Шежіре

ХХ ғасыр оқ: Бүгін Оспан батыр шаһит болған күн.

Бүгін, XX ғасырдағы қазақ ұлт азаттық қозғалысының жетекшілерінің бірі, дала көкжалы Оспан батыр Сіләмұлының ұлт азаттығы жолында шаһит кешкеніне 70 жыл. 1951 жылдың 29 сәуірінде Оспан батыр Үрімжіде Қытай коммунистері жағынан атылды.

 

Оспан батыр өткен ғасырдың ең бір алмағайып жылдарында ұлт азаттық қозғалысына жетекшілік етіп, шығыста Қытайдың екі үкіметі, жанында Моңғолия, оңтүстігінде тараншы, солтүстігі мен батысында кеңестік қызыл империя арасында арыпталасып, бел шешпей күрес жүргізді. Оспан батырдан бұрын басталған ұлт азаттық қозғалыс Оспан батыр қаза болғанға дейін қарқынды жалғасты. Тіпті көкжал батыр оққа ұшқаннан кейін де Тәңіртаудың солтүстігі мен Алтай тауы арасын жайлаған қазақтардың үлкенді-кішілі көтерілістері болып тұрды. Дегенмен, батыс-шығысты бірдей қымтаған қызыл империялар буырқанған ұлт азаттық қозғалыстарын жаныштап, басып тастады.

Бұл күнде Оспан батыр туралы зерттеулер қарқынды жүріп жатыр. Елімізде ғана емес, Еуропаның бірқатар елдерінде, Түркия мен АҚШ-та да Оспан батырдың күрес жолын, өмір тарихын зерттеп зерделеп жүрген зерттермендер бар. Былтыр, 2019 жылы Оспан батыр Сіләмұлының дүниеге келгеніне 120 толу мерей тойына орай «Ер Жәнібек» халықаралық қоғамдық қорының ұйымдастыруында бірқатар шаралар өткізілді. Оспан батырды тақырып еткен ғылыми конференция, сурет көрмесі өткізілген еді.

Бірқатар зерттеушілер Оспан батырдың атылуы коммунистік Қытай билігі үшін үлкен саяси, стратегиялық қателік деп көрсетеді. Себебі, Оспан батыр Қытайдан басқа елдерде ұлт азаттық көтерілісінің жетекшісі, ұлт азаттығы мен наным-сенім бостандығы, дербестік жолында күрескен тарихи тұлға ретінде белгілі. Ондай тұлғаның коммунистік билік жағынан атылуы аталмыш қызыл үкіметтің ұлт азаттығын жаныштаушы, шапқыншы күш екенін дәлелдей түседі. Және Оспан батырдың басқа емес, қазіргі Шыңжаң орталығы Үрімжі қаласында атылуының өзі де тарихи маңызға ие деп санайды.

Оспан батыр өз дұшпанының қолынан қаза тапқанымен оның күрес рухы Қытай билігін күні бүгінге дейін алаңдатады. Сондықтан да Оспан туралы тарихи шындықты ашу, оны ұлт азаттық күрескері ретінде атау Қытайда, әсіресе Шыңжаң жерінде қатаң шектелген.

ХХ ғасыр. ОҚ

Ретбек Мағаз

Зулап келеді,
Зулап келеді…
Замандай тар,
Көрдей соқыр,
Бітер емес ұңғы іші.
Құлағында шуылдайды ғасырлық,
Жер бетінің қылмысы.

…шықты ұңғыдан,
Кеңірдектен қаңсыған,
Түтін ертіп бір шүйке.
Өлім исі аңқыған.

…Зымырап барады,
Зымырап барады.
сұмпыдай сұр,
Ұңғыдай тар,
Осы ма өмір жарығы.
Осы ма пәни дүние-
Кешіп өту қан сасыған ауаны.
Тұла бойын ұяттан,
“Тозақ” оты қарыды.

Маңдайында бір ақ рет атылу,
Қайырылмайды атылған оқ қайтадан.
Қайырылмайтын заман аунап барады,
Оқ ұшында, кесапаттан шайқалған.

 

Теги:

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

*