Руханият

Тарбағатай асқан Зият Шәкерімұлы

Әкесі “халық жауы” болып атылғаннан кейін Шәкерімнің екінші әйелі Айғаншадан туған 7 баланың ең кенжесі Зият атамекеніне тұрақтай алмай бассауғалап бір түйеге азық-түлік пен әкесінің қолжазбаларын артып, қасында Бердеш Тәкежанов, Мәнкеш, Әзімбай (Бердештің інісі), Қожахан, Төлеуғазы қатарлы бір топ адам 1931 жылы қазан айының соңын ала айлы түн астында туған ел, жермен қимастықпен қоштасып, күдік пен күмән, қорқыныш пен үміт аралас, Қытайдағы қалың қазақты пана, медет көріп, жол тартады. Жолшыбай бұларға Шұбартаудан қашып келе жатқан жастабан (керей) Шақантай батырдың бергі ұрпақтары Жабағытай, Кенжебектер қосылып, жалпы шамасы екі жүзден артық адам Бақты шекарасынан Қытайдың Тарбағатай аймағына өтеді.

Бұл кезде Шыңжаңда “Дүнген төңкерісі” деп аталатын қантөгіс соғыс жүріп жатқан кез болатын. Тарбағатайдың Шағантоғай ауданына келген Зиятты Иса қажы Сонабайұлының ауылы мен Тышқанбай бидің ауылы аталатын Қабдолланың ауылы құшақ жая қарсы алады. Осы тұста өз ұлтының аш- арық панасыздарына әрі босқындарға көмек, қайырым жасаған қажының адамгершілігіне риза болған Зият ұзақ арнауын жазады.

Меккеге тәуап етіп барған қажы,
Мешіт пен медресе салған қажы,
Аш-арық адамдарды тойындырып,
Көз қырын мүсәпірге салған қажы.
Амалын екі әлемнің бірдей ойлап,
Сауабын дүниенің алған қажы,
Қайырым, мейірімді көмегі жоқ,
Аталып жүргендер көп жалған қажы.
Мұны бүгінде Тарбағатайдың Құлыстай бойын мекендеген көнекөз қарттар әңгіме арасында жиі есіне алып, айтып отырады.
Зият Тарбағатайдағы кезінде әкесінің жазықсыз өліміне қатты қайғырып, “Сілбі” деген дастан жазады. Ал оныңбір үзігін кезінде Алтай аймақтық N1 орта мектептің зейнеткер мұғалімі Медіғат Разданұлы хатқа түсірген екен.
Сәлем де көп тобықты қауымына,
Қалды әкем Керегетас бауырында,
Қапыда тағдыр айдап оққа ұшты,
Тұманның сілбі аралас жауынында.
Қажы еді әкем кәрі шал,
Жетпіс үште жасы бар,
Арнап жеміс алғанға,
Шөлдеген жанға еді бал.
Сүйегің қалды қиырда-ай,
Басыңа халқың жиылмай,
Туысқан, бауыр-балаңнан,
Топырақ қолдан бұйырмай.
Алланың іс қып қағазын,
Өзгермей өткен сабазым,
Міндетін танып, жөн көрген,
Ораза, зекет, намазын.
Бейсенбі күні өттің бе?
Шейіттік жолға жеттің бе?
Айрылман деген әкекем,
Шынымен тастап кеттің бе?
Жиырма сегіз жасымда,
Жалғанның көрдім тарлығын,
Қайғыны салдың басыма,
Ең ауырын барлығын,
Әкекем сізді сағындым.
Ойласам естен жаңылдым,
Жас өмірді сөндіріп,
Тағдыр-ау саған не қылдым?!
Асқар белім – биігім,
Қайғының тарттым күйігін,
Қайғы билеп әкетті,
Көтере алмай иығым…
Зияттың өзіндік мұңға толы бұл ұзақ толғауын кезінде ешкім жаттап, не есте сақтап үлгермеген. 1930-31 жылдары арасында оның бір әке- шешеден туған ағалары Ғафур мен Қабыш түрмеде өледі. Ал, інісі Ахат Сібірге жер аударылып, кейін елге аман оралады. Зият әке қазасынан кейін елде басының аман болмайтынын сезген соң еріксіз Қытай асты. Ол жақта “жақсыда жаттық жоқ” дегендей игі адами қасиеті бар ұлтжанды азаматтардың құрметіне бөленеді. Бұл тұста аға сұлтан Құнанбайдың даңқы Қытай қазақтарына жақсы мәлім еді. Меккеге қажылыққа баратын Орта жүз елі Құнанбайдың көз алдынан өтетін болған. Зият өзінің бір өлеңінде: Ойлайсаң егілесің, күңіренесің, Қолыңнан келері жоқ бос жүресің, Атаның аруағын сыйлаушы көп, Көңілді соған ғана көтересің.
Ризық болды маған ата даңқы,
Құрметтеу жақсыларды елдің салты.
Абай мен Шәкерімді көрмесе де,
Оларды құрметтейді керей халқы.
Керейдің мекені екен Алтай-Сауыр,
Бұл жақта ел көрмедім бұдан тәуір.
Айқасып ел үшін де, өзі үшін де,
Шайқастың тарихы бар әжептәуір.
Ойшылдар, оқымысты мұнда да бар,
Шәріпхан, Мәңкей, Мұқаш, Баймолдалар.
Күш қосып қозғалысқа Шыңжаңдағы,
Алтайды азат еткен ер осылар.
Бұл өлеңді кезінде Шәуешекте қазақ гимназиясында Қабдеш Жұмаділов, Қалихан Сағатбеков, Мақсұтқалимен бірге оқыған, кейін Алтай аймағында ұзақ жыл он екі абақ керейдің ішінде көп жыл қызмет істеген, өзі керейдің жастабан руынан, 1962 жылы Қытайдан өтіп, Шұбартау аудандық газетінде істеген, 2007 жылы Семей қаласында қайтыс болған Айтқали Кененбаев жатқа айтушы еді. Бүгінде марқұмның үйіндегі қолжазбада аталмыш өлеңнің мәтіні сақтаулы тұр.
Зият Тарбағатайда шекараға жақын болғандықтан көп тұрақтамай, жер мойыны алыс Алтай аймағындағы Көкен бидің ауылына қоныс аударады. 1876 жылы орыс саяхатшысы Г.Н.Потанин Алтай өлкесіне барғанда әйгілі Көкен бидің ауылында болатыны бар. Ғалым ол турасында өзінің “Солтүстік Монғолия очерктері” деген кітабында жазып қалдырады. Көкен көп жасаған адам. Елі оны “кәрі би” деп атап кеткен. Ал, Көкеннің немересі Мәни де отыз жыл ел билеп, қытайлық мәнсаппен “Бейіс” (1913-14 жылдары) атанған. Мәни (1856-1920) елінің ақылманы болған адам. Сондықтан оны елі “Абақ керейдің ақылы – Мәми, айбыны – Қара Оспан” деседі. Кезінде Әсет Найманбаев Мәми Бейістің өліміне көңіл айтуында “енші алған ақылынан он екі абақ” деп бастап:
Ұлысын адастырмай бастайтұғын,
Алыстан дұспан келсе саспайтұғын,
Дәулет, мәнсап, кісілік желігіне,
Қаны қызып, бойы ісіп саспайтұғын.

Зор панар адасқанның шамшысы еді,
Тілі балға, көңілі төс, аузы қысқаш,
Наданның мініне де қайшысы еді, – дейді. Зият өр Алтайдағы осы ауылда болады да, Алтай өлкесінің мәдени орталығы атанған “Абақияда” ұстаздық жолын бастайды. Абай кезінде Шәкерімге ел ішіндегі шежірені жиюға кеңес береді. Осы тапсырманы орындау жолында Шәкерім қажының өзі Мәми Бейіске екі рет хат жазып, керей шежіресін алдырыпты деген дақпырт бар.
1933 жылы 12 сәуірде Шыңжаң өлкесінің билігі айлакер де қандықол Шыңшысәйдің қол астына өтеді. Ол көтеріліс жасаған халықтың қамқоры болып көріну үшін алты ұлы саясат дейтін ұранын алға қойып, Шыңжаңның Құмыл қаласынан басталған көтерілісшілердің жетекшісі Қожаниязды өлкеге басшылыққа белгілейді. Шәріпхан Көгедайды (Әбілмәмбет ханның баласы, Әбілпейіз төренің әулеті) Алтайдың дутыңы (аймақ бастығы) етіп тағайындайды. Бұл кезде Алтай халқы оқу – мәдениеті жағынан Шәуешек пен Құлжаға қарағанда жүдеу әрі қолхат жазатындар ілуде біреу ғана кезігетін. 1933 жылдың күзінде Алтай аймағы бүлікші дүнгендерден тазартылады. Шыңшысәй Шыңжаңда демократиялық сипаттағы өкімет құрды. Алтайда Шәріпхан мектеп, оқу-ағарту ісіне кірісіп, әр ру басылары өз қаржыларымен мектеп салады. 1917 жылғы Қазан төңкерісінен кейін мұнда келген Кәрім Дүйсебаев, Сүлім Жаназаров, Садық Мұқанұлы, Зият Шәкерімұлы, ағайынды Қамбар және Шабдан Әбдікәрімұлдары оқушылардың сауатын ашу үшін мектеп жұмысына белсене арапасады. Зият 1935 жылы Алтай мектептерінде шал мен баланың айтысы деген шағын комедиясын жазып, саханаға қояды.
Зият мектепте өзі шағын өлеңдер шығарып, оны оқушыларға жаттатқызып айтқызып, туған өлкесін сүюге баулитын. Мысалы, “Алтай” деген өлеңінде:
Бұл Алтай өнер-білім қайнаған жер,
Бойынан надандықты айдаған жер.
Көз ашып, мәдениет жолын танып
Ғылымға белін бекем байлаған жер…
Қытайдағы ұлт қамқоры Шәріпхан Көгедаев өзіне билік берілген тұста халқының санасын оятып, тәрбиелеу үшін баспасөздің мазмұны ерекше екенін біледі. 1935 жылы Зайсан арқылы Кеңес Одағынан баспа машинасын алдырып, “Шыңжаң Алтай” газетін шығарады. Зият Шәкерімұлы осы газетке арнап, “Жаңа Алтай” деген арнау өлеңін жариялайды. Онда:
Жас Алтай жаңа өсіп, қанат жайған,
Көрініп тұр жарығы анадайдан.
Көркейіп көп жасасын орын алып,
Жоятын надандықты құрал-сайман.
Ортаңа келді баспа басатұғын,
Таратып түрлі жеміс шашатұғын,
Оқу, өнер, білімнің түп қазығы,
Серпіліп наданшылық қашатұғын.
Шығарды “Алтай” атты жаңа газет,
Оятып халық көзін ашатұғын.
Алтай кәрі болғанмен білгенің жас,
Балалыққа жолама енді онан қаш.
Бірлік қыл, пұл аяма қолыңды ұстас,
Бір жеңнен қол шығарып, жағадан бас.
Басқышқа жаңа шықтың қадам басып,
Тұтқасын ұста ғылым, есігін аш,
Езіліп үйде отырып күн өткізбей,
Халқыңа қызмет ет, ендігі жас.
Тілегім, шын жүрегім, хақ ниетім,
Еңбек ет, шаруа көркейт, ілгері бас.
Көрмеген өнер-білім бұрын халық,
Иен жүрген көшіп-қонып, малын бағып.
Білімге барлық шаруаң байланысты,
Алсаңдар тәжірибе ойға салып.
Иен көшіп еңбексіз ет, қымыз ішіп,
Қазақтың қараңғыда қалуы анық,
Әр нәрсе өз өзінің заманында,
Құша келді бізді бүгін заман ағып.
Әділ заң төзім-тезің құрулы тор,
Нұрлы күн сәуле берді нұрды жарық,
Білімге толы адам бел байлайды,
Өнерсіз елің жоқ деп түрін танып.
Қолданып Сүңиятсын салған жолын,
Ел болып қатарға ендік теңдік алып.
“Жаңа Алтай” қуттық айтып қадамыңа,
Жәрдемге қолбасшылық жол сілтеген,
Көп рахмет Шашынжынжан жанабына.
(Шашынжынжан – сол тұстағы Алтайдың уәлиі әрі әскер бастығы Шәріпхан төрені айтып отыр).
Зият домбыра тартып, жақсы әуенді ән айтатын болған. Мектепте әкесі Шәкерімнің “Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек” – деген әніне жаңаша өзі сөз жазып, оқушыларға хор етіп айтқызып, орындатқан. Оны бүгінде өзінен Алтайда оқыған Уақат Оранов былай деп жеткізеді:
Жастар – заманның қызыл гүліміз, Жастар – заманның сәуле нұрымыз. Бұл жас ұйым – жаңа жиын, Жас білімін молайтар, Бірлік-ұран, тірлік-қоғам, Он төрт меллат мұны айтар. Заман жаңалық жолға ауысты, Жаман ғадетті мүлде тауысты.
Қайырмасы:
Анық ағарту орын сайланған,
Халық оқуға түгел айланған.
Қытайда Зият көкшетаулық, сүйегі арғын, білімді азамат Сейітқазы мұғалімнің Мунира деген қызымен үйленеді. Одан Мереке деген ұл дүниеге келеді (Мереке 1938 жылғы, бұл күнде Талғар қаласында тұрады). Мунира ертеректе Қытайда қайтыс болады. Зият Шыңғыстауда өз елінде жүргенде әлдебір қызға жүрек қалауымен ғашық болғаны мәлім. Бұған Зияттың “Жарыма” деген өлеңі дәлел. Онда:
Жаның сүйген жарың болса,
Кемшіліксіз қамал.
Жаның күйген жас жүрекке,
Жайлы салқын самал.
Амалсыздан кеттім тәңірім қоспай,
Арман еттім бұл тағдырдан аспай.
Ет жүректі елжіретіп,
Еркімді сен алдың.
Арманымды ермек етіп,
Ойлап, күйдім, жандым.
Айтқан сөзің, жазған хатың ойымда,
Көңіл жарым, ақыл шала бойымда.
Өткен қызық өртеді ғой өзегімді,
Дал болып дертке болмас шыдауыма.
Елден бездім, Қаңғырып. Ішім күйік,
Сыртым дертті зарығып.
Жаным сүйген жар болар деп,
Ойлаушы ем.
Тағдыр оны жазбады,
Тарығып.
Өзі тұр ғой,
Орныңа да болдым зар,
Күн болар ма бұл қайғыны ұмытар.
Кештік рахат – түстік мехнат,
Ойлап, күйіп болдым зар.
Жақының жат, жатың араз,
Өмірде не мақсат бар?
Тоқтатарлық баяны жоқ өмірдің,
Жете алмадым арманына көңілдің.

Зият “Аюбай” деген пьесасын жазып, ашкөз байларды мінеп, әлсіздерге жанашырлық білдіреді. Мұнымен бірге Зият Қытайда Алашорда арыстары Мағжан Жұмабаев, Ахмет Байтұрсыновтың шығармаларын оқушыларға жаттатып, сахнаға шығартқан. Алтай қаласында Бейімбеттің “Шұға” пьесасын және халық эпосы “Қыз Жібекті” қойған. Абай, Шәкерім өлеңдерімен рухтанып өскен Зият Алтай өлкесіндегі қазақ жастарына рухани ұстаз бола білген. Мәселен, Асқар Татанаев сынды қаламгер “Біздің өлең, әңгіме жазуымызға Зияттың ықпалы ерекше болды” дейді. Зият Шәкерімұлы 1937 жылдың ақырында Үрімжідегі “Қазақ, қырғыз, монғол ұйымына” қызметке шақырылады. 1938 жылдың 2-ші ақпанында оны Шыңшысәй үкіметі түрмеге жабады. Ол әйгілі қазақ ақыны Таңжарық Жолдыұлымен бір камерада болады. Зиятты түрмеге жабар кезінде қазіргі Қытайдағы тарихшы ғалым Нығмет Мынжани Шәкерім мен оның қолжазбаларын үкімет орындарына бермей, сақтап қалады. Сталин мен Шыңшысәйдың достығы екі жаққа да жақсылық алып келген жоқ. Шыңшысәй түрмеден көптеген адамдарды Гансу елкесіндегі құмға тірідей көміп өлтірді десе, ал кейбір адамдарды Кеңес Одағына хабарлап, арнайы тексеру шақыртып, Сібірге апарып жоқ еткен деген пікірлер де бар. Қытайға Шәкерім еңбектері сауатты ақын ұлы Зият арқылы қолжазба, көшірме күйінде жеткізілген. Зияттың насихатшылығы арқасында Шәкерім әндері мен дастандары ел арасында жатталып келсе, ал “Түрік, қазақ, қырғыз һәм хандар шежіресі” ататек тарихын білуге үлкен таным болған. Зияттың еңбектері 1943 жылғы және 1958 жылғы Қытайдағы саяси науқандар, сондай-ақ 1966 жылдан 1976 жылға дейін созылған “мәдениет революциясы” кезінде тоналып, өртеніп, азайған. Бірақ, “ел іші – алтын қазына” дегендей, ондағы халықтар Зияттың және Шәкерімнің өлеңдері мен дастандарын ауызша жаттап, бүгінгі кезеңге жеткізген. Зияттың қысқа ғұмырында әке жолын қуған ақындық әрі драматургиялық еңбектері елінің рухани дүниесіне қосылған мол мұра болып қала бермек.

Мұхаметқазы МҰХАМАДИҰЛЫ,
этнограф-тарихшы, Қазақстан халық ағарту ісінің үздігі.

http://qasym.kz

Теги:

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

*