Үстіміздегі жылы Ер Жәнібектің туғанына 300 жыл толып отыр. Ел аузында -даңқты қолбасшы, би, шешен, батыр атанған Жәнібекке – Абылай хан бір ауыз сөзбен – «Ер Жәнібек» деп ат қойған деседі. Бауыржан Момышұлы орыс командирлерінің өздерінің бұйрықтарын түсінбеген қазақ жауынгерлеріне ұрсып жатқанының үстінен түсіп, олардың өздерін сапқа тұрғызып қойып, «оңға», «солға» деп бұйрық беріп, жазалаған. Қайрат Рысқұлбековтың «Қазақ деген атым бар, Он сегізде жасым бар, Еркек тоқты құрбандық, Атам десең атыңдар», деп айтуына – осы аталарымыздың үлгісі, батырлығы, өнегесі рух бергені сөзсіз.
Ер Жәнібек (1714 -1792) қазақ елі тарихындағы айтулы тұлғалардың бірі, Абақ керейдің Жәнтекей тармағынан. Жәнтекейден – Сүйіндік, одан -Ерназар, одан – Бердәулет, одан – Жәнібек.
Сыр бойында туып, соңғы өмірі Шығыс Қазақстан өңірінде өткен. Сүйегі де сонда, Қалба тауының бауырында жатыр. Атақты Шақшақ Жәнібек атын қойып, бата берген. Жәнібектің шешесі Қазыбек бидің қызы екен, әкесі Бердәулет ерте қайтыс болған соң, ол нағашыларының тәрбиесінде болады. 14 жасқа келгенде, Қазыбек би батасын беріп, көк дөненді мінгізіп, жауға аттанбақ болған Жәнібекті шығарып салады. Керейдің үлкен қариясы немересінің қолына ырым ғып сары шашақты ақ ту ұстатқан.
Қазақ – қалмақтың қанды айқастарының бірінде Жәнібектің көзі қалмақтардың қоршауында қалған Абылай ханға түседі. Оның аты мертігіп, жаяу қалған екен. Сол кезде Жәнібек ұран салып, қоршауды бұзып өтіп, Абылайға көк дөненін көлденең тартқан. Сонда Абылай: «Қарағым-ай, өзің қайтесің?» дегенде Жәнібек: «Басшысы өлсе, қолдан береке қашады. Мен өлсем қазақтан тағы бір ұл туар» – деген екен. Екінші дерек бойынша, Ер Жәнібек Абылайдың аты мертігіп қалғанда, астындағы көк дөненін көлденең тартқан. Ол мінбей тартынғанда; «Жау өлтіргенше өзім мерт қылайын, мына атқа мінбесең, осы қысталаңда көретін жайың осы», деп қахарлана қылышына ұмтылғанда, еріксіз мінген Абылай, соңынан дөненін қайтарып, құрмет көрсеткен. Осыдан кейін ол Абылайдың қол басшыларының бірі болып, Ер Жәнібек атанған. Ер Жәнібек Абылайханның оң тізесінен орын алып, қазақтың әйгілі батырлары Қабанбай, Райымбек, Бөгенбайлармен бірлікте жоңғар шапқыншыларына қарсы қанды ұрыстардың бел ортасында жүріп, елі мен жері үшін ерен ерлік көрсеткен тарихи тұлға . Батырдың ерлігі Бұхар жырау, Досбер Саурықұлы, Үмбетей жырау, Ақыт Үлімжіұлы секілді ақын жыраулардың өлең жырларына арқау болған. Керей қолына басшылық жасап, Абақ керейлердің ұранына айналып, оларды ата қоныстары Алтайға бастап апарған. Оның ұрпақтары қазір Қытайда, Қазақстанда, Туркияда, Моңғолияда тұрады. Ер Жәнібек ағасы Есіргеместің қызы, өзінің қарындасы Ермекті Тобықты (Арғын) Ырғызбайға (батырлығына риза болып) қалыңмалсыз ұзатқан. Қолбасшы, Би, шешен, батыр Жәнібек қазақ елінің арман – мүддесі үшін күресе білген. Абылай ханның сенімді серігі, оның тапсырмаларын бұлжытпай орындаушы бола білген. Абылай Жәнібекке өз туын, елтаңбасын беріп, қалаған қонысына жіберіп отырған. Жәнібек өзі билеген Керейді орыстың боданы болудан алып қашып, бір кездері Керейлер мекені болған Қытай, Моңғол жеріне бастап көшірген.
Ер Жәнібек туралы екі тарихи роман, оннан астам қисса дастандар, көркем шежірелер, аңыздар мен шешендік сөздер жазылған.
Ер Жәнібектің жауға аттанарда қымыз ішетін шарасы Алматыдағы Республикалық орталық мұражайда сақтаулы тұр.
«Бір күні Қабанбай, Бөгенбай, Жәнібек үшеуі жорыққа аттанады. Бұлардың кім екенін білмей артынан бір жалғыз атты адам ереді де отырады. Үш батыр бір шатқалдың басына барып тынығып жатқанда, жалғыз атты адам да келіп жетеді. Сәлден соң үш батыр аттарын әлгі адамға тапсырады да, өздері жаяу терең шатқа түседі. Түсерінде: Шатқалдан «Жәнібек», «Жәнібек» деген дауыс шықса, аттарды әкел, болмаса осы орыннан қозғалма дейді. Асылында, бұл шатқал бас аяғы тұйық, маңғол батырының ұрлаған жылқыны бекітетін жері екен. Ол дәйім қазақтардың жылқысын шауып әкеліп, осы араға бекітіп, ешқандай жанға күш бермей жатады екен. Талай рет, талай адам келіп, бұл шатқалға түскен жылқыны ала алмай қайтады. Қазақтың жылқысы үшін бұл жер бейне түбі жоқ оппа сияқтанады . Соның үшін, бұл жолы үш батыр бас қосып , әдейі келеді. Келісімен бұлар маңғол батырымен жекпе жекке шығады . Сайысқа ең алдымен жас батыр Жәнібек түседі. Екі батыр бірін бірі ала алмай көп тіреседі. Ақыры, маңғол батыры Жәнібекті алуға айналады. Осы кезде Қабанбай «Жәнібек», «Жәнібек» деп ұран салады. Жәнібектің табиғи жаратылысында көк бөрісі бар адам екен, «Жәнібектеген» айқай шығысымен оның тұла бойына сұрапыл күш кернеп, қайраты тасып кетеді. Жау батырын алып ұрып, қызыл қанға бояйды. Осы кезде әлгі жалғыз атты адам үш батырдың атын алып шатқалға түседі. Батырлар бұл араға бекітілген қалың жылқыны айдап еліне қайтады, жалғыз аттыға да бір үйір жылқы береді. Бошалаң жігіт өзіне жылқы айдатқан адамның кім екенін де сұрамапты. Былай шыға бере өзі де күмәнданып: «Әке – ау, біреулер бұл жылқыны қайдан алдың десе, не деймін? Ел жұрт мұны ұрлап әкелді деп қалмай ма» деп ойлап артына қайта бұрылса, алдынан шауып Жәнібек шығады. Жігіт қайтып келе жатқан жөнін айтады. Сонда Жәнібек: «Жарайды, жылқының кім бергенін білуге келе жатқаның абзал болыпты. Болмаса, осыны сұрай алмаған жаманды өлтіріп тастайын деп келе жатыр едім, еліңе бұл жылқыны Қабанбай берді де», деп келген бетімен қайта жөнеле беріпті…
Шыңғыс пен жоңғарлардың тегеурінді әскеріне шыдамаған Алтай керейлері амалсыз ауып, Сыр бойына барған еді. Жоңғарлардың негізгі күші жеңілгенен кейін қайтадан ата мекеніне оралады. Бірақ жоңғардың қалдық күштері Абақ елін қоршауға алып, ерапайсыз қырғыншылық жүргізеді. Осындай қысылтаяң кезде Жәнібек батыр Қабанбайдан көмек тілеген. Қабанбай қалың қол бастап келіп, Абақ елін апаттан құтқарып, жауын жайратып, қалдық бөлігін Қобда асырып тастаған. Осы жағдай Ақыт Үлімжіұлының «Абақ шежіресінде» былай суреттелген:
Алтайға келген елдің Керей алды,
Жәнібек елге тірек бола қалды .
Керейді қалмақ шауып қырыпты, деп
Жәнібек Қабанбайға кісі салды.
Қабанбай хабарды естіп келген екен,
Керейдің аққан қанын көрген екен.
Бірігіп екі батыр тізе қосып
Сазайын қалмақтардың берген екен.
Маңғолмен екі батыр соғыс салған,
Түтігіп қара тамақ найзаны алған.
Бере алмай бұған төтеп қалмақ жауы
Қобдаға қаша көшіп кетіп қалған…
«Ер қормалы – ер Абылай»
… Абылай мініп жүрген арғымағы,
Шабыстан кешке дейін баршындады.
Жәнібек көк дөненмен келді ызғытып,
Абылайға бірер жауап сөз салғалы.
Түсе қап көк дөненін алға тартты,
– Мініңіз, тұлпарыңыз шаршап қапты.
Бір қарап жас жігітке ер Абылай,
-Сен өзің қайтесің? деп жауап қатты.
-Мен өлсем, қазақтан бір ұл туады,
Сен өлсең, жоңғарға тең кім туады?
Ұраның «Абылай»лаған ел қорғаны,
Сен өлсең ұлы ұран жоғалады …
Абылай көк дөненге мінді дағы,
Ойнатып жау алдында тұрды тағы.
Жәнібек жолдасының атын мініп,
Бір өтініш Абылайға қойды тағы.
Руқсат ет, «жекпе – жекке» тартам деді,
Жас жанды елден аяп қайтем деді.
Абылай жеке өзі жауап бермей,
Бөгенбай, Қабанбайға тағы келді.
«Жекеге» Қабанбайдан бата алды,
Майданға аттануға дайындалды.
«Жеке!» деп шыға шапты қалың топтан,
Қалың қол «Абылай»лап ұран салды.
«Жеке»ге қалмақ жақтан Долон шықты,
Нояны бір жайсаңның ол да мықты.
Айқасып ерсі – қарсы сайысқанда
Шаңдатып майдан жерді жүндей түтті.
Жәнібек айбалтаны ала шапты,
Әдіспен қарақұстан ұрды қатты.
Қоздырған «көк перісі» қарулы қол,
Ұрған соң Долон ноян жерді қапты.
«Жеке! Жеке! Жеке!» деп ұрандады,
Қалың қол екі жақтан сыр аңдыды.
Біреуі «Абылай»лап, «Қабанбай»лап,
Ал бірі «Бурхан»ды айтып шыр айналды.
Кезекке жоңғар жақтан шықты Холон,
«Қолда!» деп шуласты ол да әруақ жолын.
Денесі кесек екен, дабысы зор,
Барлаған батыр екен оңын, солын.
Долонның өлгеніне ашулы еді,
Азуы қазақ десе басулы еді.
Ғалдан хан Шарыштан соң сенім артқан
Қазіргі сардарының асылы еді.
Холоннан батыр еді ол қаруы артық,
Болмаған оны жұрттың тануы артық.
Жарқ етіп салған жерден садақпенен
Жәкеңнің Холон қалды атын тартып.
Ат құлап, Жәнібек ер жаяулады,
Тұрған жоқ қолдан келсе аянғалы.
Садақпен бұл да тартты, атты көздеп,
Күшіне екі алыптың ел қайран қалды.
Бетпе – бет қылыштасып, арпалысты,
Найзаласты, тіресті, көп сайысты.
Біреуі қалқан тосып, бірі ұрғанда
Қанжарласты, айла іздеп дағдарысты.
Босаңсып бара жатты әл дәрмен де,
Оңай ма көпе – көрнеу жан бергенге?
Жасағы екі топтың тықыршиды,
Лап етіп кім тайса да дүр бермекке.
Бір кезде Холон алған қанжар ұшты
Өзі де оң жамбастан қатты түсті
Сонан соң апыл – ғұпыл сілкілескен
Қалың қол болып кетті майдан үсті
Жәнібек бір қалмақтың атын мініп,
Ықсырып бет келгенін шықты түріп.
Қонғандай «көк перісі» түнеріпті,
Айбынмен түсті көзге найза үйіріп.
Майданда Абылай хан тағы көрді,
Таныды жау жаламда қайратты ерді.
Жарқ етіп қысылғанда тыныс берген
Білуге ер жігітті құмар болды.
Қазаққа қанды майдан дес бергенде,
Дәт қылар қандай жүрек сескенбеуге!
Абылай ат тебініп шайқасқанда
Дулыға бас домалап түсті жерге.
Қазақтың әруағы зор батырлары
Қабанбай, Жантай, Барақ, Бөген кәрі,
Және де Малайсары, Өтеген би
Ырза болып, бата тілек етті бәрі …
Жау кетіп, соғыс тоқтап тыныққан соң, жеңіс алған Абылай ақылшы ағасы Әбілпейізге: «Ерлігімен танылған батырларды сарапқа алып, қалауын орындап отыралық» деп, ақыл қосты. Бұл ойды қарт батырларға да айтты. Осы жолғы жеңістің көрнекті батыры, жас жігіт Жәнібек сарбаздар алдында елден ерек әйгіленді.
– Сенің қан майдан үстінде ат бергендігіңнен сөз бергендігің тартымды еді. Бұл жолғы жеңістің жемісі сенікі болсын. Хан ордасына қоятын талабың болса айт, – деді Әбәлпейіз уаң орда атынан бұйыра сөйлеп.
– Сұрасаңыздар айтайын, мен жаспын. Елім, жерім танылмаған, орталарыңа бүгін қосылдым, орда босағасынан жаңа аттап отырмын. Сондықтан талабым көп болса да, біреуін айтайын. Оным орындалса, екіншісі онан соң айтылады, – деді Жәнібек.
– Айт, көпшілік тыңдасын – деді Абылай.
– Әскери қолбасымыз Абылай оң тізесінен орын берсе деймін, тақсыр …
– Ал, ал, орын берейін, басқа не сұрайсың?, – деді Абылай.
– Керей деген елім бар, иелігім жоқ, сарбаз ұстап, қолбасы болып, елімді де, өзімді де танытсам деймін.
Абылай отырған батырларға қарады. Қабанбай мен Бөгенбай бір біріне бас изеп күле қарасты.
– Елім, жерім бар, сұқтанған жауым бар. Қорғаныс жасап, қарсы тұрар күшім болса деген ерге, кім ықыласын бермесін?, – дейді батырлар.
– Ендігі талабың ше?
– Түскен төбеме, шыққан тауыма, жасаған жорығыма, бет алар сапарыма жетекші болар туымды белгілеп беріңіз, – дейді.
Сол жолы қалың қолдың алдында Абылай үш құлаш қаратамақ найзаға шапталған, ені төс жара, қызыл сары жібек шашақты, қытай торғынынан жасалған туды ұсынды. Ақбоз атқа мініп, сауытының сыртынан далбай кіреуке жамылып, ыждағатпен туды қолына алды Жәнібек … Абылай табыстаған, Ер Жәнібек көтерген ел туы ұрпақтан ұрпақтың қолында ел ұраны болып мәңгі желбірей бермек.
Ер Жәнібек – азаттық Ұраны!
Ерлер бар еңіреген бұл қазақта,
Бас тіккен ел-жұрты үшін сан азапқа.
Қол бастап, ту көтеріп, ұран салып
Жеткізген ел мен жерін осы азатқа.
Кек қайнап, жасынан ақ жауға шапқан,
Ата жау – қалмақ жұрты жанын шаққан,
Сұлатып жекпе – жекте ең батырын
Сүйсінтіп Абылайға ерте – ақ жаққан.
Атанды содан бастап – Ер Жәнібек,
«Ер» қойды хан Абылай өзі жебеп.
Әйгілеп көпшілікке батыр даңқын
Серік етіп қасына алды демеп.
Дара болып ел бастады, сөз бастады,
Батырлық, әділдікті қолға ұстады.
Азаттық пен жақсылықты елге тілеп,
Ешкімге бодан болмас тезді ұстады.
Өшпейтін аты мәңгі ардақты есім,
Бастаған сын сағатта тарих көшін.
Ұрпағы сиынатын баққа айналды
Кіргізіп тарыққанда елдің есін!
Төлек Тілеухан – жазушы, халықаралық
«Алаш» сыйлығының лауреаты
Тайтөлеу Төлтай – «РИВЦ» ЖШС-ның төрағасы.