Әдебиет

Әрібибек Өр АЛТАЙ: Күнге шапқан көмескі көп ерлер – ай…

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

«Ұран»

(Ер Жәнібек рухына)

Етіне дарымайтын қылыш – қыстар,

Рудан ұл туғанда ұлысты ұстар,

Тобы түскен төбеге ту сұрайтын.

Ұлы хан да жасайтын дұрыс тұспал.

 

Тарытқанда тамырымен тал босайтын,

Ертістен елді өткізер сал жасайтын.

Абылай оң тізеден орын беріп,

Топ жинап ту көтерсе таңбасы айқын.

 

Тыныш  ұйқыны елемей тақтан кесіп,

Жау тілеп жайпап алған жаттан несіп.

Ақ ордаға иілген, тұрсадағы

Қарымы хан ұлына қаптал жетіп.

 

Ақ сауыт Алла берген оқ теспеске,

Рухы смсеріне серт боп көшкен.

Түзге түнер өр, тағы батыр бабам,

Хандардай қатын құмар боп кетпеске.

 

Алыбын айламенен алып қояр,

Жаһан жерді қызылға қанық бояр.

Қаракөктің қаны ойнап қолқасында,

Ханға өкпелі болғанмен халықты аяр.

 

Тасығанда бойында күш, ойында арман,

Ту ұстап, ел қарызын мойынға алған.

Даланың диюы да данасы өзі,

Менің бабам дес бермес дойыр болған.

 

Шайыр ең шабыт берген шерің ғана,

Тегіңді жасырмашы тебінді аға.

Руының ұранын білмегенді,

Ұрып өлтіріу дегенің жеңіл жаза.

 

Мұңымды айта алмаймын мөлтек сыр қып,

Тентек ем төбелесер тентекке ұрынып.

Мықтының мысын басып жер тептірдік,

Сүйегін өз майына өртеп, шындық.

Сүрінсе атым сүрінсін басым кетсін,

О, Құдай еңкеймесін еркек кіндік.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Күрсінгіш көрік кеуде

Көңілдің көк дөнені көк тер, ақ тер,

Шанақ тарда шаппайда шоп – шолақ шер.

Төбесінен тіке түсер тың бір шабыт,

Босағаңнан алтынды боққа орап бер.

 

Ұлы шыңға қарақшы оба жияр,

Ойдағы осал өлеңдер соған ұял;

Көп илеуге көнбейтін көне мінез,

Күрсінгіш көрік кеуде, дода қиял.

 

Көру тұрмақ естуге сенбеуге ерген,

Арман – аруақ адуын тең кімдермен.

Дала дүбір, тек қара, аршынды ерлер,

Сенің сандал сертіңе сенгім келген.

 

Жан аруақ жанарыма жарқын от жақ,

Алтын сүйек рухыңды сарқып ап қап.

Қара темір шайнаған қазанатың,

Құлаштап қара жерді қамтып аттап…

 

Самсыған сардарларды ағынға айдап,

Арасында арамыза танылмай қап.

Санаңа сары жұлдыз сіңдіме екен,

Түнерген түмен қолдың бағын байлап.

 

Астасып атақты ерлік – мархұм ғұмыр,

Асқақтатып асау су, алтынды бу.

Күнге шапқан көмескі көп ерлер ай,

Күңіреніп алдың дүбір, артың күбір.

 

Атты қазақ арманға жетіп өлген,

Сел соқсада сыртыңнан сетінерме ең.

Ел іші «ез» деп боқтар енжарларда,

Ерге қонса елеуреп екіленген.

 

Ор қазып тоссаңдағы он тасадан,

Мен де мыңға бір өзім тарта салам.

Төстен тиген темірге разы ерлер,

Айқаста, арыста да арқасы аман.

 

Оқ арқадан тисе егер тектен тиед,

Жан шықса өлген тұлғам шөккен түйе.

Ер жауымды емірене кекпен сүйем,

Ел десе емірене ет пен сүйек.

 

Ендей жүзіп Емілден ары өтем деп,

Жайығыңдай жұлқынам жаға тербеп.

Хан Шыңғыстың қаны әлі бар екен деп,

Абдырасын жүзімнен ағакемдер.

Өр рухыңды берсе руларға,

Күрсігіш көрігіңмен дәнекерлеп.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Аспан өзені

Аш қыраның тұрмады өзеленбей,

Кескініңнен күйіңе кенелем кей.

Бұрқырап сол күн қара бұлттар көшті,

Күркірек көктемдегі көк өзендей.

 

Қартайған әулие атам күшің дардай,

Ұшырдың шыңда тұрып құсыңды алға.

Алғыр құс тік атылып, шұғыл шықты,

Мен қорықтым бүркітіңнен құтым қалмай.

 

Аяз да ақ бетімді шымшылар кеп,

Тыншығам жоқ.

Қыраның құлшынар көп.

Тыныс алмай тіксіндім, бұлттқа барып

Атамның ақиығы тұншығар деп.

 

Бүркіттің ажалына араша жоқ.

(Осыны да айтама тамаша деп.)

Қыстың бұлты мұз шығар деп ойлаушы ек,

Биіктен бұлтта ұшады аласа боп.

 

Көкке түлкі шығарды тастақ жақтан,

(Сол жылы ай шалқақ туып, басталды ақпан.)

Тік сорғалап құйылды қыран жерге,

Жарып шығып өзеннен аспанда аққан.

 

Жебедей боп көз алдан көлбеңдей өт,

Ал түлкіге бұл қатер төнген бөлек.

Атымды ұрып атама ере шаптым,

Ең күшті көріністі Мен көргем де жоқ.

 

Ертістей тамрымда жосылд қан,

Оқиға өтпес мүмкін тосын бұдан.

Мені бір күш кенеттен киіп кетті,

Бүре басып, шоқып жеп отыр қыран.

 

Бір сенім сілкіп алды мені бекем.

Көңілім айдын – шалқар көіңе тең.

Бұлт дген Алтайды аспас тұман екен.

Түн асқан дөнен қымыз көбік екен.

 

Бура бұлтты бұрын мен ұқпай жатқам,

Аршаның түтіні екен құрт қайнатқан.

Бұлтпенен бұлт соғылар найзағайда,

Күйіп өлем, осыны құптайды ақпан.

 

Дертім өлең болғанмен, көркім өлең,

Шек қоймадым ешқандай еркіме мен.

Содан бері серпінмен шалқып ұштым,

Аспан толып ақсада жөңкіп өзен.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Алтайға қайтпау

Әриям арман‑ бақыт,

Тамылжыған тіліме таңғалма түк,

Ол сенің көк аспандай көрінісің,

Алмайын асылмды арзандатып,

Құндыздайын құбылтып қылшық жүнін,

Ақ тұлпарды алайын қарға аунатып.

 

Қаңғымай, қызық қумай құмардан қап,

Жуас жүрдім, жамылып құлан жарғақ.

Қадырымды арттырып қымбат шықтым,

Арман да кетпесін деп тым арзандап.

 

Кереғар келіспеумен келдің ылғи,

Егеспей елесіңмен енді нұр құй.

Көлдей тынған көңлімді бөлді бір күй,

Торғай көріп төбеңнен төнген қырғи.

 

Ене болған еліктей елең‑ елең,

Есің шыға қашасың неге менен?!

Елегізіп иенде қашып едің,

Есесіне жау таптың кенереден.

 

Теңеу емес тегіннен бұл шығарған,

Бағаң білмей барасың тым‑ тым арзан.

Күйініштен көл‑ көсір күлкі қалған,

Шырқыратып қалдырдың шіркін‑ арман.

 

Әриям, әриям деумен лаулап жалын,

Өзіме өшпес үміт тауып алғамын.

Сағым арманым сүйрелеп сабылар жаным,

Өле алмадым болмаса ауыра алмадым.

 

Бөрідей артым шулы боранды екем,

Сүйгем, басқа кінәм жоқ одан бөтен.

Сағындым, сабырды айтпа, саған кетем,

Алдыңда ақпын, содан аман жетем.

 

Кімнен менің әрім аз, арайым кем,

Бейбіт күнде бүлінген қалай іргем?!

Тағдыр сынап, талабым‑ талайыммен,

Алтайға ақырғы рет барайын мен…

 

Бұлт аспас, бұғауды ашпас ақ Сеңгір сен,

Ақ Сеңгір ақын халін хатпен білсең.

Атамның арманы едің әдірә қалған,

Ағажай, ақ Далаңа Атпен кірсем.

 

Алтайдың қысында өлер Адам құлап,

Сапардың сарпалдаңы жаман, бірақ.

Ақандай ақ Жігіт ем, Өзіме пар,

Алайын Ер арынды ақ арғымақ.

Қосарда ақ жілікті қара арғымақ.

Қара атты қоса ап кеттім, түнде кірсем,

Айсыз түн Алтайды да қараңғылап.

Қапиада қызына қалам ба ұнап?

 

Беті қайтпас батырдай Боздақ үміт,

Өз намысым Өршітіп қозғады нық.

Алтай аппақ, Бөрісі созған Ұлып.

Жеткенше жас тиылмас көз Қарығып.

 

Тұлпар Тұяқ Сауытын сөгіп қардың,

Тірі жетсем, болмаса Өліп бардым…

Келмейді көңлімді төгіп барғым,

Келеді сертімді бір беріп қалғым.

 

Қасат Қардың қызықтап бұзылғанын,

Сезбесем сүйек сынар сыз‑ ызғарын.

Сұлуықтың суықтық‑ сұсын сезіп,

Сол бақыттың татарма ем тұзын‑ дәмін.

Ақ Далада‑ сары Аяз, қызыл Жалын.

 

Тыпыршып тепкіленген тынбас тұрып,

Қос пырақты болдыртып Күнқашты ғып,

Домбыра алып Даусыммен мұңдас қылып,

Көңілім кетсе күн шалқып, түнде асқынып,

Көк Бөрім күндіз‑ түні тұрмаспа ұлып!

Ауылыңа кірсем бе Аю мініп,

Сен үшін Сүлейменді Тілмаш қылып!!!

Көңіліңнің аптығы бір Бастығып,

Сен сонда тыңдармысың Құрдасты ұғып???

 

Ауылыңда шапсам да Аю мініп,

Жалт етіп Қарармысың жайымды ұғып?!

Сол асқақ Көкірекпен  селт етпессің,

Басым кесіп кетсем де Қайыңға іліп.

 

Шырайыңнан ағызып шырын жұқтыр,

Қалайда Қасиетіңді айт, Құныңды ұқтыр.

Тасқындай Талабымды тойтара алған,

Тәңірдей табындырған Сұлулық бұл!

 

Жаһанды да жаратқан жомарт Тәңірі,

Көп берген маған Төзім, саған Иба,

О, дәвриға, махаббат Монализа,

Бір Көрсем болар едім Соған риза.

 

Теги: , , ,

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

*