Руханият

Әтейхан БІЛГІН: Атамекеннен ауа көшуімізге себеп болған оқиғалар…

Әтейхан Қайсаұлы — Шинжаңның Баркөл ауданының Қабойы деген жерінде туған. Руы – Абақ керейдің ішінде Жәнтекей, Тасбике. Тасбике ішінде Ақша деген атадан, Ақшадан Бектемір, одан Мыңжасар, одан Қайса мен Әліп туған. Қайса мен Әліп бір туысқан. Елісхан — Әліптің баласы, Әтейхан Қайсаның баласы. Пәкістанда — Түркия үкіметіне хат жазғандардың, “Түркістан қозғалысын” құрғандардың бірі. 1953 жылы Түркияға барған. 1953 жылы Түркияда қазақтардың Алтай ауылы құрылғанда ауыл әкімі болып, сол жұмысты 20 жыл істеген. Алтай ауылы — Стамбұлдан 800 шақырым жердегі Лада қаласында құрылған. Естелікті ғылыми жоба жетекшісі Т. Жұртбайдың өтінішімен Әтейхан Білгіннің немере туысы Мүбәрәк Шалышқан Түркиядан әкеп тапсырған. Дайындаған — филология ғылымдарының кандидаты Иманғазы Нұрахмет.

Жадымдағылар

(Естелік)

1911 жылы Қытайда үлкен өзгеріс болып, Сун ят сен хандық үкіметті құлатып, “Жүңхуа-минго” (Қытай халық мемлекеті, 1912-1949 жылдар аралығында билік құрған – Т.Ж.) атты халық үкіметін құрды. 1912 жылы Яң зы шыңды — Шинжаңға, яғни, Шығыс Түркістанға басшы етіп жіберді. Бүл адам 1912 жылдан 1928 жылға дейін халыққа жағымды саясат қолданып келді. Оны 1928 жылы Фан яу нан деген біреу атып өлтірді де, оның орнына Жин шу рын келді. Бүл адам — өте залым, қатыгез, қатал саясат қолданып, коммунистік тәртіпті жүргізе бастады. Халық қатты күйзеліске тап болды.

1931 жылы көктемде Аратүрік деген жерде Әбдінияз деген кісі Жин шу рын үкіметіне қарсы көтеріліс бастады. Бір жыл ішінде көтеріліс Құмыл аймағын түгелге жуық қамтыды. Қозғалыс барған сайын өршіді. Көтерілісті баса алмаған Жин шу рын көтеріліске қосылған, қосылмағанына қарамастан Құмыл аймағына қарасты жердегі қытайдан басқа жергілікті халықты жаппай қырып, жазалау туралы бұйрық шығарды. Үкімет бар күшін Құмыл аймағына жинады. Көтерілісшілер зор қысымға түсті. Көтерілісшілер Ганьсу өлкесіндегі қарулы жасақтың басшысы дүнген Каслинді (қолбасшы, генерал Ка, шын аты Ма жүң иың)көтерілісті қолдау үшін Құмылға шақырды. Бұл адамның көмегімен Құмыл, Баркөл ауданы басып алынды, алайда ол Лодың деген жерде жараланып, кері қайтып кетті.

1931 жылғы көтеріліске бүкіл халықтың қосылуына себеп болған жай — Жин шу рынның қанды саясаты еді. 1932 жылы күзінде үкімет әскер шығарып, Әліптің ауылын шапты. Бір күнде қатын-бала аралас 93 адамды қырып тастады. Сол жылдың қысында Шұлғаудың ауылын шапты. Келесі қыста Әбдуалидің ұлы атасы Сағындықтың ауылын қырып салды. Жазында Шақпақбайды ойранға ұшыратты. Ұйғырлардың арасында да дәл осындай қырғынға ұшырағандар болды. Жин шу рын қашып кетісімен орнына Шың сы цай тұрды. Бұл адам Россиямен келіссөз жасап, аэроплан, танк, әскер алып келіп, Үрімжіден Каслинді қуып шықты. Ақыры Каслинды Еркештам деген жерде орыс үкіметі алдап ұстап әкетті. Ол сонымен тынды.

1933-1934 жылдар арасында Алтайда қатты жұт болып, мал қырылып, халық аштықтан өліп, қиыншылыққа тап болды. Оның үстіне 1934 жылдың күзінде сырт Моңғолияның үкіметі аэропланмен әскер түсіріп (әскери десант) Алтай елін шапты. Шабындыға ұшыраған неше мыңдаған үй Баркөл жеріне келді. Сол жылы Шың сы цай билікті қолға алып, террорлық саясат жүргізе бастады. Халықтың ішінен жүздеген ел басшыларын ұстап түрмеге жапты. Халық тағы да күйзеліске тап болды. Жанынан қорыққан рубасылары қашып кету қамына кірісті.

1935 пен 1936 жылдың арасындағы қыста Адубай бастаған біраз ел Гансуға өтіп кетті. 1937 жазғытұрым Елісхан, Секей қария, Атшыбай, Аңғалбай бастаған екінші көш шекарадағы әскермен атыса жүріп, оларды қатты шығынға ұшыратып, Гансуға өтті. Сол жылдың күзінде Зайып тәйжі, Шерікбай, Дәуітбай бастаған үшінші көш Гансудағы елге келіп қосылды.

1938 жылдың соңы мен 1939 жылдың басында Сұлтаншөріп Тайжы, Нұралы, Құсайын, Айымбет, Шақпақбай, Салаһитден Тоқай, Мардан, Бисұлтан, Ыбырайхан, Іркітбай сияқты ру басшыларының бастауындағы мыңдаған үй, қалың ел Баркөлден шығысқа тартты. Олар сырт Моңғолдың шекарасына жеткенше Шың сы цайдың аэроплан мен танктің күшіне сүйенген, атты әскерлерімен қанды қырғын соғыс жүргізіп отырып, бар малдан айрылып, монгол шекарасына өтті. Шекарадағы моңғол әскерімен соғыса жүріп, 1939 жылдың басында Гансудағы елге келіп қосылды. Мұнда келгенімен де рахат тұрмыс көрмеді. Мабуфан олардың ат-көліктерін сыпыртып алды. Малдан айрылып, азып-тозып келгенде ашаршылыққа тап болып, қатты күйзеліске ұшырады. Қолайлы жерге барып жан сақтау үшін алды Гансудан Шыңхай аймағына өтіп, аң атып, жан бақты.

1940 жылы босқындардың Гансудан Шыңхай жерінен ауып кетуіне себеп болған оқиғалар мыналар:

Бірінші, жергілікті халықтың, яғни, тибеттіктердің ұрыларымен арадағы қақтығыс үлкен себепші болды.

Екінші, дүнген үкіметі Тибетпен арадағы дау-жанжал мәселесін шешуде әділетсіздік жасады. 1939 жылдың қысында Елісханның немере інісі Қабиды тибет ұрылары атып кетті. Елісхан Долан ауданының үкімет билігіне Қабиды атқан тибетті сотқа берді. Жеменгер үкіметтің бастығы Тибеттен параға тойған соң, Елісханның өзін жазалы етіп ұстайтын болды.

1940 жылы көктемде Елісхан, Сабырбай, Бисұлтан, Аңғалбай, Қойшы батырлармен ақылдасып: “Үндістанға өтетін жолды шолып көріп, келіңдер”, — деп Қойшы батыр мен Күністі жібереді. Олар: “Жол ашық екен”, — деп келген соң, жоғарыда аты жазылған адамдар ақылдасып, көктемде көшіп кетгі.

Бұл Үндістанға қарай бет алудың бірінші көші еді. Доланға сотқа барғанда: “Сені үкімет ұстайды, Жамбылға кірме”, — деп ақыл беріп, Елісханды құтқарып жіберген Секей шаңия еді. Елісхан бүл кісіні үнемі ризалықпен ауызға алушы еді. Елісхандар көшіп Алтыншөге деген жерге барып: “Жайлап мал семіртіп алып кетеміз”, — деп жатқанда дүнген, моңғол, тибеті аралас мыңның үстіндегі әскер олардың соңынан қуып барады. Әскер басы Фулижар деген адам: “Сен де, біз де мұсылманбыз, қайтып көшіп келсеңдер тиіспейміз”, – деп “Құран” ұстап ант берген соң, қазақтар құралдарын тапсырьш беріп, қайта көшеді. Құралды жиып алған соң, жылқыны да түгел сыпырып алады. Қатын-бала демей, неше көш кейін Сайапайдар Зувна деген жерге әкеліп Елісхан, Ғұсман, Қойшы батыр сияқты бірнеше адамды кісендеп, байлап алып, елге қысым жасайды. Өнді жас әйел, бойжеткен қыздарға құрық сала бастайды. Бұл қорлыққа шыдамаған халық бұл істі кісендеулі жатқан Елісханға жеткізеді. Елісхан: “Бүйтіп ар-намысымызды қорлатқанша, бүгін түннен қалмай жау кіріңдер”, – деп тапсырады. Сол түнде жиылып Рахи молда мен Сүлеймен моллаға жаназаларын оқытып, тесе, темір күрек, сойылмен кіріп араласып, Фұлұйжан бастаған, өздерін айдап келе жатқан дүнген әскерін қырып, құралдары мен аттарын қолға түсіріп, Елісханды босатып алып шығады.

1940 жылы Шыңхай өлкесіне — Шыңжаң өлкесіндегі Байынғолдан сегіз айда Мұқай, Қармыс, Құмар, Түктіаяқ, Рақадыл бастаған екінші көш Ласаға қарай жол тартты. Сол жылы күз айларында Шыңхай өлкесінен Дакова, Сақа, Долан жерлерінен Зайып тәйжі, Серікбай, Алпыс, Дәуітбай, Шақпақбай, Ырыбайқан Мардан, Босжан, Әкеми, Азан молла, Жүсіп ақын сияқты рубасылары қалың елді бастап, алдыңғы кеткен елдің ізімен Секей шаңияның елі бар Ласаға қарай көшті. Гималай жолымен Нағшаға бір күндік жер қалғанда екінші көшті тоқтатқан жерге артқы қалың елді де тоқтатты. Кейінгі қалың елді Шыңхай мен Тибет шекарасына келгенде дүнген әскері біраз адамды қырып, бес-алты жүздей адамды тірі айдап кетіпті.

Жаудан құтылған ел малдан айрылып, аш, жаяу шұбырып, жоғарыдағы айтылған жерге келіп, бір айға жақын отырғаннан кейін, Тибет үкіметі қайта көшірді. Оның айдаған жөніне кетпедік және қақтығыс шықты. Гималай жонымен батысқа тарттық. Бізден кейін Елісхандарды да біздің артымыздан айдап жіберген екен. Қыс ортасы ауа олар да бізге қосылды. Ыстан, суықтан қырыла-қырыла қыстай, жаздай көшіп отырып, 1941 жылы тамыз айының басында Кашмир шекарасына жеттік. Сол жерге келгенде артымыздан Тибет әскері, алдымыздан Кашмир әскері келіп, үш күндей атыс болды. Артымыздан келген Тибет әскері қырғынға ұшырады.

Малы жау қолына түсіп, ашаршылық керіп келе жатқан халық енді суықпен ыстың апатына кез болды. Талай адамдар аштан, ыстан өлді. Кебінсіз, көмусіз қалды. Зайып тәйжі, Секей шаңия да сол қыста Гималайдың жонында қайтыс болды. “Өлмегенге өлі балық жолығады” — дегендей, өлтірмеген Алла Тибетті жолымызға кез келтірді де (естелік иесі еріксіз тибеттіктерді тонауға мәжбүр болғанын меңзеп отыр — ред), өлмегендер сонымен жан сақтады. Біздің артымыздан Нақшадағы Елісхандарды да біздің ізімізге салып, айдап жіберген екен. Қыс ауып қалғанда олар да бізге келіп қосылды.

Сонымен Қытай жерінде кешумен қысты өткіздік, жаздай көштік, күзге қарағанда Тибет пен Кашмир шекарасына таяғанда артымыздан Ласадан шыққан Тибет әскері келіп, үш күн атыс болды. Бізден Нұрпуке мен Кемал шахит болды, тағы бір әйел өлді. Келген әскер өздері де қырғынға ұшырады. Бірталай құрал түсті. Алдымыздан Кашмир әскері келіп, олармен атысқандардың ішінде Деле зәңгі бастатқан жеті-сегіз адам өлді, Смағұл деген жігіт жараланып, Кашмир әскерінің қолына түсіп, сол арқылы араға тіл алыстық. Мардан, Қарамолла, Седейлерді Кашмир әскеріне елші етіп жібердік, олар Кашмирдің әскер бастығымен жолығып, кері қайтып келді. Әскердің айтқаны: Кашмирге келмейтін болсаңдар, Кашмир мен Қытай арасындаңы Искардо деген жерге кетесіңдер. Бізге өтеміз десеңіздер, құралдарыңды тапсырасыңдар, — депті. Ақылдасып Кашмирге өтейік деген шешімге келдік, құрал тапсырып, өттік те, Кашмирдің Ладақ деген шекара ауданына келдік.

1941 жылы 8-айдың 18-күні сол жерге тізімге алындық. Жан санымыз – 3039 адам болды. Бізді шекара аймағының орталығы Сиринағарға жібермей, бүгінгі Пәкістан шекарасына жақын Мұзаппарабат деген жерге әкеліп лагерьге алды. 5-6 ай лагерьде қалдық. Халыкауруға шалдығып, қырыла бастады. Мал да қырылды. Үкіметтің де жәрдемі болмады. Лагерьден шығып шаһардан тамақ алу үшін де рұқсат керек болды. Ол кезде Кашмир -Үндістаннан бөлек, өз ішінде ақшасы бар бір раджалық үкімет. Сорен Сингх деген раджасы бар еді. Ол кезде Үндістан ағылшынның отарында.

Зайып тәйжі, Секей шаңия қыста Гималай жонында қайтыс болған. Мұзаппарабат лагерінде Ғұсыман қажы мен Елісхан екеуі жауапты басшы және лидер болды. Лагерьде алты-жеті ай өткен мезгілде жаңбыр маусымымен қатар халыққа ауру да келді. Халық қырыла бастады, үкімет те жәрдем бермеді, бір жағынан ауру, бір жағынан аштық халықты қатты күйзелтті. Елісхан Мақбұл Рахман деген арабша білетін бір жерлік адамды тыңшы және мұқпыр (тілмәш) етіп ұстады. Үкіметтің бізге қандай саясат қолданатынын ұғып бер деп тапсырды. Біздің тілмаш — Ахмет молла мен Қайдар қари еді. Бір күні Мақбұл Рахман Елісханға келіп: “Кашмир үкіметі сіздерді Панжапқа жібермейді. Аурудан әбден есі шығып, өлі кеткен елді қайтып қытайға өткізіп бермекші ойы бар екен. Бүрсігүні сағат сегізде Жамудан Кашмирдің премьер-министрі осы арадан алты километрдей төмендегі бір сарайға келеді екен. Бір амалын тауып жолығып, арыздарыңды айтып көріңдер. Бұл іс жасырын болсын, білсе — лагерь бастығы жібермейді”, — деді.

Келеді деген күні таңертең сағат алтыда Елісхан, Ахмет молла, тәржіман ұйғыр Ғұламхан, мен — төртеуміз лагерьден жаяу шығып кетіп, премьер-министр келеді деген сарайға бардық. Сағат сегізде ол келді. Кездесіп, басымыздағы ауыр жағдайды айтып, бізді Панжапқа өткізіп қоя бер деп өтініш айтып едік, ол күліп алды да: “Сабыр етіңдер”, — дегеннен басқа ешқандай жауап бермеді. “Болмаса бізді қашан босатады, соны айт”, – деп еді. “Пәлен уақыт деп уәде бере алмаймын”— деді. Елісхан: “Онда бізді лагерьде құртпақшы екенсіздер ғой. Панжапқа жіберсең де, жібермесең де, бір аптаның ішінде өтіп кетемін. Осыны аударып бер”, — деп тәржіманға қарап еді, ол қорықты. “Бұл үлкен адам, ондай айтуға болмайды”,— деді. Елісхан: “Неге айтпайсың, алса — менің басымды алмай ма”, — деді де өзі орнынан түрегелді аздап урду тілін білетін премьер-министрге тілінің жеткенінше айтты да, шығып жүріп кетті.

Сол күні кешке лагерьдің айналасына әскерді төгіп жіберді. Сол түні Елісхан да: “Кашмирдің шекарасының сыртындағы Үндістан жеріндегі Кәрі Қабиболла қаласына өтетін жасырын тау жолын шалып кел”, — деп Қинаят пен Садықаны аттандырды. Олар жолды көріп келгеннен соң, бір түнде Елісхан Ахмет молла, Садей, Мұқай, Қинаятты ертіп алып, Кәрі Қабиболлаға өтіп, сол жердің жауаптысы Исламханға бүгін болған жайды айтып, Делидегі ағылшын бас елшісі лорд Уе Вулға жайды ұғындырып, телефонмен Панжапқа өткізіп алуын талап етті. Ол орынбасарын және жүзге жақын әскери машина жіберіп, бір апта ішінде Панжапқа өттік. Тернауа деген жерге келдік.

1942 жылы жазда ол жерде де лагерьде қалдық. Ауру ол жерге де келді. Адамдар қырылды. Тек үкіметтің қарауы жақсы болды. Тамақ, киім сияқты әр түрлі керек-жарақтармен қамдады. 1942 жылдың аяғында регистр деген еркін жүру белгі қағаз таратты. Сол жылы Үндістаннан Науаг Рашид Әли деген кісі келіп: “Бұл мұқажырларды мен алайын, Радалпур деген жерде бос жер бар”, — деді. Елісхан сол жерді көріп келуге Мардан, Ғұмар, Сәдей, Қара моллаларды жіберді. Олар барып көріп келді. “Жері ыстық, жайсыз екен”, — деді. “Сен жамандап келдің”, – деп, Ғұмарды үкімет бір күн қамап, жазалады. Онан кейін Попалдың науабы Қамидолла хан алатын болды. Ол жерді барып көргендер: “Жері жақсы екен”, — деген соң, елдің көбі Попалға көшіп кетті.

Бұл 1943 жылы еді. Елісхан, Ғұмар, Мардан, Қарыштай қажы, Дәуітбай, Беги қажы, Алпыс, Сәдей бастаған бірнеше ел көшпей қалды. Ағызам молла көшіп еді, қалғандар тарап, өздері кәсіп істеп жан бақты. Попалға барғандарды үкімет бақты. Олардың қырылғаннан қалғандары кейін Ғұсман қажы бастап Пәкістанға келді. Олар да көп қырылған екен. Елісхан: “Ауғанстанға өтеміз бе?”, — деп сұрастырып еді, “Ол жер де ойлағандай емес” – деп тоқтап қалдық. Жанду уіл деген жерде 1944 жылы күзде Елісхан батыр 35 жасында қайтыс болды. Екі әйелі, екі баласымен Ағызам молла 45 жылы Шатыралда, Көшіт 1946 жылы қайтыс болды. Мардан 1944 жылы қайтыс болды.

1941 жылы рубасыларының көбі қайтыс болды. 1857 жылдан бері Үндістанды басып алып, қанын құныдай сорған ағылшын империясына қарсы үнді халқы 1906 жылдан бері күрес жүргізіп келді. Екінші дүниежүзілік соғысы Үндістан халқына пайда әкелді. Қысылған ағылшын соғыстан қалып, Үндістан халқына тәуелсіздік береміз деп уәде етті. 1945 жылы соғыс аяқталысымен — 1946 жылы Британия лорды Петек Андерсон, министр Артер Хиндерсон, сэр Горпис бастаған комиссияны Үндістанға жіберді. Бұл комиссия үкіметті Үнділерге берді. Бұған мұсылмандар Мұхамед Әли қарсы болды. Сөйтіп үнділер мен мұсылман арасына соғыс отын туғызды. Үндістанда да, Пәкістанда да үнді мен мұсылман бірін-бірі қырды. 1947 жылы мартта лорд Уе Вол Үндістаннан кетті. Оның орнына елші болып лорд Маунт Бетин келді.

Екінші дүние соғысы басталғанда Лахор шаһарында мұсылмандар жиналысы өтіпті. Жиынға келген делегаттардың ой бірлігімен Пөкістан партиясы құрылады. Төрағалығына Мұхамет Әли Жаннахт ұсынылады. Сол жылы Англиядан министр Горпис Үндістанға келеді. Үнді конгресс партиясы ілгері келгендерін жинады. Бұл соғыс Британия үкіметін үлкен шығынға ұшыратты. Сондықтан да үнді халқына: “Бізге әскери көмек беріңдер, соғыс бітіп соғыстан шыққаннан кейін, қалаған тәуелсіздікті береміз. Әкелген күлгін қағазға қол қойыңдар”, — депті. Тратдут Жаннах қол қойып, үнділер келісіпті. Соғыс кезінде мұсылмандар ағылшындарға 120 мың әскер беріпті. 1945 жылы соғыс бітті, енді Британияның Үндістанға тәуелсіздік беретін кезі болды.

Англиядан лорд Петек Ларинже, министр Артер Хиндерсон, сэр Герпис Үндістанға келді. “1946 жылы май айында біз Үндістанға тәуелсіздік береміз. Шарт мынандай болады: Үкімет он төрт адамнан: бесеуі — конгресс партиясынан, бесі — мұсылмандардан, қалған төрті ұсақ партиялардан болсын. Орталық үкімет Делиде болады. Бұған Жинах келіспейді, ұсақ партиялар: үнді, махсаба, ашгуд, ікісі (?) де үнді конгресс партиясымен бірлесуі мүмкін, — деді. (Жаннах мұны кейін түсінді) Жаннахтың ойлағанындай болды. Конгресс партиясымен бірлесті. Сонымен 1946 жылы ағылшын конгресі болмай қалды. Үнді мен мұсылмандар арасында қанды қырғын шықты. 1947 жылы мартта соңғы елші лорд Маунт Бетен келді. “1947 жылы маусым айына дейін Үндістанды босатамыз.Үндістан жеке ерекше үкімет болады. Заңдары да ерекше. Үнділердің көп тұратын жері — Үндістан үкіметіне, мұсылмандардың кеп тұратын жері — Пәкістанға қарайды”, — деді. Екі жағы да бұған қол қойысты. Соңында, 1947 жылы 14-тамызда Үндістан екіге бөлініп, екі үкімет болды. Біз Пәкістанның топырағында қалдық. Үндістанға кеткендер де Пәкістанға келді. Пәкістанға жиналдық та, әр шаһарға тарап, сауда сатып, кәсіппен шұғылдандық. Үндістаннан бірнеше миллион мұқажыр Пәкістанга келді.

Сонымен 1947 жылы 14-тамызда Үнді жарым аралы екіге айрылды. Үндістан, Пәкістан болды. Үндістанға таралып кеткен қазақтар да Пәкістанға келді. Коммунист қытайлар да Пәкістанға келді. Үгіт жүргізді. Бұған сенген бірнеше қазақ қайтып кетті. Бұл қазақтардың ішіне іріткі салды. Бұған қандай бір шара қолдану керек? Әбдірахман Сабыри деген қытай тыңшысы қазақтардың арасына кіріп: “Ұйым құрайық”, — деп іріткі салды. Басқармаға айтып едік, ол: “Шпион болар”, — деді. Онысы рас болып шықты. Бұлар үш адам екен, бірі — Рауалпинде, бірі — Қарашиде, бірі — Келгітте де (Калькутта) ұсталды.

1949 жылға келгенде маған Халифа Алтай: “Біз бір ұйым құрсақ”, — деген пікірін айтты. Халифа Алтай мен Ұяданның үйінде бас қосып, ұйым мәселесін талқыладық. Пәкістанның әр шаһарындағы адамдарды жинауымыз оңай емес, Пешабардегілерге ақыл салайық дестік. Пешабардегі қажы Қарыштай, қажы Қамза, қажы Сауытбай, қажы Беги, қажы Қалимолла, қажы Бөкей, Халифа Алтай, мен, Құланбай, Ұядан қажы, Абдулкебір қажы, Әли, Тұрсынбай — осы жоғарыдағы адамдар жиналып, ұйым туралы пікірді айтып едік. Қарсы шыққан болмады. Бәрі қостады. Бастығы Қарыштай қажы, барлығы Тексиладағы Ғұсман қажыны мұның ішіне алайық, туған жерден келген басшымыздың бірі ғой дестік. Бәрі қабылдады. Пешабардан басқа жерден ешкім жазылмады. Ұйымның атын “Шархи Түркістан қазақ анжыманы” деп қойдық. Бастық етіп Ғұсман қажыны қойдық. Сөйтіп әрекетімізді істей бердік. Халифа екеуміз анжыман жарғысын үкіметке бекіттіріп, іске асырдық.

Пәкістанда “Шаһар хукуку” дейтін бір заң бар. Мағынасы отандастыққа өту немесе келіп жатқан босқындарға берілген құқықтардан игіліктену туралы заң. Бұл үшін ауданның премьер-министрі Абдулхайым ханнан ранду (қабылдау) сұрадық. Ранду алдық. Халифа, мен, Құланбай үшеуміз, ранду күні жолығыстық. Арызымызды айтып едік: “Сендер де құқылысыңдар, осы күнде келіп жатқан босқын көп. Үкімет те жаңа құрылған үкімет. Сендер жақсы орнығып қалдыңдар, мұны мен Қарашидегі орталыққа жеткізейін, болғанмен бес-алты жылсыз нәтиже шықпайды”, — деді. Ол жағынан үміт болмайтын болды. Халифа екеуміз енді Түркияға кету жағын қарасытырсақ деп ақылдастық. Бір күні Халифа маған: “Түркиядан келіп жүрген бір тілші бар екен, соған сөйлесейік”,— деді. Іздеп барып, сөйлестік, атым — Мұхамед Ирпан, тілшімін, — деді. Біз: Пәкістанда Түркістаннан қашып келген 1500-ге жақын адам бармыз, Түркияға кетсек деген ойымыз бар, сен бізді Қарашидегі Түркияның бас елшісімен кезіктірсең,— дедік. “Мен он күнсіз Қарашиге бара алмаймын, бір аптадан кейін келіндер, кезіктірейін”, — деді. Бір апта өткен соң, анжыман (ұйым бастығы —?): “Сен бар”, — деді. Менің қасыма Қажен қажыны қосып беретін болды. Мен Халифаға: “Сен де жүр”, — деп едім, “Менің екі күндік ісім бар, сіздер кете беріңіздер, мен артынан барайын”, — деді. Қажен қажы екеуміз Лахорға жүріп кеттік. Халифаны сол жерден тоспақ болдық. 1950 жылы 2-айдың 11-күні Халифа да келді. Сол күні Батай қажының үйінде қонақ болдық. Түнгі поезбен Қарашиге жүргелі отырғанда Мұхамеди Қылыш келіп: “Сіздердің тілшілеріңіз Лахорда, кетпепті”, — деді. Қылыштың да сөйтіп пайдасы тиді.

Ертесі тілшімен кездесіп, сөйлестік. “Сендердің келгендерін жақсы болды, бас елші бүрсігүні Лахорға келетін болды. Мен сендерді осы жерден сөйлестірейін”, – деді. Айтқан күні түнгі сағат тоғызда Лахорға келді. Ертесі үкіметпен ресми кездесуі болды. Мұхаммед Ирпан бізге 1950 жылы 2-айдың 14-күні, сағат бір жарымға кездесу ұйымдастырды. Айтылған уақытта Лахор “Пилет” (?) қонақ үйінде бас елші Небл Бату деген кісіге кездестік. Италиядағы бас елші Инал Батудың ағасы екен. Лахордан бізбен Сүлеймен Қамел, Мұқамеди Қылыш та еріп барған, келген жөнімізді айтып едік: “Пәкістанда қанша адам бар, бәрі кетпекші ме?”, — деді. “Бәрінің тілегі — осы” —дедік. “Сендердің тұрақты жерлерің бар ма?”, — деді. Пешабардағы анжыманның өдірісін бердік. “Мен Анқараға жазамын”, — деді. Қажен қажы екеуміз қалдық. Халифа қайтып кетті. 1951 жылдың жазында Қарашиден: “Түркияның бас елшілігінде Анқарадан келген министрлер сендерді 21-мамырда қабылдайды”, — деген хабар келді. Онан кейін: ” Бұлғарстаннан екі жүз елу мың босқын келді. Сендер біраз сабыр етіп тұра тұрыңдар”, — деді. Біздің кешігуімізге бұлар себеп болды.

Бүл арада Қытайдың насихаттауымен туған жерге қайтып кеткендер де болды. Алдымен Меркіт Сабырбайдың екі баласы қайтып кетті. 1952 жылы Сарбас Байдолла, найман Жұмаділдер қайтып кететін болды деп естідік. “Бүйте берсе болмайды екен, елдің арасына іріткі түседі екен” – деп анжыман мені Қарашидегі Түркияның бас елшісіне тағы жұмсады. 1952 жылы көктем айлары еді. Менің қасыма бұл жолы Қамза қажыны қосып берді. Османжан: “Қарашиден сауда аламын”, — деп еріп жүрді. Қарашиге бардық. Кетеді дегендері рас екен. Төтей Ожынайлар да қытай насихатшыларының жолымен қайтып кетті. Түркия елшілігі Қарашидің Ват Айленді деген жерінде, теңіз жағасында екен. Алдымен барып көрдім. Хамит Өзгран деген елшіліктің хатшысы бар екен. Онымен таныстым, Небл Бату кетіп, орнына Ияхия Кемал би деген кісі келген екен. Ол кісі Анкараға кетіпті. Ол кісіні тосып бір талай жатып қалдық. Бір күні елшілікке барып едім: “Бас елші келді, ертең кел”, — деді Хамит Өзгран. Ертесі бір жазу машинасына ағылшынша жаздырып, өтінішті Хамитқа алып барып едім. “Бас елші екінші қабатта, өзің алып бар”, — деді. Сәлем беріп, жазған арызды беріп едім. Оқыды да, жыртып себетке тастады. “Мен сендердің өтініштеріңді білемін” деді. Аудармашылық істейтін мисс Кос дейтін бір әйел бар еді. Хамитке: “Жазу машинкасын алып мұнда келсін”, – деді. Хамит алып келді. Маған: “Сен өз тіліңмен қысқаша айт”, — деді. Мен Лахордағы Небл Батуға берген арызды айтып едім: “Оның бәрінен хабарым бар, енді мен саған бір ескертпе айтайын, Түркияда босқын екі түрлі болады, бірі — ерікті босқын, бұған үкімет жәрдем бермейді, өзі кәсіп істеп жан бағады. Екінші сканлы (саяси —?) босқын, бұған әр түрлі жәрдем береді. Үй, жер сияқты әр нәрсемен қамдайды. Сендердің шамаларың қандай?”, — деді. Мен: “Ерікті көшпен болатын шамамыз жоқ”, — дедім. “Мен де соны ойлап ескерттім. Мен Анкараға бір хат жазамын, Иншаллаһ бір жылдың ішінде Түркия жолы сендерге ашылады”, — деген қуаныш хабарын берді.

Дегеніндей, 1953 жылы Түркияның жолы ашылды. Ол жылы Ияхия Кемал кетіп, Салахатдин Ербіл келді. Түркиядан елшілікке Әмір де келді. “Босқындарды жүргіз”, — деген мәселе жалғасын тапты. Түркия: “Бағдатқа өздерің келесіңдер, онан бері Түркия көшіріп алады”, — деді. Стамбұлдан Түркияның теңіз жолдары бойынша жұмыс істейтін “Пекливан” фирмасы дейтін бір фирмадан хат келді. Олар адам басынан 100 рупи Пәкістан ақшасын береміз деді. Онан кейін, Бамбейден бір фирмадан хабар келді, Биритч Үндістан Маритин Лине анды. Сол: “Біздің үш кемеміз бар. “Дара дауаркд дарисса” атты апта сайын Басыраға жүк тасиды. Адам басына 52 рупи, бір жолда әкете алмаймыз, әр сапарда қонтажын айырамыз” деді. Соған келісіп бөлек-бөлек топ болып, 1953 жылдың соңына дейін Түркияға келіп болдық. “Көштің артына дейін бір кісі қалсын, бізге тіл жағынан жәрдемдессін”, — деді. Халифа Алтай қалды. Ол кісі 1954 жылы келді. Бізден кейін әйелі де қайтыс болыпты. Менің өзім 1953 жылы 11-айдың 18-күні Стамбұлға келдім. Сиркежі босқын лагерінде екі жыл қалдық. Қызыл ай одағы екі жыл бақты, Алтай аулына 1955 жылы 7-айдың 30-күні келіп орналастық. 1950 жылдары Отаннан қашып Түркияға келген Сұлтаншәріп тәйжінің ауылы бізге келіп қосылып, орналасты. Сонымен 160 үй болып орналастық. Үкімет әр нәрсені қамдады: жер, үй берді. Біз сияқты басқа аймақтарға ілгері-кейін келгендер араласып орналасты. Салихлыға, Кония аймағына, Исмилнигде аймағына, Сұлтанхани Кайсериге, Дебелидің ауылды жерлерінде орналасты. Кейін әркім өзі кәсіп істеп, келешегіне рахат тұрмыс әзірлеумен шұғылданды.

Теги: ,

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

*