Мұтафа Өзтүрікітің үлкен нағашысы әйгілі палуан, Шақабай батырдың ұрпағы Қайысбай Иісұлы. Тарихта өткен ірі тұлғалардың өмірін зерттеп-зерделегенде «жақсыдан жақсы туар» немесе «ер тағайына тартып туады», «тегінде бар» деген секілді сөздер қолданады. Бүгінгі медицина ғылымының биологиялық-гендік талдаулары да бұл тұжырымды растайды.
Шақабай батыр Есентайұлы тарихта өткен ірі тұлғалардың бірі. Ол ірі болмаса тұтас бір елдің ұранына айналмас еді. Сол үшін де халқы Шақабай батыр рухын әспеттеп, өлгеніне 250 жыл шамалы болса да күмбез қорғанына әліге дейін тәу етіп, атын ардақтап келеді. Міне, бүгінгідей конференцияның ұйымдастырыулы да сондай ел жүрегінен орын алғандығының бір белгісі емес пе.
Шақабай батыр ұрпақтарынан әйгілі болғандардың ішінен біз Халифа Алтай, Дәлелхан Жаналтай, Лұқпан Бадауамов, Нұрғожай батыр Моламанұлы сияқты ірі тұлғаларды білеміз. Ал бүгінгі тақырыпқа орай әлемдік қара белбеу иесі Мұстафа Өзтүріктің де сол Шақабай батыр ұрпақтарының жиені екенін біліп отырмыз.
Басылымдарда жазылуынша Мұстафа Өзтүріктің үлкен нағашысы әйгілі балуан Қайысбай Иісұлы деген кісі болған екен. Қайыспай Иісұлы, 1866-жылы Өр Алтайдың Сарғусын деген жерінде дүниеге келіпті. 1961 жыл желтоқсанда, Шіңгіл ауданның Бәйшін аталған қазіргі Арал ауылында 95 жасында қайтыс болыпты.
Біздің бала күнімзде арғы беттен жеткен аңыз-әңгімелер мен әдебиеттерден білуімізше Қайыспай балуан өткен ғасырдағы қытай қазақтарынан шыққан әйгілі тұлғаның бірі болған.
Ұрпақтарынң айтуына қарағанда Қайыспай өмірінде ешкімнен беті қайтып көрмеген, ер көңіл, ойына келгенін бүкпей айтатын, бір беткей адам болыпты.
Ол ата жағынан Шақабай батырдың Балықбай атасынан тарайтын 4-ұрпағы. Иістен – Қайыспай, Боранбай екі ағайынды. Қайыспайдан – Кәмәл, Жұніс, Мәди, Әди, Зеинелқабден бес ұл; Зәуре, Заря деген екі қызы болған екен. Заря бертінге деиін Швециядағы кіші ұлы Ақтарқан Демирдің қолында болып 2006 жылы 113 жасында дүниеден озыпты. Ал Мұстафа Өзтүрікке келсек, оның әкесі Кәбен Қайыспай балуанның қызынан туған жиені болып, Мұстафа – балуанның жиеншары болады. Батыр балуандар жайлы сөз болғанда қазақта көбінесе мұндай тектілік күш нағашы жағынан келеді деп жататын бір ұғым бар.
Қайыспай балуан 1935 жылдар шамасындағы Алтай-Баркөлден ауған ел қатарында Гансу-Чиңхай жері арқылы Елсіхан батырдың көшіне ілесіп, 1941 жылы Үндістан-Пәкістанға өткен. 1943 жылы Елсіхан батыр қайтыс болған соң Қайысбай балуан, Қасен батыр, Шәмши бастаған бір бөлім ел көрмеген азапты көріп, артқа қайта қайтып, Гималайды екінші рет асып, арттағы елге қайтады. Дәм бұйырып туған ел-жұртына қосылады.
Қасен батыр болса мұндағы жағдайдың мәз еместігін көріп, Қалибек Хакім, Құсайын, Солтаншәріп еліне жол бастап Гималайды үшінші рет асып, Үндістан-Пәкістанға қайта жол тартады. Сол ұзақ сапар көш ақыры Түркияға жетіп тоқтайды. Осы соңғы көштің құрамында келген Кәбеннен туған Мұстафа әлемге әйгілі қара белбеу иесі болып шығады.
Алғашқы көш және көш бойындағы Қайысбай балуанның ерекше ерлік-батылдығы жайында Жәди Шәкенұлының «Қаралы көш» романында айтылады.
Ендеше, тарих сабақтастығы, тектілік сабақатстығы – аталар дәстүрі ретінде ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келеді.
Біздің бүгінгі аталар рухын жаңғыртуыымздың өзі ұрпақтар бойына осы асыл қасиетті дарытып, олардың ел мен жерге еңбек ету идеясын одан ары көтеру болып табылады.
Сөз орайына қарай Мұстафа Өзтүріктің өміріне азырақ тоқтала кетсек, оның қазақ халқына сіңірген еңбегі аз болған жоқ.
Гималай асқан қазақтар Түгелімен түркияға барып отырақтанған 1954 жылы Мұстафа дүниеге келеді. Әке-шешесі баланы мектептен кейін Тайвань Университетіне жібереді. Халықаралық-журналист мамандығы бойынша университет дипломымен бірге Мұстафа Өзтүрiк таэквондодан 6-шы Дан сертификатын алады. Алты ұлттың тілін меңгереді. Бұл таэквондодан барша мұсылман әлеміндегі алғашқы әрі соңғы жоғары дәреже еді. Осылайша ол аңызға айланады. Жұмыс істеуге ол Германияға көшіп барып Мюнхен қаласында таэквондодан өз мектебі – «Мұстафа мектебін» ашады. Осындай мектеп Ыстамбұлда да ашылады.
Тәуелсіздіктің бастауында азаттықтың алғашқы қарлығаштарының бірі болып ата жұртына оралып, қазақ жастарына шығыс жекпе-жегі – таэквондо спортын үйретіп, әр қазақтың жүрегіне жол тапты.
Ол осы спорт түрінен Республикалық федерация құрып соның президенті болды. Сосын ел тарихында алғаш рет таэквондистерді халықаралық жарыстарға Түркияға және Америкаға апарып сол жақтардан ірі жеңіспен оралды.
«Мен әлемді көрдім, – дейді екен Мұстафа, – енді өз елімді көрдім. Несін айтасыз, үлкен айырмашылық. Сондықтан еліме өз біліміммен, күшіммен көмектесу үшін елде қалуға шештім». Және де: «Шетте жүріп, батыр болам десеңіз, еліңді сүй» – деген сөзді үнемі айтып жүретін болған.
Батыр тұлғалы баһадүр ұл 1995 жылы 15 наурызда Алматыда көз жұмды.
Ел-жұрты есімін ардақтап 2000 жылы Алматы қаласында Өзтүрік Мұстафа атына көше берді, ескерткіш қойды. 2004жылы Өзтүрік Мұстафаның 50 жасқа толған мерейтойы қарсаңында Алматы облысы Талғар ауданы Бесағаш ауылындаескерткіші ашылды.
Өткен ғасырдың қанды балақ жылдарында Елсіхан Әліпұлы бастаағн көшпен Гималай асқан Қайсбай бауан және сол жолда шаһид болған талай батыр бабалар рухы еліне Мұстафа Өзтүрік болып оралып, өзінің өшпес ізін қалдырды.
Кешегі Абылай қосынында батыр сардар болған Шақабай батырдың бір тамшы қанын болса да бойына дарытқан үрім-бұтағы осылайша алтын арқауымыздың үзілмес бөлшнгі болып, елі мен жеріне өз үлесін арнады.
Осы рух тұрғанда қазақ халқы өзінің биігін ешқашан жоғалпайды. Ерлердің ерлік сабақтастығы бүгінгі буынға үлгі-өнеге болса, онда тұығырымыздың берік боғаны.
«Шақабай батыр және оның ұрпақтарының ерлік іздері атты» атты конференция орайында жазылған менің бұл мақалам ұлтымыздың осындай ізгілік, батырлық арқауын болашақ ұл-қыздардың бойына дарыту мақсатынан туындап отыр.
Пайдаланылған әдебиеттер:
Қайысбай балуан хақында жазылған мақалалар.
Мұстафа Өзтүрік жайындағы Несіп Жүнісбай естеліктері.
«Шақабай батыр» шежіресі.
Құныпия АЛПЫСБАЕВ
Филология ғылымдарының докторы, профессор