Биыл белгілі дін ғұламасы, қоғам қайраткері, Құранды тұңғыш қазақ тіліне аударған бірегей тұлға Хаифа Алтай Ғақыпұлының 100 жылдығы. Атаулы мерейтойға орай, республикамыздың жер-жерінде өзіндік мән-маңызға ие шаралар ұйымдастырылып, тұлғаның тұғырын биіктетуге арналған алқалы жиын, басқосулар өтуде. Солардың бірі Түркілердің рухани астанасы саналатын киелі Түркістан шаһарында болды. Алқалы жиын, ауқымды шараның негізгі ұйымдастырушысы әрі қаржылай қолдау көрсеткен “Ер Жәнібек” халықаралық қоғамдық қоры.
Іс-шара ең алдымен қонақтардың Ахмет Ясауи кесенесіне зярат жасауымен басталды. Шараға алыстан арнайы келген қатысушылар кесене ішіндегі баба қабірі жатқан бөлмеде құран бағыштап, дұға-тілек жасады. Шараның келесі кезеңі Ахмет Ясауи атындағы Түркістан қалалық орталық мешітінде өткен бала қарилар арасындағы Құранды жатқа оқу жарысының қорытындысын шығару еді. Қатысушылар енді солай беталды. Қонақтарды аталған мешіттің бас имамы Омар Көпеков бастаған мешіт ұжымы қарсы алды. Құран жарысына қаладағы үлкенді-кішілі меішт-медресе шәкірттері қатысып, соңғы шешуші жарысқа оннан астам қари іріктеліп шыққан екен. Ендігі бәсеке солардың арасында өтті. Жарысқа Ясауи мешітінің найб имам Сүлеймен Қари Молдатілеуұлы және Алматыдағы Алатау ауданына қарасты Байбесік кентінде орналасқан «Ер Жәнібек» мешітінің найб имамы Аюб Қалмет қатарлы дін өкілдері қазылық атқарды.
Тартысты өткен бәсекеде қазылар Құран сүрелерінен оқып, оны қатысушылар ары қарай жалғастырып әкетіп отырды. Ең кішісі 7 жастағы бала қарилар бір-бірінен қалыспай, мүдірмей, өз өнерлерін көпке пәш етті. Соңында оза шыққандар анықталды. Жүлдегерлерді түстен кейін өтетін танымдық конференция соңында марапаттайтын болып, жарыс өз мәресіне жетті. Халифа Алтайды еске алуға арналған танымдық конференция Ясауи университетінің Мәдениет үйінде өтті. Емтихан уақыты болғандықтан, конференция шағын залда өткізу жоспарланған екен, алайда қатысушылардың көптігінен конференция орны тез арада үлкен жиын залына ауыстырылды. Конференция Халифа Алтай жайлы деректі фильмді көрстеуден басталды. Зал толы студенттер, ұстаздар және өзге де қонақтар фильм арқылы ғұламаның тар соқпақ, тайғақ кешуге толы өмір жолына қанық болды. Сондай-ақ, Халифадай тұлғаның Қазақстан тәуелсіздігін алғанын естігендегі қуанышты сәтіне бірге әсерленіп, тіпті көзіне жас алғандар да болды.
Конференцияның беташары Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары Талғат Асылұлы Мамашевтың құттықтау жеделхатын оқумен басталды. Ары қарай сөз Түкістан қаласы әкімінің орынбасары Ғани Рысбековке берілді. Ғани Құрмашұлы Халифа Алтайдай тұлғаның орны мен елге сіңірген еңбегіне тоқталып, бүгінде ғұламаның ардақталуы, мерейтойының лайықты деңгейде өтіп жатуы көңілге қонымды, ел мен ұлт мүддесі, руханият сабақтастығы үшін аса маңызды екенін атап өтті. Сөз соңында әкімнің орынбасары осы жолғы іс-шараға елеулі ат салысып, үлес қосқан азаматтарды қала әкімшілігі атынан алғыс хатпен марапаттады. Сондай-ақ, Халифа Алтайдың баласы Абдурахимға шапан жапты.
Келесі сөз кезегі осы реткі шараның ұйымдастырушылардың бірі әрі тікелей қолдаушысы «Ер Жәнібек» халықаралық қоғамдық қорының президенті Жеңіс Түркияға берілді. Қор президенті Халифа Алтай сынды ірі тұлғаны еске алу, мерейтойына атсалысу бүгінгі ұрпағы үшін парыз екеніне тоқталды. Есімі түркі жұртына таныс дін қайраткерінің қажырлы еңбегі, дара тұлғасы бүгінгі жас ұрпаққа өшпес үлгі, биік өнеге болатынына сенім білдірді. Айта кетейік, «Ер Жәнібек» халықаралық қоғамдық қоры алғаш құрылған күннен бері түрлі деңгейдегі рухани-мәдени шараларға қолдау көрсетіп келеді… Осыдан біраз бұрын ҚМДБ Өскемен өкілдігінің ұйымдастыруымен Өскемен қаласында өткен Халифа Алтайды еске алу шарасына да өз үлесін қосқан болатын. Конференция Мемлекет тарихы институтының жетекші ғылыми қызметкері тарих ғылымдарының кандидаты Құндызай Ерімбетованың «Қазақтың тектілік феномені (Халифа Алтай мысалында)» атты баяндамасымен жалғасты. Астанадан арнайы келген қонақ, өз тақырыбын кеңінен ашып, Халифа Алтайдың бойындағы тектілік пен дегдарлық мінезді сәтті мысалға келтірді. Алматыдан арнайы шақырылған Абдурахим Халифаұлы да әкесі туралы әсерлі естеліктерімен бөлісті, Халифа Алтай әулетінің қазіргі ұрпақтары туралы да мәлімет айтты. Түркістандай қасиетті қалада осындай ауқымды шара ұйымдастырып жатқан ұйымдастырушыларға әулеттері атынан рахметін айтты. Бүгінде ғұламаның ұрпақтары Қазақстан, Түркия, Франция қатарлы елдерде өмір сүріп жатыр. Сонымен қатар, конференцияға арнайы шақырылған қонақтардың бірі – ҚМДБ жанындағы ақпараттық түсіндірме тобының мүшесі Арман Қуанышбаев та сөз алып, дін мен дәстүр сабақтастығы жайында жастарға толғамды ой айтты. Әредікте университет студенттері Үмітбек Бағдат, Нарқұлан Райхандар арнау өлең оқыса, Түркістан қалалық өнер мектебінің оқытушысы Аязбек Рустамов Халифа Алтайдың туған жеріне сағыншыты жүрегінен шыққан «Қайран Алтай» әнін әуелете орындады.
Конференция соңын Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік университетінің вице-президенті, профессор Бақытжан Мұхаммеджанов қорытындылады. Бақытжан Қалжанұлы ұйымдастырушылардың бірі ретінде келген қонақтарға рахмет айтты, сондай-ақ шараға демеушілік жасап, атсалысқан азаматтарға сый-сияпат білдіріп, университет атынан алғыс хат табыстады. Конференция соңында құран жарысының жеңімпаздары марапатталды. Бірінші орынды 7 жасар бала қари Мұстафа иеленіп, «Ер Жәнібек» халықаралы қоғамдық қорының жүлдесін еншіледі. Өзге қатысушылар да рет-ретімен марапатталды. Айта кетерлігі, «Ер Жәнібек» Қорының президенті Жеңіс Түркия кезектен тыс белгіленген екі номинация иегері – бала қариларға өз атынан жүлде берді.
Конференция соңын Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік университетінің вице-президенті, профессор Бақытжан Мұхаммеджанов қорытындылады. Бақытжан Қалжанұлы ұйымдастырушылардың бірі ретінде келген қонақтарға рахмет айтты, сондай-ақ шараға демеушілік жасап, атсалысқан азаматтарға сый-сияпат білдіріп, университет атынан алғыс хат табыстады. Конференция соңында құран жарысының жеңімпаздары марапатталды. Бірінші орынды 7 жасар бала қари Мұстафа иеленіп, «Ер Жәнібек» халықаралы қоғамдық қорының жүлдесін еншіледі. Өзге қатысушылар да рет-ретімен марапатталды. Айта кетерлігі, «Ер Жәнібек» Қорының президенті Жеңіс Түркия кезектен тыс белгіленген екі номинация иегері – бала қариларға өз атынан жүлде берді. Шара аясында жас зерттеуші, өмірден ерте кеткен марқұм Ербол Райханның кітап бұрышын ашу рәсімі өтіп, лентасы қиылды. Шараға белгілі дінташуы Мұхан Исахан да қатысты. Осы реткі шараны ұйымдастыруға белсенді атсалысқан азаматтың бірі Нөсербек Жанәділ жалпы іс-шараның мән-маңызы туралы айта келіп, жас зерттеуші Ербол Райханның өмірі мен атқарған еңбегі туралы айтып берді. Бұл реткі жиын соңы университеттің асханасында 500 студентке арнап жайылған ас дастарқанымен аяқталды.
Осылайша, өмірдің небір тауқыметін көріп, жат ел, жат жерде азапты күндер өткізсе де, ақыры Атажұртына оралып, туған елінің дәмін татып, ықыласына бөленіп, топырағын жастанып жатқан ғұламаның есімі тағы бір ұлықталып өтті. Есімі ел жүрегінде сақталған тұлғаның аты әлі де ардақтала бермек. Сөз соңында айтарымыз, Халифа Алтайға тарих өз бағасын берген адам. Қазақтың біртуар ұлы, Дінмұхаммед Қонаев «Өтті дәурен осылай» атты ғұмырнамалық естелік кітабында Халифа Алтай туралы былай деген екен. «Бірде Құранды қазақша тәржімелеген белгілі аудармашы Халифа Алтай сәлем бере келді. Ұзақ отырып әңгімелестік. Өмірден көргені де, көңілге түйгені де көп, дүниеге сергек көзбен қарайтын зерек кісі екен. Адамгершілік жолын, ізгі қасиеттерді, адамдардың рухын нәсихат ететін әңгімелері көкейге қонды. Тәрбиелік мәні бар сөздер. Ел ішінде осындай зиялы азаматтардың болғаны қандай ғанибет. Халифа Алтай екі нәрсені – қазақ тіліне өзі аударған Құран мен жайнамазды сыйлады. Мен оларды қастерлеп төріме қойдым». Міне, бұл Халифа Алтайдай тұлғаға берілген әділ де орынды баға болмақ!
Дереккөз: The Qazaq Times