11 сәуір күні Астана қаласында әлемге әйгілі спорт шебері, Қазақстанда таэквандо мектебінің негізін қалаушы Мұстафа Өзтүріктің 60 жылдық мерейтойына арналған «Қазақстан-Түркия достық кеші» атты Түркия қазақтарының концерті өтеді.
Спорт саңлағының 60 жылдық мерейтойына орай өтетін Түркия қазақтарының концертінде Алтайдан ауып Анадолыға жеткен қазақтың ән-күйі орындалады. Осы орайда Түркия қазақ диаспорасындағы өнерпаздардың атажұртта өтетін кешіне бастамашы болған, бірнеше жылдан бері Түркия қазақтарының музыка өнерін зерттеп жүрген Мәдениет қайраткері Нұрлан Бекеновқа хабарластық.
«Мен Түркия қазақтарының ән-күйін зерттеу мақсатымен 2011 жылы Ыстамбұлға барған сапарымда Мимар Синан көркемөнер университетінің профессоры Әбдіуақап Қараның жеке мұрағатынан Анадолыға ауған қазақтар арасында күйшілік өнерді жалғаған Сарымолла мен Жармұхаммед атты күйшілердің орындаған күйлерін алдым. Композитор Бешір Ахмет Көсенің әндерімен қоса басқа да ағайындар арасында таралған әндерді әкелдім. Олардың барлығын дерлік нотаға да, оркестрге де түсірдік. Осы жұмыстың қорытындысы ретінде өткелі отырған ән-күй кешін белгілі спорт шебері, Түркияның тумасы Мұстафа Өзтүріктің 60 жылдығымен орайластыруымыздың да мәні бар. Ең алдымен, Мұстафа Өзтүрік Түркия қазақтарынан шыққан белгілі тұлға болса, екінші жағынан осы кеште таэкванда тарланының сөзіне жазылған Ғани Макиннің «Жұлдыздарды тілейсің бе?» атты әні үлкен сахнада тұңғыш рет шырқалмақшы»,-дейді Астана қаласы Мемлекеттік филармониясы Қазақ халық аспаптар оркестрінің дирижері Н.Бекенов.
Концертке Түркия Қазақ қоғамының төрағасы Фазыл Топлы, ғалым Әбдіуақап Қара қатысып, сазгер Бешір Ахмет Көсе, Седат Солақұлы, Сержан Тұнжер қатарлы өнерпаздар ән мен күйден шашу шашпақ. Сондай-ақ, Астана қаласы Мемлекеттік филармониясының ұйымдастыруымен өтетін кештің сәнін ҚР еңбек сіңірген қайраткері Орынбай Дүйсен, Раушан Мұсақожа, Гүлзира Бөкейхан қатарлы танымал өнерпаздар да асыратын болады.
Майгүл СҰЛТАН
baq.kz