Алтай аңызы / Руханият

Бохийн Бааст: Алтайдың көк дөнені (әңгіме)

Жазушы Бохийн Бааст 1921-жылы Баян-Өлгийи аймағының Алтанцогц ауылында дүниеге келген. Марксизм-Ленинизм университетін және Мәскеу қаласындағы М.Горький атындағы әдебиет институтын бітірген. 1936 жылдан бері жазушылықпен айналысып, «Алтай жолымен»,  «Алтай гүлі»,  «Алтай желі» сынды он шақты әңгіме, повестер жинағын жарыққа шығарумен қатар, қазақ жазушыларының көптеген шығармаларын моңғол тіліне шебер аударып бастырған. Сонымен қатар «Ақтамақ»,  «Сүйгенім менің қалада»,  «Ақмаңдайлым» сынды қазақ әндерінің сөзін моңғол тіліне аударып, халық арасына кеңінен таратқан ақын. 1976 жылы таңдаулы шығармаларға берілетін Д.Нацагдорж атындағы сыйлықты жеңіп алған.

***

Аппақ қардай күміс түсті жүрдек ұшақ мәңгілік мұз жастанған, аты аңызға айналған Цамбагарав тауының сол жақ баурайына келгенде бірнеше мәрте солқ етті. Туған жердің көңілге медеу, жүрекке жақын сай саласы көз алдымда зулап өтіп жатты. Ақшиліктер деп аталатын бір қауым жұрт осы өлкеде мыңдаған малымен күзеп, қыстап-жайлаумен қатар, көктемде жер жыртып, егін салады, күзде пішен шауып, оның игілігін көреді. Ақши өңірі Қобда өзені бойындағы бір кең алқап. Туған топырағымның қоңыр күзінің ең бір тамаша кезеңінде мен онда ұшып жеттім. Сәлден соң, ауылдың шеткері жағындағы Читгай деген жердегі анамды қойған бейіт ұшақ терезесінен жылт етіп көрінді де, артта қалды.

Анамның қандай адам болғанын мен анық білмеймін. Қайтыс боларынан бірнеше күн бұрын бір рет көріп қалғаным арқылы ғана мен анамды елестете аламын. Соңғы демі үзілерде:  «Мына ұлым ұшпаққа шығып кетпесе де, білімді болу маңдайына жазылған секілді. Есте сақтау қабылеті мықты екен. Есіңде болсын. . .   »,-деп әкеме аманаттаған екен. Кейін әкем хал үстінде жатқанда да, осы өсиетті қайталады. Бала кезімде бір ғажайып түс көргенім бар. Астымда көк атым бар көп жаудан қашып келеді екенмін. Анам алдымнан шығып:  «ұлым, тездет! », – деп жүгіріп келеді екен. Тағы бірде «Алтайдың көк дөнені» деген бір аңызды Гецелжав ағам айтып беріп, «білімді адамның бармайтын жері, көрмейтін ғажабы, мінбейтін көлігі болмайды» дегенін кезінде жақсы ырымға балағаным бар. Мен ұшақпен талай рет сапарға шықтым. Әр сапар сайын мен өзім отырған ұшақты бала кезімде түсімде көрген «Алтайдың көк дөнені» іспетті қабылдаймын.

Мен бала кезімде тентек ұл болсам керек. Алайда біреуге зиян келтірерліктей ештеңе жасаған емеспін. Шын мәнінде ел дүрліктірердей бірдеме жасайтындай ол заманның баласында қандай жағдай болсын?  Мен көп балалы отбасынан едім. Қазір де көппіз ғой. Ал, бала кезімізде біз бақытсыз отбасы едік. Неге десеңіз, біз анамыздан тым ерте көз жазып қалдық. Менде әйтеуір анамның түр-түсінің сұлбасы қалыпты. Оның соңғы сәттегі түрі есімде мәңгі сақталып қалды. Бір күні мен бауырларыммен бірге отынға барып келдім. Біз үйдің қасындағы қосымша тігілген киіз үйде тұратынбыз. Анамның жанынан әкем де бір адым ұзай алмайды, сүйеп отырады. Отыннан келе сала мен неге екенін білмеймін, анама барыппын. Аласа ағаш төсекте өңі аппақ қардай бозарған, шашы дудыраған анамның мені көргенде қос жанары өткірленіп кеткендей тесіле қалды. Қатты ентігіп отырды. Әкем анамды жай сүйеп отырған жоқ, тіпті тас қып құшақтап алғандай көрінді.

Анам маған аянышпен мейірімге толы жүзбен көз сала отырып, бірдеме  айтты. Анамның осыншама аянышты халын көріп, шошып кеткен болармын, не дегенін ұқпай қалсам керек. Бір-екі адым аттап едім, «анаң саған бері кел деп жатыр», – деді әкем. Аяулы анамның қасына өрім-өрім күйімде состиып бардым. Ол:  «Қане, ұлым. . . С. . . С. . . » – деді де, ары қарай ештеңе айта алмай қызық кейіпке түсіп қалды. «Анаң сені сүйгісі келеді», – деді тағы да әкем. Еңкейіп маңдайымды ұсындым. Анам сүйді. Ерні сұп-суық болғанымен, денесі оттай жанып тұр. Анам ұзақ көз салып қарағанда:  «әй, балаларым-ай, күндерің не болар екен?  » – деп ойлаған шығар. Жылады білем, бырақ көзінен жас шықпады. Бейшара анам сол сәтте іші бауыры езіліп, қатты егілген болар. Анам әкемнің құлағына бірдеме деп сыбырлап жатты. Ол:  «жарайды! » – деп бас изеді. Мен туралы аманатын айтқаны сол шығар. Сөйтті де әкем:  «ана шәугімді әжеңе апарып бере ғой. Анаңа сусын дайындап берсін», – деді. Шәугімді алып шығарда көзім қарауытып, жүрегім езіліп кетті де, анама қайтадан қарай алмадым. Бұл анамды көзі тірісінде ақырғы рет көруім екен. . .

Бірнеше жылдан кейін әкем мені атқа мінгестіріп алып, Танхим аталатын мектепке жеткізді де, үйді Ценгел елді мекеніне көшіріп әкетті. Саяси қуғын-сүргін басталған жылдары қайтадан көшіп келді. Оқу аяқталып, жазғы демаліс басталғанда үйге келгенмін. Үйде бір көнетөз Моринхур (моңғол қобызы) болушы еді. Сол тұста мұндай сазды аспап әр шаңырақта міндетті түрде болатын еді. Қобызды қолыма алып, жайлап ыңылдатып отырғанмын. Гецелжав аға келді. Мені бұрын ауылдастарым бала деп онша елемейтін. Енді оқуға барғаннан бері мені тап бір керемет ғалым болып кеткендей-ақ қатты құрметтейтін болып алыпты. Егектетіп отырған қобызымды Гецелжав аға қолына алды да, екі ішегін бабына келтіріп алып, әлдебір аттың шабысын елестетерліктей тамаша сазды ойнай жөнелді. Сол бір әуен маған екпінді бола тұра мұңлы сезілді. Осыдан кейін мен Гецелжав ағаны ерекше қасиеті бар адам деп санайтын болдым. Үйге келсе болды, қобызымды ала жүгіремін. Қанша тыңдасам да жалықтырмайтын әлгі әуенін ол кісі де  жалықпай ойнап береді. Әкем де қобызды барынша тәуір күңірентеді. Бырақ ол кісінің ойнаған әуендері маған онша әсер етпейтін. Дегенмен қобызға деген құрметі, оны қолға алғанда тізерлей отырып, ерекше сый көрсеткендей болатыны есімде.

– Мен қобызды қалай үйренсем болады?  – Деп сұрадым бірде Гецелжав ағадан.

– Қобызды үйрену оңай емес.

– сіз маған үйретіңізші!

– Сен менен үйреніп, қобызшы бола алмайсың. Нағыз қобызшы боламын десең, алдымен жақсы моринхур тауып ал. Сосын, оны жақсы білетін адамға шәкірт бол. Үйренген соң адам да, аң да көп жүретін төрт жолдың торабындағы өріске бар. Тас қараңғы түнде иен далада отырып ал да, аңырат!  жан-жағыңнан түрлі жан-жануар ағылып келуі мүмкін. Еш қорықпа!  Қобызыңды ойнап отыра бер. Олар саған тыйіспейді. Келеді де, сәлден соң кетеді. Біраздан соң қасыңа хордың қызы немесе ұзын ақ сақалды киелі баба келуі мүмкін. Қайсысы келсе де бәрібір. Сенен еш нәрсе сұрамайды, тура саған қобыз тартуды үйрете бастайды. Таң атысымен қобыз үйретер ұстаз кетіп қалады. Сен мықты қобызшы болып, үйге ораласың.

Мен бұл сөзге сендім. Нағыз қобызшы болғым келді. Алайда иен далада жұдырықтай бала жалғыз өзі қобыз тартып отыра ала ма?   «Қасқыр талап кетсе қайтемін, жын-шайтан алып кетпес пе екен?  » – Деген ойлар мазалады. Жалпы қорқынышымда шек жоқ. Алайда қорықпауым бәрінен маңызды еді.  – қобыз үйретуші кейде аттың қураған басын мінген жалмауыз кемпір болуы да мүмкін екен. Егер дәл сондай кемпірмен кездэссем, ақыл естен адасып қалмаймын ба?  !  сол қу басқа мінгесіп алып қобыз тартса, тіпті тез үйренеді дейді. «Қобызды шебер ойнай бастаған кезде қу басқа жан бітіп, арғымақ атқа айналады, көк пен жердің арасында қалқып өмірлік жарын жолықтырады немесе әлемді аралатып алып, үйіне әкеліп тастайды» дегенін қайтерсің?  гетселжәв ағаның сөзі әсерлі әрі қорқынышты еді.

Ақыры менің қобызшы болу арманым келмеске кеткендей болды. Дегенмен Гецелжав ағаның әңгімесі есімнен кетпеді. Жаз шықты. Жұрт масадан қашып, өзен бойын тастап, жайлауға көше бастаған. Біз де елден қалмай көршілеріміздің жүктерін артысып жүріп, ат-түйелерін сұрап алып, Олон-Нуур деп аталатын тамаша жайлауға жетіп алдық. Жайлау деген біз секілді кедейлердің бақыт ордасы ғой. Төселген кілемдей көк майсада ала жаздай жалаңаяқ асыр салып ойнаймыз. Қалаған кезімізде суға шомыламыз. Айран-шалапқа тойып алып, шабақ аулаймыз. Ұсақ шабақтарды кеседегі суға салып алып, жарысып ішеміз. . .

Түнде де үйге жоламаймыз. Киім-кешек, көрпе-жастығымызды сүйреп, қораның шетіне шығып, далаға жатамыз. Түнде қорқынышты жайлар да болып тұрады. Өгіздер мен бұқалар сүзіп тастай жаздайды. Ерсілі-қарсылы сандалып жүрген мас адамдар басып кетердей зәремізді ұшырады. Төсекке кіріп алып, әңгіме-дүкен құру деген бір рахат. Аспандағы сансыз жұлдыздар, ай мен күн дейсің бе, әйтеуір таусылмайды. Жұлдыздарды меншіктеп аламыз. Өзара айырбастап, тағы сауда-саттық жасаймыз. Кейде ертегі айтысамыз. Мінетін аттарымызды ауыздың суы құрығанша мақтаймыз. Ертегі айтудың, жыр жырлаудың неше түрлі шеберлері бар, бір жалықтырмайды. Түн жарымы ауғанда бір-бірлеп ұйқыға кетеміз. Бірде мен ғажайып бір түс көрдім.

. . . Быздың мекенде жылқысы көп бір бай бар екен деймін. Оны мен әлде танитын да, танымайтын да сийақтымын. Түсімде мен оның жылқысын бағады екенмін. Жылқысы көп болса да, ол маған жақсы аттарын мінгізбейді. Сөйтіп жүргенде соғыс болып, Алтай асып, барымташылар келіпті. Мылтық атылып, түтін қаптап, бай жылқысын біреулер қуып әкетеді; тасыған өзенге айдап, суға батырып жатқандай ма, ақылға сыйымсыз бірдемелер болып жатыр. Жылқыларынан айырылған әлгі бай бір көк қотыр тайдың мойнынан құшақтап зар жылайды. Сосын маған:  «сен осы таймен барып, алтай асып келген ерлерден жылқымды қайтарып әкеліп бергін! » – деп қояды. Мен байдың айтуымен көк тайды мініп кетпек болғанда, әкем: «ұлым, көк тайды жамансынбай қамшыны бас, Алтайдың жолын ауырсынбай күшіңді сал!  Алтайдың ерлері даңқты болса да, ел-жердің киесінен аса алмас», – дейді. Мен садақ пен мылтықты қатар алып, аттанып барамын.

Қотыр тай садақтан тартылған жебедей тұп-тура тартады екен. Өзен су, таулы кезеңдерге бөгелу деген жоқ. Осылай жүре-жүре қотыр тайым ақкөк атқа айналып кетеді. Енді жермен емес, көкке самғай бастады. Биікке самғап отырып, бұлттардың арасына кіріп кеттік. Бұлттардың арасында не жоқ дейсің, тау-тас, орман, өзен-көл, Сайраған құстар. . . Сол сәтте қайдан шыққанын білмеймін, жүректі елжіретер ғажайып сазды әуен ойнайды. Әуенге айнала түгел билеп кетеді екен. Батып бара жатқан күн сәулесіне айнадай көлдер жалтырап, ортасында алтын қамыс ырғатылады. Сол қамыстар арасынан аққу құстар шыға келіп, тамылжытып ән салады. Олардың әрбірінің үстінде хор қыздары отырып алған ертегі әлеміне осылайша еніп кетіппін. Сұлу арулар атымды айнала ән салғанда бас айналдырып, көз тұндырады. Қыздардың киімдері кемпірқосақтың жеті оңынен тұрады екен. Бір қарасам, олар мені көлдің ортасында атымнан түсіріп алмаққа әрекеттеніп жатыр. Олардың шабуылы үдеген сайын сазды әуеннің ырғағы да өзгере бастайды. Мінген атым көлден көтеріліп аспанға қалықтай жөнелді. Бір сәтте артыма қарасам, әлгі аққулар оқ іспетті көлікке айналған, хор қыздары ертегінің батырлары болып кеткен, мені қуып келеді. Алға сәл еңкейіп атымның құлағына сыбырласам, ол: «жарайды, сен тақымыңды қысып отыр!  мен барынша созыла шабайын. Бір жөні болар»,-деп адамның тілімен сөйлейді. Атым негізінде жоғарыдан түсіп келе жатқан сийақты құлдилап шабады. Жер шарына оралып келе жатқан секілдіміз.

Мен:«әйтеуір атымнан айрылмасам болды,-деп, оның жалынан мықтап ұстап алып келемін. Бір қарасам, туған жерімнің биік асқар таулары, ақ қар басқан шыңдары көзге шалынады. Соңымыздан ерген қуғыншылар жақындап та қалды, атқан оқтары құлақтың түбінен зу етіп өтеді. Қарлы тауға жақындап қалдық. Таудың ақ күмістей мұзды бетіне таядық. Енді тіреле бергенде гүрілдеген күшті бір дауыс шықты да, таудың қойнауы ашылып, ортасынан анам шыға келді. Түрі бәз-баяғы қалпында, бырақ ентігуін қойыпты. Мені көріп әлде қуанған, әлде абыржыған кейіпте тұр. «Тездет, ұлым! »-деп маған қарай жүгірді. Сол сәтте мылтықтың қатты даусы шықты да, көк атым шыңғыра кісінеп мұрттай ұшты. Мен де анамды шақыра құлап бара жатып, шошып ояндым. Түс те, ат та, қуған жаулар да, анам да ғайып болды. Қуып келе жатқан жаулар мені қақ маңдайдан атып, қан аққандай болғаны тамшылай бастаған жаңбырдың суы екен. Әлгі гүрс етіп атылған мылтықтың дауысы күннің күркірегені болып шықты. Расында, Найзағай ойнап, қатты жаңбыр жауып келеді екен.

Біз жалма-жан киім-кешек, төсек-орындарымызды көтеріп алып, үйлерімізге қарай зытып бердік. Жұрттың бәрі отындарын жауып, малдарына жүгіріп әуреге түскен. Мен түстің әсерынен айыға алмай мең-зең күйдемін. Ағалардың айтқан ертегілері мен жырлаған жырларындағы оқиғаларды араластырып, түсімде көріппін. Анамның бейітіне барғалы жүргенмін, әрі қатты сағынған да едім. Түсімде көргенім содан болар. Үйге келген соң, бәрі жапа-тармағай ұйқыға кетті. Менің кірпігім айқаспады. Тезірек таң атса екен, анамның бейітінің басына барсам, өзімен де кездесетіндей көрінді.

Ертеңінде егін суаруға өзен бойына шыққан адамдармен бірге ағам екеуміз аттандық. Жол бойы үлкен адамдар мені ермек қылды. «Біреу атқа шабады, енді біреу босқа шабады» дегендей, мына бала шыжыған ыстықта неғып жүр?  масаға таланғысы келіп, арқасы қышып жүрген бала ғой» деседі. Ағам мені не үшін ертіп шыққанын айтпады. «Баланың көмегі тыйеді. Аттарыңызды масадан қорғайтын түтін тұтатуға көмектеседі. Шай, тамақтарыңызды даярлауға жәрдемдеседі»,-деп қойды.

Сол күні кешкісін Ақши өзенінің бер жағындағы аласа таудың басына шықтық. Қобда мен Ақши өзенінің бойы жасыл көрпесін жамылғандай әсем. Туған жерімнің осы бір көрінісі анамдай көрінген сәтте көзім жасаурап кетті. Тау басының өзіне өзен бойының ызыңдаған масалары жетіпті. Бырақ жылқы малын талап жіберерліктей емес. Сонда да біз түтін салып қойдық. Күн батарда даланың дәмді шайын іштік. Тамақ істеп, тағы алденіп алдық. Дихандар көздерін ғана ашық қалдырып, шымқана оранып, қолдарына күректерін ала өзенге кетті. Ағам екеумізбен бірге тағы бір егінші бар. Үшеуміз түтін салып қойып, анау-мынауды сөз етіп отырмыз. Түн ортасы ауа жел шықты. Самал желдің арқасында масаның да қарасы батты. Түтін салудан қолымыз босап, жақын маңдағы бұлақтан су әкелдік.

Дихандарға арналып шай да қойылды. Аттарды шідерлеп қойдық. «анамның басына қашан барамыз?  »-деп ағамнан сұрап қоямын. «Ертең атпен барамыз. Жаңа ғана су алған жерден сәл әрі жүрсек жетіп барамыз» . «Қазір барсақ болмай ма?  »  «Қазір еш нәрсе білінбейді. Күндіз барған дұрыс, енді ұйықта! » осындай иен далада анамды тастап кеткендері мүлде ақылға сыймайтындай көрінді. Ұйқым келмей көп жаттым. Түнгі торғайлардың шырылы, үкінің дауыстары, алыста иттердің ұлуы еміс-еміс құлаққа келеді.

Егін суаруға кеткендер таң сәріде келді. Масаға таланып, барлықтарының беттері ісіп кеткен. Көзі-бастарына ашыған қымыз бен арақ жағып, ит әуреге түсіп жатыр. Аттарымызды да маса оңдыратын түрі жоқ.

Түс мезетінде ағам екеуміз суға кеттік. Бұлақ маңында қаптап жүрген маса маза бермеген соң, ыдыстарымызды тезірек толтырып алып, ар жағындағы үстіртке шығып, жан сауғаладық. Алайда ол жерде де маса толып жүр. Күннің көзі дәл түсетін бір сайға ағам ертіп апарды. «Анамыз осында жерленген»,-деді. Екеуміз аттан түстік. Ештеңе айтпадым, сұрамадым да. Бір төрт бұрыш көк тас көрінеді. Дәл сонда екен. Тастың бетіне бөтелкедегі сүттен тамызды. Үстіне арша салып, оны тұтатты. Орамалға ораған құрт, ірімшіктің кішкентәй бөлігін шығарып қойдық. Осымен біздің рәсім бітті. «Анамыз бір аунап түскен болар. Осы жерді ұмытпа!  енді кетейік. Аттарымызды маса талап қоятын болды. . . »-деді ағам. Не дерімді, не істерімді білмедім. Маған салса, сол жерде тұра бергім келді. Түсімде көрінгендей шыға келетін сияқты. Алайда оным орындалмас арман еді. Лажы жоқ, сол жерден кетуге тура келді. Егін суаруға келгендердің арасында масаға менен көп таланғаны әрі көңілсіз, мұңлысы жоқ еді. Оларға мән-жайды ағам айтқан секілді. Бәрі мені алдаусыратуға, көңілімді көтеруге тырысады. Кешкесін ағамның да еңсесі түсіп кетті. Асылы, менің жағдайыма алаңдаса керек.

Сол күні кешке Гецелжав аға бастаған бірнеше адам тағы келді. Олар да егін суармақ. Оның келгені мені қатты қуантты. Гецелжав ағаның орнына менің ағам өзенге кетті. Мен көрген түсімді шатып-пұтып ол кісіге айтып бердім. Сөзімді мұқият тыңдады. Негізі егіншілер менің көңілімді көтерсін деп, гетселжәв ағаны әдейі қалдырғанға ұқсайды. Әңгімемді айтып бітіп, ауыр күрсіндім. «Інім, тамаша түс көргенсің. Сен қазір оқудасың. Кейін білімді, елге сыйлы адам болады екенсің. Білімді адамның көрмейтін жері, мінбейтін көлігі болмас, сірә! » – деп ол кісі басу айтты.

– Гецелжав аға, сіз ана жолы қобызда ойнап берген аттың шабысының қандай сыры бар?

– Сол туралы өзім де саған айтайын деген едім.

Мен қуанып кеттім. Жылқыларға түтін салып, шай қайнатып, барлық жұмысты бір демде атқарып тастадым. Гецелжав аға да әңгімесін бастады.

– Ертеде біздің Алтай жерінде Жәнібек деген жарлы жетім бала болған екен. Жалғыз міні – кедей демесең, өзі ақылды әрі батыл жүректі бала болса керек. Бала Жәнібек сендей кезінде күздігүні аңшылармен бірге қабан аулауға шығыпты. Аңшылар аң аулайтын жерлеріне жеткен соң ыстықтап, бәрі салқындау үшін киімдерін шешіп тастап, жартылай жалаңаш демәліп жатыпты. Бір қараса, Жәнібектің аяқ жағынан бір жылан тілін жылтыңдатып, басына қарай өрлеп барады екен дейді. Өзі үлкен әрі ұзын шұбар жылан көрінеді. Оны көрген аңшылар абыржып, не істерлерін білмей, аңырып қалады. Әлгі жылан баланың кеуде тұсына жетеді. Ал Жәнібек өзі болса оған айылын да жимастан аузын аңқита ашып жатады. Зәрелері ұшқан адамдар аң-таң. Жылан оның тамақ тұсына жетеді. Одан өрлеп Жәнібектің ашылған аузына жылыстап кіре бергенде ол қыршып алады да, жыланның кесілген басын түкіріп тастап, орнынан тұрады. Қорқыныштан сілейіп қалған жұрт шу етіп, Жәнібектің ерлігіне тәнті болады. «Ер-азаматтың батылдығы атағын шығарады» деген осы, інішек. Жәнібек секілді болу керек!

Гецелжав аға сөзін үзіп, от көсеп қойды. Менің қасыма келіп жатты да, қайтадан сөзін жалғады. Жәнібек бала кезінде бір байдан мінуге ат сұрапты. Бай оған:  «Мың жылқым өрісте жүр. Бар да, қалағаныңды ұстап мін! » – дейді. Жәнібек жылқы ішін аралап ұзақ жүріпті. Байдың мың жылқысының ішіндегі еркек құлын, тай, қазанат атаулыны түгендеп шықса керек. Сөйтіп жүріп жүні ұйпа-тұйпа болған бір нашар көк тайды жетектеп әкеліп:  «Осыны аламын», – депті. Бай айтады:  «Жарайды, қалауың болсын. Сен оның жақсы ат болатынын таныған шығарсың. Немесе ақымақтық жасағаның болар» . Жәнібек ақымақ бала емес еді. Көк тай кейін расында тамаша ат болып өседі. Көптеген соғыс, шайқастарға Жәнібек көк атымен атойлап кіреді екен. Әрбір шайқаста жауларын жер Жастандырып, атақ даңқы алтай асады екен. Ат пен ер жігіт бірге есейіп, есімдері аңызға айналады.

Ақыры Жәнібек әлгі тай берген байдың жалғыз қызына ғашық болады. Бай қызын бергісі келмейді. Қызды алып қашуға дайындалып, көк атын жаратып, бір түні қалыңдығын алып қашады. Байдың шабармандары көк атты атып құлатып, қызды қайтарып алады.

Жәнібек Алтай тауларының біріне шығып бекінеді. Ол көк атының басын алып таудың ең биік шыңына қастерлеп қояды. Ал әлгі көк атты атқан адам байдың қызын жүздеген жылқы беріп алуға құдаласқан тағы бір ірі байдың дайыр ұлы екен. Бай қызын сол ақымаққа күшпен бергенімен, қыз көнбей, өзіне қол салып, қаза табады. Ал Жәнібектің кейінгі тағдыры жайында нақты мәлімет жоқ. Біреулер «Жәнібек алтайдың мәңгі арасанын ішкендіктен, жиырма бес жастағы күйінде сақталып қалған, әлі күнге дейін бар» деседі. «Халық айтса – Қалт айтпайды» дейді ғой, бәлкім, арамызда жүрген шығар.

«Сіздің қобызбен тартқаныңыз Жәнібектің көк аты туралы ма?  » – деп сұрадым. «иә, бырақ оның атауы – Алтайдың көк дөнені. «Тамаша ат екен» . Гецелжав аға шай қайнатуға кірісті. Менің түсімдегі ат пен Алтайдың көк дөнені екеуінің тағдыры ұқсас екендігін айттым. «Сенің түсің аян беріп тұр. Сен есейгенде белгілі адам боласың»,-деді Гецелжав аға.

 

Теги: , ,

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

*