Руханият

ҚҰНАНБАЙ МЕШІТІНІҢ ҚҰПИЯСЫ

Қасиетті Қарқаралы мекенін талай ғұламалар мен ғалымдардың ізі қалған киелі орда деп жатамыз. Осы киелі мекеннің тарихын айтсақ, қаланың қақ төрінен ойып тұрып орын алған мешітті, әлбетте, айтпай кетуге болмайды. Ал, Қарқаралы мешітін айтпас бұрын, ең бірінші ауызға Құнанбай қажы Өскенбайұлының есімі түсетіні сөзсіз.

1849 жылы Қарқаралы уезіне аға сұлтан болып сайланғаннан кейін ел басқарушысына кесек қадамдар жасау керек болады. Ол қазақ халқының даму жолы неде жатқандығын жақсы түсінді. Жаңадан сайланған аға сұлтан қазақ ең алдымен неге мұқтаж деген сұрақтың жауабын білді. Осылайша Құнанбай Өскенбайұлы өзінің бұрыннан келе жатқан арманын іске асыруға кіріседі. Ең әуелі қазақ балаларының сауатын ашу мәселесін қолға алады.

Аға сұлтан болмай тұрып-ақ, нақтырақ айтсақ, 1845 жылы шекара басқармасына қазақ балаларына арнап училище ашу туралы хат жазады. Нәтижесінде құрылыс салуға рұқсат алғанымен, қос тілді қатар меңгерген білгір мұғалім табылмай, игі іс кейінге шегеріледі.

Кейінірек Қарқаралыға аға сұлтандыққа келгеннен соң, 1851 жылы медресе құрылысын қайта қолға алып, көшпелі қазақ үшін ыңғайлы болсын деген ниетпен ол Тобықты руының орталығына салынып, Ескітам аталып кетеді. Бірақ, кейінірек оқу орындарының көбеюі мен халықтың жаппай сауаттылыққа бет бұруы себепті Ескітамдағы медресе қажетсіз болып қалады. Соған қарамастан, қайраткер тұлғаның осы бір әрекетінен өз халқының болашағына деген шексіз қамқорлықты айқын аңғаруға болады. Бұл қамқорлық кейін Қарқаралыдағы қасиетті мекен – Құнанбай қажы мешітін салу ісіне ұласады.

Сурет-2

1924 жылы тәркілеудің алғашқы кездерінде Қарқаралыға келген белсенділер: «Мұның мұнарасын құлату керек, кеңсе қыламыз!» – деп, мешітті кеңсеге лайықтауға тырысады. Әлгі белсенділер қасиетті орынның мұнарасын кім құлатады деп тұрғанда, араларынан Имаш деген кісі: «Мен құлатамын, онда тұрған не бар?» – деп, ағаш мешіттің үстіне жүгіріп шыққан кезде, қолынан балтасы ұшып кетіп, аяғы тайып құлап, сол жерде мерт болыпты. Бұл құдіретке түсіне алмаған белсенділер: «Мынау жансыз үй қараптан қарап біздің бір кісімізді өлтірді» деп, мешітті өртеп жібермекші де болған. Қасиетті үйдің есігінің алды түгелдей қоршалған тал шарбақ болған екен, соның бәрін үйіп, кіл ағаштан салынған мешіттің шығыс жақ шетінен өрт қойыпты. Сол уақытта талдың өзі ғана жанып, ал мешіттің іргесіне от дарымапты. Жай ғана сыртын қара күйе шалып, сырлап қойғандай болып қалған екен. Ызаланған белсенділер отты енді батыс жақ шетінен қойып, өртемекші болғанда, сол жерде жүрген адамдардың біреуінің көзіне жағымсыз елестер көрінсе, енді біреуінің жанарына шоқ түсіп әбден титықтатыпты деп айтып отыратын үлкендер. Сонымен қатар дінге қарсы болған Кеңес үкіметі кезінде Құнанбай қажы мешітінің айшығын атып түсіріңдер деген бұйрық та болады. Біраз кісілер айшықты нысанаға алып атқанымен, оқтары бармайды. Содан бір кісінің оғы мешіт мұнарасына дөп тиіп, айшық жерге құлап түседі. Ал, атқан кісі сол жерде доп секілді домалап, жан тапсырыпты. Естері шыққан белсенділер бастапқы ойларынан бас тартып, мешітті жауып қойып, өздері кетіп қалыпты. Ешкімді жолатпай, есік-терезесінің барлығын жаптырып тастапты. Содан 1941 жылға дейін жабық тұрған. Кейін Ұлы Отан соғысы басталған кезде соғыс зардабын тартқан бауырларымыз Украина, Белорусия, Закавказье сияқты шет мемлекеттерден келіп, осы жерді жатақхана ретінде тұрақ етіпті. Бірақ, олар бұл жерде көп тұрақтай алмаған. Бірінші күні шаршап келеді. Екінші күні аса ештеңені байқамайды. Бас-аяғы екі қонып, үшінші күні мазалары қаша бастайды. Қолдарына сөмкелерін ұстап алып, есіктің алдында үрпиісіп отырғандарын көріп: «Неге ішіне кірмейсіңдер, жатпайсыңдар? – деп сұраса: «Бұл бір мазасыз нашар үй екен, ішіне кіріп жатуға болмайды, маза бермейді, тыныштық жоқ!» – деп реніштерін білдіріпті. 1991 жылға дейін бұл жер әр түрлі қоймалар қызметін де атқарыпты. Одан соң кітапхана, кейін Пионерлер үйі болады. Үлкендердің айтуынша, мешіт қойма болып тұрған кездің өзінде тұрғындар талай тылсымның куәсі болған екен. Кешкілік күллі қойманың ішін тап-тұйнақтай етіп жинап, таңертеңгісін келсе, реттеп кеткен күріш, қарақұмық сияқты көптеген дәнді-дақылдар бір-біріне араласып, қаптардың орындары қозғалып, бейберекет шашылып жататын да жайттар жиі қайталанады. Басында бұл бейберекетсіздікті күзетшілерден көрген. Содан қаншама сенімді адамдар келіп, түнімен күзетеді. Алайда, ешкім ештеңені ұрламайды, тек таңертең барлығы бір-бірімен араласып, қойманың іші ыбырсып шашылып жатады. Кейіннен мұндай жағдай мешіт кітапхана болып тұрған уақытта да қайталанады. Іргедегі сөрелерге реттестіріп жинап кеткен кітаптар таңертең келсе, ортада үйіліп жататын көрінеді. Сондай-ақ, қасиетті орын Пионерлер үйіне айналғанда да, кешкісін қалдырып кеткен барабан, горн сияқты саз аспаптары түнімен сырнай тартып, күзетшілердің зәрелерін алыпты. Ақырында билік басындағылар мешітті жауып тынады…

Назерке ЖҰМАБАЙ,

Астана – Қарағанды – Қарқаралы – Астана.

Дереккөз: “Мәңгілік ел” газеті


Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

*