағдайда – «бүткіл халық» деген сөз. Шыңғыс хан империясы «Еке Моғұл Ұлысы», яғни Ұлы Моғұл мемлекеті деп аталды. Қадымнан бері, наурыз күнгі ең басты тілек – «Ұлыс оң болсын!» яғни ел-жұртымыз аман болсын, мерейлі болсын! Адам мен табиғат, жер әлемнің жаңару, жаңғыруы есепті көктем мерекесінің байырғы қазақтағы өзіндік атауы – «Ұлыстың ұлы күні», яғни мемлекеттік, бүкілхалықтық мереке. Енді келіп… «ұлттар мен ұлыстар…» Неткен «ұлыс» десек, Қазақстан Республикасында тұратын басқа да халықтардың диаспоралары екен. «Диаспора» деп, өз атауымен айтып қалсақ, «біздің егемен елімізде бірлігі жарасып, тату-тәтті, шат-шадыман тіршілік кешіп жатқан» басқа ұлт өкілдерін кемсіту болып көрінбек. Сондықтан, тарихи танымы кемшін, білім-сауаты төмен әлдебір жоғары дәрежелі шенеунік, немесе сол шенеунікке ақыл қосқан тарихшы, әлде тіл маманы, өзіне беймәлім ғана емес, мүлде түсініксіз, әйткенмен ауыз толтырып айтарлық «ұлыс» деген сөзді ұсынған. Сонымен, Қазақстанда тұратын, әуелде жүз отыз, кейінде жүз қырық, қазірде, бәлкім, жүз елу, жүз жетпіс «ұлт пен ұлыс» болдық та шықтық. «Ұлтымыз», тәрізі, жалғыз қазақ емес, саны біршама толымды, айрықша құрметті тағы бірнеше халық: орыс, украин, беларусь, өзбек, татар, түрік, ұйғыр, ал «ұлысымыз» – бұлар да ерекше сыйлы, әйткенмен жиын саны бір, екі-үш, бес-алты, он шақты кісілік: эскимос, чукча, юкагир, нганасан, нивх, нанай, одан озса жетпіс-сексенге жеткен, тіпті, екі-үш жүз, бес-алты жүз кісіден құралатын тағы қаншама – санамалап келгенде жүзден астам халық өкілдері. Сонда екі чукча мен үш нивх та «ұлыс» болып шығады екен. Әрине, республиканың тең құқықты азаматы, бірақ «ұлыс» түгілі, атаулы, дербес қауым емес, шыққан тегі сондай да сондай, жекелеген кісілер. Керек десеңіз, екі миллионнан астам орыс пен екі жүз мың ұйғыр да «ұлыс» бола алмайды. «Ұлыс», бүгінгі Қазақ Ұлысы – Қазақстан шегіндегі он жеті миллион – барлық жұрттың жиынтық атауы болуға тиіс. Ал жаңағы, екі кісілік, елу кісілік, асса бірер, бес-он мыңдық шағын топтарға телінген «ұлыс» мәртебесі, сөз жоқ, біздің данагөй өкіметіміздің тікелей ұсынысы болмаса да, бармақ басқан мақұлынан соң ғана ресми түрде қабылданды. Егер осы, қазаққа жат, қалған жұрттың бәріне басыбайлы, интернационал өкіметіміз «диаспора» атауынан шошынса, «ұлттар мен халықтар» деп айтуы керек еді. Өйткені бес-он кісінің өзі белгілі бір халық өкілі. Сөйтіп, кемі мың-мың жарым жылдық тарихы бар, қастерлі «Ұлыс» сөзін ел-жұртымызбен бірге құрдымға жөнелтпек екенбіз. Мұны аз десеңіз, осы жақында, ағымдағы баспасөз бетінде әлдебір білімпаз «облыс» сөзінің орнына «ұлыс» сөзін қолдану керек деген ұсыныс жасапты. Өтіп кетсе таңы жоқ. Бүгінгі үш кісі, бес кісілік дәрежеден көтеріліп, тұтас бір аймақтың атауына жетеміз.
Қалай тартсаңыз да, ежелгі «Ұлыс» сөзінің байырғы және әдеби қалыбы ешқашан өзгермейді, бұл тараптағы далбағай шешімдер – совет заманында тыйым салынған «алаш» атауы сияқты, қайта тірілмек. Біздікі – бүгінгі сорақы жағдайдың бет пердесін ашып көрсету талабы ғана.
«Халиф». Араб халифатының әскери, саяси-әкімшілік басшысы, «патша», «хан», «қаған», «король» есебіндегі, кейінде әкімшілік қана емес, жүмлә мұсылман әлеміндегі (бүгінгі Рим папасы сияқты) діни-рухани көсем атауын қазір осылай жазатын болдық: «халиф». Тағы да көп білгеннің кеселі, біз ықпалынан шыға алмай отырған орыс әсері. Арабтың өзіндегі атау тұлғасы – «халифа». Осыған орай, арғы-бергі қазақ әдебиетінде, ХІХ ғасырда айрықша дамыған, роман кейіпті, қисса, хикаят аталатын өзгеше үлгілі эпостық жырларда – «халифа». «Сол Масғұт халифаға уәзір бопты», – деп жазған Абай. Өлең-жырлар мен шығыстық ертегілер «халифа Харон-Рәшид» заманы туралы толғайды. Өзіміз де талай рет «халифа» деп жаздық. Біздің алдымызда және тұсымызда түгелдей «халифа». Есебі, халық тіліне де, әдеби нұсқаларға да енген, әбден қалыптасқан атау. Енді екі жүз жылдан соң, «егемендік» кезінде орыс әсерімен «халиф» деп жазсақ, бұл – жай ғана жаңсақ емес, ұлттық әдебиет үлгілерінен тақыр-таза бейхабарлық, қазақша жаза отырып, қазақ тілін білмеген дүмшелік деп қана бағалануға тиіс.
«Ханым». «Халиф»тен өткен сорақы жағдай. «Ханым» – бұрнағы хандық заманда өз тұлғасындағы, кейінгі әдеби қолданыста және де мағынасы өзгермеген саяси-этнографиялық атау – «ханның әйелі», «патшайым» деген сөз. Ал қазір кез келген әйел заты «ханым» аталатын болды. Бәлкім, қай-қайсы да бұрынғы «ханымға» теңдес, тіпті, артықша болар, бірақ неше қайыра айтқанымыздай, әр нәрсенің өзіне ғана тән атауы бар, мәселен, теректі – емен, жылқыны – түйе деп танымайтынымыз сияқты. «Ханым» – әуелгі де, қазіргі де нақты мағынасы – «ханның қатыны», бүгінгі майысқақ тілге көшірсек, «ханның жұбайы» деген сөз. Онда қазақ жерін қаптап кеткен әлденеше миллион «ханым» қайдан шықты – ешқандай жұмбағы жоқ: орыста – «дамы и господа», ағылшында «леди… джентльмен». Осыған сәйкес, ер кісілеріміз ешқандай талассыз – «мырза» болып шықты, ал әйел заты… «әйелдер» десек, сөкет көрінеді, «қатындар» десек – сұмдық, бұдан гөрі көтеріңкі сөз қаперге келмеген, ақыры аспандап, «ханымға» жеттік. Шынында, байырғы қазақ тілінде балама сөз бар еді – «айым» деген. Бізге қарағанда зердесі тұнық қырғыз бірден тапты «мырзалар мен айымдар!» Сонымен, ерте ме, кеш пе, «мырзалардан» соң «айымдар» тұруға тиіс. Немесе, қазіргі әйелді алдыға шығаратын мәдениетіміз бойынша, «айымдар мен мырзалар». Бұл «айым» біздің бүгінгі тілімізге де жат емес – «төрағамен» сыңарлас «төрайым» бар ғой. Енді, реті келіп қалған соң айта кетейік, совет заманында тілімізден аласталған «қатын» – «тәрбиелі» кісі шошынардай тұрпайы сөз емес, әйел затына құрметтің айрықша көрінісі. Әуел баста, Ежелгі Түрік, одан соңғы Қыпшақ пен Хорезм, Шыңғыс хан ұлысы, тіпті, кейінгі Осман империясының өзінде «қатын» – «императрица» деген сөз. Ұлы қаған Шыңғыстың қаншама құмасы, яғни некесіз әйелі болса, тұрақты төсектес, таңдама бесеуі ғана «қатын» атанған. Сұлтан гәремдерінде әлденеше жүз құма мен қызметші кәнизак бар, ал некелі «қатын» («қадын») саны төртеуден аспаған. Кейінде, империялар ыдырап, хан мен қара теңеспесе де, заман өзгерген кезде әрбір қарашы (айттық, «қараша» емес) еркек өзінің нақсүйерін «сен хан қосағынан кем емессің» деп еркелетіп, «қатын» атай бастаған, ақыры, нақты күйеуі бар, тұрмыстан өткен ұрғашы атаулы түгел «қатын» болып шықты. Советтік жыныс теңдігі кезеңінде адамзаттың екінші жарымын өз ныспысы бойынша, «қатын» атау кемшілік саналып, ілкіде азды-көпті қолданысқа ене бастаған ғараби «әйел» сөзі қалыпқа түсті. Шын мәнісінде жоғары емес, кемшін атау. Алайда, әдебиет пен баспасөзде, ауызекі тілде түбегейлі орнығып кеткен сөздің әуелгі мағынасына сілтеме жасап жату – орынсыз, кез келген тіл қандайма сөзді өзіне сіңірген жағдайда, бастапқы мәнісі айна-қатесіз сақтала бермейді, мәселе – осы тілдегі түпкілікті қалыптасқан ұғымында қабылдауымыз керек. Қазақ тіліндегі «әйел» де өте әсем, терең мағыналы сөз. Қолданыстан шеттеу орынсыз және мүмкін де емес. Тек баяғы құрметті «қатынды» мүлде ұмытып кетпесек болғаны. «Әйелдің» күң емесі сияқты, бұл «қатын» да патшайым емес. Екеуі өзара синоним ретінде, қатарлас жүре беруге тиіс. Ал бүгінгі қаптаған «ханым» – өздеріне лайықты «айым» мәртебесіне көшкені жөн.
«Шариат». Егемен болғалы, жаңадан ештеңе таппағанымыз тұрыпты, барымыздан айырылып жатырмыз. «Шариат» – әлде орыстан ауысты, әлде кәдімгі дүмшелік көрінісі. Қазақта барлық заман, барша әдебиетте – «шариғат». Жүз сан мысал келтіруге болады. Ғарабы нұсқада «и» мен «а» аралығында көмейлік «айн» дыбысы бар, қазақ қашанда ұяң дауыссыз «ғ» арқылы берген – «шариғат». Сондай-ақ, «ғалым», «ғұлама», тағы басқа да үйлес дыбысты сөздер.
Тізбелей берсе, тіл мәдениетіне қатысты реніш пен кейістің шегі жоқ. Осы орайдағы көрнекі мысал – бүгінгі әдебиет пен журналистика тілінде қалыптасқан, тіпті, ілкідегі әжептәуір жазушылардың өзінде ұшырасатын өрескел бір қателікке назар аударайық. Табиғи қазақ тілінде көптік сан есімнен соңғы анықтауыш сөзге көптік жалғау тіркелмейді. Мәселен, «өз елінде тұратын он бір миллион қазақтар» емес, «он бір миллион қазақ». Біздегі «екі жүз жиырма мың немістер» емес, «екі жүз жиырма мың неміс». Сондай-ақ, «төрт-бес кісілер», «қырық-елу кісілер» емес, «төрт-бес кісі», «қырық-елу кісі»; мың қой, жүз жылқы, отыз сиыр, ондаған құрылыс, жүздеген завод-фабрика, тағы осы ретпен.
«Бір қайғы мың қайғыны қозғайды» деген. Тіл төңірегінде уайым көп. Мен қазақ тілінің қолданыс аясы, бүгіні мен болашағы туралы қам жемеймін. Бұрын да талай айтқам, жазғам. Бір заманда қазақ әлемдегі ең үлкен отыз халықтың бірі болды дедік. Совет кезеңінде тікелей геноцидке ұшырады, әдейі ұйымдастырылған аштықтан қырылды, айдалды, атылды, жер ауды, алпауыт жат жұрттар арасындағы еріксіз майданға түсті, өз жерінде қуғынға ұшырап, қорлық күн кешті. Алайда, Қазақ-Ата осы сұмдықтың бәрінен аман өтіп, қазіргі де-юре, сөз жүзіндегі болса да тәуелсіз заманға жетті және ХХ ғасырдың соңғы қырық жылында еселей өсіп, бүгін де ептеп-септеп төңірегін толтырып, әлемдегі саны көп, ең ірі алпыс халықтың қатарына қосылды. Қазір өз қонысындағы жалпы жұрттың кем дегенде жетпіс пайызын құрайды, алдағы он жылдықта жетпіс бес-сексенге иек артуға тиіспіз. Және, маман эксперттердің түйінді пікірі бойынша, өкіметіміз, рас, мүлде басқа бір дабырамен емсеп отырған 2030 жылы – 90 пайыздан асуы анық! Ал жай ғана байбалам емес, үлкен қасірет болып тұрған орыстілділік – уақытша ғана құбылыс. Баяғыда жазғанбыз, бір ауыз орысша білмеген қазақтың немерелері енді қазақ тілінен мүлде мақұрым шықса, бүгінгі орыстілді қазақтың немересі неге қазақша білмеске деп.
Бұл мақала жоғарғы дәрежелі тіл мәдениетінің бір ғана тармағы, онда да шетқақпай мәселе – лексикалық қордың бұзылып, бұрмаланып кеткен жекелеген жағдайларына арналды. Баспасөз бетіндегі, кейбір әдеби нұсқалардағы, шалағайлықтан сауатсыздыққа бейім кілтипан – жекелеген бір сөз, ұғымдардың мүлде басқаша мағна алып бара жатқан мысалдары. Әлдеқалай көзімізге шалынған ерекше сорақы жағдайлар. Бұзылған сөз, теріс, басқаша қолданыла бастаған ұғымдар мен тіркестер. Айта берсең, әңгіменің ұшы-қиырына жетпейсің. Тек қана «кеңес» атауының өзі неге тұрады. Жетпіс жыл бойы «совет» болып еді. Шаласауат, жалған ұлтшылдар мен шалағай жазармандар бір-ақ күнде «кеңес» қылып шығарды. «Кеңес өкіметі». Өз өкіметің екен. Етене жақын, тілге жағымды сөз – туған өкімет. «Хан кеңесі», «билер кеңесі», «ақыл, кеңес», «Кеңес күйі». Осының ешқайсының совет өкіметіне қатынасы жоқ еді, енді сол советтің өзін кеңеске теңедік. Кезінде бұл туралы да жеткеріп жазғанбыз. Амалсыздан қайталауға тура келді. Өткен жетпіс жыл бойы, күні бүгінге дейін, арғы, бергі тарихта жер жүзі түгел «совет» деп айтады, жазады. Ағылшын да, неміс пен француз, испан мен итальян – барлық Еуропа халықтары. Ағылшын, неміс, француз, испан, басқа да әлемдік тілдердің ғұзыры жетпегеннен емес, тарихи-саяси термин болғандықтан. КСРО деген қандай сөлекет. «Кеңестік Социалистік Республикалар Одағы» екен. «Кеңесті» қабылдайық, онда неге «Социалистік», неге «Республика» – «Ортақтастық», немесе «Әлеуметтік», «Қоғамдастық» һәм «Жұмхұрият» емес пе!? Жер жихан қабылдаған, тарихқа енген, әлемдік барлық тілде қолданыста тұрған, үрейлі, қанкешті «КГБ» атауы – жүрекке жақын «МҚК» болып шықты. Тағы соншама сорақы жағдайлар. Айтып түгесе алмайсың. Тәуелсіздіктің кеуде көтеріңкі алғашқы жылдары, баспасөз бетінен алғаш рет «ұжымшар» деген сөзді ұшыратқанда, бұл не болды деп аңырып қалғаным бар. Тәрізі, жаңа заманда жаңадан көтеріліп, жаңаша құрылып жатқан әлдебір қауымдастық шығар деп ойладым. Ізінше, бәлкім, бірталайдан соң «кеңшар» дейтін пәлеге көзім түсті. Сонда ғана шатысқан миымның бар талшықтарын іске қосып, не керемет екенін анықтап едім. «Ұжымшар» – колхоз екен, «ұжымдасқан шаруашылық», «кеңшар» жөні тіпті оңай – «кеңес шаруашылығы!» Даналықтың шегі бар деседі, ал осыған қарама-қарсы мағынадағы ғаламаттың шегі жоқ екен. Бізден бұрынғылар айтқан. Сөйте тұра Бораттың мазағы ұлттық намысымызды қоздырып, жаппай ашу-ыза туғызады. «Кеңеспен», «кеңшармен» тоқтасақ жөн ғой. Күнделікті тұрмыстағы «әптек» пен «ресторанға» дейін қазақшаланды – «дәріхана», «мейрамхана»; «ойынханамыз» тағы бар – «казино». Әлемдік қолданыста жүрген, онсыз жөндем сауатыңыз не, орта мектеп шегінен өте алмайтын ғылыми-техникалық терминдер түгелге жуық «ұлттық патриот», «тіл жанашырларының» қорыс батпағына араласып, өз тілінде оқыған қазақ үшін жоққа сайды. Әзірше сол терминдер қолданылатын «физика», «алгебра», «химия», «математика» дейтін пән атаулары ғана өз орындарында тұр, күні ертең бұлар да «ана тілімізге» қотарылып жатуы ғажап емес, мәселен, «математика» өзінен-өзі сұранып тұр: «есеп», әлде «есеп-қисап», бәлкім, «санамақ»; қалғанын қазақшалауға біздің қауқарымыз жетпесе, кейінгілер қисынын табады, мүмкін тауып та қойған шығар.
Бүгінгі «озық заман, егемен елімізге» лайық жаңалықты құбылыстар өз алдына, енді өткен тарих пен әдебиетті түзете бастадық. Мәселен, «Октябрь революциясы» – «Қазан төңкерісі» болып шықты; «төңкерісіміз» түсінікті, орыстардың өзі осылай өзгертіпті – «переворот» – «Октябрьский переворот» – ал «Қазанның» ешбір қисыны жоқ. Айна-қатесіз «Октябрь төңкерісі» болуға тиісті. Саяси, тарихи атау. Ал біздің жаңашыл, санасы жоғары қауым бәрін белінен басып жатыр. Ең соңғы мысал – «1916 жылғы Маусым жарлығы» – бар тарихта «Июнь жарлығы» ғой. Есеп емес. Өтіп кеткен іс, мен күнтізбедегі ай аттарын жаңғырту – оқыс қате болды деп санаймын. Рас, өзім он жылға тақау жерін жерлеп, суын ішкен чех жұрты да бұрнада өз тілдеріне ыңғайлаған екен: январь – леден, апрель – дубен, май – кветен, ноябрь – листопад дегендей. Жалпы, халықаралық терминдерден қашу – өзіне сенімі аз, ұсақ халықтарға тән, кемшілікті санадан туындаған ғадет. Мейлі дейік. Алайда, бұрнағы әдеби нұсқаларда, журналистикада, сол замандағы ресми атау бойынша жазылды ғой. Оң ба, теріс пе, тарихи құжат екені өз алдына, ол кезде ешкім де «Маусым жарлығы» деп мәймөңкелеп тұрған жоқ, ай аты орыс нұсқасында, өз қалпында өтті. Ең кереметі – осы іспеттес белсенді, жанкешті надандық (орысша «воинствующие невежество») өткендегі мұраларға да зардабын тигізіп жатыр. Совет тұсында жазылған, басылған, таралған мәтіндерге «Қазан төңкерісі» деген түзету жасасақ не болып шықпақ. Бұл да мүмкін екен. Мәселен, Міржақып мақалаларындағы ай аттарын білгір редактордың қалай түзеткенін өз көзіммен көрдім. Мұндай өңдеуге түскен – жалғыз Жақаң ғана болмаса керек. Яғни, ХХ ғасырдың басы ғана емес, одан соңғы жетпіс жыл бойғы мұра атаулы түгелдей «дұрысталып», жаңартылуы әбден ықтимал. «Түйені жел шайқаса, ешкіні аспанда көр» демекші, кейінгі қаламгерлердің жарасы тіпті оңай. Нақты бір куәлік – мына менің өзімнің бұрынғы-соңғы жазбаларым. Өте көп білетін, азатшыл, ұлтшыл редакторлар, саяси сауаты ғана емес, ұлттық танымы да бізден артық корректорлар сыртымнан, өз қалаулары бойынша, еркін түзеткенін және сол қалпында журналға, кітапқа шыққанын алғаш көргенде құтырып кете жаздадым. Әр жылда әлденеше рет қайталанған жағдай. Әрқайсы бір тауарих. Есіме түссе әлі күнге дегбірімнен айырылам. Сен таңбалаған ақиқат «совет» атаулының жаппай «кеңеске» айналуы тұрыпты, ешқашан ешкім айтпаған «кеңес адамдарына» ұшырысқанда сабыр сақтау қиын. Түзу сөзіңді қисайта бұрап жібергені, күрделі, құрмалас сөйлемдерді бөлшектеп, екпінді, қысқа сөйлемдердің арасын ілмектеп қосып қоятыны, мәнді, мағыналы тыныс белгілерін, ең аяғы жақшаның ашылу, жабылуына дейін жылжытып, сені жақсарту жолында жасалған қыруар еңбекті түгендеп шығу мәнсіз. Өйткені әзірге барсың, тірісің, кейінгі бір басылымдарда қалпына келтірдің, қалғанын түзетіп, оңдап қойдың, әдебиетші, мұрагер балаңа мұқият тапсырдың. Әйткенмен, көңіл алаң. Тіл тазалығы жолындағы күрескер қауым осымен тоқтаса жөн ғой. Ең сұмдығы – бүгінің тұрыпты, ғұмыр бойы тінтінектеп құраған барлық жазуыңды нендей хикмет күтіп тұр? Жалғыз сен ғана емес, ХХ ғасырдағы қазақтың озық әдебиеті – Мұхтар Әуезовтен бастап, Ілияс Есенберлинге дейінгі ұлттық мұраң қандай кепке түспек? Мұраны айтасың, бай да бағлан, оралымды, икемді, әсерлі, мағыналы, кенеусіз бай қазақ тілінің өзі қандай қоқысқа толмақ? Жалғыз-ақ алданыш қалды. Дамыған халықтарда «әдеби тіл» және «сөйлеу тілі» дейтін екі бөлек ұғым бар. Бүгінгі күнге дейін қазақта бұл екі тараптың өзара айырымы болмады. Ұлттың тұтастығының, тіл бірлігінің көрінісі. Енді… манағы «туылған» мен «өлінген» және басқа да ғажайып, сілімтік сөздер саржағал басылым, сауатсыз жазармандар үлесіне өтіп, ежелгі жыраулар мен эпос, Абай мен Әуезов, оларға жалғас қазіргі және кейінгі үлгілі әдебиеттің тілі, соншама былыққан ұшан мұхиттағы шалғай арал есебінде болса да, әуелгі саф таза қалпында сақталып қала ма деген үміт қана көңіл жұбатады. Әзірше «туылғандардың» екпіні тым қатты, қазақ руханиятының төрт бұрышын түгел басып барады және жуық заманда «өлінетін» түрі байқалмайды. Әйтсе де, «Үмітсіз – шайтан», алдамшы емес, ақиқат болашақ деп сенейік. Тас та уатылады, тау да құлайды. «Туылған» рас болса, «өліну» де күмәнсіз. Өз еркі, өз бетімен «өлінбейді», азды-көпті білігі бар жалпы жұрт жаппай жұмылып, жардан құлатып жібермесе. Ертеңнен озып, арғы күндерден бастап, ақыр түбінде.
Дегенмен, адам да, қоғам да ең әуелі бүгінгі күн аясында ғұмыр кешеді ғой. Тіл бұзарлықтан құтылудың, шын мәнісіндегі, тым құрса орташа сауатқа жетудің қандай жолдары бар? Оқу, білім, үйрену, тағы тағылар деп бас ауыртпайын. Ең оңай жолын айтайын. Орысша «Толковый словарь», қазақша «Түсіндірме сөздік» деген бар. Бір томдық және көп томдық. Біздегі бір томдық мен елде жүргенде, 1999 жылы басылып шықты. Сарапшы ғана емес, жартылай редактор ретінде қолжазба нұсқаның толымды бір бөлігін қадағалап, пікір, кеңес айтуға тартылып едім, менімен қатар белгілі жазушы Қабдеш Жұмаділов, тәжірибелі аудармашы Нияз Сыздықов қатынасқан. Тіл білімі институты дайындаған еді. Қазақ тілінің біршама толымды тізбегі – 50 мың сөз қамтылыпты. Ойдан құралмаған, қазақ әдебиеті нұсқаларынан айғақты мысалдар негізінде. Қайырсыз «қайманадан» бастап, бірталай сөздің дәлме-дәл, нақты мағынасын оп-оңай табасыз. Бұдан гөрі күрделірек және артық сенімді – он томдық «Түсіндірме сөздік» және бар. 1970–1980 жылдарда шыққан. Ғылым Академиясы Тіл білімі институтының Сөздік бөлімінің тура ширек ғасырлық тыңғылықты, бажайлы жұмысының нәтижесі. Қазақ лингвистикасының үлкен маманы, ана тілінің білгірі академик Ақмәди Ысқақовтың басшылығымен жүзеге асырылған. Кез келген атау сөздің нақты анықтамасы мен соған сәйкес бірнеше мысал – белгілі әдеби нұсқалардан алынған дәйекті және әрқилы қолданыс айғақтап көрсетіледі. Бұл он томдық кейінгі бір жылдарда толығып, қайыра басылыпты деп естимін. Рас болар. Негізінен осы көптомдыққа жүгінген жөн. Ол қолға түспесе, манағы бір томдық тұр. Бәлкім, ол да жаңадан басылған шығар. Мүмкіндігінше, дүниеден үмітті әрбір жазарманның қолында тұрса артық емес.
Мен өзім Шыңғыстау, Сары-Арқа – алаштың ежелгі лұғатының қаймағы бұзылмаған қалың ортасында туып, өстім, көз ашқан кезімнен, ескілікті ертегі, аңыз, көне эпос, қисса-хикаят үлгілерін тыңдап, зердеме құйып, өспірім шағымда халық әдебиеті нұсқаларын, бұрынғы-соңғы елеулі жазушылар шығармаларын мұқият оқу, ақыр түбінде Түрік қағанаты заманынан басталатын қадыми мұраларды игеру, Шағатай әдебиетінің ұлағатын байыптау, бұрнағы ақын, жыраулар шығармаларын зерттеу, Ғылым Академиясының архивіндегі қолжазба ескерткіштерді қарастыру, тіпті, туыстас татар, қырғыз, ноғай, қарақалпақ әдебиетіне үңілу – тынымсыз, табанды ізденіс нәтижесінде, ана тілім – қазақ тілін мүмкін болған ең жоғарғы шегінде біліп шықтым деп ойлаймын, соған қарамастан, күні бүгінге дейін, әлденендей күмән туған, тіпті, анықтай, жеткере түскім келген жағдайда осы «Түсіндірме», және де «Аймақтық» һәм «Синонимдер», Абай мен «Абай жолы» сөздіктеріне жүгініп отыратыным бар. Қанша жетіктім десең де, қисапсыз бай туған тіліңнің қадір-қасиетін тани түсесің, барыңа сенімің артады. Қашанда білместік – ең үлкен айып емес, білуге ұмтылмау айып. Манадан бері біз санамалап өткен жаңсақ қолданыстар – түзетілуі оп-оңай кінәрат еді, аз-маз талап қылса. Амал жоқ, көпе-көрнеу жағдаяттар төңірегінде осыншама таусылып сөйлеуге мәжбүр болдық.
Мұхтар Мағауин
Америка Құрама Штаттарынан. Көкек, 2016,
«Жас Алаш» газеті