Кітапхана

Тұрсынхан ЗƏКЕН: ҚАЗАҚ ҰЛТ-АЗАТТЫҚ ҚОЗҒАЛЫСЫНЫҢ ТАБАНДЫ КҮРЕСКЕРІ

 

ООСПАН БАТЫР ИСЛАМҰЛЫНЫҢТУҒАНЫНА 110 ЖЫЛ («Азаттықтың өшпес рухы» атты халықаралық ғылыми-тəжірибелік конференциясында жасалған баяндама)

Тарих түрік баласына қуатты мемлекет құруды ертеден-ақ нəсіп еткен. Бірақ мемлекетті құру мен оны сақтап тұрудың жолы қашанда өр болған. Өйткені айналасындағы жауы көп еді. VІІІ ғасырда өмір сүрген дана Тоныкөк айтқандай, түрік халқының жауы жем торыған тазқара жыртқыш құстардай ай- налып ұшып жүруші еді. Құба қалмақ заманында қазақ:

 Батыс барсаң орыс бар,

Балаңды берсең қоныс бар.

Шығыс барсаң қалмақ бар,

Мал-жаныңды алмақ бар.

Оңтүстік барсаң Қоқан бар,

Қоқаңдаған акаң бар, – десе, кейін қалмақ қырылған соң іргеден қызыл шашақты манжу қытай қаптады. Қытай мен орыс бір қазақтан сұрамай қазақ жерін екіге бөлді. Осыдан барып жасанды түрде Ресей қазағы, Қытай қазағы деген пайда болды. Қазақтың басы содан бастап ноқтаға кірді. Қазақтар орысты темір ноқта, қытайды қайыс ноқта деп атады. Бірақ бəрібір ноқта еді. Алғашында шылғи қайыс болғанымен, су тиіп, күн қақтағанда темірден бе- тер қатайып, барған сайын бүре түсетін. Осыдан бастап ары көшкен, бері көшкен елдің аламан айқас тарихы басталды. Ең алдымен Текес маңын мекендеген қазақтар көтерілді. Бұл тура- лы Ш.Уалиханов 1864 жылы 20 қарашада Жетісу аймағының əскери губернаторы, генерал-лейтенант Г.А.Колпаковскийге мəлімдегені бар. Тарбағатайда Қаракерей Қабанбай батырдың шөбересі Əділбек мырза жəне Отыншы, Тоқырлардың басшылығындағы қазақтар басқыншы жаумен айқасты. Тарбағатай тауының күнгейінде соғыс болған сол жер көпке дейін «кəпір қашқан» деп аталды. Керейден шыққан халық қамқоры Көпеш, Дəркен, Шылғаубай, Тергембай ба- тырлар мен Далай мерген ата дəстүрді ұстап, жаумен аянбай айқасты. Қызыл аяқ қырғыншылығына қарсы соғыста жəдік Далай мергеннің «атым Далай, атуым қалай?!» деген сөзі күні бүгінге дейін халық ау- зында аңыз болып келеді. Сол жылдары керейдің жəнтекей руынан шыққан Ізғұтты батыр қызыл аяқтар үшін қазақтан салық жинаған Алтай керейінің төресі Ажы гүңді атынан аударып, сақалын кесіп алған болатын. Бұдан соң Шəуешектегі манжу төрелері қазақтың сөзін сөйлегені үшін Демежанды дарға асты. «Сарноқтаның салығын» төлемедің деп қара Оспанды ноқталап, абақтыда ұстады. Зуқаның басын алды. Жантайлақты өлтірді. Қомдағы қаратайлар қырылды. Баркөлдегі Əліптің де басы алынып, бала-шағасын айуандықпен қырып-жойды. Елдегі өңі түзу əйелдер мен қыздарды қытай төрелері, дүңген шаңялары алып кетіп əйелдікке, күңдікке пайдаланды. Айта берсек, мұндай зорлық-зомбылықтың есебіне сан жетпейді. Өгей үкіметтің қаталдығынан Шыңжан қазақтары 1930 жылдардың өзінде үш дүркін шет жұрттарға — Ганьсу, Шаңхайға жəне Тибетке көшті. Олар осы күні бəрімізге белгілі «Ағажай Алтай», «Көзіңнің қарасын- ай» əндерін айта:

Алтай, Сауыр, Майлыны мекен еткен,

Текес, Тянь-Шань, ол шеті Күнес жеткен.

Тарбағатай, Барлықта ата-баба,

Кіндік кесіп, кір жуып, терін төккен,

Көргенше қош аман бол, қайран мекен,–

деп екі етегін көл қылып, құлақ естіп, көз көрмеген жаққа кете барды. Осы кезде халыққа қорған болған Шəріпхан Көгедаев жəне Ақыт қажы секілді ел ардақтылары лек-легімен түрмеге тығылды. Олардың қатарында 30-жылдардағы қуғын- сүргін кезінде шекараның арғы бетіне өтіп, ондағы қазағына қараңғыда жол нұсқаған Алаш қайраткерлері де бар еді. Жау қолында тұншыққан, азаттық жолында арпалысқан ондай ерлердің ұзын саны өте көп. Олардың бəрі де ұлт бостандығын, бітім-болмысын, тілі мен салт-дəстүрін сақтап қалу үшін күресті. Жəйі келсе қазақтың дербестігін, тəуелсіздігін мұрат тұтты. Мұндай күрестер сан-санақсыз. Сондай күрестің бірі де, бірегейі Алашқа аты мəлім «Оспан төңкерісі» болды.

Қытайға қараған Өр Алтай тарихта бірнеше Оспандармен аты шыққан. Олар төре Оспан, қара Оспан, зəңгі Оспан жəне Оспан батырлар. Солардың ішінде қарадан шығып хан болған, өле-өлгенше алған бетінен қайтпаған Алтай көкжалы Оспан ба- тыр еді. Ол жас кезінен алып күштің иесі, алымды да қарымды, жүректі жігіт болған. Қазақ күшке де, сөзге де тоқтаған, баты- рын сыйлаған халық. Ол қара күшке ғана емес, ақыл-айлаға да ке- мел еді. Кезінде Молқының Құли тəйжісі оған «Қара күші ғана бар алкеуде, есерсоқ екен десем, сөзің текті екен. Алған бетіңнен қайтпайтын түрің бар» деп бекер айтпаса керек. Осы сөзді оған Зуқа да айтып, батасын берген болатын. Басы Сарсүмбедегі қара көпірге ілінген Зуқа ол кезде тұтас Өр Алтайдың айбары еді. Де- мек, боз бала жігіт Зуқаның алдына бекер бармаған. Сөйтіп күндердің күнінде елім деп еңіреген азамат ереуіл атқа ер салды. Есімхан, Рысхан, Оспан, Нұрғожай бастаған жүз адам ел ішіне келіп, халықты қорқытып қару жинап, ойы- на келгенін істеп жүрген Көктоғай шəнін 36 нөкерімен өлтіріп, қарулы күрестің алауын жақты. Бұл жайлар туралы Нұрғожай ба- тыр өз естелігінде: «Біз туып, ойламаған істерді істеуге жолығып қалдық. Біз қарулы орыспен де, Шың Шысай бандиттерімен де майданға түсіп алысатын болып қалдық. Бізде күш жоқ. Тіпті жəрдем қылатын орын да жоқ. Оның үстіне орыс пен қытай бізді алғанда, қазақпен алып жатыр. Өзіңді өзіңе салады екен. Ең қорлығы, ең ауыр іс осы болды. Сол заман, сол жылы, сол ай, сол күні біздің қызыл қолымызды еріксіз түрде өз жауымызға қарсы тұруға итермелеп, сағым қуғандай апарып, осы қанды оқиғаға енгізіп жіберді. Бұрын тышқан өлтіруден қорқатын қазақ, бандыларды өлтіргенде лақтан бетер əрі оңай, тіспен де, 18 19 тырнақпен де бауыздай салатын болып алдық», – деп жазады.

рнақпен де бауыздай салатын болып алдық», – деп жазады. 1940 жылғы наурыздың 19-ы күні көтерілісшілер 700 əскер болды. Қапсамет молда мен Малгаждар молданы шақырып бүкіл əскердің жаназасын оқытып, соғысқа аттанды. Қосын бара-бара ұлғайды. Ұлт-азаттық күрес алдымен бүкіл Алтайға, одан соң Іле мен Тарбағатайға қанат жайды. Аттың жалы, түйенің қомында жүріп жаудың тіс тырнағына дейін қаруланған неше ондаған мың əскерін күйрете жойды. Іле, Алтай, Тарбағатай азат етілді. 1945 жылы жазда ұлттық армияның 30 мың сарбазы болды. Оның 70 пайызы қазақтардан жасақталды. Бірақ келесі 1946 жылы ұлт- азаттық қозғалысының бағыты ойламаған жерден екіге жарылды. Кеңес одағы, коминтерин 1943-44 жж. Оспанға берген уəдесінде тұрмай, Шығыс Түркістанның басшылық сапына коммунистік тəрбие алған кеңесшіл азаматтарды, атап айтқанда Ахметжан Қасыми, Ысқақбек Мононов жəне Дəлелхан Сүкірбаевтарды шығарды. Бұдан да маңыздысы жаңа басшылық жас мемлекетті түрікшіл, исламшыл бағыттан аулақ, Кеңес одағының ықпалындағы социалистік ел ретінде құруды көкседі. Бірақ бұл кезде бұдан бір жыл бұрын Мəскеуде өткен Жиаң Кайши өкілі мен Сталиннің кездесуінде Шығыс Түркістанның тағдыры кездесудің мүлде құпия қосымша хаттамасы арқылы шешіліп қойған бола- тын. Жиаң Кайши үкіметі Жапонға қарсы екінші майданда Кеңес одағына зор күшпен көмектесетін, Лусюн кемежайлы айлағын Кеңес əскерінің тұруына беретін жəне сыртқы Монғолияның дербестігін мойындайтын болды. Бұл кезде Сыртқы Монғолия Кеңес одағының екінші фронт ашуы үшін өте қажет болып тұрған- ды. Бұл Манжурия мен Шығыс теңіз айлағына шығатын тіке дəліз болатын. Оның үстіне Кеңес одағы АҚШ-тың Жапонға атом бом- басын тастауынан қатты үрейленіп отырған-ды. Кеңес одағы Монғолия арқылы АҚШ-тың өзіне шабуылдауының алдын алмақ болды. Мұндай жағдайда Сталин Жиаң Кайшидің талабына көніп, Шығыс Түркістандағы ұлт-азаттық қозғалысты қолдаудан бас тартты. Сол себепті, Оспан батыр Сарсүмбені қоршап жатқан 1945 жылдың 4 қыркүйегі күні Монғолиялық əскери ақылшылар май- данды тастап кетіп қалды. Үрімжіге небары 130 шақырым қалған жерден Манас шебіндегі жорық тоқтатылып, Кеңес одағының əскери офицерлері де сол күні үн-түнсіз еліне қайтып кетті. Тари- хи фактілер 1941–1943 жылдары Кеңес одағының Шыңжандағы ұлт-азаттық қозғалысты тек фашистік Германияның қаупінен қорқып, өзіне мықты артқы шеп, тыл дайындау үшін қолдағанын дəлелдеді. Бұл Шығыс Түркістан ұлт-азаттық қозғалысының ең аянышты, дəрменсіз, қорғансыз қалған күндері еді. Осыдан соң одан да өкінішті оқиғалар туды. Яғни Оспан батыр мен Дəлелхан Сүкірбаевтің жолы екіге айырылды. Оспан Шығыс Түркістанның кеңестік қызыл апаттың ықпалына түсуінен қорықты. Комму- низм жолына үзілді-кесілді қарсы болды. Дəлелхан Сүкірбаев Ахметжан Қасымимен бірге кеңестік үлгіде болса да Шығыс Түркістанды мемлекет ретінде сақтап қалуға тырысты. Кеңес одағының қысымымен Гоминдаң үкіметімен келіссөзге барғанда да өздерін тəуелсіз елдің өкілдері ретінде көрсетті. Олар Оспанды сан мəрте өз жақтарына тартып баққанымен, батыр бұл талаптан бас тартты. Күш бытырады. Халық олардың қайсысын қолдауды білмей əуре-сарсаң күй кешті. Олар үшін істіктің екі басы бірдей ыстық еді.

Тарихтың осы тұсы жөнінде бүгінгі ұрпақ мына мəселелерге айқын көз жеткізуі керек деп ойлаймын. Мəселе көптен ай- тылып жүрген Оспан мен Дəлелханның майданы туралы. Ол екеуінің қайсысының ұстанған бағыты дұрыс дегенге келсек, Дəлелхан ұлт-азаттық қозғалысының жеңісіне тактикалық жол- мен жетуді, ең қиын-қыстау кезде бірлесіп, күш біріктіруді ой- лады. Оспан батыр батырлығына басты. Ол түбі қазаққа жат коммунистік идеяға құл болғанша, дін еркіндігі мен демокра- тия жағындағы күштерге жақындасуды ойлады. Үрімжіге өкіл жіберіп, Гоминдаң үкіметімен жəне АҚШ консулымен байла- ныс жасады. Мұны кейінгі Үш Аймақшылар мен коммунистік үгіт-насихат «сатқындық» деп айыптады. Шын мəнінде осы кездегі Оспан батыр күресі негізінен коммунизмге қарсы майданға шыққан еді. Оспан үшін ең керегі ұлт бостандығы мен дін еркіндігі болатын. Ал бұл құндылықтар коммунистік режимде іске асуы мүмкін бе?! Оспанды алаңдатқан жағдай 30-жылдары Кеңес одағында болған асыра сілтеушілік. Ұлттық еркіндікке, дінге қарсы саясат. Сол үшін мүйіз сұраймын деп құлақтан айырылғысы келмеді. Сөйте жүріп, орайы келсе тағы да арадан жол табуды ойлады. Белгілі мағынадан алғанда оның гоминдаңшылармен істес болуы түпкі мақсаты емес, мақсатқа жетудің амалы, аз уақыттық стратегиялық шегініс еді. Демек, 20 21 Оспанның да, Дəлелханның да ұлт-азаттық күрестегі мақсаты бір, бірақ тактикасы басқа болды. Бұған бола ол екеуін біріне бірін қарсы қоюға, немесе бірін жақтап бірін қаралауға бол- майды. Олар ұлт-азаттық қозғалысындағы өзінше дара, қайталанбайтын тұлғалар. Екеуінің де ажалы 1949 жылдың алды-артында болды. Оспанның өзінше суреттеп айтсақ, Оспанға оқ алдынан, ал Дəлелханға артынан тиді. Былайша айтқанда, Оспан алған бетінен қайтпай батырларша қасқайып өлді, ал Дəлелхан сол кездегі геосаясаттың құрбаны болды.

Оспанға «батыр» атағын туған халқы берді. Ол Ахметжан Қасыми бастаған Шығыс Түркістан үкіметінің батыр атағын керек те қылған жоқ. «Мынауың қатындардың омырауы- на тағатын сөлкебайы секілді екен, мə, сен тағып алшы!» деп əйеліне бере салған. Əркім əр саққа жүгіртіп келгенімен, бұл шындық. Демек, Ошың жасанды ат-атаққа қызықпаған. Алда өмір мен өлім арпалысып тұрғанда оған атақ не керек. Оған керегі қара басының қамынан гөрі халқының бостандығы, еркіндігі, ата-баба мұратын орындау болды. Сондықтан ол ақиқат пен əділдікті тек мылтықтың оқпанынан іздеді. Халықтың қарулы күші болмай теңдігі болмайтындығын, оны- мен ешкім санаспайтындығын таныды. Кімде кімнің қолында қару болса ол күшті жəне соның сөзі сөз. Оның осы сөзін Қытай басшысы Мао Цзе Дун да өз еліндегі қарулы төңкеріс кезінде айтқан болатын. Мылтықтан əкімият (билік) туады де- ген еді ол.

Оспан қаруды біреуге қарсы тұру үшін емес қазақ халқының бостандығы, қара қазан, сар баланың қамы үшін көтерді. Тарихқа жүгінсек, тегіннен Алаш ұлтшылдығы — қорғаныс ұлтшылдығы, яғни, өзін өзі сақтауға бағытталған ұлтшылдық. Ол ешқашан агрессиялық ұлтшылдық болмаған. Қазақ күрессе өз бостандығы мен еркін, ұлттық болмысын, діни сенімін сақтап қалу үшін күрескен. Тарих бойы біреудің несібесіне, сүйемдей жеріне көз алартқан, əлімжеттілік істеген емес. Мысалы, 1917 жылы 5 желтоқсандағы ІІ жалпы Қазақ съезінде Алаш əскерін жасақтау күн тəртібіне қойылды. Бірақ қазақ ол əскерді «сақшы» деп ата- ды. Атынан шығып тұрғандай-ақ, əскердің басты қызметі соғысқа бару емес, елінің тыныштығын сақтау, ал міндеті – сырттан кел- ген жауға қарсы тұрып, еліне қорған болу еді. Сол съезден соң А.Байтұрсынұлы, М.Дулатұлы, Салық Аманжолов, Райымжан Мəрсеков келесі 1918 жылы көктемде Семейден Шəуешекке бар- ды. Мақсаттары Қытай қазақтарының арасында Алаш идеясын насихаттау жəне қазақтың қарулы қосынын құруға көмек алу еді. Ахаңдар ол мақсатына да жетті. Кезінде Құнанбай қажы айтқан Қазақтың бір жұртын көзбен көріп қайтты. Шама-шарқынша адам, ат-көлік жəне жылу жинады. Бұл кезде жалпы азаттық, ел теңдігі мəселесінде Ахаң иде- ясы, Алаш пікірі ондағы қазақ жұртына үміт сəулесіндей жарқ етіп, ауыздан ауызға тарап кеткен болатын. Орыс жерінде қазақтың Алаш үкіметі барлық қазақ туысқандарды еркіндік, теңдікке жеткізу үшін ата-бабалар жолымен жаңаша мемлекет құруға атсалысып жатыпты деген хабар ел ішіне сүйіншілене жеткен-ді. Кейін 30-жылдардың соңы мен 40-жылдардың ба- сында бұл үміт су сепкендей басылды. 37-нің қанды қырғынын, Ахаңдардың мерт болғанын естіген Ақыт ақын:

Батысты қамап Орыс тұр,

Сыртыңда Қалқа – тор басы.

 Жығыла ма осымен,

Алаштың тіккен Ордасы ?! –

деп күңіренді. Алаш идеясы Оспанның жəне оның қандыкөйлек серіктерінің де жүрегінде маздап, олардың ру- хын алыстағы ата жұрттың, қара орман қазағының тағдырына деген ашынған, ызалы көңіл-күймен қаруландырған еді. Сөйтіп қытаймен де, орыстармен де жəне орыс ықпалындағы монғолдармен де соғысты. Сол себепті, көтерілісшілер орыстар өз адамдарын сұрап келгенде, сендер 1937 жылы Мəскеуге апа- рып өлтірген Əлихан Бөкейханның, Ахмет Байтұрсынның ба- сын əкеліп беріңдер дейді. Бұл көтерілісшілер арасында «жауға біткен көзі бар, дауға біткен сөзі бар» делінетін атақты Рысхан батырдың сөзі еді. Нұрғожай батыр оны «қазақтың ең соңғы бастығы Бөкейханның басын сұрады» деп жазады. «Қазақтың ең соңғы бастығы!» деп бұл сөзді Біз əлі коммунистік тəтті ұйқыда жатқан 1984 жылы Нұрғожай батыр өз естелігінде Алихан Бөкейхановты меңзеп жазған екен. Көтерілісшілердің сөз лəмінен белгілі болғандай, осы кезде олар орыс пен қытай 22 23 əміріне бірдей қарсы шыққан. Олар 1745 жылы Абылай хан «санжақ» деп атап Жəнібекке берген Ақ тудың астына жиналып өзіміздің ақырғы демімізге дейін ұлт үшін күресеміз деп серт берген. Нұрғожай батыр: «Бұл жолы ұлт-азаттық қозғалысты мəңгі-бақи жүргізуге бекем бел байладық. Бұлт ала, жер шола. Солай болса да тəуекел дедік. Ел іші ала. Біреуі орысшыл, біреуі қытайшыл, біреуі монғолшыл. Түрік ағайын алыста еді. Бұл шерміштер орыстың жемі болып, қайта келіп өзіңді алатын бол- ды. Өз жөнімізден алғанда қолда қорымыз жоқ. Қару-жарағымыз да аз. Осы заманғы тəртіпті қарулы армиямыз да жоқ. Біздің ар- миямыз халықтың өзін ру-руға бөліп, тізімдеп қойған адамдар ғана. Азығы да, соғысқа мінетін аттары да жеке адамның өзінен болды», – дейді.

Оспан батыр өмірінде талай-талай балаққа оралған кедергілерді жеңді. Тіпті болашақтан үміт қалмай, тарих дөңгелегі кері айналған кезде де басын имеді. Ағынға қарсы жүзді. Мұны шынымен жанкештілік деуге болады. Құдды монғол ақыны Сумъяагийн Амартайван айтқандай:

Қызыл қырғын, шерлі азап,

Қыр соңынан шүйлікті.

Қырғи көзді ер қазақ,

Серік етті жүйрікті.

Бір кезде де Алаш көсемдерінің «Арғы атам ер Түрік, Біз қазақ баласы» деп басталатын гимні көне Түркі дəуірінің кемеңгер, ержүрек батырларын пір тұтып тұтас қазаққа «Оян!» деп ұран тастаған еді. Қазақ оянды, бірақ кеш оянды. Ке- несарыдан соң есеңгіреп, отаршылдық ұйқыда көп жатты. Отаршылдық мүшкіл халді көрсетіп Абай да аh ұрды. Мыңмен жалғыз алысты. Ақыры ол да ажалынан ерте өлді. Кезінде Кенекеңнің:

Қош аман бол Сарыарқа өскен жерім,

 Қайтқан қаздай қалың ел көшкен жерім.

Тізе қосып бар қазақ ел бола алмай,

 Ит пен құсқа жем болып өшкен жерім.

Сен де аман бол Көкшетау, Қаратауым,

Жеңе алмадым орысты, кетті дауым.

Қорқыт көрі алдымда қазулы екен,

Ақырында мінеки жеңді жауым, –

дегеніндей болды. Оспан да дəл солай жеңілді. Басы жаттың қанжығасында кетті. Бірақ ерлер осылай болады. Кенесарының інісі Наурызбай ағамды тастап қайда барамын деп, ол да өзі барып қырғызға қолға түссе, Оспанның ұлы Шердиман да əке мұратын жалғап, жаумен жалғасты шайқасып, ақыры ба- рар жер, басар тауы қалмады. Қолға түсті. Құдды Насыбай жыраудың Кенесары мен Наурызбай өлгенде:

Екі бірдей қанатым,

Топшысынан қайрылып.

Балдағы алтын ақ берен

Кемшілік түсті басыма,

Көрінгеннен қамығып,–

дегеніндей алмағайып, бұралаң, сұрқай күн туды. Қара тұяқтан хал кетті. Құдды ақын айтқандай:

Шашым кетті ұстаған уысында,

Басым кетті сілтеген қылышында.

Тектілердің тұқымы құрып бітті,

Абақты мен көшенің бұрышында.

Жерім байтақ болғанда, қайғым шексіз,

Əзірейіл батыс пен шығысымда.

Сөйтіп əзірейіл бүріп кете ме деп жез киіктің жаңа туған лағындай өмір бойы құлағымыз елеңдеумен күй кештік. Енді ғана тəуелсіздікке жеттік. Бірақ уақыт көрсеткендей тəуелсіздікті нығайтудың машақаты көп болып шықты. Қазақ халқын бақытқа жеткізудің жолы əлі де өр болып тұр. Мұндайда ұлттың ұлы мұраты, тіл мəртебесі, қазақ мүддесі үшін əлі де «ақырып теңдік сұрайтын», саясатқа салынбайтын Оспан батырлар керек-ақ. Бізде ел басына қидалы күн туғанда қазақтан да осындай нағыз ер, та- банды күрескер шыққаны тарих беттеріне алтын əріптермен жа- зылуы керек. Мұндай ерлік Қазақстан тарихына жазылмаса да, тұтас қазақ тарихына жазылады деп сенемін.

Тұрсынхан ЗƏКЕН,
С.Аманжолов атындағы
Шығыс Қазақстан мемлекеттік
университетінің профессоры,
тарих ғылымдарының
докторы. Өскемен

Теги: , ,

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

*