Руханият

Шәкәрімұлының Алтайдағы іздері немесе Абай атындағы алғашқы көше

Шығыс Қазақстан облысы, Зайсан ауданында дүние есігін ашып, 22 жыл өмірі арғы бетте өткен Уақап Қыдырханұлы ақсақалдан біраз нəрсенің жай-жапсарын сұрауға негіз бар. Жасаған жасына сай, көргені де көп. «Балапан басына, тұрымтай тұсына кеткен» сонау жылдардың ауыр естеліктерін айтатын абыздардың қатары сиреген осы күндері өкінішіміз де жоқ емес. «Біз осы қарттарды сөйлетіп, қазынасын қаншалықты алып қала алдық?». Кейде өкініп қалатын тұсымыз осы. Жылжыған жылдармен бірге талай дерек шашасынан сипатпай, шаң қаптыртып кете барады…

Уақап ақсақал Алаш рухы жер жүзіндегі қазақтың еңсесін көтеріп, «өнер-білім бар жұртқа» талпынған шақта Алтайда жас ғұмыры өткен кісі. Əрине, Арғынбек Апашбайдан бастап айтқызсақ, ақсақалдың əңгімесі сарқылмайды. Ол əңгімелердің бір сұхбатқа сыюуы да мүмкін емес. Бұ жолғы мақсатымыз Зият Шəкəрімұлы туралы кейбір деректерді білсек деген ойдан туған. Сол шағын сұхбатымызды назарыңызға ұсындық.

– Зият Шəкəрімұлы туралы көп деректер білетін кісінің бірі – сіз. Əңгімені Зияттың қоныс аударған кезінен бастасақ…

– Шəкəрім қажы атылып кеткен соң 1931 жылы Əзімбайдың ұлы Бердеш жəне бірнеше алашордашылар Шəуешекке қоныс аударуға мəжбүр болады. Сол жақтағы Иса қажының ауылына барып тұрақтайды. Иса қажы да  сəл бұрынырақ ол жаққа Қазақстаннан барған көрінеді. Өзін пана тұтып келген жігіттерден Исекең жақсылығын аямайды. Ашаршылық жылдары ол жақтың да жағдайы мəз болмаса да Иса қажы қолындағы барын жұрттың аузына тосып, елге қатты көмектеседі. Жақсының жақсылығы жүрегін тербеп Зият Иса қажыға өлең де арнайды. Сол өлеңнің бірнеше тармағы: «Меккеге тəуап қылып барған қажы,

Мешіт пен медіресе салған қажы.

Аш-арық адамдарды тойындырып,

Көз қырын жоқ-жітікке салған қажы.

Амалын екі дүние бірдей қылып,

Сауабын дүниенің алған қажы.

Қайырым, мейірімнен жұрдай болып,

Аталып жүргендер бар жалған қажы…», – деп келетін.

– Зияттар Иса қажының ауылында көп уақыт тұрақтаған ба сонда?

– Жоқ, оларға ол ауыл да пана болмайды. 1932 жылы соңынан қуғын түсіп, Зият бастаған азаматтар Алтайға кетеді. Ол жақта Бұқат бейсі қанатының астына алып, қамқорлық көрсетеді. Зият Сарсүмбе қаласындағы (қазіргі Алтай қаласы) Шəріпхан Көгедаев бастаған зиялы топпен бірге ағарту жұмысына атсалысады. Сол кезде Шəріпхан Көгедаев бастаған зиялылар «Қазақ-қырғыз мəдени ағарту ұйымы» деген ұйым құрған. Зият 1936 жылдары сол ұйымда қызмет істеп, Үрімжіде де болған. Сөйтіп отызыншы жылдары арғы бетте жүйелі түрде қолға алынған ағарту ісіне Зият екі білегін сыбанып кіріседі. Бір Зият қана емес, қуғын көріп, солай барған Сейітқазы Нұртаев секілді зиялылар Алтайдағы ағарту ісіне үлкен үлес қосқан азаматтар.

– Сейітқазы Нұртаев кім еді?

– Сейітқазы Көкшетаудың қазағы. Кезінде Тройцкіде «Расулия» деп аталатын жеті жылдық мұғалімдер дайындайтын мектепте оқыған. Діни сауаты да бар, араб, түркі, орыс тілін білетін, білімді адам болған. 1905 жылдары болса керек, «патша үкіметіне қарсы көтеріліс ұйымдастырмақшы болған» деп соңына қуғын түседі. Абай ауылын паналап, ары қарай Алтай асқан. 1933 жылы Сейітқазы Шəріпхан үкіметіне қызмет істеп, «Қазақ-қырғыз ұйымы» басшыларының бірі болады. 1935 жылы «өлкелік Қазақ-қырғыз ұйымына» шақырылып, Үрімжіге ауысады. Сонда қызмет істеп жүргенде Шың Шы Сай үкіметі жағынан 1940 жылдың басында тұтқындалып, екі жылдан астам уақыт түрмеде отырады. 1945 жылы аурудан қайтыс болған. Сейітқазы Үрімжіде қызмет істеп жүрген кезде Зиятты шақырып, 1937 жылы қызы Мүнираны оған қосып, бастарына үй тігіп, бауырларына қазан асып береді.

 Зият пен Мүнирадан ұрпақ қалған ба?

– Иə, ұрпағы бар. Зияттың Мереке деген ұлы əкесі тұтқындалған жылы (1938 жылдары болуы керек) іште қалған бала екен. Біз 1950 жылдары Құлжа қаласынан оқу бітіріп келген жылы Алтай орта мектебін аштық. Ол орта мектепте интернат болды. Интернатқа бала жинаған кезде Бердештің үйінде жүрген Зияттың ұлы Мерекені мен қолынан жетелеп интернатқа алып келдім. Оның он екі, он үштерге келіп қалған кезі. Əбден тозып, əбіржіп қапты байқұс бала. Мектепте де ауырып-сырқап жөнді оқи алмады. 1955 жылы Бердеш бəріміз Алтайдан бері қарай өткенде Мереке де атажұртына оралды. Кейін Мерекені Шəкəрімнің үлкен ұлы Ахат адам жіберіп, Алматыға алғызды. Ахат о баланы оқыта алмаса да, басын құрап берді. Шəкəрім қажы ақталған соң жағдайы недəуір түзелді. Жақсы қартайды, пəтуəлі ақсақал болды. Мерекенің тағдырын өте жақсы білем. Өткен жазда қайтыс болды. Екі қыз, бір ұлы қалды. Шəкəрімнен қалған жалғыз тұяқ сол.

– Зият Қытай түрмесінде өлді ме сонда?

– Зияттың қайда өлгенін ешкім білмейді. Ол туралы түрлі-түрлі əңгімелер айтылады. Біреулер: «Зиятты Кеңес үкіметі осы жаққа алғызып,  көзін жойған», – десе, біреулер: «Қытай үкіметі тұтқындаған үш жүз адамды тірідей көмген, соның ішінде кетті», – дейді. Анығын Алла біледі енді.

 – «Зияттың Алтайда қалған ізі» деп қандай харекеттерін атап өтер едіңіз?

– Зият Алтайда Шəріпхан Көгедаевтің уəли мекемесінде мəдени-ағарту жұмыстарын басқарды. Курстарды ұйымдастыру, сабақ беру деген сияқты шаруаларды атқарды. Ұстаздар дайындауға көмектесті. Алтайда сол жылдары алғаш рет Бейімбеттің «Шұға» пьесасы қойылған. «Шұғаны» қоюшы режиссер, ұйымдастырушы Зият Шəкəрімұлы.  Онан кейін «Қыз Жібек» сахналанған дейді. Оның анығын білмедім. Зияттың өзі «Аюбай» деген пьеса да жазған. Ол сахналанбады-ау. Əкесі Шəкəрім қажының «Бұл əн бұрынғы əннен өзгерегінің» əуеніне салып «жастар – заманның қызыл гүліміз, жастар – заманның сəуле-нұрымыз» деп  келетін мектеп оқушылары айтатын хор жазған. Композитор болған. Ел арасында «Зияттың əні» деп біраз əндер айтылып жүр. Қайсысы Зияттыкі, қайсысы емес, оны анықтап жатқан ешкім жоқ. Зияттың сол жақта жүріп жазған «Жарыма» деген поэмасы да кесек келбетімен ерекше.

– Мүнираға арнап жазған ба поэманы?

– Зият басына күн туып, арғы бетке кеткенде осында жары қалған дейді. Поэманы сол жарына арнап жазса керек, оның да анық-қанығын білмедім. Зияттың өлеңдерінен ел-жұртына, туған жеріне деген шарасыз сағыныштан туған ауыр мұң есіп тұрады. Əкесін жоқтап жазған «Сілбі» деген толғауында:

«Сəлемде көп Тобықты қауымына,

Қалды əкем Керегетас бауырында.

Қапыда тағдыр айдап оққа ұшты,

Тұманның сілбі аралас жауынында.

Сүйегің қалды қиырдай-ай,

Басыңа халқың жиылмай.

Туысқан бауыр, балаңнан,

Топырақ қолдан бұйырмай», – деп сай-сүйекті сырқырататын шумақтар бар. Зияттың «Əке мен бала айтысы», «Шал мен шəкірттің айтысы» деген керемет шығармалары бар. Бұл айтыстарды екі адам ортаға шығып, кəдімгі екі жұп айтысып отырғандай қып орындайтын.

– Алтай өңіріне Абай, Шəкəрім шығармалары Зиятпен бірге барған ба?

– Абай, Шəкəрім шығармалары Алтайдағы халыққа бұрыннан таныс. Зият та атасы мен əкесінің ол жаққа белгісіз көп дүниелерін ала барды. Енді мына қызықты қараңыз, 1934 жылдары болуы керек, Алтай аймағының орталығы Сарсүмбе болып, қала ретінде қайта құрылған уақытта Шəріпхан бастаған зиялылар қаланың ең үлкен орталық көшесіне Абайдың атын берген. Ол уақытта Абайға көше бермек түгілі, ұрпақтарының қандай күйде жүргенін жұрт жақсы біледі. Абай атындағы ол көше Сарсүмбеде (Алтай қаласында) қытайдағы «Мəдениет төңкерісі» басталған кезге дейін сақталған.

– Шəріпхан Көгедаев туралы да қысқаша айта кетсеңіз…

– Шəріпхан – төре тұқымы. Ағартушы, қоғам қайраткері. Алтайдың уəлиі болған, үлкен тұлға. Қырқыншы жылдары Үрімжі түрмесінде аса ауыр қинау көріп, сонда шейт болады. Сүйегі де алынбай, көп тұтқынмен бірге жерленген. Шəріпханның анасы баласының шейт болғанын естігенде:

«Ойласам алтын Алтай оралда жоқ,

Қыран құс ұшарда бар, қонарда жоқ.

Көңілімді қалай ғана жұбатармын,

Болмаса құба балшық молаң да жоқ», – деп жоқтау айтып, елдің сай-сүйегін сырқыратқан екен. Алтай қаласында Шəріпхан атындағы арал əлі күнге бар. Жуық жылдары қайраткерге жаңа ескерткіштер қойылыпты деп естіп жатам…

– Əңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан Ырысбек ДƏБЕЙ

«Ақ желкен» журналы, №3

Теги: ,

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

*