Руханият

Араб-түркі қайшылығы немесе Атлах шайқасы

 

Қазақтың байтақ даласы қаншама рет ат тұяғына тапталып, төгілген қанда, қиылған тағдырда қисап болмады. Намыс оты мен бұла күші тасыған оғландарымыз осынау даланы жаудың қалың қолынан сақтап қалуға барын салды. Солай кейінгі ғасырларға ерліктің ерекше ерен үлгісін қалдырды. Мұны біз Атлах шайқасынан айна-қатесіз көрген болатынбыз. Алайда бұл шайқас жөнінде бүгінде көпшілік толық біліңкірей білмейді. Оған себеп те жоқ емес, аталмыш шайқас туралы жұмған аузымызды аштырмауға, әрі бірлі-жарым қалтарысты ғана сөз етуге өзімізді-өзіміз іштей де, сырттай да тұсаулап тастағанбыз. Бұл бұрынғы империялық көзқарас пен кеңесшіл әміршіл-әкімшіл саясаттың ықпалынан әлі де арыла алмағандығымыздан болса керек. Негізі айтылар һәм жазылар ойың азат болмаса, онда ол жерде шынайылық болар емес. Ендеше біз нені айтып, не туралы жазсақ та, тек қана азат ойдан туған тарихи шындықты жазып көрелік.

Ия, сонау VIII ғасырдың I-ші жартысында-ақ арабтар Орта Азия мен Қазақстанға үдере шабуыл жасай бастады. 705-706 жылдары Мәуереннахрда түргештер мен соғдылардың біріккен күштері арабтарға елеулі соққы берді. Осылайша 706-709 жылдары түркеш-соғды одағы құрылды. Өз кезегінде, арабтарға қарсы күресте қолбасшы Құли Шор ерекше батырлығымен танылды. Ұзамай 633 жылы Меккеде «Дін үшін соғыс» ұраны жарияланды. Зады, түргештердің араб әскерімен ең алғашқы қақтығысы 711-712 жылдарда жеңімпаз Тоныкөк армиясы құрамында «темір қақпаға» дейін барып қайтқанынан басталады. Ал 714 жылы Кутейба ибн Муслим Шашты (Ташкентті) басып алды. Сонымен бірге, арабтар 711 жылы Самарқандты, 713 жылы Ходжент пен Ферғананы, 715 жылы Шығыс Түркістанды бағындырды. 728-729 жылдары Самарқанд пен Бұхара халқы арабтарға қарсы көтеріліске шыққанда, тағы сол түргештердің әскеріне сенім артты. Содан түргеш әскерлері аз уақыттың ішінде күллі Соғды жерін арабтардан азат етті. Ал 731-732 жылдары түргеш әскері Кеш пен Кермин арасындағы араб  әскерін ойсырата жеңді. Кейіннен араб қолбасшысы Насыр ибн Сейяр 737-748 жылдары Қазақстанның оңтүстігін  бетке алып,  Орта Азияға шабуылдады. Осы кезде қазіргі Қазақстан аумағында билік құрған түргештердің өз арасында алты жылға созылған кескілескен талас-тартыс орын алды, нәтижесінде қара түргештердің көсемі Сұлу билік басына келді. Ол ордасын Суябтан Талас (Тараз) қаласына көшірді.

715-738 жылдары Сұлу қағанның тұсында қағанат күшейді, ал Сұлудың өзін арабтар «әбу мусақим» («сүзеген» немесе мүйізді қаған) деп атады. 737 жылы Сұлу бастаған түргештер қарлұқтармен одақтасып, арабтарды ығыстыра отырып, Тоқарстанға дейін қуып барды, алайда Сұлу қаған жеңіліске ұшырады. Кейіннен Сұлу (өз шатырында) 738 жылы Навакент қаласының қолбасшысы Баға тарханның опасыздығынан қаза тапты. Сұлудан соң қағандыққа Тұқарсан Құтшар отырды, оның билігі бір-екі жылға ғана созылды.

Ал Сұлудың әскербасы Күли Шор 720-721 жылдары Соғды жеріндегі арабтарды қуып шығып, жеңіске жеткен. Қара түргештердің қағаны Сұлу ел тәуелсіздігін сақтап қалуда үш жақты: араб, қытай және шығыс түріктермен күрес жүргізді.

738-748 жылдары сары және қара түргештердің арасында 10 жылға созылған соғыс болды, кейбір деректерде соғыс 20 жылға созылған делінеді. 746 жылы Жетісуды қарлұқтар шабуылдады. 748 жылы қытайлар осы жағдайды пайдаланып, Куш қаласындағы (Шығыс Түркістан) әскерлерін Жетісуға аттандырып, Суябты жаулап алды.

751 жылы Таразға жақын жердегі Талас өзенінің бойында, Атлах қалашығының жанында арабтар мен қытайлар арасындағы 5 күнге созылған қанды қақтығыста түргештер арабтар жағына шығып, жеңіске жетті. Түргештер үшін бұл шайқастың маңызы алабөтен еді, яғни қытай әскерлерін түркі жерлерінен қайткенде тастап шығуына мәжбүр ету болды. Осы шайқастағы арабтардың, аббасиліктердің әскери қолбасшысы Зияд ибн Салих болса,  қытайдың қолбасшысы Гао Сян Чжи болатын. Ибн әл-Асирдің дерегі бойынша, бұл соғыста 50 мың қытайлық өлтіріліп, 20 мыңы тұтқынға алынады. Ал қалғандары бас сауғалап, кері қашты. Жетісу мен Мәуереннахрдағы халықтардың тағдыры үшін Атлах түбіндегі шайқастың маңызы зор болды. Қытай әскерлері Жетісу бойынан қуылып қана қойған жоқ, қайтқан жолында ұйғырлар мен тибеттіктердің қысымына ұшыраған олар Шығыс Түркістанды біржолата тастап кетуге мәжбүр болды.  Арабтар да Талас өзені аңғарында көп тұрып қалмай, Шаш қаласына қарай шегінді.

Міне, осылайша жарты ғасырға созылған түркеш-араб теке-тіресі аяқталып, одақтастық қатынас орнай бастады. 757 жылы Таң патшалығына қарсы басталған Лушан және Шы Сы Миң көтерілісі  тұсында түргештердің бір бөлігі көтерілісшілерге қолдау көрсетсе, енді біраз бөлігі арабтардың «ақ киімді» армиясы құрамында Таң ордасы – Лоянға дейін барғаны жайлы тарихи жазбаларда анық-қанық айтылған.

Қорыта айтқанда, алдымен азырақ қарама-қайшылыққа ұласып, кейіннен мызғымас достық бітімгершілікке жалғасқан түркеш-араб қарым-қатынасы сыртқы саясаттағы елеулі табысқа саналды. Осылай түркілер өзімен одақтасуға лайық елдермен байланысын едәуір жаңғырту арқылы тәуелсіздігіне қауіп төндіретін күштерге дер кезінде жедел соққы беріп отыруға өздерін қашанда дайын ұстады. Бұл бабаларымыздың «Мәңгілік елді» құрмаққа бекінген асыл мұраты болатын еді.

elana.kz

Теги: ,

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

*