Бүгін Алматыда «Қазпочта» АҚ Алматы қалалық орталық филиалында атақты Абайтанушы ғалым, ақын, жазушы, аудармашы Қайым Мұхамедхановтың 100 жылдығына орай, «Естелік және мерейтойлық күндер» сериясы бойынша «Қайым Мұхамедхановтың туғанына 100 жыл» тақырыбында пошталық марка айналымға шығарылды.
Ізгі шараға Қайым Мұхамедхановтың туыстары, солардың ішінде қызы Дина Мұхамедханова, ақын Маралтай Райымбекұлы, Абайтанушы ғалым Серікқазы Қорабай қатысты.
«Биыл ұлы ғалым, ақын, жазушы, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Қайым Мұхамедхановтың 100 жылдығын атап өтіп жатырмыз. Осыған байланысты арнайы марка шығардық. Бұл Қайым Мұхамедхановтың еңбектерін насихаттау ғана емес, бұл сондай-ақ, патриоттық шара. Осындай ұлы тұлғалардың өмірі мен өнерін үлгі тұта отырып, бүгінгі жастарды патриоттық, ұлттық рухта тәрбиелеу», – деді «Қазпочта» АҚ Алматы филиалы директорының орынбасары Әділбек Момынов.
Осыдан кейін маркаға мөр басу құрметі М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты Абайтану бөлімінің меңгерушісі, профессор Серікқазы Қорабайға бұйырды. Ол марка жапсырылған бірнеше конвертті алдына алып, маркалардың шетіне мөр басып шықты.
«Бүгінгі күн халық жадында қалатын ерекше күн. Осы марка арқылы енді Қазақстан халқы ғана емес, шетел жұртшылығы да қазақтың осындай ұлы ғалымы болғанын білетін болады. Қайым Мұхамедханов қазақ халқының мәдениетінде, әдебиеттану саласында өшпес із қалдырған ұлы тұлға. Алаштың ақырғы абызы», – деді өз сөзінде профессор Серікқазы Қорабай.
Өз кезегінде Қайым Мұхамедхановтың қызы Дина Мұхамедханова әкесінің 100 жылдығы бүкілхалықтық шараға айналғандығын жеткізді.
«Тұңғыш» деген сөз Қайым Мұхамедхановтың есімімен тығыз байланысты. Ол тұңғыш рет – 1940 жылы Семейде Абай музейін ашты. Ол тұңғыш рет – 1945 жылы Қазақ КСР-інің алғашқы Мемлекеттік әнұранын жазды. Ол бірегей мәтінтану маманы. Ол мәтінтану әдістері арқылы Абай мен Шәкірімнің және басқа да тарихи тұлғаларымыздың түпнұсқалық сөздерін жаңғыртып, халқына ұсынды. Әкем Алашорда кезеңіндегі бірегей мәдениеттанушы ғалым», – деді ол.
Айта кетелік, пошталық маркада Қазақстан Республикасы мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ғалым, ақын, жазушы, драматург, аудармашы, Абайтану мен Шәкәрімтанудың ғылыми негізін қалаушы, қоғам қайраткері – Қайым Мұхамедханов бейнеленген. Ол Қазақ ССР-ның (1945ж.) Мемлекеттік әнұраны мәтінінің авторы, Ұлы Отан Соғысына қатысушы.
Пошталық марканың номиналы – «С» литерлі (218) теңге Қазақстан Республикасы аумағында жерүсті көлігі арқылы салмағы 20 граммға дейінгі тапсырысты хаттарды жөнелтуге арналған тарифке сәйкес келеді. Таралымы – 2 500 000 дана.
Пошталық марканың басылымы офсеттік, 2 бояумен, шетіндегі ойықтар ирек тісті. Шығарылу түрі – маркалық бет. Бір бетте – 105 марка. Беттегі марка өлшемі – 26Х18 мм. Суретші – Сергей Маршев. Пошталық маркалар «Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Банкноттық фабрикасы» республикалық мемлекеттік кәсіпорнында басып шығарылған.
Бүгін сонымен қатар, Астанада «Қазпочта» АҚ-та қоғам және мемлекеттік қайраткерлері – Әлихан Бөкейханов пен Ыбырай Алтынсаринге бағышталған маркалар да айналымға шығарылды.