Руханият

Қазақ жеріндегі ойрат мұралары

Шыңғыс хан империясы құрамында Солтүстік Моңғолдары (Халка) қырық түменді құраса, ал Батыс Моңғолдары (Жоңғарлар) төрт түменді құрап, олар төрт Ойраттар аталды. Негізінен олар ірі төрт ру елден құралды (Торғауыт, Хошауыт, Дүрбіт, Чорос).  Олар дербес хандық құрып (1635-1758), біртіндеп жер көлемдерін ұлғайта бергендігі тарихта мәлім. Жоңғар нояндары Даваци мен Әмірсана арасындағы таққа таласудан туындаған текетіресті Цин империясы тиімді пайдаланып, әлемдік тарихта көшпенділердің ірі этносаяси бірлестігін құраған хандықты күйреткендігі белгілі. Олар діні мен тілі біздерден өзгеше болса да жаз жайлауға, қыс қыстауға көшіп дегендей, мал шаруашылығымен айналысқан қойы қоралас, киіз туырлықты қоңсымыз еді. Екі «алыптың» арасында біздің бабаларымызбен іргелес болған  Жоңғар хандығын қазақ руларымен сабақтастыра зерттесек, өз тарихымыздың да қоржынын толтыра түсетіндігіміз даусыз. Қазіргі Қазақстан аумағының көптеген жерлерінің кезінде Ойрат көшпенділерінің билеп-төстеп, көшіп-қонып жүргендегі кезеңінен сақталған түрлі тарихи-мәдени мұралар, жер-су атаулары жетерлік. Олардың дәуірін қамтитын  ғылыми еңбектерден бөлек, сол кезеңді  бейнелейтін аңыз-әңгімелер де баршылық.

1999 жылы Ресей Ғылым академиясы  Санкт-Петербург Шығыстану институты бөлімі ғылыми кеңесінің құптауымен жарық көрген «Айдың жарығы» (Лунный Свет) кітабының алар орны ерекше. Одан 1638-1691 жылдар арасындағы ойраттар өміріндегі түрлі діни, саяси, мәдени оқиғалармен қатар біздерге де қатысты тарихи жағдаяттардан хабардар боламыз. Негізінен шығыстанушыларға аталған қолжазба 1847 жылдан бері белгілі болған, түрлі дәрежелерде аударылып, бірнеше рет жарияланған. Сол аудармалардың толыққанды нұсқасы ойраттардың көсемі Зая Пандитаның туғанына 400 жыл толуына орай жарық көрген еңбек болып табылады. Тарихи ғұмырнаманы XVII ғасырдың аяғынан бастап есімі әйгілі Тибет ламаларымен қатар Халка моңғолдарына, төрт ойратқа аян болған ойраттардың рухани және саяси көсемі Зая Пандитаның (1599-1662) өлімінен кейін ізін жалғастырушы, дарынды шәкірті Раднабхадра ойрат жазуымен жазып қалдырған.

Ғұмырнама кейіпкері Зая-пандита Намхай-Джамцоның (пандита-санскрит1 сөзі, «ғалым». Будда ілімінің толық курсын бітіруші дәрежесі) руы ойрат төрттігінің бірі Хошауыт ішіндегі Гурочин феодалдық бөліміндегі Шангас елі. Атасы Конкуй-Заячи есімі кемеңгерлігімен ойраттарға танымал болған. Өзі әкесі Бабаханның сегіз ұлының бесіншісі болыпты. Тәңірге (тэнгри – санскрит сөзі Деваның моңғолша аудармасы, көктің билеушісі) табынушылықпен қатар, пұтқа табынушылықты шала-шарпы меңгерген қандастары арасынан ең алғашқы болып 17 жасында монахтық тыңдаушы банди қатарында Будда дінінің қыр-сырын терең ұғынуға пұтқа табынушылар орталығы Тибетке аттанады. 22 жыл бойы ол жақта діннен өзге де, философия, астрономия, география, медицина салалары бойынша білімін жетілдіріп, қырық жасында  Рабджамба дәрежесімен 1639 – қоян жылының күзінде Тарбағатай қырқасының солтүстік баурайындағы Харбага (қазіргі Қарғыба) өзенінің бойындағы Очирту тайшы билігіндегі руластарына оралады.  Тибетте оқып жүргенде өзі қатарлас ізденушілер арасынан дарыны мен ойы оқ бойы озық оны «аспанда жұлдыздар көп болғандығымен, айдың сәулесінің жарығырақ» екендігіне балаған ұстазы Далай ламаның:  «Сен монғолдарға оралып, киелі кітаптарды аудар, дінге де, тірі тірлік иелеріне де пайдаңды тигіз!»  деген аманатын бұлжытпай орындады. Философиялық ойға бай, тұңғиық ойлы кітаптарды аударумен қатар Будда дінінің ламалық «сарытелпектілер» ағымын қандастарына терең сіңірді. Куку-нор (Халка) көлінен бастап Еділдің жағасын жайлаған қандастары арасындағы түрлі діни, дәстүрлік шаралардың басы-қасында жүрді. Діннің құдіретін терең ұғындыра білгендігі соншалық, ел билігіндегі елеулі тұлғалар фанаттық көзқарасқа беріліп, тірісінде мыңғырған малын Қытайға апарып сатып, түскен қаржыларын Тибеттегі монастырларға сыйға тартып, олардағы тәлімгерлерге көмек көрсетіп, апарғандарына қарай түрлі атақ-даңққа қол жеткізсе, өлгеннен соң күлдерін де сый-сияпатымен сол жаққа жеткізуді үрдіс қылған (қытай қарабақырлары. 1-суретті қараңыз).

Оның негізгі сүбелі еңбегі 1648 жылы Хошауыт князьдері Абылай тайшымен, Эрдеени Баатур қонтайшының сұранысымен ескі моңғол алфавитін негізге ала отырып құрастырып шығарған Ойрат жазуы – Тодо Бичиг(«Ясное письмо» біздерде «айқын жазу» – «төте жазу» болып аударылып жүр) болып табылады (2-суретті қараңыз).(Ойрат жазуы мен тілін, Абылай ханның шағатай түркі тілімен қатар толық меңгергендігін және аталған жазуды Жоңғар хандарымен, Цин империясы билеушілерімен арадағы хат арқылы қатынасуға қолданғандығын танымал ғалым И.В. Ерофеева «Қазақ хандары мен сұлтандарының ХVII ғасырдың аяғы мен ХІХ ғасыр ортасы аралығындағы хат түрінде жазылған мұралары» атты еңбегінде айтып өткен. «Қазақстанның мәдени мұраларының қалыптасуына көшпенділердің қосқан үлесі» мақалалар жиынтығы. Алматы. Print-S. 2010). Аталған еңбектің қосымшасында Абылай-ханның 1757 жылы Цин императоры Цяньлунға ойрат төте жазуымен  жазған хатының фотокөшірмесін беріпті).

Өзге дін өкілдеріндегідей, оларда да киелі қалаларға, монастырларға, жалпы дінге байланысты берілетін адам есімдері көбейген. Ел билеген жылдары (1727–1745) хандықты нығайтқан Галдан Цэреннің есімі де Тибеттегі осы аттас екі монастырға байланысты қойылған сыңайлы. Өмірдеректен біздер ойраттардың маңызды мерекесі  «Цаган сар» – мен («ақ ай», ақпан айымен тұстас келетін  жаңа жыл мерекесінің тойлануы) қатар басқада орын алған елеулі оқиғалардың қай жерде болғандығын баяндалуынан сол кезеңдегі жер-су атауларының қалай аталғандығынан мол мағлұмат аламыз. Мысалы: 56 беттегі «1642 – жылқы жылы [Зая Пандита] моңғолдардан ойраттарға оралды және Бугаш [өзені] бойында Очирту тайшыда қыстап шықты. Сол жерде ол Цаган сар [мерекесіне] байланысты барлық діни және дәстүрлік ғұрыптарды өткерді. Ол жерден 1643 – қой жылы дүрбіттер өздеріне шақырды» дегеніндегі аталған Бугаш өзені, қазіргі ШҚО Тарбағатай ауданындағы ежелден қыстау орны Доланқара жотасының етегінен ағып өтетін жоғарыда аталған Қарғыба өзені маңындағы Боғас өзені. Аталған жотаның сайларындағы сақталған бірнеше қалмақ қораларының жанындағы тастардағы тибет  жазуымен жазылған будда дінінің әйгілі алты буынды мантралары сол дәуірдің естеліктері болып табылады (3-суретті қараңыз).

Ақиық ақын Мұқағали: «Аякөз-деген-аядай бұлақ деседі.

Жұрттарда қалған жұмбақты кімдер шешеді?» деген жырындағы Аякөз өзені қалмақ дәуірінде Айгуши-аталыпты.

Енді аталған еңбектегі басқа да аталатын жер-су атауларына тоқтала кетсек. Шарын  (Зари), Бақанас  (Баханас), Қаратал  (Хара-Тала), Көксу  (Куку-Усун), Ақсу (Цаган-Усун), Лепсі (Лэбши), Қалжыр  (Худжир), Үржар  (Ур және Яр) деген екі өзеннен құралған , Еділ (Эдзиль), Жайық   (Зай), Баянауыл (Баян-Ула), Қаражыра (Хара-Аджирга) т.с.с. Аталған жер-су атауларында кімнің тілін кімнің бұрмалағандығы толыққанды зерттеуді қажет етері сөзсіз. Ал Зайсан ойпатындағы Шорға өзені қалмақ дәуірінде «Тэмур-Цорго» аталып, ол монах дастарқандарына қымыз жеткізуге арналған «темір түтікше» деген мағына береді. Әңгімеге арқау болып отырған Ойрат төте жазуымен жазылған тастағы жазбалар Жетісу жеріндегі Ұзынқара (Кетмен) қырқасының  баурайындағы Кеген-арасан (рашан-санскрит сөзі, моңғолша дыбысталуы аршан, шипалы су ), Теректі өзенінің бойында сақталғандығы ғылымда бұрыннан белгілі.

Солардың ішінде Іле Қапшағайының (моңғолша Илийн хабцагай – аудармасы Іленің арнасының тарылған жері, шатқалы) «Тамғалыөткел» өткелі тұсындағы ағыстың оң жақ қапталындағы тік жартастардағы көшпенді пұтқа табынушылардың қалдырған түрлі жазба-сызбаларының алар өзіндік ерекше орны бар. Ғылымда «Тамғалытас»  атауымен белгілі «ашық монастырды» 1856 жылы алғашқы ғылыми зерттеуші Шоқан Уәлиханов болды. Аталған тарихи орында буддалардың суреті, Тибет жазуымен жазылған дұғалықтармен қатар аудармасында тарихи мәні бар ойрат төте жазуымен жазылған жазбалар сақталғандығы ғылымға мәлім.

2 сурет. Ойрат жазуының үлгісі(жоғарыдан төмен, яғни тігінен жазылады)

2 сурет. Ойрат жазуының үлгісі(жоғарыдан төмен, яғни тігінен жазылады)

3 сурет. Екі қатар тибет жазуымен жазылған «ом-ма-ни пад-мэ-хум» деп оқылатын пұтқа табынушылардың құдіретті мантрасы. (бұл сурет ғылыми еңбектерде басылған)

3 сурет. Екі қатар тибет жазуымен жазылған «ом-ма-ни пад-мэ-хум» деп оқылатын пұтқа табынушылардың құдіретті мантрасы. (бұл сурет ғылыми еңбектерде басылған)

Жоғарыда аты аталған атышулы Әмірсана өзінің тегін «Цаган туг хойт» деп түсіндіреді. Онысы Шыңғыс ханның «ақ туын ұстаушы хойттармыз» деген мағына беретінін ескерсек және жоғарыда біразы аталған күнделікті қолданыстағы сөздерді саралай келсек, орыс зерттеушісі Аристовтың: «Алтайлықтардың тілі «тамырын тереңнен алғанда таза түркі тілі»; бірақ оларда ұзақ уақыт қалмақтарға көршілестігімен, тәуелділігінен еніп, түркі тіліне ырықтандырылған моңғол сөздері көптеп кезігеді» [ОИГҚ 1896. 339-бет] дегені растала түседі. Тілден бөлек көшпенді көршілерімізден сіңіскен әдет-ғұрыптар да байқалады, олар жайлы бөлек әңгіме.

Серікбосын САЙДЫҒАЛИҰЛЫ, Тарихи-өлкетанушы
АЛМАТЫ


Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

*