Т.Асқар ақсақалдың Үрімжідегі халық баспасынан 1989 жылы екінші рет басылып таратылған «Тарихи дерек, келелі кеңес» деген кітабындағы- «Қайың сауған жұт» дейтін тарихи очеркінен қысқартылған.
Серік Арғынбайұлының фейсбук парақшасынан
Жоңғар хандығы құлағаннан кейін, қазақ халқы өзінің байырғы мекені Іле өңірі мен Тарбағатай, Алтай, Еренқабырға тауларына қарай ірге теуіп, Абақ керей рулары Алтай, Сауыр тауымен он екі салалы Ертіс алқабын алып, бір қанатын Қобы құмына тірей Еренқабырға тауына дейін қоныстанады.
-…Солардың ішінде күштілігіне сеніп, іргесін тірей тептірген Бәйімбет баласы Беген бай мен Ызғұтты, Иман бастаған Сәмембет балалары бар еді. Олар …қос Шіңгіл мен Көктоғайды екі жағына алып, Қобда дөрбеттерімен қоян қолтық тіршілік ете бастайды. Алайда қазақтардың жылдар өткен сайын нығайып бара жатқанын көріп отырған дөрбеттер Алтай қазақтары үстінен Бейжинге шағым жасайды. Пыйың (Қытай) патшалығының бұйрығы бойынша шағым иесі Сән ноян, үш батыр бастаған үш мың қол жиып, 1836 жылы керейлерге шабуыл жасауға Қарасеңгірге аттанады. …Беген бай кезінде әкесі Бәйімбет жылқы салған Сауыр тауын тастап Көктоғайдан өтіп, иен жатқан Қарасеңгірді мекендепті. Аңыздарда Қарасеңгір, Сарыбай ханның мекені делінеді екен. Ханның бейіті ол кезде құлаған болса да, ескі орны бар болғандықтан, осы жерді таңдап алса керек.
Бірнеше жылғы бейбіт тұрмысқа үйренген Беген бай Қарасеңгірде күзеу де қалып, найманның Байжігіт руындағы құдасына қызын ұзататын той жасаудың қамында жүр еді. Жайлауда қалған қалың жылқыдан он бес айғыр үйірін алдырып, үш жүз бие байлатады. Осы жылқыны ұзатылатын қызының еншісіне айдатпақшы болады. Сондықтан тартылатын желі де, құлындардың ноқтасы да, күміс піспекті сабасыда жас тілеуге сай жасалады.
Тойды міндетіне алған ауылдар Қарасеңгірді айнала, Бегеннің ордасын ортаға ала қондырылады. Кермелер тартылып, ер қанаты тұлпарлар мен жүйрік жорғалар сапқа тұрады. Алтын нақышты, күміс шығырықты, жібек желбаулы шаңырақ көтеріліп, тоқсан басты, тор көзді отауы ордадан бөлек, кілем түріндей гүл шешекті жасаңға тігіледі. Тең тең болып тоғанақталған жасаулар ордадан отауға тасылып жатады. Ұзатылатын қыздың отауы отыз түйеге артылып, онбес айғыр үйірлі жылқы айдалып берілмекші болады. Тойды өткізу тізгіні он бір Сәменбеттің үлкені -Есентайдан туған Шақабай баласы Ызғұтты мен Қазыбектің ұрпағы Иман батырға беріледі. Елбасы болғандар да, ер азаматтар да түгел той қамына шұғыл кіріседі.
Осындай әбігер күнді қолайлы санаған барлаушылар оңатты күнді күтіп жатқан Сән ноянға хабар жеткізіп, отауды жықтырмай, қазынаны арттырмай басуды қолқалайды. Сонымен үш мың қол қазақ ауылдарын бір-ақ түнде басып қалады. Қазақтар қапылыста қаша соғысып, бірер күн ес жиған соң жортуылшылармен Көктоғай бойында қатты шайқасады.
Бұл қырғынның соңы:
Лек-лек болып келген жау,
Құмырсқадай қайнады.
Жас баланы жайратып,
Жас сұлуды байлады.
Хан ордадай еліңді,
Түп қотара айдады,
Бегеннен ұрпақ қалмады-, дейтін жыр болып термеленеді. «Ел басына күн туды-етікпенен су кешер, Ат басына күн туды-ауыздықпен су ішер» деген хабаршы сарынынан төбе басы топқа, ауыл басы атқа толып, Әжі төренің жарлығымен Жарқынбай батыр қол бастап, жортуылшыларға қарсы аттанады. Қазақтарды өр Алтайдан қуып салмақшы болған дөрбеттер ақыры асығып-үсігіп, отыз отауды,170 ер-әйелдер мен бала шағаны олжалап, Бегеннің қалың жылқысын қуып, Қобданы бетке алып, Алтай тауын аса қашады. Осы оқиғаны халық «Сән ноян шақыншылығы» дейді. Сән ноян қолының басы дөрбеттің атақты Қабақшы батыры еді. Жарқынбай мен Өжеке дөрбеттерден есе қайтаруды ойласа да, Әжі төре елшілесіп бітуді дәріптейді. Бірақ жортуылшылар олжалап әкеткен ер-әйелдермен бала шағаны да, қуып кеткен қалың жылқыны да қайтармай, Ызғұттыны өлтіріп, басын Қобдаға әкетеді. …Осы қанды қырғын болған жерді халық «Беген шабылған Қарасеңгір» деп атап кетеді.
Қорған болған батырын өз кезінде былай жырлаған:
Міңгені Ыздекеңнің сағақ боз-ды,
Ыздекең баудай жайпап топтан озды.
Немене озып-тозбай қайран дүние,
Хандарға қапалыста тұтқын болды.
Ыздекең келер болсаң тезірек кел,
Байталдай айғыры өлген елің тозды…
Айтушылар мұны дастан деуші еді, бірақ қолға түскені осыншалық ғана болып отыр деп» -деп аяқтайды ғалым, жазушы Т.Асқар ақсақал өз мақаласын.